Жаңаөзен қаласының тұрғын үйге мұқтаж азаматтары және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін Ақтау қаласында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайларды бөлу Қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Маңғыстау облысы әкімдігінің 2019 жылғы 26 тамыздағы № 189 қаулысы. Маңғыстау облысы Әділет департаментінде 2019 жылғы 27 тамызда № 3980 болып тіркелді. Күші жойылды - Маңғыстау облысы әкімдігінің 2022 жылғы 8 қыркүйектегі № 162 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – Маңғыстау облысы әкімдігінің 08.09.2022 № 162 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен
      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы әкімдігінің 02.11.2020 № 197 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi "Тұрғын үй қатынастары туралы", 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңдарына сәйкес Маңғыстау облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Жаңаөзен қаласының тұрғын үйге мұқтаж азаматтары және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін Ақтау қаласында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайларды бөлу Қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1 тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы әкімдігінің 02.11.2020 № 197 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. "Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі (Ж.Н. Салимов) осы қаулының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, оның Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялануын және Маңғыстау облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Н.Қ. Аққұловқа жүктелсін.

      4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күннен қолданысқа енгізіледі.

      Маңғыстау облысының әкімі С. Трумов

  Маңғыстау облысы әкімдігінің
  2019 жылғы 26 тамыздағы
  № 189 қаулысына қосымша

Жаңаөзен қаласының тұрғын үйге мұқтаж азаматтары және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін Ақтау қаласында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайларды бөлу Қағидалары

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы әкімдігінің 02.11.2020 № 197 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жаңаөзен қаласының тұрғын үйге мұқтаж азаматтары және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін Ақтау қаласында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайларды бөлу Қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы", 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңдарына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 11 қарашадағы № 1321 "Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы", 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы" қаулыларына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 19 ақпандағы № 64 "Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің кейбір мәселелері туралы" бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 16493 болып тіркелген) сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидалар тұрғын үйлерді бөлу, кейіннен:

      1) Жаңаөзен қаласының тұрғын үйге мұқтаж азаматтары үшін Ақтау қаласында республикалық бюджет қаражатына сатып алынған тұрғын үйді;

      2) Жаңаөзен қаласының халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары және жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған тұрғындары үшін Ақтау қаласында "Өзенмұнайгаз" АҚ қаражатына сатып алынған тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз жалға беру тәртібін айқындайды.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) коммуналдық тұрғын үй қоры – тұрғын үйлерді пайдалануға беру жөніндегі арнайы мемлекеттік мекемеге бекітілген, жергілікті атқарушы органдардың қарауындағы тұрғын үйлер;

      2) сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай – Қазақстан Республикасының азаматтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз ақылы пайдалануға берілетін тұрғынжай;

      3) Жаңаөзен қаласының тұрғын үйге мұқтаж азаматтары - мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдардан басқа, Жаңаөзен қаласы әкімдігінің жанындағы коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған және Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығындағы соңғы бес жыл ішінде тұрғын үйі жоқ, сонымен қатар Ақтау қаласына көшуге ниет білдірген, Жаңаөзен қаласында тіркелген, Қазақстан Республикасының азаматтары;

      4) Жаңаөзен қаласының халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары - Жаңаөзен қаласы әкімдігінің жанындағы коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған және Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығындағы соңғы бес жыл ішінде тұрғын үйі жоқ, сонымен қатар Ақтау қаласына көшуге ниет білдірген, Жаңаөзен қаласында тіркелген, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 68 бабында көрсетілген азаматтар және тұрғын үй беру туралы өтініш жасаудың алдында соңғы он екі ай ішінде жиынтық орташа айлық табысы отбасының әрбір мүшесіне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болатын, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын (Ұлы Отан соғысының ардагерлерінен және кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардан басқа) азаматтары.

      Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшеріндегі коэффициент мүгедек балаларға қолданылмайды;

      5) Ақтау қаласының әкімдігі – Ақтау қаласының жергілікті атқарушы органы;

      6) Жаңаөзен қаласының әкімдігі – Жаңаөзен қаласының жергілікті атқарушы органы;

      7) "Жаңаөзен қалалық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық бөлімі" ММ–тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы қызметтерді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік мекеме;

      8) тұрғын үй комиссиясы – тұрғын үй беру үшін, Ақтау қаласы әкімдігінің актісімен құрылатын комиссия;

      9) "Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі" ММ – тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы саласындағы қызметтерді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік мекеме;

      10) "Өзенмұнайгаз" АҚ – тұрғын үй сатып алу үшін қоғамдық қордың шотына ақша қаражатын аударуды қамтамасыз ететін қоғам;

      11) қоғамдық қор – Жаңаөзен қаласының әлеуметтік жағынан осал топтарына тұрғын үйді сатып алу үшін "Өзенмұнайгаз" АҚ белгілеген қор.

      4. Ақтау қаласының әкімдігі тұрғынжайды Ақтау қаласында тұрақты тұру үшін Жаңаөзен қаласының тұрғын үйге мұқтаж азаматтарына, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына және жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған тұрғындарына береді.

2-тарау. Жаңаөзен қаласының тұрғын үйге мұқтаж азаматтары және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін Ақтау қаласында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайларды бөлу тәртібі

      5. Тұрғын үй алу үшін азаматтар (бұдан әрі – өтініш беруші) "Жаңаөзен қалалық тұрғын – үй коммуналдық шаруашылық бөлімі" ММ жүгінеді және келесі құжаттарды ұсынады:

      1) өтініш;

      2) өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттарын;

      3) некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерінің қайтыс болуы, балалардың тууы туралы (болған жағдайда) куәліктің көшірмесін;

      4) басқа адамдар өтініш берушінің отбасының мүшесі деп танылған жағдайда өтініш берушіге оларды отбасының мүшесі деп тану туралы соттың шешімін;

      5) өтiнiш берушiнiң (отбасының) азаматтардың халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататынын растайтын әлеуметтiк қорғау органының анықтамасын;

      6) халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтары үшін (мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларды қоспағанда) өтініш жасаудың алдында отбасының әрбір мүшесінің соңғы он екі ай ішінде табысы туралы қосымша мәліметін.

      Меншік құқығында өтініш берушіге тиесілі тұрғынжайдың (Қазақстан Республикасы бойынша) болуы немесе жоқтығы туралы мәліметтерді, отбасының барлық мүшелерінің мекенжайы туралы мәліметтерді "Жаңаөзен қалалық тұрғын – үй коммуналдық шаруашылық бөлімі" ММ ақпараттық жүйелер арқылы алады.

      Құжаттар түпнұсқада және көшірмелерде ұсынылады. "Жаңаөзен қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі" ММ жауапты тұлғасы құжаттарды қабылдау кезінде ұсынылған құжаттардың көшірмелерін түпнұсқасымен салыстырады және салыстыруды жүргізгеннен кейін түпнұсқаларын кері қайтарады.

      6. "Жаңаөзен қалалық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық бөлімі" ММ осы Қағиданың 5 тармағында көрсетілген өтініш берушінің құжаттары тіркелген күнінен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде, Жаңаөзен қаласының тұрғын үйге мұқтаж азаматтарының және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының ұсынылған құжаттарға сәйкес тізімін қалыптастырады және оны тұрғын үй комиссиясына қарау үшін жолдайды.

      7. Ақтау қаласының әкімдігі жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа пәтерлерді сатып алады және оларды коммуналдық тұрғын үй қорына береді.

      Қоғамдық қор тараптар арасындағы келісім аясында жыл сайын "Өзенмұнайгаз" АҚ бөлген қаражатқа кейіннен Ақтау қаласының коммуналдық тұрғын үй қорына берілетін тұрғын үйлерді сатып алу үшін төлемақы жүргізеді.

      8. Тұрғын үй комиссиясы өтініш беруші осы Қағидалардың 5 тармағында көрсетілген құжаттарды тіркеген күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде тұрғын үйді беру жөнінде шешім қабылдайды не жазбаша түрде дәлелді бас тартуды береді.

      9. Тұрғын үй комиссиясы тұрғын үйді беру туралы шешім қабылдаған жағдайда он бес күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1420 "Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру және пайдалану қағидаларын бекіту туралы" қаулысымен бекітілген Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді жалдаудың (қосымша жалдаудың) үлгi шартына сәйкес тұрғын үйді жалдау (қосымша жалдау) шарты (өтініш беруші мен тұрғын үйді берген органның арасында) жасалады.

      Тұрғын үйді жалдау (қосымша жалдау) шарты екі данада жасалады. Тұрғын үйді жалдау (қосымша жалдау) шартының бір данасы "Ақтау қалалық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық бөлімі" ММ сақтау және мемлекеттік мүлік тізіліміне (бұдан әрі – тізілім) тіркеу үшін беріледі, ол қатаң есептілік құжаты ретінде сақталады, екіншісі өтініш берушіге беріледі және тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін бірден-бір құжат болып табылады.

      Жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) тізілімнің www.gosreestr.kz веб-порталында олармен жасалған тұрғын үйді жалдау (қосымша жалдау) шарттары бойынша, оның ішінде шарттың талаптары, шарт бойынша есептер, бюджетке аударылған төлемдер және бар болса, өсімпұл бойынша ақпаратты қарауға құқылы.

      10. Өтініш беруші және бірге тұратын отбасы мүшелері жалдау шарты жасалғаннан кейін аталған пәтерге тіркеледі.

      11. Пәтердің заңсыз берілуіне алып келген анық емес мәліметтер берілгендігі анықталған жағдайда, егер бір ай ішінде осы пәтерге тіркелмеген, сонымен қатар тұрғын үйді мақсатсыз пайдалану анықталған жағдайда (жалға беру, дәлелді себептерсіз тұрғын үйді пайдаланғаны үшін ақы төлеуден қатарынан алты ай бойы жалтару және т.б.) Ақтау қаласының әкімдігі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жалға берілген тұрғынжайды қайтарып алу бойынша шараларды қабылдайды.

      Ескерту:

      аббревиатураларды ажыратып жазу:

      АҚ – акционерлік қоғам;

      ММ – мемлекеттік мекеме;

      т.б. – тағы басқа.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады