Микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәнін белгілеу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 26 қарашадағы № 209 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 6 желтоқсанда № 19715 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Жеке тұлғамен жасалған күнтізбелік қырық бес күнге дейінгі кезеңге кепілсіз микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәні:

      күніне 1 (бір) пайыздан кем, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің отыз еселенген мөлшерінен аспайтын берілген микрокредит сомасының 20 (жиырма) пайызынан аспайтын мөлшерде;

      күніне 1 (бір) пайыздан кем, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің отыз еселенген мөлшеріне тең немесе одан асатын берілген микрокредит сомасының 15 (он бес) пайызынан аспайтын мөлшерде белгіленсін.

      Жеке тұлғамен жасалған, мүлік кепілімен қамтамасыз етілген микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәні күніне 0,8 (нөл бүтін оннан сегіз) пайыздан аспайтын, бірақ күнтізбелік қырық бес күнге дейінгі кезеңге берілген микрокредит сомасының 20 (жиырма) пайызынан аспайтын мөлшерде белгіленсін.

      Шарттың қолданыс мерзімі күнтізбелік қырық бес күннен асатын мерзімге ұлғайған кезде жеке тұлғамен жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәні күніне 0,4 (нөл бүтін оннан төрт) пайыздан аспайтын мөлшерде белгіленсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 26.05.2023 № 25 (01.10.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы қаулының 1-тармағында белгіленген сыйақының шекті мәні "Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 3-1-тармағында көзделген микрокредит беру туралы шарттарға қолданылады.

      3. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Сыртқы коммуникациялар департаменті – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Е. Досаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады