Жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 31 мамырдағы № 48 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 3 маусымда № 18771 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 1-тармағының 1-16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 06.10.2021 № 90 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Жерлеудің және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидалары бекітілсін.

      2. Өңірлік даму департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономикавице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Р. Дәленов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ақпарат және қоғамдық

      даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мәдениет және спорт министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2019 жылғы 31 мамырдағы
№ 48 бұйрығымен
бекітілген

Жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 06.10.2021 № 90 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 1-тармағының 1-16) тармақшасына сәйкес әзірленді және жерлеу мен зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың тәртібін айқындайды.

      Зират қорымдарын күтіп ұстауға және пайдалануға, қайтыс болған адамдарды немесе олардың сүйектерін жерлеуді және қайта жерлеуді ұйымдастыруға, сондай-ақ жерлеу мақсатындағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар "Зираттарға және жерлеу мақсатындағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 19 тамыздағы № ҚР ДСМ-81 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24066 болып тіркелген) бекітілген санитариялық қағидаларында айқындалады.

      Зират қорымдарын жобалау қағидаттарын айқындау және оларды күтіп ұстауға, жерлеу ісін, жерлеу салт-жорасын (адамның сүйектерін немесе күлін жерлеу рәсімін) ұйымдастыру тәртібіне, сондай-ақ жерлеу орындарын күтіп ұстауға және Қазақстан Республикасындағы жерлеу ісі мәселелері жөніндегі мамандандырылған қызметтердің жұмысына ұсынымдар "Қазақстан Республикасының Зираттарды жобалау және күтіп ұстау" қағидалар жинағымен" (ҚР ҚЖ 3.02-141-2014) айқындалады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 23.02.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Үлгілік қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі (бұдан әрі – тіркеуші орган) – азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы орган;

      2) жерлеу – санитариялық, табиғатты қорғау, қала құрылысы және өзге де қағидалар мен нормаларға қайшы келмейтін, марқұмның тілегіне, діни сеніміне, әдет-ғұрпына және дәстүрлеріне сәйкес қайтыс болған адамның денесін (сүйегін) жерге (қабірге, лақатқа) жерлеу немесе күлі бар урнаны қабірге, сағанаға жерлеумен отқа жағу (кремациялау) жөніндегі салт-жора әрекеттері;

      3) зират (қабір) – қайтыс болған адамды немесе оның сүйегін жерлеу орны;

      4) зират қорымы – қайтыс болған адамдарды немесе олардың қалдықтарын жерлеу үшін арнайы бөлінген аумақ;

      5) зират қорымының әкімшілігі – зират қорымын ұстау және пайдалану жөніндегі ұйымдастырушылық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 19.09.2022 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Жерлеудің және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастырудың тәртібі

      3. Жерлеудің және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастырудың қағидаларын (бұдан әрі – Аумақтық қағидалар) осы Үлгілік қағидаларға сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдіктері әзірлейді.

      4. Аумақтық қағидаларды әзірлеу кезінде елді мекендер аумағының, олардың құрылысының ерекшеліктері, сондай-ақ зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастыру, тарихи-мәдени мұра, діни мақсаттағы объектілер және табиғи ландшафты сақтау қажеттігі ескеріледі.

      5. Аумақтық қағидалардың құрылымы:

      1) жерлеу үшін орын бөлу тәртібін;

      2) қайтыс болған адамдарды немесе олардың сүйектерін жерлеу тәртібі;

      3) зираттарды жобалау және салу тәртібін;

      4) жерлеу орындарын абаттандыруды ұйымдастыру және оларды күтіп-ұстау тәртібін;

      5) зиратқа арналған жер учаскелерін есепке алу және тіркеу тәртібін;

      6) жерлеуге, зират қорымдарын күтіп ұстауға және оларға қызмет көрсетуге шарт жасасу және оның талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру тәртібін қамтиды.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 23.02.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Жергілікті атқарушы органдар зират қорымдары орналасқан және оларға арналған ортақ пайдаланудағы жерден елді мекеннің қайтыс болған әрбір тұрғынын немесе осы елді мекенде қайтыс болған тұрғылықты жері белгісіз адамды жерлеу үшін кемінде алты шаршы метр жер учаскесін тегін бөледі.

      Зират қорымының аумағы зираттарға арналған қатарларға бөлінетін учаскелерден тұрады және оған автомобиль көлігіне арналған жүру жолдары мен зират учаскелеріне өтетін жолдар салынады.

      Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандық (облыстық) маңызы бар қаланың әкімдігі:

      зиратқа арналған жер учаскелерін есепке алу деректерін (мәліметтерін) жинақтауды және тіркеуді ұйымдастырады; ч

      жерлеу, зират қорымдарын күтіп ұстау және оларға қызмет көрсету жөніндегі шарт талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

      жергілікті атқарушы органның ресми интернет-ресурсында және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 12 шілдедегі № 252/НҚ бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33106 болып тіркелген) жария кадастрлық картада зират қорымының бос емес және бос учаскелері бойынша өзекті ақпаратты орналастырады.

      Облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі зираттарға арналған жер учаскелерін есепке алуды және тіркеуді есепке алу журналдарының негізінде жүргізеді.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 23.02.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Жерлеу зират қорымының әкімшілігіне қайтыс болуды тіркеуді жүзеге асыратын тіркеуші орган берген қайтыс болу туралы куәлікті және (немесе) "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген № 045/у нысаны бойынша қайтыс болу туралы медициналық куәлікті не "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы алынған қайтыс болу туралы хабарламаны ұсынғаннан кейін зират қорымының аумағында жүргізіледі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 19.09.2022 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Жерлеу зират қорымы әкімшілігі жүргізетін есепке алу журналында тіркеледі.

      9. Есепке алу журналында мынадай мәліметтер қамтылады:

      жерлеу жылы, айы, күні;

      зираттың (қабірдің) нөмірі;

      қайтыс болған адамның тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда);

      туған және қайтыс болған күні;

      өлімнің себебі;

      "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы алынған қайтыс болу туралы куәліктің немесе хабарламаның нөмірі, күні және кімнің бергені;

      марқұмның жақын туыстарының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірі (бар болған жағдайда), жеке басын куәландыратын құжаттың берілген күні мен нөмірі, мекенжайы, туыстары болмаған жағдайда, жерлеуді жүргізген адамның мекенжайы не жерлеуді жүргізген ұйымның атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, мекенжайы.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 19.09.2022 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Жақын туыстарының, сондай-ақ жұбайының (зайыбының) жазбаша өтініші бойынша жергілікті атқарушы органға, қаладағы аудан әкімінің аппаратына қайтыс болған адаммен жақын туыстығын растайтын құжаттарды ұсынған кезде қайтыс болған адамды немесе оның сүйегін бұрын қайтыс болған жақын туысының жанында жерлеу көрсетілген жерлеу орнында бос жер учаскесі немесе бұрын қайтыс болған жақын туысының зираты болған кезде қамтамасыз етіледі.

      11. Сот-медициналық зерттеуден кейін мәйітханада жүрген қайтыс болған адамдардың табылған мәйіттерін немесе олардың сүйектерін, суға кеткендерді, үйден тыс жерде кенеттен қайтыс болғандарды жерлеу жерлеу рәсімін ұйымдастыруды өзіне алуы мүмкін туыстары немесе адамдар мен мекемелер болмаған кезде қайтыс болу фактісі тіркелгеннен кейін жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.

      12. Туыссыз адамдарды жерлеу бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

      13. Мынадай:

      зират қорымын немесе оның учаскесін мерзімінен бұрын жою;

      сүйектерді Қазақстан Республикасының басқа жерлеріне немесе одан тыс жерлерге қайта жерлеу үшін жекелеген зираттардан тасымалдау жағдайларын қоспағанда, жұмыс істеп тұрған және жабық зират қорымдарында сүйектерді қайта жерлеуге рұқсат етілмейді.

      Қайтыс болған адамдарда аса қауіпті инфекциялық ауру (күйдіргі, конго-қырым геморрагиялық қызбасы) болмаған жағдайда жерленген сәтінен бастап алғашқы екі апта ішінде кейіннен үш жылдан ерте емес, құмдауыт жерлерде бір жылдан ерте емес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның келісімі бойынша сүйектерді қайта жерлеуге жол беріледі.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 23.02.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Қабірлерді жобалау және салу:

      қабірлердің учаскелері арасындағы қашықтық ұзын жақтары бойынша кемінде 1 метрді, ал қысқа жақтары бойынша кемінде 0,5 метрді құрайды;

      қабірдің тереңдігі топырақтың сипатына және топырақ асты суларының деңгейіне байланысты белгіленеді және жер бетінен табыттың қақпағына (бар болған жағдайда) дейін кемінде 1,5 метрді құрайды. Барлық жағдайларда қабірге арналған белгі жер асты суларының деңгейінен 0,5 метрге жоғары болады;

      аса қауіпті инфекциялардан қайтыс болғандар үшін қабірдің тереңдігі 2 метр деңгейінде белгіленеді, бұл ретте түбіне кемінде 10 сантиметр қабатпен хлорлы әк салынады;

      әрбір қабірдің жер бетінен 0,5 метрге биік үймесі (бұдан әрі – қабір үсті төмпешігі) болады. Қабір үсті төмпешігі қабірді атмосфера суларынан қорғау үшін оның шеттерін жауып тұруы тиіс.

      15. Жерлеу орындарын абаттандыру және оларды күтіп-ұстау:

      Жерлеуге бөлінген учаскенің шекарасында:

      табиғи тастан немесе бетоннан жасалған қабір үсті ескерткіштер мен құрылыстар, гүлзарлар мен орындықтар орнатуға;

      қабір басында гүл, кейіннен қырқылып отырылатын сәндік бұтадан қоршау отырғызуғажол беріледі.

      Зираттарды одан әрі күтіп-ұстауды жақын туысы тиісті тәртіппен қамтамасыз етеді.

      Ескерткіштер мен құрылыстарды орналастыруға, үстелдерді, орындықтарды және құрылыстарды жерлеу учаскесінен тыс жерлерде орналастыруға жол берілмейді.

      Зират қорымдарын (өтпе жолдар, соқпақтар, гүлбақтар, көгалдар, кәріздік, электрлік және су құбыры желілері және құрылыстар) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті тәртіппен жергілікті атқарушы органдар күтіп ұстайды.

      16. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы мен зират қорымының әкімшілігі арасында жерлеуге, зират қорымдарын күтіп ұстауға және оларға қызмет көрсетуге шарт жасасу жүргізілетін конкурс қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес белгілінген мерзімде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 23.02.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Зират қорымының әкімшілігі мыналарды:

      1) азаматтарға жерлеу қызметтерін көрсету тәртібі туралы, оның ішінде зират қорымы аумағындағы стендтерде ақпарат орналастыра отырып, толық ақпарат беруді;

      2) қайтыс болған адамдарды немесе олардың сүйектерін жерлеу үшін зираттарды уақтылы дайындауды;

      3) жерлеу үшін әрбір жер учаскесін бөліп берудің белгіленген нормасын және зираттарды дайындау қағидаларын сақтауды;

      4) ғимараттарды, инженерлік жабдықтарды, зират қорымының аумағын, қоршауды, жарықтандыруды жарамды күйде ұстауды;

      5) жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарды және шаруашылық мақсаттағы басқа да учаскелерді жүйелі түрде жинауды, сумен жабдықтау желілеріне қызмет көрсетуді, зираттың бүкіл аумағындағы жасыл екпелерді күтіп-ұстауды, жолдарды ағымдағы жөндеуді және қоқысты уақтылы шығаруды қоса алғанда, зираттарды күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстардың ұйымдастырылуын бақылауды;

      6) азаматтарға жерлеу орнын күтіп-бағу үшін мүкәммалды жалға беруді;

      7) жерлеу қызметтерінің өзге де субъектілеріне тең қолжетімділікті ұсынуды қамтамасыз етеді.



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады