Өскемен қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы

Жаңартылған

Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қалалық мәслихатының 2018 жылғы 31 шілдедегі № 32/3-VI шешімі. Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің Өскемен қалалық Әділет басқармасында 2018 жылғы 23 тамызда № 5-1-195 болып тіркелді

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қалалық мәслихатының 28.12.2021 № 15/14-VII шешімімен (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабының 4, 5 тармақтарына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 1 тармағының 15) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулысына сәйкес Өскемен қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қалалық мәслихатының 28.02.2020 № 53/2-VI шешімімен (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Өскемен қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі айқындалсын.

      Ескерту. 1 тармақ жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қалалық мәслихатының 28.12.2021 № 15/14-VII шешімімен (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2. Осы шешімге қосымшаға сәйкес Өскемен қалалық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы М. Миронова
      Қалалық мәслихат
хатшысының өкілеттігін
уақытша жүзеге асырушы
Т. Рахымжанова

  Өскемен қалалық мәслихатының
2018 жылғы 31 шілдедегі
№ 32/3-VI шешімімен бекітілген

Өскемен қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қалалық мәслихатының 28.12.2021 № 15/14-VII шешімімен (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжай ретінде меншік құқығында тұрған, Өскемен қаласының аумағында орналасқан тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысына шекті жол берілетін шығыстар үлесі 7 (жеті) пайызы мөлшерінде белгіленеді.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қалалық мәслихатының 15.12.2022 № 31/9-VII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2. Тұрғын үй көмегін тағайындауды уәкілетті орган – "Өскемен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүзеге асырады.

      3. Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысын уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанға "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 189820 болып тіркелген) бұйрығымен айқындалған тәртіппен есептейді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қалалық мәслихатының 26.12.2023 № 14/5-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге арналған шығыстарға ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының осы шешіммен белгiленген шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегінің тағайындау кезінде әр адамға 18 шаршы метрден аспайтын, жалғыз тұратын азаматтар үшін 35 шаршы метрден аспайтын аудан нормасы қабылданады.

      5. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеу "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шілдедегі № 295/НҚ бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 184492 болып тіркелген).

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қалалық мәслихатының 26.12.2023 № 14/5-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      6. Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін тоқсанына бір рет Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету ережесіне сәйкес "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" коммерциалық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) немесе "электрондық үкімет" веб-порталына өтініш береді.

      Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.

      7. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      8. Аз қамтылған отбасының (азаматтың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын жиынтық табысы мен шығыстары өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанға орташа есептеледі.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қалалық мәслихатының 15.12.2022 № 31/9-VII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      9. Алғаш өтініш жасаған кезде тұрғын үй көмегі қажетті құжаттар тізбесімен бірге өтініш берген айдан бастап тағайындалады. Өтініш беруші қайта өтініш жасаған кезде тұрғын үй көмегі өтініш жасаған тоқсанда құжаттарды ұсыну мерзімімен тәуелсіз тоқсанға тағайындалады. Егер алдыңғы тоқсанда құжаттар ұсынылмаған жағдайда тұрғын үй көмегін есептеу өтініш берген айдан бастап жүзеге асырылады.

      10. Тұрғын үй көмегін тағайындау аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тиісті қаржы жылына арналған қала бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      11. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына аудару жолымен екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырады.

  Өскемен қалалық мәслихатының
2018 жылғы 31 шілдедегі
№ 32/3-VI шешіміне қосымша

Өскемен қалалық мәслихатының кейбір күші жойылған шешімдерінің тізбесі

      1. "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау қағидасын бекіту туралы" Өскемен қалалық мәслихатының 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 34/5-V шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 3629 нөмірімен тіркелген, "Өскемен", "Усть-Каменогорск" газеттерінде 2015 жылғы 29 қаңтарда жарияланған).

      2. "Өскемен қалалық мәслихатының "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау қағидасын бекіту туралы" 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 34/5-V шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Өскемен қалалық мәслихатының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 35/2-V шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 3762 нөмірімен тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 2 сәуірде жарияланған).

      3. "Өскемен қалалық мәслихатының "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау қағидасын бекіту туралы" 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 34/5-V шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Өскемен қалалық мәслихатының 2016 жылғы 31 наурыздағы № 2/4-VІ шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 4518 тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрде эталондық бақылау банкінде 2016 жылғы 11 мамырда жарияланған).

      4. "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін белгілеу ережесін бекіту туралы" Өскемен қалалық мәслихатының 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 34/5-V шешіміне өзгеріс енгізу туралы" Өскемен қалалық мәслихатының 2018 жылғы 4 сәуірдегі № 28/2-VI шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 5602 тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрде эталондық бақылау банкінде 2018 жылғы 17 сәуірде жарияланған).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады