Жер қойнауын пайдаланушының алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 30 мамырдағы № 410 және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 мамырдағы № 245 бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылы 14 маусымда № 17065 болып тіркелді

      РҚАО-ның ескертуі!
      Осы бірлескен бұйрық 29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 212-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:

      1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын пайдаланушының алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Технологиялық және инновациялық даму департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бірлескен бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бірлескен бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бірлескен бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ж. Қасымбек
      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
Е. Сағадиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ______________ Б. Сұлтанов

      2018 жылғы 31 мамыр

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің 2018 жылғы
30 мамырдағы № 410 және
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2018 жылғы 31 мамырдағы
№ 245 бірлескен бұйрығымен
бекітілген

Жер қойнауын пайдаланушының алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жер қойнауын пайдаланушының алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 212-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Жер қойнауын пайдаланушының алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарының шығыстарын шегерімге жатқызу тәртібіне қолданылмайды.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) "Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластері – өзара іс-қимыл жасау және қолда бар мүмкіндіктерді бірлесіп пайдалану, білім және тәжірибе алмасу, зерттеулер жүргізу, технологияларды тиімді беру, орнықты әріптестік байланыстарды жолға қою және ақпарат тарату арқылы индустриялық-инновациялық қызметті ынталандыруға арналған инновациялық кластер қатысушыларының бірлестігі;

      2) "Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластері қатысушысының жобасы – жаңа немесе жетілдірілген өндірістерді, технологияларды, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жасауға бағытталған, белгілі бір уақыт мерзімі ішінде іске асырылатын іс-шаралар кешені.

      Осы Қағидалардың мақсаттары үшін ғылыми-зерттеу жұмыстары ретінде мынадай: жұмыс гипотезаларын әзірлеуді, зерттеу объектілерінің моделін жасауды, ғылыми жорамалдарды негіздеуді; теориялық зерттеулердің жекелеген ережелерін растау немесе есептеулерді жүргізуге қажетті өлшемдердің нақты мәндерін алу үшін тәжірибелер жүргізуді; тәжірибелік зерттеулер әдістемесін әзірлеуді, модельдерді (макеттерді, тәжірибелік үлгілерді, пилоттық желілерді, тәжірибелік өндірістерді), сондай-ақ сынақ жабдығын дайындауды; тәжірибелерін жүргізуді, ғылыми-іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында алынған деректерді өңдеуді, ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысында тәжірибелердің нәтижелерін теориялық зерттеулермен салыстыруды; объектінің теориялық модельдерін түзетуді; техникалық-экономикалық зерттеулерді жүргізуді қамтитын теориялық және эксперименталдық зерттеулер; ғылыми-зерттеу жұмыстардың алдыңғы кезеңдерінің нәтижелерін қорытуды; одан әрі зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу және жобалау-іздестіру жұмыстары, инновацияларды енгізу пилоттық желілерді жасау бойынша ғылыми-негіздемелік ұсынымдар әзірлеуді; жобалау-іздестіру және ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған техникалық тапсырма (техникалық ұсыныс) жобасын әзірлеуді қамтитын зерттеулердің нәтижелерін қорыту және бағалау бойынша жұмыстарды қамтитын теориялық-эксперименталдық зерттеулер түсіндірілді.

      Осы Қағидалардың мақсаттары үшін ғылыми-техникалық жұмыстары ретінде мынадай: қағидаттық техникалық шешімдерді әзірлеуді, техникалық ұсыныс кезеңі бойынша жұмыстарды орындауды; әзірлеудің құрамдас базасын таңдауды; негізгі техникалық шешімдерді таңдауды; бұйымның құрылымдық және функционалдық схемаларын әзірлеуді; негізгі сындарлы элементтерді таңдауды; жобаның метрологиялық сараптамасын; макеттерді, пилоттық желілерді әзірлеуді және сынауды қамтитын эскизді жобалау, бұйым, технология бойынша жалпы және оның құрамдас бөліктері бойынша техникалық шешімдерді түпкілікті таңдауды; қағидаттық электрлік, кинематикалық, гидравликалық және басқа схемаларды әзірлеуді; бұйымның, технологияның негізгі өлшемдерін нақтылауды; бұйымды, технологияны сындарлы құрастыру және оны объектіге орналастыру үшін мәліметтерді беруді; бұйымды өндіру және жеткізу үшін техникалық шарттардың жобаларын әзірлеуді; өндірістің жаңа технологияларын (пилоттық қондырғылар немесе желілер) пысықтау үшін жартылай өндірістік масштабтағы (коммерциялық емес қолданыстағы) жабдықтар мен технологиялық тізбелерді әзірлеу, дайындау және енгізу бойынша жұмыстарды; табиғи жағдайларда бұйымның негізгі құралдарының макеттерін сынауды қамтитын техникалық жобалау, ғылыми-техникалық жұмыстың техникалық тапсырмасының (техникалық ұсыныстың) жобасын әзірлеуді қамтитын эксизді және техникалық жобалау бойынша жұмыстары түсіндіріледі.

      Осы Қағидалардың мақсаттары үшін тәжірибелік-конструкторлық жұмыстары ретінде: нормативтік-техникалық құжаттаманы әзірлеу, конструкторлық құжаттар топтамасын қалыптастыруды қамтитын сынақ үлгілерін (сынақ топтамасын), өнімін дайындау және сынау үшін тәжірибелік үлгінің жұмыс құжаттамасын әзірлеу, жұмыс құжаттамасының толық топтамасын әзірлеуді; бірыңғайлығына және стандарттауға конструкторлық құжаттамаларын тексеруді кешендік реттеуді, тәжірибелік үлгіні жұмыс жасау бойынша, пилоттық желілерді және (немесе) тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісін дайындауды қамтитын бастапқы деректер есептеу үшін үлгілерді (макет, сынақ жабдықтарының; эксперименттік үлгілер, пилоттық желілерді, тәжірибелі өндіріс), сондай-ақ сынақ жабдықтама; тапсырыс үлгі (сериялық) элементтердің (түйіндер, модульдер, агрегаттар); өндіру және құрастыруды үлгі емес элементтердің (түйіндер, модульдер, агрегаттар); макеттерді дайындау, тәжірибелік үлгілерін, пилоттық желілерді, тәжірибелі өндіріс; іске қосу-реттеу және монтаждау жұмыстары; баптау және кешенді реттеу; тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бағытталған жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға және жабдық; қажетті рұқсаттарды алу; жаңа заттар, материалдар және (немесе) технологиялық үдерістер өндірісінің (дайындауының) технологияларын жасау бойынша жұмыстары; алдын ала сынақтан өткен тәжірибелік үлгіні техникалық тапсырма талаптарына сәйкестігін тексеру бойынша жұмыс қамтитын, оның ішінде мүмкіндігін мемлекеттік (ведомстволық) сынау және ұсыну бойынша; текшелік сынақтар; алдын ала стенд объектісін, сынау; сенімділікке сынау; ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды коммерцияландыру бойынша жұмыс нәтижелерін, оның ішінде (трансфер) ғылыми әзірлемелер мен технологияларды өндіріске енгізу бойынша жұмыстар түсіндіріледі.

      4. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығыстар есепті кезеңде осындай жұмыстарды орындау үшін іс жүзіндегі шығындар (шығыстар), сондай-ақ осы Қағидалардың 12-тармағына сәйкес есепті кезеңде есепке алынуға жататын өткен есептік кезеңдердегі шығындар ретінде танылады.

2-тарау. Жер қойнауын пайдаланушының алдыңғы жылы пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тәртібі

      5. Ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру мынадай тәсілдер:

      1) "Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластеріне қатысушылардың жобаларын қаржыландыру үшін дербес кластерлік қорға ақша аудару;

      2) инновациялық кластерлік жобаларды қаржыландыру үшін "Назарбаев Университеті" дербес білім беру ұйымына ақшаны аудару;

      3) ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру үшін білім саласындағы қызметті жүзеге асыратын, ғылым саласындағы уәкілетті органмен аккредиттелген ұйымға ақша аудару;

      4) Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасына сәйкес белгіленген ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды алу;

      5) зияткерлік меншік объектілері үшін құқықтарды алу;

      6) өз ғылыми-зерттеулер, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын жүргізу;

      7) ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын жүргізуге арналған меншікті ғылыми-зерттеу және (немесе) талдамалық зертханаларды күтіп-ұстау арқылы жүзеге асырылады.

      6. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін Жер қойнауын пайдаланушылардың осы Қағидалардың 5-тармағының 4) және 7) тармақшаларында көрсетілген тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру ретінде тәсілдермен ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) шығыстар жер қойнауын пайдаланушының мынадай салалардың біріне жататын (шығындар) шығыстар түсіндіріледі:

      1) жер қойнауын пайдалану;

      2) кен-байыту, металлургиялық және өзге де жоғары қосылған құны бар өндірістер;

      3) экология, оның ішінде "жасыл" технология, еңбекті қорғау, қауіпсіз жұмысты қамтамасыз ету;

      4) энергетика, энергиялық тиімділік және энергияны үнемдеу;

      5) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, оның ішінде кәсіпорындар мен өндірістерді цифрландыру.

      Егер жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты екі немесе одан көп дербес міндеттемеге ие болса, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру үшін жер қойнауын пайдаланушы іс жүзінде шығындарды (шығыстарды) бөлуге құқылы. Олар осы Қағидаларға сәйкес тиісті міндеттемелердің арасында ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар бойынша шығындар ретінде танылады.

      7. Ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындау үшін қазақстандық ғылыми және / немесе ғылыми-техникалық қызмет болмаған жағдайда мұндай жұмыс Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде сатып алынады.

      Ереженің осы тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген шығындар (шығыстар) ғылыми, ғылыми-техникалық және (немесе) дамыту жұмыстарын қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді орындау кезінде ескеріледі.

      8. Ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды сатып алу техникалық тапсырма негізінде жүзеге асырылады.

      9. Осы Қағидалардың 8-тармағының ережесі зияткерлік меншіктің объектілеріне құқықтарды алу жағдайында қолданбайды.

      Зияткерлік меншіктің объектілеріне құқықтарды алу тиісті келісімшарт жасасу арқылы жүзеге асырылады.

      10. Осы Қағидалардың 5-тармағының 6), 7) тармақшаларында көзделген ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру осы жұмыстарды іске асыру үшін негізгі құралдар мен материалдық емес активтерді сатып алуға арналған шығындарды (шығыстарды) қамтуы мүмкін.

      11. Осы Қағидалардың 5-тармағының 6), 7) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының шығыстары аталған жұмыстарға қатысы жоқ шығындардан (шығыстардан) бөлек есепке алынады.

      Осы тармақтың ережелерін орындамаған жағдайда, тиісті шығыстар жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелерді орындау ретінде құзыретті орган есепке алатын шығындардан (шығыстардан) алынып тасталады.

      12. Ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға арналған нақты шығыстар көлемі есепті кезеңде тиісті міндеттемелер көлемінен асып кеткен жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы кейінгі есептік кезеңдердегі артық соманы ескеруге құқылы.

      13. Ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруды бірнеше жер қойнауын пайдаланушылармен құрылған консорциум жүзеге асыруы мүмкін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады