Бейнеконференцбайланыс құралдарын техникалық қолдану қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) басшысының 2018 жылғы 7 маусымдағы № 6001-18-7-6/185 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 27 маусымда № 17124 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 4 шілдедегі Қылмыстық-процестік кодексінің 370-бабына, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 767-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (ҚР Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 15.07.2020 № 16 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Бейнеконференцбайланыс құралдарын техникалық қолдану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппаратының) Жергілікті соттардың және кеңселердің қызметін ұйымдастырушылық-құқықтық қамтамасыз ету бөлімі:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі баспа және электронды көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппаратының) басшысының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы
Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті
(Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппаратының)
басшысы
Н. Шәріпов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрі

      ___________ Қ. Қасымов

      2018 жылғы 13 маусым

  Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының жанындағы
Соттардың қызметін қамтамасыз
ету департаменті (Қазақстан
Республикасы Жоғарғы
Сотының аппараты) басшысының
2018 жылғы 7 маусымдағы
№ 6001-18-7-6/185
бұйрығымен бекітілген

Бейнеконференцбайланыс құралдарын техникалық қолдану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Бейнеконференцбайланыс құралдарын техникалық қолдану қағидалары, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 370-бабына, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 767-бабына сәйкес әзірленді және бейнеконференцбайланыс құралдарын техникалық қолдану тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (ҚР Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 15.07.2020 № 16 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) бейнеконференцбайланыс – қашықтықтағы бірнеше абоненттермен нақты уақыт режимінде интерактивтік өзара іс-қимыл жасау үшін ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялар пайдаланылатын байланыс қызметі, аудио-, бейнеақпарат алмасу мүмкіндігі бар;

      2) Сот әкімшілігінің бейнеконференцбайланыс жүйесін үйлестіруші -соттардағы бейнеконференцбайланыс жүйесінің жұмысын үйлестіру үшін Сот әкімшілігінің басшысы айқындайтын Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің тиісті құрылымдық бөлімшесінің қызметкері;

      3) Сот әкімшілігі департаментінің бейнеконференцбайланыс жүйесінің үйлестірушісі - бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда бейнеконференцбайланыс жүйесінің жұмысын үйлестіру үшін Сот әкімшілігі департаментінің басшысы айқындайтын Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі департаментінің қызметкері;

      4) техникалық маман – соттардағы бейнеконференцбайланыс жүйесін шартқа сәйкес техникалық сүйемелдеуді жүзеге асыратын адам.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Сот әкімшілігі басшысының 06.06.2023 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Сот отырысының хатшысы бейнеконференцбайланыс құралдары қолданылатын сот процестері туралы ақпаратты (соттың атауы, сот отырысы залының нөмірі, сот отырысының күні мен уақыты, бейнеконференцбайланыс жүйесінің жұмыс қабілеттілігі туралы мәліметтерді көрсетіп) Қазақстан Республикасы сот органдарының автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесіне орналастырады.

      4. Сот отырысының бейнежазбаларын сақтау мен жою тәртібі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппараты) басшысының бұйрығымен бекітілген Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою, аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 22 желтоқсанда № 12457 тіркелген).

      5. Бейнеконференцбайланыс құралдарын қолдану кезінде ақпараттық қауіпсіздік "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сай қамтамасыз етіледі.

      6. Бейнеконференцбайланыс құралдарын қолдану кезіндегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сот процесін ұйымдастыру үшін жауапты адамдар мен техникалық мамандарға жүктеледі.

2-тарау. Бейнеконференцбайланысты өткізуді ұйымдастыруға қатысушылар

      7. Мыналар бейнеконференцбайланысты ұйымдастыруға және өткізуге қатысушылар болып табылады:

      1) сот тарапынан:

      төрағалық етуші;

      судья;

      сот отырысының хатшысы;

      сот приставы;

      Сот әкімшілігінің/Сот әкімшілігі департаментінің бейнеконференцбайланыс жүйесінің үйлестірушісі;

      техникалық маман;

      2) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің уәкілетті органы мекемесінің тарапынан (тергеу изоляторы, түзету мекемесі):

      тергеу изоляторы/түзету мекемесінің жауапты қызметкері;

      техникалық маман;

      3) өзге де қатысушылар:

      іске қатысушы адамдар мен сот процесіне қатысатын өзге де адамдар.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Сот әкімшілігі басшысының 06.06.2023 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Хатшысы сот отырысының ұйымдық-өкімдік әрекеттерді және бастапқы кезеңдегі әрекеттерді орындайды, процесті сүйемелдеуді және бейнеконференцбайланыстың аяқталуын орындайды қамтамасыз етеді.

      9. Ұйымдық-техникалық әрекеттерді техникалық маман жүзеге асырады.

3-тарау. Бейнеконференцбайланыс құралдарын техникалық пайдалану тәртібі

      10. Сот отырысын бейнеконференцбайланыс құралын пайдалана отырып өткізу соттың өз бастамасы бойынша не іске қатысушы адамның не сот процесіне қатысатын өзге қатысушының өтінішхаты бойынша және істі қарап жатқан сотта және бейнеконференцбайланысты ұйымдастырушы ретінде өтінішхатта көрсетілген сотта не тергеу изоляторы мен түзету мекемесінде бейнеконференцбайланысты жүзеге асыруға техникалық мүмкіндік болған кезде жүзеге асырылады.

      11. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда бейнеконференцбайланыс құралдарын қолдану арқылы сот отырысын өткізудің күні мен уақыты Сот әкімшілігі департаментінің бейнеконференцбайланыс жүйесінің үйлестірушісімен келісіледі.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Сот әкімшілігі басшысының 06.06.2023 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Кассациялық сатыда бейнеконференцбайланыс құралдарын қолдану арқылы сот отырысын өткізудің күні мен уақыты Сот әкімшілігінің бейнеконференцбайланыс жүйесінің үйлестірушісімен келісіледі.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Сот әкімшілігі басшысының 06.06.2023 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Судья сот отырысын бейнеконференцбайланысты қолданып өткізу туралы шешім қабылдаған кезде, сот отырысының хатшысы келесі күннен кешіктірмей техникалық маманға тестілеу сеансын өткізу қажеттілігі туралы ішкі ақпараттық жүйе арқылы өтінім жолдайды, оны тиісті сот немесе тергеу изоляторы/мекеме сот отырысы тағайындалған күнге дейін бір тәуліктен кешіктірмей өткізіледі.

      Одан кейін сот отырысының хатшысы бейнеконференцбайланыс құралдарын қолданып, сот отырысын өткізу жөнінде ұйымдастыру шараларын қабылдау үшін өтінішхатты мәлімдеген адам орналасқан аумақтағы тергеу изоляторына/мекемеге немесе сотқа хат жібереді.

      14. Техникалық маман бейнеконференцбайланысты өткізуге арналған жабдықтардың жұмысқа тұрақты жарамды болуын қамтамасыз етеді.

      15. Бейнеконференцбайланыс құралдарын қолдану арқылы өткізілетін сот отырысы басталғанға дейін 20-30 минут бұрын сот отырысының хатшысы бейнеконференцбайланысты ұйымдастыруды жүзеге асыратын сотпен немесе тергеу изоляторымен/мекемемен қосылуды жүзеге асырады.

      16. Жабдықта ақаулықтар анықталған немесе сотпен байланыс болмаған жағдайда сот отырысының хатшысы бұл туралы дереу техникалық маманға хабарлайды, ол ақауларды жою жөнінде шаралар қолданады.

      17. Техникалық маманның техникалық ақауларды жоюға мүмкіндігі болмаған немесе өзге де себептерге байланысты бейнеконференцбайланыс жүйесін пайдалана отырып сот отырысын өткізу мүмкіндігі болмаған жағдайда сот отырысының хатшысы бұл туралы бейнеконференцбайланысты ұйымдастыруды жүзеге асыратын сотқа немесе тергеу изоляторына/мекемеге дереу хабарлайды.

      18. Техникалық ақауларды жою мүмкін болмағанда, техникалық не өзге де себептер бойынша сот отырысының басталуы кешіктірілген жағдайда, сот отырысының хатшысы техникалық мүмкіндіктің болмауы жөнінде акт толтырады (еркін түрде), оған аудандық және оған теңестірілген Сот әкімшісінің басшысы, сот отырысының хатшысы және техникалық маман қол қояды. Бейнеконференцбайланыс құралдарын қолданудың техникалық мүмкіндігінің болмағаны туралы акт іс материалдарына қоса тіркеледі.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Сот әкімшілігі басшысының 06.06.2023 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Бейнеконференцбайланыс құралдары қолданылып өткізілетін сот отырысының тағайындалған уақытында сот отырысының хатшысы немесе сот приставы іске қатысатын адамдарды сот отырысының залына шақырады.

      20. Сот отырысының бейнеконференцбайланысын ұйымдастыруды жүзеге асыратын сот немесе тергеу изоляторы/мекеме мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы сот отырысына қатысатын адамдардың келуін тексеріп, жеке бастарын анықтайды, олардың өкілеттігін тексереді және олардың сот отырысына қатысу мүмкіндігі туралы мәселені анықтайды.

      21. Сот отырысында бейнеконференцбайланыс, мобильді бейнеконференцбайланыс жүйесінің қолданылуы туралы сот отырысының хаттамасында тиісті белгі қойылады.

      22. Егер сот отырысы барысында отырыстың қалыпты өтуіне кедергі келтіретін байланыс сапасы төмендеген жағдайда, іс бойынша төрағалық етуші техникалық ақаулықтарға байланысты үзіліс жариялауға тиіс. Мұндай жағдайда сот отырысының хатшысы бейнеконференцбайланыс сеансын тоқтатып, тиісті сотпен және сот отырысына бейнеконференцбайланыс арқылы қатысатын адаммен қайтадан байланыс орнатады.

      23. Сот талқылауы кейінге қалдырылған немесе сот отырысында үзіліс жарияланған кезде (оның ішінде соттың бастамасы бойынша да) істі қарайтын судья қолда бар байланыс құралдарының көмегімен тараптардың сот отырысына істі қарайтын сотқа келу арқылы немесе бейнеконференцбайланыс құралдарын қолдана отырып қатысу тәсілі туралы пікірін анықтайды.

      Егер өтінішхатты мәлімдеуші сот талқылауын кейінге қалдыру немесе сот отырысында үзіліс жариялау туралы шешім қабылданған сот отырысына қатысып отырса өтінішхат ауызша нысанда мәлімделуі мүмкін.

      Мұндай жағдайда істі қарайтын сот өтінішхатты, әдетте, бейнеконференцбайланысты қамтамасыз ететін сотпен күні мен уақытын келісе отырып сот отырысында шешеді.

      24. Тергеу изоляторында/кедергі келтіретін ахуал туындаған кезде мекемеде (жаппай тәртіпсіздік, сотталғандардың топтап бағынбаушылығы, қашу, адамды кепілге алу), табиғи апат орын алған жағдайда төтенше, ерекше немесе әскери жағдай мекемесі орналасқан ауданда бейнеконференцбайланыс өткізу тоқтатылады.

4-тарау. Жауап алу кезінде бейнеконференцбайланыс құралдарын қолдану

      25. Қашықтықтан жауап алу ҚПК-нің 213, 369 және 370-баптарында көзделген талаптар сақталып жүргізіледі.

      26. Жәбірленушіден, куәдан бейнеконференцбайланыс құралдарын қолданып жауап алу ол орналасқан не тұратын аумақтағы ауданның (облыстың) сотына шақырылып жүргізіледі.

      27. Қашықтықтан жауап алу:

      1) адамның денсаулық жағдайына немесе басқа да дәлелді себептер бойынша тергеліп (қаралып) жатқан жердегі қылмыстық процесті жүргізіп отырған органға өзі келе алмаған;

      2) адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болған;

      3) жас баладан немесе кәмелетке толмаған куәдан, жәбірленушіден жауап алынған;

      4) сотқа дейінгі тергеу, істі сотта қарау мерзімдерін сақтауды қамтамасыз ету қажет болған жағдайларда жүргізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады