Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сарышаған сынақ полигонын жалдау туралы шартты бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 шілдедегі N 73 Заңы.

      Мәскеуде 1996 жылғы 18 қазанда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сарышаған сынақ полигонын жалдау туралы шарт бекітілсін.

Қазақстан Республикасының
Президенті



Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы Сарышаған сынақ полигонын жалдау туралы
Шарт

      2003 жылғы 7 мамырда күшіне енді (Қазақстан Республикасының Сыртқы істер Министрлігінің ресми сайты)

      Бұдан әрі тиісінше жалға беруші және Жалға алушы немесе Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,

      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы Сарышаған сынақ полигонын пайдалану мен жалдау және Приозерск қаласының тіршілік-тынысын қамтамасыз ету шарттары туралы 1995 жылғы 20 қаңтардағы Келісімді (бұдан әрі - Келісім) негізге ала отырып,

      Сарышаған сынақ полигонын (бұдан әрі - Полигон) эксперименттік-сынау және әлеуметтік-мәдени әлеуеті мен инфрақұрылымын сақтау, пайдалану және дамытудағы өзара мүдделілікті ескере отырып,

      Тараптардың мүдделерін ескеріп, Полигонды жалдау және пайдалану кезіндегі Жалға беруші мен Жалға алушының құқықтары мен міндеттерін шарттық реттеулердің қажеттілігін негізге алып,

      төмендегілер туралы осы шартты жасады:

1-бап

      Осы Шарттың мәні Қазақстан Республикасының Yкіметі мен Ресей Федерациясы Үкiметiнiң арасындағы Қазақстан Республикасының жер учаскелерiн және жалға алу шартымен Ресей Федерациясына ұсынған жылжымалы және жылжымайтын мүлкін пайдалануға байланысты қарым-қатынастар болып табылады.

      Тараптар осы Шартты жүзеге асыру мақсатында оған қол қойылғаннан кейiнгi бiр ай мерзiм iшiнде өкiлеттi органдар құрады.

      Осы Шартта Келісімде айқындалған терминдер пайдаланылады.

2-бап

      Қазақстан Республикасының Үкiметi өзi өкiлеттендiрген органдар атынан осы Шартқа қол қойылған күннен бастап екi айлық мерзiмде Ресей Федерациясының Үкiметiне ол өкiлеттендiрген органдардың атына Полигонды жалға бередi.

      Жер учаскелерiн және жалға беру шарттарымен жылжымалы және жылжымайтын мүлiктi берудi келiсiлген ведомостарға сәйкес, Тараптардың өкiлеттi органдары жүзеге асырады.

      Жалдауға қабылданбайтын объектiлер мен мүлікке, Жалға алушы Жалға берушiге олардың пайдалануы мен жөнделуiн қамтамасыз ететiн көлемде техникалық құжаттама жинақтарының көшiрмелерiн бередi.

3-бап

      Полигонды жалдауды Жалға алушы Келісімде, сондай-ақ Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлiгi Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің келiсiмі бойынша бекіткен Полигон туралы Ережеде көзделген мақсаттарда жүзеге асырады.

      "Полигон" - жер учаскелерін және онда орналасқан мүлікті қамтитын біртұтас кешен.

      Полигонды жалдау объектісінің бір бірлігі үшін ставка, яғни Полигонның жалға берілген жер учаскелерін, оның ішінде оларда орналасқан жылжымалы және жылжымайтын мүлік объектілерімен қоса жер учаскелерінің аудан (гектар) бірліктерін пайдаланғаны үшін жалдау ақысы 2,33 АҚШ доллары мөлшерінде белгіленеді.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.21 N 284 Заңымен.

4-бап

      Осы Шарттың 3-бабымен белгіленген Полигонды жалдау объектісінің бір бірлігіне ставканы негізге ала отырып есептелген Полигонды пайдаланғаны үшін жыл сайынғы жалдау ақысы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап 16,276 млн. АҚШ долларына баламалы соманы құрайды. Бұл ретте жалдау ақысының көрсетілген мөлшері осы Шартқа қол қойылған күні болған немесе Қазақстан Республикасының аумағында осы күннен кейін енгізілген және Полигонды жалдауға қатысты салықтардың, комиссиялардың, алымдардың және өзге де төлемдердің барлық түрін ескереді.

      Полигонның жалға берілетін жер учаскелерінің, сондай-ақ оларда орналасқан жылжымалы және жылжымайтын мүлік объектілерімен қоса жер учаскелерінің құрамы өзгерген кезде, жалдау ақысы Полигонды жалдау объектісінің бір бірлігіне белгіленген ставканы ескере отырып, жер учаскелерінің жалға берілетін ауданының өзгеруіне тепе-тең өзгереді.

      Полигонды пайдаланғаны үшін жалдау ақысы өзгерген жағдайда осы Шартқа Тараптардың өзара келісуі бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

      Приозерск қаласының инфрақұрылымын ұстауға Ресей Тарапының үлестік қатысу мөлшері Приозерск қаласының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету туралы жеке хаттамамен айқындалады және Полигонды пайдаланғаны үшін жалдау ақысының құрамына кіреді.

      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.07.21 N 284 Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 29.02.2016 N 463-V Заңымен.

5-бап

      Осы Шарттың 4-бабында белгіленген жыл сайынғы жалдау ақысы 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап АҚШ долларымен алынады.

      Жалдау төлемдерін аудару жыл сайын әрқайсысы екі тең бөлікпен жылдың екінші және төртінші тоқсанының соңғы айының 5 күніне дейін жүзеге асырылады.

      Қазақстан Тарабының уәкілетті органы Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне қаражатты аудару үшін төлем алушыны және қаржы деректемелерін көрсете отырып хабарлама жібереді және көрсетілген қаражатты алғаны туралы оны хабардар етеді.

      Төлем алушы және (немесе) оның қаржы деректемелері өзгерген жағдайда Қазақстан Тарабының уәкілетті органы кезекті төлем мерзімі өткенге дейін бір айдан кешіктірмей Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне бұл туралы хабардар етуге міндетті.

      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.07.21 N 284 Заңымен.

6-бап

      Полигонды 1992-1996 жылдары пайдалануға байланысты Қазақстан Республикасының мүлiктiк шығындары мен шығыстары үшiн 99,85 млн. АҚШ долларына тең сомадағы өтемақы Тараптар 1997 жылдың iшiнде жасалатын жеке келісімге сәйкес жүзеге асырылады.

7-бап

      Жалдау төлемi бойынша есеп айырысуларға байланысты барлық операцияларды комиссиялық және өзге де жинауларды өндірусіз Қазақстан Республикасының Ұлттық банкi мен Ресей Федерациясының Орталық банкі орындайды.

8-бап

      1991 жылғы 31 тамыздағы жағдай бойынша Полигонда тұрған бөлек жылжымалы мүлiк Тараптардың өкiлеттi органдарының арасындағы келiсiм бойынша Ресей Федерациясынан Жалға берушiге қажеттi өнiмдердi қарсы жеткiзiлiмдерi (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) кезiнде оның жалпы құнынан шегерiле отырып, Жалға алушының меншігіне берілуi мүмкiн.

9-бап

      Жалға алушы мен Жалға берушi осы Шарт күшiне енгеннен кейін екі ай мерзімде 1992 жылдан бастап Полигонның мүмкін болатын экологиялық зардаптарының көлемін, ал олар болған жағдайда бұл зардаптарды Жалға алушы есебiнен жоюдың әдiстерi мен мерзiмдерiн айқындау үшін Тараптардың өкiлеттi органдарының өкiлдерiнен бірлескен комиссия құрады.

      Жалға алушы орындаған жұмыс уақытында нысаналар, сынақ аппараттары, ракеталар немесе олардың бөлшектерi Полигон аумағынан тыс жерлерге құлаған жағдайда егер аталмыш уақиға Жалға алушының кiнәсiнен болса соңғысы толық жауапкершiлiкте болады және Жалға берушіге іс жүзінде келтірілген зиянды өтейді.

10-бап

      Жалға беруші:

      Келісімдерде көзделген тәртіпте келісілген жоспарлар мен кестелерге сәйкес Жалға алушының Полигонды мақсатты түрде пайдалануын;

      Жалға алушыға шарттық негізде электр энергиясын, азық-түлiктi, Қазақстан өндiрiсiндегi басқа да материалдық құралдарды берудi, Қазақстан Республикасында өз Қарулы Күштерi үшiн қолданылатын бағалар мен тарифтер бойынша Полигон мен оның қызметшiлерiнiң жұмыс iстеуiне қажеттi көлiк, тұрғын үй-коммуналдық, бiлiм беру және өзге де қызметтер көрсетудi қамтамасыз етедi.

11-бап

      Жалға алушы:

      Жалға берушiге жалдау мерзiмi аяқталған бойда одан әрi пайдалануға жарамды жағдайдағы оның пайдаланылуын қамтамасыз ететiн көлемдегi техникалық құжаттамаларымен бiрге (РҚҚ объектілерінің мүліктерінен басқа) жалданған мүлікті, ал мұның мүмкіндігі болмаған жағдайда жалдау мерзімі аяқталған сәттегі мүліктің тозуын есепке ала отырып, оның құндық баламын қайтаруды;

      Жалға берушінің Полигон мен оның қызметшілерінің жұмыс істеуіне қажетті электр энергиясы, азық-түлік, Қазақстан өндірісінің басқа да материалдық құралдары үшін, көрсетілген көлік, тұрғын үй-коммуналдық, оқу-ағарту және өзге де қызметтер үшін Қазақстан Республикасындағы өз Қарулы Күштеріне қолданылатын бағалар мен тарифтер бойынша уақтылы есеп айырысулар жүргізуді қамтамасыз етеді.

12-бап

      Жалға алушының:

      Жалдау мақсаттарына сәйкес Полигонда жүргізілетін жұмыс процесінде алынған ғылыми-техникалық және өзге де нәтижелерге иелік етуге;

      жалданылатындардың және тиісінше жалдау ақысы азайтылатындардың ішінен Полигонның жекелеген мүлкі мен жер учаскелерін шығарып тастау жөнінде ұсыныстар енгізуге;

      жалданылған объектілер мен мүлікке бөлекше жақсартулар енгізуге;

      Ресей Федерациясының кәсіпорындары мен ұйымдарында жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын және жетілдірулер жүргізу үшін Ресей Федерациясы жалға алған Полигонның жылжымалы мүлкін Келісімнің 18-бабында көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағынан уақытша алып кетуге;

      жалға алушының жазбаша келісімімен;

      жалға алынған объектілер мен мүліктерге зиян келтірместен, бөлектеусіз жақсарту енгізуге;

      жалдау мақсаттарына сәйкес жаңа объектілердің құрылысын салуды жүзеге асыруға;

      Полигондағы жұмыстарға, оның ішінде объектілердің құрылысын салуға (қайта жаңғыртуға) үшінші елдердің кәсіпорындары мен ұйымдарын тартуға құқы бар.

13-бап

      Жалға алушы егер мынадай шарттар сақталса:

      Жалға беруші Полигонның жалдау мерзімі аяқталысымен, өзінің мұндай объектілерді олардың мақсаттық арналымы бойынша Жалға алушының пайдалануына кедергі келтірілмейтініне келіскен жаңа құрылысты жүргізуге ниеті туралы Жалға алушының мәлімдеуімен жазбаша түрде келіссе;

      Жалға алушы жаңа объектілердің құрылысы жүргізілетін жер учаскелерін пайдаланғаны үшін келісілген мөлшерлерде жалға алу ақысын енгізу туралы Жалға берушінің алдында міндеттеме қабылдаса;

      Жалға беруші мен Жалға алушы сол объектілерді пайдаланатын қызметшілердің құқықтық мәртебесі мәселелерін қоса алғанда, осы Шарттың күшінің мерзімі бітісімен мұндай объектілерді пайдаланудың шарттары туралы келіскен қорытындыға келсе, оның ішінде жалдау уақыты өткен бойда Полигондағы жаңадан құрылған объектілерге меншік құқығын алады.

14-бап

      Жалға алушының, егер мынадай шарттар сақталса:

      Жалға алушы Жалға берушімен Полигон аумағында жаңа объектілердің құрылысын салуды келіссе;

      Жалға беруші келісу кезінде жалға алу мерзімі бітісімен ол жаңадан салынған объектіні одан әрі пайдалануға өз қаражаттарының есебінен қабылдайтындығын көрсетсе;

      Жалға алушы Жалға берушіге қалдық құнды айқындау және Жалға берушінің бұл объектілерді одан әрі пайдалануы үшін қажетті, жаңадан салынған объектілерді (РҚҚ объектілерінен басқа) пайдалану жөніндегі басшылықты қоса алғанда, бүкіл жобалау-сметалық және өзге техникалық құжаттаманы берсе, жаңадан салынған объектілердің қалдық құнына өтем алуға құқы бар.

      Аталған шарттардың біреуі орындалмаған кезде Жалға алушы Жалға берушіге жаңадан салынған объектілерді ақысыз береді.

15-бап

      Жалға берушінің:

      жалға алушының Келісім қағидалары мен осы Шарттың сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;

      Қазақстан Республикасының мүддесі үшін оларды ұйғарылған пайдалануға байланысты жалдау төлемін тиісті түрде азайтуға сәйкес, полигонның жалданған мүлкінің құрамы мен Жалға алушы пайдаланатын жер учаскелерін өзгерту жөнінде ұсыныстар енгізуге құқығы бар.

16-бап

      Полигонда Тараптардың үлестік қаржыландыруы есебінен салынған объектілер Тараптардың бірлескен меншік объектілері мәртебесіне ие болады, бұл жағдайда олардың әрқайсысының меншік үлесі олардың бұл объектілерді салған кездегі қаржыландыру үлесімен айқындалады.

      Бірлескен меншік объектілерін пайдалану шарттарын, оларды ұстаудағы үлестік жарналар мен олардың жұмыс істеуіндегі басқа да мәселелерді айқындауды Тараптар құрылыс басталғанға дейін келіседі.

      Бірлескен меншік объектілерін пайдалану процесінде алынған ғылыми-техникалық нәтижелер Тараптардың бірлескен меншігі болып табылады.

      Бірлескен меншік объектілерінің шаруашылық қызметінен түскен пайда, егер бұл объектілердің құрылысы келісілген кезде өзгеше көзделмесе, Тараптардың меншік үлестеріне пара-пар бөлінеді.

17-бап

      Тараптар осы Шарт күшіне енгеннен кейінгі үш айлық мерзімде Полигон аумағынан ракета отыны құраластарын және табиғи орта мен адамдардың денсаулығына қауіп төндіретін басқа да материалдар мен заттарды әкетудің тәртібі мен шарттары туралы Хаттамаға қол қояды. Көрсетілген құраластар, материалдар мен заттар Полигон қызметі үшін қажет болған жағдайда Жалға алушы олардың қауіпсіз сақталуы мен пайдаланылуын қамтамасыз етеді.

18-бап

      Тараптар арасында осы Шартты орындау және түсіндіру кезінде пайда болуы мүмкін даулар келіссөздер жолымен шешілетін болады. Бірлескен шешімді талап ететін мәселелер туындағаны туралы бір Тарап келесісін келіссөздер басталғанға дейін 15 күн бұрын хабардар етеді.

19-бап

      Осы Шарт бекітуге жатады және бекіту грамоталары алмасылған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Шарт Келісімнің қолданылу кезеңіне жасалады және Келісімде көзделгеніндей онымен бірге ұзартылады.

      Осы Шарт оған қол қойылған күннен бастап уақытша толық көлемінде қолданылады.

      Осы Шартқа өзгертулер мен толықтырулар Тараптардың өзара келісімі бойынша енгізіледі.

      1996 жылы 18 қазанда Мәскеу қаласында екі данада, әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде жасалды, әрі екі мәтіннің де бірдей күші бар.

      Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының

      Үкіметі үшін Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының
Үкiметi арасындағы Приозерск қаласының тiршiлiк қызметiн
қамтамасыз ету туралы
ХАТТАМА

      Бұдан былай Тараптар деп аталатын, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Yкiметi,

      1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Сарышаған сынақ полигонын жалдау туралы шарттың (бұдан әрi - Шарт) ережелерiн жүзеге асыру мақсаттарында, Приозерск қаласының Қазақстан Республикасының облыстық бағыныстағы қаласы статусын ескере отырып және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мен әлеуметтiк сала объектiлерiнiң Приозерск қаласы әкiмiнiң қарауына берiлуiн назарға ала отырып, Приозерск қаласының тiршiлiк қызметiн қамтамасыз етудiң қаржылық мәселелерiн реттеу мақсатында төмендегiлер жөнiндегi осы Хаттамаға қол қойды:

      1. Осы Хаттаманың тақырыбы - Приозерск қаласының тiршiлiк қызметiн қамтамасыз ету жөнiндегi үлестiк қатыс жағдайларында тараптардың өзара iс-қимылдарының тәртiбiн айқындау болып табылады.

      Тараптардың осы Хаттаманы жүзеге асыру жөнiндегi Өкiлеттi органдары:

      Қазақстан тарабынан - Қазақстан Республикасы Қарағанды облысы Приозерск қаласының әкiмi;

      Ресей тарабынан - Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлiгi болып табылады.

      2. Ресей тарабының Приозерск қаласы инфрақұрылымының қазiргi объектiлерiн ұстауға және қайта жаңартуға үлестiк қатысы Ресей Тарабының Өкiлеттi органы пайдаланатын қала инфрақұрылымы объектiлерiн, соның iшiнде Ресей Тарабы жалға алған объектiлердi ұстауы үшiн қажеттi ассигнование көлемiнiң мөлшерiнде айқындалады.

      Тараптардың үлестiк қатысы мен пайдаланатын объектiлерiнiң тiзбесiн айқындауды 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жыл сайын Тараптардың өкiлеттi органдары бiрлесiп жүргiзедi.

      Ресей Тарабының Өкiлеттi органы Приозерск қаласының инфрақұрылымы объектiлерiнiң тiзбесiн айқындауы және пайдалануы кезiнде Ресей Тарабы өкiлеттi органының қолдағы бар материалдық, техникалық және өзге ресурстары тiзбеге сәйкес ескерiледi және пайдаланылады.

      Ресей Тарабының Приозерск қаласы инфрақұрылымының жаңа объектiлерiн жасаудағы үлестiк қатысын айқындау үшiн Шарттың 16-бабының ережелерi қолданылады.

      Тараптардың өкiлеттi органдары Приозерск қаласының тiршiлiк қызметiн қамтамасыз ету мақсаттарында шарттық негiзде қала инфрақұрылымы объектiлерiнiң баланстық тиесiлiгiне сәйкес өзара қызметтер көрсетедi. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлiгiнiң әскери емдеу мекемелерiнде ақысыз медициналық жәрдем алуға құқы жоқ Приозерск қаласының және Приозерск қаласының тiршiлiк қызметiн қамтамасыз ететiн Тасарал, Гүлшат, Қаншеңгел, Мыңарал поселкаларының, Көктас, Сарышаған темiр жол станцияларының тұрғындарына медициналық қызмет көрсетулердi осы Хаттаманың Қосымшасына сәйкес Сарышаған сынақ полигонының әскери госпиталi жүзеге асырады.

      Ресей Тарабының Приозерск қаласының инфрақұрылымын ұстаудағы Шарттың 5-бабында көзделген үлесi осы Хаттаманың ережелерiн жүзеге асыруға байланысты, Ресей Тарабының шығындарын қаржыландыру үшiн тiкелей полигон командованиесiне мақсатты түрде арналып аударылады.

      3. Тараптар, тиiсiнше:

      а) Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникация министрлiгiне және Ресей Федерациясының Жол қатынасы министрлiгiне Приозерск қаласының және Сарышаған полигонының тiршiлiк қызметiн қамтамасыз етуге қажеттi жүктердi темiр жол көлiгiмен тасымалдаудың өзара қолайлы жағдайлары туралы мәселенi шешудi;

      б) Тараптардың Өкiлеттi органдарына:

      осы Хаттамаға қол қойылған күннен бастап екi ай мерзiм iшiнде Приозерск қаласының жiберу режимiн айқындайтын құжаттың жобасын әзiрлеудi;

      шарттық негiзде Камбала әуежайын сауда-саттық мақсаттарда бiрлесiп пайдалану жөнiнде ұсыныстар әзiрлеудi тапсырады.

      4. Осы Хаттаманың ережелерiн түсiндiру және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар Тараптардың келiссөздерi арқылы шешiлуге тиiс.

      5. Осы Хаттама, оның күшіне енуі үшін Тараптардың ішкі мемлекеттік рәсімдерді орындағандары туралы соңғы мәлімдемелердің күнінен бастап күшіне енеді және Шарттың қолданыс мерзімі аяқталғанға дейін күшінде болады.

      Осы Хаттама қол қойылған күннен бастап уақытша толық көлемде қолданылады.

      Алматы қаласында 1997 жылғы 4 қазанда, екі түпнұсқа данада, әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде жасалды, сондай-ақ екі мәтіннің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының

      Үкіметі үшін Үкіметі үшін

  Приозерск қаласының тіршілік
қызметін қамтамасыз ету
туралы Хаттамаға
Қосымша

Сарышаған сынақ полигонының әскери госпиталiнiң күшiмен
Қазақстан Республикасының азаматтарына медициналық қызмет
көрсетудiң тәртiбi

      1. Ресей Тарабы азаматтарды мiндеттi медициналық сақтандыру шеңберiнде Ресей Федерациясында қолданылатын тарифтар бойынша ақы төленетiн шарттық негiзде Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлiгiнiң әскери емдеу мекемелерiнде ақысыз медициналық жәрдем алу құқы жоқ, осы Хаттаманың 2-тармағында көрсетiлген, Қазақстан Республикасының Приозерск қаласында және басқа жерлерiнде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына Сарышаған сынақ полигонының әскери госпиталiнде (бұдан әрi - госпиталь деп аталады) медициналық жәрдем алуға мүмкiндiк бередi.

      2. Сарышаған сынақ полигоны бастығының келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасының атқарушы өкiмет органдары Қазақстан Республикасының азаматтарын госпитальге емдеуге жiбередi. Қазақстан Республикасының азаматтары бұл ретте, Қазақстан Республикасы Үкiметi жанындағы Мiндеттi медициналық сақтандыру қорының медициналық сақтандыру полисi бойынша госпитальде тұрақты емделуге немесе амбулаториялық-емханалық қызмет көрсетуге қабылданады.

      Қазақстан Республикасы азаматтарынан болатын аурулардың госпитальге жеткiзiлуiн жергiлiктi Әкiмшiлiк органдары ұйымдастырып отырады.

      Госпитальде емделу және одан шығару Ресей Федерациясының әскери емдеу мекемелерi үшiн белгiленген ережелер бойынша рәсiмделедi.

      Қазақстан Республикасының азаматтарына жедел және шұғыл медициналық қызмет көрсету кезiнде Қазақстан Тарабы аурулардың госпитальге түскен күнiнен үш күн мерзiмде емдеуiне жолдана ресiмдейдi.

      3. Сарышаған сынақ полигонының командованиесi кейiннен ақы төленуi үшiн Қазақстан Республикасы Yкiметi жанындағы Мiндеттi медициналық сақтандыру қорының Қарағанды облыстық бөлiмшесiне (бұдан әрi - ММСҚ ҚОБ) көрсетiлген медициналық жәрдемнiң есебiн жiбередi, олар:

      тұрақты емделгенде - ауруды шығарғаннан кейiнгi бес күн мерзiм;

      ай сайын амбулаториялық-емханалық жәрдем берiлгенде - Қазақстан Республикасының азаматтарына берiлген барлық қаралудың және медициналық жәрдемнiң көлемi.

      Амбулаториялық емдеу кезiнде Қазақстан азаматтарына госпитальдiң дәрiханасынан дәрi-дәрмек жiберу Ресей Федерациясында белгiленген бөлшек сауда бойынша ақы төлеу арқылы жүзеге асырылады.

      4. Қазақстан азаматтарының қаржылық есебi, емделiп-қаралу сапасы, олардың күтiмi және басқа мәселелер жөнiндегi талап-тiлектерiн Қазақстан Республикасы Үкiметi жанындағы Мiндеттi медициналық сақтандыру қорының Қарағанды облыстық бөлiмшесiнiң басшысы Сарышаған сынақ полигонының бастығымен бiрлесiп қарап, шешедi.

      5. ММСҚ ҚОБ-сi Қазақстан Республикасының азаматтарына көрсетiлген медициналық жәрдемнiң есебiн құжаттар тапсырылған күннен он күн мерзiмде қарайды және Сарышаған сынақ полигонына ақысын төлейдi.

      Үш ай мерзiмнен аса мерзiмде есебi төленбеген жағдайда, Сарышаған сынақ полигонының (госпиталiнің) командованиесi Қазақстан Тарабының Өкiлеттi органына және ММСҚ ҚОБ-сiне жазбаша хабар бере отырып, Қазақстан Республикасының азаматтарына медициналық жәрдем берудi тоқтату туралы шешiм қабылдауға құқылы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады