Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 шілдедегі N 72 Заңы.

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң қылмыстық процеске құқыққа қарсы араласудың жолын кесу мақсатында, қылмыстық процеске қатысушы адамдардың, олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының өмiрiн, денсаулығын, мүлкiн, заңды құқықтарын, мүдделерiн мемлекеттiк қорғау, олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету шараларының жүйесiн белгiлейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінен, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3. Осы Заңның 2-бабында көрсетілген органдар Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісу бойынша, өз құзыреті шегінде осы Заңның негізінде қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдайды.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2014 № 233-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

1-1-бап. Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғауды жүзеге асыру принциптері

      Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау заңдылық, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, қорғалатын адамның жеке басының құқықтары мен заңды мүдделерінің басымдығы, қорғалатын адамдар мен мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ететін органдардың өзара жауапкершілігі принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 1-1-баппен толықтырылды - ҚР-ның 2009.04.07. N 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

1-2-бап. Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ету

      Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарын мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ету аталған адамдардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне нақты қол сұғу қатері төнген кезде қолданылатын осы Заңда көзделген қауіпсіздік, құқықтық және әлеуметтік қорғау шараларын (бұдан әрі - мемлекеттік қорғау шаралары) уәкілетті мемлекеттік органдардың жүзеге асыруынан тұрады.

      Ескерту. 1-2-баппен толықтырылды - ҚР-ның 2009.04.07. N 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

2-бап. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдар

      Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін:

      1) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын орган;

      2) қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган қамтамасыз етеді.

      Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, әскери басқару органдарына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және экономикалық тергеу қызметіне жүктеледі.

      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.04.07. N 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.06.30 N 297-IV (2010.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-бап. Мемлекеттiк қорғауға жататын адамдар

      Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексi мен осы Заңға сәйкес:

      1) судьялар;

      2) қосшы билер;

      3) прокурорлар;

      4) тергеушiлер;

      5) анықтаушылар;

      6) жедел-iздестiру, қарсы барлау қызметiн жүзеге асыратын адамдар;

      6-1) жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдемдесетін азаматтар;

      6-2) жеке айыптаушылар;

      7) қорғаушылар;

      8) сарапшылар;

      9) мамандар;

      10) сот отырыстарының хатшылары, сот приставтары, сот орындаушылары;

      11) жәбiрленушiлер;

      12) куәлер;

      13) сезiктiлер;

      14) айыпталушылар, сотталушылар, сотталғандар, сондай-ақ өздеріне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған немесе сот ақтау үкімін шығарған адамдар;

      15) аудармашылар;

      16) куәгерлер;

      17) заңды өкiлдер, өкiлдер;

      18) азаматтық талапкерлер, азаматтық жауап берушiлер;

      19) осы баптың 1)-18) тармақшаларында аталған адамдардың отбасы мүшелерi, жақын туыстары мемлекеттiк қорғауға жатады.

      Қылмыстардың алдын алуға немесе оларды ашуға ықпал ететін адамдарға қатысты зорлық-зомбылық немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекеттер жасалуының нақты қатері болған кезде, оларға қатысты да мемлекеттік қорғау шаралары қолданылуы мүмкін.

      Осы бапта аталған, өздерiне қатысты белгiленген тәртiппен мемлекеттiк қорғау шараларын қолдану туралы шешiм қабылданған адамдар бұдан әрi "қорғалатын адамдар" деп аталады.

      Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР-ның 2009.04.07 N 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 36-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-бап. Мемлекеттік қорғалу құқығының пайда болуы

      1. Қорғалуға жататын адамдарды өлтірумен, күш қолданумен, мүлкін жоюмен немесе бүлдірумен не құқыққа қарсы өзге де қауіпті іс-әрекеттермен қорқытудың жеткілікті негіздері болған кезде, қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдар өз құзыреті шегінде осы Заңда көзделген мемлекеттік қорғау шараларын қолдануға міндетті.

      2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдемдесетін азаматтарға қатысты қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешімді қылмыстық процесті жүргізетін органмен қатар, жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар осы Заңда көзделген тәртіппен қабылдайды.

      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР-ның 2009.04.07. N 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 36-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-бап. Мемлекеттiк қорғаудың түрлерi

      Осы Заңға және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiне сәйкес қорғалатын адамдар:

      1) қорғалатын адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғау мақсатында уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың қауiпсiздiк шараларын қолдануымен, сондай-ақ олардың мүлкiнiң сақталуын қамтамасыз етумен;

      2) құқықтық қорғау шараларымен, соның iшiнде олардың өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне қол сұғушылық үшiн қылмыстық жауапкершiлiктi көздейтiн шараларды қолданумен;

      3) олар қаза болған (өлген), олардың денесiне жарақат салынған немесе денсаулығына басқа да зиян келтiрiлген, мүлкi жойылған немесе бүлдiрiлген жағдайда осы Заңмен белгiленген материалдық өтемге құқығын iске асыруды көздейтiн әлеуметтiк қорғау шараларын жүзеге асырумен қамтамасыз етiледi.

6-бап. Мемлекеттiк қорғау шараларын жүзеге асыру кезiнде заңдылықтың сақталуын қадағалау

      Мемлекеттiк қорғау шараларын жүзеге асыру кезiнде заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалау Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына және оған бағынысты прокурорларға жүктеледi.

      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2-тарау. ҚАУIПСIЗДIК ШАРАЛАРЫ

7-бап. Қауiпсiздiк шараларының түрлерi

      Қорғалатын адамдардың жеке және мүлiктiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында анықтау, алдын ала тергеу жүргiзу кезiнде немесе соттың iстi қарауы барысында қылмыстық процестi жүргiзушi орган нақты мән-жайларды ескере отырып, мынадай iс жүргiзу және өзге де қауiпсiздiк шараларын қолдануға құқылы:

      1) күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да әрекеттер жасау қаупiн төндiретiн адамға оның қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн екендiгi туралы ресми ескертуге;

      2) қорғалатын адам туралы мәлiметтерге қол жеткiзудi шектеуге;

      3) айыпталушыға (сезiктiге) қатысты қылмыстық процеске қатысушы адамдарға күш қолдануды ұйымдастыру немесе өзге де қылмыстық әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) мүмкiндiгiн болдырмайтын бұлтартпау шараларын таңдап алуға;

      4) жекелеген адамдарды сот отырысы залынан шығарып жiберуге;

      5) соттың жабық отырысын өткiзуге;

      6) соттың куәден - бүркеншiк атын пайдалана отырып, оның жеке басы туралы мәлiметтердi жарияламай;

      оны танып қоюды болдырмайтын жағдайларда;

      сот талқылауына басқа да қатысушылардың оны сырттай шолып байқауынсыз;

      қажет болғанда бейне, дыбыс жазуға және жауап алу барысын түсiрiп алудың өзге де тәсiлдерiне тыйым сала отырып жауап алуына;

      7) жеке күзетуге, тұрғын үйiн және өзге де мүлкiн күзетуге;

      8) белгiленген тәртiпте қарумен, жеке қорғану құралдарымен және техникалық құралдармен қамтамасыз етуге;

      9) қауiпсiз орынға уақытша орналастыруға;

      10) қорғалатын адамдар туралы мәлiметтердiң құпиялылығын қамтамасыз етуге;

      11) басқа тұрғылықты жерге көшiруге, жұмыс (қызмет) немесе оқу орнын ауыстыруға, жұмысқа орналасуына көмектесуге;

      12) құжаттарды ауыстыруға;

      13) сырт пiшiнiн өзгертуге.

      Басқа тұрғылықты жерге көшіру, құжаттарды ауыстыру және сырт пішінін өзгерту қауіпсіздіктің ерекше шаралары болып табылады және қорғалатын адамның қауіпсіздігі басқа қауіпсіздік шараларын қолданумен қамтамасыз етіле алмайтын жағдайларда қолданылады.

      Осы бапта көзделген қауiпсiздiк шараларын iске асыру мақсатында "Жедел-iздестiру қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жедел-iздестiру шаралары жүргiзiлуi мүмкiн.

      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.04.07. N 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

8-бап. Күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да әрекеттер жасау қаупiн төндiретiн адамға оның қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн екендiгi туралы ресми ескерту жасау

      Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 115-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, қорғалатын адамдардың өмiрiне, денсаулығына, мүлкiне қол сұғу қатерiн айғақтайтын деректер анықталған кезде қылмыстық процестi жүргiзушi орган күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да әрекеттер жасау қаупiн төндiретiн адамға оның қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн екендiгi туралы ресми ескерту жасайды. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган жасаған ескерту адамға қолхат алынып хабарланады.

      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2014 № 227-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

9-бап. Қорғалатын адам туралы мәлiметтерге қол жеткiзудi шектеу

      Қорғалатын адам туралы мәлiметтерге қол жеткiзудi шектеу қылмыстық іс материалдарынан адамның сауалнамалық деректері туралы мәлiметтердi алу мен оларды негiзгi жүргiзiлiп жатқан iстен бөлек сақтаудан, сондай-ақ бұл үшiн бүркеншiк атты пайдаланудан тұрады.

10-бап. Айыпталушыға (сезiктiге) қатысты қылмыстық процеске қатысушыларға күш қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмыстық әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) мүмкiндiгін болдырмайтын бұлтартпау шараларын таңдап алу

      Айыпталушы (сезiктi) тарапынан қатер төнген жағдайда қылмыстық процестi жүргiзушi орган Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiне сәйкес соңғыға қатысты күш қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмыстық әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) мүмкiндiгiн болдырмайтын бұлтартпау шараларын таңдап алуға құқылы, ол туралы дәлелдi қаулы шығарады. Қаулының көшiрмесi оның шығарылуына қатысы бар адамға табыс етiледi.

      Қабылданған шешiм туралы қорғалатын адам хабардар етiледi.

      Бұлтартпау шаралары өзгерген немесе айыпталушы (сезiктi) қашып кеткен жағдайда қорғалатын адам дереу хабардар етiлуге тиiс.

11-бап. Жекелеген адамдарды сот отырысы залынан шығарып жiберу

      Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнде тiкелей көзделген реттерде төрағалық етушi жекелеген адамдарды сот отырысы залынан шығарып жiберуге құқылы.

12-бап. Соттың жабық отырысын өткiзу

      Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сот талқылауына төрағалық етушi соттың жабық отырысын өткiзедi. Соттың iстi жабық талқылауына соттың дәлелдi қаулысы бойынша жол берiледi.

13-бап. Соттың куәден жауап алуы

      Соттың куәден жауап алуы оның жеке басы туралы деректердi жария етпей бүркеншiк атты пайдалана отырып, сондай-ақ сотта айыпталушы тараптың куәсiнен жауап алу айыпталушыны, қорғаушы тараптың өкiлдерiн сот отырысы залынан шығарып жiберген соң жүргiзiлуi мүмкiн.

      Қажет болған жағдайларда қорғалатын адамнан жауап алу оның танылып қалуын болдырмайтын жағдайда жүргiзiледi. Осы мақсатта бетперде, бет бояу, қорғалатын адамның дауысын өзгертуге арналған аппарат және заңға қайшы келмейтiн өзге де қорғау тәсiлдерi пайдаланылуы мүмкiн.

      Қорғалатын адамнан процеске басқа қатысушылардың сырттай бақылауынсыз жауап алу бейне және басқа техникалық құралдар, перде, қорғағыш экран көмегi қолданыла отырып, процеске қатысушылардың құпиялылықты сақтау туралы алдын ала ескертiлген шектеулi тобының қатысуымен жүргiзiлуi мүмкiн.

      Қажет болған жағдайда төрағалық етушi сот талқылауы барысында куәден жауап алуды түсiрiп алудың бейне, дыбыс жазу және өзге тәсiлдерiн қолдануға тыйым сала алады.

      Сот қолданылған қауiпсiздiк шаралары туралы дәлелдi қаулы шығарады.

14-бап. Жеке күзет, тұрғын үй мен өзге де мүлiктi күзету

      Қорғалатын адамдардың өмiрiне не денсаулығына немесе мүлкiне қол сұғу қатерi бар екендiгiн айғақтайтын деректер анықталған кезде, қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi органдар олардың келiсiмiмен сол адамдарды жеке күзетудi, олардың тұрғын үйлерi мен мүлiктерiнiң күзетiлуiн жүзеге асырады. Қажет болған жағдайда өртке қарсы және күзеттiк дабылдатқыш құралдары, қорғалатын адамның келісімімен бақылаудың техникалық құралдары орнатылады, телефон нөмiрлерi мен пайдалануындағы көлiк құралдарының мемлекеттiк тiркеу белгiлерi өзгертiлуi мүмкiн.

      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.04.07. N 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

15-бап. Қарумен, жеке қорғану құралдарымен және техникалық құралдармен қамтамасыз ету

      Қорғалатын адамдардың өмiрi мен денсаулығына төнген қатер дәрежесiн ескере отырып, қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi органдар белгiленген тәртiппен аталған адамдарға қару, жеке қорғанудың арнаулы құралдарын және оларға қатысты болуы мүмкiн құқыққа қарсы қолсұғушылықты тiркеу және қауiп туралы хабар беру үшiн техникалық құралдар бере алады.

      Қорғалатын адамдарға берiлген қаруды олардың сақтауы, алып жүруi және қолдануы "Жекелеген қару түрлерiнiң айналымына мемлекеттiк бақылау жасау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

16-бап. Қауiпсiз орынға уақытша орналастыру

      Қажет болған жағдайда кәмелеттiк жасқа толған қорғалатын адамдар - олардың келiсiмiмен, ал кәмелеттiк жасқа толмағандар - олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкiлдердiң келiсiмiмен өздерiне қауiпсiздiк қамтамасыз етiлетiн орындарға орналастырылуы мүмкiн.

      Ол жерде болу мерзiмi қорғалатын адамдар мен қорғауды қамтамасыз етушi орган арасында келiсiледi.

17-бап. Қорғалатын адамдар туралы мәлiметтердiң құпиялылығын қамтамасыз ету

      Қауiпсiздiктi қамтамасыз ететін органның шешiмi бойынша сол орган айқындайтын мерзiмге қорғалатын адамдардың жеке басы, олардың тұрғылықты жерi туралы деректердiң және мекенжай бюроларынан, төлқұжат қызметтерiнен, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлiмшелерiнен, автоматты телефон байланысының анықтама қызметтерiнен және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, басқа да ақпараттық-анықтамалық қорлардан олар жөнiнде өзге де мәлiметтердiң, мұндай мәлiметтер басқа қылмыстық iс жүргiзуге байланысты белгiленген тәртiппен анықталатын жағдайларды қоспағанда, берiлуiне тыйым салынуы мүмкiн.

      Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.04.2014 № 195-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

18-бап. Басқа тұрғылықты жерге көшiру, жұмыс (қызмет) немесе оқу орнын ауыстыру, жұмысқа орналасуына көмектесу

      Қорғалатын адамдардың келiсiмiмен не олардың өтiнiшi бойынша олар басқа, уақытша немесе тұрақты жұмысқа (қызметке), немесе оқу орнына ауыстырылуы, басқа, уақытша немесе тұрақты тұрғылықты жерге көшірілуі мүмкiн.

      Мемлекеттік органдар және мемлекеттік ұйымдар өз құзыреті шегінде қорғалатын адамдардың жұмысқа орналасуына және оқуға орналасуына жәрдем көрсетуге міндетті.

      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.04.07. N 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

19-бап. Құжаттарды ауыстыру

      Қорғалатын адамдардың өтiнiшi бойынша немесе олардың келiсiмiмен оларға өзгертiлген сауалнама деректермен жеке басын куәландыратын құжаттар және өзге де құжаттар берiлуi мүмкiн.

      Жаңа сауалнамалық деректер қорғалатын адаммен мiндеттi түрде келiсiле отырып таңдап алынады немесе оларды оның өзi таңдап алады, ал кәмелеттiк жасқа толмағандар үшiн - олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкiлдерiнiң келiсiмiмен таңдап алынады.

20-бап. Сырт пiшiнiн өзгерту

      Қорғалатын адамның қауiпсiздiгiн басқа шаралармен қамтамасыз етуге болмайтын ерекше жағдайларда оның өтiнiшi бойынша немесе оның келiсiмiмен, кәмелеттік жасқа толмаған адам үшін - оның ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен оның сырт пiшiнi өзгертiлуi мүмкiн.

      Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.04.07. N 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

3-тарау. ҚАУIПСIЗДIК ШАРАЛАРЫН ҚОЛДАНУ НЕГІЗДЕРI МЕН
ТӘРТIБI. ҚОРҒАЛАТЫН АДАМДАРДЫҢ ЖӘНЕ ҚАУIПСIЗДIКТI ҚАМТАМАСЫЗ
ЕТУШІ ОРГАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI

21-бап. Қауiпсiздiк шараларын қолдану мен жүзеге асыру

      Осы Заңның 7-бабында көзделген қауiпсiздiк шараларын қамтамасыз етудi:

      1) 1), 2), 3), 7), 8), 9) және 10) тармақшалар бойынша - қылмыстық iстi жүргiзiп жатқан органдар;

      2) 12) тармақша бойынша - уәкілетті мемлекеттік органдар;

      3) 4) 5) және 6) тармақшалар бойынша - соттар;

      4) 13) тармақша бойынша - қажет болған жағдайда денсаулық сақтау iстерi жөнiндегi мемлекеттiк органмен бiрлесе отырып, қылмыстық iстi жүргiзiп жатқан орган;

      5) 11) тармақша бойынша - жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесе отырып, қылмыстық iстi жүргiзiп жатқан орган жүзеге асырады.

      Әскери соттардың судьяларына, прокурорларға, әскери полицияның, әскери-тергеу бөлiмшелерiнiң әскери қызметшiлерiне, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарына қатысты қауiпсiздiк шараларын тиiстi әскери бөлiмнiң қолбасшылығы немесе тиiстi әскери мекеменiң бастығы да жүзеге асыра алады.

      Мемлекеттік органдар және мемлекеттік ұйымдар, өз құзыреттерi шегiнде, қауiпсiздiк шараларын қолдану туралы шешiм қабылдаушы және қауiпсiздiк шараларын жүзеге асырушы органдарға осы Заңның нормаларын орындауда жәрдем көрсетуге мiндеттi.

      Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.04.07. N 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

21-1-бап. Әскери қызметшілердің, запастағы азаматтардың олардың әскери жиындардан өтуі кезінде, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөлімдері, құрамалары немесе мемлекеттік мекемелері азаматтық персоналдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету

      Әскери қызметшілердің, запастағы азаматтардың олардың әскери жиындардан өтуі кезінде, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөлімдері, құрамалары немесе мемлекеттік мекемелері азаматтық персоналдарының қауіпсіздігі Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөлімдеріндегі, құрамаларындағы немесе мемлекеттік мекемелеріндегі әскери қызметті өткеру және жұмыстың ерекшеліктерін ескере отырып, осы Заңда белгіленген қауіпсіздік шараларын қолдану жолымен қамтамасыз етіледі.

      Қорғалатын адамға қатысты, қорғалатын адамды жаңа әскери қызмет орнына, оның ішінде Қарулы Күштердің, Қазақстан Республикасының заңнамасында әскери қызмет көзделген басқа мемлекеттік органның басқа да әскерлері мен әскери құралымдардың әскери бөліміне немесе мемлекеттік мекемесіне ауыстыру, шақыру бойынша әскери қызмет өткеріп жатқан қорғалатын адамға қатер төндіруі мүмкін әскери қызметшіні, егер оның әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болса, басқа әскери бөлімге, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың басқа мемлекеттік мекемесіне іссапарға жіберу немесе ауыстыру сияқты қауіпсіздік шаралары да қолданылуы мүмкін.

      Қорғалатын адамды іссапарға жіберу және ауыстыру оның жазбаша түрде берген келісімімен жүзеге асырылады. Ауыстыру кезінде әскери қызметші тең әскери лауазымға тағайындалады, бұл ретте оны негізгі немесе бірдей бейінді әскери есепке алу мамандығымен пайдалану қамтамасыз етілуге тиіс.

      Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын өзге де органдар қорғалатын адамның қауіпсіздігі шараларын қамтамасыз етуде әскери бөлімнің қолбасшылығына немесе Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемесінің бастығына жәрдем көрсетеді.

      Ескерту. 21-1-баппен толықтырылды - ҚР-ның 2009.04.07. N 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

21-2-бап. Күзетпен ұстаудағы немесе жазасын өтеу орнындағы қорғалатын адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету

      Күзетпен ұстаудағы немесе қамауға алу не бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеу орнындағы қорғалатын адамның қауіпсіздігі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қамтамасыз етіледі.

      Ескерту. 21-2-баппен толықтырылды - ҚР-ның 2009.04.07. N 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2009.07.10. N 177-IV Заңдарымен.

22-бап. Қауiпсiздiк шараларын қолдану негiздерi

      Қылмыстық процестi жүргiзушi орган, қорғалатын адамдарға қатысты нақты қатер төнгендiгiн айғақтайтын деректер жеткiлiктi болған кезде, олардың ауызша (жазбаша) өтiнiштерi негiзiнде немесе өз бастамасы бойынша қорғалатын адамдардың қауiпсiздiгi шараларын қолданады. Бұл туралы дәлелдi қаулы шығарылады.

23-бап. Қауiпсiздiк шараларын қолдану тәртiбi

      Қылмыстық процестi жүргiзушi орган қорғалатын адамдардың қауiпсiздiгiне нақты қатер төнгенi туралы осы Заңның 22-бабында аталған өтiнiштi алған соң, оны алған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей, аталған адамға қатысты қауiпсiздiк шараларын қолдану не одан бас тарту туралы шешiм қабылдауға мiндеттi.

      Кiдiртуге болмайтын жағдайларда дереу қауiпсiздiк шараларын қолдану туралы шешiм қабылданады.

      Қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi орган қауiпсiздiк шараларын қолдану туралы нақты адамға қатысты нақты қауiпсiздiк шаралары мен оларды қолдану мерзiмдерi көрсетiлген қаулы шығарады. Қабылданған шешiм туралы, тиiстi қаулының көшiрмесi жолдана отырып, өтiнiш бiлдiрушi дереу хабарландырылады.

      Қорғалатын адамның қауiпсiздiгi мақсатында оған орындалуы мiндеттi нұсқама берiледi. Қорғалатын адамның өтiнiшi бойынша нұсқамаға өзгерiстер тек қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi органның келiсiмiмен ғана енгiзiлуi мүмкiн.

      Қауiпсiздiк шараларын қолданудан бас тартылса, қорғалатын адам сотқа немесе прокурорға шағымдана алады. Шағым дереу қаралуға тиіс.

      Қолданылатын қауiпсiздiк шаралары қорғалатын және басқа да адамдардың тұрғын үй, еңбек, зейнетақы және өзге де құқықтарына нұқсан келтiрмеуге тиiс.

      Соттан басқа, қылмыстық процесті жүргізетін орган қауіпсіздік шараларының қабылдануына қарамастан, қылмыстық процеске қатысушы адамға қатысты қылмыстық заңмен тыйым салынған іс-әрекеттің жасалу қатерінің анықталуына негіздер болған кезде осыған байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуге міндетті.

      Кәмелеттік жасқа толмағандарға немесе өздерінің дене немесе психикалық жағдайына байланысты өз құқықтары мен мүдделерін өз бетінше іске асыру мүмкіндіктерінен айрылған адамдарға қатысты қауіпсіздік шараларын қолдану олардың заңды өкілдерін тарта отырып жүзеге асырылады. Заңды өкілдердің осы Заңда көзделген шекте өздері өкілдік ететін жеке тұлғалардың құқықтары сияқты құқықтары бар.

      Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.04.07 N 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

24-бап. Қауiпсiздiк шараларын қолдану туралы шешiмдердi орындаудың мiндеттiлiгi

      Қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн органдардың өз құзыретiне сәйкес қабылдаған шешiмдерiн, бұл шешiмдер өз аттарына жiберiлген атқарушы органдардың, мекемелердiң, ұйымдардың лауазымды адамдары мiндеттi түрде орындауға тиiс.

25-бап. Қорғалатын адамдардың құқықтары

      Мемлекеттiк қорғалуға жататын адамдардың:

      1) өздерiне қатысты қолданылатын қауiпсiздiк шаралары туралы бiлуге;

      2) осы Заңның 7-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған нақты қауiпсiздiк шараларын өздерiне қатысты қолдану немесе қолданбау туралы өтiнуге;

      3) қауiпсiздiк шараларын жүзеге асырушы лауазымды адамдардың заңсыз шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi жоғары тұрған органға, прокурорға не сотқа шағымдануға құқығы бар.

26-бап. Қорғалатын адамдардың мiндеттерi

      Мемлекеттiк қорғалуға жататын адамдар:

      1) қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi орган берген нұсқамаларды, сондай-ақ оның заңды талаптарын орындауға;

      2) өздерiне қатысты қорқыту немесе құқыққа қарсы iс-әрекеттердiң әрбiр оқиғасы туралы қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi органға дереу хабарлауға;

      3) қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн өздерiне берiлген мүлiктi сақтауға міндетті, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға берілген мүлікті сатқан, басқа адамға берген немесе бүлдірген жағдайда, қорғалатын адам Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады;

      4) өздерiне қатысты қолданылып жатқан қауiпсiздiк шаралары туралы мәлiметтердi жария етпеуге;

      5) қажет болған жағдайда қаруды, жеке қорғану құралдарын және арнаулы техниканы пайдалануды оқып-үйренуге мiндеттi.

      Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.04.07. N 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

26-1-бап. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдардың құқықтары мен міндеттері

      1. Қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын органдардың:

      1) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылданатын адамдардың қауіпсіздігіне төнетін қатер туралы өтініштер мен хабарламалар бойынша мемлекеттік органдарға, меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғаларға сұрау салуға және олардан қажетті мәліметтерді алуға;

      2) іс жүргізу іс-әрекеттерін жүргізуге немесе қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдарға қажетті тапсырмалар беруге құқығы бар.

      2. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдардың:

      1) қорғалатын адамға қатысты іс жүргізу іс-әрекеттерін қоспағанда, қажетті қауіпсіздік шараларын таңдап алуға, оларды қолдану тәсілдерін белгілеуге, қолданылатын қауіпсіздік шараларын қажет болғанда өзгертуге және толықтыруға;

      2) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылданған қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдарға, меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғаларға сұрау салуға және олардан қажетті мәліметтерді алуға;

      3) қорғалатын адамнан қауіпсіздік шараларын қолдану шарттарын сақтауды, аталған шараларды қолдануға байланысты заңды өкімдерді орындауды талап етуге;

      4) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын органдарға қауіпсіздік шараларын қолдану не оларды тоқтату туралы ұсыныспен өтініш беруге;

      5) заңда белгіленген тәртіппен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге құқығы бар.

      3. Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдар:

      1) қауіпсіздік шараларын қолдануды қажет ететін, өздеріне белгілі болған әрбір оқиғаға жедел ден қоюға;

      2) қорғалатын адамға қатысты барлық қажетті қауіпсіздік шараларын жүзеге асыруға;

      3) қорғалатын адамдарды қауіпсіздігіне төнген қатер туралы, оларға қатысты осы Заңда көзделген қауіпсіздік шараларын қолдану туралы, өзгерту немесе қолдануды тоқтату туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты шешімдер қабылдау туралы уақтылы хабардар етуге;

      4) қауіпсіздік шараларын қолдану (қолданудан бас тарту) туралы қаулымен таныстырған кезде қорғалатын адамға оның құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге міндетті.

      Ескерту. 26-1-баппен толықтырылды - ҚР-ның 2009.04.07. N 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

27-бап. Қауiпсiздiк шараларын қолдануды тоқтату

      Қорғалатын адамның қауiпсiздiгiне төнген қатер жойылған кезде не қауiпсiздiк шараларын қолдануды тоқтату үшiн басқа негiздер пайда болған жағдайда, бұған уәкiлеттi лауазымды адам тиiстi дәлелдi қаулы шығарады, ол қорғалатын адамға дереу хабарланады.

      Аталған қаулыға осы Заңның 23-бабында көзделген тәртiппен шағымдануға болады.

28-бап. Осы Заңның талаптарын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қауіпсіздікті қамтамасыз етуші органдардың қорғалатын адамдарға қатысты қауiпсiздiк шараларының қолданылмауына немесе оның ойдағыдай жүзеге асырылмауына кiнәлi лауазымды адамдары не атына қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi органдардың шешiмдерi жолданған атқарушы органдардың, мекемелердiң лауазымды адамдары оларды орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапқа тартылады.

      Мәлiметтерге қатысты сенiм бiлдiрiлген немесе осы мәлiметтер олардың лауазымдық қызметiне байланысты өздерiне белгiлi болған адамдар жүзеге асырылып жатқан қауiпсiздiк шаралары туралы жария еткен жағдайда заңға сәйкес қылмыстық жауапқа тартылуға жатады.

4-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ҚОРҒАУ ШАРАЛАРЫН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ
ЖӘНЕ МАТЕРИАЛДЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ. ӘЛЕУМЕТТIК ҚОРҒАУ ШАРАЛАРЫ

29-бап. Мемлекеттiк қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      Осы Заңда көзделген мемлекеттiк қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету белгiленген тәртiппен бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      Қауiпсiздiк шараларын қолдануға байланысты шығындарды қорғалатын адамдарға жүктеуге болмайды.

      Тұрғылықты жерi мен жұмыс орнын ауыстыруға, сондай-ақ сырт пiшiнiн өзгертуге байланысты жәрдемақы төлеу мен шығындарды өтеу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн орган Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырады.

      Ескерту. 29-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

30-бап. Қорғалатын адамдардың өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне зиян келтiрiлген жағдайдағы әлеуметтiк кепiлдiктер

      Әлеуметтiк қамсыздандырылуы арнаулы заңдармен реттелетiн адамдардан басқа қорғалатын адамдарға, олардың қылмыстық процеске қатысуына байланысты өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне зиян келтiрiлген жағдайда, мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен әлеуметтiк кепiлдiктер қамтамасыз етiледi.

      Әлеуметтiк кепiлдiктердi төлеу тәртiбi мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

31-бап. Осы Заңның қолданысқа енгiзiлу тәртiбi

      Осы Заң 2001 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентіz000000053

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады