Теңге, Қызылсай, Рахат және Кендірлі ауылдарының жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы

Жаңартылған

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 2018 жылғы 1 маусымдағы № 20/253 шешімі. Маңғыстау облысы Әділет департаментінде 2018 жылғы 22 маусымда № 3665 болып тіркелді.

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 25 .10.2021 № 9/80 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін - өзі басқару туралы" Заңының 39-3 - бабының 3-1-тармағына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" бұйрығына (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 15630 болып тіркелген) сәйкес, Жаңаөзен қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      Қоса беріліп отырған Теңге, Қызылсай, Рахат және Кендірлі ауылдарының жергілікті қоғамдастық жиналысының регламенті бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 25 .10.2021 № 9/80 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      2. "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі (аппарат басшысы А.Ермұханов) осы шешімнің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, оның Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде және бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппарат басшысына (А.Ермұханов) жүктелсін.

      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы И.Қалдаманов
      Қалалық мәслихат хатшысы С.Мыңбай

 

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қызылсай ауылының әкімі

      Б.Изджанов ___________________

      1 маусым 2018 жыл

      Рахат ауылының әкімі

      Б.Нұржауов ___________________

      1 маусым 2018 жыл

      Теңге ауылының әкімі

      Ү.Максимов ___________________

      1 маусым 2018 жыл

  Жаңаөзен қалалық мәслихатының
2018 жылғы 1 маусымдағы
№ 20/253 шешімімен бекітілген

Теңге, Қызылсай, Рахат және Кендірлі ауылдарының жергілікті қоғамдастық жиналысының регламенті

1 - тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту.-Регламент жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 25 .10.2021 № 9/80 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      1. Осы Теңге, Қызылсай, Рахат және Кендірлі ауылдарының жергілікті қоғамдастық жиналысының регламенті (бұдан әрі - Регламент) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін - өзі басқару туралы" Заңына (бұдан әрі - Заң) және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 15630 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес әзірленді.

      2. Осы регламентте қолданылатын негізгі ұғымдар:

      1) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін - өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік - аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;

      2) жергілікті қоғамдастық жиналысы (бұдан әрі – жиналыс) – жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілдерінің Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген шекте және тәртіпте жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге қатысуы;

      3) жергілікті маңызы бар мәселелер – реттелуі Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес ауыл тұрғындарының басым бөлігінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге байланысты ауыл қызметінің мәселелері;

      4) жергілікті өзін - өзі басқару – халық тікелей жүзеге асыратын, сондай-ақ мәслихаттар және басқа да жергілікті өзін - өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылатын Заңда, өзге де нормативтік - құқықтық актілермен айқындалған тәртіпте жергілікті маңызы бар мәселелерді өзінің жауапкершілігімен дербес шешуге бағытталған қызмет;

      5) жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшесі – Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілі.

      3. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын жергілікті қоғамдастық жиыны төрт жыл мерзімге айқындайды және жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген кандидаттар қатарынан құрылады.

      Бұл ретте, жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық жиналысы мүшелерінің (бұдан әрі – жиналыс мүшелері) саны ауылдар халқының жалпы санына байланысты айқындалады:

      1) 10 мың халыққа дейін – жиналыстың 5-10 мүшесі;

      2) 10-15 мың халық – жиналыстың 11-15 мүшесі;

      3) 15-20 мың халық – жиналыстың 16-20 мүшесі;

      4) 20 мыңнан астам халық – жиналыстың 21-25 мүшесі.

      3-1. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын қалыптастыру кезінде бөлек жиындар өкілдерінің саны олардың халқының санына барабар айқындалады.

      3-2. Бірнеше елді мекендерден тұратын әкімшілік-аумақтық бірлік үшін осы Регламенттің 3-1-тармағының ережелерін ескере отырып, жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындары жіберген әрбір елді мекеннен кемінде бір өкіл қамтамасыз етіледі.

2 - тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысына шақыруды жүргізу тәртібі

      4. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:

      1) бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;

      2) ауыл бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;

      3) аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, бекітілген (нақтыланған) бюджет бойынша ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің жиырма пайызынан аспайтын көлемде қаражат бюджет шығыстарының құрылымын өзгертпей, бюджеттік мониторинг қорытындылары бойынша ағымдағы қаржы жылы ішінде бюджет қаражаты игерілмеген және (немесе) бюджеттік бағдарламалар тиімсіз орындалған кезде бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлінген жағдайда, ауыл бюджетін түзетуді келісу;

      4) ауыл әкімі аппаратының ауылдың коммуналдық меншігін (жергілікті өзін - өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі шешімдерін келісу;

      5) ауыл бюджетінің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;

      6) ауыл бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;

      7) ауылдың коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;

      8) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды, сондай-ақ "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мерзімдерде олар бойынша ұсынымдар беруді көздейтін жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылау;

      9) алып тасталды - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 04.05.2023 № 2/8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      10) ауыл әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;

      11) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау жөнінде ұсыныстар енгізу;

      12) жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелері.

      5. Жиналыс ауыл әкiмімен дербес не жиналыс мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырылады және өткізіледі.

      Жиналыстың бастамашылары күн тәртібін көрсете отырып, әкімге ерікті нысанда жазбаша өтінішпен жүгінеді.

      Әкім үш жұмыс күні ішінде жазбаша өтінішті қарайды және шақырылымның орны мен уақытын көрсете отырып, жиналысты шақыру туралы шешім қабылдайды.

      6. Заңның 39-3-бабы 3-тармағының 4-3) тармақшасында көзделген, жергілікті қоғамдастық жиналысының шақырылу уақыты, орны туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей хабардар етілетін жағдайды қоспағанда, жиналыстың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы жиналыстың мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен хабардар етіледі.

      Әкім аппараты жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жазбаша түрде, электрондық құжат нысанында (электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған) немесе құжаттардың электрондық көшірмесін жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жиналыстың мүшелеріне және әкімге ұсынады.

      7. Жиналысты шақыру басталар алдында әкім аппараты жиналысқа қатысушы мүшелерді тіркеуді өткізеді, оның нәтижесін әкім немесе жиналысты шақыру басталғаннан бұрын ол уәкілеттік берген адам жариялайды және жиналыстың хаттамасына шақыруды өткізу орны мен уақытын көрсете отырып енгізеді.

      Жиналысты шақыру оған жиналыс мүшелерінің кемiнде жартысы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.

      8. Жиналысты шақыруды әкім немесе ол уәкілеттік берген адам ашады.

      Жиналысты шақыруды жүргізу үшін ашық дауыс беру арқылы жиналыстың төрағасы мен хатшысы сайланады.

      9. Жиналыстың күн тәртібін ауыл әкімінің аппараты жиналыс мүшелері, тиісті аумақтың әкімі енгізген ұсыныстар негізінде қалыптастырады.

      Күн тәртібіне өткен жиналыстарды шақыруда қабылданған шешімдер барысы және (немесе) орындалуы туралы мәселелер қосылады.

      Жиналысты шақырудың күн тәртібі оны талқылау кезінде толықтырылуы және өзгертілуі мүмкін.

      Жиналысты шақырудың күн тәртібін жиналыс бекітеді.

      Күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша дауыс беру жеке өткізіледі. Егер оған жиналыс мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, мәселе күн тәртібіне енгізілді деп есептеледі.

      10. Жиналысты шақыруға қала әкімі аппаратының, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың, сондай-ақ мәселелері жиналысты шақыруда қаралатын жеке және заңды тұлғалардың өкілдері шақырылады. Сондай-ақ жиналысты шақыруға қалалық мәслихаттың депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатыса алады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шақырылған адамдар жиналыстың мүшелері болып табылмайды және шешімдерді қабылдау кезінде дауыс беруге қатыспайды.

      11. Жиналысты шақыруларда баяндамалар, қосымша баяндамалар, жарыссөзде сөйлеу үшін және жиналысқа шақыруды өткізу тәртібі бойынша сөз сөйлеу регламентін төраға айқындайды. Баяндамашылар мен қосымша баяндамашыларға сұрақтарға жауап беру үшін уақыт бөлінеді. Егер сөз сөйлеуші бөлінген уақыттан асып кетсе, жиналыс төрағасы оның сөзін тоқтатады немесе шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілігінің келісімімен сөз сөйлеу уақытын ұзартады.

      Жиналыс мүшесі бір мәселе бойынша екі реттен артық сөйлей алмайды. Жарыссөздердегі жиналыс мүшелерінің сауалдары, түсіндіру және сұрақтарға жауап беру үшін сөйлеулері сөз сөйлеу деп есептелмейді. Баяндамашыларға сұрақтар жазбаша немесе ауызша түрде қойылады. Жазбаша сұрақтар жиналыс төрағасына беріледі және жиналыс шақырылымында жарияланады.

      Жиналыс төрағасы өз бастамасы бойынша немесе жиналыс мүшелерінің дәлелді ұсыныстары бойынша үзілістер жариялай алады.

      Жиналыстың соңында жиналыстың мүшелеріне қысқа мәлімдемелер немесе хабарламалар жасау үшін уақыт беріледі, олар бойынша жарыссөз болмайды.

3 - тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімдер қабылдау тәртібі

      12. Жиналыс өз өкілеттігі шеңберінде шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілік даусымен шешімдер қабылдайды.

      Дауыстар тең болған жағдайда жиналыстың төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

      Жиналыстың шешімі хаттамамен ресімделеді, онда:

      1) жиналыстың өткізілген күні мен орны;

      2) жиналыс мүшелерінің саны және тізімі;

      3) өзге де қатысушылардың саны және тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетілген тізім;

      4) жиналыс төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      5) күн тәртібі, сөйлеген сөздердің қысқаша мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.

      Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және хаттамада ауыл әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімін қамтитын жағдайларды қоспағанда, жиналыс өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ауыл әкіміне беріледі.

      Ауыл әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы шешімі бар жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасына жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және бес жұмыс күні ішінде Жаңаөзен қалалық мәслихатының қарауына беріледі.

      13. Жиналыс қабылдаған шешімдерді ауыл әкімі қарайды және ауыл әкімінің аппараты бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жиналыс мүшелеріне жеткізеді.

      14. Әкім жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келіспейтінін білдірген жағдайда, осы мәселелер осы Регламенттің 2-тарауында көзделген тәртіппен қайта талқылау арқылы шешіледі.

      Ауыл әкімінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені жоғары тұрған әкім шешеді.

      Ауыл әкімі екі жұмыс күні ішінде жоғары тұрған әкімнің және тиісті аумақтың мәслихатының атына жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасын жергілікті қоғамдастық жиналысы келіспеушілік тудырған мәселелерді қайтадан талқылағаннан кейін жібереді.

      Жоғары тұрған әкім ауыл әкімі мен жергілікті қоғамдастық жиналысының арасында келіспеушілік тудырған мәселелерді мәслихаттың таяудағы отырысында алдын ала талқылаудан және оның шешімінен кейін Заңның 11-бабында белгіленген тәртіппен бес жұмыс күні ішінде шешім қабылдайды.

      15. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, лауазымды адамдар өкілеттіктері шегінде жиналысты шақыруда қабылданған және ауыл әкімі мақұлдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етеді.

      16. Жиналысты шақыруда қабылданған шешімдерді ауыл әкімінің аппараты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен таратады.

4 - тарау. Жергілікті қоғамдыстық жиналысы шешімдерінің орындалуын бақылау

      17. Жиналыста жүйелі түрде жиналыстың шешімдерін орындауға жауапты адамдардың ақпараттары тыңдалады.

      18. Шешімдерді орындамаған немесе сапасыз орындаған жағдайда, тиісті ақпарат хаттамаға енгізіледі, оны жиналыстың төрағасы қала әкіміне немесе жиналыстың шешімін орындауға жауапты лауазымды адамның жоғары тұрған басшыларына жолдайды.

      Қабылданған шешімдер қайта орындалмаған немесе сапасыз орындалған жағдайда, жиналыс қала әкімі немесе тиісті лауазымды адамдардың жоғары тұрған басшылары алдында лауазымды адамдардың жауаптылығы туралы мәселеге бастамашылық жасайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады