Байланыс формасы

"Өрт қауiпсiздiгі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 желтоқсандағы N 511 Заңы

      "Өрт қауiпсiздiгi туралы" 1996 жылғы 22 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 18, 368-құжат; 1998 ж., N 23, 416-құжат; 1999 ж., N 20, 728-құжат; N 23, 931-құжат; 2000 ж., N 6, 142-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 14, 112-құжат) мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
      1) бүкiл мәтiн бойынша "мемлекеттiк комитеттер", "мемлекеттiк комитеттерге", "мемлекеттiк комитеттердiң", "мемлекеттiк комитеттердi" деген сөздер алып тасталсын;
      2) 5-бапта:
      үшiншi абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "өрт қауiпсiздiгi саласындағы салалық бағдарламаларды бекiтедi;";
      сегiзiншi абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "мiндеттi түрде өртке қарсы қызмет құрылатын ұйымдар мен объектiлер тiзбесiн белгiлейдi;";
      тоғызыншы абзац алып тасталсын;
      3) 6-баптың екiншi бөлiгі мынадай мазмұндағы үшiншi абзацпен толықтырылсын:
      "өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi салалық бағдарламаны әзiрлейдi;";
      4) 10-бапта:
      төртiншi бөлiктiң он екiншi абзацы алдынан мынадай сөздермен толықтырылсын:
      "Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен";
      тоғызыншы бөлiгiндегi "басқармаларының" деген сөз "бөлiмшелерiнiң" деген сөзбен ауыстырылсын;
      оныншы - он бесiншi бөлiктер алып тасталсын;
      5) мынадай мазмұндағы 10-1, 10-2, 10-3, 10-4, 10-5, 10-6, 10-7, 10-8, 10-9, 10-10 және 10-11-баптармен толықтырылсын:

      "10-1-бап. Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдары
                 қызметкерлерiнiң құқықтық жағдайы
      Белгiленген тәртiппен арнаулы атақтар, белгiленген үлгiдегi қызмет куәлiктерi мен жетондар берiлген, мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарында қызметте тұрған адамдар мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерi болып табылады.
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының арнаулы атақтар берiлген қызметкерлерiне қызмет өткеру, еңбегiне ақы төлеу, арнаулы атақтар беру, медициналық және санаторий-курорттық қызмет көрсету, зейнетақымен қамсыздандыру тәртiбi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарымен iшкi iстер органдарының қызметкерлерi үшiн белгiленген әлеуметтiк қорғау жағдайлары мен кепiлдiктер қолданылады.
      Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдары мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерiне осы Заңға және iшкi iстер органдарының қызметкерлерi үшiн белгiленген өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге қайшы келмейтiн деңгейде қолданылады.
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының жұмысшылары мен қызметкерлерiнiң еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет және еңбек туралы заңдарымен реттеледi.

      10-2-бап. Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдары
                қызметкерлерiнiң қызмет өткеруi
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарындағы қызметке жасы кемiнде он сегiздегi, кәсiби даярлығы, денсаулық жағдайы, дене дамуы және бiлiм деңгейi бойынша өздерiне жүктелген қызметтiк мiндеттердi орындауға қабiлеттi Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының өрт-техникалық оқу орындарында оқу үшiн орта бiлiмi бар, он сегiз жасқа толмаған адамдар қабылдануы мүмкiн. Бұл орайда аталған оқу орындарына түскен адамдармен өрт-техникалық оқу орнын бiтiрген соң мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында одан әрi қызмет өткерудiң талаптары мен мерзiмдерi көзделетiн келiсiм-шарттар жасалады.
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының өрт-техникалық оқу орнындағы оқу уақыты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мерзiмдi әскери қызмет мерзiмiне есептеледi.
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қатардағы және кiшi басшы құрам лауазымдарына отыз екi жастан аспаған, орта және аға басшы құрамға қырық жастан аспаған адамдар қабылданады. Ерекше жағдайларда аталған жас мөлшерi қажеттi бiлiмi, кәсiби даярлық деңгейi бар және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органы басшысының шешiмiмен өзгертiледi.
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдары өрт-техникалық оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларын қоса алғанда, мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қатардағы және басшы құрам лауазымдарына тағайындалған немесе кадрына есепке алынған әскери мiндеттiлер белгiленген тәртiппен әскери есептен шығарылады және мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарында арнайы есепте тұрады.
      Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органына қызметке алғаш алынған адамдар мiндеттi түрде мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының кәсiби даярлау мектептерiнде және оқу пункттерiнде арнайы бастапқы оқытудан өтедi. Көрсетiлген оқу орындарында алғашқы дайындықтан өтудiң тәртiбi мен шарттарын Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздігі жөнiндегi орталық атқарушы органының басшысы белгiлейдi.
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органына алғаш қабылданған адамдар үшiн үш айға дейiнгi сынақ мерзiмi белгiленедi. Сынақ нәтижесi қанағаттанғысыз болған жағдайда, мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерi сынақтан өтпеген адам ретiнде жұмыстан босатылуы мүмкiн. Нәтижесi оң болған жағдайда сынақ мерзiмi қызмет стажына есептеледi.
      Бұрын сотталған және ақтай алмайтын негiздер бойынша қылмыстық жауапкершiлiктен босатылған, сондай-ақ мемлекеттiк қызметтен, құқық қорғау органдарынан, соттардан және әдiлет органдарынан терiс себеппен жұмыстан босатылған адамдар мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарына қызметке қабылданбайды.
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарына қызметке тұрған азаматтар ант қабылдайды, оның мәтiнiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерiне партияларға, кәсiподақтарға мүше болуға, қандай да бip саяси партияларды қолдауға, ереуiлдер ұйымдастыруға және оларды өткiзуге қатысуға, өзге де ақылы қызметпен (оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа) айналысуға, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға, сондай-ақ коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiруге тыйым салынады.

      10-3-бап. Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарындағы
                қызметтiң шектi жасы

      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерiнiң қызметте болуының шектi жасы:
      1) қатардағы және кiшi басшы құрамдағы адамдар үшiн - қырық бес жас;
      2) орта, сондай-ақ арнаулы майор және подполковник атақтары бар аға басшы құрамдағы адамдар үшiн - қырық бес жас, арнаулы полковник атақтары бар адамдар үшiн - елу жас;
      3) жоғарғы басшы құрамдағы адамдар үшiн - елу бec жас болып белгiленедi.
      Қажет болған жағдайда, мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының жекелеген қызметкерлерiнiң қызмет мерзiмi Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органы басшысының шешiмiмен ұзартылуы мүмкiн.
      Қызметтiң ұзартылуы мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдары қызметкерiнiң осы Заңда көзделген негiздер бойынша қызметтен босатылу мүмкiндiгiн жоққа шығармайды.

      10-4-бап. Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарындағы
                қызметтi тоқтату негiздерi

      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарындағы қызметті тоқтату негіздерi:
      1) осы Заңда белгiленген тәртiппен қызметтен босату;
      2) Қазақстан Республикасы азаматтығын жоғалту;
      3) мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерiн Заңмен белгіленген тәртiппен хабар-ошарсыз кеткен немесе әрекетке қабiлетсiз деп тану;
      4) мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдары қызметкерiнiң қаза болуы;
      5) лауазымымен сыйыспайтын қызметпен айналысу;
      6) соттың айыптау үкiмiнiң заңды күшiне енуi немесе ақтай алмайтын негiздер бойынша қылмыстық iстiң тоқтатылуы болып табылады.
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерi:
      1) зейнетақыға құқық беретiн еңбек сiңiрген жылдары (қызмет мерзiмi) бойынша;
      2) қызметте болудың шектi жасына жетуi бойынша;
      3) денсаулық жағдайы бойынша - тиiстi комиссияның қызметке жарамсыз немесе шектеулi жарамды екендiгi туралы қорытындысының негiзiнде;
      4) штаттың қысқаруына байланысты;
      5) өз еркi бойынша;
      6) келiсiм-шарттың бұзылуына байланысты;
      7) аттестаттау тәртiбiмен қызметке сай келмейтiндiгі анықталуы бойынша;
      8) сынақ мерзiмi iшiнде қызметке жарамсыздығы анықталған жағдайда;
      9) беделiн түсiретiн қылық жасаған жағдайда;
      10) қызмет тәртiбiн үнемi бұзғаны үшiн жұмыстан шығарылады.

      10-5-бап. Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдары
                қызметкерлерiнiң арнаулы атақтары
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерiне мынадай арнаулы атақтар белгiленедi және берiледi:
      қатардағы құрам:
      iшкi қызметтiң қатардағы жауынгерi;
      кiшi басшы құрам:
      iшкi қызметтiң кiшi сержанты;
      iшкi қызметтiң сержанты;
      iшкi қызметтiң аға сержанты;
      iшкi қызметтің старшинасы;
      iшкi қызметтiң прапорщигi;
      iшкi қызметтiң аға прапорщигi;
      орта басшы құрам:
      iшкi қызметтiң кiшi лейтенанты;
      iшкi қызметтiң лейтенанты;
      iшкi қызметтiң аға лейтенанты;
      iшкi қызметтiң капитаны;
      аға басшы құрам:
      iшкi қызметтiң майоры;
      iшкi қызметтiң подполковнигi;
      iшкi қызметтiң полковнигi;
      жоғары басшы құрам:
      iшкi қызметтiң генерал-майоры.
      Жоғары басшы құрамның арнаулы атағын Қазақстан Республикасының Президентi бередi.
      Кiшi, орта және аға басшы құрамның арнаулы атақтарын беру (одан айыру) тәртiбi Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарында қызмет өткеру туралы ережемен анықталады.

      10-6-бап. Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдары
                қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу, зейнетақымен
                және өзгедей қамсыздандыру
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерiнiң ақшалай ризығы Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде белгiленедi және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерiн зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерi үлгiлерi мен тиесiлiлiк нормаларын Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн нысанды және арнаулы киiм-кешекпен тегiн қамтамасыз етiледi.

      10-7-бап. Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының
                қызметкерлерi мен зейнеткерлерiнiң тұрғын
                үйге құқықтары және оларды әлеуметтiк
                қорғаудың өзге де шаралары
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарында қызмет өткерiп жүрген қызметкерлер өздерi тұратын қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген үйiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жекешелендіpe алады.
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерi мен зейнеткерлерi, сондай-ақ мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қаза тапқан қызметкерiнiң отбасы басқа тұрғын үй берiлмей, қызметтiк тұрғын үйден немесе қызметтік тұрғын үйге теңестірілген үйден шығарылмауға тиiс.
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерiне тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған мөлшерде Қазақстан Республикасы Үкiметi айқындайтын тiзбе бойынша тұрғын үйдi ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ақшалай өтем төленедi.

      10-8-бап. Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдары
                қызметкерлерiнiң демалысы
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерiне ұзақтығы күнтiзбелiк отыз күн жыл сайынғы демалыс, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да демалыстар берiледi.
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерiне еңбек сiңiрген жылдарына қарай (күнтiзбелiк есептеумен) еңбек сiңiрген жылдары:
      он жылдан acca - ұзақтығы күнтiзбелiк бec күн;
      он бес жылдан асса - ұзақтығы күнтiзбелiк он күн;
      жиырма жылдан асса - ұзақтығы күнтiзбелiк он бес күн қосымша ақы төленетiн демалыс берiледi.

      10-9-бап. Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдары
                қызметкерлерiнiң қаза тапқан (қайтыс болған)
                немесе мертiккен жағдайдағы кепiлдiктерi
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерi қызметтiк мiндеттерiн немесе қызметтiк борышын орындау кезеңiнде мертiккен жағдайда - оған, ал ол қаза болған (қайтыс болған) жағдайда өтем алуға құқығы бар адамдарға Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен бiржолғы өтем төленедi.
      Бiржолғы өтемдi төлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерi қызметтiк мiндеттерiн немесе қызметтiк борышын атқару кезiнде не алған жарақат салдарынан қызметтен босатылғаннан кейiнгi бiр жыл iшiнде қаза болған (қайтыс болған) жағдайда асырауындағы адамдар мен мұрагерлерiне оның соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтем төленедi.
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерiне қызметтiк мiндеттерiн немесе қызметтiк борышын атқару кезiнде алған жарақаты, жаралануы, (контузия алуы), мертiгуi, науқастануы салдарынан болған мүгедектiк белгiленген жағдайда оларға:
      1) I топтағы мүгедекке - отыз айлық ақшалай қаражат;
      2) II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық ақшалай қаражат;
      3) III топтағы мүгедекке - алты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiр жолғы өтем төленеді.
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерi қызметтiк мiндеттерiн немесе қызметтiк борышын атқару кезiнде мүгедектiкке соқтырмайтын ауыр мертiккен (жарақаттанған, жараланған, контузия алған) жағдайда оларға бiржарым айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде; жеңiл мертiккен жағдайда - жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтем төленедi.
      Егер мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдары қызметкерiнiң қаза болуы (қайтыс болуы), жарақаттануы, жаралануы, контузия алуы (мертiгуi), науқастануы қызметтiк мiндеттерiн немесе қызметтiк борышын атқарумен байланысты емес мән-жайлардан болғандығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бiржолғы өтем төленбейдi.

      10-10-бап. Мемлекеттiк өртке қарсы қызметтi қаржыландыру
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызметтiң аумақтық бөлiмшелерiн қаржыландыру - жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен, өрт-техникалық оқу орындарын қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      10-11-бап. Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдары
                 қызметкерлерiнiң жауапкершiлiгi және олардың
                 iс-әрекетiне шағымдану құқығы
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерi өздерiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерінің іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.".

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады