Сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстармен алмасу қағидаларын, Сақтандыру шартын жасасу туралы хабардар ету қағидаларын және хабарламаның мазмұнына қойылатын талаптарды, Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру шарттарын жасасуды, сақтанушы мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстармен алмасуды қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдары мен интернет-ресурстарына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 268 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 29 қарашада № 17824 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 27 сәуірдегі № 50 қаулысымен

      Ескерту. Қаулының күші жойылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.04.2020 № 50 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Қаулы 01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Мыналар:

      1) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстармен алмасу қағидалары;

      2) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Сақтандыру шартын жасасу туралы хабардар ету қағидалары және хабарламаның мазмұнына қойылатын талаптар;

      3) осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру шарттарын жасасуды, сақтанушы мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстармен алмасуды қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдары мен интернет-ресурстарына қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Банктік емес қаржы ұйымдарын реттеу департаменті (Көшербаева А.М.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ж.Б. Құрмановқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк Төрағасы Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық Банкі Басқармасының
  2018 жылғы 29 қазандағы
  № 268 қаулысына
  1-қосымша

Сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстармен алмасу қағидалары

      1. Осы Сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстармен алмасу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленген және сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстармен алмасу тәртібін айқындайды.

      2. Электрондық ақпараттық ресурстармен алмасу мыналарды:

      міндетті және ерікті сақтандыру бойынша сақтандырушының интернет-ресурсын және оның мобильдік қосымшасын (бұдан әрі – интернет-ресурс);

      немесе ерікті сақтандыру бойынша тиісті келісім негізінде сақтандырушының әріптестері болып табылатын басқа ұйымдардың интернет-ресурсын (бұдан әрі – әріптестің интернет-ресурсы) пайдалана отырып жүзеге асырылады.

      Сақтанушы (шығу туризмі саласындағы туроператор) мен сақтандырушы арасындағы келісім бойынша туристік өнімді қалыптастыруға және өткізуге арналған сақтанушының ақпараттық жүйесі мен сақтандырушының интернет-ресурсының ықпалдасуы арқылы туристі міндетті сақтандыру шартын жасасуға қажетті ақпаратты беруге рұқсат етіледі.

      Бұл ретте сақтандырушының сақтанушыға туристі міндетті сақтандыру шарттарын жасасуға және сақтанушының ақпараттық жүйесін қамтамасыз етуге немесе пысықтауға байланысты жұмыстар мен қызметтер үшін сыйақы төлеуіне жол берілмейді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 31.01.2019 № 16 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстармен алмасу сақтандырушы:

      1) интернет-ресурсына тәулік бойы кедергісіз қол жеткізуді;

      2) интернет-ресурста сақтандырудың түрлері (сыныптары) бойынша сақтандыру қағидаларын (сақтандырудың үлгі талаптарын) орналастыруды;

      3) интернет-ресурста сақтанушының дербес парағын (бұдан әрі – сақтанушының жеке кабинеті) құру мүмкіндігін;

      4) сақтандыру шартын жасау туралы өтініште (бұдан әрі – өтініш) сақтанушы толтырған жолдарды өтінішті қамтамасыз ету үшін қажетті әріптердің, цифрлардың немесе символдардың ең аз және ең көп саны мен форматына олардың сәйкес келуі тұрғысынан автоматтандырылған тексеруді қамтамасыз еткен жағдайда жүзеге асырылады.

      Өтініштегі жолдардың мазмұны сәйкес келмеген жағдайда, сақтандырушының интернет-ресурсы сақтанушының өтініштегі сәйкес келмейтін жолдарды тексеру және түзету қажеттілігі туралы хабарлайды;

      5) сақтандыру шартын сақтаушының жеке кабинетіне кіру арқылы жасасу жағдайларын қоспағанда, ұялы байланыс операторы берген, сақтанушы көрсеткен абоненттік нөмірді (бұдан әрі – абоненттік нөмір) растау үшін осы нөмірге мәтіндік қысқа хабарлар сервисі арқылы біржолғы парольды көрсете отырып, біржолғы хабар (бұдан әрі – SMS-хабар) жіберуді;

      6) сақтандыру шартын Қазақстан Республикасының резиденттерімен жасасқан кезде өтініште көрсетілген мәліметтерді, оның ішінде "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 20-бабының 1-тармағында белгіленген жеңілдіктердің (бұдан әрі – Көлік құралдары иелерінің АҚЖ міндетті сақтандыру жөніндегі жеңілдік) болу-болмауы туралы мәліметтерді мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық ұйымдарының Сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқордың (бұдан әрі – СБДҚ) ақпараттық жүйесімен интеграцияланған ақпараттық жүйелерінен (бұдан әрі – мемлекеттік дерекқорлар) алынған деректермен СБДҚ-да автоматтандырылған салыстыруды қамтамасыз еткен жағдайда жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік дерекқорларда сақтандыру шартын жасасу үшін қажетті деректер болмаған жағдайда, сақтандырушы өтініште көрсетілген мәліметтерді өтінішке қоса берілген құжаттардың электрондық немесе сканерленген көшірмелерімен салыстырады;

      7) сәйкес келмейтін жолдарды көрсете отырып, өтініште көрсетілген мәліметтердің мемлекеттік дерекқорлардан алынған деректермен сәйкес келуі немесе сәйкес келмеуі туралы ақпаратты СБДҚ-дан алуды қамтамасыз еткен жағдайда жүзеге асырылады.

      СБДҚ-дан өтініште көрсетілген мәліметтердің мемлекеттік дерекқорлардан алынған деректермен сәйкес келмеуі туралы ақпарат алынған жағдайда, сақтандырушының интернет-ресурсы өтініште көрсетілген мәліметтерді тексеру және түзету қажеттілігі туралы хабарлайды;

      8) жасалған сақтандыру шарты бойынша ақпаратты СБДҚ-ға жіберуді және сақтандыру шартына бірегей нөмір бере отырып, оны СБДҚ-да тіркеуді;

      9) сақтанушыға сақтандыру шартының СБДҚ берген бірегей нөмірін және осы қаулымен бекітілген Сақтандыру шартын жасасу туралы хабардар ету қағидаларының және хабарламаның мазмұнына қойылатын талаптардың 5 және 6-тармақтарында көрсетілген өзге де мәліметтерді көрсете отырып, сақтандыру шартын жасасу туралы хабарламаны сақтанушыға тез арада жіберуді қамтамасыз еткен жағдайда жүзеге асырылады.

      4. Сақтандыру шартын электрондық нысанда жасасқан кезде сақтандырушы өзінің интернет-ресурсында сақтанушыға:

      1) мыналарды қамтитын өтінішті қалыптастыру:

      жеке тұлға үшін:

      тегі, аты және әкесінің аты (болса);

      жеке сәйкестендіру нөмірі (болса);

      заңды мекенжайы және (немесе) тұрғылықты жері;

      жеке басын куәландыратын құжаттың берілген күні, нөмірі;

      резиденттік белгісі (Қазақстан Республикасының резиденті немесе бейрезиденті);

      электрондық пошта мекенжайы (болса);

      абоненттік нөмір;

      көлік құралдары иелерінің АҚЖ міндетті сақтандыру жөніндегі жеңілдіктің болу-болмауы туралы белгі;

      егер сақтандырылушы (пайда алушы) сақтандыру шарты бойынша сақтанушы болып табылмаса, ол туралы көрсету;

      Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасына сәйкес сақтандыру шартын жасасу үшін қажетті өзге де мәліметтерді;

      заңды тұлға үшін:

      толық атауы;

      бизнес-сәйкестендіру нөмірі (болса);

      орналасқан жері;

      экономика секторының коды, экономикалық қызмет түрі;

      бенефициар меншік иелері немесе бірінші басшы туралы ақпарат;

      лицензияның нөмірі, берілген күні (лицензияланатын қызмет түрлерін сақтандыруға кезде);

      электрондық пошта мекенжайы (болса);

      абоненттік нөмір;

      егер сақтандырылушы (пайда алушы) сақтандыру шарты бойынша сақтанушы болып табылмаса, ол туралы көрсету мүмкіндігін;

      Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасына сәйкес сақтандыру шартын жасасу үшін қажетті өзге де мәліметтерді қамтамасыз етеді.

      Сақтанушының (шығу туризмі саласындағы туроператордың) өтінішінде осы тармақта көрсетілген мәліметтерден басқа сақтандырылушының (шетелге шығатын туристтің) абоненттік нөмірі болады;

      2) сақтандырушы өтініште көрсеткен мәліметтерді растайтын құжаттардың электрондық немесе сканерленген көшірмелерін қоса беруді;

      3) сақтандыру сыйлықақысының сомасымен, сондай-ақ берілетін жеңілдік пен Көлік құралдары иелерінің АҚЖ міндетті сақтандыру жөніндегі жеңілдік (болса) ескерілген сақтандыру сыйлықақысының сомасымен танысуды;

      4) сақтанушы таңдаған сақтандыру өнімі бойынша сақтандыру қағидаларымен (сақтандырудың үлгі талаптарымен) сақтандыру сыйлықақысы төленгенге дейін танысуды;

      5) сақтандыру сыйлықақысын қолма-қол ақшасыз және қолма-қол ақшамен, оның ішінде сақтандырушының төлем деректемелері, шотының нөмірі, төлеу мерзімі және сақтандыру шартының күшіне ену тәртібі бар ақы төлеуге арналған шотты сақтандырушының ұсынуы арқылы төлеуді қамтамасыз етеді.

      Сақтандыру сыйлықақысы сақтандырушы талап еткен мерзімде төленбеген жағдайда, сақтандырушы сақтандыру шартын жасаспау туралы хабарламаны сақтанушыға жіберуді қамтамасыз етеді.

      Сақтандыру сыйлықақысы сақтандыру шартында көзделген мөлшерден кем мөлшерде төленген жағдайда, сақтандырушы сақтанушыға тез арада сақтандыру сыйлықақысының жетпейтін бөлігін сақтандырушы көрсеткен мерзімде төлеу қажеттілігі туралы хабарлама жібереді.

      Сақтандыру сыйлықақысының сомасы артық төленген жағдайда, сақтандырушы оның сақтанушыға қайтарылуын қамтамасыз етеді және тиісті хабарлама жібереді;

      6) сақтандырушының және СБДҚ-ның сақтанушыны сақтандыру шартын жасасу туралы хабарлау тәсілін осы қаулымен бекітілген Сақтандыру шартын жасасу туралы хабардар ету қағидаларының және хабарламаның мазмұнына қойылатын талаптардың 2 және 3-тармақтарына сәйкес таңдауды;

      7) әрбір сақтанушыға (сақтандырылушыға) қатысты бұрын жасалған және (немесе) қолданыстағы барлық сақтандыру шарттары бойынша ақпараттан тұратын электрондық нысанда жеке кабинет құруды қамтамасыз етеді.

      5. Қағидалардың 3 және 4-тармақтарының талаптары:

      туристі міндетті сақтандыру;

      міндетті экологиялық сақтандыру;

      мыналардың:

      жеке нотариустардың;

      аудиторлық ұйымдардың;

      жолаушылар алдындағы тасымалдаушылардың;

      көлік құралдары иелерінің;

      қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарына қолданылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген міндетті сақтандыру шарттары сақтандырушының интернет - ресурсында жасалады.

      Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру, өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру, ерікті сақтандыру шарттары сақтандырушының интернет - ресурсында және (немесе) әріптестің интернет-ресурсында жасалады.

      Қағидалардың 3-тармағының 1), 3), 6) және 7) тармақшаларын, 4-тармағының 7) тармақшаларын қоспағанда, Қағидалардың 3 және 4-тармақтарының талаптары әріптестің интернет-ресурсында жасалатын сақтандыру шарттарына қолданылады.

      6. Қағидалардың 3-тармағы 6) тармақшасының екінші абзацында көзделген жағдайда сақтандырушы сақтанушы құжаттардың электрондық немесе сканерленген көшірмелерін сақтандырушының интернет-ресурсына немесе әріптестің интернет-ресурсына жүктеген күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей:

      1) сақтанушымен сақтандыру шартын жасасу үшін сақтандыру сыйлықақысын төлеу қажеттілігі туралы;

      2) сақтандыру шартын жасасудың мүмкін еместігі және сақтанушының өтінішінде көрсетілген мәліметтерді түзету қажеттілігі туралы;

      3) сақтандырушы көрсеткен мерзімде құжаттарды қайта жүктеу қажеттілігі туралы хабарламаны жіберуді қамтамасыз етеді.

      Сақтандыру шартын жасасудың мүмкін еместігі және мәліметтерді түзету қажеттілігі туралы хабарлама сақтанушының өтінішінде көрсетілген мәліметтер сақтанушы ұсынған құжаттардың мәліметтерімен сәйкес келмеген жағдайда жіберіледі.

      Сақтандырушы көрсеткен мерзімде құжаттарды қайта жүктеу қажеттілігі туралы хабарлама сақтанушының өтінішінде көрсетілген мәліметтерді сақтанушы ұсынған деректермен салыстыру мүмкін болмаған жағдайда жіберіледі.

      7. Сақтандырушының интернет - ресурсында жасалған сақтандыру шарты бойынша ақпаратқа қолжетімділік сақтанушының абоненттік нөмірін және (немесе) сақтандыру шартының бірегей нөмірін және сақтандырушының қалауы бойынша басқа деректерді енгізу арқылы беріледі.

      Заңның 15-2-бабы 4-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген іс-әрекеттерді сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) сақтанушының жеке кабинетіне кіру не осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес ұсынылатын жасалған сақтандыру шарты бойынша ақпаратқа қолжетімділік арқылы жасалады.

      8. Сақтандырушы сақтандыру шартының мәліметтерін өзгерту, қайта ресімдеу туралы өтінішті алған кезде Қағидалардың 3-тармағының 5), 6) және 7) тармақшаларына сәйкес өтініштердегі мәліметтерді тексереді және салыстырып тексереді.

      9. Сақтандырушы сақтандыру шартын мерзімінен бұрын бұзу туралы өтініш алған кезде сақтанушыны сақтандыру шартын мерзімінен бұрын бұзу тәртібі туралы хабардар етеді.

      10. Сақтанушының (сақтандырылушының, пайда алушының) қалауы бойынша сақтандыру жағдайының басталуы туралы хабарламаны жіберу, келтірілген зиянның мөлшерін бағалауды жүргізу, сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттардың электрондық немесе сканерленген көшірмелері сақтандырушыға оларды сақтандырушының интернет-ресурсына немесе сақтанушының жеке кабинетіне жүктеу арқылы жібереді.

      11. Сақтандыру жағдайының болу фактісін және сақтандырушы өтеуге жататын зиянның мөлшерін растайтын құжаттар жеткіліксіз болған кезде сақтандырушы оларды алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде бұл жайлы электрондық пошта адресіне (болса) электрондық хабарлама түрінде және (немесе) көрсетілген абоненттік нөмірге SMS-хабар түрінде хабарлама жіберу арқылы жетіспейтін және (немесе) дұрыс емес ресімделген құжаттардың толық тізбесін көрсете отырып хабарлайды.

      12. Ұсынылған құжаттардың толық тізбесі және оларды қабылдау күні көрсетілген электрондық анықтама өтініш берушіге ол көрсеткен электрондық пошта адресіне (болса) жіберіледі және (немесе) сақтандырушының интернет - ресурсында сақтанушының жеке кабинетінде көрсетіледі.

  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық Банкі Басқармасының
  2018 жылғы "29" қазандағы
  № 268 қаулысына
  2-қосымша

Сақтандыру шартын жасасу туралы хабардар ету қағидалары және хабарламаның мазмұнына қойылатын талаптар

      1. Осы Сақтандыру шартын жасасу туралы хабардар ету қағидалары және хабарламаның мазмұнына қойылатын талаптар "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және сақтандыру шартын жасасу туралы хабар ету тәртібін және хабарламаның мазмұнына қойылатын талаптарды айқындайды.

      2. Сақтандыру шартын жасасу туралы сақтандыру ұйымының (бұдан әрі – сақтандырушы) хабарламасы сақтанушыға:

      1) ұялы байланыс операторы ұсынған сақтанушы көрсеткен абоненттік нөмірге (бұдан әрі – абоненттік нөмір) мәтіндік қысқа хабарлар сервисі арқылы хабар (бұдан әрі – SMS-хабар) түрінде;

      2) сақтанушы көрсеткен электрондық пошта адресіне (болса) электрондық хабар түрінде;

      3) сақтандырушы ұсынатын өзге де тәсілдер бойынша жіберіледі.

      3. Сақтандыру шартын жасасу туралы Сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқордың (бұдан әрі – СБДҚ) хабарламасы сақтанушыға:

      1) сақтанушы көрсеткен абоненттік нөмірге SMS-хабар;

      2) сақтанушы көрсеткен электрондық пошта адресіне (болса) электрондық хабар түрінде жіберіледі.

      4. Сақтанушының 2 және 3-тармақтарда көрсетілген хабарлама бағыттарының бір немесе бірнеше тәсілдерін таңдау мүмкіндігі бар.

      5. Туристі міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандырушының және СБДҚ-ның оны жасасу туралы хабарламасы сақтандырылушыға (шетелге баратын туристке) сақтанушы (шығу туризмі саласындағы туроператор) көрсеткен сақтандырылушының абоненттік нөміріне және (немесе) электрондық пошта адресіне (болса) жіберіледі.

      6. Сақтандырушының сақтандыру шартын жасасу туралы SMS-хабар түріндегі хабарламасы мыналарды қамтиды:

      сақтанушы - жеке тұлға үшін:

      сақтанушының тегі мен инициалдары;

      сақтандыру шартының қолданыс мерзімі;

      көлік құралының тіркеу нөмірі (көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша);

      туристі міндетті сақтандыру бойынша сақтандырылушы үшін:

      сақтандырылған адамдардың тегі мен инициалдары;

      сақтандыру шартының қолданыс мерзімі;

      сақтандыру аумағы;

      сақтанушы - заңды тұлға үшін:

      сақтанушының атауы;

      сақтандыру шартының қолданыс мерзімі;

      көлік құралының тіркеу нөмірі (көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша).

      7. Сақтандырушының шарт жасасу туралы электрондық хабар түріндегі хабарламада:

      сақтанушы-жеке тұлға үшін:

      сақтанушының (сақтандырылушылардың) тегі, аты, әкесінің аты (болса);

      сақтандыру шартының СБДҚ берген бірегей нөмірі;

      сақтандыру шартының қолданыс мерзімі;

      сақтандырудың негізгі талаптары (сақтандыру сыйлықақысының мөлшері, сақтандыру лимиттері, сақтандыру нысаны);

      сақтандыру оқиғасы басталған жағдайда сақтанушының (сақтандырылушының) іс-қимыл тәртібі;

      сақтандыру төлемін алуға өтініш беру тәртібі;

      сақтандырушының ұйғаруы бойынша сақтандыру шарты бойынша өзге мәліметтер көрсетіледі;

      туристі міндетті сақтандыру бойынша сақтандырылған үшін:

      сақтандырылушының (сақтандырылушылардың) тегі, аты, әкесінің аты (болса);

      сақтандыру шартының СБДҚ берген бірегей нөмірі;

      сақтандыру шартының қолданыс мерзімі;

      сақтандыру аумағы;

      сақтандырудың негізгі талаптары (сақтандыру сыйлықақысының мөлшері, сақтандыру лимиттері, сақтандыру нысаны);

      сақтандыру оқиғасы басталған жағдайда сақтанушының (сақтандырылушының) іс-қимыл тәртібі;

      сақтандыру төлемін алуға өтініш беру тәртібі;

      сақтандырушының ұйғаруы бойынша сақтандыру шарты бойынша өзге мәліметтер көрсетіледі;

      сақтанушы - заңды тұлға үшін:

      сақтанушының атауы;

      сақтандыру шартының бірегей нөмірі;

      сақтандыру шартының қолданыс мерзімі;

      сақтандырудың негізгі талаптары (сақтандыру сыйлықақысының мөлшері, сақтандыру лимиттері, сақтандыру нысаны);

      сақтандыру оқиғасы басталған жағдайда сақтанушының (сақтандырылушының) іс-қимыл тәртібі;

      сақтандыру төлемін алуға өтініш беру тәртібі көрсетіледі.

      Сақтандыру шартын жасау туралы сақтандырушының хабарламасында көрсетілмеген сақтандыру шарты бойынша өзге мәліметтер сақтандырушының интернет-ресурсына белсенді гиперсілтемені көрсету арқылы жолданады.

      8. Сақтандырушы көрсеткен электрондық поштаның мекенжайына SMS-хабар, электрондық хабар түрінде жолданатын сақтандыру шартын жасау туралы СБДҚ-ның хабарламасында:

      сақтандырушының қысқаша атауы;

      шарттың бірегей нөмірі;

      СБДҚ интернет - ресурсының мекенжайы көрсетіледі.

  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық Банкі Басқармасының
  2018 жылғы 29 қазандағы
  № 268 қаулысына
  3-қосымша

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру шарттарын жасасуды, сақтанушы мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстармен алмасуды қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдары мен интернет-ресурстарына қойылатын талаптар

      1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру шарттарын жасасуды, сақтанушы мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстармен алмасуды қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдары мен интернет-ресурстарына қойылатын талаптар "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру шарттарын жасасуды, сақтанушы мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстармен алмасуды қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдары мен интернет-ресурстарына қойылатын талаптарды айқындайды.

      2. Сақтандырушы сақтандыру шарттарын жасасуды, сақтанушы мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстармен алмасуды қамтамасыз ететін өзінің бағдарламалық-техникалық құралдары мен интернет-ресурстарының үздіксіз жұмыс қабілеттілігін қолдайды.

      3. Сақтандырушының бағдарламалық-техникалық құралдары мыналарды:

      сақтанушының сақтандыру шарты бойынша ақпаратты Сақтандыру бойынша бірыңғай дерекқордың (бұдан әрі – СБДҚ) ақпараттық жүйесі арқылы тексеруі үшін СБДҚ-ның интернет-ресурсына көшу мүмкіндігін;

      сақтандырушының интернет-ресурсына сақтанушының тәулік бойы қолжетімділігін қамтамасыз етумен сақтандыру шартын электрондық нысанда сақтауды;

      Заңның 15-2-бабының 4) тармақшасына көрсетілген іс-қимылдарды жасау мүмкіндігін;

      сақтанушы (шарт жасауға ниеті бар адамдар) мен сақтандырушының аталған интенет-ресурсты пайдаланумен орындалатын және сақтанушы сақтандыру шартын жасауға өтінішті толтырғаннан кейін жасалатын іс-қимылдары туралы электрондық нысандағы мынадай ақпаратты:

      іс-қимыл жазбасының автоматтандырылған жүйеде, бағдарламалық қамтамасыз етудегі реттік нөмірді;

      іс-қимылды жүзеге асыру датасын (күні, айы, жылы) және уақытын (сағаты, минуттары, секундтары);

      интернет-ресурста іс-қимылды жүзеге асыратын және оны автоматтандырылған жүйеде, бағдарламалық қамтамасыз етуде идентификаттауға мүмкіндік беретін адамға берілген символдардың жиынын;

      орындалатын іс-қимылға сәйкес келетін кодты;

      интернет - ресурсқа қолжетімділік жүзеге асырылған идентификатталған ақпаратты (IP мекенжай);

      сақтанушы сақтандырушының интернет-ресурсы арқылы беретін ақпарат, оның ішінде сақтанушы (сақтандырылған, пайда алушы) жүктеген файлдар мен құжаттарды;

      интернет-ресурстың автоматтандырылған жүйесіндегі, бағдарламалық қамтамасыз етудегі қателер туралы идентификатталған ақпаратты бір жыл ішінде үздіксіз тіркеу және сақтауды қамтамасыз етеді.

      4. Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган сақтандырушының лицензиясын тоқтата тұру немесе айыру туралы шешім қабылдаған жағдайда:

      СБДҚ-ның сақтандырудың тиісті сыныбы бойынша сақтандыру шартын жасау үшін қажетті сақтандырушының ақпараттық жүйелерімен өзара іс-әрекеті тоқтатыла тұрады (тоқтатылады);

      сақтандырушы интернет-ресурста себебін көрсетумен сақтандыру шарттарын жасау мүмкін еместігі туралы ақпарат орналастырады және интернет-ресурстардың жұмысын тоқтата тұрады (тоқтатады).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады