Жер қойнауын пайдаланушылардың қатты пайдалы қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі геологиялық есепті ұсыну қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 9 тамыздағы № 564 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 14 қыркүйекте № 17372 болып тіркелді.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 195-бабы 3-тармағының бесінші бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын пайдаланушылардың қатты пайдалы қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі геологиялық есепті ұсыну қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті заңнамамен белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), және 3) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ж. Қасымбек

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің 2018 жылғы
9 тамыздағы
№ 564 бұйрығымен
бекітілген

Жер қойнауын пайдаланушылардың қатты пайдалы қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі геологиялық есепті ұсыну қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Жер қойнауын пайдаланушылардың қатты пайдалы қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі геологиялық есепті ұсыну қағидалары "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 195-бабы 3-тармағының бесінші бөлігіне сәйкес әзірленген және жер қойнауын пайдаланушылардың геологиялық есептерді ұсыну тәртібін айқындайды.

2-тарау. Қатты пайдалы қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі геологиялық есепті ұсыну тәртібі

      2. Қатты пайдалы қазбаларды барлауды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық есептерді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне (бұдан әрі – аумақтық бөлімшелер) "Жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі есептердің нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 31 мамырдағы № 419 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17050 болып тіркелген) жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі мерзімді есептің нысаны бойынша ұсынылады.

      3. Жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық есептер жыл сайын әрбір жылдың отызыншы сәуірінен кешіктірілмей алдыңғы күнтізбелік жыл үшін ұсынылады.

      4. Аумақтық бөлімшелер жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық есептерде толық немесе дұрыс мәліметтер бермеген жағдайда, ол түскен сәттен бастап күнтізбелік он күн ішінде есепті пысықтауға қайтарады. Жер қойнауын пайдаланушы күнтізбелік он күн ішінде пысықталған есептерді аумақтық бөлімшеге ұсынады.

      5. Аумақтық бөлімшелер әрбір жылдың отыз бірінші мамырдан кешіктірілмей жер қойнауын пайдаланушылардан қабылданған геологиялық есептерді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.

      6. Толық емес күнтізбелік жыл үшін геологиялық есептер нақты жер қойнауын пайдалану кезеңіне ұсынылады.

      7. Жер қойнауы учаскесін пайдалану кезеңінің соңғы толық емес күнтізбелік жылы үшін геологиялық есептері көрсетілген кезең аяқталғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей ұсынылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады