"Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы № 34 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2019 жылғы 3 маусымдағы № 513 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 4 маусымда № 18789 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы № 34 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10335 тіркелген, "Әділет" ақпараттық – құқықтық жүйеде 2015 жылғы 31 наурызда жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      Аталған бұйрықпен бекітілген Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларында:

      1-тараудың атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ереже";

      2-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) коммуналдық жағажай – жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік мекемелердің қарамағындағы су айдындарындағы демалу орындары;";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын;

      "2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) су айдындары – өзендер және оларға теңестірілген арналар, көлдер, су қоймалары, тоғандар мен басқа да ішкі су айдындары, аумақтық сулар;

      2) құтқару бекеті – құтқарушылармен жасақталған, құтқару жабдығымен жарақталған, су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі функцияларды орындайтын, заңды және жеке тұлғалар құратын акваторияның нақты учаскесіндегі бекет;

      3) су айдынындағы демалу орны – шомылуға жабдықталған орындар (жағажайлар), катерлерді, желкенді қайықтарды, қайықтарды, гидроциклдер мен катамарандарды жалға беру станциялары;

      4) шағын көлемді кеме – ұзындығы 20 метрден аспайтын, бортындағы рұқсат етілген адам саны 12 адамнан аспайтын, балық аулау үшін салынған немесе жабдықталғаннан басқа жүк тасуға, жетекке алуға, пайдалы қазбаларды іздеу, барлау және өндіру, құрылыс, жол, гидротехникалық және басқа да осындай жұмыстарды жүргізуге, лоцмандық және мұз жару, сондай-ақ су объектілерін ластану мен бітеліп қалудан қорғау іс-шараларын жүзеге асыратын кеме;

      5) құтқаратын "Александров жібі" – суға батып бара жатқан адамға көмек көрсететін құрал, ол диаметрі 40 сантиметрлік ілмегі және екі қалқымасы бар ұзындығы шамамен 30 метрлік қалқыма түрінде болады;

      6) оқу орны – жүзу бойынша ұжымдық және жеке сабақтарды өткізу үшін барынша ыңғайланған, жағажай аумағында арнайы жабдықталған орын;

      7) қалалық жағажай – жергілікті атқарушы органның қарамағындағы су айдынындағы демалу орны;

      8) жеке құтқару құралы – суда немесе мұзда қалған кезде адамға қосымша қалқымалығы үшін жасалған құтқару құралы. Жеке құтқару құралдарына құтқару шеңберлері, күртешелер, кеудешелер, қалтқы белгілер жатады;

      9) демалушылар - демалу, балық аулау, шомылу, шағын көлемді кемелермен серуендеу және басқа да демалу түрлері мақсатында осы Қағидалар талаптарын сақтауға жауапты, су айдындарына болатын адамдар;

      10) осы Қағидалар талаптарын сақтауға жауаптылар – су айдындарының иелері, нұсқау берушілер (жаттықтырушылар), құтқарушылар, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ су айдындарын пайдаланатын адамдар;

      11) суға шомылу үшін тыйым салынған орын – адамдардың суға шомылуға арналмаған су айдындарының ықтимал қауіпті учаскелері.";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Су объектілерінде және су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризм және спортқа арналған орындарды облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары экологиялық талаптар мен адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау және су тарту саласындағы уәкілетті органмен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен, халықтың санитариялық-эпидемологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша белгілейді.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), жергілікті атқарушы органдары азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында өңірлік жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып, 2003 жылғы 9 шілдедегі № 481 Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес тиісті өңірдің аумағында орналасқан су объектілерінде шомылуға, ішуге және тұрмыстық мұқтаждар үшін су алуға, мал суаруға, шағын көлемді кемелерді және басқа да жүзетін құралдарды жүзу үшін пайдалануға тыйым салынған орындарды айқындайды.";

      2-тараудың атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Суға шомылу және демалу үшін су айдындарын пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібі";

      8-тармақтың екінші бөлімі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жергілікті атқарушы органдар

      1) коммуналдық жағажайларда құтқару бекеттерін, медициналық көмек пункттері мен қоғамдық қауіпсіздік бекеттерін құрады;";

      2) суға шомылу және демалу үшін пайдаланылатын су айдындарына түгендеу жүргізеді және оларға нақты иелерді бекітеді;

      3) су айдындарында құтқарушылармен жасақталған және құтқару жабдықтарымен және жарақтармен жабдықталған құтқару бекеттерінсіз, алғашқы медициналық көмек көрсету үшін кезекші медициналық персоналмен және қажетті құралдармен, дәрі-дәрмектермен жабдықталған үй-жайларсыз және балалар шомылатын орындарсыз демалыс орындарын ашуға жол бермейді;

      4) суға шомылуға және балаларды жүзуге үйрету үшін коммуналдық және балалар жағажайларын құрады және жабдықтайды;

      5) суда жаппай демалатын орындарға аумақтық бөлімшелермен бірлесіп ерікті құтқарушыларды тартады."

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Демалушылардың қоғамдық орындарда жүріп-тұру қағидаларын бұзуына жол бермеу үшін жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша патрульдік полициясының кезекшілігі ұйымдастырылады.";

      3-тараудың атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Су айдындарында демалыс орындарын жабдықтау тәртібі";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Су айдынындағы демалу орны:

      1) осы Қағидалардың 9-тармағының талаптарына сәйкес құтқарушылармен жасақталған, құтқару жабдығымен және жарағымен жарақталған құтқару бекетімен;

      2) тереңдігі 1,2 метрден аспайтын балалардың шомылуына арналған учаскемен және арқанға бекітілген қалтқылар жолымен белгіленеді;

      3) дауыс зорайтқыш құрылғылармен және телефон байланысымен;

      4) алғашқы медициналық жәрдем көрсетуге арналған кезекші медициналық персоналы бар, қажет аспаптармен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген үй-жаймен жабдықталады;

      5) барлық бақыланатын қызмет көрсету аймағын қамтумен қамтамасыз ететін, жағалау белдеуінен 20 метрден аспайтын қарау мұнарасын орнату.";

      4-тараудың атауы мына редакцияда жазылсын:

      "4-тарау. Суда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі";

      27-тармақ алып тасталсын;

      5-тараудың атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-тарау. Қыс мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздік тәртібі";

      38-тармақ 4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) өткелден тыс көлік құралдарымен шығу.".

      1-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті (В.Р. Беккер) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты
Е. Тургумбаев

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2019 жылғы наурыздағы
№ 513 бұйрығына
қосымша
  Су айдындарындағы
қауіпсіздік қағидаларына
1-қосымша

Құтқару бекетінің құрылымына қойылатын талаптар

Р/с №

Атауы

Бірлік тер саны

Ескертпе

I.

Штаттық құрамы:



1.

Бекет басшысы-құтқарушы

1


2.

Жасақшы-құтқарушы

1- 2


II.

Үй-жай:

1


III.

Жабдық:



1.

Ескекті немесе моторлы қайық

2

борттарында "құтқару" деген жазуы бар

2.

Құтқару шеңберлері

2


3.

Құтқаратын "Александров жібі"

2


4.

Мегафон

2


5.

Дәрі-дәрмектері бар санитариялық сөмке (дәрі қобдишасы)

1


6.

Ілмекті трал

1


7.

Құтқару тақтайлары 5-6 метр

2

қысқы кезеңге

8.

Құтқару кеудешелері

2


9.

Сырықтар, құтқару ілгектері

2


      Ескертпе: бір құтқару бекеті жүзу сызығынан 200 метрден аспайтын қашықтыққа қойылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады