Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Грек Республикасының Үкiметi арасындағы Жолаушылар мен жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келiсiмді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 18 қарашадағы N 498-ІІ Заңы

      Алматыда 2002 жылғы 26 маусымда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грек Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грек Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Грек Республикасының Үкiметi,
      Тараптар мемлекеттерi арасындағы автомобиль қатынасы саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа және олардың аумақтары арқылы транзиттiк қатынасқа жәрдемдесуге тiлек бiлдiре отырып,
      автомобиль қатынасы саласындағы ырықтандыру қағидаттарын және өзара тиiмдiлiктi негiзге ала отырып,
      төмендегi туралы келiстi:

1-бап
Қолдану саласы

      Осы Келiсiмнiң ережелерi:
      1. Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтары арасындағы жолаушылар мен жүктердiң автомобиль тасымалына, олардың аумақтары арқылы транзиттiк қатынасқа, сондай-ақ үшінші мемлекеттен/мемлекетке тасымалдауға қолданылады.
      2. Осы Баптың 1-тармағында аталған тасымалдарға байланысты автокөлiк құралының бос жол жүруiне қолданылады.

2-бап
Анықтамалар

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн:
      1. "Тасымалдаушы" терминi Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген, өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес автомобиль жолдары бойынша жолаушылармен жүктердiң тасымалын жүзеге асыруға құқығы бар жеке немесе заңды тұлғаны бiлдiредi.
      2. "Автокөлiк құралы" терминi:
      а) жүктердi тасымалдау кезiнде: кез келген механикалық жетектi автокөлiк құралын немесе Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген, тек жүктердi тасымалдауға арналған және жабдықталған көлiк құралдарының құрамдастарымын;
      б) жолаушыларды тасымалдау кезiнде: өзiнiң конструкциясы мен жарақталуы бойынша жолаушылар тасымалдауға жарамды, жүргiзушiнi қоса алғанда, отыратын орын саны тоғыздан астам, Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген кез келген механикалық жетектi автокөлiк құралын бiлдiредi.
      3. "Транзит" терминi Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген, екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағын кесiп өтетiн автокөлiк құралымен жолаушыларды және/немесе жүктердi тасымалдауды бiлдiредi.
      4. "Үшiншi мемлекеттен/мемлекетке тасымалдау" терминi бiр Тарап мемлекетiнiң аумағында тiркелген автокөлiк құралымен жүктердi бiрi екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында, ал екiншiсi үшiншi мемлекеттiң аумағында орналасқан пункттердiң арасында тасымалдауды бiлдiредi.
      5. "Өз есебiнен тасымалдау" терминi:
      - тасымалдаушының меншiгi болып табылатын немесе ол ұзақ мерзiмдiк келiсiмшарттың негiзiнде жалға алған немесе лизингке алынған және бiрлестiкке мүше кәсiпорынның қызметкерлерi басқаратын автокөлiк құралдары пайдаланылатын тасымалдарды;
      - кәсiпорынның немесе бiрлестiктiң қызметiнiң барлық басқа түрлерi бар контексте қызметтiң қосымша түрi ғана болып табылатын тасымалдарды;
      - не кәсiпорынның немесе бiрлестiктiң меншiгi болып табылатын тауарларды немесе кәсiпорын сатқан, сатып алған, жалға тапсырған немесе алған, өндiрген, тапқан, қайта өңдеген немесе жөндеген, бұл орайда тасымалдардың мақсаты тауарларды кәсіпорынға немесе кәсіпорыннан немесе өздерiнiң жеке мұқтаждары үшiн тасымалдау болып табылатын;
      - не олар үшiн тасымалдар олардың әлеуметтiк қамтамасыз ету жөнiндегi қызметiнiң бөлiгi болып табылатын, коммерциялық емес қызметпен айналысатын кәсiпорынның қызметкерлерiн немесе бiрлестiктiң мүшелерiн тасымалдауды білдiредi.
      6. "Тұрақты тасымалдар" терминi белгiлi бiр кестеге сәйкес және жол бойы белгiленген аялдама пункттерiнде жолаушылар отыратын және түсе алатын белгiлi бiр бағыт бойынша жолаушыларды автобустармен тасымалдауды бiлдiредi. Тұрақты тасымалдар белгiленген қозғалыс кестелерiне және тарифтерге сәйкес жүзеге асырылады.
      7. "Маятниктiк тасымалдар" терминi тiкелей және керi бағыттарда, тиiсiнше екi мемлекеттiң аумағында орналасқан бiр ғана жөнелту пунктiнен бiр ғана жеткiзу пунктiне алдын ала құрылған жолаушылар топтарының көп мәрте жүзеге асырылатын тасымалдарын бiлдiредi. Тура бағытта тасымалдау кезiнде жолаушылардың әр тобы соңғы сапар барысында жөнелту пунктiне керi қайтады:
      а) Маятниктiк тасымалдарды орындау кезiнде бүкiл сапар бойы жолаушыларды отырғызуға және түсіруге тыйым салынады;
      б) Маятниктiк тасымалдардың сериясын орындау кезiнде "керi" бiрiншi сапар және "ол жаққа" соңғы сапар бос күйде жасалады;
      с) Тұрақты және маятниктiк тасымалдармен олардың орындалуы үшiн шарттар құзыреттi органдардың арасындағы өзара келiсiмге сәйкес тiкелей немесе осы Келiсiмнiң 14-бабына сәйкес құрылған Бiрлескен Комиссияның қабылдаған шешiмдерiнiң негiзiнде орындалады.
      8. "Тұрақты емес тасымалдар" терминi мыналарды бiлдiредi:
      а) жабық есiк сипатындағы сапарлар, яғни олардың кезiнде жолаушылардың бiр ғана тобын тасымалдау үшiн барлық сапар уақытында, автокөлiк құралы тiркелген мемлекеттiң аумағында басталатын және аяқталатын тасымал үшiн бiр ғана автокөлiк құралын пайдалануды;
      б) Көлiк құралы жолаушылармен кетiп, бос қайтатын тасымалды;
      в) Сапар жолаушыларсыз басталып, ал керi бағытта осы автокөлiк құралы тiркелмеген мемлекеттiң аумағындағы пунктте алынған жолаушылармен, мынадай шарт бойынша:
      (1) топты мiнгiзетiн және аумақтың шегiнен тысқары алып кететiн екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына келгенге дейiн қол қойылған тасымалдау шартына сәйкес, жолаушылар бiр топты құрайды, немесе
      (2) осы Баптың 2-тармағының (б) тармақшасына сәйкес белгiлi бiр тасымалдаушы екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына алдын ала әкелетiн жолаушылар, ол жерден олар соңында алынады да, тiркелген мемлекеттiң аумағына әкетiледi;
      (3) екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына саяхат жасауға шақырылған жолаушылар, бұл орайда тасымалдау шығынын шақырушы тұлғаның өзi көтередi.
      9. "Рұқсат" терминi Тараптардың бiрiнiң құзыреттi органы берген және екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағынан/аумағына немесе арқылы жол жүрудi жүзеге асыруға мүмкiндiк беретiн құжатты бiлдiредi.
      10. "Арнайы рұқсат" терминi бiр Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органы берген және мыналарды:
      а) үшiншi елден/елге тасымалды;
      б) ең жоғарғы рұқсат етiлген салмақтық және көлемдiк параметрлерден асатын автокөлiк құралымен жүктердi тасымалдауды жүзеге асыруға мүмкiндiк беретiн құжатты білдiредi.

3-бап

      Осы Келiсiмдi орындау мақсатында Тараптардың құзыреттi органдары:
      - Қазақстан Республикасы үшін - Көлік және коммуникациялар министрлiгi,
      - Грек Республикасы үшiн - Көлiк және коммуникациялар министрлiгi.

I. ЖОЛАУШЫ TACЫМАЛЫ

4-бап

      Жолаушы тасымалын жүзеге асыру мақсатында осы Келiсiм Тарап мемлекеттерiнің аумақтары арасында және олардың аумақтары арқылы транзитпен ақы және сыйақы үшiн немесе өз есебiнен, жолаушы автокөлiк құралдары жүзеге асыратын жолаушы тасымалдарына қолданылады. Бұл ереже осы тасымалдар үшiн пайдаланылатын жолаушы автокөлiк құралдарының бос күйде жол жүруiне қолданылады.

5-бап
Рынокқа ену

      1. Тұрақты және маятниктiк тасымалдар рұқсат алуды талап етедi.
      2. Рұқсаттар тасымалдарды жүзеге асыратын кәсiпорынға берiлуi тиiс. Олар үшiншi тұлғаға берілмейдi. Алайда, рұқсат алған тасымалдаушы тасымалдарды қосалқы мердiгер арқылы орындай алады.
      3. Тұрақты тасымалдарды жүзеге асыруға арналған рұқсаттардың қолданылу мерзiмi үш жылдан аспауы тиiс және бiр жылдан кем болмауы тиiс, ал маятниктiк тасымалдарды орындау үшiн бiр жылдан аспауы тиiс.
      4. Рұқсаттарда мынадай ақпарат:
      a) тасымал түpi,
      б) жөнелту, жеткiзу және шекаралардан өту пункттерi көрсетiлген тасымал бағыты,
      в) рұқсаттың қолданылу мерзiмi,
      г) iшiнде:
      қозғалыс кестесi,
      бағыттың сызбасы (бағыт картасы),
      тарифтер бap iлecпe рұқсат құжаттары,
      д) тұрақты тасымалдарды жүзеге асыру үшiн - аялдамалар және тиiстi қозғалыс кестесi болуы тиiс.
      Аталып өткен құжаттарды Тараптардың құзыреттi органдары бекiтуi және ресiмдеуi тиiс.
      5. Рұқсаттар алуға өтiнiм мемлекетiнiң аумағында автокөлiк құралы тiркелген Тараптардың құзыреттi органдарына берiледi. Ешқандай қарсылық тумаған жағдайда, аталған орган екiншi Тараптың құзыреттi органымен байланысады. Соңғысы келiскен жағдайда Тараптардың әрбiр құзыреттi органы, өз мемлекетiнiң аумағына келетiн бағыт бөлiгiне рұқсат беруi тиiс.
      6. Екi данадағы өтiнiмдерде Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңдарының талаптарына сәйкес келетiн мәлiметтер, сондай-ақ аялдамалар және бағыттың ұзақтығы километрмен көрсетiлген бағыттың сызбасы (бағыт картасы) болуы тиiс. Тараптардың құзыреттi органдары тасымалдаушылардан, өздерi беруге болады деп санайтын кез келген тиiстi мәлiметтi сұрауға құқылы.
      7. Бiр Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органы бекiткен және ресiмдеген рұқсаттың көшiрмесi немесе оның түпнұсқасы сапардың бүкiл уақыты бойы, екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында тiркелген автокөлiк құралының бортында болуы тиіс.
      8. Рұқсаттар осы Келiсiмге қоса берiлген белгiленген нысанға сәйкес болуы тиiс.
      Осы Келiсiмнiң 14-бабында аталып өткен Бiрлескен Комиссияның бұл нысанға түзетулер енгiзуге құқығы бар.
      9. Тұрақты тасымалдарды орындау мақұлданады және екi Тараптың құзыреттi органдары барлық қажеттi қосымшалары бар тиiстi рұқсаттармен алмасқан сәттен бастап жүзеге асырылуы мүмкiн.
      10. Ақаулы автобусты ауыстыру үшiн осы Келiсiмнiң 4-бабына сәйкес тасымалды жолаушыларсыз жүзеге асыратын автокөлiк құралының жол жүруі үшін де ешқандай рұқсат талап етілмейді.

6-бап

      1. Тұрақты емес тасымал осы Келiсiмнiң 2-бабының 8-тармағына сәйкес, осы автокөлiк құралы тiркелген Тарап мемлекетiнiң аумағында рұқсаттар алу қажеттiлiгiнен босатылуы тиіс.
      2. Тұрақты емес тасымалдар куәландырушы құжат болған кезде жүзеге асырылуы тиiс.
      3. Куәландырушы құжат тасымал құжаттарынан тұруы тиiс.
      4. Тасымал құжатында мынадай ақпарат:
      а) тасымал түрi,
      б) (негiзгi) бағыт,
      в) тағайындалған тасымалдаушы (лар),
      г) жолаушылардың толық тiзiмi болуы тиiс.
      5. Тасымал құжаттарының жиынтығын мемлекетiнiң аумағында автокөлiк құралы тiркелген Тараптың құзыреттi органдары немесе осы құзыреттi органдар тағайындаған органдар беруi тиiс.
      6. Осы Келiсiмнiң 2-бабының 8-тармағының (в) (1) тармақшасына сәйкес тасымалдау шартының көшiрмесi болуы талап етiледi.
      7. Осы Келiсiмнiң 4-бабына сәйкес тасымалдауды жолаушыларсыз жүзеге асыратын автокөлiк құралдарының сапарлары үшiн де ақаулы автобусты ауыстыру үшiн де ешқандай рұқсат талап етiлмейдi.

7-бап

      1. Транзиттiк тасымалдарды орындау кезiнде, тұрақты тасымалдарды орындауға рұқсат беретiн Тараптың құзыреттi органдары барлық қажеттi қосымшаларымен жазбаша өтiнiм бергеннен кейiн тұрақты тасымалдар транзиттiк мемлекет берген рұқсаттардың негiзiнде жүзеге асырылады. Бұл рұқсаттардың қолданылу мерзiмi 1 жылдан 3 жылға дейiн және де олар тегiн берiлуi тиiс.
      2. Транзиттiк тасымалдарды жүзеге асыру кезiнде бүкiл рейс бойы, Тараптар Бiрлескен Комиссияның мәжiлiсiнде осы Келiсiмнiң 14-бабына сәйкес өзгеше уағдаласқанға дейiн, жолаушылардың жолшыбай отыруы мен түсуiне тыйым салынады.
      3. Екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында тiркелген автокөлiк құралымен тұрақты емес тасымалдарды жүзеге асыру жағдайында, бiр Тарап мемлекетiнiң аумағы арқылы транзитпен өту қандайда бiр рұқсаттан босатылуға тиiс.

8-бап

      Жолаушы тасымалын өз есебiнен жүзеге асыру үшiн Тараптардың құзыреттi органдары беретiн рұқсатты алу талап етiледi.

9-бап

      Әрбiр күнтiзбелiк жылдың алғашқы үш айы iшiнде тұрақты тасымалдарды жүзеге асыратын тасымалдаушылар өз мемлекетiнiң құзыреттi органдарына өткен жыл бойынша:
      а) сапарлар мен километрлердiң санын;
      б) жолаушылардың саны туралы мәлiметтердi жiберуге тиiс.
      Тараптардың құзыреттi органдары жоғарыда аталған мәлiметтермен алмасуы тиiс.

II. ЖYК ТАСЫМАЛЫ

10-бап

      1. Бiр Тарап мемлекетiнiң аумағында тiркелген тасымалдаушылардың Тараптардың мемлекеттерi аумақтарының арасында, сондай-ақ олардың аумақтары арқылы екiншi Тараптың құзыреттi органдары берген рұқсаттардың негiзiнде басқа мемлекеттерге (транзиттiк тасымалдар) жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдарын жалға және сыйақы үшiн (екiжақты тасымалдар) жүзеге асыруға құқығы бар.
      2. Осы Келiсiмнiң 10-бабының 1-тармағына сәйкес берiлетiн рұқсаттардың санына қатысты ешқандай шектеулер болмауы тиiс.
      3. Екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағынан үшiншi мемлекетке және керi қарай сапар шегетiн бiр Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушылары жүзеге асыратын халықаралық автомобиль тасымалдарына қатысты, оған немесе одан тасымалдау жүзеге асырылатын Тараптың құзыреттi органдары арнайы рұқсат беруi тиiс. Бұл арнайы рұқсаттарды, кiмнiң атына берiлсе, солар ғана пайдалана алады және үшiншi тұлғаға беруге болмайды. Рұқсаттардың осындай түрлерiн берудiң құқылылығын, сондай-ақ олардың санын осы Келiсiмнiң 14-бабында атап өтілген Бiрлескен Комиссия анықтайды.

11-бап

      Осы Келiсiмнiң 10-бабында атап өтiлген рұқсаттардың түрiн Тараптардың құзыреттi органдары тiкелей немесе осы Келiсiмнiң 14-бабына сәйкес Бiрлескен Комиссия мақұлдаған қорытындылардың негiзiнде анықтауы тиiс.

12-бап

      Осы Келiсiмнiң 10-бабындағы 1-тармаққа сәйкес Тараптардың құзыреттi органдары жыл сайын дипломатиялық арналар бойынша немесе Бiрлескен Комиссия 14-бапқа сәйкес анықтаған рәсiмге сәйкес рұқсаттардың қажеттi санымен алмасады.
      Осы Келiсiмнiң 14-бабына сәйкес Бiрлескен Комиссияның бiрiншi мәжiлiсiне дейiн осы Келiсiм ережелерiнiң алғашқы орындалу кезеңi iшiнде екi Тарап жүктердiң екiжақты және транзиттiк тасымалдарының қажеттілігiн қанағаттандыруды келiседi, ол туралы өздерiнiң тиiстi құзыреттi органдарына дипломатиялық арналар арқылы ақпарат бередi.

13-бап

      Осы Келiсiмнiң 10-бабының ережелерiне қарамастан, рұқсаттар алу мынадай жағдайларда:
      1) Шұғыл жағдайларда жүктердi әуежайдан не болмаса әуежайға тасымалдау кезiнде, немесе ұшақтың кез келген авариясы кезiнде, не болмаса ұшу бағытының өзгеруiне бола немесе шұғыл жағдайларда ұшақтың амалсыз қону жағдайында, сондай-ақ әуе сапарының тоқтатылуы жағдайында;
      2) Сынған автокөлiк құралын немесе оның тiркемелерiн;
      3) Мәйiттердi немесе қайтыс болғандардың күлi салынған сауыттарды;
      4) Жеке мүлiктi арнайы автокөлiк құралдарымен бiр орыннан басқа орынға көшiру кезiнде;
      5) Почта жөнелтiлiмдерiн;
      6) Жәрмеңкелер мен көрмелерге арналған экспонаттарды;
      7) Театр, музыка және басқа мәдени iс-шараларға, цирк пен кинематографиялық көрсетулерге, сондай-ақ радиохабарларды жазу, кино және телевизиялық түсiрулерге арналған жабдықтар мен басқа керек-жарақтарды;
      8) Өлген жануарлардың денелерiн, егер олар өнеркәсiп қалдықтарын тұтыну салдарынан өлмесе;
      9) Аралар мен балық шабақтарын;
      10) Гүлдер мен басқа сәндiк өсiмдiктердi;
      11) Дәрi-дәрмектердi, немесе табиғи құбылыстардан болған апаттар кезiнде көмек көpceтуге арналған кез келген басқа материалдарды;
      12) Техникалық көмек көрсететiн немесе сынған автокөлiк құралын жөндейтін автокөлiк құралдарын (техникалық жөндеу машиналары);
      13) Екiншi Тараптың аумағында тұрған жарамды басқа автокөлiк құралын көшiруге арналған автокөлiк құралдарын;
      14) Жарнама және оқып үйрену үшiн пайдаланылатын заттар мен материалдарды тасымалдауды жүзеге асыру үшiн талап етiлмейдi.
      Осы бапта көзделген автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру үшiн жүргiзушiде, тасымалдарды жоғарыда тiзiлген жағдайларға сәйкес орындайтынын растайтын барлық қажеттi құжаттар болуы тиіс.

III. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

14-бап

      Осы Келiсiмнiң орындалуына және қолданылуына қатысты барлық мәселелердi шешу үшiн Бiрлескен Комиссия құрылады.
      Осы Комиссия мәжiлiске автокөлiк саласының өкілдерiн шақыра алатын Тараптардың мемлекеттiк органдарының өкілдерiнен тұруы тиіс.
      Бiрлескен Комиссия жылына бiр рет немесе Тараптардың кез келгенiнiң өтiнiшi бойынша Тараптардың әрқайсының мемлекетi аумағында кезекпен жиналады. Мәжiлiстiң күн тәртiбiн қабылдаушы жақ ұсынады немесе мәжiлiстiң басталуынан, тiптi болмағанда, екi апта бұрын сұрау салынады. Әрбiр мәжiлiс Бiрлескен Комиссияның тең төрағалары қол қоятын Хаттаманы қабылдаумен аяқталады.
      Бiрлескен Комиссия мерзiмдердi, мәлiметтермен және барлық басқа тиiстi ақпаратпен алмасу тәсiлiн анықтайды.

15-бап

      1. Осы Келiсiм бойынша талап етiлетiн рұқсаттар, сондай-ақ басқа тасымал құжаттары осы Келiсiмде көзделген барлық сапарлар кезiнде автокөлiк құралында болуы және Тараптар мемлекеттерiнiң бақылаушы органдарының талаптары бойынша тексеру үшiн көрсетiлуi тиiс.
      2. Осы Келiсiм шеңберiнде халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыруға, көлемдерi мен салмағы Тараптардың аумақтарында қолданылып жүрген рұқсат етiлген көлемдiк және салмақтық өлшемдерден аспайтын автокөлiк құралдары жiберiледi. Салмағы мен көлемдерi екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында белгiленген нормалардан артық жүктердi автокөлiк құралдарымен тасымалдау кезiнде тасымалдаушы, осы Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдарының арнайы рұқсатын алуы тиiс.

16-бап

      1. Бiр Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушылары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында болғанда, Тарап мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын көпжақты келiсiмдерден, осы Келiсiмнiң ережелерiнен, сондай-ақ ұлттық заңнамадан туындайтын мiндеттемелердi орындауға мiндеттi.
      2. Жүрген елдiң аумағында жасалған маңызды немесе бiрнеше рет бұзушылықтар жағдайында, тiркелген елдiң құзыреттi органдары өздерiнiң қылмыстық қудалау құқығын сақтай отырып және соңғысының талабы бойынша мынадай шаралар қабылдауы мүмкiн:
      - ескерту жасау;
      - бұзушылық (тар) жасалған тарап мемлекетiнiң аумағына енуге тыйым салу.
      Аса маңызды жағдайларда, жүрген елдiң құзыреттi органдары тiркелген елдегi органдардың шешiмiн күте тұрып, енуге уақытша тыйым салуы мүмкiн.
      Екi Тарап мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары бiр-бiрiн қабылданған шаралар туралы хабардар етедi.

17-бап

      Осы Келiсiмнiң негiзiнде тасымалдауды орындау кезiнде екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына әкелуге байланысты алынатын кедендiк алымдар мен баждарды салудан мыналар өзара босатылады:
      1) автокөлiк құралының тиiстi үлгiсi үшiн көзделген, техникалық және конструкциялық жағынан қозғалтқыштардың қоректену жүйесiмен байланыстырылған негiзгi сыйымдылықтардағы жанармай;
      2) тасымалдау кезiнде қалыпты тұтынуға қажеттi мөлшердегi жағармай материалдары;
      3) халықаралық тасымалдарды орындайтын автокөлiк құралдарын жөндеуге арналған қосалқы бөлшектер мен құралдар; пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер, сондай-ақ ауыстырылған қосалқы бөлшектер елден шығарылуы немесе жойылуы тиiс немесе тиiстi Тарап мемлекетiнiң аумағында белгiленген тәртiппен айналымға түсуi тиiс.

18-бап

      Осы Келiсiмнiң шарттарына бағынатын тасымалдар кезiнде екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында жол желiсiн немесе көпiрлердi пайдаланған үшiн өндiрiп алынатын алымдар мен салықтар төленуi тиiс. Алымдар мен салықтардың мөлшерi тасымалдаушы-резиденттер үшiн де, бейрезиденттер үшiн де бiрдей болып табылады.

19-бап

      1. Бiр Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушылары мен олардың автокөлiк құралдарының экипаждары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында болған кезiнде осы мемлекеттiң аумағында қолданылатын заңнаманы сақтауы тиiс.
      2. Тараптар мемлекеттерiнiң автокөлiк құралдарының жүргiзушiлерiнде олар басқаратын автокөлiк құралының санатына сәйкес және 1968 жылғы 8 қарашада Венада жасалған Жол қозғалысы туралы конвенцияның талаптарына сай келетiн жүргiзушi куәлiгi, сондай-ақ автокөлiк құралына арналған тiркеу куәлiгi болуы тиiс.

20-бап
Сақтандыру

      Тараптар мемлекеттерiнің халықаралық тасымалдарды орындайтын автокөлiк құралдарында транзиттiк мемлекеттердiң аумақтарында қандай болса, жеткiзу мемлекетiнiң аумағында сондай күшi бар сақтандыру полисi болуы тиiс.

21-бап
Каботаж

      Автокөлiк құралымен жолаушылар мен жүктердi каботаждық тасымалдауға тыйым салынады.

22-бап
Кедендiк және санитарлық бақылау

      Кедендiк және санитарлық бақылауға қатысты Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларының ережелерi, сондай-ақ екi Тарап қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.
      Жоғарыда аталған бақылау, егер мүмкін болса, науқастарды, жануарларды, тез бүлiнетiн және қауiптi жүктi тасымалдау жағдайында артықшылық тәртiпте орындалады.

23-бап
Автокөлiк құралдарын техникалық бақылау

      Тарап мемлекетiнiң екiжақты немесе транзиттiк тасымалдарды, немесе үшiншi мемлекеттен/мемлекетке тасымалдауды орындайтын кез келген автокөлiк құралының екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында, оның техникалық жай-күйiнiң жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында қолданылып жүрген нормалардың талаптарына сәйкес екендiгiн растайтын жарамды құжаты болуы тиiс.
      Тарап мемлекетiнiң екiжақты немесе транзиттiк тасымалдарды, немесе үшiншi мемлекеттен/мемлекетке тасымалдарды орындайтын, қауiптi жүктердi тасымалдайтын кез келген автокөлiк құралының екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында, Қауiптi жүктердiң халықаралық жол тасымалы туралы еуропалық келiсiмде (ҚЖХЖТ) көзделген барлық құжаттары болуы тиiс.

24-бап

      Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердiң орындалғаны туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламасы келген күннен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiм қолданылу мерзiмiн келесi жылдық кезеңдерге ұзартумен бiр жыл мерзiмге жасалады, Тараптардың бiрi осы Келiсiмнiң қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кемiнде 6 ай бұрын екiншi Тарапқа оның қолданысын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарландыру жiбергенше, күшiнде қала бередi.

25-бап

      Осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу қажет болған кезде Тараптар осы Келiсiмнiң орнына жаңасын жасасады.

      Алматы қаласында 2002 жылғы 26 маусымда екi данада қазақ, грек, орыс және ағылшын тiлдерiнде жасалды және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiк туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тілiндегi мәтiндi басшылыққа алатын болады.
      Осыны куәландыру ретiнде, тиiстi түрде уәкiлеттiк берілген төменде қол қоюшылар, осы Келiсiмге қол қойды.

      Қазақстан Республикасының        Грек Республикасының
      Үкiметi үшiн                     Yкіметi үшiн

Көлiк және коммуникациялар       
Министрлiгi              

Тұрақты тасымалдарды жүзеге асыруға арналған
N ____ рұқсат бланкiсi

      Еуропалық Қоғамдастықтың мүшелерi болып табылмайтын елдер арасында көлiк құралдарымен орындалатын тасымалдарға, Еуропалық Қоғамдастыққа кiрмейтiн елдер арасында Министрлiктiң N____ бұйрығына сәйкес тұрақты автобус тасымалдарын жүзеге асыру кезiнде берiлетiн рұқсаттарды алу үшiн қажеттi шарттар мен рәсiмдердi орындау үшiн берiлдi.

Кiмге (тегi мен аты-жөнi немесе компания не кәсiпорынның атауы)
______________________________________________________________

Мекен-жайы: ______________ тел.: _________ факс: _____________

әріптестерiнiң немесе кәсiпорын және қосалқы мердiгерлер қызметкерлерiнiң тегi, аты-жөнi, мекен-жайы, телефоны мен факс нөмiрi
1) ___________________________________________________________
2) ___________________________________________________________
3) ___________________________________________________________
4) ___________________________________________________________
5) ___________________________________________________________

Тiзiм толықтырылуы мүмкiн.

Қолданылу мерзiмi                  Рұқсат беретiн уәкiлеттi
(берiлген орны мен күнi)           органның (немесе мекеменiң)
                                   қолы мен мөрi

(N _____ рұқсат бланкісiнiң екiншi бетi)

1. Бағыттың атауы:
а) шығу пунктi: _________________
б) бару пунктi: _________________
в) жолаушыларды отырғызу және түсiруге арналған аялдамалар көрсетiлген негiзгi бағыт (асты сызылады):

2. Кестенің қолданылу мерзiмi: ____________________

3. Жиiлiгi __________________

4. Кестесi (қоса берiлген кесте түрінде)

5. Көрсетiлетiн қызметтердiң негiзгi түрi:
- жолаушы тасымалы:

6. Айрықша шарттар мен толықтырулар:
Төмендегi тасымалдар үшiн пайдаланылатын көлiк құралының нөмiр белгiсi: _____________________________________________________

                                 (рұқсат беретiн органның мөрi)

Ескертулер:

      1. Осы рұқсат сапар бойы қолданылады. Оны атауы рұқсатта көрсетiлмеген тасымалдаушы пайдалануы мүмкiн.
      2. Құзыретті органдар берген рұқсат бланкісінің түпнұсқасы немесе оның куәландырылған көшiрмесi бүкiл сапар бойы көлiк құралының жүргiзушiсiнде болуы және ол көлiктiк бақылау органы қызметкерлерiнiң бiрiншi талабы бойынша көрсетiлуi тиiс.
      3. Рұқсат берушi орган, бағытты бiрлесiп пайдалану үшiн, оның тұрақты жұмыс iстеуi кезiнде көлiк компанияларының санын ұлғайтуға құқығы бар.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады