Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің аумақтарында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің болуы мен өзара іс-қимыл тәртібі туралы шартты бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2000 жылғы 28 сәуір N 44-II


     Минскіде 1999 жылғы 4 маусымда жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер 
Достастығына мүше мемлекеттердің аумақтарында құқық қорғау органдары 
қызметкерлерінің болуы мен өзара іс-қимыл тәртібі туралы шарт бекітілсін. 
     
     
     Қазақстан Республикасының 
            Президенті 
     
     
             Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше-мемлекеттердің
             аумақтарында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің 
                   болуы мен өзара іс-қимыл тәртібі туралы 
                                     Шарт
     


      Бұдан әрі Тараптар деп аталынатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше-мемлекеттер, осы Шартқа қол қойған үкіметтер атынан,
      Тараптар аумағында қылмысқа қарсы тиімді күрес жүргізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ жасалған қылмыс үшін жазасыз қалмайтындығы принципін жүзеге асыру мақсатында,
      қалыптасқан жағдайларда Тараптардың келісілген іс-қимылдары қылмысқа қарсы күрестегі табанды қажеттілік болып табылатындығына көз жеткізе отырып,
      Тараптардың құқық қорғау органдары қызметкерлерінің болуы мен өзара іс-қимылдар жасауының құқықтық негіздерін құруға ұмтыла отырып,
      төмендегілер жөнінде келісті:
                                   1-бап




      Осы Шарттың мақсаттарына жету үшін төменде аталынған терминдердің әрқайсысы мынадай мағына береді:
      "құзыретті құқық қорғау органдары" - ұлттық заңдарға, халықаралық шарттарға және осы Шартқа сәйкес, Тараптар аумағында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің болуы мен өзара іс-қимыл тәртібі туралы шешім қабылдайтын мемлекеттік құқық қорғау органдары;
      "құқық қорғау органдары" - Тараптардың ұлттық заңдарына сәйкес мемлекеттің, қоғамның, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және қылмыспен күрес жүргізетін мемлекеттік органдар;
      "бақылау" - қылмыстардың дайындалуына немесе жасалуына күдікті адамдардың мінез-құлқын, өмір салтын, байланыстары мен қылмыстық әрекеттері туралы мәліметтер жинақтауға бағытталған іс-қимылдар;
      "қудалау" - күдіктіні, айыпкерді, сотталушыны немесе сотталған адамды ұстауға бағытталған іс-қимылдар;
      "ұстау" - қудалануға алынған күдіктіні, айыпкерді, сотталушыны немесе сотталған адамды аумағында ұстау жүзеге асырылған Тараптың құқық қорғау органына еріксіз жеткізу.
                                   2-бап




      1. Тараптардың құқық қорғау органдары, ұлттық заңдарға, Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға және осы Шартқа сәйкес, өз өкілеттіктері шеңберінде қылмыстарды анықтауда, болдырмауда, жолын кесуде, ашуда және тергеуде бір-біріне жәрдем көрсетеді.
      2. Тараптардың құқық қорғау органдары қызметкерлері тиісті сұрау салулар негізінде және рұқсат алғаннан кейін, қызметтік міндеттерін орындау, жедел іздестіру шараларын және тергеу істерін жүргізуге көмек көрсету үшін келесі Тараптың аумағына жіберілуі мүмкін.
      Жедел-іздестіру шаралары және тергеу іс-қимылдарын сұрау салушы Тараптың құқық қорғау органдарының қызметкерлері өздерінің заңдарына және халықаралық шарттарға сәйкес жүргізеді.
      3. Тараптардың бірінің құзыретті құқық қорғау органдарының басшылары келесі Тараптың құқық қорғау органдарының қызметкерлерін өз органдарында қабылдауға рұқсат беру тәртібін белгілейді.
                                   3-бап




      1. Осы Шарттың 2-бабының 2-ші тармағында айтылған іс-шараларды жүзеге асыру үшін жіберу туралы сұрау салуда мыналар болуы тиіс:
      а) сұрау салынушы және сұрау салушы органдардың аталуы;
      б) іссапардың мақсаты мен оның мерзімі;
      в) іс-шаралардың тізбесі мен өзара іс-қимылдардың көлемі;
      г) жіберілген қызметкерлер туралы, автокөлік (егер топ автокөлікпен шығатын болса), іссапарға жіберілген қызметкерлердің табельдік қарулары, арнайы құралдары мен жеке қорғану құралдары туралы мәліметтер;
      д) басқа да қажетті ақпараттар.
      2. Осы Шартта айтылған іс-шараларды жүзеге асыру үшін жіберу туралы сұрау салу, сондай-ақ қосымша ақпараттар орыс тілінде немесе орыс тіліндегі расталынған аудармасымен бірге жазылады.
      3. Салынған сұрау бойынша шешімді сұрау салынған Тараптың құзыретті құқық қорғау органы сұрау келіп түскен кезден бастап, бес күннен кешіктірмей қабылдайды және ол туралы дереу сұрау салушы Тараптың құзыретті құқық қорғау органына хабарланады. Мұндай шешімде белгілі бір шарттар болуы мүмкін.
      4. Егер рұқсат алу үшін салынған сұрау жоғарыда аталған талаптар есепке алынбай жасалынған болса немесе ақпарат толық келемде берілмеген болса, сұрау салынған Тараптың құзыретті құқық қорғау органы қосымша мәліметтер сұратуға құқылы.
      5. Жіберілген қызметкерлердің жеке табельдік қарумен, оның оқ-дәрісімен, арнайы құралдармен және жеке қорғану құралдарымен жүруіне рұқсат беру тәртібін, олар жүрген Тараптың құзыретті құқық қорғау органдары береді.
      6. Құқық қорғау органдары өкілдерінің табельдік атыс қаруы, оның оқ-дәрілері, арнайы құралдары мен жеке қорғану құралдары келесі Тараптың аумағына нысаны мен мазмұнын Тараптар келісіп алуға тиісті арнайы тізім (рұқсат қағаз) бойынша өткізіледі және міндетті түрде қайта әкетілуі тиіс. Қару-жарақтарды, оның оқ-дәрілерін, арнайы құралдар мен жеке қорғану құралдарын қайта әкету бір Тараптың құқық қорғау органдарының өкілдері келесі Тараптың аумағына кірер кезде өкілетті органдар куәландырған, жоғарыда айтылған тізімдердің (рұқсат қағаздарының) негізінде жүзеге асырылады.
                                   4-бап




      Белгіленген тәртіппен келесі Тарап аумағына келген бір Тараптың құқық қорғау органдарының қызметкерлері осы Шарттың ережелеріне сәйкес өз қызметтерін орындайды және олар жүрген Тараптың заңдары мен олардың болуы мен тапсырмаларын орындауын реттейтін шарттарға сәйкес табельдік атыс қаруы мен арнайы құралдарды сақтау, алып жүру және қолдану құқығын пайдаланады.
                                   5-бап




      Бір Тараптың құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, егер ол Тарап алдын-ала салынған сұрауға жауап ретінде өз аумағында бақылау жасауға қатысуға рұқсат берсе ғана келесі Тарап аумағында бақылау жасауға қатысуға жол беріледі.
      Бақылауға қатысу мынадай шарттарды сақтағанда ғана іске асырылуы мүмкін:
      а) бақылауға қатысушы адамдар осы баптың талаптарын орындауға, өздері аумағында жүрген Тараптың заңдарын сақтауға, сондай-ақ ол Тараптың құқық қорғау органдарының заңды талаптарына бағынуға міндетті;
      б) бақылауға қатысушы адамдар кез келген кезде өздерінің ресми өкілдер екендігін дәлелдеуге дайын болулары тиіс;
      в) бақылауға қатысушы адамдар, аумағында бақылау жүзеге асырылып жатқан Тараптың құқық қорғау органдарының талабы бойынша, алынған мәліметтерді беруге міндетті.
      Аумағында бақылау жүзеге асырылып жатқан Тараптың тиісті құзыретті құқық қорғау органы ондай талап қойған мезеттен бастап бақылау жасауға қатысу тоқтатылады.
                                   6-бап




      1. Өз Тарабының аумағында қылмыс жасаған немесе жасалуына күдікті адамды тікелей қудалауды жүзеге асырушы құқық қорғау органының қызметкерлері қудалауды келесі Тараптың аумағында, оның құзыретті құқық қорғау органдарының рұқсатымен жалғастыра алады.
      Өз Тарабының аумағында қылмыс жасаған немесе жасалуына күдікті адамды тікелей қудалауды жүзеге асырушы құқық қорғау органының қызметкерлері, аумағында қудалау жүзеге асырылатын Тараптың құзыретті құқық қорғау органдарына хабарлау және олардың рұқсатын алу үшін барлық қажетті шаралар қабылдайды.
      Егер, осы Тараптың құзыретті құқық қорғау органдары уақыттың тығыздығына немесе мүмкіндіктердің жоқтығына байланысты шекарадан өту қажеттігі туралы хабарланбаса, сондай-ақ аумағында қудалау жүзеге асырылып жатқан Тараптың құқық қорғау органдарының өкілдері шекараның қиылысқан жеріне немесе қудалауға қатысу үшін осы Тараптағы басқа жерге уақытында келе алмаса, қудалау қудалаушы Тараптың құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен жүзеге асырылуы мүмкін.
      Келесі Тараптың аумағында қудалауды жалғастырушы құқық қорғау органдарының қызметкерлері жеке табельдік қару, арнайы құралдар және жеке қорғау құралдарын алып жүруге құқығы бар. Олардың қару қолдануына тек қажетті қорғану немесе қудаланушы адам жасауы мүмкін ауыр қылмыстың жолын кесуі үшін ғана рұқсат беріледі, әрі қару қолданылғандығы туралы мүдделі Тараптардың құзыретті құқық қорғау органдарына дереу хабарланады.
      2. Қудаланушы адамды ұстауды Тараптардың құқық қорғау қызметкерлері бірлесіп жүзеге асырады.
      Егер, аумағында қудалау жүзеге асырылып жатқан Тараптың құқық қорғау органдары қудаланушы адамды ұстауға дер кезінде жәрдем көрсете алмаса, қудалаушылар ол адамды дереу аумағында ұстау жүзеге асырылған Тараптың құқық қорғау органына тапсыра отырып, ұстауға құқылы.
      Ұстауға іс жүргізу негіздері бар мәліметтер аумағында ұстау жүргізілген Тараптың құқық қорғау органына, оның заңдарымен көзделінген мерзімде беріледі.
      3. Ұсталынған адам оны беру туралы мәселе шешілгенге дейін, ол аумағында ұсталынған Тараптың қарамағында болады.
      4. Қудалау мынадай шарттар сақталына отырып қана жүзеге асырылуы мүмкін:
      а) қудалаушылар осы баптың талаптарын орындауға және өздері аумағында жүрген Тараптың заңдарын сақтауға, сондай-ақ ол Тараптың құқық қорғау органдарының заңды талаптарына бағынуға міндетті;
      б) қудалаушылар кез келген сәтте өздерінің арнайы өкілеттігін растауға дайын болулары тиіс;
      в) қудалау аяқталғаннан соң, қудалаушылар аумағында қудалауды жүзеге асырған Тараптың құқық қорғау органдарының талабы бойынша, тиісті мәлімет береді. Ол органның талабы бойынша, олардың іс-қимылдарының жай-жапсарын анықтағанға дейін, қудалаушылар қудалау жүргізілген аумақта болады. Осы шарт қудалау қудаланушының ұсталуымен аяқталмаған жағдайда да қолданылады.
      Аумағында ол жүзеге асырылып жатқан Тараптың тиісті құзыретті құқық қорғау органы ондай талап қойған мезеттен бастап қудалау тоқтатылады.
                                   7-бап




      Егер бір Тараптың келесі Тараптың аумағында осы Шартқа сәйкес жүрген құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңсыз іс-қимылдар нәтижесінде осы Тараптың жеке немесе заңды тұлғаларының денсаулығына, меншігіне, заңды құқықтары мен мүдделеріне зиян келтірілген болса, онда оларды жіберген Тарап, аумағында зиян келтірілген Тараптың заңдарына сәйкес келтірілген зиян мен оны өтеу үшін жауап береді.
                                   8-бап




      1. Осы Шарттың шеңберінде бір Тараптың құқық қорғау органдары қызметкерлерінің келесі Тарап аумағында болуына байланысты шығатын шығындарды, егер басқа тәртібі белгіленбесе, жіберуші Тарап көтереді.
      2. Қабылдаушы Тарап іссапарда жүрген қызметкерлерге олардың қызметтік тапсырмасын орындау кезінде жүріп-тұруы мен жұмыс істеуіне тиісті жағдайлар жасайды.
                                   9-бап




      1. Осы Шарттың ережелері, Тараптардың құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылдарының шарттары мен тәртібін нақтырақ реттейтін өзге де шарттарға қол қоюларына кедергі жасамайды. Тараптар мұндай шарттар жасалынғандығы туралы депозитарийге мәлімдейді.
      2. Осы Шарттың ережелерін қолдануға немесе талқылауға байланысты туындауы мүмкін келіспеушіліктер кеңесулер немесе келіссөздер жолымен шешіледі.
                                   10-бап




      Осы Шарт, оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік іс рәсімдерін орындағандығы туралы үшінші хабарламаны Тараптар депозитарийға тапсырған күннен бастап күшіне енеді.
      Қажетті іс рәсімдерін кешіктіріп орындаған Тараптар үшін Шарт тиісті құжаттарды депозитарийге өткізген күннен бастап күшіне енеді.
                                   11-бап




      Осы Шартқа Тараптардың келісімімен, оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Шарттың 10-бабында көзделінген тәртіппен күшіне енетін бөлек хаттамалармен рәсімделінетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
                                   12-бап




      1. Әрбір Тарап құзыретті құқық қорғау органдарының және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше-мемлекеттердің құқық қорғау органдарының тізімдерін (шешетін мәселелер шеңберін көрсете отырып) белгілейді және ол туралы осы Шарт күшіне енгеннен кейін бір айдың ішінде, немесе сақтау үшін өзінің бекіту грамотасын, не қосылу жөніндегі құжатты депозитарийге өткізу кезінде депозитарийға хабарлайды.
      2. Депозитарий Тараптардан алынған мәлімдемелердің негізінде құзыретті құқық қорғау органдарының және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше-мемлекеттердің құқық қорғау органдарының тізімдерін жасайды және оны Шартқа қатысушы барлық елдерге жібереді, сондай-ақ Тараптардан алынған хабарлаулар негізінде осы Тізімдегі барлық өзгерістер туралы хабарлайды.
                                   13-бап




      Осы Шартқа Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше-мемлекеттер қосылу туралы құжаттарын депозитарийға тапсыру арқылы қосылуы мүмкін.
                                   14-бап




      1. Осы Шарт күшіне енген күннен бастап, бес жыл мерзім ішінде

қолданыста болады. Бұл мерзім біткен соң Шарт автоматты түрде жаңа 
бесжылдық мерзімге ұзартылады.
     2. Әрбір Тарап ол туралы жазбаша хабарламасын алты ай бұрын 
депозитарийге жібере отырып, осы Шарттан шыға алады.

     1999 жылғы 4 маусымда Минск қаласында бір түпнұсқалық данада орыс 
тілінде жасалынды. Түпнұсқалық дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 
Атқару комитетінде сақталынады, ал оның рәсімделген көшірмесі осы Шартқа 
қол қойған әрбір мемлекетке жіберіледі.

     Әзербайжан Республикасының             Молдова Республикасының
     Үкіметі үшін                           Үкіметі үшін      
     
     Армения Республикасының                Ресей Федерациясының
     Үкіметі үшін                           Үкіметі үшін
     
     Беларусь Республикасының               Тәжікстан Республикасының
     Үкіметі үшін                           Үкіметі үшін
     
     Грузия                                 Түрікменстан
     Үкіметі үшін                           Үкіметі үшін

     Қазақстан Республикасының              Өзбекстан Республикасының
     Үкіметі үшін                           Үкіметі үшін
     
     Қырғыз Республикасының                 Украина
     Үкіметі үшін                           Үкіметі үшін 
     
     
     Оқығандар:
     Қасымбеков Б.А. 
     Икебаева Ә.Ж. 
     
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады