Статистикалық әдіснама өзгерген жағдайда статистикалық мақсаттар үшін және жаңартылған, құжатпен расталған ақпарат негізінде жарияланған ресми статистикалық ақпаратты қайта қарау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті Төрағасының 2018 жылғы 28 желтоқсандағы № 20 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 29 желтоқсанда № 18136 болып тіркелді.

      "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 18-1) тармақшасына және 13-бабы 5-1) тармақшасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының 2020 жылғы 23 қазандағы № 9-нқ бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы туралы ереженің 15-тармағы 58) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы Басшысының 18.07.2023 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Статистикалық әдіснама өзгерген жағдайда статистикалық мақсаттар үшін және жаңартылған, құжатпен расталған ақпарат негізінде жарияланған ресми статистикалық ақпаратты қайта қарау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Статистикалық қызметті жоспарлау басқармасы Заң басқармасымен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспасөз басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Статистикалық қызметті жоспарлау басқармасы осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің құрылымдық бөлімшелері мен аумақтық органдарына жұмыс бабында басшылыққа алу үшін жеткізсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының орынбасарына (Г.М.Керімханова) жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитетінің төрағасы
Н. Айдапкелов

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Ауыл шаруашылығы министрлігi

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Еңбек және халықты әлеуметтік

      қорғау министрлігi

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму министрлігi

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігi

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Мәдениет және спорт министрлігi

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық Банкі

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитеті
төрағасының
2018 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 20 бұйрығымен
бекітілген

Статистикалық әдіснама өзгерген жағдайда статистикалық мақсаттар үшін және жаңартылған, құжатпен расталған ақпарат негізінде жарияланған ресми статистикалық ақпаратты қайта қарау қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы Басшысының 18.07.2023 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Статистикалық әдіснама өзгерген жағдайда статистикалық мақсаттар үшін және жаңартылған, құжатпен расталған ақпарат негізінде жарияланған ресми статистикалық ақпаратты қайта қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 12-бабы 18-1) тармақшасына және 13-бабының 5-1) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидалар мемлекеттік статистика органдары болып табылатын, жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар жүргізетін Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросына, сондай-ақ ведомстволық статистикалық байқаулар жүргізетін мемлекеттік органдарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне (бұдан әрі - мемлекеттік статистика органдары) қолданылады.

      3. Қағидалар статистикалық әдіснама өзгерген жағдайда және жаңартылған, құжатпен расталған ақпарат негізінде статистикалық мақсаттар үшін жарияланған ресми статистикалық ақпаратты қайта қарауды жүргізу тәртібін айқындайды.

      4. Осы Қағидаларда Заңда айқындалған мәндердегі ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) алдын ала (жедел) деректер – кейіннен нақтылауға жататын алғашқы статистикалық деректерді, әкімшілік деректерді, мемлекеттік органдардың статистикалық ақпараты мен басқа мемлекеттердің статистика органдарының және халықаралық ұйымдардың статистикалық ақпаратын өңдеу барысында алынған агрегатталған деректер;

      2) арнайы қайта қарау – алғашқы статистикалық және (немесе) әкімшілік деректердің бұрмалаулары расталғаннан кейін жарияланған ресми статистикалық ақпаратқа өзгерістер енгізу;

      3) әзірлеуші – мемлекеттік статистика органдарының ресми статистикалық ақпаратты қалыптастыруға жауапты құрылымдық бөлімшесі;

      4) динамикалық қатар – белгілі бір уақыт аралығындағы қандай да бір құбылыстың өзгеруін көрсететін бірыңғай статистикалық шамалар жиынтығы;

      5) жаңа базистік жылға көшу – өсу қарқынын, өзгеріс динамикасын, экономикалық индекстерді анықтау кезіндегі база, есептеудің бастапқы нүктесі ретінде қабылданатын базистік жылдың ауысуы;

      6) жарияланған ресми статистикалық ақпаратты қайта қарау – ресми статистикалық ақпаратты жинау, өңдеу, тарату процестерін немесе процестердің біреуін жекелей немесе ішінара қайтадан жүргізу жолымен жарияланған ресми статистикалық ақпаратқа кез келген өзгерістер енгізу;

      7) маусымдық деңгейлестіру (маусымдық түзету) – көрсеткіштің уақыт қатарынан маусымдық және күнтізбелік ауытқуларды шығару;

      8) тұрақты қайта қарау –статистикалық әдіснамаға және (немесе) Қазақстан Республикасының белгіленген тәртіппен бекітілген өзге де құқықтық актілеріне сәйкес жарияланған ресми статистикалық ақпаратқа өзгерістер енгізу;

      9) түпкілікті деректер – алдын ала (жедел) деректерді нақтылау негізінде алынған агрегатталған деректер;

      10) ауқымды қайта қарау – статистикалық көрсеткіштерді қалыптастыру әдіснамасының өзгеруі және (немесе) динамикалық қатарларды қалыптастыру үшін пайдаланылатын жіктелімдердің өзгеруі нәтижесінде жарияланған ресми статистикалық ақпаратқа өзгерістер енгізу.

2-тарау. Статистикалық әдіснама өзгерген жағдайда статистикалық мақсаттар үшін және жаңартылған, құжатпен расталған ақпарат негізінде жарияланған ресми статистикалық ақпаратты қайта қарау

      5. Статистикалық әдіснама өзгерген жағдайда статистикалық мақсаттар үшін және жаңартылған, құжатпен расталған ақпарат негізінде жарияланған ресми статистикалық ақпаратты қайта қарау мынадай үш түрге бөлінеді:

      1) статистикалық мақсаттар үшін жарияланған ресми статистикалық ақпаратты тұрақты қайта қарау;

      2) статистикалық мақсаттар үшін жарияланған ресми статистикалық ақпаратты ауқымды қайта қарау;

      3) статистикалық мақсаттар үшін жарияланған ресми статистикалық ақпаратты арнайы қайта қарау.

      6. Алдын ала (жедел) деректерді есептеу бойынша статистикалық әдіснама және (немесе) Қазақстан Республикасының белгіленген тәртіппен бекітілген өзге де құқықтық актілері статистикалық мақсаттар үшін жарияланған ресми статистикалық ақпаратты тұрақты қайта қарау үшін негіздеме болып табылады.

      7. Тұрақты қайта қарау келесі типтерге бөлінеді:

      1) маусымдық деңгейлестіру;

      2) жаңа базистік жылға көшу;

      3) түпкілікті ай сайынғы, тоқсандық және жылдық деректер негізінде түзету.

      8. Статистикалық әдіснамалар мен жіктелімдерге қатысты халықаралық стандарттарға өзгерістер енгізу немесе жаңа халықаралық стандарттарға көшу және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу статистикалық мақсаттар үшін жарияланған ресми статистикалық ақпаратты ауқымды қайта қарау (бұдан әрі – ауқымды қайта қарау) үшін негіздеме болып табылады.

      9. Ауқымды қайта қарау кезінде ресми статистикалық ақпарат көрсеткіштерінің біртектілігін және салыстырмалылығын сақтау үшін динамикалық қатарларға қайта есептеу жүргізіледі.

      10. Статистикалық мақсаттар үшін жарияланған ресми статистикалық ақпаратты арнайы қайта қарау (бұдан әрі – арнайы қайта қарау) үшін негіздемелер:

      1) мемлекеттік статистика органдарының респонденттердің статистикалық нысандарда алғашқы статистикалық деректерді бұрмалауын анықтауы;

      2) әкімшілік дереккөздердің әкімшілік деректерді бұрмалауын анықтауы;

      3) мемлекеттік статистика органдарының, басқа мемлекеттердің статистика органдарының және халықаралық ұйымдардың статистикалық ақпаратты қайта қарауы;

      4) алғашқы статистикалық деректердің және (немесе) әкімшілік деректердің бұрмалануын растайтын заңды күшіне енген сот актілері және қадағалау органдардың ұйғарымдары;

      5) респонденттің өзі бұдан бұрын ұсынған статистикалық нысандардағы алғашқы статистикалық деректер бойынша қателерді анықтауы болып табылады.

      11. Ресми статистикалық ақпаратты жариялағаннан кейін респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғалардың әкімшілік деректерді бұрмалаулары расталған кезде (осы Қағидалардың 10-тармағы 3-тармақшасынан басқа) әзірлеуші қате анықталған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде статистикалық мақсаттар үшін осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес жарияланған ресми статистикалық ақпаратты арнайы қайта қараудың қажеттілігі туралы қорытынды жасайды.

      12. Әзірлеуші болып табылатын тиісті құрылымдық бөлімшенің қызметтік жазбасымен арнайы қайта қарауды жүргізу туралы қорытынды тиісті мемлекеттік статистика органының басшылығына енгізіледі.

      13. Қорытынды қызметтік жазбаға қосымша нысанында енгізіледі және анықталған бұрмалаудың себебін, оның ресми статистикалық ақпаратқа әсерін талдауды, оны қайта қарау жөніндегі ұсынысты, жою мерзімдерін қамтуы тиіс.

      14. Тиісті мемлекеттік статистика органының басшылығы арнайы қайта қарауды жүргізу қажеттілігі мен мерзімдері туралы шешім қабылдау үшін ресми статистикалық ақпаратты қайта қарау жөніндегі тиісті Комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) қарауына сұрау салу жібереді. Комиссия ресми статистикалық ақпаратты қайта қараудың орындылығын қарайды.

      Комиссияның құрамын тиісті мемлекеттік статистика органының басшысы бекітеді.

      Комиссия Төрағадан, Төрағаның орынбасарынан және Комиссия мүшелерінен тұрады. Комиссия хатшысы Комиссия құрамына кірмейді.

      Комиссияның жалпы құрамы тақ саннан, бірақ кемінде бес адамнан құралады.

      Комиссияның құрамы мүдделі құрылымдық бөлімшелердің өкілдері қатарынан, сондай-ақ қажеттілігіне қарай тиісті аумақтық бөлімшелердің басшылығы қатарынан қалыптастырылады.

      Комиссия Төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, Комиссия отырыстарын өткізеді. Төраға болмаған кезде оның функцияларын Төрағаның орынбасары орындайды.

      Комиссия отырыстарының шешімдері мен хаттамаларын дайындауды Комиссия хатшысы жүзеге асырады.

      Комиссия отырыстары оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі болған кезде қажеттілігіне қарай өткізіледі.

      Комиссияның шешімдері ашық дауыс беру жолымен жай көпшілік дауыспен қабылданады және егер оларға қатысушы Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

      Комиссия отырысының нәтижелері бойынша хаттама жасалады, оған Төраға және қатысып отырған Комиссия мүшелері қол қояды.

      15. Осы Қағидалардың 13, 14-тармақтарында баяндалған негіздер бойынша арнайы қайта қарауды жүзеге асырмау туралы шешім қабылдаған кезде анықталған бұрмалаулар бойынша респонденттің бастапқы статистикалық деректерін түзету ғана жүзеге асырылады; түзетілген алғашқы статистикалық деректер статистикалық ақпаратты одан әрі қайта қалыптастырмай мемлекеттік статистика органдарының ақпараттық жүйелерінде сақталады. Бұл жағдайда жарияланған ресми статистикалық ақпаратты қайта қарау талап етілмейді.

      16. Ресми статистикалық ақпаратты арнайы қайта қарау есепті кезеңнен кейін 3 (үш) жыл өткен соң (Қағидалардың 10-тармағының 3) және 4) тармақшаларын қоспағанда, барлық негіздер бойынша) жүзеге асырылмайды.

3-тарау. Статистикалық мақсаттар үшін қайта қаралған ресми статистикалық ақпаратты тарату

      17. Статистикалық мақсаттар үшін қайта қаралған ресми статистикалық ақпарат осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес статистикалық мақсаттар үшін жарияланған ресми статистикалық ақпаратты арнайы қайта қарау бойынша ақпараттық анықтамамен және өзгерістер енгізілген, белгіленген кестенің соңында жарияланым ішінде қайта қарау туралы тиісті ескертпемен мемлекеттік статистика органдарының интернет-ресурстарында жарияланады.

      18. Ресми статистикалық ақпаратты тұрақты, ауқымды және арнайы қайта қараулар туралы ақпарат мемлекеттік статистика органдарының интернет-ресурстарында қайта қарау жүргізілетін жарияланымды көрсете отырып орналастырылады.

      19. Мемлекеттік статистика органдарының дерекқорларында қайта қарау сәтіне дейін жарияланған ресми статистикалық ақпарат, сондай-ақ қайта қаралған ресми статистикалық ақпарат сақталады.

  Статистикалық әдіснама
өзгерген жағдайда
статистикалық мақсаттар үшін
және жаңартылған, құжатпен
расталған ақпарат негізінде
жарияланған ресми
статистикалық ақпаратты қайта
қарау қағидаларына
1-қосымша

Статистикалық мақсаттар үшін жарияланған ресми статистикалық ақпаратты арнайы қайта қарауға қорытынды

      Ресми статистикалық ақпарат атауы:

      __________________________________________________________________

      __________________________________________________________________

      Кезең: ___________

      Қайта қаралатын көрсеткіш:

      __________________________________________________________________

      Негіздеме:

      __________________________________________________________________

      Бөлім / кіші бөлімді көрсетумен жарияланым атауы

      ___________________________________________________________________

Салыстырмалы кесте

Бет нөмірі/кесте нөмірі

Қолданыстағы редакция

Ұсынылатын редакция

Енгізілген өзгеріс/сандардағы айырмашылықты көрсету
















      Қорытынды:

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      Қосымша:

      ____________________________________________________________________

  Статистикалық әдіснама
өзгерген жағдайда
статистикалық мақсаттар үшін
және жаңартылған, құжатпен
расталған ақпарат негізінде
жарияланған ресми
статистикалық ақпаратты қайта
қарау қағидаларына
2-қосымша

Статистикалық мақсаттар үшін жарияланған ресми статистикалық ақпаратты арнайы қайта қарауға ақпараттық анықтама

      Ресми статистикалық ақпарат атауы:

      __________________________________________________________________

      __________________________________________________________________

      Кезең: ___________

      Қайта қаралатын көрсеткіш:

      __________________________________________________________________

Салыстырмалы кесте

Бет нөмірі/кесте нөмірі

Арнайы қарауға дейінгі қолданыстағы редакция

Арнайы қараудан кейінгі жаңартылған редакция













      Негіздеме:

      __________________________________________________________________

      Ескертпе:

      __________________________________________________________________


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады