Байланыс формасы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2018 жылғы 4 тамыздағы № 557 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 9 қазанда № 17512 болып тіркелді

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрінің
міндетін атқарушы
Р. Скляр

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрінің

      міндетін атқарушы

      ______________ Р. Дәленов

      2018 жылғы "___" _________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      _____________ Қ. Бозымбаев

      2018 жылғы "___" _________

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің міндетін
атқарушының
2018 жылғы 4 тамыздағы
№ 557 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1. "Қаржыландыру көздеріне қарамастан, жаңа үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ бұрыннан барын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 1 сәуірдегі № 299 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10722 болып тіркелген, 2015 жылғы 21 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қаржыландыру көздеріне қарамастан, жаңа үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ бұрыннан барын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қағидалар:

      қаржыландыру көздеріне қарамастан, жаңа үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, бұрыннан барын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге), сондай-ақ аумақтарды инженерлік дайындау, оларды абаттандыру мен көгалдандыруға арналған ТЭН және ЖСҚ "бір терезе" қағидаты бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу тәртібін;

      ТЭН және ЖСҚ-ға ведомстводан тыс кешенді сараптама құрамында Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің (бұдан әрі - Экологиялық кодекс) 40-бабымен белгіленген қоршаған ортаға әсерді бағалау объектілерін жіктеуге сәйкес шаруашылық қызметінің І санаттағы объектілері бойынша мемлекеттік экологиялық сараптама, шаруашылық қызметінің ІІ, ІІІ, ІV санаттағы объектілері бойынша жобаларға экологиялық сараптама жүргізу, сондай-ақ Экологиялық кодексінің 71-бабымен белгіленген қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алуды талап ететін объектілер санатын жіктеуге сәйкес І, ІІ, ІІІ, ІV санаттағы объектілер бойынша қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беру тәртібін;

      ерекше реттеуді және (немесе) қала құрылысы регламентациясын талап ететін арнайы объектілерді салуға арналған ЖСҚ кезең-кезеңмен әзірлеудің және келісудің жеке жоспарын бекіту тәртібін анықтайды.";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Жаңа ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін, бұрыннан барын өзгерту (реконструкциялау, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту және күрделі жөндеу), сондай-ақ объектілердің аумақтарын инженерлік дайындау, оларды абаттандыру мен көгалдандыру жобалары бойынша объектілер құрылысының жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама "бір терезе" қағидаты бойынша жүргізіледі және жобаларға мемлекеттік экологиялық сараптаманы немесе экологиялық сараптаманы, жобалардың санитариялық-эпидемиологиялық сараптамасын (салалық сараптаманы) да қамтиды.

      Қағидалар Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің барлық субъектілері үшін міндетті болып табылады.";

      17, 18, 19, 20, 21, 22, 23-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Құпия деген белгісі немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" (бұдан әрі - ҚБПҮ) деген белгісі бар құрылыс жобалары (ТЭН және ЖСҚ) ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу үшін мемлекеттік сараптама ұйымына қағаз тасығышта ұсынылады.

      18. Мемлекеттік және (немесе) аккредиттелген сараптама ұйымдары ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүзеге асырған кезде құпия деген белгісі немесе ҚБПҮ деген белгісі бар құрылыс жобаларын (ТЭН және ЖСҚ) қоспағанда, барлық рәсімдер мен операцияларды бірыңғай порталмен (бұдан әрі - Портал) интеграцияланған мемлекеттік сараптама ұйымының және Сараптама ұйымдары палатасының жеке ақпараттық жүйелерінің көмегімен жүзеге асырады.

      19. Мемлекеттік сараптама ұйымы өз ақпараттық жүйесінің күтіп-ұсталуын, қызмет көрсетуін, пайдалануын және дамуын қамтамасыз етеді.

      Аккредиттелген сараптама ұйымдарының кәсіби бірлестігі өзінің сараптама ұйымдары палатасының ақпараттық жүйесінің операторын айқындайды. Сараптама ұйымдары палатасының ақпараттық жүйесінің операторы ақпараттық жүйенің күтіп-ұсталуын, қызмет көрсетуін, пайдаланылуын және дамуын қамтамасыз етеді.

      20. Ұсынылған құрылыс жобасының және бастапқы құжаттардың жинақтылығы мен құрамының осы Қағидалардың 2, 3, 4-қосымшаларына сәйкес жаңа объектілер құрылысы жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамаға ұсынылатын құжаттамалар (материалдар) тізбесіне сәйкестігі мемлекеттік сараптама ұйымы көрсетілген материалдарды сараптама ұйымында тіркеген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде тексеріледі.

      5 (бес) жұмыс күні өткеннен кейін жобаның және бастапқы құжаттардың толық жинақталмағаны не құрамы бойынша оның талаптарға сәйкес еместігі анықталған жағдайда тапсырыс берушіге жобаны және (немесе) бастапқы құжаттарды жинақтылығы мен құрамы бойынша талаптарға сәйкес келтіргеннен кейін оларды сараптамаға қайта ұсыну үшін жобаны сараптамаға қабылдаудан бас тарту не жетіспейтін материалдарды көрсете отырып, оны қараусыз қайтару туралы ресми хабарлама жіберіледі.

      21. Сараптама ұйымының құрылыс жобасын (оған қоса берілген бастапқы құжаттарды ескере отырып) олардың талап етілген жинақтылығы мен құрамы расталғаннан кейін қарауға қабылдауы, сондай-ақ сараптамалық жұмыстардың құнын, сараптама жүргізу мерзімдері мен ұзақтығын белгілеуі тапсырыс берушімен ұсынылған құрылыс жобасы бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуге арналған шартты жасасуға негіз болып табылады.

      Мемлекеттік сатып алу қорытындыларының хаттамасын енгізу құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүргізуге арналған мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасау үшін негізі болып табылады.

      22. Мемлекеттік немесе аккредиттелген сараптама ұйымы жүзеге асыратын ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуге арналған шарт Портал және мемлекеттік сараптама ұйымының және Сараптама ұйымдары палатасының жеке ақпараттық жүйелері арқылы электрондық-цифрлық нысанда (электрондық шарт), тараптардың уәкілетті өкілдерінің электрондық-цифрлық қолтаңбалары арқылы шарттарға қол қоюы арқылы жасалады.

      Құпия деген белгісі немесе ҚБПҮ деген белгісі бар құрылыс жобалары (ТЭН және ЖСҚ) бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуге мемлекеттік сараптама ұйымдарымен жасалған шарттар қағаз тасығышта ұсынылады.

      Ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу бойынша жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте мемлекеттік сатып алудың веб-порталы арқылы жасалады.

      Мемлекеттік монополияға жатқызылған ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуге арналған электрондық шарт жариялы болып табылады және мемлекеттік сараптама ұйымы мен тапсырыс берушілер арасында жасалады.

      Шарттар ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу объектілерін салуға арналған тиісті ЖСҚ-ға, құрылысы аяқталмаған объектілер бойынша түзетілген ЖСҚ-ға қатысты, сондай-ақ осы Қағидалардың 2-тараудың 6 және 7-параграфтарында, сондай-ақ 3-тарауда көзделген концессионерді таңдау бойынша конкурс өткізу кезінде қатысушылар ұсынатын концессиондық өтінім құрамындағы ТЭН бойынша кешенді сараптама жүргізу ерекшеліктерін де ескеріледі

      23. Ведомстводан тыс кешенді сараптамаға ұсынылатын жоба (ТЭН немесе ЖСҚ) оның бастапқы құжаттармен бірге, құпия деген белгісі немесе ҚБПҮ деген белгісі бар жобаларын (ТЭН және ЖСҚ) қоспағанда, Портал арқылы тапсырыс беруші көрсетілген материалдардың жинақтылығы мен құрамының мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкестігін белгілеу үшін мемлекеттік ұйымға немесе тапсырыс беруші таңдаған аккредиттелген сараптама ұйымының біріне жіберіледі.";

      26-тармақ алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 41-1-тармақпен толықтырылсын:

      "41-1. Бұрын қайтарылып алынған және қайта ұсынылған құрылыс жобалары бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу жаңадан әзірленген жобалар үшін белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады.";

      45-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "45. Сараптама қорытындысының түсіндірме бөлігіне қорытындының нөмірі мен күні, сондай-ақ орындаушы-ұйымды көрсете отырып, техникалық зерттеп-қарау қорытындыларының тұжырымдары міндетті түрде енгізіледі.";

      мынадай мазмұндағы 2-1-тараумен толықтырылсын:

      "2-1-тарау. ТЭН және ЖСҚ-ға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу құрамында мемлекеттік экологиялық сараптама, жобаларға экологиялық сараптама жүргізу, сондай-ақ қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беру тәртібі

      8-параграф. Жобаларға мемлекеттік экологиялық сараптама, экологиялық сараптама жүргізу және шаруашылық қызметінің І санаттағы құрылыс объектілерінің жобалары бойынша қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беру тәртібі

      55-1. Осы тәртіп:

      шаруашылық қызметінің І санаттағы объектілері бойынша әзірленетін ТЭН немесе ЖСҚ бойынша мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу;

      шаруашылық қызметінің І санаттағы объектілері бойынша әзірленетін ЖСҚ-ға мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы бойынша қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беру процесін реттейді.

      55-2. Шаруашылық қызметінің І санаттағы объектілерінің құпия деген белгісі немесе ҚБПҮ деген белгісі бар құрылыс жобалары (ТЭН және ЖСҚ) бойынша мемлекеттік экологиялық сараптаманы оларға Экологиялық кодекстің 50-бабының 1, 2, 3-тармақтарында белгіленген мерзімде ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізілгенге дейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың алынған оң қорытындысы осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкес ведомстводан тыс кешенді сараптамаға бастапқы құжаттар құрамында ұсынылады.

      Шаруашылық қызметінің І санаттағы объектілерінің құпия деген белгісі немесе ҚБПҮ деген белгісі бар құрылыс жобалары (ТЭН және ЖСҚ) бойынша қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беруді Экологиялық кодекстің 72, 74, және 75-баптарында белгіленген тәртіпте және мерзімде, ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы болған кезде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      55-3. Шаруашылық қызметінің І санаттағы объектілері бойынша ұсынылған құрылыс жобалары мен бастапқы құжаттардың жинақтылығы мен құрамын тексеруді мемлекеттік сараптама ұйымы немесе осы Қағидалардың 20-тармағында белгіленген тәртіпте және мерзімде тапсырыс беруші таңдаған аккредиттелген сараптама ұйымының бірі жүзеге асырады.

      Осы Қағидалардың 3, 5-қосымшаларына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға және оның аумақтық бөлімшелеріне құжаттамалардың толық емес топтамасы ұсынылған жағдайда, Экологиялық кодекстің 50-бабының 2-тармағына сәйкес құжаттамалар ұсынылған тұлғаға қайтарылуға жатады.

      55-4. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы қоса алғанда, мемлекеттік немесе аккредиттелген сараптама ұйымы жүзеге асыратын ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуге арналған шарттың күшіне енген күні сараптама жұмысының басталу күні болып табылады.

      Мемлекеттік экологиялық сараптамаға жататын шаруашылық қызметінің І санаттағы объектілерінің құрылыс жобалары сараптама жұмыстары басталған күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2009 жылғы 23 шілдедегі № 143-Ө бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5741 болып тіркелген) Мемлекеттік экологиялық сараптамаға жататын және қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатттар беру үшін І санат объектілерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері арасында бөлуге сәйкес объектілерді бөлуге сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері арасында қайта бөлінуі мүмкін.

      55-5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу процесінде қаралып отырған құрылыс жобасы бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүзеге асыратын сараптама ұйымына:

      сараптаманың ұзақтығы 60 (алпыс) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 25 (жиырма бес) жұмыс күнінен;

      сараптаманың ұзақтығы 45 (қырық бес) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 19 (он тоғыз) жұмыс күнінен;

      сараптаманың ұзақтығы 30 (отыз) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 14 (он төрт) жұмыс күнінен;

      сараптаманың ұзақтығы 10 (он) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей дәлелді ескертулер жібереді.

      Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның дәлелді ескертулері ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүзеге асыратын сарапшылардың ескертулерімен бірге тапсырыс берушіге жіберіледі және осы Қағидалардың 38-тармағында көрсетілген мерзімде жоюға жатады.

      Дәлелді ескертулерді белгіленген мерзімде жоймаған жағдайда мемлекеттік экологиялық сараптаманың теріс қорытындысы жасалады.

      55-6. Жүргізілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың нәтижелері бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган сараптама ұйымына:

      ведомстводан тыс кешенді сараптама ұзақтығы 60 (алпыс) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 50 (елу) жұмыс күнінен;

      ведомстводан тыс кешенді сараптама ұзақтығы 45 (қырық бес) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 40 (қырық) жұмыс күнінен;

      ведомстводан тыс кешенді сараптама ұзақтығы 30 (отыз) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 25 (жиырма бес) жұмыс күнінен;

      ведомстводан тыс кешенді сараптама ұзақтығы 10 (он) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күнінен кешіктірмей мерзімде ТЭН бойынша - мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын, ЖСҚ бойынша - мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын, қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алуға арнаған өтінімнің материалдары бойынша - қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатты және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі келісілген іс-шаралар жоспарын береді.

      55-7. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұсынған мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы, қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі келісілген іс-шаралар жоспары тапсырыс берушіге Портал арқылы ведомстводан тыс кешенді сараптама қорытындысымен бірге беріледі.

      55-8. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың теріс қорытындысы берілген жағдайда:

      сараптама ұйымы ведомстводан тыс кешенді сараптаманың теріс қорытындысын жасайды;

      қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат берілмейді;

      қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары келісілмейді.

      55-9. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алған құрылыс жобалары бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың теріс қорытындысы берілген жағдайда:

      тапсырыс берушіге қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат берілмейді және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен күшін жоюға жатады;

      ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүзеге асырған сараптама ұйымы ақпараттық жүйенің көмегімен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға тиісті хабарлама жібереді.

      55-10. Ведомстводан тыс кешенді сараптаманың теріс қорытындысын алған кезде түзетілген ТЭН және ЖСҚ ведомстводан тыс кешенді сараптама құрамында қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат бере отырып, жаңадан әзірленіп жатқан жобалар үшін белгіленген қайтадан (жаңа) мемлекеттік сараптама жүргізуге жатады.

      9-параграф. Шаруашылық қызметінің ІІ, ІІІ, ІV санаттағы объектілері, оның ішінде шаруашылық қызметінің І санаттағы қолданыстағы объектілері аумағында құрылысы жоспарланған объектілер бойынша жобаларға экологиялық сараптама жүргізу және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беру тәртібі

      55-11. Осы тәртіп:

      шаруашылық қызметінің ІІ, ІІІ, ІV санаттағы объектілері, оның ішінде шаруашылық қызметінің І санаттағы қолданыстағы объектілері аумағында құрылысы жоспарланған объектілер бойынша әзірленетін ТЭН немесе ЖСҚ бойынша жобаларға экологиялық сараптама жүргізу;

      шаруашылық қызметінің ІІ, ІІІ, ІV санаттағы объектілері, оның ішінде шаруашылық қызметінің І санаттағы қолданыстағы объектілері аумағында құрылысы жоспарланған объектілер бойынша әзірленетін ЖСҚ құрамында ұсынылған, қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдары бойынша қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беру процесін реттейді.

      55-12. Құпия деген белгісі немесе ҚБПҮ деген белгісі бар шаруашылық қызметінің ІІ, ІІІ, ІV санаттағы объектілерінің, оның ішінде шаруашылық қызметінің І санаттағы қолданыстағы объектілері аумағында құрылысы жоспарланған объектілердің құрылысына арналған ЖСҚ бойынша қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беруді Экологиялық кодекстің 72, 74 және 75-баптарында белгіленген тәртіпте және мерзімде, ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы болған кезде қоршаған ортаны қорғау саласындағы жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

      55-13. Шаруашылық қызметінің ІІ, ІІІ, ІV санаттағы объектілерінің, оның ішінде шаруашылық қызметінің І санаттағы қолданыстағы объектілері аумағында құрылысы жоспарланған объектілерінің құрылыс жобаларына экологиялық сараптаманы осы Қағидалардың 2-тарауына сәйкес сараптама ұйымының құрамындағы аттестатталған сарапшылар жүргізеді.

      55-14. Ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу кезеңінде сараптама ұйымы шаруашылық қызметінің ІІ, ІІІ, ІV санаттағы объектілері, оның ішінде шаруашылық қызметінің І санаттағы қолданыстағы объектілері аумағында құрылысы жоспарланған объектілер бойынша ақпараттық жүйенің көмегімен қоршаған ортаны қорғау саласындағы жергілікті атқарушы органдарға қоршаған ортаға әсерді бақылау материалдарын және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алуға арналған өтінім жібереді.

      55-15. Сараптама ұйымы осы Қағидалардың 55-14-тармағында көрсетілген құжаттаманы:

      ведомстводан тыс кешенді сараптама ұзақтығы 60 (алпыс) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 50 (елу) жұмыс күнінен;

      ведомстводан тыс кешенді сараптама ұзақтығы 45 (қырық бес) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 40 (қырық) жұмыс күнінен;

      ведомстводан тыс кешенді сараптама ұзақтығы 30 (отыз) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 25 (жиырма бес) жұмыс күнінен;

      ведомстводан тыс кешенді сараптама ұзақтығы 10 (он) жұмыс күнінен аспаған кезде сараптама жұмыстары басталған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей мерзімде береді.

      55-16. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы жергілікті атқару органы қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алу үшін өтінім материалын олар келіп түскен күннен бастап, 3 (үш) жұмыс күні ішінде қарау қорытындысы бойынша сараптама ұйымына ақпараттық жүйе арқылы қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатты жолдайды.

      55-17. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы жергілікті атқарушы орган берген қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат тапсырыс берушіге сараптама ұйымымен келісілген қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарымен және ведомстводан тыс кешенді сараптама қорытындысымен бірге Портал арқылы беріледі.

      55-18. Ведомстводан тыс кешенді сараптаманың теріс қорытындысы берілген жағдайда:

      қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат берілмейді;

      қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары келісілмейді;

      ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүзеге асыратын сараптама ұйымы ақпараттық жүйенің көмегімен қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат берген қоршаған ортаны қорғау саласындағы жергілікті атқарушы органға хабарлама жібереді;

      қоршаған ортаны қорғау саласындағы жергілікті атқарушы орган қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттың күшін жояды.

      55-19. Ведомстводан тыс кешенді сараптаманың теріс қорытындысын алған түзетілген ТЭН немесе ЖСҚ жаңадан әзірленіп жатқан жобалар үшін белгіленген тәртіпте ведомстводан тыс кешенді сараптама құрамында қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат бере отырып, қайтадан (жаңа) жобаларға экологиялық сараптама жүргізуге жатады.";

      70-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "70. Тапсырыс берушіге қағаз тасығышта қорытынды беру жүзеге асырылатын құпия деген белгісі немесе ҚБПҮ деген белгісі бар құрылыс жобаларын (ТЭН және ЖСҚ) қоспағанда, ведомстводан тыс кешенді сараптаманың жиынтық қорытындысын беру және оларды тапсыру-қабылдау актісін ресімдеу бірыңғай Портал арқылы жүзеге асырылады.";

      72-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "72. Жүргізілген ведомстводан тыс кешенді сараптаманың нәтижелері бойынша сараптама ұйымдары:

      1) қаралған жобаны (ТЭН немесе ЖСҚ) іске асыру үшін оны бекітуге ұсынымдары бар оң сараптамалық қорытынды;

      2) Жобаның (ТЭН немесе ЖСҚ) Қазақстан Республикасында қолданылатын мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкессіздігі туралы теріс сараптамалық қорытындыны береді.

      Түзетілген ТЭН немесе ЖСҚ бойынша теріс қорытынды алынғаннан кейін қайтадан (жаңа) сараптама пысықталған бөлімдер бойынша жүргізіледі. Бұл ретте осы Қағидалардың 15-тармағына сәйкес ұсынылған түзетілген ТЭН-ге немесе ЖСҚ-ға қайтадан сараптаманы теріс сараптама қорытындысын берген сараптама ұйымы жүзеге асырады.

      Теріс қорытынды алған жобаға бұрын сараптама жүргізген сараптама ұйымында аккредиттеу туралы куәлік болмаған немесе оның қолданысы тоқтатылған жағдайда тапсырыс беруші өзінің қалауы бойынша сараптама жүргізу үшін кез келген аккредиттелген сараптама ұйымын таңдайды.";

      75-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "75. Бұрын ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өткен ТЭН немесе ЖСҚ бұрынғы жобалау шешімдеріне және бекітілген негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштеріне әсер ететін негізделген өзгерістер мен (немесе) толықтырулар енгізілсе, қайтадан (жаңа) сараптама түзетілген бөлімдер бойынша жүргізіледі. Бұл ретте, түзетілген ТЭН немесе ЖСҚ қайтадан сараптамаға осы Қағидалардың 15-тармағына сәйкес ұсынылады.

      Егер құрылыс-монтаждау жұмыстары толық көлемде орындалған жағдайда, онда оған сәйкес құрылысы жүзеге асырылған ЖСҚ-ны түзетуге және қайтадан бекітуге жатпайды.";

      79-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "79. Ведомстводан тыс кешенді сараптаманың жиынтық оң қорытындысын алған және жобаның тиісті бөлімдері немесе бөліктеріне жауапты сарапшылардың электрондық-цифрлық қолтаңбасы қойылған ТЭН немесе ЖСҚ жинағының соңғы редакциясының электрондық нұсқасы соңғы үш жыл ішінде тиісті сараптама ұйымында сақталады.

      Сараптама ұйымы құпия деген белгісі немесе ҚБПҮ деген белгісі бар құрылыс жобаларын қараған жағдайда ТЭН және ЖСҚ соңғы редакциясы сарапшының тегі, аты (бар болса), лауазымы, аттестат нөмері және берілген күні көрсетіліп, қағаз түрінде мөрмен куәландырылады.";

      81 және 82-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "81. Ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын алған және жобаның тиісті бөлімдері немесе бөліктеріне жауапты сарапшылардың электрондық-цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған соңғы редакциядағы ТЭН немесе ЖСҚ жинағының электрондық нұсқасы осы жобалар бекітілген сәттен бастап архивтік бақылау дана ретінде тапсырыс берушіде және әзірлеушіде сақталуы тиіс.

      Ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын алған және жобаның тиісті бөлімдері немесе бөліктеріне жауапты сарапшылардың мөрімен куәландырылған, олардың соңғы редакциясында құпия деген белгісі немесе ҚБПҮ деген белгісі бар ТЭН немесе ЖСҚ жинағы осы жобалар бекітілген сәттен бастап архивтік бақылау дана ретінде тапсырыс берушіде сақталуы тиіс.

      82. Құпия деген белгісі немесе ҚБПҮ деген белгісі бар ТЭН-ді немесе ЖСҚ-ны қоспағанда, ТЭН-нің, ЖСҚ мен үлгілік ЖСҚ-ның соңғы редакциясын сараптама ұйымы электрондық-цифрлық нысанда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 19 қарашадағы № 705 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын объектілердің құрылысына жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының Бірыңғай электрондық банкін қалыптастыру қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12422 болып тіркелген) сәйкес Бірыңғай электрондық банкке ұсынады.";

      Қағидаларға 2-қосымшада:

      Жаңа объектілер құрылысы жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамаға ұсынылатын құжаттамасының (материалдарының) тізбесінде:

      1-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес орындалған жаңа объекті салу немесе бұрыннан барын кеңейту үшін жобалауға қажетті құрылыс алаңының инженерлік іздестіру материалдары (жер учаскесі мен трассалар шегінде коммуникациялар төсеу). ТЭН жасау үшін тапсырыс берушіге ұсынғанға дейін 5 (бес) жылдан кешіктірмей жүргізілген және ресімделген инженерлік іздестірулердің нәтижелері бар жергілікті атқарушы органдарда бар қор материалдары пайдаланылады;";

      1-тармақтың 7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) егер құрылыс процесінде ЖСҚ-ны түзету және қайта бекіту қажеттілігі туындаған жағдайда, құрылыстың жай-күйі туралы мәліметтер, тапсырыс беруші бекіткен орындалған және қалған жұмыстардың нақты көлемінің бөлу ведомосі, жобалау шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің салыстырмалы кестесі және орындалған жұмыс актілерінің көшірмелері жаңа ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу және қайта бекіту үшін ұсынылатын құжаттаманың құрамына енгізіледі. Бюджеттік инвестициялық жобалар, сондай-ақ өзге де мемлекеттік инвестициялық жобалар бойынша тиісті бюджет комиссиясының шешімі қосымша ұсынылады;";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Жобалардың экологиялық сараптамасын және (немесе) экологиялық сараптамасын жүргізу үшін қажет арнайы (қосымша) бастапқы құжаттар:

      қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алуға арналған өтінім (шаруашылық қызметінің І, ІІ, ІІІ, ІV санаттағы объектілері үшін);

      қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары (шаруашылық қызметінің І, ІІ, ІІІ санаттағы объектілері үшін);

      жобалау сатыларына сәйкес келетін қоршаған ортаға кері әсерін тигізетін немесе тигізуі мүмкін объектілердің жоспарланатын жұмысын іске асыруды келісу құжаты;

      Экологиялық кодекстің 57-2-бабының 1-тармағына сәйкес объектілер бойынша қоғамдық пікірді есепке алу нәтижелері.".

      2. "Қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негiздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын ресiмдеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 305 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10636 болып тіркелген, 2015 жылғы 21 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негiздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын ресiмдеу қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:

      "6-1. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 1 сәуірдегі № 299 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10722 болып тіркелген) Қаржыландыру көздеріне қарамастан, жаңа үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ бұрыннан барын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларының (бұдан әрі - Қағидалар) 2-1-тарауында белгіленген тәртіпте ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындысымен бірге тапсырыс берушіге:

      1) шаруашылық қызметінің І санаттағы объектілерінің техникалық-экономикалық негіздеме бойынша - мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы;

      2) шаруашылық қызметінің І санаттағы объектілерінің жобалау-сметалық құжаттамасы бойынша - экологиялық сараптаманың қорытындысы, қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі келісілген іс-шаралар жоспары;

      3) шаруашылық қызметінің ІІ, ІІІ санаттағы объектілерінің, оның ішінде шаруашылық қызметінің І санаттағы қолданыстағы объектілері аумағында құрылысы жоспарланған объектілерінің жобалау-сметалық құжаттамасы бойынша - қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі келісілген іс-шаралар жоспары;

      4) шаруашылық қызметінің ІV санаттағы объектілерінің, оның ішінде шаруашылық қызметінің І санаттағы қолданыстағы объектілері аумағында құрылысы жоспарланған объектілерінің жобалау-сметалық құжаттамасы бойынша - қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат жіберіледі.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Ведомстводан тыс кешенді сараптаманың теріс сараптама қорытындысы Қағидаларында белгіленген жағдайларда жасалады және тапсырыс берушіге жіберіледі.";

      мынадай мазмұндағы 9-1-тармақпен толықтырылсын:

      "9-1. Осы Қағидалардың 6-1-тармағында көрсетілген құжаттар мынадай лауазымды адамдардың электрондық-цифрлық қолтаңбаларымен:

      1) шаруашылық қызметінің І санаттағы объектілері бойынша мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы және тапсырыс беруші бекіткен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары - сараптама бөлімшесі жетекшісінің және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық сараптама немесе тиісті аумақтағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі сарапшысының электрондық-цифрлық қолтаңбасымен;

      2) шаруашылық қызметінің І санаттағы объектілері бойынша қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беру - уәкілетті адамның электрондық-цифрлық қолтаңбасымен;

      3) шаруашылық қызметінің ІІ, ІІІ, ІV санаттағы объектілері, оның ішінде шаруашылық қызметінің І санаттағы қолданыстағы объектілері аумағында құрылысы жоспарланған объектілер бойынша қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беру - уәкілетті адамның электрондық-цифрлық қолтаңбасымен;

      4) мемлекеттік сараптама ұйымының сараптама қорытындысымен бірге жіберілетін шаруашылық қызметінің ІІ, ІІІ санаттағы объектілері, оның ішінде шаруашылық қызметінің І санаттағы қолданыстағы объектілері аумағында құрылысы жоспарланған объектілер бойынша тапсырыс беруші бекіткен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары:

      осы Қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген лауазымды адамдардың;

      республикалық деңгейде қаралатын жобалар бойынша - олардың лауазымдық функцияларына жобалардың экологиялық сараптамасын жүргізу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестіру кіретін сараптама басқармалары, бөлімдері бастықтарының;

      өңірлік деңгейде қаралатын жобалар бойынша - аумақтық бөлімшелердің өндірістік бөлімі бастығының;

      қаралатын жобаның экологиялық бөлігі бойынша аттестатталған сарапшының электрондық-цифрлық қолтаңбасымен;

      5) аккредиттелген сараптама ұйымының сараптама қорытындысымен бірге жіберілетін шаруашылық қызметінің ІІ, ІІІ санаттағы объектілері, оның ішінде шаруашылық қызметінің І санаттағы қолданыстағы объектілері аумағында құрылысы жоспарланған объектілер бойынша тапсырыс беруші бекіткен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары:

      осы Қағидалардың 9-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген лауазымды адамдардың;

      қаралатын жобаның экологиялық бөлігі бойынша аттестатталған сарапшының электрондық-цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.".

      3. Сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру және кешендi ведомстводан тыс сараптамаға және қала құрылысы сараптамасына қатысу үшiн мамандарды (мамандандырылған институттар мен ұйымдарды) тарту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 306 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10635 болып тіркелген, 2015 жылғы 21 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру және кешендi ведомстводан тыс сараптамаға және қала құрылысы сараптамасына қатысу үшiн мамандарды (мамандандырылған институттар мен ұйымдарды) тарту қағидаларында:

      1-тармақтың 2) тармақшасы алып тасталсын;

      11, 12 және 13-тармақтар алып тасталсын.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады