Мәртөк ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін және тәртібін айқындау туралы

Жаңартылған

Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық мәслихатының 2019 жылғы 14 мамырдағы № 265 шешімі. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2019 жылғы 17 мамырда № 6153 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабына, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97 бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Мәртөк аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Мәртөк ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері және тәртібі қосымшаға сәйкес айқындалсын.

      2. "Мәртөк аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы шешімді Ақтөбе облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы шешімді Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Мәртөк аудандық
мәслихатының сессия төрағасы
Б. Абдуллин
      Мәртөк аудандық
мәслихатының хатшысы
Ә. Әлмұхамбетов

  Мәртөк аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 14 мамырдағы
№ 265 шешіміне қосымша

Мәртөк ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері және тәртібі
1. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалғыз тұрғынжай ретінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын, аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергілікті өкілді органдар белгілеген отбасының (азаматтың) жиынтық табысының 5 (бес) пайызы мөлшерінде айқындалады.

      Ескерту. 1 тармақ жаңа редакцияда- Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық мәслихатының 28.04.2023 № 11 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Мәртөк аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі -уәкілетті орган) арқылы жүзеге асырылады.

      3. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      Ескерту. 3 тармақ жаңа редакцияда- Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық мәслихатының 25.12.2020 № 435 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4. Көпбалалы отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.

      Ескерту. 4 тармақ жаңа редакцияда- Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық мәслихатының 25.12.2020 № 435 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.

      Ескерту. 5 тармақ жаңа редакцияда- Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық мәслихатының 28.04.2023 № 11 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      6. Тұрғын үй көмегі өтініш берген айдан бастап ағымдағы тоқсанға тағайындалады.

      7. Тұрғын үй көмегін төлеу есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы аудару жолымен жүзеге асырылады.

      8. Көпбалалы отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға және/немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы өтініш береді және мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін түпнұсқасы беріледі);

      2) көпбалалы отбасының табысын растайтын құжаттар. Тұрғын үй көмегін алуға үмiткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртiбi Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 226 "Тұрғын үй көмегін алуға үмiткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу қағидаларын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 20498 тіркелген) бұйрығымен айқындалады;

      3) алынып тасталды - Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық мәслихатының 25.12.2020 № 435 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4) зейнетақы аударымдары туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      5) жұмыс орнынан немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтама;

      6) балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер;

      7) банктік шоты;

      8) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге ай сайынғы жарналар туралы шоттар;

      9) коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттар;

      10) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      11) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстар туралы шот.

      Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берілмейді. Меншік құқығында (Қазақстан Республикасы бойынша) тұрғын үйдің болуы немесе болмауы туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші ақпараттық жүйелер арқылы алады.

      Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) қайта өтініш берген кезде осы Ереженің 10-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, отбасының табыстарын растайтын құжаттарды және коммуналдық шығыстардың шоттарын ғана ұсынады.

      Ескерту. 8 тармақ жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық мәслихатының 17.06.2020 № 383 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық мәслихатының 25.12.2020 № 435 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.04.2023 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      9. Мемлекеттік корпорация өтінішті ақпараттық жүйе арқылы қабылдайды және оны тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті органға жібереді.

      10. Уәкілетті орган тұрғын үй көмегін көрсетуден тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде бас тартады.

      Ескерту. 10 тармақ жаңа редакцияда- Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық мәслихатының 28.04.2023 № 11 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      11. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешімді не кызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті орган қабылдайды. Тағайындау туралы хабарлама не тағайындаудан бас тарту туралы дәлелді жауап Мемлекеттік корпорацияға немесе электрондық құжат ретінде "жеке кабинетке" жіберіледі.

2. Тұрғын үй көмегiн көрсету мөлшерi

      12. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін тағайындау төмендегі нормаларына сәйкес жүргізіледі:

      1) жәрдемақы шараларымен қамтамасыз етілетін тұрғын үй көлемінің нормасы бір адамға он сегіз шаршы метрлік пайдалы алаңды құрайды, жалғыз тұратын азаматтар үшін, кемiнде бiр бөлмелi пәтер мөлшерiнде немесе жатақханадан бөлме;

      2) электр қуатын пайдалану нормалары 1 айға:

      1 адамға – 70 киловатт;

      2 адамға – 140 киловатт;

      3 және одан да көп адамға – 210 киловатт;

      3) газ пайдалану нормалары 1 айға:

      1 адамға – 165 текше метр;

      4) от жағу маусымына қатты отын (көмір) пайдалану нормалары:

      3 адамға дейін айына - 0,5 тонна;

      4 және одан көп адамға айына - 1 тонна;

      5) тұрғын үйді күтіп ұстау ай сайын:

      1 адамға – 18 шаршы метрлік пайдалы алаңы, жалғыз тұратын азаматтар үшін, кемiнде бiр бөлмелi пәтер мөлшерiнде немесе жатақханадан бөлме;

      6) сумен жабдықтау қызметтері - ай сайын әр адамға тариф бойынша;

      7) тұрмыстық қалдықтарды шығару – ай сайын әр адамға тариф бойынша;

      коммуналдық қызметтерді пайдалану төлемінің нормалары мен тарифтерін қызмет көрсететіндер ұсынады;

      9) телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің өсуін өтеу Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 33200 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген, Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

      Ескерту. 9 тармаққа өзгерістер енгізілді - Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық мәслихатының 02.11.2023 № 52 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады