Іле ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының 2018 жылғы 26 ақпандағы № 22-110 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2018 жылы 19 наурызда № 4579 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының 2023 жылғы 4 қазандағы № 11-38 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының 04.10.2023 № 11-38 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-3-тармағына және "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, Іле аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Іле ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Іле аудандық мәслихатының "Іле ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2016 жылғы 24 тамыздағы № 7-34 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3959 тіркелген, 2016 жылдың 21 қыркүйегінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Іле аудандық мәслихатының "Тұрғындарды әлеуметтік қорғау, еңбек, жұмыспен қамту, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және тіл мәселелері жөніндегі" тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Іле аудандық мәслихатының сессия төрағасы Р. Нурбаев
      Іле аудандық мәслихатының хатшысы Р. Абилова

  Іле аудандық мәслихатының 2018 жылғы 26 ақпандағы №22-110 шешіміне қосымшасы

      Ескерту. Қосымшаға өзгеріс енгізілді – Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының 17.11.2021 № 12-39 шешімімен (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа еңгізіледі).

Әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда – Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының 17.11.2021 № 12-39 шешімімен (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа еңгізіледі).

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың үлгiлiк қағидаларын бекіту туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысына сәйкес (бұдан әрі -Үлгілік қағидалар) әзірленді және әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негiзгi терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкiмет" мемлекеттiк корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Алматы облысы, Іле ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөрiс деңгейi – "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агентігі Ұлттық статистика бюросының Алматы облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтiн мөлшерi бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға қажеттi ең төмен ақшалай кiрiс;

      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      6) өмiрдегі қиын жағдай – азаматтың тыныс-тiршiлiгiн объективтi түрде бұзатын, ол өз бетiнше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкiлеттi орган – Іле ауданы әкімдігінің "Іле аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi" мемлекеттiк мекемесi;

      8) учаскелiк комиссия – әлеуметтiк көмек алуға өтiнiш бiлдiрген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргiзу және қорытындылар дайындау үшiн ауылдық округ әкiмiнiң шешiмiмен құрылатын комиссия;

      9) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органмен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ, мереке күндерге ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі.

      5. "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

2- тарау. Әлеуметтік көмек көрсету, мұқтаж алушылардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      6. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек ақшалай төлемдер түрінде бір рет азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:

      1) 9 мамыр – Жеңіс Күні:

      мәртебеcі "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабымен белгіленген, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне бір рет 450 (төрт жүз елу) айлық есептік көрсеткішке дейін және 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш;

      1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткішке дейін;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткішке дейін;

      мәртебеcі "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабымен белгіленген, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне бір рет 50 (елу) айлық есептік көрсеткішке дейін;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға бір рет 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткішке дейін;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарына бір рет 30 (отыз) айлық есептік көрсеткішке дейін;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына бір рет 50 (елу) айлық есептік көрсеткішке дейін;

      1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарына бір рет 50 (елу) айлық есептік көрсеткішке дейін;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жою кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына бір рет 50 (елу) айлық есептік көрсеткішке дейін;

      Чернобыль атом электр станциясында сәуле ауруы салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектердің, сондай-ақ қайтыс болуы апаттың әсеріне белгіленген тәртіппен байланысты болған азаматтардың отбасыларына бір рет 50 (елу) айлық есептік көрсеткішке дейін;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына бір рет 50 (елу) айлық есептік көрсеткішке дейін.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының 20.07.2023 № 7-24 шешімімен (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа еңгізіледі).

      7. Әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайда тап болған мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі:

      1) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өрт оқиғасы орын алған мекен-жайда тұрақты тіркеуде тұратын азаматтарға (отбасыларға) біржолғы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай:

      оның мүлкіне зиян келтірілген жағдайда (растайтын құжат болған жағдайда) - бір рет 200 (екі жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға - бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде:

      пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға - бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) өмірлік қиын жағдайда, оның ішінде әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуідеп танылған азаматтар (отбасы):

      туберкулез ауруымен диспансерлік есепте тұрған адамдарға әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, - ай сайын 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне әлеуметтік көмек ай сайын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген мөлшерінде;

      4) жан басына шаққандағы орташа табысы облыс бойынша ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста 70 пайыздық шектен аспайтын, балалары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және оқитын отбасыларға - ай сайын 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді.

      5) Санаторлық-курорттық емделуге әлеуметтік көмек (бұдан әрі – санаторий-курорттық емделуге әлеуметтік көмек) заттай нысанда (Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу заңнамасына сәйкес анықталған санаторлық-курорттық мекемелерге жолдама) немесе ақшалай түрде (Қазақстан Республикасының аумағында санаторий-курорттық емделу үшін кеткен шығынды тиісті қаржы жылына бюджеттік есепті жасау барысында бекітілген жолдаманың құны мөлшерінде өтеу) мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алмай, тегін көрсетіледі:

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;

      2) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;

      3) 1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдар.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді – Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының 20.07.2023 № 7-24 шешімімен (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа еңгізіледі).

      8. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздерҮлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      9. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей, уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша ЖАО бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      10. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру ауданның бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүргізіледі.

      11. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.

      12. Әлеуметтiк көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы ауданның шегiнен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерге тұруға жiберген;

      4) алушы ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтiк көмектi төлеу көрсетiлген жағдайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      13. Артық төленген сомалар ерiктi немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген тәртiппен қайтаруға жатады.

3-тарау. Қорытынды ереже

      14. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорларын пайдалана отырып жүргiзедi.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады