Шымкент қаласының аумағында жануарларды асырау қағидасын бекіту туралы

Жаңартылған

Шымкент қаласы мәслихатының 2020 жылғы 11 наурыздағы № 62/536-6с шешiмi. Шымкент қаласының Әділет департаментінде 2020 жылғы 18 наурызда № 90 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабы 2-2 тармағына сәйкес Шымкент қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Шымкент қаласының аумағында жануарларды асырау қағидасы бекітілсін.

      2. "Шымкент қаласы мәслихаты аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы шешімді Шымкент қаласының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы шешім мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін ресми жариялау үшін Шымкент қаласында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарына жіберуді;

      3) ресми жарияланғаннан кейін осы шешімді Шымкент қаласы мәслихатының интернет-ресурсына орналастыруын қамтамасыз етсін.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Шымкент қаласы
      мәслихаты сессиясының төрағасы Н. Жанабаев
      Шымкент қаласы
      мәслихатының хатшысы Г. Ташкараев

  Шымкент қаласы мәслихатының
2020 жылғы 11 наурыздағы
№ 62/536-6с шешімімен бекітілген

Шымкент қаласының аумағында жануарларды асырау қағидалары

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "ветеринарлық", "ветеринарлық-санитарлық" деген сөздер тиісінше "ветеринариялық", "ветеринариялық-санитариялық" деген сөздермен ауыстырылды - Шымкент қаласы мәслихатының 29.09.2022 № 21/193-VII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жануарларды ұстау қағидасы (бұдан әрі – Қағида) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-2 тармағына және "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-1 тармағының 27) тармақшасына сәйкес әзірленді және Шымкент қаласының аумағында жануарларды ұстау тәртібін айқындайды.

      2. Қағида меншік нысанына қарамастан, жануарларды ұстайтын барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

      3. Қағида Қағидада мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) ауыл шаруашылығы жануарлары – адам өсіретін, ауыл шаруашылығы өндірісіне тікелей қатысы бар малдардың, құстардың, балықтардың және бал араларының барлық түрі;

      2) ветеринариялық анықтама – Шымкент қаласы аумағындағы эпизоотиялық жағдай туралы, жануардан алынатын өнімге және шикізатқа ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымның ветеринариялық дәрігері беретін ветеринариялық құжат;

      3) ветеринариялық паспорт – электрондық құжат түрінде берілетін, уәкілетті орган белгілеген нысандағы құжат, онда: жануарларды есепке алу мақсатында жануардың иесі, түрі, жынысы, түсі, жасы (тyған күні), жеке нөмірі көрсетіледі;

      4) ветеринариялық іс-шаралар - жануарлар ауруларының профилактикасын, оларды емдеуді немесе диагностикасын қоса алғанда, олардың пайда болуын, таралуын болғызбауға немесе оларды жоюға; жануарлар мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін аса қауіпті аурулар жұқтырған жануарларды залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға), алып қоюға және жоюға; жануарлардың өнімділігін арттыруға; жануарлар мен адамның денсаулығын жұқпалы, оның ішінде жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау мақсатында, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қоса алғанда, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың, жемшөп және жемшөп қоспаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған эпизоотияға қарсы, ветеринариялық-санитариялық рәсімдер кешені;

      5) дезинсекция – жәндіктер мен басқа да буынаяқтыларды жою жөніндегі іс-шаралар кешені;

      5-1) дезинфекция – инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жою жөніндегі шаралар кешені;

      5-2) дератизация – кеміргіштерді жою жөніндегі іс-шаралар кешені;

      6) жануарлар – фаунаға жататын биологиялық объектілер: ауыл шаруашылығы және үй, жабайы жануарлар;

      7) жануар иесі – өз меншігінде немесе басқа да меншікте жануарлары бар жеке немесе заңды тұлға;

      8) жануарларды бірдейлендіру – бірдейлендіру жөніндегі деректер қорына жануарлар туралы мәліметтерді енгізу және жануарларға арналған ветеринариялық паспорт беру арқылы бірдейлендіру құралдарын (заттарын) қолдану сырғалау, чиптеу, таңбалау жолымен жануарға жеке нөмір беруді қамтитын жануарларды есепке алу рәсімі;

      9) жануарларды ұстау – жануарлар иелерінің өмірді сақтау үшін, жануарлардың денсаулығын, ветеринариялық-санитариялық қолайлы жағдайларды сақтай отырып, толыққанды тұқым алуға, сондай-ақ адамдар мен жануарлардың қауіпсіздігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі іс әрекеттері;

      10) мамандандырылған ұйым – жануарларды тіркеуді және егу жұмыстарын жүзеге асыратын Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы "Ветеринариялық қызмет" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны;

      11) тіркеу органы – жергілікті атқарушы орган құрған мамандандырылған ұйым;

      12) үй жануарлары – иттер, мысықтар және ұзақ тарихи кезең бойы дәстүрлі түрде адам көмегімен өсірілетін және бағылатын, сонымен қатар адамның эстетикалық мұқтажын қанағаттандыру үшін жасанды жолмен өсіріп шығарған және жабайы популяциясы жоқ өмірге қабілетті, жеке морфологиялық белгілері ұқсас өзгешеліктері бар және ұзақ уақыт бойы табиғи ареалда өмір сүретін жануарлардың түрлері мен тұқымдары.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - Шымкент қаласы мәслихатының 29.09.2022 № 21/193-VII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2-тарау. Жануарларды ұстау тәртібі

      4. Есепке алынуға тиіс, үй жануарлары тізбесіне енгізілген, жеке және заңды тұлғаларға меншік құқығымен және өзге де заттық құқықтармен тиесілі, оның ішінде жануарларға арналған панажайлардағы, жануарларды уақытша ұстау пункттеріндегі, жануарларға арналған оңалту орталықтарындағы, зоологиялық питомниктердегі үй жануарлары Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 20 мамырдағы № 169 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28148 болып тіркелген) бекітілген Үй жануарларын есепке алу қағидаларына және есепке алуға жататын үй жануарларының тізбесіне сәйкес міндетті есепке алынуға, жануар иесі ауысқан жағдайда үй жануарларын есепке алу қағидаларында көзделген деректер базасында міндетті қайта есепке алынуға жатады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - Шымкент қаласы мәслихатының 29.09.2022 № 21/193-VII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5. Ауыл шаруашылық жануарының иесі өзінің жануарын "Ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 7-1/68 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11127 болып тіркелген) сәйкес сырғалау, чиптеу, таңбалау, жануарларға арналған ветеринариялық паспорт беру арқылы тіркеуші органдарда тіркейді.

      6. Жануарларды бірдейлендіру – сырғалау, таңбалау, чиптеу және ветеринариялық паспорт беру жолымен жүргізіледі.

      Көрсетілген атрибуттардың сақталуына жануар иесі жауапты болады.

      7. Ауыл шаруашылығы жануарлары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2022 жылғы 11 қаңтардағы № ҚР ДСМ-2 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26447 болып тіркелген) бекітілген "Адамның өмір сүру ортасы мен денсаулығына әсер ету объектілері болып табылатын объектілердің санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидалардың талаптарын сақтай отырып ұсталады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - Шымкент қаласы мәслихатының 29.09.2022 № 21/193-VII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      8. Жануарларды ұстауға арналған үй-жайлардың меншік иелері күн сайын механикалық тазартуды, жылына екі рет профилактикалық дезинфекцияны жүргізу қажет.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - Шымкент қаласы мәслихатының 29.09.2022 № 21/193-VII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      9. Иесі өз жануарын ауладан тыс жерлерде қараусыз қалдырмауы керек.

      10. Жануардың иесі аулалар мен қоршаған аумақтарды қимен ластатпауға тиіс. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 6 сәуірдегі № 16-07/307 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11003 болып тіркелген) бекітілген Биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату, жою қағидаларына сәйкес көң жойылады немесе зарарсыздандыру арқылы кәдеге жаратылады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - Шымкент қаласы мәслихатының 29.09.2022 № 21/193-VII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      11. Алып тасталды - Шымкент қаласы мәслихатының 29.09.2022 № 21/193-VII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      12. Жылдың жылы мезгілдерінде (наурыз айынан бастап қарашаға дейін) ауыл шаруашылығы жануарлары тұратын орындарда жәндіктерге, кеміргіштерге (тышқан, егеуқұйрық) қарсы күрес мақсатында ай сайын зарарсыздандыру, дезинсекциялық және дератизациялық препараттармен тазалауы "Дезинфекция, дезинсекция, дератизация жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 27 қарашадағы № 7-1/619 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізбесінде № 10028 болып тіркелген) сәйкес жүргізілуі керек.

      13. Жануардың иесі тіркеуші органға жануарының әкетілуін (сатылу, жоғалу, көшу, басқа бір адамға тапсырылу) бірыңғай бірдейлендіру базасына тіркеу үшін немесе тіркеуден шығару үшін "Ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 7-1/68 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11127 болып тіркелген) сәйкес хабарлайды.

      14. Жеке тұрғын үйдің иесіне онда бір жанұядан артық отбасы тұрған жағдайда жанұяның, сондай-ақ көршілес тұрғын үйдің тұрғындарының келісімімен "Жануарларға қарау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 16-02/701 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10183 болып тіркелген) сәйкес ветеринариялық-санитариялық нормаларын сақтай отырып, арнайы жабдықталған тұрақта ауыл шаруашылық жануарларын асырауға рұқсат етіледі.

      15. "Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларын және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 7-1/453 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11898 болып тіркелген) сәйкес белгіленген үлгідегі ветеринариялық анықтаманы ресімдеу кезінде ғана ауыл шаруашылығы жануарларын сатуға, әкелуге және әкетуге рұқсат етіледі.

      16. Қала аумағындағы тұрғын үй қорының пәтерлерінде ауыл шаруашылығы жануарларын ұстауға жол берілмейді.

      17. Жануарлар мен адамның денсаулығына ерекше қауіп төндіретін жануарларды алып қою және жою Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      Жануар клиникалық сау болған жағдайда иесіне қайтарылады.

      18. Жануарларды ұстаудың шарты болып аса қауіпті ауруларға қарсы вакцинациялау, паразитарлық ауруларға қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу, тұрғылықты мекен-жайға қарасты ветеринариялық емханаларда диагностикалық зерттеуден өткізу болып табылады.

      19. Қандай жағдай болмасын ауру байқалған сәтте жануар иелері ветеринария саласындағы маманға хабарласып, зерттеу нәтижелері бойынша маманның нұсқауын мүлтіксіз сақтауы қажет.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - Шымкент қаласы мәслихатының 29.09.2022 № 21/193-VII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады