"Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің салалық көтермелеу жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2013 жылғы 8 тамыздағы № 324 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 14 мамырдағы № 204 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 15 мамырда № 20639 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің салалық көтермелеу жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2013 жылғы 8 тамыздағы № 324 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8676 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінің 2013 жылғы 26 қыркүйектегі № 220 (28159) санында жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің салалық көтермелеу жүйесінде:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Көтермелеу білім, ғылым жүйесі және білім және ғылым саласындағы басқа да ұйымдар қызметкерлерінің еңбегін ынталандыру, сондай-ақ білім беру ұйымдарында оқитын студенттердің (бұдан әрі – студенттер) әлеуметтік бағытталған, қоғамдық пайдалы қызметін ынталандыру нысаны болып табылады.";

      3-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-1. Студенттерді өздері жүзеге асырған әлеуметтік бағытталған, қоғамдық пайдалы қызметі үшін ынталандыру мақсатында әлеуметтік студенттік кредит (бұдан әрі – Кредит) түрінде көтермелеу белгіленеді.

      Кредит студентке білім беру ұйымы белгілеген кейбір академиялық кредиттердің есепке алынуына және Көтермелеуде көзделген шарттарда біржолғы ақшалай төлем алуға мүмкіндік береді.";

      6-тарау мынадай редакцияда жазылсын:

      "6-тарау. Кредиттерді беру және сүйемелдеу тәртібі, шарттары.

      27. Кредиттер жеке және (немесе) заңды тұлғалардың мүддесінде әлеуметтік бағытталған, қоғамдық пайдалы қызметті жүзеге асыратын студенттерге қызметтің мынадай түрлері бойынша беріледі:

      1) инклюзивті білім беру;

      2) репетиторлық (тілдер, компьютерлік сауаттылық);

      3) девиантты мінез-құлықты кәмелетке толмаған балалармен жұмыс;

      4) аула және спорт клубтарын ұйымдастыру;

      5) балалармен, қарт адамдармен және мүгедектермен әлеуметтік жұмыс;

      6) қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздік, тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау саласындағы жұмыс;

      7) емдеушілерге, қарт адамдарға және мүгедектерге қызмет көрсететін мемлекеттік және жекеменшік денсаулық сақтау ұйымдарының және басқа да әлеуметтік бағыттағы ұйымдардың жұмысына қатысу;

      8) волонтерлермен республикалық және қалалық іс-шараларды өткізу кезінде жергілікті жастар ресурстық орталықтарының жұмысына қатысу;

      9) туризмді дамыту мақсатында экскурсиялық қызметті (мұражайларға, кітапханаларға және қаланың басқа да көрікті жерлеріне бару) ұйымдастыру кезінде туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға жұмысқа көмек көрсету;

      10) халықаралық іс-шараларды (форумдар, универсиадалар, фестивальдер, спартакиадалар) ұйымдастыруға көмек көрсету;

      11) жануарларға арналған панадағы жұмыс.

      28. Студенттерге Кредиттің мынадай түрлері беріледі:

      1) Көтермелеудің 27-тармағында көрсетілген қызметтің 20 сағаты үшін студенттерге білім беру ұйымы белгілеген екі академиялық кредиттің есепке алынуына және 20 000 теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем алуға мүмкіндік беретін ваучер түрінде Кредит беріледі;

      2) Көтермелеудің 27-тармағында көрсетілген қызметтің 50 сағаты үшін студенттерге білім беру ұйымы белгілеген бес академиялық кредиттің есепке алынуына және 50 000 теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем алуға мүмкіндік беретін ваучер түрінде Кредит беріледі.

      Студенттерге Көтермелеудің осы тармағында көзделген ваучер түріндегі Кредит қаржы жылы ішінде қайта берілмейді.

      29. Кредитті ұйымдастыру жөніндегі оператор болып "Қаржы орталығы" акционерлік қоғамы өкілдік етеді.

      30. Кредит бойынша біржолғы ақшалай төлемдерді "Қаржы орталығы" акционерлік қоғамы жүзеге асырады.

      31. Студенттердің әлеуметтік бағытталған, қоғамдық пайдалы қызметіне қатысушылардың өзара іс-қимыл шарттары "Қаржы орталығы" акционерлік қоғамы әзірлейтін қосылу шартында айқындалады.".

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі М.М. Дәуленовке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
А. Аймагамбетов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады