Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 шiлдедегi № ҚР ДСМ-91/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 29 шiлдеде № 21033 болып тіркелді.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 144-бабының 6-тармағына және 145-бабының 2-тармағының 26) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің кейбір бұйрықтарына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1) "Санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру мен жүргізудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 5 шiлдедегi № ҚР ДСМ-78/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20935 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2020 жылғы 6 шілдеде жарияланған) мынадай өзгерістер:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Коронавирустық инфекцияның таралу қаупінің пайда болуының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларында:

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізілетін жерлерде және (немесе) объектілерде COVID-19-дың таралуына жол бермеу үшін:

      1) COVID-19-ды жұқтыру қаупі жоғары адамдар топтарын анықтау;

      2) жеке қорғаныш құралдарын және антисептиктерді пайдалану, оның ішінде ашық ауада (көшеде, үйден тыс жерде) медициналық маска кию;

      3) жанаспайтын термометрияға арналған құралдарды пайдалану;

      4) адамдар арасындағы әлеуметтік қашықтық;

      5) үй-жайларды желдету және дезинфекциялау;

      6) стационарлардың жұмыс істеуі;

      7) осы Санитариялық қағидаларға және бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер белгілейтін талаптарға сәйкес ерекше жұмыс режимі;

      8) денсаулық сақтау ұйымдарында COVID-19-ды жоққа шығармайтын клиникалық белгілері бар пациент анықталған жағдайда оқшаулау үшін үй-жайлар бөлу;

      9) денсаулық сақтау ұйымдарында пациенттердің күнделікті ағымын (басқа нозологиялық аурулар бойынша) олардың COVID-19 ауруына күдікті пациенттермен қиылысуын болдырмай бөлу жүзеге асырылады.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Температураны өлшеу, желдету, адамдардың арасындағы қашықтық және жеке қорғаныш құралдарын пайдалану үшін мынадай қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіледі:

      1) азық-түлік дүкендеріне барған кезде келуші мен жұмыскер арасында кемінде екі метр қашықтық сақталады және сауда базарларының келушілермен толтырылуы әлеуметтік қашықтықты сақтау мүмкіндігі есебінен жалпы сыйымдылықтың 30%-ы;

      2) жұмыстар мен қызметтерді көрсету орындарына бару алдын ала жазылу бойынша жүзеге асырылады;

      3) қоғамдық тамақтану пункттерінде үстелдер бір-бірінен кемінде екі метр жерде орналастырылады;

      4) қызмет көрсету саласындағы объектілерде жұмыс орындары бір-бірінен кемінде екі метр қашықтықты сақтай отырып орналастырылады;

      5) қызметкерлер бір үй-жайда бір-бірінен кемінде екі метр арақашықтықта орналасады;

      6) сауда орталықтарының ішінде желдету режимінің сақталуын қамтамасыз ете отырып, желдету жүйелері мен ауаны баптау жүйелерінің жарамды жұмысы жүзеге асырылады;

      7) жабық үй-жайларға бару, қоғамдық көлікте болу және жүру медициналық маска киіп жүзеге асырылады;

      8) қызметтік көлікті қоса алғанда, қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторларында қолды өңдеуге арналған антисептиктердің және жеке қорғаныш құралдарының болуы;

      9) көшедегі қоғамдық орындарда медициналық маска кию міндетті болып табылады;

      10) тамақ өнімдерін өткізу өлшеп-оралған түрде жүзеге асырылады (кесілмеген көкөністер мен жемістерді қоспағанда);

      11) теміржол, әуе, су және автовокзалдардың кіреберістерінде жанаспайтын термометрия қамтамасыз етіледі.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген жерлерде және (немесе) объектілерде мыналар:

      1) ұжымдық, бұқаралық және ойын-сайық іс-шараларын өткізу;

      2) 65 жастан асқан адамдардың жүріп-тұруы;

      3) ашық ауада (көшеде, үйден тыс жерде) адамдардың үш адамнан асатын топпен (отбасы мүшелерін қоспағанда) болуы және жүріп-тұруы (қозғалысы) жүзеге асырылмайды.";

      2) "Көлік құралдарына және жолаушыларға қызмет көрсету жөніндегі объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 156 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10728 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылы 18 мамырда жарияланған) мынадай өзгерістер:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Көлік құралдарына және жолаушыларға қызмет көрсету жөніндегі объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларында:

      "Көлік құралдарына және жолаушыларға қызмет көрсету жөніндегі объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларына 8-қосымшада:

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Әуежайлар мен вокзалдар ғимараттарының ішінде, көлік құралында жолаушылар медициналық маскамен болады.".

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі А. Цой

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады