"Алматы облысының жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бекіту туралы" Алматы облыстық мәслихатының 2017 жылғы 26 қазандағы № 24-125 шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Алматы облыстық мәслихатының 2018 жылғы 25 шілдедегі № 34-178 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2018 жылы 8 тамызда № 4783 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 1-тармағының 4-2) тармақшасына, "Жасыл екпелерді күтіп-ұстаудың және қорғаудың үлгілік қағидаларын, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің № 235 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10886 тіркелген) сәйкес, Алматы облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Алматы облыстық мәслихатының "Алматы облысының жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бекіту туралы" 2017 жылғы 26 қазандағы № 24-125 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4387 болып тіркелген, 2017 жылдың 5 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) шешіміне мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Алматы облысының жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларында:

      3-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) абаттандыру – сол немесе өзге аумақты құрылыс және мақсаты бойынша қалыпты пайдалану үшін жарамды жағдайға келтіру, халықтың дені сау, жайлы және мәдениетті өмір сүру жағдайын жасау мақсатында жүзеге асырылатын жұмыстардың (аумақтарды инженерлік дайындау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдарды салу, коммуникациялық желілерді және сумен жабдықтау, кәріз, энергиямен жабдықтау құрылыстарын, жабындар құрылғыларын дамыту, монументті өнердің шағын сәулеттік нысандары мен объектілерін орналастыру, көгалдандыруды жобалау, шу деңгейін азайту, микроклиматты жақсарту, ауа бассейнін, ашық су айдындары мен топырақты ластанудан қорғау бойынша) және көрсетілетін қызмет (аумақтарды құрғатуға және көгалдандыруға тазалау, жинау, санитариялық тазалау бойынша) жиынтығы;";

      3-тармағының 23) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "23) уәкілетті орган – жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау мәселелерін реттеу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі;";

      6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасында көзделген аумақтардағы көгалдандыру жөніндегі барлық жұмыс түрлерi бекітілген жобалар бойынша орындалады. Аталған жұмыс түрлері Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау мыналарды қамтиды:

      1) жасыл екпелерді отырғызу;

      2) ағаштардың діңгек қуысын орнатумен қыртыстарды қопсыту, ағаштарды ақтау, жасыл қоршамды қию, ағаштардың діңін көтеру, ағаш өскіндерін жою;

      3) гүлзарлар, көгалдарды орналастыру, арамшөптерді отау, шөптерді шабу, қысқы кезеңде раушан гүлдерін жауып ұстау;

      4) бүкіл вегетациялық кезең бойы жасыл екпелерді суару;

      5) авариялық, құрғаған, жасамыс ағаштарды және бұталарды санитариялық кесу, ұшарбасты қалыптастыру;

      6) тыңайтқыштар салу;

      7) жасыл екпелердің зиянкестерімен және ауруларымен күресу.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Ағаштарды жасарту және қалың өскен ағаштарды сирету іс-шаралар вегетация басталғанға дейін немесе күздің соңында жүргізіледі.";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау бойынша қызмет көрсетуді, сондай-ақ жалпыға ортақ жерлердегі жасыл екпелерді түгендеу және орман-патологиялық зерттеу жүргізуді ұйымдар жүзеге асырады.".

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Алматы облыстық мәслихатының "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту мәселелері бойынша" тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Алматы облыстық мәслихаты
      сессиясының төрағасы Т. Сарпеков
      Алматы облыстық
      мәслихатының хатшысы С. Дүйсембінов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады