"Қазақстан Республикасында жер мониторингін жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 159 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 21 ақпандағы № 63 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 24 ақпанда № 20059 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасында жер мониторингін жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 159 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10148 болып тіркелген, 2014 жылғы 26 қаңтарда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 161-бабы 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасында жер мониторингін жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Қазақстан Республикасында жер мониторингін жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 161-бабы 3-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында жер мониторингін жүргізу және оның деректерін пайдалану тәртібін айқындайды.";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      1) жердің тозуы - жердің табиғи ортаның элементі ретіндегі функциясының өзгеруіне, оның сандық және сапалық жай-күйінің нашарлауына, табиғи-шаруашылық мәнінің төмендеуіне әкеп соқтыратын процестер жиынтығы;

      2) жер мониторингі - жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау, болып жатқан өзгерістерді уақтылы анықтау, оларды бағалау, одан әрі дамуын болжау және теріс процестер салдарларының алдын алу және жою жөнінде ұсынымдар әзірлеу мақсатында жер қорының сапалық және сандық жай-күйіне базалық (бастапқы), жедел, кезеңдік байқаулар, оның ішінде жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін пайдалана отырып жүргізілетін байқаулар жүйесі;

      3) негізгі учаске - өсімдіктер мен топырақтың құрамын және сипатын, олардың белгілі бір ландшафттың табиғи жағдайларымен байланысын қажетті нақтылықпен көрсететін жергілікті жердегі типтік учаске;

      4) полигон - ландшафтардың белгілі бір түрлерін (құмдар, тау етегі жазықтықтары, таулар) сипаттайтын әр түрлі конфигурациялы аумақ;

      5) стационарлық пункт - әртүрлі табиғи-климаттық аймақтарда, провинцияларда, биіктік белдеулерінде өсімдіктер мен топырақ жамылғысының жай-күйін ұзақ уақыт (10 (оң) жылдан астам мерзімге) тұрақты байқау мақсатында ұйымдастырылатын жер учаскесі.";

      3-тармақ алып тасталсын;

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Мониторинг жердің нысаналы мақсатының ерекшелігі ескеріле отырып жүргізіледі және жердің санаттарына сәйкес келетін мынадай кіші жүйелерге бөлінеді:

      ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мониторингі;

      елді мекендер (қалалар, кенттер мен ауылдық елдi мекендер) жерлері мониторингі;

      өнеркәсіп, көлік, байланыс жерлері, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтаждықтарына арналған жерлер және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жерлер мониторингі;

      ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлері, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер мониторингі;

      орман қоры жерлері мониторингі;

      су қоры жерлері мониторингі;

      босалқы жерлері мониторингі.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Жер мониторингін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Қазақстан Республикасының барлық аумағында бірыңғай жүйе бойынша жүргізеді.

      Жер мониторингі:

      1) топырақ құнарлылығының өзгеруіне (шөлейттену, су және жел эрозиясының дамуы, топырақтың қарашіріксізденуі, қоректендіру элементтерінің төмендеуі, тұздану, батпақтану, артық ылғалдану және су басу);

      2) табиғи азықтық алқаптардың өсімдік қабаты жай-күйінің өзгеруіне байланысты процестер байқалған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде басым тәртіппен жүзеге асырылады.

      Жер мониторингін жүргізуді ұйымдастыруды жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органның ведомствосы жүзеге асырады.";

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Жерді жүйелі түрде байқаулардың, жерүсті түсірілімдерін, зерттеп-қараулардың, түгендеулердің нәтижелері, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау материалдары, мұрағат деректері, жерді қашықтықтан зондтау деректері, мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және электрондық ақпараттық ресурстардан алынған мәліметтер, сондай-ақ жердің сапалық жай-күйі туралы басқа да мәліметтер жер мониторингі үшін ақпарат көздері болып табылады.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Мемлекеттік құпияға жатқызылған жер учаскелерінің жоспарларында (сызбаларында) қамтылған мәліметтер "Мемлекеттік құпиялар туралы" 1999 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес пайдаланылады және сақталады.".

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
С. Омаров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады