Монополияға қарсы заңды бұзғаны үшін монополияға қарсы жауапкершілік жүктеу шараларын қолдану Ережелерін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі 1999 жылғы 9 сәуір N 15-ОД бұйрығы. Күші жойылды - ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының 2002 жылғы 28 қазандағы N 216-НҚ бұйрығымен.

      "Бәсекелестікті дамыту және монополиялық қызметті шектеу туралы", "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақ ССР-нің Заңын, " Табиғи монополиялар туралы ", "Теріс пиғылды бәсекелестік туралы" Қазақстан Республикасының Заңын  басшылыққа ала отырып, бұйырамын:
      1. Қосымша беріліп отырған Монополияға қарсы заңды бұзғаны үшін монополияға қарсы жауапкершілік жүктеу шараларын қолдану Ережелері бекітілсін.
      2. Монополияға қарсы заңның сақталуын қадағалау департаменті (Нұрабаева Ә.Қ.) Монополияға қарсы заңды бұзғаны үшін монополияға қарсы жауапкершілік жүктеу шараларын қолдану Ережелерін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуден өткізілуін қамтамасыз етсін.
      3. Ұйымдық-кадр жұмысы бөлімі (Герасимова Е.Н.) осы Ережелерді аумақтық комитеттерге жіберсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуына бақылау жасау Агенттік төрағасының бірінші орынбасары міндеттерін атқарушы С.Ш. Құрманғалиевке жүктелсін.

    

     Агенттік Төрағасы

Қазақстан Республикасының
Табиғи монополияларды реттеу
және бәсекелестікті қорғау
жөніндегі агенттігі Төрағасының
1999 жылғы 9 сәуірдегі  
N 15-ОД бұйрығымен бекітілген

      Монополияға қарсы заңды бұзғаны үшін
монополияға қарсы жауапкершілік жүктеу шараларын қолдану Ережелері

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережелер "Бәсекелестікті дамыту және монополиялық қызметті шектеу туралы", "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақ ССР-ның Заңдарына, " Теріс пиғылды бәсекелестік туралы ", " Табиғи монополиялар туралы " Қазақстан Республикасының Заңдарына (бұдан былай - монополияға қарсы заң) сәйкес әзірленген. Ережелер Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі мен оның аумақтық комитеттерінің (бұдан былай - өкілетті орган) монополияға қарсы жауапкершілік жүктеу шараларын қолдануы тәртібін белгілейді.

      2. Монополияға қарсы жауапкершілік жүктеу шараларын қолдануға іскерлік қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалардың (бұдан былай - нарық қатынастарының субъектілері), табиғи монополия саласы субъектілерінің және мемлекеттік мекемелердің табылған және заңды жолмен анықталған монополияға қарсы заңды бұзу фактілері негіз болады.

      3. Монополияға қарсы жауапкершілік жүктеу шараларын қолданудың мақсаты монополияға қарсы заңды бұзудың анықталған фактілерінің жолын кесу, олардың пайда болу себептерін жою, әрі осындай заңды бұзуға айыпты тұлғаларды жауапқа тарту болып табылады.

      4. Монополияға қарсы заңды бұзу анықталған жағдайда Өкілетті орган монополияға қарсы жауапкершілік жүктеу шараларын қолданады.

2. Монополияға қарсы заңды бұзудың түрлері

      5. Монополияға қарсы заңды бұзудың түрлері болып мынадай әрекеттер (әрекетсіздіктер) танылады:
      кез-келген қызмет саласында нарықтық қатынастардың жаңа субъектілерін құруға кедергі жасау;
      Қазақстан Республикасының заңы тиым салмаған қызмет түрлері мен тауар (жұмыс, қызмет) өндіруді шектеу;
      бәсекелестікке, түрлі меншік түрлеріне негізделген нарық қатынастары субъектілеріне кедергі болатын қызметпен айналысу;
      мемлекеттік органдардың тарапынан жекелеген нарық қатынастары субъектілеріне бірдей тауар өндіретін (дайындайтын) нарық қатынастары субъектілеріне қарағанда үстем жадғайға ие болатындай жеңілдіктер беруі;
      Қазақстан Республикасының заңында көрсетілмеген, республиканың бір аймағынан екінші аймағына тауар әкелуне немесе әкетуге шектеулер белгілеу, нарыққа басқа да шектеулер енгізу;
      нарық қатынастарының басқа да субъектілеріне нарыққа енуіне (нарықтан шығуына) кедергілер туғызу;
      келісім-шарт тақырыбына жатпайтын және (немесе) контрагенттерді басқа нарықтық қатынас субъектілерімен салыстырғанда ыңғайсыз жағдайға қалдыратын, оның ішінде тауарды сатудың күштеу шарттарын қоятын келісім-шарттың талаптарын зорлап қабылдату;
      нарықта үстем жағдайға ие кәсіпорындардың өндірісті қысқартуы және тоқтатуы, сол сияқты нарықта жасанды тапшылық (дефицит) жасау немесе оны қолдау не бағаларды (тарифтерді) өсіру, арзандату, өсіру (үстемелеу) мақсатында айналымнан тауарларды алу;
      аукциондар мен саудада бағаларды өсіру, төмендету немесе бағаны ұстау;
      теріс пиғылды бәсекелестік саласында:
      тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өндірушіге немесе сатушыға қатысты тұтынушыны қателестіретін немесе қателестіруі мүмкін болатындай іскердің фирмалық атауын, тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін және (немесе) басқа да коммерциялық ерекшелігін заңсыз пайдалану;
      бәсекелесінің тауарын безендіруін, оның фирмалық атауын, тауарының таңбалануын, тауар белгісін, басқа да коммерциялық ерекшелігін, сол сияқты жарнамалық материалдарын тікелей көшірме жолымен бәсекелесін көшіру;
      бәсекелесінің тауары (жұмысы, қызметі) туралы әуелбастан жалған деректер мен тұжырымдар тарату, оның ішінде шығу тарихы, дайындаушысы, сатушысы туралы, сол сияқты тауардың сапасы, тұтынушылық қасиеттері, мақсаты, әзірлеу әдісі мен орны туралы бәсекелесінің тауарына (жұмысына, қызметіне), аты мен іскерлік абыройына кір келтіретін әуелбастан жалған дерек тарату;
      бәсекелесі жоқ сатушының сатып алушыға өзінің сипаты мен коммерциялық бағыты бойынша келісім-шарт табиғатына жатпайтын сатудың қосымша шарттарын күштеп таңуы;
      басқа бәсекелесінің тауарларымен (жұмыстарымен, қызметтерімен) немесе әрекетімен тұрпайы салыстырудан тұратын жарнамалар және басқа да хабар тарату;
      Жарнамалық ақпаратта тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) шынайы қасиеттері мен сапасы туралы деректі бұрмалау немесе жасыру;
      бәсекелестікті жоюға немесе елеулі түрде шектеуге бағытталған, бәсекелестер арасында баға, нарықты бөлу, басқа іскерлерді жою туралы және әрекеттердің басқа шарттары туралы кез-келген келісімдер жасау және орындау;
      бәсекелестікті елеулі түрде шектеуге немесе жоюға әкелетін нарық қатынастарының горизонталді бірігуі;
      иесінің келісімінсіз коммерциялық және (немесе) қызметтік құпияны құрайтын ғылыми-техникалық және өзге ақпаратты алу, қолдану немесе жариялау;
      бәсекелестікті жоюға немесе шектеуге, негізделмеген басымдықтар беруге және (немесе) алуға әкелетін басқа да әрекеттер;
      Табиғи монополия саласында:
      акцияларға (үлеске) ие болу немесе басқа бір жолдармен өзге коммерциялық ұйымдардың қызметіне қатысу;
      көрсетілетін қызметтер (тауарлар, жұмыстар) үшін өкілетті орган белгілеген мөлшерден асатын ақы алу;
      өкілетті органмен келіспей негізгі құралдарды иеліктен айыру;
      табиғи монополия қызметтеріне қол жеткізу шарттарын күштеп ұсыну немесе табиғи монополия субъектілерінің қызметін тұтынушыларды кемсітетін әрекеттер жасау немесе белгіленген тарифтерде ескерілмеген ақы алу есебінен пайда табу.

3. Монополияға қарсы заңның сақталуын тексерулерді
дайындау және өткізу

      6. Әрбір нақты тексерулердің мақсаты мен көлеміне қарай олар монополияға қарсы заңның сақталуымен байланысты мәселелердің жиынтығын да, олардың жекелеген мәселелерін де қарауы мүмкін.

      7. Тексеру объектілері болып:
      тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің бәсекелестік нарқында әрекет жасайтын нарықтық қатынас субъектілері;
      табиғи монополия саласының субъектілері;
      мемлекеттік мекемелер (мемлекеттік органдар және мемлекеттік
кәсіпорындар) табылуы мүмкін.

      8. "Іскерлік қызмет еркіндігіне мемлекеттік кепілдіктерді жүзеге асыру жөніндегі қосымша шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 14 маусымдағы N 3036 Жарлығына  сәйкес жоспарлы тексерулер жылына бір рет жүргізіледі.

      9. Монополияға қарсы заңды бұзу деректерін жоспардан тыс тексеру үшін:
      заңды, жеке тұлғалар мен басқа да мүдделі тұлғалардың өтініші;
      мемлекеттік органдардың ақпаратты;
      құқық қорғау органдарының хабарлауы;
      қоғамдық ұйымдардың хабарлауы;
      бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауы;
      басқа мемлекеттік органдармен бірігіп тексеру;
      жоғары тұрған органдардың немесе Агенттік басшылығының тапсыруы мен сұратуы;
      табиғи монополияшылардың қызметтеріне бағаларды (тарифтерді) және мемлекеттік мекемелердің ақылы қызметін бекітуге ұсынылған материалдарды қарау кезінде анықталған фактілер негіз бола алады.

      10. Қажет болса бақылаушы және құқық қорғау органдарының мамандарын, сол сияқты басқа салалардың білікті мамандарын тарта отырып Өкілетті органның қызметкерлері тексеру жүргізе алады.

      11. Тексеруді жүргізу үшін тексеруге жататын субъектілер көрсетілген Өкілетті органның бұйрығы жарияланады.

      12. Бұйрық жариялаған Өкілетті органның басшысы, ол жоқ кезде оның орынбасары тексерілуші органның басшысына сұрақтар тізімі, тексеру мақсаты көрсетілген ескерту жібереді.
      Ескерту қатаң есеп беру құжаты деп табылады, оны Өкілетті органның ұйымдық-кадрлар бөлімі береді және ол үш данада жасалады:
      бір данасы ұйымдық-кадрлар бөлімінде қалады;
      екінші дана тексерілуші органның бастығына (өкіліне) көрсетіледі;
      үшінші дана іс материалдарына тігіледі.
      Тексеру жүргізу туралы ескерту Өкілетті органның мөрімен расталады.

      13. Тексеру жүргізу үшін мақсаты мен міндеттері төмендегідей Тексеру бағдарламасы жасалады:
      тексеруді жүргізу шараларын анықтау;
      тексеру барысында анықталуға тиіс жағдайлардың тізімін анықтау;
      тексеру барысында анықталуға тиіс сұрақтар тізімі;
      ақпарат алуға болатын жерлер;
      тексеруді жүргізу графигі;
      жұмыс тобының әрбір мүшесі анықтауға тиіс мәселелер тізімі мен оларды орындау мерзімі.
      Тексеру бағдарламасы тексерілетін объектінің ерекшеліктеріне қарай басқа да тармақтардан тұруы мүмкін.

      14. Тексеру бағдарламасын тексеру өткізу туралы бұйрық шығарған Өкілетті органның басшысы бекітеді.
      Тексеруге баратын адамдармен Өкілетті органның басшысы нұсқама жиналысын өткізіп, тексерушілерді:
      тексеру бағдарламасында көзделген мәселелермен, әдістемелік нұсқаулармен және басқа да құжаттармен таныстырады;
      тексеру барысында танысқан құпия түрдегі ақпараттың сақталуы үшін жауапкершілік арқалайтындықтары жөнінде ескертеді.

      15. Тексеруді жүргізу мерзімі жұмыс ауқымы, қойылған міндет және тексеруді жүргізетін қызметкерлердің құрамы ескеріле отырып белгіленеді.

      16. Нарықтық қатынас субъектілерін тексеру мерзімі 30 күннен аспауға тиіс.
      Тексерілуші нарықтық қатынас субъектілері қызметінің ерекшеліктеріне, қойылған міндеттердің күрделілігіне және жұмыс көлемінің ауқымдылығына байланысты тексеру белгіленген мерзімде аяқталмай жатса, оны жүргізуге жаапты қызметкер өкілетті органның басшылығына істелген жұмыс нәтижелері баяндалған және оны аяқтау мерзімін ұзарту қажеттілігі негізделген есептеме жазады.
      Тексеру өткізу туралы бұйрық шығарған өкілетті органның басшылығы тексеруді жүргізу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдауға құқылы. Тексеру өткізудің мерзімін ұзарту туралы бұйрықтың көшірмесі тексерілуші субъектінің басшысына жіберіледі.

      17. Тексеру басталуға екі күннен кем емес уақыт қалғанда топ (комиссия) жетекшісі тексерілетін субъект басшысына тексеру жүргізуге өкілеттігін көрсетіп, Бағдарламамен және тексеру мерзімінен таныстырады.

      18. Өкілетті органның қызметкері тексеру барысында Қазақстан Республикасының монополияға қарсы және басқа да заңдарын жетекшілікке алады және:
      тексеру мәселелеріне байланысты кез-келген құжаттаманы, оның ішінде нормативтік құжаттаманы, жарғыларды, құрылтайшылық құжаттарын, келісім-шарттарды, есептерді, бухгалтерлік, қаржылық, банкілік құжаттарды сұратуға;
      тексерілуше субъектілердің, мемлекеттік мекемелердің лауазымды адамдарынан, басшылары мен басқа да қызметкерлерінен тексеру барысында туындаған сұрақтарға жазбаша жауап беруін сұратуға, алуға;
      ұсынылған құжаттардың түпнұсқаларынан өзгертулер, жасандылықтар, тағы да басқа қызметті теріс пайдаланушылық фактілерінің беті ашылғанда құқық қорғау органдарына ақпарат беруге;
      тексеру барысында тексерілуші субъектінің басшыларымен, мүдделі ұйымдармен анықталған монополияға қарсы заңды бұзуды жоюға қажетті шаралар қабылдауға;
      монополияға қарсы заңды бұзған адамдарға, сол сияқты осыған қатысы бар адамдарға сұрау салуға;
      зардап шеккендерге сұрау салуға;
      бұзылу куәлерін анықтап, оларға сұрау салуға;
      заттай дәлелдерді іске тігуге құқылы.

      19. Заттар мен құжаттарды алуды Қазақ ССР-інің Әкімшілік тәртіп бұзу туралы кодексінің 255 және 257 баптарында көзде тұтылған лауазымды адамдар жүзеге асырады.
      Өкілетті органның лауазымды адамдары мұндай құқыққа ие емес. Заттар мен құжаттарды алу қажет болса, сәйкес органның лауазымды адамдарын тексеруге қатыстыру ләзім.

      20. Тексеру нәтижелері өкілетті тұлға жасаған анықтамада көрініс табады.
      Анықтамаға тексеруге қатысқан барлық тұлғалар мен тексерілуші субъектінің басшысы қол қояды.
      Тексерілуші субъектінің басшысы анықтамаға қол қоюдан бас тартса, тексеруші анықтамаға сәйкес жазба жасайды. Тексерілуші субъект басшысының ерекше пікірі жазбаша түрде анықтамаға қосымшаланады.
      Тексеруші анықтамада тексеру нәтижелерін қорытындылап, нақты фактілер бойынша сәйкес шаралар қабылдау туралы ұсыныс енгізуі тиіс.

      21. Тексеру нәтижелеріне тексерілуші Қазақстан Республикасының заңымен белгіленген тәртіппен шағымдану мүмкін.

4. Монополияға қарсы жауапкершілік жүктеу түрлері

      22. Тексеру нәтижелері бойынша анықталған монополияға қарсы заңның бұзылу деректері бойынша:
      жазбаша ескерту - бұзу айқын сипатта болған жағдайда және табан астында жойылмаса, заңды тұлғалардың және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне айтарлықтай зиян келтіретін жағдайларда қолданылатын Өкілетті органның шешімі;
      монополияға қарсы заңды бұзу деректері бойынша, Қазақ ССР-нің Әкімшілік тәртіп бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес әкімшілік өндіріс қозғау түріндегі монополияға қарсы жауапкершілік жүктеу шаралары қолданылады.

      23. Әкімшілік іс қозғау қажет болған монополияға қарсы заңды бұзу дерегі белгіленген тәртіппен әкімшілік тәртіп бұзушылық туралы хаттамамен толтырылуы керек.

      24. Монополияға қарсы заңды бұзу (әкімшілік тәртіп бұзу) туралы хаттама Қазақ ССР-інің әкімшілік тәртіп бұзу туралы Кодексінің 249 бабына және Өкілетті органның әкімшілік комиссиясы туралы Ережеге сәйкес толтырылуы керек.

      25. Хаттамаға оны жасаған және тексеруді жүргізген адам мен әкімшілік тәртіпті бұзған адам қол қояды:
      егер куәлар мен зардап шегушілер болса, хаттамаға олар да қол қоюы мүмкін (Қазақ КСР-інің әкімшілік тәртіп бұзу туралы Кодексінінің 248; 248-1; 249 баптары).

      26. Тәртіп бұзған адам хаттамаға қол қоюдан бас тартса, бұл туралы жазылуы керек. Тәртіпті бұзушы хаттамаға қосымшаланатын түсініктеме мен хаттама мазмұны туралы ескертулерін, сол сияқты хаттамаға қол қоюдан неліктен бас тартатыны туралы түсініктемені беруге құқылы.

      27. Өкілетті орган монополияға қарсы жауапкершілік жүктеу шараларымен монополияға қарсы заңның бұзылуына жол берілмеуін және оны бұзуға жол берген адамның жауапкершілікке тартылуын қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда, сол сияқты монополияға қарсы заңға қайшы келетін мемлекеттік органдардың актілерін толығымен немесе ішінара тоқтату мүмкін болмаған жағдайда сотқа арыз беруге құқылы.

5. Жауапкершілік

      28. Өкілетті органның жазбаша ескертулерін орындаудан жалтару, өкілетті органның заңға негізделген талаптарының орындалу мерзімін сақтамау заңда көзделген әкімшілік жауапкершілік жүктейтін монополияға қарсы заңды бұзу болып табылады.

      29. Монополияға қарсы жауапкершілік жүктеу шаралары қолданылған нарық қатынасы субъектісінің, табиғи монополия субъектісінің, мемлекеттік мекеменің басшыларының жауапкершілікке тартылуы жазбаша ескертуде көрсетілген талаптарды орындамауға негіз бола алмайды.   

6. Қорытынды ережелер

      30. Аумақтық комитеттер өздерінің қадағалау тәжірибесінде ерекше маңыздылығына және басқа да себептерге байланысты кейбір мәселелер жоғары тұрған Өкілетті орган құзырына кіретін жағдайлардан басқа өз құзыры шеңберінде Ережелерде көрсетілген кез-келген монополияға қарсы жауапкершілік жүктеу шараларын қолдана алады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады