"Банктік қарыз шартының міндетті талаптарының тізбесін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2011 жылғы 28 ақпандағы № 18 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 28 қаңтардағы № 3 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 31 қаңтарда № 18254 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 23 желтоқсандағы № 248 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 23.12.2019 № 248 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.02.2019 бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Банктік қарыз шартының міндетті талаптарының тізбесін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2011 жылғы 28 ақпандағы № 18 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6877 тіркелген, 2011 жылғы 31 мамырда "Егемен Қазақстан" газетінде № 226-227 (26625) жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Осы қаулының мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) банк – екінші деңгейдегі банк, оның ішінде Банктер туралы заңның 52-5-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген банк операциясын жүргізген кезде ислам банктері, "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамы, банктік қарыз операцияларын жүзеге асыруға лицензиясы бар, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым;

      2) банктердің синдикаты – бірлескен кредиттік операцияларды жүргізу және банктердің синдикатына кіретіндердің заңдық және қаржылық дербестігін сақтап, қарыз алушының төлем қабілетсіздігі жағдайында әр қатысушы үшін ықтимал шығындарды төмендету мақсатымен біріктірілген екі және одан астам екінші деңгейдегі банктер;

      3) кредиттік желі – банктің қарыз алушыға банктік қарыз алу уақытын өзі белгілеуге мүмкіндік беретін талаптармен, бірақ кредиттеудің мұндай нысаны үшін банктің ішкі кредиттік саясаты туралы қағидаларда және кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімде айқындалған сома және уақыт шегінде қарыз алушыны кредиттеу міндеттемесі;

      4) кредиттік желі беру (ашу) туралы келісім – қарыз алушының өзіне кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімнің ажырамас бөлігі (бөліктері) болып табылатын шартта (шарттарда) немесе өтініште (өтініштерде) қарызды алу сомасы мен уақытын, бірақ кредиттеудің мұндай нысаны үшін банктің ішкі кредиттік саясаты туралы қағидаларда және кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімде айқындалған сома және уақыт шегінде айқындауға мүмкіндік беретін талаптармен жасалған банктік қарыз шарты;

      5) синдикатталған қарыз – банктер синдикатының қатысушылары болып табылатын екі және одан астам банктермен бірігіп қалыптастырылған және қарыз алушыға (байланысты қарыз алушылар тобына) бір банктік қарыз шарты негізінде (оған қажеттілігіне қарай басқа да құжаттарды қоса бере отырып) берілген банктік қарыз;

      6) сыйақы – банкке тиесілі ақшаның жылдық сомасына немесе осы қаулыда белгіленген жағдайларда белгіленген мөлшерде несие сомасына пайыздық мөлшерде белгіленген банктік қарыз ұсынғаны үшін төлем.";

      2-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Банк жасасатын банктік қарыз шартында (бұдан әрі – шарт) шарттардың тиісті түріне арналған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар, тараптардың келісуі бойынша айқындалған талаптар, сондай-ақ мынадай тізбеге сәйкес міндетті талаптар қамтылады:";

      9) және 10) тармақшалар алып тасталсын;

      3-тармақта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) 1 (бір) айдан аспайтын мерзімге берілген қарызды, кредиттік желі шеңберінде төлем карточкасы бойынша берілген қарызды, овердрафт кредитін, сондай-ақ кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімді қоспағанда, бизнес-жоспарға немесе қарыздың техника-экономикалық негіздемесіне және (немесе) қарыз алушы берген өтінішке сәйкес келетін банктік қарыздың (бұдан әрі – қарыз) мақсаты;";

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:

      "4) қарыздың мерзімі;";

      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:

      "10) қарыз бойынша берешекті өтеу кезектілігі;";

      13), 14) және 15) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:

      "13) қарызды өтеудің және сыйақының тәртібі (касса арқылы, банктік шотқа қашықтан терминал арқылы және басқалар тараптардың келісімі бойынша) кезеңділігі;

      14) қамтамасыз етусіз берілген қарызды қоспағанда, қамтамасыз ету (түрі: кепіл, тұрақсыздық айыбы, кепілдік, кепілдеме, ұстап қалу және өзге түрлері);

      15) қарыз алушының шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған не тиісінше тәсілмен орындамаған жағдайда банк қабылдайтын шаралар;";

      17) және 18) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:

      "17) қарыз алушы – заңды тұлғаның банкке ұсынатын есебінің түрлері мен мерзімдері;

      18) қарыз алушының (тең қарыз алушының) ол туралы мәліметтерді кредиттік бюроға беруге және кредиттік бюроның ол туралы банкке кредиттік есеп беруге келісімінің, сондай-ақ тараптардың өз міндеттемелерін орындауына байланысты ақпараттың болуын көрсету;";

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) сыйақы мөлшерлемесінің түрі (белгіленген немесе өзгермелі), сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері (жылдық пайызбен не белгіленген сомада), шартты жасау күніне "Қарыздар мен салымдар бойынша шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнын) есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 26 наурыздағы № 137 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7663 болып тіркелген) сәйкес шынайы жылдық тиімді салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері.

      Бір айдан аспайтын мерзімге берілген қарыз бойынша, кредиттік желі шеңберінде төлем карточкасы бойынша берілген қарыз бойынша, овердрафт кредиті, сондай-ақ кредиттік желі беру (ашу) туралы келісім бойынша сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін белгіленген сомада көрсетуге жол беріледі.

      Жылдық пайыздағы сыйақы мөлшерлемесі белгіленген сомадағы қарыз бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің мөлшері "Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшерін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы № 377 қаулысында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8306 болып тіркелген) айқындалған шекті мөлшерден аспауға тиіс;";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қарыз алушының құқықтары мынадай мүмкіндік көзделетін талаптарды қамтиды:

      1) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес, тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қарыз алған жеке тұлғаның шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде қарызды қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбын және айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін төлемей, қарыз берілген күннен бастап банк есептеген сыйақыны төлей отырып, қарызды қайтару;

      2) негізгі борышты және (немесе) сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне түскен жағдайда одан кейінгі жұмыс күні тұрақсыздық айыбын және айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін төлемей, негізгі борышты және (немесе) сыйақыны төлеуді жүргізу;

      3) өтініш бойынша үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ақысыз, айына кем дегенде бір рет шарт бойынша берешекті өтеу есебіне түсетін ақшаны бөлу (негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияларға, тұрақсыздық айыбына және айыппұл санкцияларының өзге де түрлеріне, сондай-ақ төленуге жататын басқа да сомаларға) туралы ақпаратты жазбаша нысанда алу;

      4) шарт бойынша берілген ақшаны ішінара немесе толық мерзімінен бұрын банкке қайтару туралы өтініш бойынша ақысыз, үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияларға, тұрақсыздық айыбына және айыппұл санкцияларының өзге де түрлеріне, сондай-ақ төленуге жататын басқа да сомаларға бөлінген, қайтарылуға тиісті соманың мөлшері туралы мәліметті жазбаша нысанда алу;

      5) бір жылға дейін мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап алты ай өткен соң, бір жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап бір жыл өткен соң тұрақсыздық айыбын және айыппұл санкцияларының басқа түрлерін төлемей, қарызды ішінара мерзімінен бұрын өтеу немесе толық көлемде мерзімінен бұрын өтеу;

      6) шарт талаптарын қарыз алушы үшін жақсарту жағына қарай оларды өзгерту туралы хабарлама алған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде банк ұсынған жақсартатын талаптардан шартта көзделген тәртіппен бас тартуға;

      7) алынатын қызметтер бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Өтініштер туралы заң) 8-бабында белгіленген мерзімде банкке жазбаша өтініш жасау және жауап алу;

      8) міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жеке тұлға банкке баруға және өзінің банктік қарыз шартының талаптарына, оның ішінде:

      шарт бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгертуге;

      шетел валютасымен берілген банктік қарыз бойынша негізгі борыштың қалдық сомасының валютасын ұлттық валютаға өзгертуге;

      негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруға;

      берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгертуге;

      шарттың қолданылу мерзімін өзгертуге;

      мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіруге, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) күшін жоюға байланысты өзгерістер енгізу туралы өтінішін негіздейтін шарт бойынша міндеттемелерді орындаудың мерзімі өтуінің туындау себептері, кірістер және басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы жазбаша өтініш ұсыну;

      9) Банктер туралы заңның 34-1-бабының 7-тармағында көзделген хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде банкке қабылданған шешім туралы ипотекалық қарыз шартында көзделген тәсілмен ақпарат береді.";

      4-1)-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:

      "4-1. Жеке тұлғамен жасалған ипотекалық қарыз шартында жасалған қарыз шартынан туындайтын келіспеушіліктерді реттеу үшін қарыз алушының банк омбудсманына Банктер туралы заңға сәйкес жазбаша өтініш беру құқығы болады.";

      5-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:

      "2) күнтізбелік қырық күннен аса қарыздың кезекті бөлігі мен (немесе) сыйақы төлемін қайтару үшін бекітілген мерзімді бұзған кезде қарыз сомасын және ол бойынша сыйақыны мезгілінен бұрын қайтаруды талап ету.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Банктің міндеттері мынадай талаптарды көздейтін талаптарды қамтиды:

      1) шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін ұстамай, қарыз берілген күннен бастап есептелген сыйақыны ұстай отырып кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуға қарыз алған қарызгер – жеке тұлғадан қайта алу;

      2) қарыз алушының өтініші бойынша үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ақысыз, айына кем дегенде бір рет шарт бойынша борышты өтеу есебіне түсетін ақшаны бөлу (негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияларға, тұрақсыздық айыбына және айыппұл санкцияларының өзге де түрлеріне, сондай-ақ төленуге жататын басқа да сомаларға) туралы ақпаратты жазбаша нысанда беру;

      3) шарт бойынша берілген ақшаны ішінара немесе толық мерзімінен бұрын банкке қайтару туралы қарыз алушының өтініші бойынша ақысыз, үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оны негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияларға, тұрақсыздық айыбына және айыппұл санкцияларының өзге де түрлеріне, сондай-ақ төленуге жататын басқа да сомаларға бөлінген, қайтарылуға тиісті соманың мөлшері туралы хабардар ету;

      4) қарыз алушыны шарт талаптарының жақсару жағына қарай оларды өзгерту туралы шартта көзделген тәртіпте хабардар ету;

      5) шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі бар болған жағдайда қарыз алушыны шартта көзделген тәсілмен және мерзімде, бірақ міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, мерзім өткен берешектің мөлшерін көрсете отырып шарт бойынша төлемдерді енгізу қажеттілігі және қарыз алушының өз міндеттемелерін орындамау салдары туралы хабардар ету;

      6) Өтініштер туралы заңның 8-бабында белгіленген мерзімде қарыз алушының жазбаша өтінішін қарау және оған жазбаша жауап дайындау;

      7) Банктер туралы заңның 36-бабында көзделген қарыз алушы-жеке тұлғаның жазбаша өтінішін алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде шарт талаптарына ұсынылған өзгерістерді қарау және қарыз алушыға жазбаша нысанда мыналар:

      шарт талаптарына ұсынылған өзгерістермен келісуі;

      шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстары;

      мұндай бас тартудың дәлелді себебін көрсетумен шарт талаптарын өзгертуден бас тарту туралы хабарлайды;

      8) банктің шарт бойынша құқығы (талап етуі) үшінші тұлғаға өту талаптары қамтылған шарт (бұдан әрі – талап ету құқығын басқаға беру шарты) жасалған кезде:

      талап ету құқығын басқаға беру шарты жасалғанға дейін құқықтардың (талап етулердің) үшінші тұлғаға өту мүмкіндігі туралы, сондай-ақ осындай басқаға беруге байланысты қарыз алушының дербес деректерінің өңделетіні туралы шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен;

      талап ету құқығын басқаға беру шарты жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде банктік қарызды өтеу жөніндегі бұдан былайғы төлемдердің үшінші тұлғаға (шарт бойынша құқық (талап ету) өткен тұлғаның атауы және тұрған жері) тағайындалатынын, берілген құқықтардың (талап етулердің) толық көлемін, сондай-ақ негізгі борыштың, сыйақының, комиссиялардың, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының және төленуге жататын басқа да сомалардың қалдықтарын көрсете отырып, құқықтың (талап етудің) үшінші тұлғаға өткені туралы шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен қарыз алушыны (немесе оның уәкілетті өкілін) хабардар етуге;

      9) жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың мерзімін өткізіп алу болған жағдайда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым міндеттемені орындаудың мерзімін өткізіп алу басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарыз алушыны жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шартында көзделген тәсілмен және мерзімдерде:

      1) міндеттемені орындау бойынша мерзімін өткізіп алудың туындағаны және мерзімі өткен берешек мөлшерін көрсете отырып, ипотекалық қарыз шарты бойынша төлемдер енгізу қажеттігі;

      2) объективті себептер болған кезде, ипотекалық қарыз шартының талаптарын, оның ішінде Банктер туралы заңның 34-1-бабының 7-тармағында көзделген талаптарын өзгерту арқылы берешекті реттеу мүмкіндігі туралы хабардар етеді.".

      2. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімдік баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;

      5) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      4. Осы қаулы 2019 жылғы 1 ақпаннан бастап қолданысқа енгізіледі, 2019 жылғы 1 ақпаннан бастап жасалған шарттарға қолданылады және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады