"Педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 95 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 маусымдағы № 266 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 3 шілдеде № 17151 болып тіркелді.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 95 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13420 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 11 сәуірде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) біліктілік – тиісті кәсіби қызмет шеңберінде жұмыстарды орындау үшін қажет кәсіби білім, іскерлік, дағды және жұмыс тәжірибесінің жиынтығы;

      2) курстан кейінгі мониторинг – бұл педагогика практикасының нақты жай-күйін білім беру ұйымдарында оқыту процесінің күтілетін нәтижелерімен салыстыру мақсатында арнайы ұйымдастырылған, ғылыми негізделген, үздіксіз, мақсатты түрде білім беру процесінің және сертификатталған педагогтердің курстан кейінгі қызметінің сапасын диагностикалау, болжамды қадағалау, бағалау және басқару жүйесі;

      3) қорытынды бағалау – нәтижесінде сертификаттау туралы шешім қабылданатын, үміткердің біліктілікті беру схемасының талаптарына сәйкестігін белгілеуге көмектесетін процесс;

      4) педагог кадрлар – біліктілікті арттыру бағдарламалары шеңберінде оқудан өтуші педагогикалық қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар;

      5) педагог кадрлардың біліктілігін арттыру – сабақ беру мен оқыту сапасын арттыру үшін жаңадан және бұрын алынған кәсіби білімін, іскерлігін, дағдысы мен құзыретін дамытуға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін кәсіби оқыту нысаны;

      6) педагог кадрларды курстан кейінгі қолдау – педагог кадрлардың білім беру қызметіне әдістемелік, консультациялық қолдау көрсету бойынша іс-шаралар кешені, педагог кадрлардың кәсіби тапшылықтарын еңсеруге және кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған, курстан кейінгі кезеңде олардың педагогикалық қызметін қадағалау;

      7) сертификат – маман біліктілігінің біліктілік талаптарына, сондай-ақ нақты салаға арналған стандартқа сәйкестігін және кәсіби қызмет деңгейін растайтын құжат;

      8) сертификаттау – маманның біліктілікке сәйкестігін растау және оған біліктілікті беру рәсімі. Сертификаттау тұлғаның біліктілік және құзыреттілік деңгейіне қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілейді;

      9) сертификатталған педагог кадрларды курстан кейінгі қолдау – білім беру ұйымдарындағы тәрбиеленушілер мен білім алушылардың табысты оқуына ықпал ететін сертификатталған педагог кадрлардың мектептегі практикасының оңтайлы кәсіби дамуы және өзгеруі үшін қолайлы жағдаймен қамтамасыз ететін ресурстар, нысандар мен әдістер жүйесі;

      10) сертификатталған тренер – тренерлерді даярлау бағдарламасы бойынша сертификатталатын оқудан өткен маман немесе педагогикалық қызметкер.".

      25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Курстардан өткен тыңдаушыларға Ұйым біліктілікті арттыру курсының тақырыбына сәйкес сертификат береді.".

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Келесі білім беру бағдарламалары бойынша ұзақ мерзімді курстарды сәтті аяқтаған тыңдаушыларға Ұйым сертификат береді:

      1) осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес "Педагогикалық қоғамдастықтағы мұғалім көшбасшылығы";

      2) осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес "Мектептегі мұғалім көшбасшылығы";

      3) осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес "Тиімді оқыту";

      4) осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес "Мектептің біртұтас педагогикалық процесіндегі жалпыадамзаттық құндылықтар";

      5) осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес "Сыныптың біртұтас педагогикалық процесіндегі жалпыадамзаттық құндылықтар";

      6) осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес "Сабақтағы жалпыадамзаттық құндылықтар";

      7) осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарының басшыларына.".

      31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "31. Ұйымдар:

      1) Сертификатталған педагог кадрларды курстан кейінгі қолдауды;

      2) Педагог кадрларды курстан кейінгі қолдауды;

      3) Курстан кейінгі қолдауды немесе курстан кейінгі сүйемелдеуді қамтамасыз ету үшін әдістемелік ресурстар мен инструментарийлерді, курстан кейінгі мониторингті жүргізу тетіктерін және/немесе диагностикалық инструментарийлерін әзірлеу және бекітуді (Білім басқармаларымен келісім бойынша) жүзеге асырады.".

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті (Н.Ж. Оспанова) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін ресми жариялау үшін мерзімді баспа басылымдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң Эталондық бақылау банкiне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 1), 2) және 3) тармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі А.Қ. Аймағамбетовке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
Е. Сағадиев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады