Байланыс формасы

Денсаулық сақтау жүйесі туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 маусымдағы N 430 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі N 193-IV Заңымен

      Ескерту. Заңның күші жойылды - ҚР 2009.09.18. N 193-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 186-баптан қараңыз) Заңымен.
 
 
МАЗМҰНЫ

      Осы Заң денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi және азаматтардың денсаулық сақтауға арналған конституциялық құқықтарын iске асыру және олардың сақталу кепiлдiгiн қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау жүйесi қызметiнiң құқықтық, ұйымдық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн белгiлейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) аккредиттеу - аккредиттеудiң белгiленген стандарттарына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың медициналық және фармацевтикалық қызметтi жүзеге асыруға, сондай-ақ денсаулық сақтау субъектiлерiнiң қызметiне тәуелсiз сарапшылық бағалау жүргiзуге ерекше мәртебесi мен құқын тану рәсiмi;

      2) әскери-медициналық қызмет - әскери немесе арнаулы қызметтiң болуы заңмен көзделiп, осы органдардың қызметiн медициналық қамтамасыз етуге арналған әскери-медициналық бөлiмшелердiң, бөлiмдер мен мекемелердiң жиынтығы;

      3) бейiндi маман - клиникалық бейiндегi белгiлi бiр мамандық бойынша сертификаты бар, жоғары медициналық бiлiмдi медицина қызметкерi; V064131

      4) дәрiгерлiк қызмет - жоғары медициналық бiлiмдi, тиiстi сертификаты бар мамандар жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалардың азаматтардың денсаулығын сақтауға бағытталған кәсiби қызметi;

      5) денсаулық сақтау - азаматтардың денсаулығын сақтауға бағытталған медициналық, әлеуметтiк-экономикалық, саяси және өзге де шаралар жиынтығы;

      6) денсаулық сақтау жүйесi - қызметi азаматтардың денсаулық сақтау мен медициналық көмек алу құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттiк органдар мен денсаулық сақтау субъектiлерiнiң жиынтығы;

      7) денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган - азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, дәрiлiк заттар айналымы, медициналық қызметтер көрсету сапасын бақылау саласында мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      8) денсаулық сақтау субъектiлерi - денсаулық сақтау ұйымдары және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалар;

      9) денсаулық сақтауды басқару органдары - Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органы, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтау iсiн мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдары, медициналық қызметтер органдары;

      10) денсаулық сақтау ұйымы - денсаулық сақтау саласындағы қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;

      10-1) денсаулық сақтау стандарты - медициналық және дәрiгерлiк қызметтi ұйымдастыру мен жүзеге асыруды регламенттейтiн құжат;

      11) диагностика - аурудың диагнозын қоюға бағытталған медициналық қызметтер көрсету кешенi;

      12) емдеу - ауруларды жоюға және (немесе) бетiн қайтаруға, сондай-ақ олардың асқынуын болғызбауға бағытталған медициналық қызметтер көрсету кешенi;

      13) медициналық оңалту - организмнiң бұзылған және (немесе) жоғалтқан функцияларын сақтауға, iшiнара немесе толық қалпына келтiруге бағытталған медициналық қызметтер кешенi;

      14) медициналық көмек - халықтың денсаулығын сақтауға және қалпына келтiруге бағытталған медициналық қызметтер көрсету кешенi;

      15) медициналық көмектiң сапасы - көрсетiлетiн медициналық көмектiң денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен және медициналық ғылым мен технология дамуының қазiргi заң аяғы деңгейiнiң негiзiнде белгiленген стандарттарға сәйкестiк шарасы;

      16) медициналық қызмет - жоғары немесе орта білімнен кейінгі медициналық бiлiм алған жеке тұлғалардың, сондай-ақ заңды тұлғалардың азаматтардың денсаулығын сақтауға бағытталған кәсiби қызметi;

      17) медициналық қызметтер көрсету - профилактикалық, диагностикалық емдеу немесе оңалту бағыттылығы бар медициналық қызметкерлердiң нақты адамға қатысты iс-қимылы;

      18) медициналық қызметтер көрсету саласындағы бақылау жөнiндегi мемлекеттiк орган - аумақтық бөлiмшелерi бар, денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi шегiнде атқарушы, бақылаушы және қадағалаушы функцияларды, сондай-ақ медициналық қызметтер көрсетудiң сапасы бойынша басшылықты жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын мемлекеттiк орган;

      19) медициналық қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттiк бақылау - медициналық қызметтер көрсету саласындағы, ведомстволық бағыныстылығына қарамастан денсаулық сақтау субъектiлерiнiң денсаулық сақтау саласындағы нормативтік құқықтық және құқықтық актiлердi орындау бойынша бақылау жөнiндегi мемлекеттiк орган жүргiзетiн тексеру;

      20) медициналық сараптама - денсаулық сақтаудағы қызметтiң әртүрлi салалары жай-күйiнiң деңгейiн, сапасын және дәрежесiн анықтауға бағытталған ұйымдастырушылық, талдау және практикалық iс-шаралардың жиынтығы;

      21) медициналық ұйымдар - негiзгi қызметi халыққа медициналық көмек пен медициналық қызметтер көрсету болып табылатын денсаулық сақтау ұйымдары;

      22) профилактика - салауатты өмiр салтын қалыптастыруға, аурулардың пайда болуының (және олардың асқынуының) алдын алуға бағытталған медициналық қызметтер кешенi;

      23) тәуелсiз сараптама - медициналық және фармацевтикалық қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар қызметiнiң ашықтығы мен әдiлдiгiн қамтамасыз ету мақсатында өткiзiлетiн рәсiм;

      24) тәуелсiз сарапшы - денсаулық сақтау субъектiлерiнiң қызметiне тәуелсiз сараптама жүргiзу үшiн белгiленген тәртiппен аккредиттелген жеке немесе заңды тұлға;

      25) тәуелсiз сарапшылардың деректер банкi - тәуелсiз сараптаманы жүзеге асыру үшiн мәртебесi және құқықтық өкiлеттiгi бар, белгiленген тәртiппен аккредиттелген жеке және заңды тұлғалардың тiзiлiмi;

      26) тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемi - Қазақстан Республикасының азаматтарына көрсетiлетiн медициналық қызметтiң Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын тiзбесi бойынша бiрыңғай медициналық көмектiң көлемi;

      27) халықтық медицина (емшiлiк) - халық жинақтаған емшiлiк құралдар туралы тәжiрибелiк мәлiметтердiң, сондай-ақ емшiлiк және гигиеналық тәсiлдер мен дағдылардың жиынтығы және оларды денсаулық сақтау, аурудың алдын алу мен емдеу үшiн iс жүзiнде қолдану.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2006.12.06. N 209 , 2007.07.27. N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау
             туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк
             саясаттың негiзгi принциптерi мен мiндеттерi

      1. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi принциптерi:

      1) халықтың денсаулығын ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету факторларына жатқызу;

      2) азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтарын сақтау және оларды мемлекеттiк кепiлдiктермен қамтамасыз ету ;

      3) әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына қарамастан халықтың медициналық көмекке қол жетiмдiлiгi;

      4) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету;

      5) азаматтардың денсаулығын ғұмыр бойы сақтау саласындағы мемлекеттiк реттеу және мемлекеттiк бақылау;

      6) азаматтардың медициналық көмек алуындағы әлеуметтiк әдiлдiк пен теңдiк;

      7) азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы мұқтаждықтарына денсаулық сақтау жүйесiнiң ықыластылығы;

      8) мемлекеттiк органдардың азаматтардың денсаулығын сақтау мен тыңайтуды қамтамасыз етуге жағдай жасау жолындағы жауапкершiлiгi.

      2. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi мiндеттерi:

      1) Қазақстан Республикасының азаматтарын тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiмен қамтамасыз ету;

      2) дәрiлiк заттардың тиiмдiлiгiн, қауiпсiздiгi мен сапасын қамтамасыз ету;

      3) отандық медициналық және фармацевтикалық өнеркәсiптi дамытуды қамтамасыз ету;

      4) оқытудың осы заманғы технологияларын пайдалана отырып, медициналық және фармацевтикалық бiлiм берудiң үздiксiздiгi мен сабақтастығын қамтамасыз ету;

      5) республикалық және жергiлiктi бюджеттердi қалыптастыру кезiнде денсаулық сақтау саласындағы қаржыландыру нормативтерiн белгiлеу;

      6) медициналық ұйымдардың медициналық көмек көрсетудегi iс-қимылдарының сабақтастығы;

      7) денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды белгiлеу;

      8) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми-зерттеу қызметiн, ақпараттық және коммуникациялық жүйелердi мемлекеттiк қолдау;

      9) медициналық ғылым мен техниканың осы заманғы жетiстiктерiне, емдеудiң жаңа технологияларына сәйкес медициналық көмек көрсету;

      10) халықтың әлеуметтiк шетiн топтарындағы азаматтардың, оның iшiнде аналардың, балалардың, мүгедектердiң және зейнеткерлердiң денсаулығын сақтау жөнiндегi шараларды ұйымдастыру және өткiзу;

      11) халықтың денсаулық жағдайы мен өмiр сүру ортасының факторлары туралы статистикалық және өзге де ақпаратты беру;

      12) көрсетiлетiн медициналық қызметтердiң сапасы мен толымдылығына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңдарының өзге де талаптарының сақталуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;

      13) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      4-бап. Денсаулық сақтау жүйесi

      1. Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау жүйесi мемлекеттiк және мемлекеттiк емес денсаулық сақтау секторларынан тұрады.

      2. Мемлекеттiк денсаулық сақтау секторы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк органдардан, денсаулық сақтау ұйымдарынан, мемлекеттiк меншiк құқығына негiзделген денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдардан және бiлiм беру ұйымдарынан тұрады.
      Мемлекеттiк емес денсаулық сақтау секторы жеке меншiк құқығына негiзделген денсаулық сақтау ұйымдарынан, денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдардан, бiлiм беру ұйымдарынан, сондай-ақ жекеше медициналық iс-тәжiрибемен шұғылданатын жеке тұлғалардан тұрады.
      алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсететiн мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарындағы дәрiханаларды қоспағанда, жеке меншiк нысанындағы денсаулық сақтау субъектiлерiнiң қызметiне тыйым салынады.

      3. Денсаулық сақтау жүйесiнiң қызметiн мемлекеттiк реттеудi және мемлекеттiк бақылауды денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

2-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік реттеу

      5-бап. Азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы
             құқықтарын қамтамасыз етудiң кепiлдiктерi

      Мемлекет Қазақстан Республикасының азаматтарына:

      1) тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн алуға;

      2) алғашқы медициналық-санитарлық көмекке бiрдей қол жеткiзуiне;

      3) мемлекеттiк және жекеше емдеу ұйымдарында, сондай-ақ жекеше медициналық ic-тәжiрибемен шұғылданатын жеке тұлғалардан ақылы медициналық көмек алуға;

      4) санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылыққа;
      5) алып тасталды

      6) бiрыңғай денсаулық сақтау стандарттары бойынша тегiн және (немесе) ақылы негiзде көрсетiлетiн медициналық көмектiң сапасына, мазмұнына және көлемiне;

      7) медициналық және дәрiгерлiк көмек көрсету, фармацевтикалық өнiмдi шығару және өткiзу бөлiгiндегi кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгi құқығына кепiлдiк бередi.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.12.06. N 209 Заңдарымен.

      6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң денсаулық
             сақтау саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасының Yкiметi:

      1) денсаулық сақтауды дамыту жөнiндегi мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;

      2) денсаулық сақтау, медицина ғылымы, медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру саласындағы бағдарламаларды әзiрлейдi және олардың iске асырылуын қамтамасыз етедi;

      3) өз құзыретi шегiнде денсаулық сақтау саласында нормативтiк құқықтық актiлер шығарады;

      4) тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiнiң тiзбесiн бекiтедi ;

      5) медициналық қызметтiң сапасын бақылауды жүзеге асыру тәртiбiн бекiтедi ;

      6) осы Заңда белгiленген, азаматтардың тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн алуын қамтамасыз етедi;

      7) медициналық, дәрiгерлiк және фармацевтикалық қызметтiң бiлiктiлiк талаптары мен лицензиялануының тәртiбiн бекiтедi;

      8) халықтың тығыздығы мен елдi мекендердiң шалғайлығына қарай денсаулық сақтау ұйымдары желiсiнiң мемлекеттiк нормативiн бекiтедi ;

      9) денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеудiң , аттестаттаудың және сәйкестiктi растаудың тәртiбiн айқындайды;

      10) азаматтарды дәрiлiк заттармен қамтамасыз етудiң тәртiбiн айқындайды;

      11) тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн көрсету үшiн дәрiлiк заттар сатып алуды ұйымдастыру мен өткiзудiң тәртiбiн айқындайды;

      12) тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн көрсету бойынша медициналық қызметтер көрсетудi сатып алудың тәртiбiн айқындайды;

      13) денсаулық сақтау ұйымдарында тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн және ақылы қызметтер көрсетуге арналған шарттың үлгi нысанын бекiтедi;

      14) бюджет қаражаты есебiнен медициналық ұйымдардың шығындарын өтеу тәртiбiн айқындайды;

      15) мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң жүйесi мен шарттарын айқындайды;

      16) денсаулық сақтау саласындағы техникалық регламенттердi бекiтедi.
      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.12.06. N 209 Заңдарымен.

      7-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның
             құзыретi

      Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган :

      1) денсаулық сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру саласында мемлекеттiк саясаттың жүргiзiлуiн қамтамасыз етедi;

      2) ведомстволық бағыныстағы денсаулық сақтау ұйымдарының қызметiне басшылық жасауды жүзеге асырады;

      3) ведомстволық бағыныстағы денсаулық сақтау ұйымдарының, оның iшiнде бiлiм беру және ғылыми ұйымдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      4) медициналық және фармацевтикалық бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандарттары мен үлгiлiк оқу бағдарламаларын бекiтедi;

      5) денсаулық сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру саласындағы бағдарламаларды iске асырады;

      6) азаматтар денсаулығының мүддесiне орай салааралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      7) медициналық көмек көрсету тәртiбiн айқындайды;

      8) техникалық регламенттердi қоспағанда, денсаулық сақтау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi, нормативтiк құжаттарды және есепке алу-есеп беру құжаттамасының нысандарын бекiтедi;

      9) денсаулық сақтау стандарттарын әзiрлейдi және бекiтедi;

      10) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк статистикалық есепке алу мен есептiлiктiң жүргiзiлуiн қамтамасыз етедi;

      11) медициналық ұйымдардың өзара iс-қимыл тәртiбiн айқындайды;

      12) тәуелсiз сараптама жүргiзу тәртiбiн айқындайды ;

      13) медициналық қызметтердi, профилактиканың, диагностиканың, емдеудiң және медициналық оңалтудың жаңа әдiстерi мен құралдарын жарнамалаудың ережесiн бекiтедi және олардың жарнамасына рұқсаттар берудiң тәртiбiн айқындайды;

      14) денсаулық сақтау ұйымдарының номенклатурасын , олардың қызметi туралы ережелердi ; медициналық және фармацевтикалық мамандықтардың номенклатурасы мен бiлiктiлiк сипаттамаларын; денсаулық сақтау ұйымдарының құрылымын, үлгi штаттарын және штат нормативтерiн; халыққа медициналық қызмет көрсету көлемi мен деңгейiнiң нормативтерiн әзiрлейдi және бекiтедi ;

      15) денсаулық сақтау стандарттарының, сондай-ақ медициналық, дәрiгерлiк қызметпен айналысу, емдiк препараттарды (жануарлардың, құрамында есiрткi және психотроптық заттар жоқ өсiмдiктер мен шөптердiң емдiк өнiмдерiн өсiру, жинау және сатудан басқа) дайындау мен сату жөнiндегi лицензиялау ережелерiнiң сақталуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;

      16) медицина және фармацевтика ғылымының дамуын қамтамасыз етедi және денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызметтi үйлестiредi;

      17) бiлiктiлiк емтихандарын өткiзу тәртiбiн айқындайды;

      18) жоғары оқу орнынан кейiнгi медициналық және фармацевтикалық бiлiмi бар мамандарды, оның iшiнде шет елдерде даярлаудың, медицина және фармацевтика кадрларының бiлiктiлiгiн арттырудың және қайта даярлаудың тәртiбiн айқындайды;

      19) ведомстволық бағыныстылығына қарамастан денсаулық сақтау субъектiлерiнiң қызметiн үйлестiредi;

      20) денсаулық сақтау саласында, оның iшiнде дәрiлiк заттардың айналымы саласында республикалық ақпараттық және коммуникациялық жүйелердiң құрылуы мен жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi;

      21) ведомстволық бағыныстағы денсаулық сақтау ұйымдарын жарақтандыруды қамтамасыз етедi;

      22) салалық көтермелеу жүйесiн әзiрлейдi және бекiтедi ;

      23) медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру саласындағы қызметпен айналысуға лицензиялауға қорытынды бередi және лицензиялауға қатысады;

      24) конкурстық негiзде медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын орналастырады;

      25) конкурстық негiзде денсаулық сақтау кадрларының бiлiктiлiгiн арттыруға және қайта даярлауға мемлекеттiк тапсырысты орналастырады;

      26) тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемi шеңберiнде көрсетiлетiн медициналық қызметтер тарифтерiн қалыптастырудың және шығындарын жоспарлаудың әдiстемесiн айқындайды;

      27) денсаулық сақтау, оның iшiнде медицина ғылымы мен медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      28) тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн көрсету үшiн дәрiлiк заттар мен қызметтер сатып алу жөнiндегi тендерлiк құжаттаманы бекiтедi;

      29) техникалық регламенттердi әзiрлейдi.
      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.12.06. N 209 Заңдарымен.

       7-1-бап. Медициналық қызметтер көрсету саласындағы
               бақылау жөнiндегi мемлекеттiк органның
               құзыретi

      Медициналық қызметтер көрсету саласындағы бақылау жөнiндегi мемлекеттiк орган:

      1) медициналық қызметтер көрсету мәселелерi бойынша нормативтiк-техникалық құжаттар қабылдайды;

      2) медициналық қызметтер көрсету саласын бақылауды жүзеге асырады;

      3) санитарлық-эпидемиологиялық сараптама мен дәрiлiк заттар сараптамасын қоспағанда, медициналық сараптаманың жүргiзілуіне бақылауды жүзеге асырады;

      4) дәрiлiк заттарды қоспағанда, медициналық қызметтердiң, сондай-ақ профилактиканың, диагностиканың, емдеудiң және медициналық оңалтудың жаңа әдiстерi мен құралдары жарнамасын бақылауды жүзеге асырады;

      5) медициналық қызмет саласындағы бiлiктiлiк талаптарының және лицензиялау ережелерiнiң сақталуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;

      6) денсаулық сақтау ұйымдарында стационарлық емделуде жатқан науқастарға дәрiлiк заттардың белгiленуiн бақылауды жүзеге асырады;

      7) денсаулық сақтау субъектiлерiн аккредиттеудi жүзеге асырады;

      8) денсаулық сақтау субъектiлерiнiң қызметiн бағалауға тәуелсiз сараптама жүргiзу үшiн жеке және заңды тұлғаларды аккредиттеудi жүзеге асырады;

      9) әртүрлi бейiндегi мамандар арасынан тәуелсiз сарапшылардың деректер банкiн қалыптастырады;

      10) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар мен бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттауды ұйымдастырады және өткiзедi;

      11) денсаулық сақтаудың жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарының, денсаулық сақтаудың республикалық ұйымдарының және олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшыларын, сондай-ақ басшылардың орынбасарларын кәсiби бiлiктiлiкке аттестаттауды жүргiзедi;

      12) республикалық маңызы бар ұйымдар атқаратын жұмыстар мен қызметтер көрсету және уақытша еңбекке қабiлетсiздiк сараптамасы, сот-медициналық, сот-психиатриялық және сот-наркология сараптамасы бөлiгiндегi медициналық қызметтi лицензиялауды жүзеге асырады;

      13) медициналық бiлiмi бар мамандар үшiн бiлiктiлiк санатын беруге емтихан өткiзедi;

      14) дәрiлiк құралдарды қоспағанда, профилактиканың, диагностиканың, емдеудiң және медициналық оңалтудың жаңа әдiстерi мен құралдарының денсаулық сақтау практикасында қолданылуына рұқсаттар беру мен бақылауды жүзеге асырады;

      15) клиникаға дейiнгi және клиникалық базалар тiзбесiн бекiтедi;

      16) жеке тұлғаларға халық медицинасымен (емшiлiкпен) айналысуға куәлiктер бередi ;

      17) азаматтардың көрсетiлетiн медициналық көмек пен медициналық қызметтер көрсетудiң деңгейi мен сапасына қанағаттану дәрежесiн айқындайды;

      18) азаматтардың көрсетiлген медициналық көмек сапасы мәселелерi бойынша шағымдарын қарайды

      19) өз құзыретi шегiнде денсаулық сақтау субъектiлерiне әкiмшiлiк жазалар қолданады;

      20) профилактиканың, диагностиканың, емдеудiң және медициналық оңалтудың жаңа әдiстерi мен құралдарын енгiзудi үйлестiрудi және бақылауды жүзеге асырады;

      21) медициналық қызметтер көрсету саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа қатысады.
      Ескерту. 7-1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2007.07.27. N 315 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      8-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
             астананың) денсаулық сақтауды басқарудың
             жергiлiктi мемлекеттiк органдарының құзыретi

      1. Облыстардың, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары:

      1) денсаулық сақтау саласындағы аймақтық бағдарламаларды бекiтедi және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      2) ауылдық жерлерде тұратын денсаулық сақтау қызметкерлерiне бюджет қаражаты есебiнен әлеуметтiк көмек беру туралы шешiм қабылдайды;

      2-1) ауылдық жерге жұмысқа жiберiлген медицина және фармацевтика қызметкерлерiн әлеуметтiк қолдау шараларының жүйесiн, сондай-ақ оларға әлеуметтiк қолдау көрсетудiң тәртiбi мен мөлшерлерiн айқындайды;

      3) тиiстi бюджеттердi қалыптастыру кезiнде денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемiн бекiтедi, денсаулық сақтауға және медициналық бiлiм беруге арналған шығыстардың үлесiн айқындайды;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен азаматтардың бюджет қаражаты есебiнен емделу үшiн елдi мекен шегiнен тыс жерлерге тегiн немесе жеңiлдiкпен жол жүруi туралы шешiм қабылдайды.
      5) алып тасталды

      2. Облыстардың, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
      1) тиiстi аумақта денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;

      2) тиiстi аумақта денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк бағдарламалардың iске асырылуын қамтамасыз етедi;

      3) денсаулық сақтау саласындағы аймақтық бағдарламалардың iске асырылуын қамтамасыз етедi;

      4) азаматтардың тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн алу құқығының iске асырылуын қамтамасыз етедi;

      5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етедi;

      6) денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдарын құрады;

      6-1) мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарының кадрмен қамтамасыз етiлуiн бақылауды ұйымдастырады;

      7) денсаулық сақтау ұйымдарының желiсiн дамыту мен оларды қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды қабылдайды;

      8) денсаулық сақтаудың мемлекеттiк және мемлекеттiк емес секторларының қызметiн үйлестiредi;
      9) алып тасталды

      10) төтенше жағдайлар кезiнде азаматтарға тегiн медициналық көмек көрсетудi, оларды дәрiлiк заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етедi;

      11) денсаулық сақтау саласындағы аймақаралық және халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      11-1) республикалық маңызы бар ұйымдар атқаратын жұмыстар мен қызметтер көрсетудi және уақытша еңбекке қабiлетсiздiк сараптамасын, сот-медициналық, сот-психиатриялық және сот-наркология сараптамасын қоспағанда, медициналық қызметтi; дәрiлiк заттарды дайындаумен және бөлшек саудада сатумен байланысты фармацевтикалық қызметтi лицензиялауды жүзеге асырады;

      11-2) медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыруды және қайта даярлауды қамтамасыз етедi.
      12) алып тасталды
      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз), 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      9-бап. Облыстардың, (республикалық маңызы бар қаланың,
            астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттiк
            басқарудың жергiлiктi органдарының құзыретi

      Облыстардың, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдары өз өкiлеттiктерi шегiнде:

      1) денсаулық сақтау, медицина ғылымы мен бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;

      2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау, медицина ғылымы мен медициналық бiлiм беру саласындағы заңдарының орындалуын қамтамасыз етедi;

      3) азаматтарды тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемi шеңберiнде медициналық көмекпен және дәрiлiк заттармен қамтамасыз етедi;

      4) денсаулық сақтау субъектiлерiнiң қызметiне мониторинг пен бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;

      5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасының заңдарын iске асыру жөнiндегi шараларды қабылдайды;

      6) Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн көрсету үшiн дәрiлiк заттар мен медициналық қызметтер көрсетудi сатып алуды жүзеге асырады;

      7) денсаулық сақтау ұйымдарының кадрлармен қамтамасыз етiлуiн ұйымдастырады;

      8) ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдары басшыларын кәсiби бiлiктiлiкке аттестаттауды жүргiзедi;

      9) мемлекеттiк медициналық ұйымдарды жарақтандыруды қамтамасыз етедi;

      10) денсаулық сақтау саласындағы, оның iшiнде дәрiлiк заттарды басқару жөнiндегi аймақтық ақпараттық және коммуникациялық жүйелердiң құрылуы мен олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi;

      11) жергiлiктi бюджеттiң қаражаты есебiнен қаржыландырылатын мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарындағы клиникалық базаларды жоғары және орта медициналық оқу орындарына берiп отырады;
      11-1) алып тасталды

      12) төтенше жағдайлар кезiнде азаматтарға тегiн медициналық көмек көрсетудi, оларға дәрiлiк заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етедi және оны ұйымдастырады;

      13) денсаулық сақтау саласындағы мамандарды даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi қызметтi ұйымдастырады және үйлестiредi;

      14) халықты гигиеналық оқыту мен тәрбиелеудi, салауатты өмiр салтын насихаттауды ұйымдастырады;

      15) халықты әлеуметтiк қаупi бар аурулардың және жұртқа қауiптi болып табылатын аурулардың таралуы туралы хабардар етедi;

      16) азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелерi бойынша қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-қимыл жасайды.
      17) алып тасталды
      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       9-1-бап. Медициналық қызметтер көрсету саласындағы
               мемлекеттiк бақылау

      1. Медициналық қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттiк бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, бұзушылықтарды жоюға және мемлекеттiк органның лауазымды адамдары берген нұсқамаларды орындауға бағытталған.

      2. Медициналық қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:

      1) денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтетiн белгiленген стандарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңнамасы нормаларының орындалуын тексеру мақсатында халыққа медициналық көмек көрсетудi жүзеге асыратын объектiлерге (қызметтiк куәлiк бойынша) кедергiсiз баруға;

      2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңнамасын бұзушылықты жою туралы денсаулық сақтау субъектiлерiне нұсқамалар беруге;

      3) денсаулық сақтау субъектiлерiнен халыққа медициналық көмек көрсету мәселелерi бойынша қажеттi ақпаратты сұратуға және алуға;

      4) медициналық қызметтер көрсету саласында бақылау жүргiзу үшiн қажеттi құжаттардың көшiрмелерін түсiрiп алуға;

      5) аккредиттеу туралы куәлiктiң қолданысын алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұруға, маманды аккредиттеу туралы куәлiктi және оның сертификатын қайтарып алуға, денсаулық сақтау субъектiлерiне арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру, медициналық қызметті жүзеге асыру лицензиясынан айыру туралы ұсыныстар енгiзуге;

      6) өз құзыретi шегiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңнамасын бұзғаны үшiн әкiмшiлiк жаза қолдануға құқылы.

      3. Медициналық қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар шығарған шешiмдер денсаулық сақтау субъектiлерiнiң мiндеттi орындауына жатады және оларға жоғары тұрған органға немесе сот тәртiбiмен шағым жасала алады.

      4. Медициналық қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар тексерулердiң мынадай түрлерiн жүргiзуге құқылы:

      1) жоспарлы тексеру - алдыңғы тексерулерге қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген уақыт аралығы ескерiле отырып жүргiзiлетiн алдын ала жоспарланған тексеру;

      2) жоспардан тыс тексеру - халықтың денсаулығы мен өмiрiне төнген қауiптi жою мақсатында жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiне, арыздарына, жоғары тұрған органның тапсырмасына дереу ден қоюды талап ететiн, қалыптасқан жағдайға байланысты жүргiзiлетiн тексеру;

      3) қарсы тексеру - тексерiлетiн денсаулық сақтау субъектiсiмен шарттық мiндеттемесi не өзге де құқықтық өзара қатынастары болған жеке немесе заңды тұлғаға (филиалына немесе өкiлдiгiне) қатысты ұсынылған ақпараттың дәйектiлiгiн анықтау не қосымша ақпарат алу мақсатында жоспардан тыс тәртiппен жүргiзiлетiн тексеру;

      4) рейдтiк тексеру - бiрнеше денсаулық сақтау субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңнамасының жекелеген талаптарын сақтауы мәселелерi бойынша олардың қызметiн бiр мезгiлде қамтитын тексеру;

      5) бiрлескен тексеру - Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңнамасының сақталуы мәселелерi бойынша бiрнеше бақылаушы органның денсаулық сақтау субъектiсiнiң қызметiн тексеруi.
      Ескерту. 9-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасы 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      10-бап. Медициналық және фармацевтикалық қызметтi
              лицензиялау

      Медициналық, дәрiгерлiк және фармацевтикалық қызмет Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен лицензиялауға жатады.
      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      11-бап. Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу

      1. Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу денсаулық сақтау субъектiлерiнiң қызметiн сыртқы кешендi бағалау негiзiнде жүзеге асырылады және ерiктi сипатта болады.

      2. Белгiленген аккредиттеу стандарттарына сәйкес келетiн заңды және жеке тұлғалар аккредиттеу субъектiсi бола алады.

      3. Денсаулық сақтау, аккредиттеу, аттестаттау субъектiлерiнiң қызметiне сараптама жүргiзу және денсаулық сақтау саласындағы бiлiктiлiк емтихандарын өткiзу үшiн белгiленген тәртiппен тәуелсiз сарапшылар тартылуы мүмкiн.
      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      12-бап. Денсаулық сақтау саласындағы сәйкестiктi растау

      1. Өнiмдердiң, процестердiң, қызмет көрсетулердiң сәйкестiгiн растау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

      2. Шет мемлекет берген сәйкестiктi растау саласындағы құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес танылады.
      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.06. N 209 Заңымен.

      13-бап. Денсаулық сақтау стандарттары

      1. Денсаулық сақтау стандарттары денсаулық сақтау субъектiлерi үшiн мiндеттi болып табылады.

      2. Денсаулық сақтау стандарттары стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарға жатпайды, оларды реттеу Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.06. N 209 Заңымен.

3-тарау. Денсаулық сақтау субъектілері

      14-бап. Денсаулық сақтау ұйымдары

      Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесiнде мынадай денсаулық сақтау ұйымдары жұмыс iстейдi:

      1) алғашқы медициналық-санитарлық және консультативтiк-диагностикалық көмек көрсететiн ұйымдар ;

      2) стационарлық көмек көрсететiн ұйымдар ;

      3) жедел медициналық көмек ұйымдары;

      4) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары ;

      5) фармацевтикалық қызметтi жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;

      6) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар;

      7) денсаулық сақтау саласындағы бiлiм беру ұйымдары ;

      8) қан қызметi, сот медицинасы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары ;

      8-1) салауатты өмiр салтын қалыптастыру саласындағы қызметтi жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары ;

      9) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де денсаулық сақтау ұйымдары.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      15-бап. Жекеше медициналық iс-тәжiрибемен шұғылданатын
              жеке тұлғалар

      1. Жеке тұлғалар медициналық, дәрiгерлiк және фармацевтикалық қызметпен айналысуға арналған лицензиясы болған кезде медициналық көмек пен медициналық қызметтер көрсетуге құқылы.

      2. Осы Заңның 33-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, тиiстi бейiндегi медициналық бiлiмi және мамандығы бойынша кемiнде бес жыл жұмыс стажы бар жеке тұлғалардың жекеше медициналық iс-тәжiрибемен шұғылдануға құқығы бар.
      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

4-тарау. Денсаулық сақтау жүйесін қаржымен қамтамасыз ету

      16-бап. Денсаулық сақтау жүйесiн қаржымен қамтамасыз
              ету көздерi

      1. Денсаулық сақтаудың мемлекеттiк ұйымдарын қаржымен қамтамасыз ету:
      мемлекеттiк бюджет қаражаты;
      медициналық сақтандыру қаражаты;
      ақылы негiзде медициналық қызметтер көрсетуден алған қаражаттары;
      Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.

      2. Денсаулық сақтаудың мемлекеттiк емес ұйымдарын қаржымен қамтамасыз ету:
      тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн көрсетуге арналған мемлекеттiк бюджет қаражаты;
      медициналық сақтандыру қаражаты;
      ақылы негiзде медициналық қызметтер көрсетуден алынған қаражат;
      Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.

      3. Тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн көрсетуге арналған шығындарды қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      17-бап. Тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн
              көрсететiн денсаулық сақтау ұйымдарын
              қаржыландыру нысандары

      Тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн көрсететiн денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру мынадай нысандарда:
      мемлекеттiк медициналық мекемелер - жеке қаржыландыру жоспары бойынша;
      мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда, денсаулық сақтау ұйымдары - Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын нысандар бойынша бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерiмен шарттық негiзде;
      алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететiн және бекiтiлген халқы бар ұйымдар жан басына шаққандағы норматив бойынша жүзеге асырылады.
      Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      18-бап. Денсаулық сақтау ұйымдарының қаржы қаражаттарын
              пайдалану

      1. Денсаулық сақтау жүйесiнiң қаржы қаражаттары:
      медициналық көмектiң тегiн кепiлдi көлемiн көрсету жөнiндегi шығындарды өтеуге;
      денсаулық сақтау саласындағы бағдарламаларды iске асыруға;
      денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтауға;
      өмiрлiк маңызы бар дәрiлiк заттарды, қанды және оның компоненттерiн, вакциналарды және басқа да иммунобиологиялық медициналық препараттарды, сондай-ақ медициналық техниканы және медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға;
      жұқпалы аурулардың көрiнiстерi мен эпидемиясын жоюға;
      медицина және фармацевтика кадрларын даярлауға және олардың бiлiктiлiгiн арттыруға;
      медицина ғылымын дамытуға және жетiстiктерiн енгiзуге;
      Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де шығыстарға бағытталады.

      2. Медицина ұйымдарының тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн көрсету жөнiндегi шығындарын өтеудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды .

      3. Шығындарды өтеу медициналық қызметтер көрсету саласындағы бақылау жөнiндегi мемлекеттiк орган жүзеге асыратын көрсетiлген медициналық көмектiң сапасы мен көлемiн бақылаудың нәтижелерi ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүргiзiледі.
      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

5-тарау. Медициналық қызмет

      19-бап. Қазақстан Республикасындағы медициналық және
              фармацевтикалық қызметтiң түрлерi

      Қазақстан Республикасында медициналық және фармацевтикалық қызметтiң мынадай түрлерi жүзеге асырылады:

      1) медициналық көмек;

      2) санитарлық авиация;

      3) санитарлық-гигиеналық және эпидемияға қарсы қызмет;

      4) салауатты өмiр салтын насихаттау;

      5) санаторий-курорттық қызмет;

      6) халықтық медицина (емшiлiк);

      7) қан қызметi;

      8) сот медицинасы;

      9) дәрiлiк заттардың айналысы саласындағы қызмет;

      10) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызмет;

      11) денсаулық сақтау саласындағы бiлiм беру;

      12) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлерi.
      Денсаулық сақтау жүйесiнiң мемлекеттiк мекемелерi қызметiнiң негiзгi және қосымша түрлерi олардың құрылтай құжаттарына сәйкес айқындалады.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      20-бап. Медициналық көмек

      1. Медициналық көмектi денсаулық сақтау ұйымдары және жекеше медициналық iс-тәжiрибемен шұғылданатын жеке тұлғалар жүзеге асырады.

      2. Медициналық көмектiң негiзгi түрлерi:

      1) дәрiгерге дейiнгi медициналық көмек;

      2) бiлiктi медициналық көмек;

      3) мамандандырылған медициналық көмек;

      4) жоғары мамандандырылған медициналық көмек болып табылады.

      3. Тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiне:

      1) халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету;

      2) жедел және шұғыл медициналық көмек көрсету;

      3) алғашқы медициналық-санитарлық көмектiң және медициналық ұйымдардың мамандарын жiберу жөнiндегi стационарлық медициналық көмек;

      4) әлеуметтiк мәнi бар аурулардан және жұртқа қауiптi болып табылатын аурулардан зардап шегушiлерге Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тiзбе бойынша медициналық көмек көрсету;

      5) медициналық көмектiң Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен қабылданатын қосымша түрлерi кiредi.
      Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      21-бап. Дәрiгерге дейiнгi медициналық көмек

      1. Дәрiгерге дейiнгi медициналық көмек - профилактика мақсатында, сондай-ақ диагностика, емдеу және медициналық оңалту әдiстерiн дәрiгердiң қатысуымен пайдалануды талап етпейтiн аурулар кезiнде медициналық орта бiлiмi бар медицина қызметкерлерi көрсететiн көмек.

      2. Дәрiгерге дейiнгi медициналық көмектiң түрлерi мен көлемiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.
      Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      22-бап. Бiлiктi медициналық көмек

      1. Бiлiктi медициналық көмек - диагностиканың, емдеу және медициналық оңалтудың мамандандырылған әдiстерiн пайдалануды талап етпейтiн аурулар кезiнде жоғары медициналық бiлiмi бар медицина қызметкерлерi көрсететiн медициналық көмек.

      2. Бiлiктi медициналық көмек көрсету тәртiбiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi .
      Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      23-бап. Мамандандырылған медициналық көмек

      1. Мамандандырылған медициналық көмек - диагностиканың, емдеу және медициналық оңалтудың арнайы әдiстерiн пайдалануды талап ететiн аурулар кезiнде бейiндiк мамандар көрсететiн медициналық көмек.

      2. Мамандандырылған медициналық көмектi денсаулық сақтаудың көп бейiндi ұйымдары алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық немесе стационарлық медициналық көмек нысанында көрсетедi.

      3. Мамандандырылған медициналық көмектiң түрлерi мен көлемiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган және облыстардың, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдары белгiлейдi .
      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      24-бап. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек

      1. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек - диагностиканың, емдеу және медициналық оңалтудың жаңа технологияларын пайдалануды талап ететiн аурулар кезiнде денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган айқындайтын медициналық ұйымдарда бейiндiк мамандар көрсететiн медициналық көмек.

      2. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететiн медициналық ұйымдардың қызметін үйлестіруді денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      3. Жоғары мамандандырылған медициналық көмектiң түрлерi мен көлемiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi .
      Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      25-бап. Қалпына келтiру емi мен медициналық оңалту

      1. Қалпына келтiру емi мен медициналық оңалту туа бiткен және жүре келе пайда болған аурулардан, қатты, созылмалы аурулар және жарақаттар салдарынан зардап шегушi азаматтарға көрсетiледi.

      2. Қалпына келтiру емi мен медициналық оңалту денсаулық сақтау ұйымдарында, халықты әлеуметтiк қорғау жүйесiнiң ұйымдарында, сондай-ақ санаторий-курорттық ұйымдарда жүргiзiледi.

      3. Қалпына келтiру емi мен медициналық оңалтудың түрлерi мен көлемiн денсаулық сақтау саласындағы және халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органдар белгiлейдi .

      26-бап. Медициналық көмек көрсету нысандары

      Медициналық көмек мынадай нысандарда көрсетiлуi мүмкiн:

      1) жедел медициналық көмек;

      2) алғашқы медициналық-санитарлық көмек;

      3) консультациялық-диагностикалық көмек;

      4) стационарлық көмек;

      5) стационарды алмастыратын көмек;

      6) санаторий-курорттық емдеу.
      Ескерту. 26-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      27-бап. Жедел медициналық көмек

      1. Жедел медициналық көмек - денсаулыққа елеулi зиянды болғызбау немесе өмiрге төнген қатердi жою үшiн аса шұғыл медициналық көмектi талап ететiн аурулар мен жай-күй туындаған кездегi медициналық көмек көрсету нысаны.

      2. Жедел медициналық көмек көрсету үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiлеген тәртiппен мамандандырылған ұйымдар және жедел медициналық көмек қызметтерi құрылады.

      3. Жедел медициналық көмек Қазақстан Республикасының азаматтарына және оның аумағындағы шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен тегiн көрсетiледi.

      4. Жедел медициналық көмек ұйымдарына ақылы қызмет көрсетумен шұғылдануға тыйым салынады.
      Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      28-бап.

      Ескерту. 28-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      28-1-бап. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек

      1. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек - адам, отбасы және қоғам деңгейiнде көрсетiлетiн, қолжетiмдi медициналық қызмет көрсету кешенiн:

      1) неғұрлым кең таралған аурулардың диагностикасын және емдеудi, сондай-ақ жарақаттануды, улануды және басқа да шұғыл жағдайларды;

      2) санитарлық-гигиеналық, эпидемияға қарсы iс-шараларды және аурулардың профилактикасын;

      3) халықты гигиеналық оқыту мен тәрбиелеу, отбасын, ананы, әкенi және баланы қорғау;

      4) халықтың сумен қауiпсiз қамтылуы және тиiмдi тамақтануы жөнiндегi түсiндiру жұмыстарын қамтитын тәулiк бойы медициналық бақылаусыз дәрiгерге дейiнгi немесе бiлiктi медициналық көмек.

      2. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектi мынадай мамандар: учаскелiк терапевтер, педиатрлар, акушер-гинекологтар, жалпы практика дәрiгерлерi, фельдшерлер, акушерлер, медбикелер көрсетедi.

      3. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететiн ұйымдардың қызметi медициналық ұйымды еркiн таңдау құқығын ескере отырып, азаматтарға тұрғылықты және (немесе) бекiтiлген жерi бойынша медициналық көмектiң қолжетiмдiгiн қамтамасыз ету мақсатында аумақтық принцип бойынша жүргiзiледi.

      4. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету түрлерiн, көлемiн, тәртiбiн, сондай-ақ азаматтарды алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына тiркеу тәртiбiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi .

      5. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектi ұйымдастыруды жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
      Ескерту. 28-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасы 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      28-2-бап. Консультациялық-диагностикалық көмек

      1. Консультациялық-диагностикалық көмек - тәулiк бойы медициналық бақылаусыз мамандандырылған немесе жоғары мамандандырылған медициналық көмек.

      2. Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету тәртiбiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi .
      Ескерту. 28-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      29-бап. Стационарлық көмек

      1. Стационарлық көмек - тәулiк бойы медициналық бақылауы бар бiлiктi, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету нысаны.

      2. Стационарлық көмек денсаулық сақтау ұйымдарында, олардың лицензия бойынша айқындалатын қызметiнiң бағытына сәйкес көрсетiледi. Стационарлық көмек көрсететiн денсаулық сақтау ұйымы қызметiнiң тәртiбiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды .

      3. Стационарлық көмек көрсететiн денсаулық сақтау ұйымындағы медициналық көмектiң көлемi мен түрлерiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды .

      4. Стационарлық көмек көрсететiн денсаулық сақтау ұйымдары азаматтарға тиісті күтiм мен тамақтануды қамтамасыз етедi.

      5. Тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемi шеңберiндегi стационарлық көмек денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген ауруханаға жатқызу жағдайларының жоспарланған санының (шектелген көлемдерiнiң) шегiнде көрсетiледi.
      Ескерту. 29-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      30-бап. Стационарды алмастыратын көмек

      1. Стационарды алмастыратын көмек - бiр күннiң iшiнде ұзақтығы төрт сағаттан сегiз сағатқа дейiн болатын медициналық бақылауы бар дәрiгерге дейiнгi, бiлiктi, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету нысаны.

      2. Стационарды алмастыратын бөлiмшелердiң қызмет тәртiбiн, олардың бейiндерiн және оларда көрсетiлетiн медициналық көмектiң көлемiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi .
      Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      31-бап. Санитарлық авиацияның қызметiн ұйымдастыру

      1. Қатынасу қиын жерлердегi азаматтарға аса шұғыл медициналық көмек көрсету үшiн Қазақстан Республикасында санитарлық авиация қызметi көзделедi.

      2. Санитарлық авиация қызметiнiң жұмысын ұйымдастыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      32-бап. Санаторий-курорттық емдеу

      1. Санаторий-курорттық емдеу - табиғи-климаттық, физиотерапиялық және басқа да емдеу факторларын пайдалана отырып, профилактика және медициналық оңалту жөнiндегi медициналық көмек көрсету нысаны.

      2. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган санаторий-курорттық емдеу көрсетiлген аурулар мен денсаулық бұзылуының тiзбесiн айқындайды .

      3. Медициналық көмек көрсететiн санаторий-курорттық ұйымдар өз қызметiн лицензия негiзiнде жүзеге асырады.

      4. Азаматтарға санаторий-курорттық емделу үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жолдамалар берiледi.
      Ескерту. 32-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       32-1-бап. Салауатты өмiр салтын насихаттау

      Салауатты өмiр салтын насихаттау медициналық қызмет көрсету түрi болып табылады және салауатты өмiр салтын қалыптастыру, аурулардың профилактикасы және азаматтардың салауатты өмiрiмен байланысты аурулардың алдын алу мәселелерiнде халықты ақпараттық қамтамасыз ету, гигиеналық оқыту және тәрбиелеу арқылы халықтың денсаулығын нығайтуды қамтиды.

      Салауатты өмiр салтын насихаттауды денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның үйлестiруi және әдiстемелiк басшылығы аясында денсаулық сақтау субъектiлерi қамтамасыз етедi.

      Салауатты өмiр салтын насихаттау, аурулардың профилактикасы және халықтың денсаулығын нығайту жөнiндегi iс-шараларды басқа да мүдделi министрлiктермен, халықаралық ұйымдармен бiрлесе отырып, қоғамдық бiрлестiктердiң қатысуымен денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жүргiзедi.
      Ескерту. 32-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      33-бап. Халықтық медицина (емшiлiк)

      1. Тиiстi лицензиясы болған кезде медициналық бiлiмi бар адамдардың халықтық медицина (емшiлiк) әдiстерiмен емдеуге құқығы бар.
      Ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен медициналық бiлiмi жоқ адамдарға халықтық медицина (емшiлiк) әдiстерiмен емдеуге лицензия берiлуi мүмкiн.

      2. Жаппай емшiлiк сеанстарын, оның iшiнде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып өткiзуге тыйым салынады.
      3. алып тасталды

      4. Халықтық медицина (емшiлiк) қызметтерiн көрсетуге денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган бақылау жасайды.

      5. Халықтық медицинамен (емшiлiкпен) заңсыз түрде шұғылданатын адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      Ескерту. 33-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      34-бап. Ақылы медициналық көмек алудың негiздерi мен
              тәртiбi

      1. Ақылы медициналық қызметтердi мемлекеттiк және жеке денсаулық сақтау ұйымдары аурудың түрi мен медициналық және дәрiгерлiк қызметпен айналысуға арналған лицензияға сәйкес келгенде жеке медициналық iс-тәжiрибемен айналысатын жеке тұлғалар көрсетедi.

      2. Ақылы қызметтiң түрлерi мен олардың баға прейскуранты мемлекеттік және жекеше денсаулық сақтау ұйымдарындағы және жекеше медициналық iс-тәжiрибемен айналысатын жеке адамдардағы көрнекi ақпарат арқылы азаматтардың назарына жеткiзiледi.

      3. Ақылы негiзде көрсетiлетiн медициналық қызметтердiң бағалары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалады.

      4. Азаматтарға ақылы қызмет көрсеткен кездегi есепке алу-есеп беру медициналық құжаттамасын жүргiзу денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша жүзеге асырылады.

      5. Денсаулық сақтау ұйымы азаматтар өтiнiш жасаған кезден бастап ақылы медициналық көмектi уақтылы және сапалы көрсету үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауапты болады.

      6. Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызмет көрсетудiң шарттары мен тәртiбiн, сондай-ақ мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асыратын ақылы қызметтен түскен қаражаттарды пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды .
      Ескерту. 34-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       34-1-бап. Денсаулық сақтау жүйесiндегi мемлекеттiк
                мекемелердiң ақылы қызметтер көрсету тәртiбi

      1. Тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiнен тыс, сондай-ақ медициналық емес сипаттағы ақылы қызметтердi санитарлық-эпидемиологиялық, туберкулез, психоневрология мекемелерi, денсаулық сақтау жүйесiнiң сот сараптамасы органдары, лепрозорийлер көрсетедi.

      2. Санитарлық-эпидемиологиялық, туберкулез, психоневрология мекемелерi, денсаулық сақтау жүйесiнiң сот сараптамасы органдары, лепрозорийлер ұсынған тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатудан түскен қаражат Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен пайдаланылады.
      Ескерту. 34-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       5-1-тарау. Халыққа медициналық көмектi ұйымдастыру

      Ескерту. 5-1-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      34-2-бап. Халыққа медициналық көмектi ұйымдастыру

      1. Халыққа медициналық көмектi ұйымдастыруды - денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдары, медициналық көмек көрсетудi-денсаулық сақтау субъектiлерi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.

      2. Денсаулық сақтау субъектiлерi:

      1) лицензияға сәйкес сапалы медициналық көмек көрсетудi;

      2) диагностиканың, профилактика мен емдеудiң әдiстерiн, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган рұқсат берген дәрiлiк заттарды қолдануды;

      3) төтенше жағдайлардағы жұмысқа әзiрлiктi;

      4) айналасындағыларға қауiптi болып табылатын аурулардың, сондай-ақ кәсiби аурулардың алдын алу, диагностикалау мен емдеу жөнiндегi профилактикалық медициналық iс-шараларды жүргiзудi;

      5) азаматтарға медициналық көмектiң нысандары мен түрлерi туралы тегiн, жедел және шынайы ақпарат ұсынуды;

      6) санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды, гигиеналық нормативтердi сақтауды;

      7) басқа да денсаулық сақтау ұйымдарымен өзара iс-қимыл мен сабақтастықты;

      8) салауатты өмiр салтын насихаттауды және халықты гигиеналық оқытуды;

      9) бастапқы медициналық құжаттарды жүргiзудi, денсаулық сақтау және мемлекеттiк статистика салаларындағы уәкiлеттi органдар белгiлеген нысандар, түрлер, көлем, тәртiп пен мерзiмдер бойынша есептер тапсыруды;

      10) айналасындағыларға қауiптi болып табылатын жұқпалы аурулар, улану, психикалық және мiнез-құлықтың бұзылу жағдайлары туралы денсаулық сақтау саласындағы тиiстi мемлекеттiк органдарға, ал жаңа алған жарақаттар, жаралар, қылмыстық түсiніктер бойынша көрiнген адамдар туралы мәлiметтердi, сондай-ақ айналасындағыларға қауiптi болып табылатын аурулардың жағдайлары туралы iшкi iстер органдарына хабарлауды қамтамасыз етуге мiндеттi.

6-тарау. Медициналық сараптама қызметі

      35-бап. Медициналық сараптаманың түрлерi

      1. Қазақстан Республикасында медициналық сараптаманың мынадай түрлерi жүзеге асырылады:

      1) медициналық қызметтер көрсету сапасының сараптамасы;

      2) еңбекке уақытша қабiлетсiздiк сараптамасы;
      3) алып тасталды

      4) әскери-дәрiгерлiк сараптама;

      5) сот-медицина, сот-психиатрия және сот-наркология сараптамалары;

      6) санитарлық-эпидемиологиялық сараптама;

      7) дәрiлiк заттардың сараптамасы;

      8) ғылыми-медициналық сараптама.
      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен медициналық сараптаманың басқа да түрлерi жүзеге асырылуы мүмкiн.

      2. Медициналық сараптама азаматтардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз етудiң құрамдас бөлiгi болып табылады.

      3. Медициналық сараптаманы жүргiзетiн сарапшыларды  аккредитациялауды денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      4. Әскери-дәрiгерлiк сараптаманы ұйымдастыру мен жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекiтедi .
      Ескерту. 35-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      36-бап. Медициналық қызметтер көрсету сапасына
             сараптама

      1. Медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптама - жеке және заңды тұлғалар ұсынатын медициналық қызмет сапасының деңгейi жөнiнде қорытынды жасау үшiн жүзеге асырылатын ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық iс-шаралар жиынтығы.

      2. Медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптаманы медициналық қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттiк орган және (немесе) тәуелсiз медицина сарапшылары жүргiзедi.

      3. Медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптамаға:
      1) көрсетiлетiн медициналық көмектiң көлемi мен сапасын, медициналық ұйымдарды қаржыландыру мөлшерiнiң негiздiлiгiн анықтау;

      2) медицина қызметкерлерiнiң бiлiктiлiк деңгейiнiң салалық нормативтер талаптарына сәйкестiгiн анықтау;

      3) медициналық қондырғылармен жабдықталудың белгiленген нормативтерге сәйкестiгiн анықтау;

      4) азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету;

      5) азаматтардың көрсетiлетiн медициналық көмек пен медициналық қызметтер көрсетудiң деңгейi мен сапасына қанағаттану дәрежесiн анықтау;
      6) алып тасталды

      7) сапасыз медициналық қызметтер көрсетудiң себептерiн анықтау, оларды жою және медициналық көмек көрсетудi жетiлдiру жөнiнде шараларды қабылдау кiредi.

      4. Медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптама ұйымдастыру мен жүргiзу тәртiбiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi .

      5. Медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптама қорытындысына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
      Ескерту. 36-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      37-бап. Еңбекке уақытша қабiлетсiздiк сараптамасы

      1. Азаматтардың еңбекке уақытша қабiлетсiздiгi сараптамасын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен медициналық ұйымдардың дәрiгерлерi немесе дәрiгерлiк комиссия жүргiзедi.

      2. Жекелеген жағдайларда облыстардың, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдарының шешiмi бойынша мемлекеттiк сектордың медициналық ұйымдарында азаматтардың еңбекке уақытша қабiлетсiздiгiн сараптама жасау орта медициналық бiлiмi бар қызметкерге тапсырылуы мүмкiн.
      Ескерту. 37-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      38-бап.

      Ескерту. 38-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      39-бап. Әскери-дәрiгерлiк сараптама

      1. Әскери-дәрiгерлiк сараптама денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке немесе әскери қызметке теңестiрiлген арнайы қызметке жарамдылықты белгiлеу үшiн, сондай-ақ әскери немесе арнаулы қызметтi (әскери жиындарды) өткерiп жүргенде азаматтардың сырқаттануының, мертiгуiнiң (жаралануының, жарақаттануының, контузия алуының) және қайтыс болуының себептi байланыстарын анықтау үшiн жүргiзiледi.

      2. Әскери-дәрiгерлiк сараптаманы ұйымдастыру мен жүргiзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

      3. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамдылық дәрежесi көрiнеу дұрыс белгiленбеген, азаматтың денсаулығының нашарлауына, мүгедектiкке немесе өлiмге әкеп соққан кезде, қабылданған шешiмге жауапты адам немесе адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
      4. алып тасталды
      Ескерту. 39-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      40-бап. Сот-медицина, сот-психиатрия және сот-наркология
              сараптамалары

      1. Сот-медицина , сот-психиатрия және сот-наркология сараптамаларын мемлекеттiк денсаулық сақтау секторының медицина ұйымдарында сот сараптамасы органдары жүргiзедi.

      2. Азаматтың немесе оның заңды өкiлiнiң сот-медицина, сот-психиатрия немесе сот-наркология сараптамаларын тағайындаған органның алдында сараптама комиссиясының құрамына тиiстi маманды оның келiсiмiмен енгiзу жөнiнде өтiнiш жасауға құқығы бар.

      3. Сот-медицина, сот-психиатрия және сот-наркология сараптамаларын ұйымдастыру мен жасау тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.

      4. Сот-медицина, сот-психиатрия және сот-наркология сараптамаларының қорытындысына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
      Ескерту. 40-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      41-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама

      1. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етудiң құрамдас бөлiгi болып табылады.

      2. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары жүргiзедi және ол:

      1) қоршаған тiршiлiк ортасы объектiлерiнiң санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға, халықтың денсаулығына әсерiн кешендi бағалауды;

      2) адамдардың сырқаттануы мен улануының туындау себептерi мен жағдайларын зерттеудi;

      3) шаруашылық немесе өзге қызмет процесiнде қабылданатын шешiмдердiң санитарлық-гигиеналық ережелердiң, гигиеналық нормативтердiң талаптарына сәйкестiгiн бағалауды қамтамасыз етедi.

      42-бап. Дәрiлiк заттың сараптамасы

      1. Дәрiлiк заттың сараптамасы - дәрiлiк затты физикалық-химиялық, биологиялық, клиникаға дейiнгi сынақтар, клиникалық зерттеулер жүргiзу, биоэквиваленттiгiн анықтау арқылы оның қауiпсiздiгi, тиiмдiлiгi және сапасы тұрғысында зерттеу немесе сынау, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен дәрiлiк затты тiркеуге ұсынған нормативтiк құжаттарды зерделеу. V075112

      2. Дәрiлiк заттардың қауiпсiздiгiн, тиiмдiлiгiн және сапасын бағалауды ұйымдар дәрiлiк затқа оның нормативтiк құжаттарына сәйкес жүргiзiлген сараптама негiзiнде, денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.

      3. Сараптаманы дәрiлiк затты әзiрлеуге және өндiруге тiкелей қатыспаған, уәкiлеттi орган айқындайтын ұйым жүргiзедi.
      Ескерту. 42-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      43-бап. Ғылыми-медициналық сараптама

      1. Ғылыми-медициналық сараптаманың объектiлерi:

      1) iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеу бағдарламаларының жобалары;

      2) республикалық нысаналы ғылыми-медициналық бағдарламалар;

      3) аяқталған ғылыми-медициналық бағдарламалар мен жобалардың нәтижелерi;

      4) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларын алуға ұсынылған ғылыми жұмыстар;

      5) денсаулық сақтау iс-тәжiрибесiне енгiзу үшiн жоспарланған ғылыми-медициналық әзiрлемелер болып табылады.

      2. Ғылыми-медициналық сараптаманы өткiзу тәртiбiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi .

7-тарау. Фармацевтикалық қызмет

      44-бап. Фармацевтикалық қызметтi мемлекеттiк реттеу

      1. Фармацевтикалық қызметтi мемлекеттiк реттеудi:
      Қазақстан Республикасының Yкiметi;
      денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган;
      облыстардың, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдары жүзеге асырады.

      2. Фармацевтикалық қызметтi мемлекеттiк реттеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен:

      1) дәрiлiк заттарды мемлекеттiк тiркеу ;

      2) фармацевтикалық қызметтi лицензиялау ;

      3) дәрiлiк заттардың сәйкестiгiн растау;

      4) фармацевтикалық қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғаларды аттестаттау ;

      5) фармацевтикалық қызметке мемлекеттiк бақылау жасау;

      6) уәкiлеттi органның:
      негiзгi (өмiрлiк маңызы бар) дәрiлiк заттардың тiзiмiн ;
      аурулар түрлерiнiң және амбулаториялық емделу кезiнде дәрiлiк заттар, арнайы емдiк тағам рецепт бойынша тегiн немесе жеңiлдiктi жағдайда берiлетiн халықтың жекелеген санаттарының тiзбесiн бекiту рәсімін жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
      Ескерту. 44-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз), 2006.12.06. N 209 Заңдарымен.

      45-бап. Дәрiлiк заттардың қауiпсiздiгi мен сапасын
              бақылаудың мемлекеттiк жүйесi

      1. Қазақстан Республикасының аумағында жасалған және оның аумағына әкелiнетiн дәрiлiк заттар мемлекеттiң бақылау жасауына жатады.

      2. Дәрiлiк заттардың қауiпсiздiгi мен сапасын бақылаудың мемлекеттiк жүйесiне:
      фармацевтикалық қызмет саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      дәрiлiк заттарды әзiрлеуге, қауiпсiздiгiн, тиiмдiлiгiн және сапасын зерттеу мен сынауға арналған ғылыми-зерттеу ұйымдары, институттар, орталықтар, зертханалар;
      дәрiлiк заттардың қауiпсiздiгiн, тиiмдiлiгiн және сапасын бағалау жөнiндегi сараптама комиссиялары;
      дәрiлiк заттар туралы ақпарат жүйесi дәрiлiк заттарға сараптама жасау жөнiндегi орталық кiредi.

8-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызмет

      46-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызметтiң
              субъектiлерi

      1. Негiзгi мiндетi ретiнде денсаулық сақтау саласындағы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi, ғылыми кадрлар даярлауды жүзеге асыратын заңды тұлға денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйым (бұдан әрi - ғылыми ұйым) болып табылады.

      2. Ғылыми ұйымдар ғылыми-зерттеу ұйымдарына (ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтар), жоғары медициналық бiлiм беру ұйымдарына және ғылыми-медициналық қызметпен шұғылданатын өзге де ұйымдарға бөлінедi.

      3. Ғылыми ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес медициналық және бiлiм беру қызметiмен шұғылдана алады.
      Медицина ғылымы мен бiлiм беру саласында ғылым кандидаты, философия докторы (РhD) және ғылым докторының ғылыми дәрежелері үшiн мына адамдарға:

      1) медициналық бiлiм беру ұйымдарының педагог қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңдарына сәйкес;

      2) ғылыми бағдарламаларды орындайтын медициналық ғылыми ұйымдардың ғылыми қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңдарына сәйкес қосымша ақы белгiленедi.

      4. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызмет субъектiлерi қатысқан қатынастарды реттеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
      Ескерту. 46-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.07.27. N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      47-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызметтi
              үйлестiру

      1. Iргелi және қолданбалы сипаттағы ғылыми әзiрлемелердiң басымдықтарын қалыптастыруды, азаматтардың денсаулығын сақтауды ғылыми қамтамасыз ету саласындағы республикалық бағдарламаларды үйлестiрудi, медицина ғылымын дамыту тұжырымдамасын әзiрлеудi денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      2. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган ғылыми ұйымдардың құрылтайшысы болады.

      3. Ғылыми зерттеу бағдарламаларын қаржыландыру бюджет қаражаты есебiнен және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаржыландыру көздерiнен жүзеге асырылады.

      4. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган денсаулық сақтау саласындағы ғылыми бағдарламалардың кешендi сараптамасын жүзеге асырады.
      Ескерту. 47-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

9-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру

      48-бап. Денсаулық сақтау саласындағы бiлiм беру қызметi

      1. Денсаулық сақтау жүйесi үшiн кәсiби ғылыми-педагог, медицина және фармацевтика қызметкерлерiн даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру денсаулық сақтау саласындағы бiлiм беру қызметiнiң мiндеттерi болып табылады.

      2. Денсаулық сақтау саласындағы бiлiм беру қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес клиникалық базалар және мамандандырылған даярлықтың жоғары сапасын қамтамасыз ететiн қажеттi әлеуетi болған жағдайда жоғары, орта медициналық бiлiм беру ұйымдарында және бiлiм беру ұйымдарының медицина факультеттерiнде жүзеге асырылады. Бiлiм беру қызметiн қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырылады.

      3. Жоғары және орта оқу білімнен кейінгі медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру бағдарламаларын игерген адамдар үшiн мемлекеттiк үлгiдегi диплом, клиникалық мамандықтар бойынша - интернатураны бiтiргенiн растайтын мемлекеттiк үлгiдегi куәлiк, маманның сертификаты олардың медициналық ұйымдарда қызмет лауазымдарын иеленуiне негiз болып табылады.

      4. Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық және фармацевтикалық білім беру резидентураны, магистратураны және докторантураны қамтиды. Резидентурада оқыту ережелерін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді .

      5. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган сұраныстарды ескере отырып орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiмдi мамандар даярлауды жоспарлау жүйесiн қамтамасыз етедi.
      Ескерту. 48-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.07.27. N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      49-бап. Денсаулық сақтау саласындағы бiлiктiлiк
              емтихандары

      1. Денсаулық сақтау саласындағы мамандар үшiн бiлiктiлiк емтихандары жоғары немесе орта білімнен кейінгі медициналық немесе фармацевтикалық бiлiмi бар адамдардың кәсiби медициналық, дәрiгерлiк немесе фармацевтикалық қызметтi жүзеге асыруға дайындығын айқындау мақсатында өткiзiледi.

      2. Санат берiлмейтiн бiрiншi бiлiктiлiк емтиханы интернатурадағы оқу аяқталғаннан кейiн, ал орта медицина қызметкерлерi үшiн колледждегi оқуын бiтiргеннен кейiн өткiзiледi. Бiлiктiлiк емтихандары әрбiр бес жыл сайын өткiзiлiп тұрады. Маман кезектi бiлiктiлiк емтиханына медициналық бiлiм беру қызметiне лицензиясы бар денсаулық сақтау ұйымдарында соңғы бес жыл iшiнде бiлiктiлiгiн арттырған жағдайда жiберiледi.

      3. Денсаулық сақтау саласындағы мамандар үшiн бiлiктiлiк емтихандарын өткiзудiң нәтижелерi бойынша қолданылу мерзiмi бес жылға, бiлiктiлiк деңгейi туралы белгiленген үлгiдегi құжат ( маманның сертификаты ) берiледi.

      4. Маманның тиiстi сертификаты болмаған, сондай-ақ оны қолдану мерзiмi аяқталған жағдайда жеке тұлғаға дәрiгерлiк қызметпен айналысуға тыйым салынады.
      Ескерту. 49-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.07.27. N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      50-бап. Қазақстан Республикасы дәрiгерiнiң анты

      1. Жоғары медициналық оқу орындарының медициналық мамандықтар бойынша оқып бiтiрген түлектерi Қазақстан Республикасы дәрiгерiнiң антын қабылдайды.

      2. Қазақстан Республикасы дәрiгерi антының мәтiнiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi .

10-тарау. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің
құқықтары мен міндеттері

      51-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң
              құқықтары мен мiндеттерi

      1. Медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң:

      кәсiби қызметiн жүзеге асыруға арналған жағдаймен қамтамасыз етiлуiне;

      бес жылда кемiнде бiр рет өзiнiң бiлiктiлiк деңгейiн мемлекеттiк бюджеттiң немесе денсаулық сақтау саласының мемлекеттiк емес секторы ұйымының қызметкерлерi болса, жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен көтеруге;

      штат санының қысқаруына немесе денсаулық сақтау ұйымдарының тарауына байланысты қызметкерлер босап қалған жағдайда, бюджет немесе жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен қайта даярлықтан өтуiне;

      еңбек мiндеттерiн атқару кезiнде өздерiнiң денсаулығына немесе мүлкiне келтiрiлген зиянды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен өтетуге;

      азаматтың өмiрiне қауiп төнген жағдайда ұйымдардың немесе азаматтардың меншiгiндегi байланыс құралдарын, сондай-ақ қолда бар көлiктiң кез келген түрін азаматты таяу жердегi медициналық ұйымға жеткiзу үшiн кедергiсiз және тегiн пайдалануға;

      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүріп-тұру сипатындағы қызметiне байланысты көлiк шығындарын өтетуге;

      кәсiби мiндеттерiн жоғары сапалы деңгейде орындағаны үшiн көтермелеуге;

      өзiнiң кәсiби ар-намысы мен абыройын қорғауға құқығы бар.

      2. Мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарының ғылыми-педагог кадрларының бiлiктiлiгiн арттыру және қайта даярлау бюджет қаражаты, жұмыс берушiнiң қаражаты, өз қаражаты есебiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа көздер есебiнен жүзеге асырылады.

      3. Мемлекеттiк денсаулық сақтау секторы ұйымдарының ауылдық жерде және қала типіндегі кенттерде жұмыс істейтін медицина және фармацевтика қызметкерлерiне мынадай әлеуметтiк қолдау шаралары ұсынылады:

      коммуналдық қызметтерге және отынға арналған шығыстарды облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары белгiлеген мөлшерлерде бюджет қаражаты есебiнен өтеу;

      жеке меншiгiнде малы барлар жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың шешiмi бойынша жем-шөппен, мал жайылатын және шөп шабылатын жер учаскелерiмен қамтамасыз етiледi.

      3-1. Мемлекеттік денсаулық сақтау секторы ұйымдарының ауылдық жерде жұмыс істейтін медицина және фармацевтика қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады.

      4. Медицина және фармацевтика қызметкерлерi:

      ауруларды профилактикалауға және азаматтардың денсаулығын тыңайтуға ықпал етуге, медициналық көмек көрсетуге;

      аса шұғыл жағдайларда халыққа кешеуiлдетуге болмайтын медициналық көмек көрсетуге;

      халық арасында медициналық бiлiмдi және салауатты өмiр салтын насихаттау жөнiндегi жұмысты жүргiзуге;

      кәсiби этика талаптарын сақтауға, дәрiгерлiк құпияны сақтауға, азаматтың аурулары, интимдiк және отбасылық өмiрi туралы мәлiметтердi жария етпеуге;

      кәсiби деңгейiн үнемi арттырып отыруға мiндеттi.
      Ескерту. 51-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.07 N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз), 2007.05.15 N 253 , 2008.12.24 N 111-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      52-бап. Денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерiнiң еңбек
              қатынастары

      1. Мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. V021758

      2. Денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерiнiң лауазымдарына қойылатын бiлiктiлiк талаптарын денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен айқындайды.

      3. Денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерiнiң еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледi.
      Ескерту. 52-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2007.05.15. N 253 Заңдарымен.

11-тарау. Қорытынды ережелер

      53-бап. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық
              ынтымақтастық

      1. Денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқару органдарының, денсаулық сақтау ұйымдарының Қазақстан Республикасының заңдарына және халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық ынтымақтастықты және сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар.

      2. Қазақстан Республикасының азаматтарын шет елге емделуге жiберу тәртiбi мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды .

      54-бап. Осы Заңды бұзғаны үшін жауаптылық

      Осы Заңның бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады