Иондаушы сәулелену әсерімен байланысты аурулардың тізбесін және cебептік байланысын анықтау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 10 сәуірдегі № ҚР ДСМ-24 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 11 сәуірде № 18499 болып тіркелді.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 7-бабы 1-тармағының 89-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) иондаушы сәулелену әсерімен байланысты аурулардың тізбесі;

      2) аурулардың иондаушы сәулелену әсерімен себептік байланысын анықтау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күннен бастап күнтізбелік он күннің ішінде қағаз және электрондық түрдегі қазақ және орыс тілдеріндегі оның көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Л.М. Ақтаеваға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрі
Е. Біртанов

      "КЕЛІСІЛДІ":

      Қазақстан Республикасы Еңбек және

      халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ":

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
2019 жылғы 10 сәуірдегі
№ ҚР ДСМ-24 бұйрығымен
бекітілген

Иондаушы сәулелену әсерімен байланысты аурулардың тізбесі

      1. Тікелей иондаушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдарда ауру туындаған және күшейген кезде мынадай себептік байланысы анықталуы мүмкін:

      1) аурулары иондаушы сәулелену әсеріне тікелей байланысы бар адамдар үшін:

      жіті және созылмалы сәулелік ауру;

      сәулелік катаракта;

      сәулелік дерматит және күйіктер;

      сәулелік гипотиреоз;

      сәулелік аутоиммундық тиреоидит.

      2) дербес сәулелену мөлшері немесе ата-анасының сәулелену мөлшері мынаны құрайтын адамдар үшін:

      жіті лейкоз – 5 бэр (сЗв);

      созылмалы лейкоз (созылмалы лимфолейкозды қоспағанда), миелодиспластикалық синдром – 10 бэр (сЗв);

      қатерлі лимфома – 15 бэр (сЗв);

      қомақты қатерлі ісіктер – 20 бэр (сЗв);

      3) дербес сәулелену мөлшері немесе ата-анасының сәулелену мөлшері 35 бэр (сЗв) құрайтын адамдар үшін:

      жүрек-тамырлық жүйенің аурулары: жүректің ишемиялық ауруы, асқынған артериялық гипертония;

      қан және қан өндіру ағзаларының аурулары: агранулоцитоз, гипопластикалық және апластикалық анемия;

      қалқанша безі аурулары (аутоиммундық тиреоидит, диффуздық түйінді зоб);

      сүйек-бұлшық ет жүйесінің дегенерациялық-дистрофиялық зақымдануы (инфекциялық және жарақаттану генезінен басқа);

      жарақаттық, тамырлық және инфекциялық генездің энцефалопатиясына негізделмеген ақыл-ой кемістігі;

      туа біткен аурулар және даму кемістіктері:

      микроцефалия;

      бас сүйегінің және сүйек-бұлшық ет жүйесінің даму кемістіктері.

      2. Сәулеленген ата-анадан туған адамдарда аурулар туындаған немесе күшейген кезде иондаушы сәулелену әсерімен себептік байланысы анықталуы мүмкін:

      1) сәулеленудің дербес мөлшері немесе ата-анасының сәулелену мөлшері 10 бэр (сЗв) және одан жоғарыны құрайтын адамдар үшін:

      жіті миелоидтік лейкоз;

      жіті лимфоидтік лейкоз;

      созылмалы миелоидтік лейкоз;

      2) сәулеленудің дербес мөлшері немесе ата-анасының сәулелену мөлшері 25 бэр (сЗв) және одан жоғарыны құрайтын адамдар үшін:

      өкпе обыры;

      сүт безінің обыры;

      асқынған артериялық гипертония;

      жүректің асқынған ишемиялық ауруы;

      микроцефалия;

      бет-бассүйегінің даму кемістіктері;

      жарақаттық, тамырлық және инфекциялық генездік энцефалопатиясына негізделмеген ақыл-ой кемістігі.

      3. Аталары мен әжелерінің сәулелену мөлшері 25 бэр (сЗв) және одан жоғарыны құрайтын ұрпақтардағы аурулардың тізбесі:

      жіті миелоидтік лейкоз;

      жіті лимфоидтік лейкоз;

      созылмалы миелоидтік лейкоз;

      бет-бассүйегінің даму кемістіктері;

      жарақаттық, тамырлық және инфекциялық генездік энцефалопатиясына негізделмеген ақыл-ой кемістігі.

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
2019 жылғы 10 сәуірдегі
№ ҚР ДСМ-24 бұйрығымен
бекітілген

Аурулардың себептік байланысын анықтау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 7-бабы 1-тармағының 89-1) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Қазақстан Республикасының халқы ауруларының иондаушы сәулелену әсеріне себептік байланысын сараптауды Өңірлік ведомствоаралық сараптама кеңесі және Орталық ведомствоаралық сараптама кеңесі жүзеге асырады.

      3. ОВСК денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган құрады.

      4. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган ӨВСК құрудың орындылығын айқындайды, оның құрамы мен өкілеттіктерін бекітеді.

      5. ӨВСК және ОВСК қорытындысы радиациялық әсермен байланысты мүгедектіктің, өлімнің себептерін айқындау кезінде тиісті орган үшін негіз болып табылады.

      6. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) иондаушы сәулелену – ортамен өзара іс-қимыл кезінде әртүрлі белгілердегі иондар түзетін, зарядталған, зарядталмаған бөлшектер мен фотондардан тұратын сәулелену;

      2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер көрсету сапасын бақылау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      3) уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      4) сәулеленудің әсерлі мөлшері – адам организмі мен оның жекелеген органдарының радиациялық сезімталдығын ескере отырып, олардың сәулеленуінің ұзақ мерзімді салдарының пайда болу қаупінің шамасы.

2-тарау. Аурулардың иондаушы сәулелену әсерімен себептік байланысын анықтау жөніндегі өңірлік ведомствоаралық сараптама кеңесін ұйымдастыру және жұмысы

      7. ӨВСК – радиациялық сәулеленуге ұшыраған адамдардағы аурулардың иондаушы сәулелену әсерімен себептік байланысын анықтау мақсатында сараптамалық-консультациялық қызметті жүзеге асыратын тұрақты жұмыс істейтін орган.

      8. ӨВСК құрамы денсаулық сақтау ұйымдарының бейінді мамандарынан және уәкілетті мемлекеттік органның өкілінен қалыптастырылады.

      9. ӨВСК аурулардың иондаушы сәулелену әсерімен байланысын клиникалық және зертханалық деректердің, сәулеленудің тиімді мөлшерінің шамасы мен сипатының негізінде қарайды.

      10. ӨВСК азаматтардың сәулелену мөлшерін есептеуді олардың радиациялық ластану аумақтарында болу фактісін растайтын құжаттардың негізінде жүргізеді.

      11. Ұрпақтардың ауруларының, өлімінің себептік байланысын сараптау ата-аналарының, аталарының, әжелерінің тиімді мөлшерін ескере отырып, жүргізіледі.

      12. ӨВСК-да аурулардың иондаушы сәулелену әсерімен себептік байланысын сараптау құжаттардың толық пакеті болған кезде жүргізіледі; поштамен жіберген жағдайда құжаттардың көшірмелері нотариуспен расталуы қажет.

      13. Өтініш берушілердің құжаттары қабылданғаннан және тіркелгеннен кейін күнтізбелік 30 күннің ішінде ӨВСК-нің қарауында болады.

      14. Өлімнің иондаушы сәулелену әсерімен себептік байланысын сараптау қайтыс болу туралы анықтамада көрсетілген диагноз бойынша жүргізіледі.

      15. ӨВСК азаматтарға сараптама қорытындысын жеке қол қоюымен немесе сенімді өкілінің қол қоюымен береді.

      16. Басқа қаладағы азаматтарға ӨВСК-тің қорытындысы шешім шығарған күннен кейін бес жұмыс күні ішінде пошта арқылы жіберіледі.

      17. Азаматтардың диагнозы немесе тиімді мөлшері өзгерген жағдайда ӨВСК-ге құжаттарды қайта сараптауға беруге құқығы бар.

      18. ӨВСК жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ОВСК-ге өзінің қызметі туралы статистикалық есебін ұсынады.

      19. ӨВСК қорытындысына ОВСК-де шешім берілген сәттен бастап күнтізбелік 30 күннің ішінде шағым жасалады.

      20. ӨВСК-ге ұсынылатын құжаттар пакеті:

      1) өтінішті;

      2) жеке куәлікті;

      3) амбулаториялық пациенттің медициналық картасынан хронологиялық тәртіппен бар аурулардың диагноздарын, асқыну жиіліктерін, еңбекке тұрақты жарамсыздығын көрсете отырып, үзіндіні;

      4) стационарлық науқастың медициналық картасынан негізгі аурудың анамнезі мен динамикасын сипаттай отырып, диагностикалау және емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес клиникалық-диагностикалық (зертханалық, аспаптық және функциялық) зерттеулердің, бейінді мамандар консультацияларының нәтижелері бар үзіндіні;

      5) ДКК-ның қорытындысын;

      6) қайтыс болған жағдайда – диагнозы көрсетілген қайтыс болу туралы анықтаманы;

      7) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 20 ақпандағы № 110 қаулысымен бекітілген Семей сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен адамдарға арналған жеңілдіктер алуға құқықты растайтын куәлікті;

      8) ластанған аумақтарда тұрғанын (оқығанын, жұмыс істегенін, Қарулы Күштерде және әскери құралымдарда қызмет атқарғанын) растайтын құжаттардың көшірмелерін: туу туралы куәлік, аттестат, диплом, еңбек кітапшасы, архивтің анықтамасы, әскери билет, іссапар куәлігі, іссапарға жіберу туралы бұйрықтар, ЧАЭС-тегі аварияның салдарын жоюға қатысушының куәлігін;

      9) неке туралы куәлігін (өлім жағдайының байланысын сараптау кезінде);

      10) ұрпақтардың сәулеленудің тиімді мөлшерін есептеу үшін – ата-анасының, аталарының, әжелерінің ластанған аумақтарда тұру фактісі мен кезеңін растайтын құжаттарын;

      11) мекенжай анықтамасын;

      12) құжат тігілетін папканы;

      13) тиімді мөлшер туралы анықтаманы (ӨВСК-те береді) қамтиды.

3-тарау. Аурулардың иондаушы сәулелену әсерімен себептік байланысын анықтау жөніндегі орталық ведомствоаралық сараптама кеңесінұйымдастыру және жұмысы

      21. ОВСК-тің құрамы денсаулық сақтау ұйымдарының бейінді мамандарынан, уәкілетті мемлекеттік органның және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның өкілдерінен қалыптастырылады.

      22. ОВСК азаматтардың өтінішін олар ӨВСК қорытындысымен келіспеген жағдайда қарайды.

      23. ОВСК қайта сараптама жүргізу үшін ӨВСК-дан өтініш берушінің медициналық құжаттамасының түпнұсқаларын сұратады.

      24. ОВСК-тің отырыстары тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.

      25. ОВСК-тің қорытындысына сот тәртібімен шағым жасалады.

      26. Иондаушы сәулелену әсерімен байланысты аурулардың тізбесіне кірмейтін аурулар бойынша құжаттар ӨВСК пен ОВСК-та қаралмайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады