Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындауына мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 5 мамырдағы № 160 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 29 мамырда № 16948 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертуі!
      Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 66-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің м.а. 26.05.2022 № 189 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындауына мониторинг жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
Қ. Бозымбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму министрі

      ______________Ж. Қасымбек

      2018 жылғы "_____" __________

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2018 жылғы мамырдағы № 160
бұйрығымен бекітілген

Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындауына мониторинг жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындауына мониторинг жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 66-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге, сондай-ақ уран өндіруге арналған келісімшарт (бұдан әрі – жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт) бойынша міндеттемелерін орындауына мониторинг жүргізу тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің м.а. 26.05.2022 № 189 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындауына мониторинг жүргізу тәртібі

      2. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындауына мониторингті (бұдан әрі – мониторинг) құзыретті орган Кодекстің 132-бабының 2)7) тармақшаларына, 180-бабының 3)11) тармақшаларына сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар ұсынатын есептерді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де дереккөздерден алынған мәліметтерді талдау арқылы жүзеге асырады.

      3. Жер қойнауын пайдаланушылар ұсынған есептерді талдауды құзыретті орган 30 (отыз) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      Есептерге жүргізілген талдау нәтижелері бойынша есепті кезеңнен кейінгі 1 (бірінші) сәуірге дейінгі мерзімде жер қойнауын пайдаланушыларға Кодекстің 133-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген қаржылық міндеттемелердің есепті жыл үшін кемінде отыз пайызға орындалуы туралы хабарлама жіберіледі.

      Жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелердің нақты көлемі бойынша келісімшарт талаптарының бұзушылықтарын жою мерзімі 6 (алты) айдан, Кодекстің 133-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген міндеттеме бойынша – 3 (үш) айдан, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген өзге де міндеттемелер бойынша Кодекстің 133-бабының 3-тармағына сәйкес жазбаша хабарлама алынған күннен бастап 1 (бір) айдан аспауға тиіс.

      Жер қойнауын пайдаланушы жіберілген бұзушылықты хабарламада көрсетілген мерзім ішінде жояды және жоюды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, ол туралы құзыретті органға жазбаша хабарлайды.

      Жер қойнауын пайдаланушы Кодекстің 133-бабының 5-тармағына және 181-бабының 5-тармағына сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген міндеттемелердің бұзушылығын жою мерзімін ұзарту туралы ұсынысты осындай ұзартудың себептерін негіздей отырып, құзыретті органға жолдауға құқылы. Жіберілген бұзушылықтарды жою мерзімін ұзарту туралы ұсынысты қараудың нәтижесі бойынша құзыретті орган оны алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға мерзімді ұзартумен келісетіндігі туралы хабарлайды немесе осындай ұзартудан уәжді бас тартуды ұсынады.

      Осы тармақта көзделген хабарламалар, хабарлар мен ұсыныстар "Ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып хабарлау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 170 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17012 болып тіркелген) (бұдан әрі – Ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып хабарлау қағидалары) бұйрығына сәйкес жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі арқылы жіберіледі және беріледі.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 24.11.2022 № 376 (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Кодекстің 132-бабының 1) тармақшасында және 180-бабының 1) және 2) тармақшаларында көзделген есептерді алу үшін құзыретті орган Геологиялық ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және беру жөніндегі ұлттық операторға сұрау салуды жолдайды.

      5. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген, мониторингтің нәтижесінде, оның ішінде осы Қағидалардың 2, 3, 4-тармақтарына сәйкес алынған ақпаратта белгіленген міндеттемелерді бұзған жағдайда, құзыретті орган Кодекске және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың ережелеріне сәйкес осындай жер қойнауын пайдаланушыға қатысты шаралар қабылдайды.

      6. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша міндеттемелердің бұзылуы туралы хабарламаларды құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыларға есепті жылдан кейінгі 1 (бірінші) қыркүйектен кешіктірмей жібереді.

      Осы тармақта көзделген хабарламалар Ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып хабарлау қағидаларына сәйкес жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі арқылы жіберіледі.

      Ескерту. Қағида 6-тармақпен толықтырылды – ҚР Энергетика министрінің м.а. 05.02.2021 № 45 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 24.11.2022 № 376 (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады