Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 7 маусымдағы N 53-II Заңы

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Бүкiл мәтiн бойынша "уәкiлеттi мемлекеттiк органның", "уәкiлеттi мемлекеттiк орган", "уәкiлеттi мемлекеттiк органы", "уәкiлеттi мемлекеттiк органнан", "уәкiлеттi мемлекеттiк органды", "уәкiлеттi мемлекеттiк органмен" деген сөздер тиiсiнше "уәкiлеттi органның", "уәкiлеттi орган", "уәкiлеттi органы", "уәкiлеттi органнан", "уәкiлеттi органды", "уәкiлеттi органмен" деген сөздермен ауыстырылды -  ҚР 2004.06.09 № 558;
      бүкiл мәтiн бойынша "стандарттау, метрология және сертификаттау" деген сөздер "техникалық реттеу және метрология" деген сөздермен ауыстырылды - 2006.12.29 № 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз);
      бүкіл мәтін бойынша "қадағалау", "қадағалауға", "қадағалауды", "қадағалаудың" деген сөздер тиісінше "бақылау", "бақылауға", "бақылауды", "бақылаудың" деген сөздермен ауыстырылды - 2008.07.05 № 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз);
      техникалық реттеу және метрология жөніндегі" деген сөздер алынып тасталды - 2008.07.05 № 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      Осы Заң Қазақстан Республикасында өлшем бірлігін қамтамасыз етудің құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерін белгілейді, мемлекеттік басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың арасындағы метрологиялық қызмет саласындағы қатынастарын реттейді және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін, әрі Қазақстан Республикасының экономикасын өлшемнің теріс нәтижелері салдарынан қорғауға бағытталған.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) аккредиттеу - аккредиттеу жөнiндегi органның метрологиялық жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң нақты түрлерiн жүзеге асыруға заңды тұлғаның құзыреттілігін ресми тану рәсімі;
      2) заңдық метрология - метрологияның уәкiлеттi мемлекеттiк орган атқаратын қызметке жататын және өлшем бiрлiктерiне, әдiстерiне, өлшем құралдары мен өлшемдiк зертханаларына қатысты мемлекеттiк талаптары бар бөлiгi;
      3) мемлекеттiк метрологиялық бақылау - уәкiлеттi органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң өлшем құралдарының шығарылуын, пайдалануға берілуін, жай-күйiн және қолданылуын, өлшемдердi орындау әдiстемелерiнің қолданылуын, шама бірліктерінің эталондарын, метрологиялық қағидалар мен нормалардың сақталуын, сауда операцияларын жасаған кезде иеліктен шығарылатын тауарлар санын, сондай-ақ өлшеп орау, сату және импорттау кезiндегі кез келген орам түріндегi өлшеп оралған тауарлардың санын бақылау жөнiндегi қызметi;
      4) метрологиялық бақылау - мемлекеттiк басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерi метрологиялық ережелер мен нормалардың сақталуын тексеру мақсатында жүзеге асыратын қызмет;
      5) метрологиялық қызмет - қызметi өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етуге бағытталған субъектiлер жиынтығы;
      6) өлшем - арнаулы техникалық құралдардың көмегiмен тәжiрибелiк жолмен физикалық шама мәнiн табу;
      7) өлшем бiрлiгi - нәтижелерi заңдастырылған шама бiрлiктерiнде көрсетiлген және өлшем қателiгi берiлген ықтималдықпен белгiленген шектегi өлшемнiң жай-күйi;
      8) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесi - өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласында жұмыстарды өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын объектiлердiң, мемлекеттiк басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың жиынтығы;
      9) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесiнiң тiзiлiмi - өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы объектiлердi, жұмысқа қатысушылар мен құжаттарды тiркеудi есепке алу құжаты;
      10) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құжаттар - ережелер, нұсқаулар және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу талаптары мен тәртiбiн айқындайтын өзге де нормативтiк және әдiстемелiк құжаттар;
      11) өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы техникалық сарапшы - уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған жеке тұлға;
      12) өлшем құралдарын метрологиялық аттестаттау - бiрен-саран данада шығарылған немесе әкелiнген өлшем құралдарының өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн белгiлеу (растау);
      13) өлшем құралдарын салыстырып тексерушi - өлшем құралдарын салыстырып тексеру жүргiзу құқығына уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен аттестатталған мемлекеттiк метрологиялық қызметтiң немесе аккредиттелген заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерiнiң маманы;
      14) өлшем құралдарын сынау - сынау объектiлерiне түрлi сынау әсерлерiн қолдана отырып өлшем құралдарының белгiленген нормаларға сәйкестiк дәрежесiн анықтау үшiн өткiзiлетiн операциялар жиынтығы;
      15) өлшем құралдарын тексеру әдiстемесi - орындалуы өлшем құралдарының белгiленген техникалық және метрологиялық талаптарға сәйкестiгiн айқындауға және растауға мүмкiндiк беретiн операциялар мен ережелердiң жиынтығы;
      16) өлшем құралы - өлшем жүргiзуге арналған және нормаланған метрологиялық сипаттамалары бар техникалық құрал;
      17) өлшем құралын калибрлеу - мемлекеттiк метрологиялық бақылауға жатпайтын өлшем құралының метрологиялық сипаттамаларының шын мәндерiн айқындау мақсатында осы өлшем құралының көмегiмен алынған шаманың мәнi мен эталонның көмегімен айқындалған шаманың тиiстi мәнi арасындағы арақатынасты белгiлейтiн операциялар жиынтығы;
      18) өлшем құралын салыстырып тексеру - өлшем құралының белгiленген техникалық және метрологиялық талаптарға сәйкестiгiн анықтау және растау мақсатында мемлекеттiк метрологиялық қызмет немесе басқа аккредиттелген заңды тұлғалар орындайтын операциялар жиынтығы;
      19) өлшемдердi орындау әдiстемесi - орындалуы өлшем жүргiзудiң осы әдiстемесiмен белгiленген дәлдiкпен өлшем нәтижелерiнiң алынуын қамтамасыз ететiн операциялар мен ережелер жиынтығы;
      20) өлшемдердi орындау әдiстемесiн метрологиялық аттестаттау - өлшемдердi орындау әдiстемесiнiң оған қойылатын метрологиялық талаптарға сәйкестiгiн белгiлеу (растау);
      20-1) пайдалануға беру – өлшем құралдарын арналған мақсаттарда бірінше рет қолдану;
      21) салғастыру - эталондар мен өлшем құралдарының метрологиялық сипаттамаларын зерттеудiң нәтижелерiн салыстыру;
      22) уәкілетті орган - техникалық реттеу және метрология саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      23) шама бiрлiгi - 1-ге тең сандық мән шартты түрде берiлген белгiленген мөлшердiң физикалық шамасы;
      24) шама бiрлiгiнiң мемлекеттiк эталоны - уәкiлеттi органның шешiмiмен Қазақстан Республикасының аумағында бастапқы деп танылған шама бiрлiгiнiң эталоны;
      25) шама бiрлiгiнiң эталоны - уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен бекiтiлген, мөлшерiн осы шаманың басқа өлшем құралдарына беру мақсатында, шама бiрлiгiн (шама бiрлiгiнiң еселiк не үлестiк мәндерiн) жаңғыртуға және (немесе) сақтауға арналған өлшем құралы.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.12.29. № 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз),  өзгеріс енгізілді - 2008.07.05. № 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз), 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін
             қамтамасыз ету туралы заңнамасы

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының аумағында өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етуге байланысты қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк басқару органдарына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

      4-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету мақсаттары

      Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң негiзгi мақсаттары мыналар болып табылады:

      1) Қазақстан Республикасы азаматтарының мүдделерiн және экономикасын өлшемнiң терiс нәтижелерi салдарынан қорғау;

      2) отандық және импортталатын өнiмдердiң, процестердiң (жұмыстардың) және көрсетiлетiн қызметтердiң қауiпсiздiгi мен сапасын қамтамасыз ету;

      3) материалдық және энергетикалық ресурстардың барлық түрлерiнiң дұрыс есебiн қамтамасыз ету;

      4) iргелi зерттеулерде және ғылыми талдамаларда өлшем дұрыстығын қамтамасыз ету;

      5) диагностика және сырқаттарды емдеу, адамдардың еңбек және тұрмыс жағдайларының қауiпсiздiгiн бақылау, қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау кезiнде сенiмдi өлшем нәтижелерiн қамтамасыз ету.

      5-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудi мемлекеттiк
              басқару

      1. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi мемлекеттiк басқаруды Қазақстан Республикасының уәкiлеттi мемлекеттiк органы жүзеге асырады.
      2. Уәкiлеттi орган:
      1) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк саясатты әзiрлеудi және іске асыруды ұйымдастырады; 
      2) Қазақстан Республикасы метрологиялық қызметiнiң жұмысын үйлестiрудi жүзеге асырады;
      3) мемлекеттiк шама бiрлiктерiнiң эталондарын бекiтедi;
      3-1) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      4) метрология саласында ғылыми зерттеулер жүргiзудi ұйымдастырады;
      5) шама бiрлiктерiнiң мемлекеттiк эталондарын, шама бiрлiктерiнiң эталондарын жасау, бекiту, сақтау, қолдану және салғастыру ережелерiн белгiлейдi, Қазақстан Республикасының шама бiрлiктерiнiң эталондық базасын жетiлдiредi;
      5-1) Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын шама бiрлiктерiнiң мемлекеттiк эталондарының сыныптамасын белгiлейдi;
      6) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      7) өлшем құралдарына, әдiстерiне және нәтижелерiне, өлшем құралдарын салыстырып тексеру әдiстемелерiне қойылатын жалпы метрологиялық талаптарды анықтайды;
      8) өлшем құралдарын қолдану, өндiру және жөндеу тәртiбiн белгiлейдi, өлшем құралдарын салыстырып тексеру және калибрлеу нәтижелерiн салғастыруды ұйымдастырады;
      9) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесiнiң тiзiлiмiн жүргiзудi ұйымдастырады;
      10) мемлекеттiк метрологиялық бақылауды ұйымдастырады және өткізеді;
      11) метрология жөнiндегi халықаралық және аймақтық ұйымдарда Қазақстан Республикасының атынан өкiл болады;
      11-1) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы техникалық сарапшыларға және өлшем құралдарын салыстырып тексерушілерге аттестаттау және қайта аттестаттау жүргізу қағидаларын, сондай-ақ оларға қойылатын біліктілік талаптарын әзірлейді және бекітеді;
      12) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласында кадрлардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлау тәртібін айқындайды және оны ұйымдастырады;
      13) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 
      14) өлшем құралдарының түрiн бекiту туралы сертификаттардың, өлшем құралдарын метрологиялық аттестаттау туралы сертификаттардың, өлшем құралдарын салыстырып тексеру туралы сертификаттардың нысандарын белгiлейдi;
      15) салыстырып тексеру таңбаларын дайындаудың, сақтаудың және қолданудың тәртiбiн белгiлейдi;
      16) техникалық құралдардың өлшем құралдарына қатыстылығын белгiлеудiң тәртiбiн айқындайды;
      17) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      18) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      3. Алынып тасталды - ҚР 2008.07.05 № 62-IV Заңымен.
      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.06.09 № 558, 2004.12.20 № 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.29 № 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.07.05 № 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17 № 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.01.06 № 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.15 № 461-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 № 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-тарау. Өлшем бірлігін қамтамасыз етудің
мемлекеттік жүйесі

      6-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк
             жүйесiнiң құрылымы

      Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесi құрылымына:
      1) ұйымдық негiздi құратын Қазақстан Республикасының метрологиялық қызметi;
      2) шама бiрлiктерiнiң мемлекеттiк эталондары, шама бiрлiктерiнiң эталондары және техникалық негiздi құратын өлшем құралдары;
      3) нормативтiк құқықтық актiлер мен өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарды, жұмыстарды ұйымдастыру және жүргiзу тәртiбiн регламенттейтiн нормативтiк құжаттар кiредi.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.06.09. № 558, 2006.12.29. № 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      7-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк
             жүйесiнiң объектiлерi

      Шама бiрлiктерi, шама бiрлiктерiнiң мемлекеттiк эталондары, шама бiрлiктерiнiң эталондары, өлшем құралдары, өлшем құралдарын салыстырып тексеру әдiстемелерi, өлшем құралдарына, әдiстерiне және нәтижелерiне қойылатын талаптар, өлшемдердi орындау әдiстемелерi, өлшем бiрлiктерiн қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк басқару органдарының, жеке, заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерiнiң жұмысы өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесiнiң объектiлерi болып табылады.
      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда -  Қазақстан Республикасының 2004.06.09. № 558 Заңымен. 

      8-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi
             нормативтiк құжаттар

      Өлшем бірлігін қамтамасыз ету жөніндегі нормативтiк құжаттар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес әзiрленедi және оларды Қазақстан Республикасының аумағында барлық жеке және заңды тұлғалар мiндеттi түрде қолдануға тиiс.
      Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      9-бап. Шама бiрлiктерi

      1. Өлшемдер және салмақтар жөнiндегi бас конференция қабылдаған және Халықаралық заңдық метрология ұйымы ұсынған Халықаралық бiрлiк жүйесiнiң шама бiрлiктерiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға жол берiледi.
      Уәкiлеттi органның шешiмi бойынша Халықаралық бiрлiктер жүйесiне кiрмейтiн шама бiрлiктерiн қолдануға жол беріледі.
      2. Өлшем құралдарын қоса экспортқа шығарылатын өнiмдердiң сипаттамалары мен параметрлерi тапсырыс берушi белгiлеген шама бiрлiктерiнде көрсетiлуi мүмкiн.
      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      10-бап. Шама бiрлiктерiнiң мемлекеттiк эталондары

      Қазақстан Республикасында өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесiнiң техникалық негiзiн шама бiрлiктерiнiң мемлекеттiк эталондары құрады, олардың құрылуын және сақталып-ұсталуын мемлекет жүзеге асырады.
      Шама бiрлiктерiнiң мемлекеттiк эталондары шама бiрлiктерiн (шама бiрлiктерiнiң еселiк не үлестiк мәндерiн) жаңғыртуға және (немесе) сақтауға арналған және мөлшерiн Қазақстан Республикасының аумағындағы осы шаманың басқа өлшем құралдарына беру мақсатында негiзгi эталондар ретiнде пайдаланылады.
      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді -  Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       10-1-бап. Шама бiрлiктерiнiң эталондары

      Шама бiрлiктерiнiң эталондары шама бiрлiктерiн (шама бiрлiктерiнiң еселенген не үлестiк мәнiн) олардың көлемдерiн осы шамалардың басқа өлшем құралдарына беру мақсатымен ұдайы шығаруға және (немесе) сақтауға арналған.
      Шама бiрліктерiнiң эталондарын мемлекеттiк метрологиялық қызмет, мемлекеттiк басқару органдарының және заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерi қолданады.
      Ескерту. 10-1-баппен толықтырылды -  Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558 Заңымен .

      11-бап. Өлшем құралдары

      Өлшем құралдары бiрлiктерi Қазақстан Республикасында белгiленген тәртiппен қолдануға рұқсат етiлген шамаларды анықтау үшiн пайдаланылады және пайдалану шарттары мен оларға  қойылған  талаптарға  сай болуға тиiс.
      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді -  Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

      11-1-бап. Өлшем құралдарын салыстырып тексеру
                әдiстемелерi

      1. Өлшем құралдарын салыстырып тексеру әдiстемелерi өлшем құралдарының белгiленген техникалық және метрологиялық талаптарға сәйкестiгiн анықтау мен растау үшiн пайдаланылады және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесiнiң тiзiлiмiнде мiндеттi тiркелуге жатады.

      2. Өлшем құралдарын салыстырып тексеру әдiстемелерiн әзiрлеу, бекiту және қолдану тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.
      Ескерту. 11-1-баппен толықтырылды -  Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558 Заңымен .

      12-бап. Өлшемдердi орындау әдiстемелерi

      1. Мемлекеттiк метрологиялық бақылау жүзеге асырылатын салаларда қолданылатын өлшемдердi орындау әдiстемелерi мiндеттi метрологиялық аттестатталуға және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесi тiзiлiмiнде тiркелуге тиiс.

      2. Өлшемдерді орындау әдістемелерін әзірлеу және метрологиялық аттестаттау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР-ның 2008.07.05.  N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен .

3-тарау. Метрологиялық қызмет

      13-бап. Метрологиялық қызметтiң құрылымы

      Қазақстан Республикасының метрологиялық қызметi:
      1) мемлекеттiк метрологиялық қызметтен;
      2) уақыт және жиiлiк мемлекеттiк қызметтерiнен; заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерiнiң стандарттық үлгiлерiнен; заттар мен материалдардың физикалық тұрақты шамалары және қасиеттерi туралы стандарттық анықтама деректерден, сондай-ақ өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң өзге де мемлекеттiк қызметтерiнен;
      3) мемлекеттiк басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерiнен;
      4) өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы техникалық сарапшылардан;
      5) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласында консалтингтiк қызметтер көрсететiн заңды тұлғалардан тұрады.
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.06.09. N 558, 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      14-бап. Мемлекеттiк метрологиялық қызмет

      Мемлекеттiк метрологиялық қызмет:
      1) стандарттау метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органнан және оның аумақтық бөлiмшелерiнен;
      2) шама бірліктерінің мемлекеттік эталондарын жасауды, жетілдіруді, сақтауды және қолдануды, шама бірліктерінің мөлшерлерін беру жүйелерін құруды қамтамасыз ететін, өлшем бірліктерін қамтамасыз ету жөніндегі нормативтік құжаттарды әзірлейтін, шама бірліктерінің эталондарына салғастыру жүргізетін, өлшем құралдарын салыстырып тексеру және калибрлеу нәтижелерін салғастыруға қатысатын, өлшем құралдарын сынауды, метрологиялық аттестаттауды, шама бірліктерінің эталондары мен жоғары дәлдiктi өлшем құралдарын салыстырып тексеруді, ғылыми-зерттеу жұмыстарын, кадрлардың біліктілігін арттыруды және оларды қайта даярлауды қамтамасыз ететін мемлекеттік ғылыми метрологиялық орталықтан тұрады.
      3) <*>
      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.06.09. N 558, 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      15-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк
              қызметтерi

      1. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк қызметтерi уәкiлеттi органды және оның аумақтық бөлiмшелерiн, мемлекеттiк ғылыми метрологиялық орталықты, мемлекеттiк басқару органдарының метрологиялық қызметтерiн қамтиды.
      Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк қызметтерi уәкiлеттi орган бекiтетiн ережелер негiзiнде өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асырады.
      2. Уақыт пен жиiлiк мемлекеттiк қызметi аймақаралық және салааралық үйлестiрудi жүзеге асырады, уақыт пен жиiлiктiң өлшем бiрлiгін қамтамасыз етуге және Жердiң айналу параметрлерiн анықтауға бағытталған жұмыстарды орындайды.
      Қазақстан Республикасының уақыт пен жиiлiк мемлекеттiк қызметi мемлекеттік метрологиялық бақылау саласында қолдану үшін міндетті болып табылатын уақыт пен жиiлiк бiрлiктерiнiң мөлшерлерiн жаңғыртуды, сақтауды және беруді жүзеге асырады.
      3. Заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерiнiң стандарттық үлгiлерiнiң мемлекеттiк қызметi аймақаралық және салааралық үйлестiрудi жүзеге асырады, заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерiнiң стандарттық үлгiлерiн әзiрлеуге және ендiруге байланысты жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етедi.
      4. Заттар мен материалдардың физикалық тұрақты шамалары мен қасиеттерi туралы стандарттық анықтама деректердiң мемлекеттiк қызметi аймақаралық және салааралық үйлестiрудi жүзеге асырады, заттар мен материалдардың физикалық тұрақты шамалары мен қасиеттерi туралы стандарттық анықтама деректердi әзiрлеуге және ендiруге байланысты жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етедi.
      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.06.09. N 558, 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      16-бап. Мемлекеттiк басқару органдарының, жеке және
              заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерi

      1. Мемлекеттiк басқару органдары, жеке және заңды тұлғалар қажет болған жағдайларда өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыстарды орындау, сондай-ақ метрологиялық бақылауды жүзеге асыру үшiн метрологиялық қызметтер құрады.
      Осы Заңның 23-бабында көзделген салалардағы жұмыстарды орындау кезiнде метрологиялық қызметтердiң құрылуы немесе ұйымдастыру шараларының жүргiзiлуi мiндеттi болып табылады.

      2. Мемлекеттiк басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерiнiң жұмысы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiлген нормативтiк құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      16-1-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы
                техникалық сарапшылар

      1. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы техникалық сарапшылар өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы жұмыстарды жүзеге асырады.
      2. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы техникалық сарапшылардың қызметi өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтік құқықтық актілер мен нормативтiк құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады. Өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы техникалық сарапшыларды аттестаттау уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бес жылда бір рет жүзеге асырылады.
      Ескерту. 16-1-баппен толықтырылды - ҚР 2004.06.09 N 558 Заңымен, жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      16-2-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласында
                консалтингтiк қызметтер көрсететiн заңды
                тұлғалар

      Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласында консалтингтiк қызметтер көрсететiн заңды тұлғалар өз қызметiн өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтік құқықтық актілер мен нормативтiк құжаттарға сәйкес жүзеге асырады.
      Ескерту. 16-2-баппен толықтырылды - ҚР 2004.06.09. N 558 Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-тарау. Өлшем құралдарының түрін бекіту, оларды
өндіру, жөндеу, салыстырып тексеру және калибрлеу

      17-бап. Өлшем құралдарының түрiн бекiту және оларды
               метрологиялық аттестаттау

      1. Қазақстан Республикасында сериялы шығарылатын немесе Қазақстан Республикасының аумағына партиялармен әкелінген және мемлекеттік метрологиялық бақылау саласында қолдануға арналған өлшем құралдары пайдалануға беру алдында сынақтан өткiзіліп, осы өлшем құралдарының түрі кейiннен бекiтiлуге жатады.
      Өлшем құралдарының түрiн бекiту туралы шешiмдi уәкiлеттi орган қабылдайды және ол белгiленген үлгiдегi өлшем құралдарының түрiн бекiту туралы сертификатпен куәландырылады, сертификаттың қолданылу мерзiмi оны берген кезде белгiленедi.
      2. Қазақстан Республикасында жасалған немесе бірен-саран данада әкелiнген және мемлекеттiк метрологиялық бақылау саласында қолдануға арналған өлшем құралдары пайдалануға беру алдында метрологиялық аттестаттаудан өткiзiледi.
      Өлшем құралдарын метрологиялық аттестаттау туралы шешiм белгiленген үлгiдегi өлшем құралдарын метрологиялық аттестаттау туралы сертификатпен куәландырылады, сертификаттың қолданылу мерзiмi оны берген кезде белгiленедi.
      3. Өлшем құралдарының түрiн бекiту мақсаты үшiн және бекiтiлген түрге сәйкестiгiн сынауды, өлшем құралдарын метрологиялық аттестаттауды мемлекеттiк метрологиялық қызмет жүргiзедi.
      Өлшем құралдарының бекiтiлген түрi және метрологиялық аттестаттаудан өткен өлшем құралдары өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесiнiң тiзiлiмiне енгiзiледi.
      4. Бекiтiлген түрдегi өлшем құралына және (немесе) әрбiр данаға iлестiрiп жiберiлетiн пайдалану құжаттарына өлшем құралдарының уәкiлеттi орган белгiлеген түрiн бекiту белгiсi қойылады.
      5. Өлшем құралдарының түрiн бекiту туралы ақпарат және бекiтiлген түрдiң күшiн жою туралы шешiм уәкiлеттi органның ресми басылымдарында жарияланады.
      6. Түрiн бекiту мақсатында сынақтан немесе метрологиялық аттестаттаудан өтпеген, мемлекеттік метрологиялық бақылауға жататын өлшем құралдарын айналысқа шығаруға, пайдалануға беруге, қолдануға, өткiзуге және жарнамалауға тыйым салынады.
      Түрiн бекiту туралы сертификаттың қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн пайдалануда және сақтауда болатын өлшем құралдары осы Заңның 19-бабының талаптары сақтала отырып, толық физикалық тозғанға дейiн қолданылады.
      Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558 , өзгеріс енгізілді - 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      18-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы
              аккредиттеу

      Өлшем құралдарын салыстырып тексеруді, өлшемдердi орындау әдiстемелерiн метрологиялық аттестаттауды қызметтiң осы түрiне аккредиттелген заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының сәйкестiктi бағалау саласындағы аккредиттеу туралы, техникалық реттеу саласындағы және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.
      Өлшем құралдарын калибрлеу құқығына аккредиттеу кезінде аккредиттеу Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы, техникалық реттеу саласындағы және өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      19-бап. Өлшем құралдарын салыстырып тексеру

      1. Мемлекеттiк метрологиялық бақылауды жүзеге асыру саласында қолданылатын өлшем құралдары өндiрiстен немесе жөндеуден шығару, пайдалану және импорт бойынша әкелу кезiнде түрi бекiтiлгеннен кейiн немесе метрологиялық аттестаттаудан және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесiнiң тiзiлiмiнде тiркелгеннен кейiн салыстырылып тексерiледi.
      Салыстырып тексерудi мемлекеттiк метрологиялық қызмет, сондай-ақ қызметтiң осы түрiне аккредиттелген заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерi жүзеге асырады.
      2. Өлшем құралдарын салыстырып тексерудiң тiзбесi мен мерзiмдiлiгiн, сондай-ақ оны жүргiзу тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.
      3. Аккредиттелген заңды тұлғалардың қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Өлшем құралдарын салыстырып тексеруге аккредиттелген заңды тұлғалар мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын жағдайларды қоспағанда, салыстырып тексерiлетiн өлшем құралдары туралы деректердi электрондық есепке алуды және уәкiлеттi орган айқындаған тәртiппен оларды мемлекеттік ғылыми метрологиялық орталыққа берудi жүзеге асыруға тиiс.
      5. Өлшем құралдарын салыстырып тексеруді мемлекеттiк метрологиялық қызметтiң немесе аккредиттелген заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерiнiң салыстырып тексерушiлерi өлшем құралдарын салыстырып тексеру әдiстемесiне сәйкес жүзеге асырады. Салыстырып тексерушiлердi аттестаттау уәкiлеттi орган айқындайтын тәртіппен бес жылда бір рет жүзеге асырылады.
      6. Салыстырып тексерудiң оң нәтижелерi өлшем құралына және (немесе) пайдалану құжаттамасына басылатын салыстырып тексеру таңбасының баспа-таңбасымен және (немесе) өлшем құралдарын салыстырып тексеру туралы сертификатпен куәландырылады.
      7. Физикалық шамалардың өзгерiсiн олардың мәндерiн нормаланған дәлдiкпен шамалар бiрлiктерiнде бағалаусыз байқау үшiн қолданылатын техникалық құралдар салыстырып тексеруге жатпайды.
      Мұндай техникалық құралдардың жарамдылығын бақылауды оларды пайдаланушылар жүзеге асырады.
      Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - ҚР 2004.06.09. N 558, өзгерту енгізілді - 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      20-бап. Өлшем құралдарын калибрлеу

      1. Мемлекеттік метрологиялық бақылау саласында өлшеу кезінде қолдануға арналмаған өлшем құралдарына осы Заңның 19-бабына сәйкес калибрлеу немесе салыстырып тексеру ерікті түрде жүргізілуі мүмкін.
      Өлшем құралдарын калибрлеу осы өлшем құралдарының дайындаушысы, иесі немесе пайдаланушысы айқындайтын тәртіппен шама бірліктерінің мемлекеттік эталондарына да бағындырылған эталондар пайдаланыла отырып орындалады.
      Өлшем құралдарын калибрлеуді орындайтын заңды тұлғалар сәйкестікті бағалау саласында ерікті түрде аккредиттеледі.
      Өлшем құралдарын калибрлеу нәтижелерi өлшем құралдарына басылатын калибрлiк белгімен немесе метрологиялық сипаттамалардың шын мәндерi мiндеттi түрде көрсетiлетiн калибрлеу туралы сертификатпен, сондай-ақ пайдалану құжаттарындағы жазбамен куәландырылады.
      2. алып тасталды
      3. алып тасталды
      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.06.09. N 558 Заңымен, 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-тарау. Мемлекеттік метрологиялық бақылау

      21-бап. Мемлекеттiк метрологиялық бақылаудың мақсаты

      Мемлекеттiк метрологиялық бақылауды осы Заңның, өлшем бірлігін қамтамасыз ету жөніндегі Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттардың және нормативтік құжаттардың талаптарын жеке және заңды тұлғалардың сақтауын тексеру мақсатында уәкiлеттi мемлекеттiк орган және оның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады.
      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558 Заңымен.

      22-бап. Мемлекеттiк метрологиялық бақылау объектiлерi

      Мемлекеттiк метрологиялық бақылау объектiлерi мыналар болып табылады:
      1) шама бiрлiктерiнiң эталондары;
      2) өлшем құралдары;
      3) өлшемдердi орындау әдiстемелерi;
      4) жеке және заңды тұлғалардың өлшем бiрлiгiн метрологиялық қағидалар мен нормаларды сақтау тұрғысынан қамтамасыз ету жөнiндегi қызметi;
      5) өлшеп орау, сату және импорттау кезiндегi кез келген орам түріндегі өлшеп оралған тауарлардың саны;
      6) сауда операцияларын жасау кезiнде иелiктен шығарылатын тауарлар саны.
      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558 , 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз), 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      23-бап. Мемлекеттік метрологиялық бақылау аясы

      Осы Заңның 22-бабында аталған объектілерге қатысты мемлекеттік метрологиялық бақылау олардың нәтижелері:
      1) азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар;
      2) қоршаған ортаны қорғау, геология және гидрометеорология саласындағы қызметті жүзеге асыру;
      3) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес сәйкестікті бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыру;
      4) мемлекеттік есеп операциялары, сатып алушы (тұтынушы) және сатушы (өнім беруші, өндіруші, орындаушы) арасындағы, соның ішінде тұрмыстық және коммуналдық қызметтер көрсету мен байланыс қызметтерін көрсету салаларындағы сауда-коммерциялық операциялар;
      5) еңбек және көлік жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар;
      6) қару-жарақ, әскери техника өндіру;
      7) ғылыми зерттеулер жүргізу;
      8) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      9) өлшем құралдарын сынау, метрологиялық аттестаттау, салыстырып тексеру, калибрлеу;
      10) ұлттық және халықаралық спорт рекордтарын тіркеу;
      11) энергетикалық ресурстардың барлық түрлерін шығару, өндіру, өңдеу, тасымалдау, сақтау және тұтыну;
      12) мемлекеттік органдардың, соттың және құқық қорғау органдарының тапсырмасы бойынша орындалатын жұмыстар кезінде пайдаланылатын өлшемдерге қолданылады.
      Ескерту. 23-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз);  өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      24-бап. Өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы
              мемлекеттік бақылау

      1. Мемлекеттiк метрологиялық бақылау:
      1) өлшем құралдарының шығарылуын, пайдалануға берілуін, жай-күйiн және қолданылуын, өлшемдердi орындау әдiстемелерiнiң қолданылуын, шама бiрлiктерiнiң эталондарын, метрологиялық қағидалар мен нормалардың сақталуын бақылауды;
      2) сауда операцияларын жасау кезiнде иелiктен шығарылатын тауарлардың санын бақылауды;
      3) өлшеп орау, сату және импорттау кезіндегі кез келген орам түріндегі өлшеп оралған тауарлардың санын бақылауды қамтиды.
      2. Өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      3. Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз),  2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      25-бап. Өлшем құралдарының шығарылуын, пайдалануға
               берілуін, жай-күйiн және қолданылуын,
               өлшемдердi орындау әдiстемелерiнiң қолданылуын,
               шама бiрлiктерiнiң эталондарын, метрологиялық
               қағидалар мен нормалардың сақталуын мемлекеттiк
               метрологиялық бақылау

      Өлшем құралдарының (оның iшiнде заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерiнiң стандарттық үлгiлерiнiң) шығарылуын, пайдалануға берілуін, жай-күйiн және қолданылуын, өлшемдердi орындау әдiстемелерiнiң қолданылуын, шама бiрлiктерiнiң эталондарын, метрологиялық қағидалар мен нормалардың сақталуын мемлекеттiк метрологиялық бақылау белгiленген метрологиялық қағидалар мен нормалардың сақталуын тексеру мақсатында жүзеге асырылады.
      Ескерту. 25-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

      26-бап. Сауда операцияларын жасау кезiнде иелiктен
              шығарылатын тауарлардың санын мемлекеттiк
              метрологиялық бақылау

      Сауда операцияларын жасау кезiнде иеліктен шығарылатын тауарлар санын мемлекеттік метрологиялық қағидалау осы тауарлардың санын сипаттайтын салмақты, көлемді, шығысты немесе басқа шамаларды анықтаудың дұрыстығын тексеру мақсатында жүзеге асырылады.

      27-бап. Кез келген түрдегi бума тауарларды ашу, сату
              және импорттан алу кезiнде олардың санын
              мемлекеттiк метрологиялық бақылау

      Кез келген түрдегi бума тауарларды ашу, сату және импорттан алу кезiнде олардың санын мемлекеттiк метрологиялық бақылау бума iшiндегi тауар санының буманың бетiнде белгiленген шамаға сәйкестiгiн тексеру мақсатында жүзеге асырылады.

      28-бап. Мемлекеттiк метрологиялық бақылауды жүзеге
              асыратын лауазымды адамдардың құқықтары

      1. Мемлекеттiк метрологиялық бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкiлеттi органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң лауазымды адамдары жүзеге асырады.
      Мемлекеттiк метрологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бақылау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы – уәкілетті органның басшысы;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бақылау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторының орынбасарлары – уәкілетті орган басшысының орынбасарлары;
      3) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың мемлекеттік бақылау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлары – аумақтық бөлімшелердің басшылары;
      4) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және қалалардың мемлекеттік бақылау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторларының орынбасарлары – аумақтық бөлімшелер басшыларының орынбасарлары және олардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары;
      5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және қалалардың мемлекеттік бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекторлары - аумақтық бөлімшелердің мемлекеттік бақылау жөніндегі мамандары жатады.
      2. Мемлекеттiк метрологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар атқарып жүрген қызметтерiне сәйкестiгiн анықтау және кәсiби даярлығын бағалау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мiндеттi аттестаттаудан өтуге тиiс.
      3. Мемлекеттiк метрологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың:
      1) тексеруге тапсырмасын (жолдамасын) және қызметтiк куәлiгiн көрсеткен кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк метрологиялық бақылау үшiн белгiленген объектiлерге кедергiсiз кiруге;
      2) жеке және заңды тұлғалардан мемлекеттiк метрологиялық бақылау жүргiзу үшiн қажеттi құжаттар мен мәлiметтер сұратуға және алуға;
      3) техникалық құралдарды пайдалануға және тексерiлетiн объектiлердiң мамандарынан ақпарат алуға;
      4) сынақтан және түрiн бекiтуден, салыстырып тексеруден, метрологиялық аттестаттаудан өтпеген, бекiтiлген түрге сәйкес келмейтiн өлшем құралдарын қолдануға, өткiзуге, пайдалануға беруге, өндiрiстен және жөндеуден шығаруға тыйым салуға;
      5) егер өлшем құралдары жұмысқа жарамсыз болса олардың көрсетулерiнiң қателiгi рұқсат етiлген нормалардан асып кетсе немесе өлшем құралдарын салыстырып тексеру туралы сертификаттың қолданылу мерзiмi бiтсе, салыстырып тексеру таңбаларының баспа-таңбасын өшіруге немесе өлшем құралдарын тексеру туралы сертификаттың күшiн жоюға;
      5-1) өлшем құралдарының өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн белгiлеу үшiн оған инспекциялық салыстырып тексеру жүргiзуге;
      6) метрологиялық нормалар мен ережелердiң бұзылуын жою, қолдануға жарамсыз өлшем құралдарын және заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандарттық үлгілерін пайдаланудан алып тастау туралы орындау үшiн мiндеттi нұсқамалар беруге;
      7) буманың iшiндегi тауардың санын көрсететiн шаманың буманың бетiнде белгiленген шамаға сәйкессiздiгi анықталған жағдайда бума тауарлар партияларын өткiзуге тыйым салуға;
      8) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқығы бар.
      4. Нұсқамаларға қол қоюға бас мемлекеттік инспекторлар мен олардың орынбасарларының құқығы бар.
      Нұсқамалардың нысандарын және оларды беру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
      Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558 Заңымен, 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      28-1-бап. Мемлекеттік метрологиялық бақылауды жүзеге
               асыратын лауазымды адамдардың міндеттері

      Мемлекеттік метрологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
      1) мемлекеттік метрологиялық бақылау жөніндегі іс-шаралар барысында Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасын қолдану бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуге;
      2) коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мемлекеттік метрологиялық бақылауды жүзеге асыру тәртібін сақтауға;
      4) жүргізілген мемлекеттік метрологиялық бақылау нәтижелері негізінде анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
      Ескерту. 5-тарау 28-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-тарау. Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін
қамтамасыз ету туралы заңнамасын бұзғаны
үшін жауаптылық және дауларды шешу

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      29-бап. Қазақстан Республикасының өлшем бiрлiгiн
             қамтамасыз ету туралы заңдарын бұзғандық үшiн
             жауаптылық

      Қазақстан Республикасының өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
      Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.06.09. N 558 Заңымен .

      30-бап. Осы Заң нормаларының бұзылуына қатысты
              дауларды шешу

      Осы Заң нормаларының және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құжаттардың бұзылуына байланысты даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.

7-тарау. Өлшем бірлігін қамтамасыз ету жөніндегі
жұмыстарды қаржыландыру

      31-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету және мемлекеттiк
              метрологиялық бақылау жөнiндегi жұмыстарды
              қаржыландыру

      1. Бюджет қаражаты есебiнен:
      1) <*>
      2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      3) Қазақстан Республикасының өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласында өз қызметiн жүзеге асыратын халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысуы және мүшелiк жарналар төлеуі;
      4) Қазақстан Республикасының шама бiрлiктерiнiң мемлекеттiк эталондарын, мемлекеттік метрологиялық қызметке тиесілі шама бірліктерінің эталондарын жасауға және ұстауға арналған шығыстар қаржыландырылады.
      2. Осы Заңда көзделген және осы баптың 1-тармағында аталмаған метрологиялық жұмыстар мен қызмет көрсетулер шарттық негiзде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен қаржыландырылады.
      Ескерту. 31-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.06.09. N 558 Заңымен, 2004.12.20. N 13 Заңымен (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады