Ордабасы ауданы бойынша тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн айқындау туралы

Күшін жойған

Түркістан облысы Ордабасы аудандық мәслихатының 2019 жылғы 14 тамыздағы № 48/3 шешiмi. Түркістан облысының Әдiлет департаментiнде 2019 жылғы 20 қыркүйекте № 5182 болып тіркелді. Күші жойылды - Түркістан облысы Ордабасы аудандық мәслихатының 2021 жылғы 17 ақпандағы № 3/4 шешiмiмен

      Ескерту. Күші жойылды - Түркістан облысы Ордабасы аудандық мәслихатының 17.02.2021 № 3/4 шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабының 1 тармағының 15) тармақшасына, "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңының 97 бабының 2 тармағына, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысымен бекiтiлген Тұрғын үй көмегiн көрсету ережесiне және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 14 сәуiрдегi № 512 қаулысымен бекiтiлген Әлеуметтiк тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерiн көрсеткенi үшiн абоненттiк төлемақы тарифiнiң көтерiлуiне өтемақы төлеудiң ережесiне және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрiнiң 2015 жылғы 9 сәуiрдегi № 319 "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер стандарттарын бекiту туралы" бұйрығына (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 11015 тiркелген) сәйкес, Ордабасы ауданының мәслихаты ШЕШIМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Ордабасы ауданы бойынша тұрғын үй көмегiн көрсету мөлшерi мен тәртiбi қосымшаға сәйкес айқындалсын.

      2. "Ордабасы ауданының мәслихат аппараты" мемлекеттiк мекемесi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қамтамасыз етеді:

      1) осы шешiмнiң Түркістан облысының Әділет департаментінде мемлекеттiк тiркелуiн;

      2) ресми жарияланғаннан кейiн осы шешiмдi Ордабасы ауданының мәслихатының интернет-ресурсына орналастыруын қамтамасыз етсiн.

      3. Осы шешiм оның алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Аудандық мәслихат
      сессиясының төрағасы Б. Джумабеков
      Аудандық мәслихаттың хатшысы Б. Садвахасов

  Ордабасы аудандық
мәслихатының 2019 жылғы
14 тамыздағы № 48/3
шешiмiмен бекiтiлген

Ордабасы ауданы бойынша тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбi

      Осы Ордабасы ауданы бойынша тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбi "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабының 1 тармағының 15) тармақшасына, "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңының 97 бабының 2 тармағына, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысымен бекiтiлген Тұрғын үй көмегiн көрсету ережесiне, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 14 сәуiрдегi № 512 қаулысымен бекiтiлген Әлеуметтiк тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерiн көрсеткенi үшiн абоненттiк төлемақы тарифiнiң көтерiлуiне өтемақы төлеудiң ережесiне және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрiнiң 2015 жылғы 9 сәуiрдегi № 319 "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер стандарттарын бекiту туралы" бұйрығына сәйкес әзiрлендi және Ордабасы ауданы бойынша тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы тұрғын үй көмегiн көрсету мөлшерi және тәртiбiнде мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) шектi жол берiлетiн шығыстар үлесi - телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде отбасының (азаматының) бiр айда тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға жұмсалған шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң отбасының (азаматтың) орташа айлық жиынтық кiрiсiне пайызбен қатынасы;

      2) отбасының (азаматтың) жиынтық табысы - тұрғын үй көмегiн тағайындауға өтiнiш бiлдiрiлген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы (азамат) кiрiстерiнiң жалпы сомасы;

      3) кондоминиум объектiсiн басқару органы - кондоминиум объектiсiн басқару жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      4) уәкiлеттi орган – тұрғын үй көмегiн беретiн "Ордабасы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi" мемлекеттiк мекемесi (бұдан әрi–уәкiлеттi орган);

      5) тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға жұмсалатын шығыстар - кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесiн күтiп-ұстауға, коммуналдық қызметтердi тұтынуды есептеудiң үйге ортақ құралдарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және тексеруге жұмсалатын шығыстарға, кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күтiп-ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтердi төлеуге жұмсалатын шығыстарға жалпы жиналыстың шешiмiмен белгiленген ай сайынғы жарналар арқылы төленетiн үй-жайлардың (пәтерлердiң) меншiк иелерi шығыстарының мiндеттi сомасы, сондай-ақ болашақта кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн немесе оның жекелеген түрлерiн күрделi жөндеуге ақша жинақтауға жұмсалатын жарналар;

      6) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) - Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегiн алуға құқығы бар адамдар;

      7) "Азаматтарға арналған үкiмет" мемлекеттiк корпорациясы" коммерциялық емес акционерлiк қоғамы (бұдан әрi – Мемлекеттiк корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметтер көрсету, "бiр терезе" қағидаты бойынша мемлекеттiк қызметтер көрсетуге өтiнiштер қабылдау және олардың нәтижелерiн көрсетiлетiн қызметтi алушыға беру жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттiк қызметтер көрсетудi қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен құрылған заңды тұлға.

      2. Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен осы елдi мекенде тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):

      1) жекешелендiрiлген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлердi) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға;

      2) тұрғын үйдiң меншiк иелерi немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтердi және телекоммуникация желiсiне қосылған телефонға абоненттiк төлемақының өсуi бөлiгiнде байланыс қызметтерiн тұтынуына;

      3) жергiлiктi атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу төлемақысын төлеуге;

      4) жекешелендiрiлген үй-жайларда (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде тұрып жатқандарға тәулiк уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдiк сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бiр фазалық есептеуiштiң құнын төлеуге берiледi.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегi телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған шығыстарға, жекешелендiрiлген үй-жайларда (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде тұрып жатқандарға тәулiк уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдiк сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бiр фазалық есептеуiштiң құнын төлеуге тұрғын үй көмегiн көрсету жөнiндегi шаралар қолданылатын, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға нормалар шегiнде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған, жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлеген шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.

      3. Аталған жерлерде тұрақты тұратын адамдарға тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған ай сайынғы және нысаналы жарналардың мөлшерiн айқындайтын сметаға сәйкес, тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеу, сондай-ақ жекешелендiрiлген тұрғын үй-жайларында (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде пайдалануда тұрған дәлдiк сыныбы 2,5 электр энергиясын бiр фазалық есептеуiштiң орнына орнатылатын тәулiк уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдiк сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бiр фазалық есептеуiштiң құнын төлеуге, жеткiзушiлер ұсынған шоттар бойынша тұрғын үй көмегi бюджет қаражаты есебiнен көрсетiледi.

      4. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенiмхат бойынша оның өкiлi) тұрғын үй көмегiн тағайындау үшiн Мемлекеттiк корпорацияға немесе "электрондық үкiмет" веб-порталына тоқсанына бiр рет жүгiнуге құқылы.

      5. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегiн көрсету туралы шешiм қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелдi жауап беру мерзiмi Мемлекеттiк корпорациядан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегiз жұмыс күнiн құрайды.

      6. Белгiленген нормалар шегiндегi шектi жол берiлетiн шығыстар үлесi жиынтық табыстың 10 пайызы мөлшерiнде белгiленедi.

2. Тұрғын үй көмегiн тағайындау тәртiбi

      7. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенiмхат бойынша оның өкiлi) тұрғын үй көмегiн тағайындау үшiн Мемлекеттiк корпорацияға және/немесе "электрондық үкiмет" веб-порталы арқылы өтiнiш бередi және мынадай құжаттарды қоса бередi:

      1) өтiнiш берушiнiң жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендiру үшiн түпнұсқасы берiледi);

      2) отбасының табысын растайтын құжаттар. Тұрғын үй көмегiн алуға үмiткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртібін тұрғын үй қатынастары саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды;

      3) өтiнiш берушiнiң тұрғылықты тұратын жерiнен мекенжай анықтамасы (тиiстi мемлекеттiк ақпараттық жүйелерден алынатын мәлiметтердi қоспағанда);

      4) жылжымайтын мүлiктiң болуы (болмауы) туралы анықтама (тиiстi мемлекеттiк ақпараттық жүйелерден алынатын мәлiметтердi қоспағанда);

      5) зейнетақы аударымдары туралы анықтама (тиiстi мемлекеттiк ақпараттық жүйелерден алынатын мәлiметтердi қоспағанда);

      6) жұмыс орнынан немесе жұмыссыз адам ретiнде тiркелуi туралы анықтама;

      7) балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәлiметтер;

      8) банктiк шоты;

      9) тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшерi туралы шоттар;

      10) коммуналдық қызметтердi тұтынуға арналған шоттар;

      11) телекоммуникация қызметтерi үшiн түбiртек-шот немесе байланыс қызметтерiн көрсетуге арналған шарттың көшiрмесi;

      12) жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жергiлiктi атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшерi туралы шот.

      Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берiлмейдi.

      Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенiмхат бойынша оның өкiлi) қайта өтiнiш берген кезде осы Тәртiптiң 12 тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, отбасының табыстарын растайтын құжаттарды және коммуналдық шығыстарға арналған шоттарын ғана ұсынады.

      8. Мемлекеттiк корпорация арқылы құжаттар қабылданған кезде көрсетiлетiн қызметтi алушыға тиiстi құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат берiледi.

      9. Осы Ереженiң 7-тармағында көзделген құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда, Мемлекеттiк корпорацияның қызметкерi құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат бередi.

      10. "Электрондық үкiмет" веб-порталы арқылы өтiнiш жасаған жағдайда көрсетiлетiн қызметтi алушының "жеке кабинетiне" мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет көрсетуге сұрау салуының қабылдағаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтiң нәтижесiн алу күнi мен уақыты көрсетiле отырып, хабарлама жiберiледi.

      11. Мемлекеттiк корпорация өтiнiштi ақпараттық жүйе арқылы қабылдайды және оны тұрғын үй көмегiн тағайындауды жүзеге асыратын уәкiлеттi органға жiбередi.

      12. Уәкiлеттi орган отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенiмхат бойынша оның өкiлi) ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердiң (мәлiметтердiң) дұрыс емес екенiн анықтау негiзiнде тұрғын үй көмегiн беруден бас тартады және өтiнiш берiлген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiге "электрондық үкiмет" веб-порталы не Мемлекеттiк корпорация арқылы дәлелдi бас тартуды жiбередi.

      13. Тұрғын үй көмегiн тағайындау туралы шешiмдi не кызметтi көрсетуден бас тарту туралы дәлелдi жауапты тұрғын үй көмегiн тағайындауды жүзеге асыратын уәкiлеттi орган қабылдайды. Тағайындау туралы хабарлама не тағайындаудан бас тарту туралы дәлелдi жауап Мемлекеттiк корпорацияға немесе электрондық құжат ретiнде "жеке кабинетке" жiберiледi.

3. Тұрғын үй көмегiн көрсету нормативтерiн анықтау

      14. Уәкiлеттi органмен тұрғын үй көмегiн тағайындауында келесi нормалар есепке алынады:

      1) өтемақылық шаралармен қамтамасыз етiлген тұрғын үй ауданының нормасы бiр адамға, тұрғын үй заңнамасымен белгiленген, тұрғын үй беру нормасына баламалы және көп бөлмелi пәтерлерде (тұрғын үй-жайларда) тұратын әр мүшесiне 18 шаршы метрдi құрайды, бiр бөлмелi пәтерде (тұрғын үй-жайда) тұратындар үшiн – пәтердiң жалпы көлемi. Көп бөлмелi пәтерлерде (тұрғын үй-жайларда) жалғыз тұратын азаматтар үшiн ауданның әлеуметтiк нормасы 30 шаршы метрдi құрайды;

      2) электрқуатты, суық суды, кәрiздi, ыстық суды, қоқысты әкету, газды және жылуды тұтыну нормаларын қызмет көрсетушiмен немесе тарифтi белгiлейтiн органмен бекiтiледi. Коммуналдық қызметтердi тұтынудың шығындары, коммуналдық қызметтi тұтынудың белгiленген нормативтерiнен артық емес, алдынғы тоқсанға нақты шығындары бойынша есептеуге алынады;

      3) қызмет көрсетушiлердiң шоттарын ұсынуы бойынша (түбiртектер, жапсырма, есеп-фактурасы) қатты отынды пайдалану нақты шығындарына, бiр айға есеп бойынша, бiр тұрғын үйге 1000 килограммнан аспайтын тәртiбiн ала отырып, әлеуметтiк норма шығыны 1 шаршы метрге 1 килограмм қатты отын (көмiр) болып белгiленедi.

      4) қызмет көрсетушiлердiң шоттарын ұсынуы бойынша (түбiртектер, анықтамалар) нақты шығындарына бiр отбасыға (отбасы 4 адам және одан көп) газ балонды пайдалану бiр айға 20 килограмм оның iшiнде бiр адамға баллон газын тұтыну 5 килограммнан артық емес, орталықтандырылған ыстық судың бар немесе жоқ болуына қарамастан белгiленедi.

4. Тұрғын үй көмегiн көрсету мөлшерiн анықтау

      15. Тұрғын үй көмегi телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған шығыстарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға нормалар шегiнде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған, шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.

      16. Коммуналдық қызметтердi тұтынғаны және тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп ұстауға ақы төлеуге, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы органдар жалға алған тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жалдау ақысына және телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк ақының ұлғаюы бөлiгiндегi байланыс қызметiне шектi жол берiлетiн шығыстар үлесi отбасының (адамның) жиынтық кiрiсiнiң 10 пайызы мөлшерiнде белгiленедi.

      17. Тұрғын үй көмегiн алуға үмiткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысы "Тұрғын үй көмегiн алуға, сондай-ақ мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi немесе тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi алуға үмiткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi агенттiгiнiң төрағасының 2011 жылғы 5 желтоқсандағы № 471 бұйрығына сәйкес есептеледi.

      18. Азаматтың табысын растайтын құжаттарды тапсырғанда, мүгедектер және бiр айдан астам стационарлық ем қабылдап жатқан тұлғаларды, күндiзгi оқу нысаны бойынша оқитын студенттердi, тыңдаушыларды, курсанттарды және магистранттарды, сондай-ақ 1 және 2 топтағы мүгедектердi, 16 жасқа дейiнгi мүгедек балаларды, сексен жастан асқан адамдарды, жетi жасқа дейiнгi балаларды күтiп бағумен айналысатын азаматтардан басқа, жұмыссыз адамдар жұмыспен қамту мәселелерi жөнiнде уәкiлеттi органынан жұмыссыз ретiнде тiркелуi жөнiндегi құжаттарды тапсырады.

      19. Телекоммуникациялар желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақы тарифтерiнiң көтерiлуiне өтемақы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 14 сәуiрдегi № 512 Әлеуметтiк тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерiн көрсеткенi үшiн абоненттiк төлемақы тарифiнiң көтерiлуiне өтемақы төлеудiң ережесi негiзiнде жүргiзiледi.

5. Тұрғын үй көмегiн төлеу

      20. Аз қамтамасыз етiлген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегiн төлеу уәкiлеттi органмен тұрғын үй көмегiн алушының өтiнiшi бойынша тұрғын үй көмегiн алушының жеке шоттарына екiншi деңгейдегi банктер арқылы жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады