Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 7 наурыздағы N 299 Заңы

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Мәтiндегi "республикалық бюджет қаражаты" деген сөздер "бюджет қаражаты" деген сөздермен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. № 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша «мемлекеттік қызмет туралы заңдардан», «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңдарына», «мемлекеттік қызмет туралы заңдарында», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен» деген сөздер тиісінше «мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамадан», «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасына», «мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасымен» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 23.11.2015 № 417-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Осы Заң Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметi жұмысының құқықтық негіздерін, сондай-ақ ұйымдастырылу тәртібiн айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі (бұдан әрі - дипломатиялық қызмет) - Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерi мен халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының кәсiби қызметi.

      2. Қазақстан Республикасының консулдық қызметі - дипломатиялық қызметтің халықаралық құқық жол беретiн шектерде мемлекеттің, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен достық қарым-қатынастарын дамытуға, экономикалық, сауда-саттық, ғылыми-техникалық, ізгілік-мәдени байланыстарды және туризмді кеңейтуге жәрдемдесетін бір бөлігі.
      Консулдық қызмет Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысына (бұдан әрі – Консулдық жарғы) сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Дипломатиялық қызметтiң қызметкерлерi - дипломатиялық қызмет органдарында штаттық дипломатиялық лауазымдарды атқаратын, әдетте, дипломаттық дәрежесi бар және лауазымдық өкiлеттiктерi мен мiндеттерiн дипломатиялық қызмет органдарына жүктелген мiндеттер мен функцияларды iске асыру мақсатында жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшілер.

      4. Дипломатиялық қызметтің жұмыскерлері - дипломатиялық қызмет органдарында штаттық әкімшілік-техникалық лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілер.

      5. Дипломатиялық қызметтің персоналы - дипломатиялық қызметтің қызметкерлері мен жұмыскерлері.

      6. Алып тасталды - ҚР 23.11.2015 № 417-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      7. Шет елдердегi мекемелер - Қазақстан Республикасының шет елдерде орналасқан дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкілдiктерi, сондай-ақ консулдық мекемелерi.

      8. Сыртқы істер министрлігінің кадр резерві – дипломатиялық қызмет персоналы лауазымдарын бұрын атқарған, дипломатиялық қызмет органдарындағы бос немесе уақытша бос лауазымдарға орналасуға үміткер адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қалыптастырылған, жүйеленген тізімі.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.05.22. N 143; 23.11.2015 № 417-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының дипломатиялық
             қызмет туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан, осы Заңмен реттелмеген бөлігінде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамадан, өзге де нормативтік құқықтық актілерден және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан тұрады.

      2. Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда осы Заңда көзделгеннен өзге ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттардың ережелері қолданылады.

      3-бап. Дипломатиялық қызмет органдарының мәртебесі

      Қазақстан Республикасының сыртқы саяси қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар дипломатиялық қызмет органдары болып табылады.

      4-бап. Дипломатиялық қызметтiң бiрыңғай жүйесi

      Дипломатиялық қызметтiң бiрыңғай жүйесiн Сыртқы iстер министрлiгiоның ведомстволары, шет елдердегi мекемелер, сондай-ақ Сыртқы iстер министрлiгінiң қызметiн қамтамасыз ету үшiн құрылған ведомстволық бағыныстағы ұйымдар, Сыртқы iстер министрлiгiнiң қарауындағы оқу орындары құрайды.
      Дипломатиялық қызметтiң бiрыңғай жүйесiн Сыртқы iстер министрлiгi басқарады.

      5-бап. Дипломатиялық қызмет органдарының мiндеттерi

      Дипломатиялық қызмет органдарына мынадай мiндеттер жүктеледi:

      1) Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының тұжырымдамасы мен негізгi бағыттарын әзiрлеу және Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметiне тиiстi ұсыныстар беру;

      2) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси және сыртқы экономикалық стратегиясы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi үшiн ұсыныстар әзiрлеу және Президенттiң халықаралық бастамаларын iске асыру;

      3) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын iске асыру, Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық саясатын жүзеге асыруға және халықаралық беделiн нығайтуға жәрдемдесу;

      4) Қазақстан Республикасының егемендiгiн, қауiпсiздiгiн, аумақтық тұтастығын және шекараларының мызғымастығын, оның басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынастардағы және халықаралық аренадағы саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерiн дипломатиялық құралдар мен әдiстер арқылы қорғауды қамтамасыз ету;

      5) шет елдерде Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерiн қорғау;

      6) Қазақстан Республикасының халықаралық бейбiтшiлiктi, ғаламдық және аймақтық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi күш-жiгерiн дипломатиялық құралдар мен әдiстер арқылы iске асыру;

      7) Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен дипломатиялық және консулдық қарым-қатынастарын жүзеге асыру;

      8) Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін тәртіппен шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының бірыңғай сыртқы саяси, сыртқы экономикалық бағытын және инвестициялық саясатын жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында басқа да мемлекеттік органдардың халықаралық қызметін үйлестіру;

      8-1) мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың дамуға ресми көмек саласындағы қызметін үйлестіру;

      8-2) Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктермен, халықаралық ұйымдардың өкілдіктерімен, сондай-ақ консулдық мекемелермен барлық ресми істерді жүргізу;

      9) әлемдегi саяси және әлеуметтiк-экономикалық жағдайға, шет мемлекеттердiң сыртқы және iшкi саясатына, халықаралық ұйымдардың қызметiне талдау жасау және орталық мемлекеттiк органдарды қажеттi ақпаратпен қамтамасыз ету.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 10.12.2014 № 264-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.11.2015 № 417-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      6-бап. Дипломатиялық қызмет органдарының
             негiзгi функциялары

      Дипломатиялық қызмет органдарына мыналар жүктеледi:

      1) шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының атынан өкiлдiк ету;

      2) Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын iске асыру;

      3) келiссөздер жүргiзудi және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасуды ұйымдастыру;

      4) халықаралық шарттарды жасасу, орындау, қолданылуын тоқтата тұру және күшiн жою туралы ұсыныстар дайындау, оларды Қазақстан Республикасы Президентiнiң немесе Yкiметiнiң қарауына белгiленген тәртiппен енгiзу;

      5) Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастары мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне, Парламентiне және Yкiметiне белгiленген тәртiппен ұсыныстар мен ұсынымдар жасау;

      6) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдардың, конференциялардың, кеңестердiң, форумдардың қызметiне қатысуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастық мүшесi ретiнде ғаламдық және аймақтық проблемаларды шешудегi рөлiн арттыруға жәрдемдесу;

      7) Қазақстан Республикасының су ресурстары мен қоршаған ортаны халықаралық қорғау және ұтымды пайдалану, Дүниежүзiлiк мұхит ресурстарын игеру, ғарыш кеңiстiгiн зерттеу саласындағы мүдделерiн қамтамасыз етуге қатысу;

      8) Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын, оның қорғанысы мен ұлттық қауiпсiздiгiн, құқық тәртiбiн қорғауды қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен сауда-экономикалық, қаржы, ғылыми және ғылыми-техникалық, мәдени, сондай-ақ өзге де байланыстарын дамыту мен кеңейту жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеуге қатысу;

      9) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың орындалуын жалпы қадағалау мен бақылауды жүзеге асыру;

      10) Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастар саласындағы заңдарын жетiлдiру, оны Қазақстан Республикасының халықаралық құқықтық мiндеттемелерiне сай келтiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;

      11) Қазақстан Республикасының мемлекетiшiлiк және халықаралық iс-шараларын протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету;

      12) Қазақстан Республикасының аумағында мемлекетiшiлiк және халықаралық iс-шараларды өткiзу кезiнде Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының Мемлекеттiк протоколды сақтауын бақылауды жүзеге асыру;

      13) дипломатиялық және консулдық артықшылықтар мен иммунитеттердiң сақталуын бақылауды жүзеге асыру;

      14) Қазақстан Республикасының басқа елдермен парламентаралық байланыстарын жүзеге асыруға жәрдемдесу;

      15) Қазақстан Республикасының аумағында және шет елдерде халықаралық-құқықтық нормалармен және Қазақстан Республикасының заңдарымен регламенттелетiн консулдық функцияларды жүзеге асыру;

      16) шет елдерде тұратын отандастармен байланыстарды және қарым-қатынастарды дамытуға жәрдемдесу;

      17) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын тiркеудiң, есепке алудың және сақтаудың бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;

      18) Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдiк дипломатиялық және соларға теңестiрiлген өкiлдiктердiң және консулдық мекемелердiң жұмыс iстеуiне жәрдемдесу, өз құзыретi шегiнде оларға қызмет көрсететiн ұйымдардың қызметiн бақылауды жүзеге асыру;

      19) аштыққа және артта қалушылыққа, терроризмге, экстремизмге, ұйымдасқан қылмысқа және есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсас заттардың, прекурсорлардың және қару-жарақтың заңсыз айналымына қарсы күрес жөнiндегi, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар зардаптарын жою жөніндегі халықаралық акцияларға өз құзыреті шегiнде қатысу;

      20) шет елдерде Қазақстан Республикасының сыртқы және iшкi саясаты, елдiң әлеуметтiк-экономикалық, мәдени және рухани өмiрi туралы ақпарат таратуға жәрдемдесу;

      21) Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттардың депозитарийi функцияларын жүзеге асыру;

      22) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының транзиттiк-көлiктiк әлеуетiн тиiмдi пайдалануға жәрдемдесу және энергетика мен мұнай-газ салаларында Қазақстан Республикасының әлемдiк қауымдастықпен ынтымақтастығы жөнiндегi бiрыңғай мемлекеттiк саясатты қалыптастыруға және жүргiзуге қатысу;

      23) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарымен және өзге де ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау;

      24) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарын, бұқаралық ақпарат құралдарын Қазақстан Республикасының халықаралық жағдайы мен сыртқы саясаты туралы хабардар ету;

      25) инвестициялық ахуалдың жақсаруына жәрдемдесу және халықаралық нарықта Қазақстан Республикасының жағымды бейнесiн қалыптастыру;

      26) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын, басым жобаларды iске асыру үшiн инвестицияларды, сондай-ақ халықаралық экономикалық және қаржылық ұйымдар беретiн қарыздар мен гранттарды тартуға жәрдемдесу;

      27) қазақстандық тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң халықаралық нарыққа шығуына жәрдемдесу;

      27-1) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік паспорттарын беру, есепке алу, сақтау және жою;

      27-2) Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарын іске асыру;

      27-3) дамуға ресми көмек іс-шараларының жоспарын әзірлеу және бекіту;

      27-4) дамуға ресми көмекті есепке алуды және талдауды жүзеге асыру;

      27-5) Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы қызметін ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету;

      27-6) Қазақстан Республикасының Үкіметіне дамуға ресми көмектің іске асырылу барысы туралы жыл сайынғы есепті ұсыну;

      27-7) дамуға ресми көмек жобаларының іске асырылу тиімділігін бағалауды жүзеге асыру;

      28) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.12.27 № 366-IV (2011.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.11.2014 N 244-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 10.12.2014 № 264-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      7-бап. Байланыс, мұрағат, қауiпсiздiк және
             баспа басылымдары

      1. Дипломатиялық қызмет органдарының дербес байланысы мен мұрағаты болады.

      2. Дипломатиялық қызмет органдары өздерiнiң жеке телекоммуникациялар желiсi мен курьерлiк қызметiн пайдаланады.

      3. Сыртқы iстер министрлiгiнiң мұрағатында халықаралық шарттардың түпнұсқалары және (немесе) дұрыс көшiрмелерi, сондай-ақ өз қызметiн жүзеге асыру үшiн қажеттi басқа да материалдар сақталады.

      4. Дипломатиялық қызмет органдары Қазақстан Республикасының аумағындағы және шет елдердегі өзiне қарасты объектiлердiң қауiпсiздiк жүйесiн ұйымдастырады.

      5. Дипломатиялық қызмет органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес баспа басылымдарын шығаруға құқылы.

  2-тарау. ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ПЕРСОНАЛЫ,
ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ЛАУАЗЫМДАРҒА ТАҒАЙЫНДАУ

      8-бап. Дипломатиялық қызмет персоналы

      1. Дипломатиялық қызмет персоналын мыналар құрайды:

      1) дипломатиялық қызмет қызметкерлерi;

      2) дипломатиялық қызмет жұмыскерлерi.
      2. алып тасталды
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.05.22. N 143 Заңымен.

      9-бап. Дипломатиялық қызмет органдарына қызметке тұру

      1. Дипломатиялық қызметке жоғары бiлiмi бар, мемлекеттiк тіл мен орыс тiлiн еркiн меңгерген және өзiне жүктелген мiндеттердi орындау үшiн тиiстi iскерлiк, моральдық, кәсiби қасиеттерге қол жеткiзген әрi денсаулық жағдайы дұрыс Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.

      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрiн Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.
      Қазақстан Республикасының төтенше және өкiлеттi елшiлерiн Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкiлдерiн Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайды және керi шақырып алады.
      Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрiнiң орынбасарлары, ведомстволардың басшылары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымынан босатылады.
      Сыртқы істер министрлігінде басқа лауазымдарға тағайындауды және дипломатиялық қызметтен босатуды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі не жауапты хатшы немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын өзге де лауазымды адам жүргізеді.
      Шет елдердегі мекемелерде басқа лауазымдарға тағайындауды және дипломатиялық қызметтен босатуды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі жүргізеді.
      Дипломатиялық қызмет лауазымдарына тағайындау осы Заңда, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жүргізіледі.

      3. Дипломатиялық қызмет органдарына қызметке тұру азаматтар алдын ала мiндеттi арнайы тексеруден өткеннен кейiн жүзеге асырылады.

      4. Шет елдегі жұмыстан кейін Қазақстан Республикасына оралған дипломатиялық қызмет персоналы, егер ол осы Заңның 22-бабында көзделген жазаларға тартылмаған болса, Сыртқы істер министрлігінде атқарған лауазымнан төмен емес лауазымға ротациялау тәртібімен тағайындалады.

      5. Дипломатиялық қызмет органдарына қызметке алғаш рет кіретін адамдар үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында айқындалатын тәртіппен міндетті сынақ мерзімі белгіленеді.

      6. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда, сондай-ақ мемлекеттік қызметтен теріс себептер бойынша шығарылған адамдар дипломатиялық қызмет органдарына қабылданбайды.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.05.22 N 143 (2009.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.04.29 N 154-IV, 2010.12.27 № 366-IV (2011.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 23.11.2015 № 417-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      9-1-бап. Сыртқы істер министрлігінің кадр резерві

      1. Дипломатиялық қызмет органдарындағы жұмысы тоқтатылған кезде дипломатиялық қызмет персоналы Сыртқы істер министрлігінің кадр резервіне алынады. Сыртқы істер министрлігінің кадр резервіне қосу қағидаларын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі бекітеді.
      2. Сыртқы істер министрлігінің кадр резервіне алынған адамдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес Сыртқы істер министрлігіндегі «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған ішкі конкурсқа қатысуға құқығы бар.
      Ескерту. 2-тарау 9-1-баппен толықтырылды - ҚР 23.11.2015 № 417-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3-тарау. ДИПЛОМАТТЫҚ ДӘРЕЖЕЛЕР

      10-бап. Дипломаттық дәрежелер

      Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiне атқаратын лауазымы және бiлiктiлiгi ескерiле отырып, мынадай дипломаттық дәрежелер берiледi:

      1) атташе;

      2) үшінші хатшы;

      3) ІІ сыныпты екiншi хатшы;

      4) І сыныпты екiншi хатшы;

      5) ІІ сыныпты бiрiншi хатшы;

      6) І сыныпты бiрiншi хатшы;

      7) ІІ сыныпты кеңесшi;

      8) І сыныпты кеңесшi;

      9) II сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл;

      10) І сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл;

      11) Төтенше және Өкiлеттi Елшi.

      11-бап. Дипломаттық дәрежелердi беру тәртiбi

      1. Төтенше және өкілетті елшінің, І және ІІ сыныпты Төтенше және өкілетті уәкілдің дипломаттық дәрежелерін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті береді.
      Жоғарыда санамаланған дипломаттық дәрежелерді беруге ұсынысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын іске асыруға қатысуының тиімділігін және Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы саяси бастамаларын іске асыруға қатысуының тиімділігін ескере отырып енгізеді.
      Төтенше және өкілетті елші дипломаттық дәрежесі Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы Тұрақты өкілі лауазымында кемінде екі жыл дипломатиялық қызмет өтілі бар дипломатиялық қызметтің қызметкерлеріне берілуі мүмкін.
      І сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломаттық дәрежесі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы Тұрақты өкілі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымдарын атқаратын дипломатиялық қызметтің қызметкерлеріне берілуі мүмкін.
      ІІ сыныпты Төтенше және өкілетті уәкіл дипломаттық дәрежесі Сыртқы істер министрлігінің комитет төрағасынан, ерекше тапсырмалар жөніндегі елшіден, департамент директорынан, Қазақстан Республикасының сенімді өкілінен, Қазақстан Республикасының бас консулынан төмен емес лауазымды атқаратын дипломатиялық қызметтің қызметкерлеріне берілуі мүмкін.
      Басқа дипломаттық дәрежелерді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі береді.
      Дипломаттық дәрежелерді беру тәртібі Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін ережеде айқындалады.

      2. Қызметкердiң дипломаттық дәрежесi, әдетте, дипломатиялық қызметте атқаратын лауазымына сәйкес болуға немесе бiр саты жоғары не төмен болуға тиiс.

      3. Дипломаттық дәрежелердi беру тиiстi куәлiктер тапсырумен және қызмет тiзiмiндегi (еңбек кiтапшасындағы) жазбалармен расталады. Осы Заңның 13-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, дипломаттық дәрежелер өмiр бойына берiледi және сақталады.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.27 № 366-IV (2011.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      12-бап. Дипломаттық дәрежелерде болу мерзiмдерi

      1. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерi үшiн дипломаттық дәрежелерде болудың мынадай мерзiмдерi белгiленедi:

      1) атташе, үшiншi хатшы, ІІ және І сыныпты екiншi хатшы үшiн - екi жыл;

      2) ІІ және I сыныпты бiрiншi хатшы, II сыныпты кеңесшi үшiн - үш жыл.

      І сыныпты кеңесшiден бастап және одан жоғары дипломаттық дәрежелерде болу мерзiмдерi белгiленбейдi.

      2. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiнiң дипломаттық дәрежелерде болу мерзiмдерiне:

      1) Сыртқы iстер министрлiгiндегi және оған бағынысты ұйымдардағы жұмыс;

      2) шет елдердегi мекемелердегi жұмыс;

      3) Сыртқы iстер министрлiгiнiң Қазақстан Республикасы аумағындағы өкiлдiктерiндегi жұмыс;

      4) бұрынғы КСРО мен одақтас республикалардың сыртқы iстер министрлiктерiндегi жұмыс;

      5) халықаралық ұйымдардағы жұмыс;

      6) Сыртқы iстер министрлiгiнiң жоғары оқу орындарындағы және ғылыми мекемелерiндегi ғылыми немесе оқытушылық жұмыс;

      7) Сыртқы iстер министрлiгiнiң саласы бойынша оқу орындары мен ғылыми мекемелерде бiлiктiлiктi арттыру;

      8) Сыртқы iстер министрлiгi жоғары оқу орындарына, аспирантураға, докторантураға және ғылыми мекемелерге уақытша жiберген адамдардың оқу мерзiмi есептеледi.

      13-бап. Дипломаттық дәреженi мерзiмнен бұрын және
              кезектен тыс беру, төмендету, одан айыру
              және қалпына келтiру

      1. Жекелеген жағдайларда, жұмыста елеулi табыстарға қол жеткiзсе немесе айрықша еңбек сiңiрсе, белгiленген мерзiм өткенге дейiн (мерзiмiнен бұрын дәреже беру) немесе дәреже берудiң кезегi сақталмастан (кезектен тыс дәреже беру) дипломатиялық қызмет қызметкерлерiнiң дәрежесi өсiрiлуі мүмкiн.

      2. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерi, сондай-ақ Сыртқы iстер министрлiгiнен жұмыстан босатылған адамдар Қазақстан Республикасының және өздерi болатын елдердiң заң актiлерiнде көзделген жауаптылыққа әкеп соғатын iс-әрекеттер жасаған жағдайда олардың дипломаттық дәрежесі төмендетiлуi немесе олар дипломаттық дәрежесiнен айырылуы мүмкiн.
      Мемлекеттiк және еңбек тәртiбiн бұзғаны үшiн дипломатиялық қызмет органдары жүйесiнен босатылған кезде дипломатиялық қызмет қызметкерi сонымен бiр мезгiлде дипломаттық дәрежесiнен де айырылады.
      Дипломатиялық қызмет қызметкерін дипломатиялық дәрежесінен айыру немесе төмендету, сондай-ақ оның дәрежесін қалпына келтіру дәреже берілгендегідей тәртіппен жүргізіледі.
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 23.11.2015 № 417-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4-тарау. ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕН ӨТУ

      14-бап. Дипломатиялық қызмет органдарында лауазым
             ауыстыру, қызмет атқару

      1. Дипломатиялық қызмет персоналының лауазым ауыстыруы кадрлардың бiлiктiлiгi, кәсiби даярлығы, олардың ротациясы мен мамандану принциптерi ескерiле отырып, қызмет бабындағы қажеттiлiкке сәйкес жүзеге асырылады.
      Дипломатиялық қызмет органдарында бос лауазымдарға орналасу осы Заңға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

      2. Дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң лауазымы шет елдердегi мекемелердегi жұмысы кезеңiнде, оның шет елде болу мерзiмi қызмет бабындағы қажеттiлiкке байланысты ұзартылған жағдайларды қоспағанда, бiр реттен артық өсiрiлмейдi.
      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 23.11.2015 № 417-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      15-бап. Ротация

      1. Дипломатиялық қызмет органдарында дипломатиялық қызмет персоналының ротациясы жүзеге асырылады.
      Ротация шеңберiнде дипломатиялық қызмет персоналы, оның кәсiби даярлығы мен мамандануы ескерiле отырып, шет елдегi дипломатиялық қызмет органдарына жұмысқа жiберiледi немесе өздерiнiң қызметiн Сыртқы iстер министрлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерiнде жүзеге асырады.

      2. Дипломатиялық қызмет персоналын ротациялау мынадай түрлерге бөлінеді:
      1) сыртқы – конкурстық іріктеуді жүргізусіз жүзеге асырылатын, Сыртқы істер министрлігінен шет елдердегі мекемелерге және шет елдердегі мекемелерден Сыртқы істер министрлігіне, сондай-ақ шет елдердегі мекемелер арасында орын ауыстырулар;
      2) ішкі – осы Заңда және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда конкурстық іріктеуді жүргізусіз жүзеге асырылатын, Сыртқы істер министрлігінің құрылымдық бөлімшелері арасында орын ауыстырулар.

      3. Дипломатиялық қызметке алғаш тұрған адамдар Сыртқы iстер министрлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерiнде жұмыс iстегенiне бiр жыл өткеннен кейiн ғана, олардың кәсiби бiлімi мен тіл бiлуi ескерiле отырып, шет елдердегi мекемелерге жұмысқа жiберiлуi мүмкiн.
      Шет елдердегi мекемелердегi жұмыс арасындағы кезеңде дипломатиялық қызмет персоналының Сыртқы iстер министрлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерiнде жұмыс iстеу мерзiмi кемiнде екi жылды құрауға тиiс.
      Осы тармақтың талаптары осы Заңның 15-2-бабында көзделген жағдайларға қолданылмайды.

      4. Дипломатиялық қызмет персоналының шет елдердегi мекемелердегi үздiксiз жұмыс мерзiмi үш жылдан аспауға тиiс.
      Қызмет бабындағы қажеттiлiк пен сол адамның келiсiмi бойынша аталған мерзiмдi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi ұзартуы мүмкiн, бiрақ ол бiр жылдан аспауға тиiс.

      5. Дәлелсiз себептермен шет елдегi мекемеге жұмысқа барудан бас тарту тәртiптiк тұрғыдан терiс қылық болып табылады және тәртiптiк жаза қолдану үшiн негiз бола алады.
      Шет елдегi мекемеге жұмысқа барудан бас тарту үшiн дәлелдi деп танылатын себептердiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi белгiлейдi.

      6. Шет елдегi дипломатиялық қызмет органдарына жұмысқа жiберу кезiнде дипломатиялық қызмет персоналына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде бiржолғы жәрдемақы төленедi.

      7. Осы баптың 3, 4-тармақтарының күшi шет елдердегi мекемелердiң басшылары ретiнде жұмысқа жiберiлетiн адамдарға, кеңесшi-уәкiлдерге, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкiлдерiнiң орынбасарларына, сондай-ақ сирек кездесетiн шет тiлдерiн меңгерген дипломатиялық қызмет персоналына қолданылмайды.
      Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.05.22. N 143; 23.11.2015 № 417-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      15-1-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының іссапарға
                 баруы

      1. Дипломатиялық қызмет персоналы дипломатиялық қызмет органдарының міндеттерін шешу үшін мемлекеттік органдарға, халықаралық және өзге де ұйымдарға іссапарға баруы мүмкін.
      Іссапарға барған адамның дипломатиялық қызмет персоналы мәртебесі, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген құқықтары, кепілдіктері, жеңілдіктері, өтемақылары, үстемеақылары, төлемдері, зейнетақымен қамсыздандырылуы және әлеуметтік қорғалуы сақталады.
      2. Дипломатиялық қызмет персоналының іссапарға баруы тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      Ескерту. 4-тарау 15-1-баппен толықтырылды - ҚР 23.11.2015 № 417-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      15-2-бап. Мемлекеттік қызметшілердің өзге мемлекеттік
                 органдардан Қазақстан Республикасының шет
                 елдердегі мекемелеріне іссапарға баруы

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің немесе оның уәкілеттік беруімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының шешімі бойынша мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттік органдарынан шет елдердегі мекемелерге іссапарға баруының Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртібімен дипломатиялық қызмет персоналы лауазымына орналасуға жол беріледі.
      2. Шет елдердегі мекемелерге өзге мемлекеттік органдардан іссапарға бару тәртібімен тағайындалған мемлекеттік қызметшілерге дипломатиялық қызмет персоналының шет елдердегі мекемелердегі үздіксіз жұмысының осы Заңның 15-бабының 4-тармағында белгіленген мерзімдері қолданылады.
      Ескерту. 4-тарау 15-2-баппен толықтырылды - ҚР 23.11.2015 № 417-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      16-бап. Аттестаттау

      Дипломатиялық қызмет персоналы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес аттестаттаудан өтеді.
      Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне жұмысқа жіберілген дипломатиялық қызмет персоналы шет елдердегі мекемелерден оралғаннан кейін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен аттестатталады.
      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 23.11.2015 № 417-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      17-бап. Жоғары оқу орындарына, ғылыми мекемелерге жіберу

      1. Дипломатиялық қызмет персоналы өз келісімімен кәсіби даярлықтан өту, өзекті халықаралық проблемаларды ғылыми тұрғыдан талдап әзірлеу үшін Қазақстан Республикасының не басқа елдердің жоғары оқу орындарына, ғылыми мекемелеріне уақытша жіберілуі мүмкін.
      2. Кәсіби даярлықтан өту, өзекті халықаралық проблемаларды ғылыми тұрғыдан талдап әзірлеу аяқталғаннан кейін дипломатиялық қызмет персоналы Сыртқы істер министрлігінің кадр резервіне алынады.
      Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - ҚР 23.11.2015 № 417-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      18-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының еңбек
             қатынастарын тоқтату

      1. Дипломатиялық қызметтi тоқтату үшiн:
      1) дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң өз еркiмен жұмыстан босату туралы өтiнiш беруi;

      2) еңбек шарты мерзiмiнiң бiтуi не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша еңбек шартын бұзу;

      3) дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң өз табысы мен мүлкi туралы көрiнеу жалған мәлiметтер беруi;

      4) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалту;

      5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген мiндеттер мен шектеулердi сақтамау;

      6) аттестаттаудың терiс нәтижелерi;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де себептер негiз болып табылады.

      2. Дипломатиялық қызметтiң персоналын жұмыстан дипломатиялық  лауазымға тағайындау құқығы берiлген тиiстi лауазымды адам босатады.
      Дипломатиялық қызметтiң персоналы дипломатиялық қызмет органдарынан өз еркiмен кеткен кезде Сыртқы iстер министрлiгiнiң резервiне алынады.
      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 23.11.2015 № 417-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

5-тарау. ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ПЕРСОНАЛЫНЫҢ
ҚҰҚЫҚТАРЫ, МIНДЕТТЕРI МЕН ЖАУАПКЕРШIЛIГI

      19-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының
              құқықтары мен мiндеттерi

      1. Өзiнiң кәсiби функцияларын жүзеге асырған кезде дипломатиялық қызмет персоналының:

      1) дипломатиялық қызмет органдарының қызметiн жақсарту жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;

      2) шет елде болу кезеңiнде халықаралық құқық нормаларына сәйкес белгiленген артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдалануға;

      3) Қазақстан Республикасының азаматтарына Конституцияда және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде кепiлдiк берiлген өзге де құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға құқығы бар.
      Дипломатиялық қызмет қызметкерлерi мемлекеттiң сыртқы саясаты мәселелерi, Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастар саласындағы заңдарын жетiлдiру жөнiнде, оны Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық мiндеттемелерiне сай келтiру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге де құқылы.

      1-1. Төтенше және өкілетті елші дипломаттық дәрежесі бар дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің және олардың жұбайларының Қазақстан Республикасының дипломаттық паспортын өмір бойы пайдалануға құқығы бар.

      2. Дипломатиялық қызмет персоналы:

      1) дипломатиялық қызмет атқаруға байланысты мiндеттердi адал орындауға;

      2) болатын мемлекетiнiң заңдарын, дәстүрлерi мен әдет-ғұрпын құрметтеуге;

      3) мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны, дипломатиялық қызмет аяқталғаннан кейiн де, жарияламауға;

      4) өзiнiң кәсiби деңгейiн, бiлiктiлiгiн, жалпы саяси даярлығын арттыруға, мемлекеттiк және шет тiлдердi бiлуiн жетiлдiруге;

      5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.27 № 366-IV (2011.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      20-бап. Дипломатиялық қызмет органдарында қызметте болуға
               байланысты шектеулер

      Дипломатиялық қызмет персоналы үшiн «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шектеулер белгіленеді.
      Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 18.11.2015 № 411-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      21-бап. Дипломатиялық қызмет персоналын көтермелеу

      1. Қызмет бабындағы мiндеттерiн үлгiлi атқарғаны, орындаған тапсырмаларының жоғары сапасы, бастамашылдығы, шығармашылық белсендiлiгi, ұзақ әрi мiнсiз қызметi, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн және жұмыстағы басқа да жетiстiктерi үшiн дипломатиялық қызмет персоналы:

      1) дипломаттық дәрежесiн мерзiмiнен бұрын өсiрумен;

      2) бiржолғы ақшалай сыйақымен;

      3) Сыртқы iстер министрлiгiнiң ұсынуымен Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн ведомстволық наградалармен;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген көтермелеу шараларының өзге де нысандарымен көтермеленуi мүмкiн.

      2. Ерекше еңбек сiңiргенi үшiн дипломатиялық қызмет персоналы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларымен марапаттауға ұсынылуы мүмкін.

      22-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының
              жауапкершiлiгi

      1. Дипломатиялық қызмет персоналы өзiне жүктелген мiндеттердi бұзған жағдайда, Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады.

      2. Дипломатиялық қызмет персоналына мынадай тәртiптiк жазалар қолданылады:

      1) ескерту;

      2) сөгiс;

      3) қатаң сөгiс;

      4) дипломаттық дәреженi берудi бiр жылға дейiн кiдiрте тұру;

      5) лауазымын немесе дипломаттық дәрежесiн төмендету;

      6) дипломаттық дәрежесiнен айыру;

      7) қызметке сәйкес еместiгi туралы ескерту;

      8) жұмыстан босату.

      3. Дипломатиялық қызмет персоналына тәртiптiк жаза қолдану Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      23-бап. Дипломатиялық қызмет персоналын
              керi шақырып алу

      1. Шет елдердегi мекемелерде жұмыс iстейтiн дипломатиялық қызмет персоналы қызметтiк мiндеттерiн өрескел бұзған, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының немесе болатын елiнiң заң актiлерiнде белгiленген жауаптылыққа әкеп соғатын әрекеттер жасаған жағдайда оған тәртiптiк ықпал ету шараларын қолдануға қоса, ол Қазақстан Республикасына мерзiмiнен бұрын керi шақырып алынады.

       2. Дипломатиялық қызмет персоналын мерзiмiнен бұрын керi шақырып алуға отбасы мүшелерiнiң дәл сондай әрекеттер жасауы да негiз болып табылады.

6-тарау. ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТI ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ,
ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ПЕРСОНАЛЫНА БЕРIЛЕТIН
КЕПIЛДIКТЕР МЕН ӨТЕМДЕР, ОЛАРДЫ МАТЕРИАЛДЫҚ
ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТIК ЖАҒЫНАН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

      24-бап. Дипломатиялық қызметтi қаржылық және
              материалдық-шаруашылық жағынан қамтамасыз ету

      1. Дипломатиялық қызметтi және оның органдарын қаржылық жағынан қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      2. Алып тасталды - ҚР 23.11.2015 № 417-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3. Құрметті консул аппаратының қызметін және соған байланысты iс-шараларды қаржыландыру құрметтi консул бөлетiн қаражат есебiнен жүзеге асырылады.

      4. Дипломатиялық қызмет органдары көлiкпен, қызметтiк үй-жайлармен, байланыс құралдарымен және басқа да қажеттi мүлiкпен қамтамасыз етiледi.

      5. Дипломатиялық қызмет органдарының Қазақстан Республикасының аумағы мен шет елдегi жылжымайтын және өзге мүлiктi иелену, пайдалану және оларға билiк ету тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес белгiленедi.
      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 23.11.2015 № 417-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      25-бап. Дипломатиялық қызмет персоналына берiлетiн
              кепiлдiктер мен өтемдер

      1. Дипломатиялық қызмет персоналы мен отбасы мүшелерiн материалдық және әлеуметтiк жағынан қамтамасыз ету атқаратын қызметiнiң қиындығы, оған байланысты қауiп-қатер, сондай-ақ шет мемлекеттiң өзiндiк ерекшелiктерi ескерiле отырып жүзеге асырылады.
      Шет елде болу дипломатиялық қызмет персоналына және отбасы мүшелерiне қандай да болсын зиян келтiрмеуге тиiс.
      Шет елдегi дипломатиялық қызмет персоналы мен отбасы мүшелерiне көмек көрсету мен қорғауға байланысты мiндеттердi шет елдегi мекеменiң жетекшiсi орындайды.
      Шет елдегi қызметi кезiнде дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерi не оның отбасы мүшелерi ауырған, қайтыс болған, отбасында бала туылған жағдайда, дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң және (немесе) оның отбасы мүшелерiнiң Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген мөлшерде жәрдемақы алуға құқығы бар.

      1-1. Шет елдердегі мекемелерге жұмысқа жіберілген дипломатиялық қызмет персоналының жұбайына (зайыбына) аталған тағайындау туралы шешім қабылданған кезде ол мемлекеттік қызметте мемлекеттік лауазымды атқарған жағдайда отбасының бірге жүретін мүшесі ретінде жұбайының (зайыбының) шет елге шығу кезеңінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі.

      2. Дипломатиялық қызмет персоналына және оның отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін дипломатиялық қызмет персоналының шет елдегі еңбек жағдайларына сәйкес бюджет қаражаты есебінен медициналық қамсыздандыру ұсынылады.

      3. Шет елдердегі мекемелерде жұмыс істейтін дипломатиялық қызмет персоналының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің жыл сайынғы ақы төленетін демалыс берілуіне не «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес айқындалатын отбасының бір мүшесінің қайтыс болуына байланысты екі жаққа көлік шығыстарының төлеміне құқығы бар.

      4. Дипломатиялық қызмет персоналы өзiмен бiрге тұратын отбасы мүшелерiнiң саны, лауазымдық жағдайы, жергiлiктi мән-жай және Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн нормативтер ескерiле отырып, шет елде тұрғын үймен қамтамасыз етiледi.
      Тұрғын үйдi ұстауға төлейтiн нақты шығыс Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген нормалардан асып кеткен жағдайда ол бюджет қаражаты есебiнен өтелуге тиiс.

      5. Шет елдегi жұмыс кезеңiнде дипломатиялық қызмет персоналының балаларына мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта бiлiм беру бюджет қаражаты есебiнен төленуге тиiс.

      6. Шет елдегi мекемеде әкiмшiлiк-техникалық бос қызмет орындары болған жағдайда, шет елдегi дипломатиялық қызмет персоналы отбасыларының мүшелерiне уақытша жұмысқа тұру құқығы берiлуi мүмкiн.

      7. Қарулы немесе азаматтық жанжалдар жағдайында не шет елдердегi мекемелер мен олардың персоналының қауiпсiздiгiне қатер төнген жағдайда, сондай-ақ шет елдердегi мекемелер орналасқан жерлердегi төтенше жағдайлар кезiнде Сыртқы iстер министрлiгi дипломатиялық қызмет персоналы мен отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және қорғау үшiн қажеттi шаралар қолданады.
      Дипломатиялық қызметтiң қызметкерiне немесе жұмыскерiне не оның отбасы мүшелерiне шет елде болу уақытында, өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн не солармен байланысты қызметтi атқару кезiнде келтiрiлген залал Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен өтеледi.

      8. Дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерi шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде не шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде алған жарақаттың салдарынан қызметтен босатылғаннан кейін бiр жыл ішінде қаза тапқан жағдайда, дипломатиялық қызметтiң қайтыс болған қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң отбасы мүшелерiне оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысы бойынша есептелетiн алпыс айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтем төленедi.

      9. Дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерi шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде қаза тапқан жағдайда, қаза тапқан адамның отбасының Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда және тәртiппен мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға құқығы бар.

      10. Дипломатиялық қызметтiң қызметкерiне немесе жұмыскерiне шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде алған жарақат, жаралану (контузия), мертiгу, ауру салдарынан болған мүгедектiк белгiленген кезде, оған оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысымен есептелген мөлшерде:

      1) I топтағы мүгедекке - отыз айлық ақшалай қаражат;

      2) II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық ақшалай қаражат;

      3) III топтағы мүгедекке - алты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтем төленедi.

      11. Дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерi шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде мүгедектiкке әкеп соқпаған ауыр мертiгу (жарақат, жаралану, контузия) жағдайында, оған оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша есептелетiн - үш айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде, жеңiл мертiгу жағдайында бiр айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтем төленедi.

      12. Егер дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң қаза табуы (қайтыс болуы), жарақаттануы, жаралануы (мертігуі), ауыруы қызметтiк мiндеттердi орындауға байланысы жоқ жағдайларда болғаны белгiленген тәртiппен дәлелденсе, аталған сома төленбейдi.
      Ескерту. 25-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.07.27. N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.27 № 366-IV (2011.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 23.11.2015 № 417-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      26-бап. Жерлеу шығыстарын өтеу

      1. Шетелде қайтыс болған (қаза тапқан) дипломатиялық қызметтің қызметкерін немесе жұмыскерін жерлеу үшін оның отбасы мүшесіне оның Сыртқы істер министрлігінде атқарған соңғы лауазымы бойынша үш орташа жалақысы мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.
      Шетелде қайтыс болған (қаза тапқан) дипломатиялық қызмет қызметкерінің немесе жұмыскерінің отбасы мүшесін жерлеу үшін дипломатиялық қызметтің қызметкеріне немесе жұмыскеріне оның Сыртқы істер министрлігінде атқарған соңғы лауазымы бойынша үш орташа жалақысы мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.

      2. Шетелде қайтыс болған (қаза тапқан) дипломатиялық қызмет қызметкерінің немесе жұмыскерінің не отбасы мүшесінің мәйітін Қазақстан Республикасына оның тұрақты тұратын жеріне немесе қайтыс болған (қаза тапқан) дипломатиялық қызмет қызметкерінің немесе жұмыскерінің отбасы мүшелерімен не дипломатиялық қызметтің қызметкерімен немесе жұмыскерімен келісім бойынша кез келген басқа жерге жеткізу және онымен байланысты шығыстар бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 26-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.12.27 № 366-IV (2011.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      27-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының еңбек
              қатынастарын реттеу

      Дипломатиялық қызмет персоналының еңбек қатынастары, осы Заңда көзделген ерекшеліктер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін дипломатиялық қызмет персоналының шет елдегі еңбек жағдайлары ескеріліп, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасымен реттеледі.
      Ескерту. 27-бап жаңа редакцияда - ҚР 23.11.2015 № 417-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      28-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының
              еңбегiне ақы төлеу

      Дипломатиялық қызмет персоналының еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн еңбекке ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде белгiленедi.
      Шет елдегi дипломатиялық қызмет персоналының еңбегiне ақы төлеу болатын елiнiң саяси, әлеуметтiк-экономикалық және материалдық-тұрмыстық жағдайлары ескерiле отырып айқындалады.

      29-бап. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiне
              ақшалай төлемдер жасау

      Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiнiң дипломаттық дәрежесi үшiн, шет тiлдерiн бiлгенi үшiн, мемлекеттiк құпия болып табылатын мәліметтермен жұмыс істегені үшiн ақшалай төлем алуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген өкiлдiк керек-жарағы құнының мөлшерiнде жыл сайынғы ақшалай өтем алуға құқығы бар.
      Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiнiң өкiлдiк керек-жарағы туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      30-бап. Жыл сайынғы демалыстар

      1. Дипломатиялық қызметтiң персоналына ұзақтығы отыз күнтiзбелiк күн жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiледi.
 

      2. Дипломатиялық қызметтiң шет елдердегi мекемелерде жұмыс iстейтiн қызметкерiне немесе жұмыскерiне кезектi еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыру үшiн оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысының екi еселенген мөлшерiнде жәрдемақы төленедi. 

      31-бап. Дипломатиялық қызметтiң персоналын зейнетақымен
              қамсыздандыру және әлеуметтiк қорғау

      Дипломатиялық қызметтiң персоналын зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтiк қорғау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.

      32-бап. <*>

      Ескерту. 32-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

      32-1-бап. Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға
                 жұмысқа жіберілген, бұрын дипломатиялық қызмет
                 персоналы лауазымында болған лауазымды адамдарды
                 қамтамасыз ету

      1. Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, бұрын дипломатиялық қызмет персоналы лауазымында болған лауазымды адамдар осы Заңның 25-бабы 2, 3, 5, 7-12-тармақтарының, 29-бабының өкілдік керек-жарақ құнының жыл сайынғы ақшалай өтемақысын төлеу бөлігінде көзделген ақшалай қаражатпен, әлеуметтік, зейнеткерлік және медициналық қамтамасыз ету мәселелерінде тиісті шет мемлекеттегі мекемелердің персоналына теңестіріледі.
      2. Егер Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, бұрын дипломатиялық қызмет персоналы лауазымында болған лауазымды адамдардың халықаралық ұйымда ақшалай қаражатпен, әлеуметтік, зейнеткерлік және медициналық қамтамасыз етілуі тиісті шет мемлекеттегі мекемелердің персоналына қарағанда аз болса, теңестірілген лауазым бойынша айырма Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
      3. Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, бұрын дипломатиялық қызмет персоналы лауазымында болған лауазымды адамдарды тиісті шет мемлекеттегі мекеменің персоналына теңестіру Сыртқы істер министрлігінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.
      Ескерту. Заң 32-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.12.27 № 366-IV (2011.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      33-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      2. "Дипломатиялық қызмет туралы" 1997 жылғы 12 қарашадағы    Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 21, 275-құжат; 1999 ж., N 23, 916-құжат; 2001 ж., N 20, 257-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады