Қазақстан Республикасының экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдігін беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 2 шілдедегі № 674 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 16 шілдеде № 19026 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 225-1-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 08.08.2022 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдігін беру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қарыз алу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қазақ және орыс тілдерінде жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
Бірінші орынбасары -
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
Бірінші орынбасары -
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2019 жылғы 16 шілдедегі
№ 19026 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдігін беру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдігін беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің (бұдан әрі – Бюджет кодексі) 225-1-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдігін беру тәртібі мен шарттарын айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 08.08.2022 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасының экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдігі экспортты қолдау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұлттық компанияға (бұдан әрі - Ұлттық компания) оның қазақстандық және шетелдік сақтанушылар мен пайда иеленушілер алдындағы сақтандыру жағдайлары басталған кезде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі берешегін өтеуді қамтамасыз ету үшін беріледі, олар бойынша Ұлттық компания сақтандырушы ретінде әрекет етеді.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнайы несие шоты - Ұлттық компания екінші деңгейдегі банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын, экспортты қолдау жөніндегі мемлекет кепілдік берген міндеттемелерге қызмет көрсетуге уәкілетті ұйымда ашқан және экспортты қолдау жөніндегі мемлекет кепілдік берген міндеттемелерді орындау мақсатында республикалық бюджеттің қаражатын аударуға, сондай-ақ Мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражатты республикалық бюджетке қайтаруға арналған шот;

      2) банк – "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға;

      3) бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган (бұдан әрі - бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi орган) - бюджетті атқару, республикалық бюджеттiң және өз құзыретi шегiнде жергiлiктi бюджеттердiң, Жәбірленушілерге өтемақы қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң есебi негiзiнде Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының атқарылуы бойынша бухгалтерлiк есепке алуды, бюджеттiк есепке алу мен бюджеттiк есептiлiктi жүргiзу саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      4) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган (бұдан әрі - бюджеттi жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган) - бюджеттік жоспарлау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      5) сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – шикізаттан басқа тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспортын дамыту және ілгерілету саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде сыртқы сауда қызметін реттеу саласында салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      6) уәкілетті органның салалық қорытындысы (бұдан әрі – салалық қорытынды) – Мемлекеттік кепілдік беру арқылы саланы дамыту басымдықтарына сәйкестігі тұрғысынан тиісті Ұлттық компанияға сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның қорытындысы;

      7) кепілдік шарты - бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган мен Ұлттық компания арасындағы Мемлекеттік кепілдік беру кезіндегі тараптардың құқықтық қатынастарын, міндеттемелері мен жауапкершілігін белгілейтін жазбаша келісім;

      8) Қазақстан Республикасының экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдігі (бұдан әрі - мемлекеттік кепілдік) - Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілдік шартының талаптарына сәйкес Ұлттық компания алдындағы оның сақтандыру төлемдері бойынша берешегін толық немесе ішінара өтеу міндеттемесі;

      9) Қазақстан Республикасының экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдігін беру лимиті - оның шегінде Мемлекеттік кепілдік берілуі мүмкін, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілетін тіркелген сома;

      10) қорытындыны түзету - қорытындының Мемлекеттік кепілдік беру үшін көзделген мазмұнын, тұжырымдарын толықтыруға және (немесе) өзгертуге әкеп соқтыратын оның белгіленген параметрлерін өзгерту;

      11) мемлекет кепілдік берген экспортты қолдау жөніндегі міндеттеме - Ұлттық компания сақтандыру төлемдерін жүзеге асырмаған Мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген сақтандыру шарттары бойынша өтелмеген міндеттемелердің белгілі бір күнгі сомасы;

      12) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган (бұдан әрі - мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган) - стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын тұжырымдау мен қалыптастыру саласындағы, сондай-ақ өңірлік даму саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      13) Мемлекеттік кепілдік беру үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысы (бұдан әрі – қорытынды) – мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның экспортты қолдау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұлттық компанияның экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беруінің орындылығы (уәкілетті органның оң салалық қорытындысы негізінде дайындалған, оның елдің экономикасына әсері мен стратегиялық және (немесе) бағдарламалық құжаттарға сәйкестігі) тұрғысынан қорытындысы;

      14) өтінім – Ұлттық компанияның уәкілетті органның атына Мемлекеттік кепілдік беру туралы өтініші;

      15) экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік беру туралы келісім - бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган, сенім білдірілген өкіл (агент) және тараптардың мемлекеттік кепілдік беру, мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелер орындалған жағдайда оқшауландырылған республикалық бюджет қаражатын қайтару жөніндегі құқықтық қатынастарын белгілейтін Ұлттық компания арасындағы келісім;

      16) Ұлттық компания - Мемлекеттік кепілдік алатын, сақтандыру төлемдерін өтеу қаражаты және өзге де көздер есебінен мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражатты республикалық бюджетке қайтару жөнінде міндеттемелер алатын кепілдік шартының және экспортты қолдау жөніндегі Мемлекеттік кепілдік беру туралы келісімнің тарапы.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын басқа ұғымдар, егер Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында және осы Қағидаларда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы заңнамасының тиісті салаларында пайдаланылатын мағынада қолданылады.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 08.08.2022 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Қазақстан Республикасының экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдігін беру тәртібі

      4. Мемлекеттік кепілдік беру Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасы бойынша және Ұлттық компанияның Бюджет кодексі мен осы Қағидалардың талаптары мен шарттарын сақтауы шартымен жүзеге асырылады.

      5. Салалық қорытындыны алу үшін Ұлттық компания уәкілетті органға мыналарды:

      Мемлекеттік кепілдік сомасын, оның қолданылу мерзімін, Мемлекеттік кепілдікті пайдаланудың институционалдық схемасын (процестің барлық қатысушылары, олардың өзара іс-қимылы туралы ақпарат) қамтитын Мемлекеттік кепілдік жөніндегі ақпаратты;

      құрылтай құжаттарының, сондай-ақ Ұлттық компанияның мәртебесін растайтын құжаттардың көшірмелерін, Ұлттық компанияның даму жоспарын, рейтингтік есепті қамтитын Ұлттық компания туралы ақпаратты қоса бере отырып, өтінім жібереді.

      Ұлттық компания көрсетілген құжаттарды бермеген кезде уәкілетті орган Ұлттық компанияның өтінімін 5 (бес) жұмыс күні ішінде қараусыз кері қайтарады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 08.08.2022 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Уәкілетті орган салалық қорытындыны Ұлттық компания өтінімді ұсынған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде береді.

      Уәкілетті орган теріс салалық қорытынды берген жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 9 шілдедегі № 489 қаулысымен бекітілген Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындау қағидаларына сәйкес қайтару себептері көрсетіле отырып, Ұлттық компанияның өтінімі, оны одан әрі пысықтау үшін кері қайтарылады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 08.08.2022 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Мемлекеттік кепілдік Бюджет кодексінің 225-2-бабының 2-тармағына сәйкес республикалық бюджет туралы заңда белгіленген лимит шегінде беріледі.

      8. Ұлттық компания құжаттарды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның қорытындысын ұсыну үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға Бюджет кодексінің 225-1-бабы 4-тармағында көзделген, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 2 шілдедегі № 60 бұйрығымен бекітілген Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысын әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптарға (бұдан әрі - Талаптар) сәйкес ұсынады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2019 жылы 2 шілдесінде № 18957 тіркелді).

      9. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган қорытындысын Талаптарға сәйкес мерзімде береді.

      10. Ұлттық компания Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға Қазақстан Республикасының экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдікті алу үшін экспортты қолдау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын Ұлттық компания ұсынатын құжаттар тізбесіне сәйкес құжаттарды осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес ұсынады.

      Ұлттық компания құжаттардың толық пакетін бермеген жағдайда бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган құжаттарды 5 (бес) жұмыс күні ішінде қараусыз кері қайтарылады;

      Құжаттардың толық пакетін алған кезде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган Ұлттық компаниямен және сенім білдірілген өкілмен (агентпен) Мемлекеттік кепілдік беру туралы келісім жасасады.

      11. Мемлекеттік кепілдікті орындауға республикалық бюджеттен оқшауландырылған қаражатты қайтару шарттары, мерзімдері, сыйақы мөлшерлемелері мен тәртібі Бюджет кодексінің 225-6-бабының 5-тармағына сәйкес Мемлекеттік кепілдік беру туралы келісімде айқындалады.

      12. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган Мемлекеттік кепілдік беру туралы келісімге қол қойылғаннан кейін Бюджет кодексінің 225-2-бабы 1-тармағына сәйкес 10 (он) жұмыс күні ішінде Мемлекеттік кепілдік беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы қабылдануын қамтамасыз етеді.

      Мемлекеттік кепілдік беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы қабылданған жағдайда бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде Бюджет кодексінің 225-4-бабына сәйкес Ұлттық компаниямен Кепілдік шартына қол қояды.

      13. Ұлттық компанияның меншікті капиталынан асып түсетін сақтандыру жағдайлары бір жолғы іске асырудан асып кеткен жағдайда Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган, сенім білдірілген өкілдің (агенттің), Ұлттық компанияның қорытындылары, оның шоттарынан екінші деңгейдегі банктер берген үзінді-көшірмелер, сондай-ақ Мемлекеттік кепілдікті орындауға жүгінердің алдындағы қаржы жылындағы аудиттелген қаржылық есептілік және Мемлекеттік кепілдікті орындауға жүгінген кездегі қаржылық есептілік болған кезде Мемлекеттік кепілдікті орындауды жүзеге асырады.

      14. Мемлекет кепілдендірген міндеттемелерді алдағы өтеу көлемін жоспарлауды бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасын әзірлеу шеңберінде не республикалық бюджетті нақтылау кезінде мемлекет кепілдік берген міндеттемелерді алдағы өтеу көлемінің болжамды есептері негізінде жүргізеді.

      15. Жоспарланған жылы мемлекет кепілдендірген міндеттемелерді өтеу көлемі сенім білдірілген өкілдің (агенттің), Ұлттық компанияның қорытындылары негізінде айқындалады және кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте ұлттық валютада және жеке бюджеттік бағдарлама бойынша көрініс табады.

      16. Республикалық бюджеттің шығыстарын жоспарлау үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 24 қарашадағы № 511 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2014 жылы 25 желтоқсанда № 10007 тіркелді) бекітілген Бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидаларына сәйкес бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға бюджеттік өтінімді ұсынады.

      17. Ұлттық компания қолданыстағы Мемлекеттік кепілдік шеңберінде республикалық бюджеттен бұрын оқшауландырылған қаражат бойынша берешекті өтеу жөніндегі міндеттемелерді орындамаған жағдайда, ол бойынша республикалық бюджеттен кейінгі сомаларды беруге жол берілмейді.

      18. Мемлекеттік кепілдікті орындау Ұлттық компанияның меншікті капиталын шегере отырып, сақтандыру төлемдерінің өтелмеген сомасының бір бөлігіне ғана және Ұлттық компания залалдар үшін жауапты тұлғаларға сақтандыру төлемін өтеуді талап етудің барлық ақылға қонымды шараларын қабылдағаннан кейін және (немесе) мұндай тұлғалар банкрот деп танылғаннан кейін не олар таратылғаннан кейін жүзеге асырылады.

      19. Мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражатты Ұлттық компания сақтандыру төлемдерін өтеу қаражатының есебінен республикалық бюджетке қайтаруы тиіс.

      20. Мемлекеттік кепілдік Кепілдік шарты нысанында тараптардың әрқайсысы үшін бір-бір данадан бірдей заң күшіне ие мемлекеттік және орыс тілдерінде екі данада жасалады.

  Қазақстан Республикасының
экспортты қолдау жөніндегі
мемлекеттік кепілдік беру
қағидаларына
1-қосымша

Қазақстан Республикасының экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдігін алу үшін экспортты қолдау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұлттық компания ұсынатын құжаттардың тізбесі

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 08.08.2022 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Уәкілетті органның оң салалық қорытындысы.

      2. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның оң қорытындысы.

      3. Республикалық бюджет комиссиясының хаттамалары (бар болса).

      4. Экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік сомасының 0,2 % мөлшерінде біржолғы төлемді (алымды) төлеу туралы үзінді-көшірме.

      5. Құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелері.

      6. Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасына сәйкес берілетін кредиттік есепке сәйкес салық берешегінің және мерзімі өткен берешегінің жоқтығы туралы анықтама.

      7. Экспортты қолдау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұлттық компания акционерлерінің тізілімінен үзінді-көшірме.

      8. Ұлттық компанияның мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады