"Ветеринария саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттерін бекіту туралы" Жамбыл облысы әкімдігінің 2018 жылғы 28 ақпандағы № 24 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Жамбыл облысы әкімдігінің 2019 жылғы 11 маусымдағы № 135 қаулысы. Жамбыл облысының Әділет департаментінде 2019 жылғы 17 маусымда № 4264 болып тіркелді

      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуірдегі Заңына сәйкес Жамбыл облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Ветеринария саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер регламенттерін бекіту туралы" Жамбыл облысы әкімдігінің 2018 жылғы 28 ақпандағы № 24 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3744 болып тіркелген, 2018 жылдың 13 сәуірінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1) көрсетілген қаулымен бекітілген "Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне ветеринариялық-санитариялық қорытынды беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентінде:

      3-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі - объектінің ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларға және талаптарға сәйкестігі туралы ветеринариялық-санитариялық қорытынды немесе анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымдар бере отырып, объектінің ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларға және талаптарға сәйкес еместігі туралы ветеринариялық-санитариялық қорытынды (бұдан әрі – ветеринариялық-санитариялық қорытынды) стандартының 10 тармағында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.";

      2) көрсетілген қаулымен бекітілген "Ауыл шаруашылығы жануарларын ветеринариялық паспорт бере отырып бірдейлендіруді жүргізу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентінде:

      3-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі – ауыл шаруашылығы жануарын бірдейлендіру тәсілдерінің бірімен жануарларға ветеринариялық паспорт бере отырып жеке нөмір беру, телнұсқа беру, ветеринариялық паспорттан үзінді-көшірме беру стандартының 10-тармағында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.";

      5-тармақтың 2) тармақшасының үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ірі жануардың сырғалары жоғалған немесе бүлінген жағдайда – көрсетілетін қызметті берушіге аспалы сырға телнұсқасы келіп түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде.";

      8-тармақтың 2) тармақшасының үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ірі жануардың сырғалары жоғалған немесе бүлінген жағдайда – көрсетілетін қызметті берушіге аспалы сырға телнұсқасы келіп түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде.";

      3) 1 тармақтың 5) тармақшасы алып тасталсын;

      4) көрсетілген қаулымен бекітілген "Ветеринария саласындағы қызметпен айналысуға лицензия беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентінде:

      3-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі – ветеринария саласындағы қызметпен айналысуға лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беру, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу, лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқасын беру стандартының 10-тармағында көрсетілген жағдайларда және негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы уәжді жауап".

      2. "Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы қаулының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулының мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы қаулының Жамбыл облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы қаулыдан туындайтын басқа да шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары М. Шүкеевке жүктелсін.

      4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi және оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі А. Мырзахметов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады