Байланыс формасы

Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы N 146 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 18 наурыздағы № 236-VІ Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР 18.03.2019 № 236-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "тауарлар", "тауарларды", "тауарлардың" деген сөздер "тауарлар (өнімдер)", "тауарларды (өнімдерді)", "тауарлардың (өнімдердің)" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Осы Заң Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қауiпсiздiгiнiң қажеттерi үшiн мемлекеттiк Қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру және орындау мәселелерiнде мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың және меншiк нысандарына қарамастан, заңды тұлғалардың құқықтық қатынастарын айқындайды және реттейдi.

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) əскери мақсаттағы жұмыстар – заттай нəтижесі бар, қорғаныс объектілерін жəне əскери мүлікті салуға, күрделі жөндеуге жəне жаңғыртуға, жаңа қару-жарақ пен əскери техниканы, арнайы құралдарды, ақпараттық, телекоммуникациялық жəне геоақпараттық жүйелерді, автоматтандырылған басқару жүйелерін жасауға байланысты қызмет, сондай-ақ əскери мүлікке немесе мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты ғылыми-зерттеу, тəжірибелік- конструкторлық жəне басқа да жұмыстар;

      2) əскери мақсаттағы жұмыстар мен əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді отандық беруші (бұдан əрі – жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық беруші) – Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын, неғұрлым тиімді экономикалық жағдайларда талап етілетін сападағы əскери мақсаттағы жұмыстарды орындау жəне əскери мақсаттағы қызметтерді көрсету мүмкіндіктері бар заңды тұлға;

      3) əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтер – заттай нəтижесі жоқ, пайдаланылмайтын əскери мүлікті жəне арнаулы мемлекеттік жəне құқық қорғау органдарының пайдаланылмайтын мүлкін сынауға, пайдалануға, қызмет көрсетуге, ағымдағы жөндеуге, кəдеге жарату, құртып жіберу, көму арқылы жоюға байланысты қызмет, мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты ғылыми жəне өзге де қызмет;

      4) əскери мақсаттағы тауарлар (өнім) – қару-жарақ, əскери жəне арнайы техника, оқ-дəрі, құжаттама, зияткерлік меншік құқығы объектілері, əскери мақсаттағы тауарларды (өнімді) өндіруге жəне сынауға арналған жабдық, сондай-ақ оларға жинақтауыштар;

      5) əскери мақсаттағы тауарларды (өнімді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімді) отандық өндіруші (бұдан əрі – отандық тауар өндіруші) – Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын жəне неғұрлым тиімді экономикалық жағдайларда талап етілетін сападағы əскери мақсаттағы тауарларды (өнімді) жəне қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімді) дайындау үшін қажетті өндірістік қуаттары бар заңды тұлға;

      6) қорғаныстық тапсырысқа мемлекеттік тапсырыс беруші (бұдан əрі – мемлекеттік тапсырыс беруші) – əскери мақсаттағы тауарларды (өнімді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімді), əскери мақсаттағы жұмыстар мен əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді əзірлеуге, зерттеуге, өндіруге, беруге арналған тапсырыстарды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;

      7) қорғаныстық тапсырысты басты орындаушылар (бұдан əрі – басты орындаушылар) – қорғаныстық тапсырысты орындау жөніндегі операторлар жəне уəкілетті ұйым;

      8) қорғаныстық тапсырысты орындау жөніндегі операторлар (бұдан əрі – операторлар) – қорғаныстық тапсырысты орындау немесе қорғаныстық тапсырысты орындаушыларды таңдауды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлғалар;

      9) қорғаныстық тапсырысты орындаушы (бұдан əрі – орындаушы) – оператормен, уəкілетті ұйыммен жəне (немесе) мемлекеттік тапсырыс берушімен жасалған шарт негізінде қорғаныстық тапсырысты орындауды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      10) қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлар (өнім) – азаматтық мақсаттарда пайдаланылатын, бiрақ мемлекеттiк тапсырыс берушiлер əскери мақсаттағы тауарлар (өнім) ретiнде пайдалануы не кейiннен бейiнін өзгертіп пайдалануы мүмкін өнiм мен технологиялар;

      11) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс (бұдан əрі – қорғаныстық тапсырыс) – қорғаныс мұқтажы, мемлекеттегі əскери қауіпсіздікті жəне құқықтық тəртіпті, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар мен міндеттемелерді орындауы үшін сатып алынатын əскери мақсаттағы тауарлардың (өнімнің), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың (өнімнің), əскери мақсаттағы жұмыстар мен əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтердің тізбесі (номенклатурасы) мен көлемін бекітетін Қазақстан Республикасы Үкіметінің құқықтық актісі;

      12) уəкілетті орган – қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру жəне орындау саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      13) уəкілетті ұйым – əскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған əскери мақсаттағы тауарларды (өнімді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімді), əскери мақсаттағы жұмыстар мен əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді импорттауды, қорғаныстық тапсырысты орындау кезінде отандық тауар өндірушілер жəне жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер жүзеге асыратын көрсетілген тауарларды (өнімді), жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді импорттауды қоспағанда, жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2-бап. Қорғаныстық тапсырыс туралы Қазақстан Республикасының заңдары

      Ескерту. 2-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.07.11. № 182-IV Заңымен.

      Қорғаныстық тапсырыс туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағы ережелерден өзге ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР-ның 2009.07.11. № 182-IV Заңымен.

3-бап. Қорғаныстық тапсырыстың құрамы

      1. Қорғаныстық тапсырыстың құрамына:

      1) қару-жарақты, əскери жəне арнайы техниканы, техникалық құралдарды, оқ-дəрі мен əскери мақсаттағы тауарларды (өнімді) жəне қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімді) өндіруге жəне сынауға арналған жабдықты өндіру жəне беру;

      2) мемлекеттің қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігі саласындағы іргелі жəне қолданбалы ғылыми зерттеулер, мемлекеттік тапсырыс берушілердің жарақтандыруындағы қару-жарақтың, əскери жəне арнайы техниканың, техникалық құралдардың, оқ-дəрі мен əскери мақсаттағы тауарларды (өнімді) жəне қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімді) өндіруге жəне сынауға арналған жабдықтың тəжірибелік үлгілерін əзірлеу, оларды жаңғырту жөніндегі ғылыми-зерттеу жəне тəжірибелік-конструкторлық жұмыстар;

      3) қару-жарақты, əскери жəне арнайы техниканы, техникалық құралдарды, оқ-дəрі мен əскери мақсаттағы тауарларды (өнімді) жəне қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімді) өндіруге жəне сынауға арналған жабдықты жөндеу, жаңғырту жəне оларға регламенттелген техникалық қызмет көрсету;

      4) пайдаланылмайтын əскери мүлікті қатерсіздендіру;

      5) пайдаланылмайтын əскери мүлікті жəне арнаулы мемлекеттік жəне құқық қорғау органдарының пайдаланылмайтын мүлкін, сондай-ақ оларға жинақтауыштарды кəдеге жарату, құртып жіберу, көму арқылы жою, қайта өңдеу, өткізу;

      6) əскери, арнайы объектілердің жобалау-сметалық құжаттамасын əзірлеу, оларды салу жəне жөндеу, сондай-ақ оларды күтіп-ұстау жəне пайдалану бойынша көрсетілетін қызметтер;

      7) Қарулы Күштердің, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың əскери қызметшілері жəне арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері үшін əскери жəне арнаулы киім нысанын, айырым белгілері мен жеке қорғану құралдарын өндіру кіреді.

      2. Қорғаныстық тапсырыс:

      1) берілетін əскери мақсаттағы тауарлардың (өнімнің), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың (өнімнің), əскери мақсаттағы жұмыстармен əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтердің тізбесін (номенклатурасын) жəне көлемін, сондай-ақ оларды беру, орындау, көрсету мерзімдерін;

      2) қорғаныстық тапсырыстың, сондай-ақ өткізу бөлімдері, кезеңдері бойынша болжамды жалпы құнын (бағасын);

      3) мемлекеттік тапсырыс берушілердің тізбесін;

      4) басты орындаушылардың, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар үшін орындаушылардың тізбесін қамтуға тиіс.

      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4-бап. Қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру және орналастыру

      1. Уәкілетті орган қорғаныстық тапсырыстың жобасын мемлекеттік тапсырыс берушілердің өтінімдері бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің елдің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы құжаттары негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен міндеттемелерін ескере отырып, тиісті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде осы мақсаттарға белгіленген шығыстар шегінде әзірлейді және қалыптастырады.

      2. Басты орындаушыларды уəкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      Операторлардың орындаушыларды таңдауы мемлекеттік тапсырыс берушілермен (арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда) келісу бойынша қорғаныстық тапсырысты орналастыру кезінде тізілімге енгізілген отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер арасынан өндірістің, оның ішінде мемлекеттік құпияларды құрайтын мəліметтерді қорғаудың қажетті жағдайларын қамтамасыз ету мүмкіндіктері, неғұрлым тиімді экономикалық жағдайларда талап етілетін сападағы əскери мақсаттағы тауарларды (өнімді) жəне қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімді) өндіру жəне əскери мақсаттағы жұмыстарды, əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру қабілеті негізге алына отырып жүргізіледі.

      Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының орындаушыларды таңдауы уəкілетті органмен келісу бойынша қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру кезінде отандық тауар өндірушілер, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер жəне (немесе) уəкілетті ұйым арасынан өндірістің, оның ішінде мемлекеттік құпияларды құрайтын мəліметтерді қорғаудың қажетті жағдайларын қамтамасыз ету мүмкіндіктері, неғұрлым тиімді экономикалық жағдайларда талап етілетін сападағы əскери мақсаттағы тауарларды (өнімді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімді) өндіру жəне əскери мақсаттағы жұмыстарды, əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру қабілеті негізге алына отырып жүргізіледі.

      3. Операторлардың отандық тауар өндірушілер, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер арасынан орындаушыны айқындауы мүмкін болмаған жағдайда, əскери мақсаттағы тауарларды (өнімді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімді) беру (импорттау) жəне əскери мақсаттағы жұмыстарды, əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру мүмкіндіктері негізге алына отырып, уəкілетті ұйым басты орындаушы деп танылады.

      Арнаулы мемлекеттік органдардың отандық тауар өндірушілер, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер жəне (немесе) уəкілетті ұйым арасынан орындаушыны айқындауы мүмкін болмаған жағдайда, орындаушы шетелдік заңды тұлғалар арасынан айқындалады.

      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.11. № 182-IV Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-бап. Қорғаныстық тапсырысты орындау жөнiндегi шарт

      1. Қорғаныстық тапсырысты орындау мемлекеттiк тапсырыс берушi мен орындаушының арасында жасалған шарттың негiзiнде жүзеге асырылады. Шарт ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстардың, қару-жарақ пен әскери техника, басқа да материалдық құралдар өндiрудiң, берудiң, пайдаланудың, жөндеудiң, жаңғыртудың кәдеге жаратудың және жоюдың бүкiл кешенiн орындауға да, осы жұмыстардың жекелеген түрлерiне де жасалады.

      2. Қорғаныстық тапсырысты орындауға арналған шарт бойынша берілетiн əскери мақсаттағы тауарлардың (өнімнің), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың (өнімнің), əскери мақсаттағы жұмыстар мен əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтердің сапасы нормативтiк жəне техникалық құжаттаманың талаптарына жəне шарт талаптарына сəйкес келуге тиiс.

      Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.07.11. № 182-IV; 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-бап. Қорғаныстық тапсырысты орындау

      1. Қорғаныстық тапсырыс басымдық тәртiппен орындалуға мiндеттi. Қорғаныстық тапсырыстың көлемi қорғаныстық тапсырысты жүзеге асыруға бөлiнетiн қаржы қаражатымен айқындалады.

      2. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шекте мемлекеттік тапсырыс беруші берілетін əскери мақсаттағы тауарлардың (өнімнің), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың (өнімнің), əскери мақсаттағы жұмыстар мен əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау үшiн қорғаныстық тапсырысты орындайтын ұйымдарға өз өкiлдерiн жiберуге құқылы.

      3. Қорғаныстық тапсырыста көзделген əскери мақсаттағы тауарлардың (өнімнің), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың (өнімнің), əскери мақсаттағы жұмыстар мен əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтердің экспорты мен импорты Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.12.20. № 13 (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.07.11. № 182-IV; 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және уәкілетті органның құзыреті

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) Қазақстан Республикасының республикалық бюджет туралы заңы қабылданғаннан кейін екі ай мерзімде осы мақсаттарға белгіленген шығыстар шегінде үш жылдық кезеңге арналған қорғаныстық тапсырысты бекітеді;

      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау ережесін бекітеді;

      3) уәкілетті органды айқындайды;

      4) уәкілетті ұйымды айқындайды;

      4-1) операторларды айқындайды;

      5) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      2. Уәкілетті орган:

      1) қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы басшылықты жүзеге асырады;

      2) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      3) қорғаныстық тапсырысты қалыптастырады, оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсынады жəне бекітілген қорғаныстық тапсырыстың тапсырмаларын басты орындаушыларға жеткізеді;

      3-1) отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер тізілімін қалыптастыру жəне жүргізу қағидаларын əзірлейді жəне бекітеді;

      3-2) басқа да мемлекеттік тапсырыс берушілермен келісу бойынша отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер тізілімін əзірлейді жəне бекітеді;

      4) салааралық үйлестіруді және қорғаныстық тапсырыстың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      4-1) қорғаныстық тапсырыс шеңберінде басты орындаушылардың қызметін үйлестіреді жəне бақылайды;

      5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.11 № 182-IV, өзгерістер енгізілді - 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 қолданысқа енгізіледі), 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Мемлекеттiк тапсырыс берушiлердiң қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру мен орындау кезiндегi функциялары

      Мемлекеттiк тапсырыс берушiлер:

      1) Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қажеттiлiктердi, Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн нормалар бойынша мемлекеттiк тапсырыс берушiлердi материалдық-техникалық жағынан қайта жарақтандыру перспективаларын басшылыққа ала отырып, қажеттi әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың (өнімдердің), жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің есебiн жүргiзедi;

      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары құпияландыруға жататын мәліметтер тізбесінің жинағына сәйкес қорғаныстық тапсырыс мәліметтерінің құпиялылық дәрежесін айқындайды;

      3) алып тасталды - ҚР-ның 2009.07.11. № 182-IV Заңымен;

      4) орындаушылармен шарттар жасасады, қаржыландыруды қамтамасыз етеді және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      5) қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілері үшін техникалық сипаттамаларды әзірлейді, техникалық құжаттамада көзделген қару-жарақ пен әскери техниканың тәжірибелік және сериялы үлгілерін сынауға қатысады;

      6) қару-жарақ пен әскери техниканың тәжірибелік үлгілерін қарулануға (жарақтандыруға) қабылдап алу үшін құжаттар әзірлеуге, оларды сериялап өндіруге тапсыру үшін конструкторлық құжаттаманы бекітуге қатысады;

      7) жұмысты тұтастай және кезең-кезеңiмен қабылдап алуды, олардың белгiленген талаптар мен шарттардың ережелерiне сәйкес келуiне қорытынды берудi жүзеге асырады;

      8) алып тасталды - ҚР-ның 2009.07.11. № 182-IV Заңымен.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.07.11. № 182-IV Заңымен.

9-бап. Қорғаныстық тапсырысты орындау кезінде операторлардың, уəкілетті ұйымның жəне орындаушылардың функциялары

      1. Операторлар қорғаныстық тапсырысты орындау кезінде:

      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тəртіппен отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер тізіліміне енгізілген ұйымдар арасынан орындаушыларды таңдауды жүзеге асырады;

      2) əскери мақсаттағы тауарларға (өнімге), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларға (өнімге), əскери мақсаттағы жұмыстар мен əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерге бағаны негіздейді;

      3) мемлекеттік тапсырыс берушімен қорғаныстық тапсырысты орындауға арналған шарт жасасады;

      4) отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер тізілімін қалыптастырады жəне жүргізеді;

      5) отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер тізіліміне енгізілген орындаушылармен жасалған шарттар негізінде қорғаныстық тапсырысты уақтылы жəне тиісінше орындау жөнінде шаралар қолданады;

      6) уəкілетті органның сұрау салулары бойынша өз қызметі туралы ақпарат береді;

      7) мемлекеттік тапсырыс берушілер төлейтін бюджет қаражатын қорғаныстық тапсырысты орындауға жəне оған аванс беруге ғана пайдаланады;

      8) қорғаныстық тапсырысты орындауға арналған əрбір шарт бойынша қаржы қызметінің нəтижелерін бөлек есепке алуды жүргізеді;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес өзге де функцияларды орындайды.

      2. Уəкілетті ұйым:

      1) əскери қауіпсіздікті, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті əскери мақсаттағы тауарларды (өнімді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімді), əскери мақсаттағы жұмыстар мен əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді импорттауды, отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер жүзеге асыратын, қорғаныстық тапсырысты орындау кезінде көрсетілген тауарларды өндіру үшін сатып алынатын көрсетілген тауарларды (өнімді), жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді импорттауды қоспағанда, жүзеге асырады;

      2) əскери мақсаттағы тауарларға (өнімге), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларға (өнімге), əскери мақсаттағы жұмыстар мен əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерге бағаны негіздейді;

      3) пайдаланылмайтын əскери мүлікті жəне арнаулы мемлекеттік жəне құқық қорғау органдарының пайдаланылмайтын мүлкін құртып жіберу, кəдеге жарату, көму арқылы жоюды жүзеге асырады;

      4) пайдаланылмайтын əскери мүлікті жəне арнаулы мемлекеттік жəне құқық қорғау органдарының пайдаланылмайтын мүлкін, оның ішінде оларды кəдеге жарату жəне қайта өңдеу өнімдерін өткізуді (экспорттауды) жүзеге асырады;

      5) пайдаланылмайтын əскери мүлікке жəне арнаулы мемлекеттік жəне құқық қорғау органдарының пайдаланылмайтын мүл- кіне бағалаудың жүргізілуін ұйымдастыруды жүзеге асырады;

      6) мемлекеттік тапсырыс берушімен қорғаныстық тапсырысты орындауға арналған шарт жасасады;

      7) уəкілетті органның сұрау салулары бойынша өз қызметі туралы ақпарат береді;

      8) мемлекеттік тапсырыс берушілер төлейтін бюджет қаражатын қорғаныстық тапсырысты орындауға жəне оған аванс беруге ғана пайдаланады;

      9) қорғаныстық тапсырысты орындауға арналған əрбір шарт бойынша қаржы қызметінің нəтижелерін бөлек есепке алуды жүргізеді;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес өзге де функцияларды орындайды.

      3. Орындаушылар:

      1) мемлекеттік тапсырыс берушілердің жəне уəкілетті органның сұрау салулары бойынша өз қызметі туралы ақпарат береді;

      2) əскери мақсаттағы тауарларды (өнімді) жəне қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімді) берудің, сондай-ақ орындалған əскери мақсаттағы жұмыстар мен көрсетілген əскери мақсаттағы қызметтердің оператормен жасалған шарт талаптарына сəйкестігін қамтамасыз етеді;

      3) əскери мақсаттағы тауарларға (өнімге), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларға (өнімге), əскери мақсаттағы жұмыстар мен əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерге бағаны негіздейді;

      4) қорғаныстық тапсырыс бойынша берілетін тауарларды (өнімді) өндіру үшін қажетті əскери мақсаттағы тауарларды (өнімді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімді), əскери мақсаттағы жұмыстар мен əскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді импорттауды жүзеге асырады;

      5) мемлекеттік тапсырыс берушілер төлейтін бюджет қаражатын қорғаныстық тапсырысты орындауға жəне оған аванс беруге ғана пайдаланады;

      6) қорғаныстық тапсырысты орындауға арналған əрбір шарт бойынша қаржы қызметінің нəтижелерін бөлек есепке алуды жүргізеді;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес өзге де функцияларды орындайды.

      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

10-бап. Алып тасталды - ҚР 2004.12.20. № 13 Заңымен (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi).

11-бап. Қорғаныстық тапсырыс туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының қорғаныстық тапсырыс туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР-ның 2009.07.11. № 182-IV Заңымен.

Қазақстан Республикасының
Президенті



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады