Павлодар облысында жылу беру маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Павлодар облыстық мәслихатының 2019 жылғы 14 маусымдағы № 352/31 шешімі. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2019 жылғы 26 маусымда № 6450 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес Павлодар облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Коса беріліп отырған Павлодар облысында жылу беру маусымына дайындық және оны өткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау облыстық мәслихаттың экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы С. Уразбаев
      Облыстық мәслихаттың хатшысы Б. Бексейітова

  Павлодар облыстық
мәслихатының 2019
жылғы "14" маусымдағы
№ 352/31 шешімімен
бекітілді

Павлодар облысында жылу беру маусымына
дайындық және оны өткізу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Павлодар облысында жылу беру маусымына дайындық және оны өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім), Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі "Электр энергетикасы туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы "Жылу энергиясын пайдалану қағидаларын бекіту туралы" № 211 бұйрығына (бұдан әрі – Жылу энергиясын пайдалану қағидалары), Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 ақпандағы "Кондоминиум объектісін басқару органы мен түпкі тұтынушыларға коммуналдық көрсетілетін қызметтер жеткізетін нарық субъектілері арасындағы ынтымақтастықтың үлгі шарттарын бекіту туралы" № 109 бұйрығына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы "Кондоминиум объектісін басқару шартының үлгі нысанын бекіту туралы" № 242 бұйрығына, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 28 қыркүйектегі "Жылу желілері объектілерінің күзет аймақтарын және осындай аймақтардың шекараларында орналасқан жер учаскелерін пайдаланудың ерекше шарттарын белгілеу қағидаларын бекіту туралы" № 331 бұйрығына, Павлодар облысы әкімдігінің 2015 жылғы 26 ақпандағы "Коммуналдық қызмет көрсету ережелерін бекіту туралы" № 47/2 қаулысына сәйкес әзірленді және Павлодар облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу тәртібін анықтайды.

      2. Қағидалар Павлодар облысы жергілікті атқарушы органдарының, тұрғын үй-коммуналдық кәсіпорындары мен ұйымдарының және энергетикалық кешенінің энергетикалық кешен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін жылу беру маусымына дайындау жөніндегі қызмет тәртібін үйлестіреді.

      3. Облыстың тұрғын үй-коммуналдық және энергетикалық кешеніне жататын кәсіпорындар мен ұйымдар тұтынушыларды жылумен, сумен, электрмен жабдықтауды және су бұрумен тұрақты қамтамасыз етеді, сондай-ақ энергия тасығыштардың қажетті параметрлерін сақтайды және тұрғын үйлер мен ғимараттарда қалыпты температуралық режимді, олардың белгіленуін ескере отырып қамтамасыз етеді.

      4. Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:

      1) кондоминиум объектісі – жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің дара (бөлек) меншігіндегі тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардан және оларға ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі ортақ мүліктен тұратын біртұтас мүліктік кешен;

      2) кондоминиум объектісін басқару органы - кондоминиум объектісін басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      3) кондоминиум объектісін күтіп-ұстау – кондоминиум объектісін басқару органымен жасасқан шартқа сәйкес сервистік қызмет субъектісі іске асыратын ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар жиынтығы;

      4) сервистік қызмет субъектісі - кондоминиум объектісін күтіп-ұстау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      5) тұтынушы - меншік нысанына қарамастан, жылумен жабдықтау қызметтерін пайдаланатын жеке немесе заңды тұлғалар.;

      6) жылумен жабдықтау жүйесі – жылу өндіретін, жылу беретін және жылу тұтынатын қондырғылардан тұратын кешен;

      7) теңгерімдік тиесілік және пайдалану жауапкершілігінің шекарасы – энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдар мен тұтынушылар арасындағы, сондай-ақ тұтынушылар мен қосалқы тұтынушылар арасындағы жылу желісінің теңгерімдік тиесілігі бойынша анықталатын және тараптардың пайдалану жауапкершілігін белгілейтін жылу желісін бөлу нүктесі;

      8) энергиямен жабдықтаушы ұйым – өндірілген немесе сатып алынған электр энергиясын, жылу энергиясын, суды тұтынушыларға жеткізуді (өз бетімен немесе энергияны беруші ұйыммен жасалған шарт бойынша ) және сатуды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      9) энергия беруші ұйым – энергия беруді және (немесе) бөлуді жүзеге асыратын ұйым;

      10) дайындық паспорты – энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңде жұмысқа дайындығын растайтын жыл сайын берілетін құжат.

      11) температуралық кесте – энергия беруші ұйым жасаған және жергілікті атқарушы орган келіскен тұтынушының есепке алу торабында сыртқы ауаның температурасына қарай жылу тасымалдағыш температурасының өзгеру кестесі.

      5. Күзгі-қысқы жағдайда Павлодар облысының энергетикалық кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін жұмысқа дайындалуы жыл сайын жүзеге асырылады.

      6. Жылу беру маусымына дайындықты және оны өткізуді жалпы үйлестіруді облыстың атқарушы органы құрған облыстық жұмыс тобы жүзеге асырады.

      7. Облыстың қалалары мен аудандарында жылу беру маусымына дайындықты және өткізуді ұйымдастыруды қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары құрған қалалық және аудандық жұмыс топтары жүзеге асырады.

      8. Облыстың энергетикалық кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін жылу беру маусымына дайындау жөніндегі іс-шаралар әзірленеді және жыл сайын келесі тәртіпте ұсынылады:

      тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік салаға жататын кәсіпорындар мен ұйымдар жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін дайындау жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарына ұсынады;

      қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары ұсынылған іс-шаралар негізінде қалалар мен аудандардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін дайындау жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және бекітеді және "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесіне (одан әрі - Басқарма) ұсынады;

      энергетикалық кешен кәсіпорындары Басқармаға ұсынады.

      Басқарма қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары ұсынған іс-шаралар негізінде облыстың энергетикалық кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін дайындау жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және бекітеді және Павлодар облысының әкімдігіне ұсынады.

      9. Жылу беру маусымына дайындық бойынша іс-шаралардың орындалуы бойынша ақпаратты апта сайын еркін түрде:

      тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен әлеуметтік салаға кіретін кәсіпорындар мен ұйымдар қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарына кәсіпорындар мен ұйымдар бойынша ақпарат түрінде;

      қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары қалалар мен аудандар бойынша жиынтық ақпарат түрінде Басқармаға;

      энергетикалық кешен кәсіпорындары Басқармаға ұсынады.

      10. Жылу беру маусымына дайындалу кезінде жоспарланған жұмыстар орындалмаған кезде ақпаратты:

      1) орындалмау себептері;

      2) жағдайды түзету бойынша қолданылып жатқан шаралар;

      3) жұмыстарды орындаудың жаңа мерзімдері көрсетіледі.

      11. Қалалар мен аудандарды энергиямен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кәсіпорындар мен ұйымдардың жедел-диспетчерлік қызметтерінің өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес анықталады.

      Энергиямен жабдықтаушы (энергия беруші) ұйымдардың тұтынушылармен өзара қарым-қатынасы олардың арасында жасалған шарттармен және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен анықталады.

2-тарау. Жылу беру маусымына дайындық

      12. Жылу беру маусымының дайындығы:

      өткен жылу беру маусымында анықталған кемшіліктерді талдау, оларды жою бойынша іс-шараларды әзірлеу мен орындауды;

      облыстың энергетикалық кешен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала кәсіпорындарын дайындау жөніндегі іс-шараларды әзірлеуді және бекітуді;

      жылумен жабдықтау көздерінде, инженерлік желілерде қайта жөндеу, күрделі және ағымдағы жөндеу, зерттеулер мен тазалау жөніндегі қажетті жұмыстарды жүргізуді;

      отын қоймаларын дайындау, электр көздерінде негізгі және резервтік отынның нормативтік қорын құруды;

      ғимараттарды (үйлерді) жылу беру маусымына дайындау, үйішілік жүйелердің жабдықтарын профилактикадан өткізу, жөндеу және ауыстыру жөніндегі жұмыстарды жүргізуді қамтиды.

      13. Тұтынушы өз пайдалануындағы энергетикалық желiлердiң, аспаптар мен жабдықтардың тиiстi техникалық жай-күйiн және қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, энергияны тұтынудың белгiленген режимін сақтауға, сондай-ақ авариялар, өрт, энергия есептеу аспаптарының ақаулы болуы және энергияны пайдалану кезiнде туындайтын өзге де кемшiлiктер туралы энергиямен жабдықтаушы ұйымға дереу хабарлауға мiндеттi.

      Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтыну үшiн пайдаланатын азамат абонент болған жағдайларда энергетикалық желiлердiң, сондай-ақ энергия тұтынуды есептейтiн аспаптардың тиiстi техникалық жай-күйi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мiндетi, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, энергиямен жабдықтаушы ұйымға жүктеледi.

      14. Үй-жай (пәтер) иелерінің кооперативтері, кондоминиум объектілерін басқару органдары:

      үйге ортақ (үйішілік) жылу беру және ыстық сумен жабдықтау жүйесін тиісті техникалық жай-күйде ұстауды және оның қауіпсіздігін, коммерциялық есепке алу аспаптарының (үйге ортақ) және үйге ортақ меншікті құрайтын басқа да жылу тұтыну қондырғыларының сақталуын;

      энергиямен жабдықтаушы ұйымдар өкілдеріне жалпы үйге ортақ жылу есептеу құралдар, үйішілік инженерлік желілер мен құрылыстарда кедергісіз қолжетімділікті;

      барлық меншік иелері үшін барлығының көзбен қолуына қол жетімді орындарда үй-жайларда, сондай-ақ жалпы мүлікте жөндеу мен қызмет көрсетуді жүзеге асыратын ұйымдар, сондай-ақ коммуналдық қызметтер беруші ұйымдар туралы ақпаратты (атауы, байланыс телефондары, апаттық қызметтердің телефондары) стендтерде орналастыруды;

      апатты жағдайлардың туындауын қоспағанда, меншік (пәтер, үй-жай) иелеріне инженерлік желілерді сөндіру, байқап сынау немесе жұмыс режимінде болатын басқа да өзгерістер туралы алдын ала хабарлауды қамтамасыз етеді.

      15. Кондоминиум объектісін басқару органының осы кондоминиум объектісінде сервистік және кондоминиум объектісіне жатпайтын өзге де қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады.

      Сервистік қызмет субъектісі үйішілік инженерлік желілерге, есептеу аспаптарына техникалық қызмет көрсетуді және қауіпсіздігін, сондай-ақ үйге ортақ қажеттіліктерге пайдаланылатын жылумен жабдықтау бойынша қызметтерді ұтымды тұтыну және жылу шығынын төмендету мақсатында үйді жылу беру маусымына дайындауды жүзеге асырады.

      Жалпы үйлік жылу энергиясын есептеу аспаптарының орнатылған пломбаларының тұтастығы бұзылған немесе және істен шыққан жағдайларда сервистік қызмет субъектісі кондоминимум объектісін басқару органын және энергия беруші ұйымды хабардар етеді.

      16. Жылу желілері жабдықтарына техникалық қызмет көрсету Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 11 ақпандағы "Электр станцияларының, жылу және электр желілерінің жабдықтарына, ғимараттары мен құрылыстарына техникалық қызмет көрсетуді және оларды жөндеуді ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" № 73 бұйрығына сәйкес іс-шаралар кешенін орындауды қарастырады.

      17. Жылу желілерінің күзет аймақтарының жанында желілердің зақымдалуын тудыратын жұмыстарды жүргізетін жеке және заңды тұлғалар жұмыстардың басталуына дейін күнтізбелік 12 (он екі) күннен кешіктірмей қарауында жылу желілері бар ұйымдармен жылу желілерінің сақталуын қамтамасыз ететін осы жұмыстарды жүргізудің талаптарын және тәртібін келіседі және өз қаражаты есебінен тиісті шараларды қабылдайды.

      Жер жұмыстарын жүргізетін заңды және жеке тұлғалар жұмыс өндірісінің құжаттамасында көрсетілмеген жылу желілерін анықтағанда, осы жұмыстарды дереу тоқтатып, құбырлардың сақталуын қамтамасыз ету шараларын қабылдайды және бұл туралы жылу желілерін пайдаланушы ұйымға және/немесе жергілікті атқарушы органдарға хабарлайды.

      Жылу желілерін қайта құру немесе оларды зақымданудан қорғау қажеттілігін тудыратын жұмыстарды орындайтын жеке және заңды тұлғалар бұл жұмыстарды өз қаражаты есебінен қарауында осы жылу желілері бар ұйымдардың келісімі бойынша орындайды.

      Жылу желілерінде аварияларды болдырмау немесе олардың салдарларын жою бойынша жұмыстар жерді пайдаланушылардың келісімінсіз, бірақ оларды жүргізілетін жұмыстар туралы хабарлай отырып, жүргізіледі.

      Қарауында жылу желілері бар ұйымдар көрсетілген жұмыстарды орындағаннан кейін жер учаскелерін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылатын жарамды жай-күйге келтіреді.

      18. Энергетикалық кешен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерінде апаттарды жою энергия беруші ұйымның диспетчерлік қызметіне хабар бере отырып, жылумен жабдықтау, жылу беру және жылу тұтынушы, жөндеу-құрылыстық, көлік ұйымдарымен өзара іс-қимыл бойынша жүзеге асырылады.

      19. Жол жабындысының бұзылуын туғызатын жылу желілерін жөндеу мен қайта жаңарту бойынша жоспарлы жұмыстар құзырет бойынша жергілікті атқарушы органдармен, қарамағында жолдар бар ұйымдармен, сондай-ақ жол жүрісін ұйымдастыруды өзгерту талап етілген жағдайда, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарушы органмен келісіледі.

      Шұғыл апатты-қалпына келтіру жұмыстары жергілікті атқарушы органдар, коммуналдық қызметтер, сондай-ақ қажет болған жағдайда қатысумен қажеттілікте жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарушы органдар қатысуымен орындалады.

      20. Жылу көздерін қайта жаңарту және күрделі жөндеу бойынша жұмыстар ғимараттарды электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау және сумен жабдықтауды қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдаумен жылуаралық кезеңде жүргізіледі.

      21. Жылумен жабдықтау көздерінде және орталық жылу пункттерінде жыл сайын күз кезеңіндегі, жүктемелердің қысқы максимумын өту кезеңіндегі жылыту қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстар және жоспарлы-алдын-алу жөндеу жұмыстары орындалады.

      22. Сыртқы ауа температурасының есебімен температуралық кестелер және пайдаланушылық жауапкершілік шекарасындағы гидравликалық параметрлер энергия беруші (энергия өндіруші) ұйыммен әзірленеді және жергілікті атқарушы органдармен келісіледі.

      23. Тұтынушылар объектілерін энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымының жылу желілеріне қосуға техникалық шарттар Жылу энергиясын пайдалану қағидаларына сәйкес беріледі.

      Тұтынушылардың жылу желісіне қайта іске қосылатын және қайта жаңартылатын жылу тұтыну жүйелерінің қосылуы кезінде энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымдарға алдағы жылыту маусымына жылу тұтынушы құрылғылар мен жылу желілерінің техникалық дайындық актісін алу үшін шаю, сығымдау және ретке келтіру актілері ұсынылады.

      Кондоминимум объектілерінің инженерлік желілерінің пәтерішілік жүйелері мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес болуы қажет.

      24. Тұтынушы жылу беру маусымының алдында жылумен сапалы жабдықтау үшін жылу тұтыну жүйелерін жууды (ал жылумен жабдықтаудың ашық жүйесі кезінде дезинфекция және қайта жуу) қажеттілігіне қарай, бірақ екі жылда бір реттен кем емес, сондай-ақ жылу тұтыну қондырғыларын сығымдау және баптауды қамтамасыз етеді.

      25. Күзгі-қысқы жағдайларда энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың жұмысқа әзірлігі әзірлік паспортын алу шартымен расталады.

      Күзгі-қысқы жағдайларда барлық қуаттардағы және жылу желілеріндегі (магистралдық, орамішілік) жылыту қазандықтарының жұмысқа әзірлігі паспортын жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы "Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алу қағидаларын бекіту туралы" № 55 бұйрығына сәйкес береді.

      26. Салынған қазандықтар, жылу желілері, орталық жылу пунктері, сорғы станциялары, орталық жылыту және ыстық сумен жабдықтау жүйелерін, тапсырыс берушілер (тұтынушылар) және энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдар пайдалануға қабылдамаған салынған үйлердің жылу беру маусымына әзірлігін құрылыс ұйымдары қамтамасыз етеді.

      27. Тұтынушылардың үйішілік жылу жүйелерін жылыту маусымына техникалық қызмет көрсету және дайындау кезінде сервистік қызмет субъектісі, жасалған шарттарға сәйкес, келесі іс-шараларды жүзеге асырады:

      олардың уақтылы тексеруін өткізумен, жабдықтарды, жылу желілерінің құрылыс және басқа құрылымдарын жарамды күйде ұстау;

      жылу желілерінің жабдықтарына қызмет көрсету, жылу құбырларының, бақылау-өлшеуіш аспаптар және коммерциялық есептеу аспаптарының, автоматика құрылғыларының, электротехникалық жабдықтардың, электр химиялық коррозиядан қорғау құрылғыларының және жабдықтардың басқа элементтерінің жұмысын бақылау және барлық анықталған ақауларды жою;

      жертөле үй-жайларының арналарында суды кетіру жолымен желілердегі жылудың артық шығындарын жою, оларда топырақты және лас сулардың енуін жою, бүлінген жылу оқшаулауын уақтылы анықтау және қалпына келтіру;

      жылу пункттерінің жылу-механикалық жабдығын және оның реттелуін тиісті техникалық күйде ұстау;

      жертөле және шатыр үй-жайлары шегінде барлық жылумен жабдықтау және ыстық су барлық құбырларының жылу оқшаулауын орындау;

      басқыш алаңдардың жылытуын қалыпқа келтіру және жұмысқа қосу;

      сыртқы құбырлар мен арматуралардың жылу оқшаулауын қалпына келтіру;

      жылу қолданушы құрылғылардың барлық орнатылған бекіту, реттеу арматурасының тексерісін және жөндеуін өткізу;

      техникалық термометрлерді тексеру, гильзаларды тазалау, одан әрі техникалық майды құю;

      жылыту маусымы аяқталғаннан кейін жылу тұтыну жүйелерінің элементтерін механикалық тазалаумен гидропневматикалық жууды өткізу;

      ретке келтіру іс-шараларын өткізу;

      пломбыланған, тексерілген манометрлерді орнату;

      жылу тұтынудың барлық элементтерін жылу тұтыну жүйесінің (гидравликалық сығымдау) механикалық беріктігіне және гидравликалық тығыздығына гидравликалық сынау жүргізу бойынша шаралар өткізеді.

      28. Жылу беру маусымына әзірлік бойынша тұтынушылар немесе кондоминимум объектілерін басқару органдары өткізетін ұйымдастырушылық іс-шаралар:

      кіре берістер мен жертөлелердің кіру есіктерін жөндеуді;

      шатырлар мен жертөлелердің терезелерін жабуды;

      басқыш алаңдар терезелерінің қосарланған шыныларын қалпына келтіруді;

      тұрғындардың пәтерлерді жылытуды қамтамасыз етуді ұйымдастыруын;

      жылу пунктінің үй-жайына жөндеу жүргізуді, қажетті жарықтандыру мен сенімді жабуды қамтамасыз етуді қамтиды.

      Инженерлік желілер өтетін жертөле үй-жайларының жалдаушысы немесе иесі жөндеу және пайдаланушылық жұмыстарды жүргізетін ұйым қызметкерлеріне кедергісіз кіруді қамтамасыз етеді.

      29. Сервистік қызмет субъектісі немесе жауапты тұлға жұмыстарды орындағаннан кейін ғимараттардың жылу тұтыну жүйелерін қабылдауды тұтынушы немесе кондоминиум объектісін басқару органы жүзеге асырады және тиісті актімен ресімделеді.

      Жылу тұтыну жүйелерінің дайындығы жағдайында жылумен жабдықтау жүйесі арқылы жылу энергиясын қабылдау үшін тұтынушы немесе кондоминиум объектісін басқару органы энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға өтінім береді.

      Жылу тұтыну жүйесінің жылу энергиясын қабылдауға дайындығын тұтынушы немесе кондоминиум объектісін басқару органы анықтайды, ол бір уақытта кондоминиум объектісінің жылу беру маусымына дайындығы туралы тұрғын үй инспекциясына және энергия беруші ұйымға ақпарат жібереді.

3-тарау. Жылумен жабдықтау жүйелерін байқап көру

      30. Жылу беру маусымының басталуына қарай жылумен жабдықтау көздерінің, жылу беру желілерінің дайындығын тексеру және жасырын ақауларды анықтау үшін жылумен жабдықтау жүйелеріне техникалық диагностикала жүргізіледі.

      31. Жылу көздері жабдықтарын іске қосу және ғимараттарды (үйлерді) қосу үшін келесі жұмыстар жүргізіледі:

      жылу көздерінде жылу беру жабдығының сызбаларын құрастыру, жабдықтарды қайта іске қосу және сынау, сумен толтыру және жылу желілерінің берілетін және қайтарымды құбыржолдарын қысымға қою және айналымды орнату жұмыстары орындалады;

      үйішілік жүйелерде арматураның іске қосу жағдайын орнату, таратушы құбыржолдар мен жылумен жабдықтау жүйелерін сумен толтыру, тексерілген бақылау-өлшеу аспаптары мен реттегіштердің болуын тексеру жұмыстары жүргізіледі;

      жылу көздері мен ғимараттарды жылумен жабдықтау жүйесіне қосу қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарымен келісілген кестеге сәйкес қатаң түрде жүргізіледі.

      32. Магистральді және таратушы жылу желілерін іске қосу және байқап көру жөндеу бригадасымен жүргізіледі.

      Іске қосуға дейін желінің іске қосылатын учаскедегі жабдықтарының жарамдылығы, сынау, шаю және қабылдау актілері тексеріледі.

      33. Байқап көру процесінде жылу желілері бойынша анықталған ескертулер жылу беру маусымының басына дейін жойылады.

4-тарау. Жылу беру маусымы

      34. Жылумен жабдықтаушы ұйымдар жыл сайын 1 қыркүйекке дейін қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарымен жылумен жабдықтау жүйелерін сынау, қосу кестелерін, есептік гидравликалық параметрлер мен температуралық кестелерді әзірлейді және келіседі, оларға сәйкес тұтынушыларға белгіленген параметрлерде жылу энергиясының берілуін қамтамасыз етеді.

      Жылумен жабдықтау жүйесіне қосу кестелерінде тұтынушыларды қосудың келесі кезектілігі сақталуы тиіс:

      балалар, емдеу мекемелері және оқу орындары;

      тұрғын үйлер, қонақ үйлер, жатақханалар;

      қоғамдық және тұрмыстық ғимараттар, мәдениет мекемелерінің ғимараттары, әкімшілік ғимараттар, өнеркәсіп кәсіпорындары және басқа да ғимараттар.

      Бір уақытта толтырылатын үй ішілік желілердің санын анықтау кезінде жылумен жабдықтау көздерінің шаруашылық-ауыз суларымен қамтылуын, су дайындау және сіңдіру құрылғыларының өнімділігін ескеру қажет.

      Үш күнтізбелік күн ішінде сыртқы ауаның тұрақты орташа тәуліктік температурасы плюс 10°С және одан төмен болған жағдайда жергілікті атқарушы орган жылу беру маусымының басталуы туралы шешім қабылдайды.

      35. Барлық ғимараттарды (үйлерді) қосқаннан кейін сервистік қызмет субъектісі жабдықтардың жай-күйіне тексеру жүргізеді және үйішілік жүйелердің бастапқы реттелуін жүргізеді.

      Бұл ретте энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдар температуралық кестеге сәйкес тұтынушының есепке алу торабында жылу тасығыштың есептік гидравликалық параметрлерін және температурасының мәнін қамтамасыз етеді.

      36. Пайдалану процесінде анықталған жылумен жабдықтау көздерінің, жылу желілері мен үйішілік жүйелердің жұмысындағы кемшіліктер жылу маусымының басына дейін жойылады.

      37. Жылу беру маусымы кезінде жылумен жабдықтаушы ұйым:

      жылумен жабдықтау жөніндегі шарттарға барлық тұтынушылардың қол жеткізуі үшін тең жағдайды жасауды;

      жылу энергиясы параметрлерін жылу желілерінің баланстық тиесілігі бөліміндегі шекарада, жергілікті атқарушы органдармен келісілген кестелерге сәйкес қолдауды;

      тұтынушыға тиісті сапада жылу энергиясын беру бойынша қызметтер көрсетуді қамтамасыз етеді.

      38. Кондоминимум объектісін басқару органы халықтан шағымдарды қабылдауды жүзеге асырады және оларды жою, олардың балансындағы жылу, су құбыры, кәріз желілерінде және үйішілік жүйелерде кемулерді жою бойынша ұйымдастырушылық шараларды қабылдайды.

      Кондоминиум объектісін басқару органы:

      үйішілік жылу тұтыну жүйелерін реттеу жолымен барлық қыздыру аспаптарының біркелкі қызуын қамтамасыз етеді;

      диафрагмалар мен шүмектерді өз бетінше ойып алуға, алуға және /немесе бұрғылауға жол бермейді;

      сыртқы ауа температурасы теріс болған жағдайда, желілік судың айналымы тоқтатылған кезде қатып қалуын және істен шығуын болдырмау үшін жылыту жүйесінен судың сенімді босатылуын қамтамасыз етеді.

      39. Жылу беру маусымы жарияланғаннан бастап:

      хабарландыру сызбасы анықталады, облыстың тұрғын үй-коммуналдық және энергетикалық кешен объектілерінің жауапты қызметшілерінің кезекшілігі белгіленеді;

      кәсіпорындарда апатты-қайта қалпына келтіру бригадасы дайындалады;

      ғимаратты (үйді) пайдаланушы ұйым қызметкерін ғимараттың жылу тасығыш жүйесінің жұмысына және жылылаудың жай-күйіне кезеңмен тексеру және бақылау жасауды ұйымдастырады;

      жылумен жабдықтау көздерінде резервтік және апатты жабдықтардың жұмысы, құралдардың, материалдар мен қосалқы бөлшектерінің болуы тексеріледі.

      40. Жылу беру көздерінде және жылу беру желілерінде апаттық жағдай жарияланған сәттен бастап:

      барлық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетикалық кешен объектілерінде тәулік бойы кезекшілік енгізіледі;

      апаттық жағдайларда пайдалану үшін кәсіпорындар мен ұйымдарда тетіктермен және материалдармен қамтамасыз етілген қосымша апаттық-жаңғырту бригадалардың күшейтілген дайындығы енгізіледі.

5-тарау. Жылу беру маусымының аяқталуы және жылу беру
аралығы кезеңінде ыстық сумен жабдықтауды қамтамасыз ету

      41. Жылу беру маусымының аяқталуы жыл сайын хабарланады.

      Үш күнтізбелік күн ішінде сыртқы ауаның тұрақты орташа тәуліктік температурасы плюс 10°С және одан жоғары болған жағдайда жергілікті атқарушы орган жылу беру маусымының аяқталуы туралы шешім қабылдайды.

      Жылу беру маусымының аяқталуы туралы және жылу беру жүйесін сөндіру қажеттілігі туралы жылу тұтыну жүйесін сөндіру актілері ресімделеді.

      42. Жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін ғимаратты (үйді) пайдаланушы ұйымдар орталық жылу беру жүйесін сөндіреді және ыстық сумен жабдықтау жүйелерінің жұмысын жазғы сызба бойынша қамтамасыз етеді.

      43. Жылу беру аралығы кезеңінде жылумен жабдықтаушы ұйымдар тұтынушыларды жылу көздері мен жылу желілері жабдықтарының бекітілген жұмыс сызбасы бойынша ыстық сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Су бөлетін нүктелерге (шүмектерге, араластырғыштарға) берілетін судың температурасы техникалық және санитарлық норманың талаптарына жауап беруі қажет. Ыстық суды беруде жылумен жабдықтау көздерінде ыстық сумен жабдықтау қондырғыларын жөндеу, элеваторлы тораптарды, автоматтандырылған жылу пункттері мен үйішілік жүйелерді дайындау үшін қажетті уақытқа жергілікті атқарушы органдармен келісілген кестелермен бекітілген мерзімінен асатын үзілістерге жол берілмейді.

      44. Жылу желілерін, жылу пункттері мен жылу тұтыну жүйелерін жөндеу жыл сайын 1 қыркүйекке дейін жүргізіледі.

6-тарау. Қағидаларды бұзу жауапкершілігі

      45. Қағидаларды бұзғаны үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес анықталады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады