"Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы"

Жаңа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 602 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 31 қазанда № 17649 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5750 болып тіркелген, 2009 жылғы 11 желтоқсандағы № 190 (1613) "Заң газеті" газетінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларында:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      2- тарау алынып тасталсын:

      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінің педагог қызметкерлері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамалары";

      4-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-тарау. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру жүйесінің, интернаттық және қосымша білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының біліктілік сипаттамасы";

      4-тарауда:

      "Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру деген бөлімдегі "Білім беру ұйымының директоры" (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта) деген кіші бөлімде":

      тоғызыншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Біліктілікке қойылатын талаптар: жоғары (немесе жоғары білімнен кейінгі) педагогикалық білім және жұмыс өтілі кемінде 5 жыл, оның ішінде басшылық лауазымдағы жұмыс өтілі кемінде 1 жыл, бірінші немесе жоғары біліктілік санатының және (немесе) кәсіби құзіреттілігінің болуы: педагог-сарапшыға, педагог-зерттеушіге, педагог-шеберге қойылатын жалпы талаптарға сәйкес болуы (мемлекеттік қызметшіні, ЖОО және әдістемелік қызмет қызметкерлерін қоспағанда).

      Шағын жинақты мектеп үшін:

      жоғары (немесе жоғары білімнен кейінгі) педагогикалық білім және басшылық лауазымдағы жұмыс өтіліне қойылатын талаптарсыз, кемінде 3 жыл педагогикалық жұмыс өтілі, бірінші немесе жоғары біліктілік санатының және (немесе) кәсіби құзыреттілігінің болуы: педагог-сарапшыға, педагог-зерттеушіге, педагог-шеберге қойылатын жалпы талаптарға сәйкес болуы (мемлекеттік қызметшіні, ЖОО және әдістемелік қызмет қызметкерлерін қоспағанда).

      мынадай мазмұндағы "Директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары" деген кіші бөліммен толықтырылсын:

      Директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары

      Лауазымдық міндеттері: білім беру ұйымын ақпараттандыру процесін, оның ресурстық қамтамасыз етілуін, оқыту және басқару қызметінде ақпараттық және коммуникациялық технологиялар құралдарын пайдалануды іске асыруды ұйымдастырады, оқу процесінде ақпараттық және коммуникациялық технологияларды енгізеді және пайдаланады, оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін тұлғалар үшін, оқыту және басқару қызметінде ақпараттық және коммуникациялық технологияларды пайдалану мәселелері бойынша сыртқы ұйымдармен байланысты орнатады.

      Жұмыстың тиісті бағыттарының кадрларын іріктеу мен орналастыруды жүзеге асырады, оларды басшыға ұсынады. Ақпараттық технологияларды пайдалану мәселелері бойынша педагог және басқару кадрларын оқытуды ұйымдастырады;

      Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар саласында әдістемелік, зерттеу, тәжірибелік-эксперименттік және инновациялық жұмыс жүйесін ұйымдастырады және жоспарлайды.

      Оқу-материалдық базаларды сақтауды қамтамасыз ету және толықтыру, қызмет көрсету, жөндеу және оның есебі бойынша жұмысты ұйымдастырады.

      Санитариялық-гигиена режимдері, қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелерінің сақталуын, белгіленген есепті құжаттамаларды уақытында жасауды қамтамасыз етеді.

      Білуге міндетті: Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексін, Қазақстан Республикасының "Білім туралы", "Қазақстан Республикасы тілдер туралы", "Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы", "Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы", "Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы", "Кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтар мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы" заңдарын.

      Білім беруді дамыту, "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламаларын, және білім берудің даму бағыттары мен перспективаларын айқындайтын басқа да нормативтік құқықтық актілерді, педагогика, психология негіздерін, жалпыға міндетті білім беру стандартын, ақпараттық технологиялар бойынша қазіргі ғылым мен практиканың жетістіктері, басқарудың жаңашыл әдістері, менеджмент, қаржы-шаруашылық қызметтер негіздері. Қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша нормалар мен ережелер, өртке қарсы қорғаныс, санитариялық нормалар мен қағидаларды.

      Біліктілікке қойылатын талаптар: жоғары (немесе жоғары білімнен кейінгі) педагогикалық білім және педагогикалық өтілі 5 жылдан кем емес.

      "Білім беру ұйымдарындағы барлық мамандық мұғалімдері" деген кіші бөлім мынадай мазмұндағы он сегізінші бөлікпен толықтырылсын:

      Кәсіби құзыреттілігін айқындай отырып, біліктілікке қойылатын талаптар:

      1) "педагог":

      жұмыс өтіліне қойылатын талаптарсыз, мамандығы бойынша жоғары (немесе жоғары білімнен кейінгі) кәсіби немесе кәсіптік немесе техникалық (орта кәсіптік, орта арнайы) білім, кәсіби құзыреттілігінің болуы: оқу пәні мазмұнын, оқу-тәрбиелеу процесін, оқыту және бағалау әдістемесін біледі, білім алушылардың психологиялық-жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқу-тәрбиелеу процесін жоспарлау және ұйымдастыра білу, білім алушының жалпы мәдениетін және оны әлеуметтендіруді қалыптастыруға ықпал етуі, білім беру ұйымдары деңгейінде өтетін іс-шараларға қатысу, білім алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, тәрбиелеу мен оқытудың жеке тәсілін жүзеге асыру, кәсіптік-педагогикалық қарым-қатынас негіздерін білу, цифрлық білім ресурстарын қолдану.

      2) "педагог-модератор":

      мамандығы бойынша жоғары (немесе жоғары білімнен кейінгі) педагогикалық және кәсіптік немесе техникалық (орта кәсіптік, орта арнайы) білім, педагогикалық өтілі кемінде екі жыл, кәсіби құзыреттілігінің болуы: "педагог" біліктілік санатына қойылатын жалпы талаптарға жауап беру, оқытудың инновациялық нысандарын, әдістері мен құралдарын қолдану, білім беру ұйымы деңгейінде өз тәжірибесін жинақтау, білім беру ұйымы деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушыларының болуы;

      3) "педагог-сарапшы":

      мамандығы бойынша жоғары педагогикалық (немесе жоғары білімнен кейінгі) және кәсіптік немесе техникалық (орта кәсіптік, орта арнайы) білім, педагогикалық өтілі кемінде 3 жыл, кәсіби құзыреттілігінің болуы: "педагог-модератор" біліктілік санатына қойылатын жалпы талаптарға жауап беру, ұйымдастырылған оқу қызметін талдау дағдыларын білу, өзінің және білім беру ұйымы деңгейінде әріптестерінің кәсіби даму басымдылығын айқындау және тәлімгерлікті жүзеге асыру, өз тәжірибесін аудан/қала деңгейінде жинақтау, олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушыларының болуы;

      4) "педагог-зерттеуші":

      мамандығы бойынша жоғары (немесе жоғары білімнен кейінгі) кәсіби немесе кәсіптік немесе техникалық (орта кәсіптік, орта арнайы) білім, педагогикалық өтілі кемінде 4 жыл, кәсіби құзыреттілігінің болуы: "педагог-сарапшы" біліктілік санатына қойылатын жалпы талаптарға жауап беру, сабақты зерттеу дағдыларын және бағалау құралдарын әзірлей білу, білім алушылардың зерттеушілік дағдыларын дамытуды қамтамасыз ету, тәлімгерлікті жүзеге асыру және аудан, қала деңгейінде педагогикалық қауымдастықта даму стратегиясын сындарлы түрде айқындайды, өз тәжірибесін облыс/ Астана, Алматы және Шымкент қалалары деңгейінде жинақтау, облыстық/ Астана, Алматы және Шымкент қалалары деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушыларының болуы.

      5) "педагог-шебер":

      мамандығы бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім) кәсіптік немесе техникалық (орта кәсіптік, орта арнайы) білім, педагогикалық өтілі кемінде 5 жыл, кәсіби құзыреттілігінің болуы: "педагог-зерттеуші" біліктілік санатына қойылатын жалпы талаптарға сәйкес келу, облыстық, республикалық оқу-әдістемелік кеңесте мақұлданған, авторлық бағдарламасы немесе оқулықтарға, оқу-әдістемелік құралдарға авторлық (бірлескен автор) құқығы бар, ғылыми жобалау дағдыларын дамытуды қамтамасыз етуі; тәлімгерлікті жүзеге асыруы және облыс деңгейінде кәсіби қауымдастық желісін дамытуды жоспарлау, халықаралық және республикалық конкурстар мен олимпиадалардың қатысушысы болып табылуы немесе халықаралық немесе республикалық конкурстар мен олимпиадалардың қатысушыларын дайындау.".

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қағаз және электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Э. А. Суханбердиеваға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрі
Е. Сағадиев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады