"Еңбек биржасы" мемлекеттік интернет-ресурсын қолдап отыруды және оның жұмыс істеуін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2019 жылғы 22 ақпандағы № 92 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 30 қыркүйектегі № 385 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 1 қазанда № 21343 болып тіркелді

      "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 26-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Еңбек биржасы" мемлекеттік интернет-ресурсын қолдап отыруды және оның жұмыс істеуін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2019 жылғы 22 ақпандағы № 92 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18343 тіркелген, 2019 жылғы 11 наурызда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) келесі өзгерістер енгізілсін:

      бұйрықтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      ""Электрондық еңбек биржасы" мемлекеттік ақпараттық порталын қолдап отыруды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы";

      бұйрықтың преамбуласы мынадай редакцияда жазылсын:

      ""Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 26-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған "Электрондық еңбек биржасы" мемлекеттік ақпараттық порталын қолдап отыруды ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Еңбек биржасы" мемлекеттік интернет-ресурсын қолдап отыруды және оның жұмыс істеуін ұйымдастыру қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Цифрландыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы ақпарат ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е.Д. Оспановқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Б. Нурымбетов

  Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрінің
2020 жылғы 30 қыркүйегі
№ 385 Бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің
2019 жылғы 22 ақпандағы
№ 92 бұйрығымен
бекітілген

"Электрондық еңбек биржасы" мемлекеттік ақпараттық порталын қолдап отыруды ұйымдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Электрондық еңбек биржасы" мемлекеттік ақпараттық порталын қолдап отыруды ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағида) "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 26-4) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Электрондық еңбек биржасы" мемлекеттік ақпараттық порталын (бұдан әрі – "Электрондық еңбек биржасы" АП) қолдап отыру тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпарат – ақпарат иеленуші алған немесе жасаған, кез келген жеткізгішке түсірілген және оны сәйкестендіруге мүмкіндік беретін деректемелері бар адамдар, заттар, фактілер, оқиғалар, құбылыстар және процестер туралы мәліметтер;

      2) ақпараттық жүйенің аудиті – ақпараттық жүйені пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында оны тәуелсіз зерттеп-қарау;

      3) ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығы – электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді, телекоммуникация тораптары мен ақпараттандырудың басқа да объектілерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі;

      4) әкімші - "Электрондық еңбек биржасы" АП қолдап отыруды жүзеге асыратын еңбек ресурстарын дамыту орталығы;

      5) пайдаланушы – ақпараттандыру объектілерін нақты функцияны және (немесе) міндетті орындау үшін пайдаланатын ақпараттандыру субъектісі;

      6) "Электрондық еңбек биржасы" АП - еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасы бар ақпараттық жүйе.

2-тарау. "Электрондық еңбек биржасы" АП қолдап отыру тәртібі

      3. "Электрондық еңбек биржасы" АП қолдап отыруды қамтамасыз ету "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң ) және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік саясатына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. "Электрондық еңбек биржасы" АП қолдау шеңберінде әкімші:

      1) Электрондық еңбек биржасы" АП мерекелер мен демалыс күндерін қоса алғанда, тәулік бойғы жұмысын;

      2) "Электрондық еңбек биржасы" АП-дағы ақпараттың сақталуын, қорғалуын, істен шығу немесе ақпарат зақымданған жағдайда қалпына келтірілуін, резервтік көшіруді және ақпараттың уақтылы өзектендірілуін бақылауды;

      3) өтініштердің шешілуі шеңберінде "Электрондық еңбек биржасы" АП бағдарламалық қамтамасыз етуге түзетулер енгізуді, түрлендіру және ақауларын жоюды, жаңғырту жүргізбей және қосымша функционалдық талаптарды іске асырмай және оның тұтастығы сақталған жағдайда "Электрондық еңбек биржасы" АП техникалық іркілістерін жедел жоюды;

      4) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен және ақпараттандырудың басқа да объектілерімен өзара іс-қимыл жасауды;

      5) ақпараттың қосымша түрлерін орналастыруды;

      6) "Электрондық еңбек биржасы" АП жай-күйіне аудит жүргізуді;

      7) Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығына қосылуды Заңның 7-2-бабына сәйкес қамтамасыз етеді.

      5. Әкімші "Электрондық еңбек биржасы" АП-ға мынадай ақпаратты орналастырады:

      1) пайдаланушыларды ақпараттандыру үшін "Электрондық еңбек биржасы" АП жаңа мүмкіндіктері;

      2) мәтіндік түрде және видеформаттарда нұсқаулық, жиі қойылатын сұрақтар және оларға жауаптар.

      6. "Электрондық еңбек биржасы" АП жұмысында техникалық іркілістің пайда болуы туралы ақпарат көздері болып табылады:

      1) осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес кері байланыс нысаны арқылы жіберілген пайдаланушының хабарламасы;

      2) "Электрондық еңбек биржасы" АП-ның жұмыс істеу мониторингін орындайтын әкімшісі мамандарының хабарламасы;

      3) техникалық іркілісті анықтаған функционалдың жұмыс қабілеттілігі мен қолжетімділігін анықтау үшін пайдаланылатын "Электрондық еңбек биржасы" АП ақауларын мониторингілеу және анықтау жөніндегі бағдарламалық-аппараттық құралдар;

      4) техникалық іркілістің туындауын немесе туындау мүмкіндігін куәландыратын жазбаларды тіркейтін "Электрондық еңбек биржасы" АП жүйелік журналдары;

      5) Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығы.

      7. Пайдаланушы "Электрондық еңбек биржасы" АП ақпаратты іздеу және орналастыру бойынша қандай да бір техникалық сұрақтары болған жағдайда "Электрондық еңбек биржасы" АП-да орналастырылған кері байланыс нысаны арқылы әкімшісіне жүгінеді. Пайдаланушының өтінішінде мынадай мәліметтер қамтылады:

      1) байланыс деректері;

      2) электрондық мекенжайы;

      3) өтініш тақырыбы;

      4) өтініш мәтіні;

      5) салыным (файл).

      Пайдаланушының "Электрондық еңбек биржасы" АП жұмыс істеуіне байланысты өтінішін қарау және жауап беру мерзімі оны алған сәттен бастап үш жұмыс күнін құрайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады