Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 сәуірдегі N 405 Заңы

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша «ауылдық (селолық)» деген сөздер тиісінше «ауылдық» деген сөзбен ауыстырылды - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), бүкіл мәтін бойынша «ставкасы», «ставкасынан», «процент», «проценті», «процентінен» деген сөздер тиісінше «мөлшерлемесі», «мөлшерлемесінен», «пайыз», «пайызы», «пайызынан» деген сөздермен ауыстыру көзделген - ҚР 28.11.2014 № 257-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

      Осы Заң азаматтарды әлеуметтiк қорғаудың мемлекет жүзеге асыратын нысандарының бiрi ретiндегi мiндеттi әлеуметтiк сақтандырудың құқықтық, экономикалық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) асыраушы - өзiнiң асырауындағы отбасының еңбек етуге қабiлетсiз мүшелерiн өз табысы есебiнен асыраушы адам;
      2) асырауындағылар санының коэффициентi - қайтыс болған (coт хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жарияланған) асыраушының асырауында болған оның отбасы мүшелерiнiң санын ескеретiн коэффициент;
      3) әлеуметтiк аударымдар - өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыға, ал асыраушысынан айрылған жағдайда оның асырауында болған отбасы мүшелерiне осы Заңға сәйкес әлеуметтiк төлемдер алу құқығын беретiн, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетiн осы Заңда белгiленген мiндеттi төлемдер;
      3-1) әлеуметтік аударымдар бойынша берешек – есептелген және мерзімінде аударылмаған әлеуметтік аударымдар сомасы;
      4) әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi - жұмыс берушiнiң қызметкерге орындалған жұмыстар, көрсетiлген қызметтер үшiн табыс түрiнде төлейтiн шығыстары. Өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адамның әлеуметтiк аударымдарын есептеуге арналған объект оның алатын табыстары болып табылады;
      5) алып тасталды - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі);
      6) әлеуметтiк аударымдарды төлеушi (бұдан әрi - төлеушi) - осы Заңда белгiленген тәртiппен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдарды есептеудi және төлеудi жүзеге асыратын жұмыс берушi немесе өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адам;
      7) әлеуметтiк аударымдар мөлшерлемесі - әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнiң шамасына пайыздық қатынаспен көрсетiлген, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетiн мiндеттi төлемдердiң тiркелген мөлшерi;
      8) әлеуметтiк қатер - еңбек ету қабiлетiнен айрылуына және (немесе) жұмысынан айрылуына, асыраушысынан айрылуына, сондай-ақ жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айрылуына әкеп соқтырған оқиғаның басталуы, соның нәтижесінде өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушы не ол қайтыс болған жағдайда оның асырауында болған отбасының мүшелерi осы Заңға сәйкес әлеуметтiк төлемдердi алу құқығына ие болады;
      9) әлеуметтiк төлемдер - әлеуметтік төлемдерді алушының пайдасына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүзеге асыратын төлемдер;
      10) алып тасталды - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі);
      11) әлеуметтiк төлемдi алушы (бұдан әрi – алушы) – әлеуметтік қатер төнгенге дейін Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына ол үшін әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген не өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам ретінде оларды өзi төлеген және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры оған қатысты әлеуметтiк төлемдер тағайындау туралы шешiм шығарған жеке тұлға, ал мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысы болып табылатын адам қайтыс болған жағдайда – қайтыс болған (coт хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшелерi;
      12) еңбек ету қабiлетiнен айрылу - қызметкердiң жұмыс орындау, қызмет көрсету қабiлетiнен айрылуы, оның дәрежесi айрылған еңбек ету қабiлетiне пайыздық қатынастан көрінеді;
      13) еңбек ету қабiлетiнен айрылу коэффициентi - өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушының жалпы еңбек ету қабiлетiнен айрылу дәрежесiне қарай айқындалатын коэффициент;
      13-1) еңбекке жарамсыздық күндері санының коэффициенті – еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетілген күндер санына қарай айқындалатын коэффициент;
      13-2) алып тасталды - ҚР 06.04.2016 № 483-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      13-3) халықты жұмыспен қамту орталығы – ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында құратын мемлекеттік мекеме;
      14) қатысу өтілінің коэффициентi - мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысудың жалпы өтіліне қарай айқындалатын коэффициент;
      14-1) медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесі (бұдан әрі – МӘС бөлімшесі) – міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы бақылау жөніндегі уәкілетті органның медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізетін құрылымдық бөлімшесі;
      15) Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры (бұдан әрi - Қор) - міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы – асыраушысынан айырылған жағдайда, асырауындағы отбасы мүшелерін қоса алғанда, өздеріне қатысты әлеуметтік тәуекел жағдайы төнген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына әлеуметтік аударымдарды шоғырландыруды, әлеуметтік төлемдерді тағайындауды және жүзеге асыруды жүргізетін заңды тұлға;
      16) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының активтерi - әлеуметтiк аударымдар, әлеуметтiк аударымдарды төлеу мерзiмi өтiп кеткендiгi үшiн алынған өсiмпұл, инвестициялық табыс және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметiн қамтамасыз етуге арналған комиссиялық сыйақыны, әлеуметтiк төлемдерге бағытталған қаражатты және қате есептелген немесе артық төленген қаражатты қайтаруды шегерiп тастағанда, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына түсетiн Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де түсiмдер;
      17) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру - еңбек ету қабiлетiнен айрылуына және (немесе) жұмысынан айрылуына, сондай-ақ асыраушысынан айрылуына байланысты, жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне орай табысынан айрылуына байланысты табыстың бiр бөлiгiн өтеу үшiн мемлекет ұйымдастыратын, бақылайтын және кепiлдiк беретiн шаралар жиынтығы;
      18) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесi - мемлекет белгiлейтiн және кепiлдiк беретiн, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылардың арасындағы қатынастарды реттейтiн нормалар мен қағидалардың жиынтығы;
      18-1) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысудың жалпы өтілі – әлеуметтiк аударымдар түскен айлардың жалпы саны;
      19) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылар – төлеушi; өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушы; алушы; «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы; Қор; Қазақстан Республикасының Үкiмeтi; Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi; өзге де уәкiлеттi органдар;
      20) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысы - өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар төленетiн және осы Заңда көзделген әлеуметтiк қатер жағдайлары басталған кезде әлеуметтiк төлемдер алуға құқығы бар жеке тұлға;
      20-1) міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы бақылау жөніндегі уәкілетті орган – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі;
      21) өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адам (осы Заңға қолдануға болатын) – өздерiне табыс әкелетiн жұмыспен өздерiн қамтамасыз ететiн дара кәсiпкер, жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор;
      Арнаулы салық режимiн қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтарына қатысты өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адамдар деп дара кәсiпкерлер - қожалық басшысы, сондай-ақ кәмелетке толған жылдан кейiнгi күнтiзбелiк жылдан бастап шаруа немесе фермер қожалығыныңкәмелетке толған мүшелерi танылады;
      22) табысты ауыстыру коэффициентi - әлеуметтiк төлемнiң әлеуметтiк аударымдарды есептеу кезiнде негiзге алынған табыс мөлшерiне қатынасын айқындайтын коэффициент;
      23) уәкiлеттi орган - Қор қызметiне реттеу, бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.
      24) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 N 34-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 04.02.2013 № 75-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.01.2014 N 156-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.11.2014 № 257-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 06.04.2016 № 483-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       2-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастар

      Осы Заң мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру түрлерi бойынша әлеуметтiк қатер жағдайының басталуына қарай мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыларды әлеуметтiк қамсыздандырудың қосымша нысандарын құрумен байланысты осы Заңда көзделген қатынастарды реттейдi.

      3-бап. Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк
             сақтандыру туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      4-бап. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандырудың түрлерi

      Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру мынадай түрлерге бөлiнедi:

      1) еңбек ету қабiлетiнен айрылған жағдай;

      2) асыраушысынан айрылған жағдай;

      3) жұмысынан айрылған жағдай;

      4) жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айрылған жағдай;

      5) жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айрылған жағдай;

      6) бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылған жағдай.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.12.19. N 9 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       5-бап. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандырудың
             негiзгi принциптерi

      Мiндеттi әлеуметтiк сақтандырудың негiзгi принциптерi мыналар болып табылады:

      1) Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы заңдарын сақтау мен орындаудың жалпыға бiрдейлiгi;

      2) әлеуметтiк төлемдердi қамтамасыз ету үшiн қолданылатын шараларға мемлекеттiң кепiлдiк беруi;

      3) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысудың мiндеттiлiгi;

      4) осы Заңға сәйкес әлеуметтiк аударымдарды әлеуметтiк төлемдерге пайдалану;

      5) әлеуметтiк төлемдердiң осы Заңда көзделген шарттар бойынша мiндеттiлiгi;

      6) әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн саралау;

      7) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыруды қамтамасыз ететiн мемлекеттiк органдардың қызметiндегi жариялылық.

      6-бап. Әлеуметтiк төлемдердi алу құқығы

      Мемлекет азаматтарға әлеуметтiк қатер жағдайлары басталған кезде осы Заңда белгiленген шарттармен мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру түрлерi бойынша әлеуметтiк төлемдердi алу құқығына кепiлдiк бередi.
      Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар әлеуметтік төлемдерді алу құқығын Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең пайдаланады.
      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.02.2013 № 75-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      7-бап. Әлеуметтiк аударымдардың сақталуын қамтамасыз ету

      1. Мемлекет Қордағы әлеуметтiк аударымдардың сақталуына және нысаналы пайдаланылуына кепiлдiк бередi.
      2. Әлеуметтiк аударымдардың сақталуы:
      1) Қордың қызметiн, оның қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ететiн, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тиiстi нормалар мен лимиттердi белгiлеу арқылы реттеу;
      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi арқылы инвестициялық қызметтi жүзеге асыру;
      3) Қор активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi барлық операцияларды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнде есепке алу;
      4) Қордың өз қаражаты мен активтерiнiң бөлек есебiн жүргiзу;
      5) Қордың қызметiн қамтамасыз етуге арналған шығыстарға шектеулер енгiзу;
      6) жыл сайын аудит жүргiзудiң мiндеттiлiгi;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Қордың ұдайы қаржылық есептiлiгi;
      8) Қор активтерiн инвестициялау үшiн қаржы құралдарының тiзбесi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң айқындауы арқылы қамтамасыз етiледi.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.03.19 № 258-IV Заңымен.

      8-бап. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыруға жататын адамдар

      «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында көзделген жасқа толған адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және Қазақстан Республикасының аумағында кіріс әкелетін қызметтi жүзеге асыратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қоса алғанда, қызметкерлер, өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адамдар мiндеттi әлеуметтiк сақтандыруға жатады.
      Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      8-1-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің міндетті
                әлеуметтік сақтандыру саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі міндетті әлеуметтік сақтандыру саласында:
      1) Қор активтерінен алынатын комиссиялық сыйақының пайыздық мөлшерлемесінің шекті шамасын жыл сайын белгілейді;
      2) әлеуметтік аударымдарды есептеу мен аударудың тәртібін және мерзімдерін бекітеді;
      3) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      4) еңбек ету қабілетінен айырылған және асыраушысынан айырылған жағдайда Қордан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыру туралы шешім қабылдайды;
      5) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
      Ескерту. 1-тарау 8-1-баппен толықтырылды - ҚР 04.02.2013 № 75-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 10.01.2014 N 156-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      9-бап. Міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы
              бақылау жөніндегі уәкілетті органның құзыреті

      Міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы бақылау жөніндегі уәкілетті орган:
      1) еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілейді;
      2) Қордың әлеуметтік төлемдерді уақтылы және дұрыс тағайындауын бақылауды қамтамасыз етеді;
      3) Мемлекеттік корпорацияның алушыға әлеуметтік төлемдерді уақтылы және толық аударуын бақылауды қамтамасыз етеді;
      4) Қордың әлеуметтік төлемдерді тағайындауы, тағайындаудан бас тартуы, сондай-ақ Мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік төлемдерді уақтылы және толық аударуы мәселелері бойынша міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың шағымдарын қарайды.
      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      10-бап. Мемлекеттік корпорацияның құқықтары мен
               міндеттері

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Мемлекеттік корпорацияның:

      1) Қорға беру үшiн құжаттарды қабылдау мен олардың жиынтықтылығын тексерудi жүзеге асыруға;

      2) алып тасталды - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі);

      3) осы Заңда көзделген қызметтердi көрсеткенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен республикалық бюджеттен қаражат алуға;

      4) әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін қажетті құжаттардың қолданылу мерзімі аяқталған кезде әлеуметтік төлемді тоқтата тұруға құқығы бар.

      2. Мемлекеттік корпорация:

      1) жеке сәйкестендiру нөмiрi негiзiнде әлеуметтiк аударымдар мен әлеуметтiк төлемдердi есепке алуды жүзеге асыруға және мемлекеттік кіріс органдарымен бiрге әлеуметтiк аударымдардың түсiмін салыстырып-тексеруді жүргiзуге;

      1-1) қате есепке жатқызылған немесе артық төленген әлеуметтік аударымдар және (немесе) әлеуметтiк аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегенi үшiн өсімпұлдар сомаларын қайтаруды жүзеге асыруға;

      2) әлеуметтiк төлемдерден жүргiзiлген ұстап қалу туралы алушыларды хабардар етуге;

      3) артық төленген сомаларды Мемлекеттік корпорация арқылы қайтару қажет болған жағдайда, бұл туралы алушыға хабарлауға;

      4) Қорға жасалған аударымдардың мөлшерi мен мерзiмiне қарамастан, мiндеттi әлеуметтiк сақтандырылуға тиiстi адамдарға қызмет көрсетудiң тең жағдайларын қамтамасыз етуге;

      5) банктiк үш күн iшiнде әлеуметтiк аударымдарды Қорға аударуға;

      6) әлеуметтiк төлемдер тағайындауға арналған құжаттарды жасауға және оларды Қорға осы Заңда көзделген мерзiмде беруге;

      7) алушыларға әлеуметтiк төлемдердiң аударылуын уақтылы қамтамасыз етуге;

      8) артық төленген әлеуметтiк аударымдар сомаларын осы қаражат Қордан Мемлекеттік корпорацияның шотына аударылған кезден бастап банктiк үш күн iшiнде төлеушiлерге аударуды жүзеге асыруға;

      9) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, әлеуметтiк аударымдар мен әлеуметтiк төлемдердiң жай-күйi мен қозғалысы туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;

      10) осы Заңға сәйкес уәкiлеттi органға және Қорға қажеттi есептiлiктi табыс етуге;

      11) әлеуметтiк төлемдердi алу мәселелерi бойынша қажеттi түсiндiрме беруге мiндеттi.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.01.12 N 224 (2012.01.01 бастап күшіне енеді); 2012.01.12 № 538-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 04.02.2013 № 75-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      10-1-бап. Мемлекеттік корпорацияның міндетті әлеуметтік
                 сақтандыру саласындағы құзыреті

      1. Мемлекеттік корпорация міндетті әлеуметтік сақтандыру саласында мемлекеттік монополияға жататын қызметтің мынадай түрлерін:
      1) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтiк төлемдерін дербестендірілген есепке алуды және олардың орталықтандырылған дерекқорын қалыптастыруды;
      2) Қордың қаражатынан әлеуметтік төлемдерді ұйымдастыруды;
      3) міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы ақпараттық жүйелерді жүргізуді және жаңартып отыруды;
      4) Қордан төленетін әлеуметтік төлемдерге қажеттілікті есептеу бойынша болжамды деректерді қалыптастыруды;
      5) әлеуметтік төлемдерге ай сайынғы қажеттіліктерді, олардың графиктерін қалыптастыруды және Қорға әлеуметтік төлемдерге қаражаттар қажеттілігі туралы өтінім жіберуді;
      6) уәкілетті органға және Қорға міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы ақпараттық жүйелерден ақпарат беруді;
      7) құжаттар қабылдау, әлеуметтік төлемдерді тағайындау, тоқтата тұру, тоқтату, қайта бастау және қайта есептеу істерінің макеттерін қалыптастыру мәселелері бойынша Қормен өзара іс-қимыл жасауды;
      8) әлеуметтiк аударымдар мен әлеуметтiк төлемдердiң жай-күйi мен қозғалысы туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету жөніндегі Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып, Мемлекеттік корпорацияның қызмет түрлеріне сәйкес, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға ақпараттық көрсетілетін қызметтер ұсынуды;
      9) төлеушiлерден түскен әлеуметтік аударымдарды және (немесе) әлеуметтiк аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдарды Қорға аударуды, әлеуметтiк аударымдардың артық (қате) төленген сомаларын және (немесе) олар бойынша өсiмпұлдарды төлеушiлерге қайтаруды жүзеге асыруды;
      10) салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға төлеушілердің келіп түскен және қайтарылған әлеуметтік аударымдарының тізілімдерін ұсынуды;
      11) жеке сәйкестендіру нөмірі жоқ және (немесе) деректемелерінде қателер жіберілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы үшін аударылған әлеуметтік аударымдардың сомаларын төлеушіге қайтаруды жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттік корпорация әлеуметтік аударымдарды есепке алу, аудару, қайтару мәселелері бойынша Қормен өзара іс-қимыл жасайды.
      3. Мемлекеттік корпорация өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын монополияға қарсы органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша орталық мемлекеттік органдар арасынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын уәкілетті орган белгілейді.
      Ескерту. 1-тарау 10-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; жаңа редакцияда - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      11-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Уәкiлеттi орган:
      1) Қордың қаржылық тұрақтылығын талдауды, бағалауды және бақылауды жүзеге асырады;
      2) қаржылық және өзге де есептіліктің тізбесін, нысандарын, Қордың және Мемлекеттік корпорацияның оларды ұсыну мерзімдерін айқындайды;
      3) Қордың басшы қызметкерлерін тағайындауға келісім береді;
      4) Қор қызметi туралы мәлiметтердi, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен ұйымдардан өзiнiң бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру үшiн қажеттi мәлiметтер алуға құқылы;
      5) «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен Қордың қызметіне ішкі бақылауды жүзеге асырады;
      6) Қордың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететін нормалар мен лимиттерді әзірлейді;
      7) Қор активтерін инвестициялау үшін қаржы құралдарының тізбесін әзірлейді;
      8) Қордың бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына байланысты қызметті жүзеге асыру тәртібін әзірлейді;
      9) Қор активтерінен алынатын комиссиялық сыйақының пайыздық мөлшерлемесінің шекті шамасын белгілеу туралы жыл сайын ұсыныс әзірлейді;
      10) әлеуметтік аударымдарды есептеу мен аударудың тәртібін және мерзімдерін әзірлейді;
      11) Қордан төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау, мөлшерін есептеу (айқындау), қайта есептеу, сондай-ақ олардың жүзеге асырылу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      12) еңбек ету қабілетінен айырылған және асыраушысынан айырылған жағдайда, Қордан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерлерін арттыру туралы ұсыныс әзірлейді;
      12-1) құзыреті шегінде Мемлекеттік корпорация қызметіне тексеруді жүзеге асырады;
      12-2) міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы ақпараттық жүйелерді қолдау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      12-3) міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы ақпараттық жүйелер мен дерекқорларға қол жеткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      12-4) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды дербестендірілген есепке алуды және олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтiк төлемдерін жүргізу тәртібін айқындайды;
      12-5) Мемлекеттік корпорацияның міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы статистикалық және өзге де есептік ақпаратты ұсыну қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      13) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.02.2013 № 75-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 10.01.2014 N 156-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      12-бап. Өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген
              мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне
              қатысушының және алушының құқықтары мен
              мiндеттерi

      1. Өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушының және алушының:

      1) Мемлекеттік корпорацияға еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда (егер өтініш берген кезде адамның жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленсе), асыраушысынан айырылған жағдайда, жұмысынан айырылған жағдайда (егер адам жұмыссыз ретінде тіркелсе), жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты, бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты кірісінен айырылған жағдайларда әлеуметтік төлем тағайындау туралы өтініш беруге;

      1-1) алып тасталды - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі);
      1-2) жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі алғаш рет белгіленген кезде МӘС бөлімшесіне еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау туралы өтініш беруге;
      1-3) жұмыссыз адам ретінде тіркелген кезде халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау туралы өтініш беруге;
      1-4) жұмысынан айырылған жағдайда, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы әлеуметтік төлем тағайындау туралы өтініш беруге;

      2) мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар алуына қарамастан, осы Заңда көзделген тәртiппен Қордан әлеуметтiк төлемдердi алуға;

      3) төлеушiден, Мемлекеттік корпорациядан және Қордан әлеуметтiк аударымдар мен әлеуметтiк төлемдердi аудару мен есепке жатқызудың толықтығы және уақтылығы туралы, сондай-ақ әлеуметтiк төлемдердi тағайындау және оны алу тәртiбi туралы ақпаратты сұратуға және тегiн алуға;

      4) Қордың және осы тармақта көрсетілген өзге де мемлекеттік органдардың немесе ұйымдардың осы Заңда белгіленген әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша нысандарын алуға құқықтарын шектеуге байланысты әрекеттеріне шағымдануға құқығы бар.

      2. Өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушы және алушы:

      1) әлеуметтiк төлемдер тағайындауға қажеттi құжаттарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен табыс етуге;

      2) алынып тасталды 

      3) қате төленген сомаларды қайтарып алуға;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қайта куәландырудан өтуге және қайта куәландырудан өту мерзiмдерiн сақтауға;

      5) әлеуметтік төлемдерді алу кезеңінде әлеуметтік төлемдер бойынша Қор міндеттемелерінің орындалуына әсер ететін барлық өзгерістер туралы, осындай өзгерістер туындаған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Мемлекеттік корпорацияны хабардар етуге міндетті.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.12.19. N 9 (2008.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.02.2013 № 75-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.03.2015 № 293-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 06.04.2016 № 483-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      13-бап. Төлеушiнiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Төлеушiнiң:

      1) қате төленген әлеуметтік аударымдар және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдар сомаларын қайтарып алуға;

      1-1) жеке сәйкестендіру нөмірі жоқ және (немесе) деректемелерінде қателер жіберілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы үшін аударылған әлеуметтік аударымдардың сомаларын қайтаруға;

      2) аударылған сомалар туралы қажеттi ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Мемлекеттік корпорациядан сұратуға және тегiн алуға;

      3) осы Заңға сәйкес басқа да құқықтарын iске асыруға құқығы бар.

      2. Төлеушi:
      1) әлеуметтiк аударымдарды және әлеуметтiк аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегенi үшiн өсiмпұлды уақтылы және толық көлемiнде төлеуге;

      2) Қорға төленетiн әлеуметтiк аударымдар мөлшерiн есептеу мен қайта есептеудi, сондай-ақ әлеуметтiк аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемеген жағдайда өсiмпұл есептеудi дербес жүзеге асыруға;

      3) есептелген және аударылған әлеуметтiк аударымдар бойынша мемлекеттік кіріс органдарына есеп-қисап беруге мiндеттi.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.02.2013 № 75-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.01.2014 N 156-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-тарау. Әлеуметтік аударымдар

      14-бап. Әлеуметтiк аударымдардың мөлшерi

      1. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылар үшiн Қорға төленуге тиiстi әлеуметтiк аударымдар мынадай мөлшерде белгiленедi:
      2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап - әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнен 1,5 пайыз;
      2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап - әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнен 2 пайыз;
      2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап - әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнен 3 пайыз;
      2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап - әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінен 4 пайыз;
      2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап - әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінен 5 пайыз.

      2. Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес арнаулы салық режимi қолданылатын өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адамдар үшiн олардың өз пайдасына төлейтiн әлеуметтiк аударымдарының мөлшерi:
      2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап - тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленетiн ең төмен жалақының 1,5 пайызы;
      2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап - тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленетiн ең төмен жалақының 2 пайызы;
      2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап - тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленетiн ең төмен жалақының 3 пайызы;
      2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап - әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінен 4 пайыз, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін ең төмен жалақының 4 пайызынан кем емес;
      2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап - әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінен 5 пайыз, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін ең төмен жалақының 5 пайызынан кем емес болады.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.12.19 N 9 (01.01.2008 бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.12.10 N 101-IV (01.01.2009 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      15-бап. Әлеуметтiк аударымдарды есептеу және аудару

      1. Жұмыс берушiнiң қызметкерге табыс түрiнде төлейтiн шығыстарын есептеу жұмыс берушiнiң қызметкерлерге табыс түрiнде төлейтiн шығыстарына әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттiк органдар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң ақшалай қамтылымын қоса отырып, Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде көзделген тәртiппен жүргiзiледi.
      2. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылар үшiн төленетiн әлеуметтiк аударымдарды есептеу және аудару ай сайын жүргiзiледi.
      Бұл ретте айлық табыс әлеуметтiк аударымдарды eceптеу үшiн республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төмен жалақының он еселенген мөлшерiнен аспайтын мөлшерде алынады.
      Егер күнтізбелік ай үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын ең төменгі жалақы мөлшерiнен кем болса, онда әлеуметтік аударымдар ең төменгі жалақы мөлшері негізге алына отырып есептеледі, аударылады.
      2-1. Резидент заңды тұлғаның шешімі бойынша оның филиалдары, өкілдіктері әлеуметтік аударымдарды төлеушілер ретінде қаралуы мүмкін.
      3. Алып тасталды - ҚР 04.02.2013 № 75-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.12.13 N 11 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз); 2007.12.19 N 9 (2008.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 2011.07.21 № 467-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 2012.01.18 N 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.02.2013 № 75-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.01.2014 N 156-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      16-бап. Әлеуметтiк аударымдарды төлеу тәртiбi

      1. Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, төлеушi Мемлекеттік корпорацияның банк шоты арқылы төлемдерді жүзеге асыру жолымен есептi айдан кейiнгi айдың 25-iнен кешiктiрмей Қорға әлеуметтiк аударымдарды төлейдi.
      2. алынып тасталды.
      2-1. Арнаулы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары, оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын шағын бизнес субъектілері, патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер әлеуметтік аударымдар сомасын Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген мерзімде төлейді.
      3. Әлеуметтiк аударымдар қолма-қол нысансыз жүзеге асырылатын төлеу күнi банктен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардан әлеуметтiк аударымдар сомасына төлем тапсырмасының акцептiн алған күн болып, қолма-қол нысанда жүзеге асырылатын төлеу күнi төлеушiнiң банкке әлеуметтiк аударымдарды енгiзген кезiнен бастап есептеледi.
      Ескерту. 16-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.12.13 N 11 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.12.10 N 101-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      17-бап. Әлеуметтік аударымдарды уақтылы аудармағаны
               үшін төлеушінің жауапкершілігі

      Ескерту. 17-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2008.12.10 N 101-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 10.01.2014 N 156-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Уақтылы аударылмаған әлеуметтiк аударымдар сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндiрiп алады немесе оларды төлеушi мерзiмi өткен әр күн үшiн (Қорға төлеген күндi қоса) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген қайта қаржыландырудың 2,5 еселенген ресми мөлшерлемесі мөлшерiнде есептелген өсiмпұлмен қоса Қордың шотына аударуға тиiс.

      2. Әлеуметтiк аударымдар толық және (немесе) уақтылы аударылмаған жағдайда, мемлекеттік кіріс органдары жиналып қалған берешек шегіндегі ақшаны төлеушiнiң банктік шоттарынан өндiрiп алуға құқылы.
      Әлеуметтiк аударымдар бойынша берешектi өндiрiп алу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен төлеушiге хабарлама жiберiле отырып, мемлекеттік кіріс органының инкассолық өкімі негiзiнде жүргiзiледi.
      Егер әлеуметтік аударымдар бойынша берешек республикалық бюджет туралы заңда белгіленген бір айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сомадан аспайтын болса, мұндай хабарлама жіберілмейді.
      Төлеушi әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлетiн мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылардың тiзiмiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген мерзiмдерде мемлекеттік кіріс органына табыс етуге мiндеттi.
      Клиентке қойылатын талаптардың бәрiн қанағаттандыру үшiн банктік шоттарда ақша болмаған немесе жеткiлiксiз болған жағдайда банк клиенттiң ақшасын алып қоюды Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген кезектiлiк тәртібімен жүргiзедi.
      Төлеушінің банктік шоттарында ұлттық валютада ақша болмаған жағдайда әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті өндіріп алу мемлекеттік кіріс органдары ұлттық валютада қойған инкассолық өкімдер негізінде төлеушінің банктік шоттарынан шетел валютасында жүргізіледі.

      2-1. Осы баптың 2-тармағында көзделген хабарламаны берген күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі бар төлеуші міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың тізімін ұсынбаған жағдайда, мемлекеттік кіріс органы төлеушінің банктік шоттар және касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрады.
      Мемлекеттік кіріс органдарының өкiмi бойынша банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар төлеушiлердiң банктік шоттарындағы барлық шығыс операцияларын тоқтата тұруға және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мiндеттi әлеуметтік аударымдарды, зейнетақы жарналары мен салық берешегiн аударуға қатысты нұсқауларды орындауға мiндеттi.
      Мемлекеттік кіріс органының банктік шоттар және касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiмiнің күшін осындай өкiмдерді шығарған мемлекеттік кіріс органы банктік шоттар және касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрудың себептерi жойылған күннен кейiнгi бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей жояды.

      3. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар әлеуметтiк аударымдар сомаларын Қордың шотына осы сомалар төлеушiнiң банктiк шотынан есептен шығарылған күнi аударуға мiндеттi.

      4. Төлеушiнiң банк шоттары және кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.12.13 N 11 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз); 2006.12.11 N  201 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi); 2008.12.10  N 101-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.02.2013 № 75-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.12.2013 № 152-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 10.01.2014 N 156-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      18-бап. Жүргiзiлген аударымдар туралы хабарлау

      Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгiленбесе, төлеушi мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылар үшiн есепке жазылған әлеуметтiк аударымдар жөнiндегі мәліметтерді көрсететін жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларацияны Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген мерзімде тоқсан сайын тапсырады.
      Декларацияның нысанын және оны жасау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.12.26 N 61-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      19-бап. Артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдарды
               және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы
               және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдарды
               қайтару

      Төлеуші артық (қате) төлеген әлеуметтік аударымдар және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдар сомалары Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, төлеушінің банк шотына банктік үш күн ішінде Мемлекеттік корпорацияның кейіннен аударуы үшін, төлеушінің өтініші Қорға келіп түскен күннен бастап банктік жеті күн ішінде Мемлекеттік корпорацияның банк шотына аударылуға жатады.
      Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

3-тарау. Әлеуметтік төлемдерді тағайындау

      20-бап. Әлеуметтiк төлемдердi тағайындауға өтiнiш
              беру және әлеуметтiк төлемдер тағайындауға
              арналған құжаттарды қарау мерзімдері

      1. Әлеуметтік төлемдерді тағайындауға өтініш жасау осы Заңның 12-бабының 1-тармағында көзделген тиісті мемлекеттік органдарға немесе ұйымдарға өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатпен қоса уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша өтініш беру арқылы жүзеге асырылады. Тізбесін уәкілетті орган айқындайтын құжаттар өтінішке қоса беріледі.

      1-1. Мемлекеттік органдар және (немесе) ұйымдар ақпараттық жүйелерде сұратылып отырған мәліметтердің жоқ екенін растайтын электрондық құжаттарды ұсынған кезде, сұрау салуды жүзеге асырған орган немесе ұйым өтініш берушіні қағаз жеткізгіштердегі құжаттардың түпнұсқаларын ұсыну қажеттігі туралы хабардар етеді.

      2. Мемлекеттік корпорация әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін қажетті құжаттар қабылданған күннен бастап төрт жұмыс күні ішінде оларды Қорға береді.

      3. Қор құжаттар келіп түскен күннен бастап төрт жұмыс күні ішінде оларды қарайды және әлеуметтік төлемдерді тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Әлеуметтік төлемдерді тағайындаудан бас тартылған жағдайда, ол өтініш берушіні бас тарту себептері туралы хабардар етеді және ұсынылған құжаттарды Мемлекеттік корпорация арқылы өтініш берушіге қайтарады.

      4. Қордың табыс етiлген құжаттардың дұрыстығына тексеру жүргiзуге құқығы бap. Осы мақсаттарда ол мемлекеттік органдар мен тиісті ұйымдарға ұсынылған құжаттардың анық екендігі туралы сұрау салуды жiберiп, оларды беруге негiз болған құжаттардың бар-жоғын тексере алады. Бұл peттe, әлеуметтiк төлемдер тағайындау туралы шешiм қабылдаудың кешiктiрiлуi және шешiм қабылдаудың ұзартылу мерзiмдерi, бiрақ бiр айдан аспайтын мерзiмге ұзартылуы туралы өтiнiш берушiге жазбаша түрде хабардар етiлуге тиiс. 

      5. Кейiнгi өтiнiштер берiлген кезде Қор өтiнiш қайталап берiлген кезден бастап бес жұмыс күнi iшiнде тағайындау немесе бас тарту туралы шешiм қабылдайды және бас тарту себептерi мен шағымдану тәртiбiн көрсете отырып, бұл жөнінде Мемлекеттік корпорация арқылы өтiнiш берушiге жазбаша нысанда хабарлайды.
      Қордың шешiмiне сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.

      6. Қордан төленетiн әлеуметтiк төлемдер Қордан төленетiн әлеуметтiк төлемдерге құқық туындаған күннен бастап тағайындалады.
      Қордан төленетiн әлеуметтiк төлемдерге құқық:
      еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің Қорға өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген қатысушысының жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін МӘС бөлімшесі белгілеген күннен бастап;
      асыраушысынан айырылған жағдайда – қайтыс болу туралы куәлiкте көрсетiлген қайтыс болған күнінен бастап не азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмiнде көрсетiлген күннен бастап туындайды.
      Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлем үлесiн бөлу құқығы Қорға оны бөлу үшін өтiнiш жасалған күннен бастап туындайды;
      жұмысынан айырылған жағдайда – мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің Қорға өзі үшін әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысы халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретiнде тiркелу үшiн өтiнiш жасаған күннен бастап;
      жүктiлiкке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда – еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетiлген жүктiлiкке және босануға байланысты демалыс берiлген күннен бастап;
      жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда – еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетiлген, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге демалыс берiлген күннен бастап;
      бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда – баланың туу туралы куәлiгiнде көрсетiлген туған күнiнен бастап, баланы (балаларды) асырап алған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бір жасқа дейінгі балаға қорғаншылық тағайындалған жағдайларда – баланы (балаларды) асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап немесе қорғаншы тағайындалған күннен бастап туындайды.
      Жұмысынан айырылған, жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға және бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайларда Қордан төленетiн әлеуметтік төлемдерді тағайындауға өтініш жасау мерзімдері Қордан төленетiн әлеуметтiк төлемдерге құқық туындаған күннен бастап он екі айдан аспауға тиіс.

      7. Өтініштің осы Заңның 12-бабының 1-тармағында көрсетілген органда немесе ұйымда тіркелген күні Қордан әлеуметтік төлемдер тағайындауға өтініш жасалған күн болып есептеледі.
      Әлеуметтік төлемдер тағайындау мерзімі өтініштің барлық қажетті құжаттарымен қоса Мемлекеттік корпорацияда тіркелген күнінен бастап сегіз жұмыс күнінен аспайды.

      8. Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) Қордың кiнәсiнан уақтылы алынбаған не толық алынбаған әлеуметтiк төлемдер сомасы өткен уақыт үшiн мерзiмi шектелмей төленедi және уәкілетті орган айқындайтын тәртiппен, мерзiмi өткен әрбiр күн үшiн (төлеу күнiн қоса алғанда) осы сомаларды төлеу күнiне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген қайта қаржыландырудың 2 еселенген ресми мөлшерлемесінен аспайтындай мөлшерде индекстелуге жатады.
      Ескерту. 20-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.12.19 N 9 (2008.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.02.2013 № 75-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.01.2014 N 156-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 06.04.2016 № 483-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      21-бап. Еңбек ету қабiлетiнен айырылған жағдайда төленетін
               әлеуметтiк төлемді тағайындау және оның мөлшерi

      1. Еңбек ету қабiлетiнен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлем мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысына әлеуметтiк төлем алуға өтiнiш жасаған уақытқа қарай жұмысты тоқтатқанына немесе iстеп жатқанына қарамастан тағайындалады.
      2. Алып тасталды - ҚР 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      3. Адамның жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін куәландыруды және белгілеуді МӘС бөлімшесі Қазақстан Республикасының мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу арқылы жүзеге асырады.
      4. Еңбек ету қабiлетiнен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлем Қордан төленетін әлеуметтiк төлемдерге құқық туындаған күннен бастап еңбек ету қабiлетiнен айырылған деп белгiленген бүкіл кезеңге тағайындалады.
      Еңбек ету қабiлетiнен айырылу дәрежесi өзгерген жағдайда, әлеуметтiк төлем еңбек ету қабiлетiнен айырылу дәрежесi өзгерген күннен бастап еңбек ету қабiлетiнен айырылудың жаңадан белгiленген дәрежесiне сәйкес келетiн мөлшерде жүзеге асырылады. Бұл ретте Қор әлеуметтiк төлемдер мөлшерiнiң өзгергенi туралы шығарылған шешiмге қатысты Мемлекеттік корпорацияны үш жұмыс күнi iшiнде хабардар етеді.
      5. Еңбек ету қабiлетiнен айырылған жағдайда төленетін ай сайынғы әлеуметтiк төлем мөлшерi республикалық бюджет туралы заңда белгiленген жалақының ең төмен мөлшерінің сексен пайызын шегеріп, әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшерiн табысты ауыстырудың, еңбек ету қабiлетiнен айырылуының және қатысу өтілінің тиiстi коэффициенттерiне көбейту арқылы айқындалады.
      Әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік жиырма төрт ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) табыстар сомасын жиырма төртке бөлу арқылы айқындалады.
      Бұл ретте, табысты ауыстыру коэффициентi 0,6 болады.
      Еңбек ету қабiлетiнен айырылу коэффициентi:
      жалпы еңбек ету қабiлетiнен айырылу дәрежесi сексеннен жүз пайызға дейiн болатын, еңбек ету қабiлетiнен айырылған адамдар үшiн – 0,7;
      жалпы еңбек ету қабiлетiнен айырылу дәрежесi алпыстан сексен пайызға дейiн болатын, еңбек ету қабiлетiнен айырылған адамдар үшiн – 0,5;
      жалпы еңбек ету қабiлетiнен айырылу дәрежесi отыздан алпыс пайызға дейiн болатын, еңбек ету қабiлетiнен айырылған адамдар үшiн 0,3 болады.
      Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысы үшiн қатысу өтілінің коэффициентi:
      алты айдан кем болғанда – 0,1;
      алты айдан он екi айға дейiн – 0,7;
      он екi айдан жиырма төрт айға дейiн – 0,75;
      жиырма төрт айдан отыз алты айға дейiн – 0,85;
      отыз алты айдан қырық сегiз айға дейiн – 0,9;
      қырық сегiз айдан алпыс айға дейiн – 0,95;
      алпыс ай және одан да көп айларға – 1,0 болады.
      6. Еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем:
      1) алушы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында көзделген жасқа толған күннен бастап;
      2) алушының қайтыс болуына (соттың хабар-ошарсыз кеттi деп тануына немесе қайтыс болды деп жариялауына) байланысты тоқтатылады. Әлеуметтік төлем оны алушы қайтыс болған (соттың хабар-ошарсыз кеттi деп тану туралы немесе қайтыс болды деп жариялау туралы шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап) айды қоса алғанда, жүзеге асырылады;
      3) алушыны әрекетке қабілетті деп тану туралы МӘС бөлімшесі шешім шығарған күннен бастап тоқтатылады.
      7. Еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем алушының еңбек ету қабілетінен айырылған деп белгілеген кезеңі аяқталған күннен бастап еңбек ету қабілетінен айырылған деп кезекті кезең белгіленгенге дейін тоқтатыла тұрады.
      Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.02.2013 № 75-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      22-бап. Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін
               әлеуметтiк төлемді тағайындау және оның мөлшерi

      1. Қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының – мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысының мына отбасы мүшелерiнің:
      1) он сегiз жасқа толмаған және егер осы жастан асқан балалары он сегiз жасқа толғанға дейiн мүгедек болып қалса, олардың, оның iшiнде асырап алған балаларының, аға-iнiлерiнің, апа-сiңлiлерi мен немерелерiнің асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемдердің тағайындалуына және оларды алуға құқығы бар. Бұл ретте, аға-iнiлерiнiң, апа-сiңлiлерi мен немерелерiнiң еңбек етуге қабiлеттi ата-анасы болмаған немесе олар ата-анасынан алименттер алмаған жағдайда, олардың да осындай құқығы бар. Осы тармақшада аталған, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын он сегіз жастан асқан адамдардың жиырма үш жастан аспайтын шекте оқуын бітіргенше әлеуметтік төлемдер алуға құқығы бар;
      2) егер қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының үш жасқа толмаған балаларының, аға-iнiлерiнің, апа-сiңлiлерiнің немесе немерелерiнің күтiмімен айналысатын болса, жасына және еңбек етуге қабiлеттiлiгiне қарамастан, ата-анасының бiреуiнің немесе жұбайының не атасының, әжесінің, аға-iнiсiнің немесе апа-сiңлiсiнің асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемдердің тағайындалуына және оларды алуға құқығы бар.
      2. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің өздерi үшiн мiндеттi әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушыларының – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тағайындалған әлеуметтiк төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес айырылып қалған әрбiр ата-анасы үшiн асырап алушыға, қорғаншыға төленедi.
      3. Бала кезiнен бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер деп танылған адамдарға әлеуметтiк төлемдер мүгедектiк белгiленген мерзiмге тағайындалады.
      4. Алып тасталды - ҚР 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      5. Қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемдердің тағайындалуына және оларды алуға құқығы бар отбасының барлық мүшелерiне бiр әлеуметтiк төлем тағайындалады.
      6. Қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшесiнiң жазбаша өтiнiшi бойынша оның әлеуметтiк төлемдегі үлесi бөлiнедi және оған бөлек төленедi.
      Әлеуметтiк төлемнiң үлесiн бөлу Қорға өтiнiш жасалған күннен бастап жүргiзiледi.
      7. Қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеткен деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушысының асырауында болған отбасы мүшелерiнің саны өзгерген жағдайда, Қор алушының жазбаша өтiнiшi негiзiнде әлеуметтiк төлемдердi қайта есептеу туралы шешiм қабылдайды. Бұл peттe әлеуметтік төлем мөлшері әлеуметтік төлемдер алуға құқығы бар отбасы мүшелерiнiң санына қарай тиiсiнше ұлғайтылады немесе азайтылады.
      8. Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін ай сайынғы әлеуметтiк төлем мөлшерi республикалық бюджет туралы заңда белгiленген жалақының ең төмен мөлшерінің сексен пайызын шегеріп, әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшерiн табысты ауыстырудың, асырауындағылар санының және қатысу өтілінің тиiстi коэффициенттерiне көбейту арқылы айқындалады.
      Әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік жиырма төрт ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) табыстар сомасын жиырма төртке бөлу арқылы айқындалады.
      Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемдер қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшелерiне қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының отбасы мүшесiнiң (мүшелерiнiң) әлеуметтiк төлемдер алуға құқығы сақталатын уақыт кезеңі бойына ай сайын төленiп тұрады.
      9. Асырауындағылар санының коэффициентi мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысы қайтыс болғанға дейiн оның асырауында болған адамдар санына қарай айқындалады және асырауында бiр адам болса – 0,4, асырауында екi адам болса – 0,5, асырауында үш адам болса – 0,6, асырауында төрт және одан да көп адам болса – 0,8 болады.
      Бұл ретте, табысты ауыстыру коэффициентi мен қатысу өтілінің коэффициентi осы Заңның 21-бабына сәйкес есептеледi.
      10. Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем:
      1) қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған, бала кезінен бірінші немесе екінші топтағы мүгедек деп танылған адамдарға мүгедектікті белгілеу мерзімі аяқталған күннен бастап қайта куәландыруға дейін;
      2) отбасы мүшелерінің күндізгі оқу нысаны бойынша оқушы немесе студент болып табылатыны туралы жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарынан алынған анықтаманың қолданылу мерзімі аяқталған күннен бастап тоқтатыла тұрады. Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем анықтаманы кезекті ұсынған кезде тоқтатыла тұрған кезінен бастап қайта жалғасады.
      11. Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем:
      1) қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған адамның қайтыс болуына байланысты тоқтатылады. Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем қайтыс болған айды қоса алғанда жүзеге асырылады;
      2) қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған адамға мүгедектікті белгілеу мерзімі аяқталған күннен бастап;
      3) қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған адам он сегіз жасқа толған күннен бастап (он сегіз жасқа толғанға дейін мүгедек болып қалған адамдарды қоспағанда), ал аталған адам күндізгі оқу нысаны бойынша жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарында оқыған жағдайда жиырма үш жасқа толған күннен бастап тоқтатылады.
      Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.02.2013 № 75-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 10.01.2014 N 156-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      23-бап. Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк
               төлемді тағайындау және оның мөлшерi

      1. Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретiнде тiркеуге өтiнiш жасаған күннен бастап тағайындалады.
      2. Алып тасталды - ҚР 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      3. Жұмысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем мөлшерi әлеуметтiк аударымдар объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшерiн тиiсті табысты ауыстыру коэффициенттерi мен қатысу өтілінің коэффициентiне көбейту арқылы айқындалады.
      Әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшері жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік жиырма төрт ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) табыстар сомасын жиырма төртке бөлу арқылы айқындалады.
      Бұл ретте, табысты ауыстыру коэффициентi 0,3 болады, ал қатысу өтілінің коэффициентi осы Заңның 21-бабына сәйкес есептеледi.
      4. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген қатысушысына жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер:
      ол үшін алты айдан он екі айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда – бір айға;
      ол үшін он екі айдан жиырма төрт айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда – екі айға;
      ол үшін жиырма төрт айдан отыз алты айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда – үш айға;
      ол үшін отыз алты айдан бастап және одан көп айларға әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда – төрт айға;
      Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жұмысынан айырылған адам үшін отыз алты айдан бастап және одан да көп айларға әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда – алты айға тағайындалады.
      5. Жұмысынан айрылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлем кейіннен өтініш жасалған кезде, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін, бұрын алып келген әлеуметтік төлемнің әрбір айы үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысудың жалпы өтілінен он екі айдың шегерілетіні негізге алына отырып, тағайындалады.
      6. Алып тасталды - ҚР 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      7. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссызды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға және кәсіптік оқытуға жіберген жағдайда, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер тоқтатылмайды.
      8. Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер Халықты жұмыспен қамту орталығынан алушыны жұмыссыз ретінде есептен шығарғаны туралы ақпарат алынған айдан кейінгі айдың бірінші күнінен тоқтатылады.
      9. Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді тоқтату туралы шешімді алушыға себептерін көрсете отырып, Мемлекеттік корпорация арқылы міндетті түрде хабарлай отырып, Қор қабылдайды.
      Ескерту. 23-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.02.2013 № 75-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 10.01.2014 N 156-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 06.04.2016 № 483-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      23-1-бап. Жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы
                 (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан
                 айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтiк
                 төлемдi тағайындау және оның мөлшерi

      1. Жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетiн әлеуметтiк төлем Қордан төленетін әлеуметтiк төлемдер алуға құқығы бар мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің қатысушысына 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап тағайындалады.
      2. Алып тасталды - ҚР 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      3. Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтік төлем денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен берілген еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетілген бүкіл кезеңге тағайындалады.
      Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын Байқоңыр қаласының тұрғындарына жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтік төлем Ресей Федерациясының федералдық денсаулық сақтау ұйымдары мен олардың Байқоңыр қаласының аумағында орналасқан бөлімшелері берген еңбекке уақытша жарамсыздық парағы негізінде, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыс кезеңіне тағайындалады.
      4. Жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтiк төлем мөлшерi әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың орташа айлық мөлшерін еңбекке жарамсыздық күндері санының тиісті коэффициентіне көбейту арқылы айқындалады.
      Әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) табыстар сомасын он екіге бөлу арқылы айқындалады.
      Еңбекке жарамсыздық күндері санының коэффициенті еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілген күндер санын күнтізбелік отыз күнге бөлу арқылы айқындалады.
      5. Егер бұл еңбек шартының және (немесе) ұжымдық шарттың талаптарында, жұмыс берушінің актісінде көзделсе, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем сомасын шегергендегі орташа жалақысын сақтай отырып, жүктілікке және босануға байланысты демалысқа, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге берілетін демалысқа ақы төлейді.
      Ескерту. 23-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.02.2013 № 75-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 10.01.2014 N 156-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      23-2-бап. Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне
                 байланысты табысынан айырылған жағдайда
                 төленетiн әлеуметтiк төлемді тағайындау және
                 оның мөлшерi

      1. Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің өзі үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген және Қордан төленетін әлеуметтiк төлемдер алуға құқығы бар қатысушысына 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап тағайындалады.
      2. Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем екi және одан да көп бала туған кезде әр балаға жеке тағайындалады.
      3. Алып тасталды - ҚР 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      4. Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем баланың туу туралы куәлiгiнде көрсетiлген туған күнiнен бастап ол бiр жасқа толған күндi қоса алғандағы мерзімге дейiн тағайындалады.
      Бiр жасқа толмаған бала қайтыс болған жағдайда, әлеуметтiк төлемдер қайтыс болған айды қоса алғанда төленедi.
      5. Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн ай сайынғы әлеуметтiк төлемдер табыстың орташа айлық мөлшерiн табысты ауыстыру коэффициентiне көбейту арқылы айқындалады.
      Әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы жиырма төрт ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) табыстар сомасын жиырма төртке бөлу арқылы айқындалады.
      Табысты ауыстыру коэффициенті 0,4 болады.
      Бұл ретте, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының он еселенген мөлшерінің қырық пайызынан аспауға, ал әлеуметтік төлемнің ең төмен мөлшері бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінен кем болмауға тиіс.
      6. Алушы қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған), ата-ана құқықтарынан айырылған немесе олар шектелген, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген жағдайларда, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем баланы мемлекеттің толық қамсыздандыруы белгіленген жағдайларды қоспағанда, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімін жүзеге асыратын адамға, мынадай құжаттар:
      1) жеке басты куәландыратын құжат;
      2) бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем алушының қайтыс болуы туралы куәліктің, соттың хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы немесе қайтыс болды деп жариялау туралы, ата-ана құқықтарынан айыру немесе оларды шектеу туралы шешімінің, соттың бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуі туралы үкімінің көшірмелері;
      3) соттың бала асырап алу туралы заңды күшіне енген шешімінің үзінді көшірмесі;
      4) қорғаншы етіп тағайындау туралы анықтама негізінде жүргізіледі.
      7. Бала (балалар) бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем:
      1) бала (балалар) қайтыс болған ай өткен соң;
      2) баланы (балаларды) мемлекеттің толық қамсыздандыруы белгіленген ай өткен соң;
      3) ата-анасы ата-ана құқықтарынан айырылған немесе олар шектелген, асырап алу туралы шешім жарамсыз деп танылған немесе оның күші жойылған, Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасында белгіленген жағдайларда, қорғаншылар өз міндеттерін орындаудан босатылған немесе шеттетілген ай өткен соң тоқтатылады.
      Ескерту. 23-2-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.02.2013 № 75-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 10.01.2014 N 156-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

       24-бап. Әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептеу, қайта
               есептеу және арттыру

      Ескерту. 24-бап алып тасталды - ҚР 04.02.2013 № 75-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4-тарау. Әлеуметтік төлемдер және олардан ұстап қалу

      25-бап. Қордан төленетін әлеуметтік төлемдер

      Әлеуметтік төлемдер ағымдағы ай үшін Мемлекеттік корпорация арқылы алушының банктік шоттарына аудару жолымен жүргізіледі. Төлемдердің кешіктірілгені үшін осы Заңның 20-бабының 8-тармағына сәйкес өсімпұл есебіне жазылады.
      Ескерту. 25-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

       26-бап. Әлеуметтiк төлемдерден ұстап қалу

      Еңбек ету қабiлетiнен айырылған және (немесе) жұмысынан айырылған, сондай-ақ жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайларда берiлетiн әлеуметтiк төлемдерден Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес мiндеттi зейнетақы жарналары ұсталып қалады және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жiберiледi.
      Ескерту. 26-бап жаңа редакцияда - ҚР 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

  5-тарау. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры

      27-бап. Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры

      1. Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры бiрден-бiр құрылтайшысы мен қатысушысы мемлекет болып табылатын акционерлiк қоғам нысанындағы коммерциялық емес ұйым.  

      2. Қор өз мiндеттемелерi бойынша өзiнiң барлық мүлкiмен жауапты болады.

      27-1-бап. Қордың басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптар

      1. Атқарушы органның бірінші басшысы мен оның орынбасарлары, бас бухгалтер Қордың басшы қызметкерлері болып танылады.
      2. Қордың басшы қызметкерлеріне мынадай талаптар белгіленеді:
      1) атқарушы органның бірінші басшысы мен оның орынбасарлары үшін:
      білімі – жоғары кәсіптік (заң, қаржы-экономикалық) білімі;
      бағалы қағаздар нарығында және қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда кәсіптік қызметпен тікелей байланысты басшы лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілі не халықты әлеуметтік қорғау саласында басшы лауазымдарда кемінде алты жыл жұмыс өтілі;
      2) бас бухгалтер үшін:
      білімі – жоғары кәсіптік (қаржылық, экономикалық) білімі;
      қаржы-бухгалтерлік жұмыста кемінде бес жыл, оның ішінде басшы лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуы керек.
      3. Қордың басшы қызметкері болып:
      1) жоғары кәсіптік білімі жоқ;
      2) осы баптың 2-тармағында көзделген қызмет салаларында ең аз қажетті жұмыс өтілі жоқ;
      3) мінсіз іскерлік беделі жоқ;
      4) бұрын осы адам заңды тұлғаның бірінші басшысы, бірінші басшысының орынбасары, бас бухгалтері лауазымында болған кезеңде банкрот деп танылған немесе санацияға, консервациялауға, мәжбүрлеп таратуға ұшыраған осы заңды тұлғаның бірінші басшысы, бірінші басшысының орынбасары, бас бухгалтері болған адам сайлана (тағайындала) алмайды.
      Ескерту. 4-тарау 27-1-баппен толықтырылды - ҚР 04.02.2013 № 75-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      28-бап. Қордың қызметi

      Қор өз қызметiн Қордың активтерiнен алатын комиссиялық сыйақы есебiнен жүзеге асырады.
      Қордың өз қаражаты Қордың жарғылық капиталынан және комиссиялық сыйақыдан құралады және солардан тұрады.
      Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.02.2013 № 75-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      29-бап. Қордың құқықтары мен мiндеттерi

      1. Қордың:  

      1) әлеуметтiк аударымдарды шоғырландыруды жүзеге асыруға;  

      2) Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына байланысты қызметпен айналысуға;

      2-1) міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша консультациялық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге;

      3) Қор қызметiн жүзеге асыруға комиссиялық сыйақы алуға;  

      4) Мемлекеттік корпорациядан қаржы қозғалысы туралы ақпарат алуға;

      5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң қатысушыларынан Қор қызметiн қамтамасыз етуге қажеттi ақпаратты сұратуға және алуға;

      6) артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдар және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдар сомасын қайтаруды жүзеге асыруға;

      7) әлеуметтік төлемдер тағайындау не тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдауға;
      8) уәкілетті мемлекеттік органдар мен әлеуметтік аударымдарды төлеушілер арқылы тиісті ақпаратты сұрату жолымен әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін ұсынылған құжаттардың анықтығын тексеруге;
      9) Қазақстан Республикасының аумағында филиалдар ашуға құқығы бар.

      2. Қор:
      1) Мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруы үшін қаражаттардың уақтылы аударылуын қамтамасыз етуге;

      2) Қордың уақытша бос қаражатын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi арқылы қаржы құралдарына орналастыруға;  

      3) жыл сайын аудит өткiзудi қамтамасыз етуге;  

      4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де мiндеттердi атқаруға;

      5) әлеуметтік төлемдердің уақтылы және толық тағайындалуын қамтамасыз етуге;
      6) әлеуметтік төлемдер тағайындау және алу мәселелері бойынша қажетті түсініктемелер беруге міндетті.

      3. Қор:
      1) Қор активтерiн кепiлге беруге;  

      2) кәсiпкерлiкпен және осы Заңда көзделмеген өзге де қызметпен айналысуға құқылы емес.
      Ескерту. 29-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.02.2013 № 75-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.01.2014 N 156-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      30-бап. Қордың инвестициялық қызметi

      1. Қор инвестициялық қызметтi Қор мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi арасында жасалатын шарт негiзiнде Қордың активтерiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi арқылы қаржы құралдарына орналастыру жолымен жүзеге асырады.  

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Қордың активтерiн шоғырландыру және орналастыру жөнiндегi, инвестициялық кiрiс алу жөнiндегi барлық операциялардың есебiн жүргiзедi және жасалған шартқа сәйкес Қор шоттарының және оның активтерiмен инвестициялық қызметтiң жай-күйi туралы Қорға тоқсан сайын есеп берудi табыс етiп отырады.

      31-бап. Қор активтерiнiң құрылуы

      1. Қордың активтерi:  

      1) әлеуметтiк аударымдар, әлеуметтiк аударымдар төлеу мерзiмiн өткiзiп алғаны үшiн алынған өсiмпұл, Қордың қызметiн қамтамасыз етуге арналған комиссиялық сыйақылар шегерiлген инвестициялық табыс;  

      2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де көздер есебiнен құралады.  

      2. Қордың активтерi мынадай мақсаттарға ғана:  

      1) осы Заңға сәйкес әлеуметтiк төлемдердi жүзеге асыруға;  

      2) тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын қаржы құралдарына орналастыруға;  

      3) артық төленген әлеуметтiк аударым сомалары мен өзге де қате есептелген қаражатты қайтаруға пайдаланыла алады.

      3. Қордың активтеріне өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.
      Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.02.2013 № 75-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      32-бап. Есеп жүргiзу және есеп беру

      1. Қор бухгалтерлiк есеп жүргiзедi және қаржылық есеп берудi Қордың өзiнiң қаражаты мен активтерi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бөлек табыс етедi. 

      2. Қор бухгалтерлiк есеп жүргiзуде және есептiлiктi жасау кезiнде пайдаланылатын құжаттардың есебi мен сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi. Сақталуға жататын негiзгi құжаттардың тiзбесi және олардың сақталу мерзiмi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.

6-тарау. Қорытынды ережелер

      33-бап. Дауларды шешу

      Қордың, Мемлекеттік корпорацияның, мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың арасында осы Заңды орындау жөнiнде туындайтын барлық даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешiледi.
      Ескерту. 33-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      34-бап. Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк
              сақтандыру туралы заңдарын бұзғаны үшiн
              жауаптылық

      Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы заңдарын бұзуға кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      35-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады