Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің м.а. 2018 жылғы 23 мамырдағы № 226 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 11 маусымда № 17028 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертуі!
      қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 1-тармағының 8-8) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 7, 8, 9, 10, 11 және 12-тармақтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Бұл ретте Қағидалардың 5-тарауы 2019 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады.

      Қазақстан Республикасы
Ақпарат және коммуникациялар
министрінің міндетін атқарушы
Н. Мауберлинова

  Қазақстан Республикасы
Ақпарат және коммуникациялар
министрі міндетін атқарушының
2018 жылғы 23 мамырдағы
№ 226 бұйрығымен
бекітілген

Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабы 1-тармағының 8-8) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) қате (өзгертілген) және (немесе) қосарлас сәйкестендіру коды жоқ ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары – өндіруші зауытпен берілген сәйкестендіру коды жоқ, және (немесе) қате немесе өзгертілген сәйкестендіру коды бар ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары, сондай-ақ ұялы байланыс операторының желісінде бір уақытта ұқсас (қайталанатын) сәйкестендіру коды бар абоненттік құрылғылар;

      2) машинааралық өзара іс-қимыл жасайтын абоненттік құрылғылар – машиналарға бір-бірімен ақпаратпен алмасу, не оларды біржақты тәртіппен беру және қабылдау мүмкіндігін беретін технологияларды пайдалануға арналған абоненттік құрылғылар;

      3) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы – абонент белгілеген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электр байланысы сигналдарын қалыптастыратын және ұялы байланыс операторының желісіне қосылатын, қызмет көрсетілетін аумақ шеңберінде тұрақты географиялық айқындалатын орналасқан орны жоқ, ұялы байланыс желілерінде жұмыс істейтін жеке пайдаланудағы байланыс құралы;

      4) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының сәйкестендіру коды – өндіруші-зауыттың ұялы байланыстың абоненттік құрылғысына беретін коды, ол оған осы құрылғыны қосқан кезде ұялы байланыс операторының желісіне беріледі;

      5) ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары сәйкестендіру кодтарының дерекқоры (бұдан әрі – СКДҚ) – мынадай:

      ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары иеленушілерінің жеке сәйкестендіру нөмірлері (бұдан әрі – ЖСН) (жеке тұлғалар үшін) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (бұдан әрі – БСН) (заңды тұлғалар үшін);

      ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтары;

      ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары пайдаланатын абоненттік нөмірлер туралы мәліметтерді қамтитын дерекқорды басқарудың аппараттық-бағдарламалық кешені;

      6) ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтары дерекқорының операторы (бұдан әрі – СКДҚ операторы) – осы Заңға сәйкес айқындалатын, ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтарының дерекқорын қалыптастыруды, оның жұмыс істеуін, оны жүргізуді, қолдап отыруды және дамытуды қамтамасыз ететін және осы ресурстарға қолжетімділікті беретін заңды тұлға;

      7) ұялы байланыс операторына қызмет көрсетудің автоматты жүйесі – абоненттік құрылғының иеленушісіне SMS, MMS немесе USSD-сұрау салу жіберу арқылы немесе Жеке кабинет арқылы, не ұялы байланыс операторымен ұсынылатын басқа да техникалық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы абоненттік құрылғыны өздігінен тіркеу мүмкіндігін беретін қызмет көрсетудің кешенді жүйесі.

      3. Қазақстан Республикасының ұялы байланыс желілерінде өндіруші зауытпен берілген сәйкестендіру коды бар ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары пайдаланылады.

2-тарау.Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу тәртібі

      4. Қазақстан Республикасының аумағында роумингте тұрған, не машинааралық өзара іс-қимыл жасауға арналған ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында жасалған және Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген, оның ішінде Қазақстан Республикасының ұялы байланыс желілерінде жұмыс істейтін ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары тіркеуге жатады.

      Абонент үшін ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеу өтеусіз негізде жүзеге асырылады.

      Он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеу олардың заңды өкілдерінің келісімімен жасалады.

      Он төрт жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар (жас балалар) үшін ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеу олардың атынан заңды өкілдерімен жасалады.

      5. Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеу (қайта тіркеу) үшін оның иеленушісі қызмет көрсетудің автоматтандырылған жүйесі арқылы не оған қызмет көрсететін ұялы байланыс операторының кеңсесіне жүгініп, мынадай:

      1) ЖСН (жеке тұлға үшін) немесе БСН (заңды тұлға үшін);

      2) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының сәйкестендіру коды;

      3) ұялы байланыстың тіркелетін абоненттік құрылғысында пайдаланылатын абоненттік нөмірлер туралы мәліметтерді ұсынады.

      Күзетілетін адамдар пайдаланатын ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеу үшін тек ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын сәйкестендіру коды туралы ақпарат қана ұсынылады.

      Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының иесі жүгінген кезде оны Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін кез-келген тәсілдермен сәйкестендіруді ұялы байланыстың операторы жүзеге асырады.

      6. Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының иесі (меншік иесі) ауысқан кезде қайта тіркеу ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы тіркелген иесінің (меншік иесі) ауызша келісімінен кейін, не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген меншік құқығын (пайдалану, иелену) беруді растайтын құжаттар болған жағдайда жүргізіледі.

      7. Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеу (қайта тіркеу) рәсімі келесі мерзімдерде жүзеге асырылады:

      1) жеке тұлғалар үшін 4 жұмыс сағатқа дейін;

      2) заңды тұлғалар үшін (бұдан әрі – ЗТ) 8 жұмыс сағатқа дейін.

      Бұл ретте, мерзім осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген мәліметтер ұсынылған кезден бастап есептеледі.

      СКДҚ тіркелу кезінде, ұялы байланыс операторы оны өз желісінде тіркейді, бұл ретте ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеу үшін қажетті сервистерді қоспағанда, ұялы байланыс қызметін ұсыну тоқтатылады. Көрсетілген сервистер ұялы байланыс операторымен айқындалады.

      8. Ұялы байланыс операторы абоненттің ұялы байланысын мынадай жағдайларда тіркеуден бас тартады:

      1) СҚДҚ-да ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының басқа иеленушісі тіркеген осындай ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодының болуы;

      2) егер абоненттік нөмір басқа иеленушіге тіркелген болса.

      9. Ұялы байланыс операторы осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген мәліметтерді алған сәттен бастап 1 жұмыс сағаты ішінде (ЗТ үшін 2 жұмыс сағат) оларды СҚДҚ операторына жібереді.

      10. СҚДҚ операторы осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген мәліметтерді алған сәттен бастап 3 жұмыс сағаты ішінде (ЗТ үшін 6 жұмыс сағаты) СҚДҚ-да ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының осындай сәйкестендіру кодының және басқа иеленушіге тіркелген абоненттік нөмірдің болуын тексереді.

      11. Осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген негіздер бар болған жағдайда, CҚДҚ операторы осы Қағидаладың 10-тармағында белгіленген мерзімде ұялы байланыс операторына олардың бар-жоғын хабарлайды.

      Ұялы байланыс операторы көрсетілген хабарламаны алған сәттен бастап бас тартуға негізді көрсете отырып, ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының иесіне ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеуден бас тарту туралы хабарлайды.

      12. Осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген негіздер болмаған жағдайда, CҚДҚ операторы осы Қағидалардың 10-тармағында белгіленген мерзімде CҚДҚ-ға мәліметтерді енгізеді және СҚДҚ-ға мәліметтерді енгізгені туралы ұялы байланыс операторын хабардар етеді СҚДҚ-ға мәліметтерді енгізгені туралы хабарламаны алған сәттен бастап ұялы байланыс операторы ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының иесін абоненттік құрылғының тіркелгені туралы хабардар етеді.

      13. Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының иесі ұялы байланыс операторына ерікті нысанда өтініш (бұдан әрі – Өтініш) беру арқылы өзінің ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеуден алып тастай алады.

      14. Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеуден шығару рәсімі келесі мерзімдерде жүзеге асырылады:

      1) жеке тұлғалар үшін 4 жұмыс сағатқа дейін;

      2) ЗТ үшін 8 жұмыс сағатқа дейін.

      Бұл ретте мерзімі өтінішті алған сәттен бастап есептеледі.

      15. Ұялы байланыс операторы өтінішті алған сәттен бастап оны СҚДҚ операторына жібереді.

      16. СҚДҚ операторы өтінішті алған сәттен бастап 3 жұмыс сағаты (ЗТ үшін 6 жұмыс сағаты) ішінде осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген мәліметтерді СҚДҚ-дан алып тастайды және ұялы байланыс операторларын ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеуден алып тастағаны туралы хабардар етеді.

      17. Ұялы байланыс операторлары ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеуден алып тастағаны туралы хабарламаны алған сәттен бастап 1 жұмыс сағаты (ЗТ үшін 2 жұмыс сағаты) ішінде осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы туралы мәліметтерді өздерінің оқшауланған жүйелерінен жойып, бір уақытта иесіне хабарлама жібере отырып, осы ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы бойынша ұялы байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтатады.

      Абоненттерді ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеу ықтималдығы туралы хабарлау мақсатында СҚДҚ операторы интернет-ресурс арқылы деректер базасында тіркелген ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтары туралы мәліметтерге қолжетімділікті тегін қамтамасыз етеді.

3-тарау. Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру коды бойынша ұялы байланыстың қызметін тоқтата тұру немесе қалпына келтіру тәртібі

      18. Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру коды бойынша ұялы байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұру не қалпына келтіру ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы иесінің (иеленушінің) өтініші бойынша автоматты қызмет көрсету жүйесі арқылы не оған қызмет көрсететін ұялы байланыс операторының кеңсесіне жүгінген кезде ұялы байланыс операторлары жүзеге асырады.

      19. Иеленуші (меншік иесі) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын бұғаттауға өтініш берген кезде СҚДҚ операторы ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының бірегей сәйкестендіру кодының бар екендігіне тексеріс жүргізеді.

      20. СҚДҚ-да тоқтатылған ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодын СҚДҚ операторының интернет-ресурсы арқылы тексеруге мүмкін болады.

4-тарау. СҚДҚ ресурстарына қолжетімділікті ұсыну үшін СҚДҚ операторының қызметтеріне ақы төлеу тәртібі

      21. Ұялы байланыс операторлары желіні, ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық қамтылымды жаңғыртуға қатысты барлық шығынды өздері көтереді, сондай-ақ СҚДҚ ресурстарына қол жеткізуге ұсынғаны үшін СҚДҚ операторына ақы төлеуді жүзеге асырады.

      22. СҚДҚ-ға қолжетімділіктің бағаларын қалыптастыруды СҚДҚ операторы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 15 наурыздағы № 134 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13588 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырады.

      23. Ұялы байланыс операторлары мен СҚДҚ операторының өзара іс-қимыл және өзара есептесу процесі араларында жасалған шарттың талаптарымен айқындалады.

5-тарау. 2019 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылатын ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеудің оңайлатылған тәртібі

      24. Ұялы байланыс операторының желісінде 2019 жылғы 1 қаңтарға дейін қызмет көрсетілетін ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары оқшауланған жүйеде автоматты түрде тіркеледі және СКДҚ-ға жіберіледі.

      25. Ұялы байланыс операторының желісінде қызмет көрсетілетін қате (өзгертілген), қосарлас және (немесе) сәйкестендіру коды жоқ ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары осы Қағидалардың 5-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген мәліметтерді жолдау арқылы тіркеледі. Қате (өзгертілген), қосарлас және (немесе) сәйкестендіру коды жоқ абоненттік құрылғыны тіркегеннен кейін ұялы байланыс операторы СКДҚ операторына тиісті ақпаратты жібереді.

      СКДҚ операторы қате (өзгертілген), қосарлас және (немесе) сәйкестендіру коды жоқ ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеу туралы ақпаратты алғаннан кейін осындай сәйкестендіру кодынан, абоненттік нөмірден және ЖСН (БСН) байланыс жасайды, ол туралы ұялы байланыс операторларын хабардар етеді.

      Ұялы байланыс операторы өзінің оқшауланған жүйелеріне жасалған байланысты өзінің оқшауланған жүйесіне орналастырады және аталған ұялы байланыстың абоненттік құрылғысындағы ұялы байланыс қызметтерін абоненттік нөмір туралы ақпарат сақталған байланыстағы ақпаратпен сәйкес келген жағдайда ғана көрсетеді.

      26. СКДҚ операторы өзінің интернет-ресурсында келесі ақпаратты:

      1) сәйкестендіру коды бойынша ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеу мүмкіндігін;

      2) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодының дұрыстығын тексеруге мүмкіндік береді.

6-тарау. Өтпелі ережелер

      27. Ұялы байланыс операторы осы Қағидалардың 5-тарауына сәйкес оңайлатылған тәртіппен тіркелген ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары бойынша ұялы байланыс қызметтерін көрсетеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады