"Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыш туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 2 шілдедегі N 443-II Заңы

      "Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыш туралы" 1999 жылғы 2 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентiнің Жаршысы, 1999 ж., N 21, 784-құжат; 2001 ж., N 21-22, 282-құжат) мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) Заңның бүкiл мәтiнi бойынша "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi", "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен", "Қазақстан Pecпубликасының Қаржы министрлiгiнде", "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне", "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгінiң" деген сөздер тиiсiнше "бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi орган", "бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi органмен", "бюджеттi атқару жөнiндегi уәкілеттi органда", "бюджеттi атқару жөнiндегi уәкілеттi органға", "бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi органның" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 1-бапта:
      4) тармақшадағы ", жергiлiктi атқарушы органдарының" деген сөздер алып тасталсын;
      18) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "18) банктің кепiлдiгi - заем алушы заем туралы шарт (келiсiм) бойынша өзi төлеуге тиесiлi соманы белгiленген мерзiмде төлемеген жағдайда екiншi деңгейдегi банктiң (банктердің) немесе шетелдiк банктiң (банктердiң) бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi органның алдындағы мемлекеттiк емес заем бойынша берешектi өтеу жөнiндегi мiндеттемесi;";
      21) тармақша алып тасталсын;

      3) 4-бапта:
      2-тармақтың 3) тармақшасы "оларға қызмет көрсету және өтеу," деген сөздерден кейiн "мемлекеттiк кепiлдiктер беру үшiн инвестициялық жобаларды iрiктеу," деген сөздермен толықтырылсын;
      4-тармақтың 1) және 8) тармақшалары алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
      "4-1. Бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган:

      1) мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыш саясатын әзiрлеуге қатысады;
      2) мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борышты жоспарлау мен талдауды жүзеге асырады.";
      6-тармақта:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) жергiлiктi өкiлдi органға жергiлiктi инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бюджет заңдарында көзделген басқа да мақсаттарға iшкi заемдарды тарту қажеттiгi туралы ұсыныстар енгiзедi;";
      3) тармақшадағы "сыртқы" деген сөз "ішкі" деген сөзбен ауыстырылсын;

      4) 6-баптың төртінші бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:
      "Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қарыз алуы жергілікті инвестициялық жобаларды қаржыландыру мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бюджет заңдарында көзделген басқа да мақсаттарда жүзеге асырылады.";

      5) 9-баптың 3-тармағында:
      бiрiншi бөлiктегі "қарыз алу және борыш лимиттерiмен" деген сөздер "тиісті қаржы жылының аяғындағы борыш лимитімен" деген сөздермен ауыстырылсын;
      екінші бөліктегі бірінші сөйлем алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Жергiлiктi атқарушы органдардың сыртқы заемдар тартуына жол берілмейді.";

      6) 10-баптың 3-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Жергілiкті атқарушы органның заемдары бойынша алынған қаражат жергілікті инвестициялық жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бюджет заңдарында көзделген басқа да мақсаттарға жұмсалады және тиісті жылға арналған жергілікті бюджеттің атқарылу тәртібімен пайдаланылады.";

      7) 14-баптың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) өтеу және қызмет көрсету көлемдері, үкіметтік борыш пен жергілікті атқарушы органдар борышының, мемлекеттік кепілдік берудің лимиттері белгіленетін көрсеткіштерді жыл сайын нақтылау және айқындау арқылы мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыштың жай-күйін жыл сайын бағалау және алдағы үш жылдық кезеңге арналған болжам. Бұл құжатты әзірлеуді бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органмен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесе отырып, елді экономикалық дамытудың орта мерзімді болжамы, жинақталған мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың көлемдері мен құрылымы, несие капиталы рыногындағы өзгерістер болжамы негізінде жүзеге асырады;";

      8) 16-баптың бесiнші бөлiгi алып тасталсын;

      9) 18-бап мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Мемлекеттік кепілдіктерді беру лимитінің көлемі осы лимит белгіленген тиісті жылдың шегінде ғана пайдаланылуы мүмкін.";

      10) 20-баптың 1-тармағында:
      2) және 3) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      "2) Қазақстан Республикасының тиісті кезеңге арналған мемлекеттiк кепілдіктepi бар мемлекеттiк емес заемдар қаражатының есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалардың тiзбесiне енгiзiлген жобалардың орындалуын жүзеге асыруы;
      3) банктiк қадағалау саласындағы уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша бюджетті атқару жөнiндегi уәкілеттi орган белгiлейтiн заемдардың қайтарылуын қамтамасыз ету талаптарын қанағаттандыратын банктiк кепiлдiктiң болуы;";
      мынадай мазмұндағы 3-1), 3-2), 3-3) және 3-4) тармақшалармен толықтырылсын:
      "3-1) салалық уәкiлеттi органның оң қорытындысы болуы;
      3-2) бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi органның оң қорытындысы болуы;
      3-3) экономикалық жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органның оң қорытындысы болуы;
      3-4) бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органның оң қорытындысы болуы;";
      мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Мемлекеттiк кепiлдiк алуға үмiткер заңды тұлғалар экономикалық жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органға өтiнiм, сондай-ақ салалық уәкiлеттi органға және бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi органға олардың қорытындылар әзiрлеу үшiн қажеттi құжаттар табыс етедi. Бұл орайда салалық уәкiлеттi орган мен бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi орган құжаттар берген заңды тұлғаларға және ұсынылған қорытындыларды жинақтауды және экономикалық талдауды жүзеге асыратын экономикалық жоспарлау жөнiндегi уәкілеттi органға тиiстi қорытындылар жiберуге мiндеттi.";

      11) 21-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "21-бап. Мемлекеттiк кепiлдiктер беру үшiн инвестициялық
               жобаларды iрiктеу

      Мемлекеттiк кепiлдiктер беру үшiн инвестициялық жобаларды iрiктеудi экономикалық жоспарлау жөнiндегi уәкілеттi орган Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiктерi бар мемлекеттiк емес заемдар қаражатының есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалардың тiзбесiн жыл сайын қалыптастыру жолымен жүргiзедi.
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiктерi бар мемлекеттiк емес заемдар қаражаты есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалардың тізбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi және ол жариялануға тиіс.;

      12) 24-баптың бiрiншi бөлiгіндегi "ол белгiлеген тәртiппен" деген сөздер алып тасталсын;

      13) 25-бап мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Қазақстан Республикасының Үкiметi заем туралы шарттың (келiсiмнiң) талаптарына сәйкес және кредитордың келiсiмiмен мемлекет кепiлдiк берген заемды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банкрот деп танылған және (немесе) таратылған заем алушы үшiн мерзiмiнен бұрын өтеудi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат есебiнен мемлекеттiк кепiлдiктердi орындау жолымен жүзеге асыруға құқылы.";

      14) мынадай мазмұндағы 25-2-баппен толықтырылсын:

      "25-2-бап. Мемлекет кепiлдiк берген заем бойынша заем
                 алушыны ауыстыру

      Мемлекет кепiлдiк берген заем бойынша заем алушыны Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi қабылданған жағдайда заем туралы шарт (келiсiм) тараптарының келiсiмi бойынша ауыстыруға жол берiледi.
      Мемлекет кепiлдiк берген заем бойынша заем алушы ауыстырылған жағдайда бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi орган кредитордың талабы бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi негiзiнде мемлекеттiк кепiлдiктi ауыстыруы немесе растауы мүмкiн.
      Бұл ретте кепiлдiк берiлетiн заем сомасы бұрын берiлген мемлекеттiк кепiлдiк бойынша заемның сомасынан аспауға тиiс. Жаңадан берiлген мемлекеттiк кепiлдiкке осы Заңның 18-бабының бiрiншi бөлiгiнде белгiленген шектеулер қолданылмайды.";

      15) 26-бапта:
      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "4) ол заем құрылымын өзгерту және (немесе) мемлекет кепілдiк берген заем бойынша заем алушыны ауыстыру кезiнде жаңасымен ауыстырылса;";
      мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
      "5) Қазақстан Республикасының Үкiметi осы Заңның 25-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес мемлекет кепiлдiк берген заемды мерзiмiнен бұрын өтеудi жүзеге асырса, қолданылуын тоқтатады.";

      16) 28-баптың екiншi бөлiгiндегi "қарсы кепiлдiк берген екiншi деңгейдегi" деген сөздер "кепiлдiк берген" деген сөздермен ауыстырылсын;

      17) Қазақ тiлiндегi мәтiнде 33-бап өзгермейдi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады