Байланыс формасы

Халықаралық төрелiк туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 28 желтоқсандағы N 23 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 8 сәуірдегі № 488-V Заңымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР 08.04.2016 № 488-V Заңымен (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Заңның тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 N 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық төрелiктiң қызметi процесiнде туындайтын қатынастарды, сондай-ақ халықаралық төрелiк шешiмдерiн Қазақстанда тану және орындау тәртiбi мен шарттарын реттейдi.
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Қолданылу аясы

      Осы Заң, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған, халықаралық төрелiк шешетiн дауларға қатысты қолданылады.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) Қазақстан Республикасының жария тәртiбi – Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде бекiтiлген мемлекеттiк және қоғамдық құрылыстың негiздерi;
      2) құзыреттi сот – азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар туралы iстердi Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасына сәйкес бiрiншi сатыда қарауға уәкiлеттiк берілген Қазақстан Республикасы сот жүйесiнiң соты;
      3) төрелiк – нақты дауды қарау үшiн арнайы құрылған халықаралық төрелiк немесе тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiк не дауды жеке-дара қарайтын төрешi;
      4) төрелiк келiсiм – тараптардың азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған немесе туындауы мүмкiн дауды төрелiктiң қарауына беру туралы жазбаша келiсiмi, бұл шартта төрелiк ескертпе түрiнде немесе субъектiлерді және олардың ерiк бiлдiруiнiң мазмұнын айқындайтын хаттар, жеделхаттар, телефонограммалар, телетайпограммалар, факстар, электрондық құжаттар немесе өзге де құжаттар алмасу арқылы жасалуы мүмкiн;
      5) төрелiкте талқылау – төрелiк шешiм шығарумен дауды төрелiкте қарау процесi;
      6) төрелікте талқылау тараптары – араларында төрелік келісім жасасылған қуынушы мен жауапкер;
      7) төрелiктiң регламентi – тұрақты жұмыс iстейтiн халықаралық төрелiк қызметiн ұйымдастыру тәртiбi;
      8) төрелiк шешiм – төрелiк шығарған шешiм;
      9) төрешi – дауды төрелiкте шешу үшiн осы Заңға сәйкес тараптар сайлаған немесе тараптармен келiсiлген тәртiппен тағайындалған жеке тұлға;
      10) iскерлiк айналымының әдет-ғұрыптары – қандай да бiр құжатта тiркелгенiне-тіркелмегеніне қарамастан, қолданылатын құқыққа қайшы келмейтiн, азаматтық-құқықтық шарттар саласында қалыптасқан және кеңiнен қолданылатын мiнез-құлық қағидалары.
      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық төрелiк
              туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының халықаралық төрелiк туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4-бап. Төрелiк iс қарау принциптерi

      Төрелiк iс қарау:
      1) туындаған даулар бойынша төрелiк iс қарауды жүзеге асыру тәртiбi мен шарттары мәселелерiн тараптар өзара алдын ала келiсу бойынша дербес шешуге құқығы бар екендiгiн бiлдiретiн тараптар еркiнiң дербестiгi;
      2) төрешiлер мен төрелiктер өз шешiмдерiнде тек тараптардың келiсiмi бойынша қолданылатын құқық нормаларын ғана басшылыққа алатынын бiлдiретiн заңдылық;
      3) тараптардың төрелiк iс қарауда бiрдей құқық көлемiн пайдаланатынын және бiрдей мiндеттер көлемiн мойнына алатынын, өз ұстанымын, оны қорғау тәсiлдерi мен құралдарын төрелiктен және басқа да органдар мен тұлғалардан дербес және тәуелсiз таңдауын бiлдiретiн тараптардың жарыспалылығы және тең құқылылығы;
      4) төрешiлер мен төрелiктер өздерiне берiлген дауларды шешу кезiнде және төрелiк iс қараудың тараптары белгiленген талаптарды, қоғамның имандылық принциптерiн және iскерлiк әдеп ережелерiн сақтай отырып, адал әрекет етуге тиiс екенiн бiлдiретiн әдiлеттiлiк;
      5) заңда азаматтың тиiстi органға ақпарат хабарлау мiндетi тiкелей көзделгеннен басқа жағдайларда, төрешiлердiң төрелiк iс қарау барысында белгiлi болған мәлiметтердi тараптардың немесе олардың құқық мирасқорларының келiсiмiнсiз жария етуге құқығы жоқ екендiгiн және төрелiк iс қарау барысында өздерiне белгiлi болған мәлiметтер туралы куәлер ретiнде жауап алынбайтындығын бiлдiретiн құпиялылық принциптерi сақтала отырып жүзеге асырылады.

      4-1-бап. Қарсылық бiлдiру құқығынан бас тарту

      Осы Заңның қандай да бiр ережесi немесе төрелік келiсiмнiң қандай да бiр талабы сақталмағаны туралы бiлетiн, сөйте тұра осындай сақталмауға төреліктiң тұрақты жұмыс iстейтiн регламентiнде осы мақсат үшiн белгiленген мерзiм iшiнде қарсылықтарын мәлімдеместен төрелік iс қарауға қатысуды жалғастыра беретiн тарап өзiнiң қарсылық бiлдiру құқығынан бас тартқан болып есептеледi.
      Ескерту. Заң 4-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.02.05 249-IV Заңымен.

      5-бап. Төрелiктiң қызметiне араласуға жол берiлмеушiлiк

      Төрешiлер мен төрелiктер өздерiне берiлген дауларды шешу кезiнде тәуелсiз болады, осы Заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда, өздерiнiң қызметiне мемлекеттiк органдардың және өзге де ұйымдардың қандай да бiр араласуын болғызбайтын жағдайларда шешiм қабылдайды.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.02.05 249-IV Заңымен.

      6-бап. Дауды төреліктiң шешуiне беру

      1. Тараптар арасында жасалған төрелік келiсiм болған кезде дау төреліктiң қарауына берiлуi мүмкін.
      2. Тараптар төрелiк келiсiмдi қандай да бiр нақты азаматтық-құқықтық қатынас бойынша тараптар арасында туындаған немесе туындауы мүмкiн дауларға қатысты жасасуы мүмкiн.
      3. Құзыреттi соттың қарауында жатқан дауға қатысты төрелік келiсiм аталған сот дау бойынша шешiм қабылдағанға дейiн жасалуы мүмкін. Бұл жағдайда құзыреттi сот өтiнiштi қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
      4. Егер тараптардың ең болмағанда біреуі Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылса, азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын, жеке және (немесе) заңды тұлғалар арасындағы даулар, сондай-ақ «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда концессия шартын орындаумен және тоқтатумен байланысты даулар тараптардың келісімі бойынша төрелікке берілуі мүмкін.
      5. Егер тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, онда дауды тұрақты жұмыс iстейтiн төрелікке беру кезiнде тұрақты жұмыс iстейтiн төреліктiң регламентi төрелік келiсiмнiң ажырамас бөлiгi ретiнде қарастырылады.
      6. Төрелiк келiсiмнiң қолданылуы ол қандай тәртiппен жасалса, сондай тәртiппен тараптардың келiсiмi бойынша тоқтатылуы мүмкін.
      7. Кәмелетке толмаған адамдардың, заңда белгiленген тәртiппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдардың мүдделерi қозғалатын даулар төреліктiң қарауына жатпайды.
      8. Төрелік мүліктік қатынастарға байланысты емес, адамның өмiрі мен денсаулығына, жеке өмiріне қол сұғылмаушылыққа, жеке және отбасы құпиясына, атын алу құқығына байланысты жеке мүлiктiк емес қатынастардан туындайтын дауларды қарауға құқылы емес.
      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.02.05 249-IV Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2013 125-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2014 N 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      6-1-бап. Төрелiк келiсiм және құзыреттi сотқа даудың
                мәнi бойынша талап қою

      1. Төрелiк iс қарау нысанасы бойынша талап қою берiлген құзыреттi сот, егер төрелік келiсiм жарамсыз, күшiн жойған немесе орындалуы мүмкін емес деп таппаса, егер тараптардың кез келгенi бұл туралы өтiнсе, даудың мәнi бойынша өзiнiң алғашқы өтiнiшiн ұсынудан кешiктiрмей тараптарды төрелікке жiберуге тиiс.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген талап қоюға қарамастан құзыреттi сот төрелік iс қараудың нысанасы өзiнде сотта қаралуға жататындығы туралы мәселенi қарастырғанша төрелік iс қараудың басталуы немесе жалғастырылуы және төрелік шешiмнiң шығарылуы мүмкін.
      Ескерту. Заң 6-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.02.05 249-IV Заңымен.

  2-тарау. ТӨРЕЛIКТIҢ ҚҰРАМЫ

      7-бап. Төрешiлер

      1. Iстiң нәтижесiне тiкелей немесе жанама түрде мүдделi емес, тараптардан тәуелсiз болып табылатын және төрешiнiң мiндеттерiн атқаруға келiсiм берген, жасы жиырма беске толған және жоғары бiлiмi бар жеке адам төрешi болып сайланады (тағайындалады).
      2. Дауды жеке-дара шешетiн төрешiнiң жоғары заң бiлiмi және заңгерлiк мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы болуға тиiс. Дау алқалы түрде шешiлетiн жағдайда төрелiк төрағасының жоғары заң бiлiмi болуға тиiс.
      3. Төрешiлiкке кандидаттарға қойылатын қосымша талаптар тараптармен тiкелей келiсiлуi немесе тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік регламентiнде айқындалуы мүмкін.
      4. Мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен құзыреттi сот судьясы сайлаған немесе тағайындаған;
      2) Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен құзыреттi сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған;
      3) соттылығы алынбаған немесе өтелмеген;
      4) мемлекеттiк қызметшi, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты, өз қызметiн тұрақты немесе мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен ақысы төленетiн, жұмыстан босатылған негiзде жүзеге асыратын мәслихат депутаты және әскери қызметшi болып табылатын адам төрешi бола алмайды.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.02.05 249-IV Заңымен.

      8-бап. Төрешiлердiң дауды қарау кезiндегi саны

      1. Тараптар төрешiлер санын белгiлеуге құқылы, олардың саны тақ болуға тиiс.
      2. Егер тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, онда дауды төрелiкте шешу үшiн үш төрешi сайланады (тағайындалады).

      9-бап. Төрелiктiң құрамы

      1. Төрелiктiң құрамын құру тараптардың келiсiмi бойынша төрешiлердi (төрешiнi) сайлау (тағайындау) арқылы жүргiзiледi.
      2. Тұрағты жұмыс iстейтiн төрелікте төреліктiң құрамын құру тұрақты жұмыс iстейтiн төреліктiң регламентiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
      3. Төрелiкте нақты дауды шешу үшiн төреліктiң құрамын құру тараптармен келiсiлген тәртiппен жүргiзiледi.
      4. Тараптардың келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдiк не азаматтығы жоқ адам төрешi болып сайлануы мүмкін.
      5. Егер тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса немесе дауды тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік қарамайтын болса, үш төрешiден тұратын төреліктiң құрамын құру кезiнде әрбiр тарап бiр төрешiнi тағайындайды және осылайша тағайындалған екi төрешi үшiншi төрешiнi тағайындайды.
      6. Тараптардың келiсiмi болмаған жағдайда құзыреттi сот:
      1) тарап басқа тараптан бұл туралы өтiнiштi алған кезден бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде төрешiнi тағайындамаған;
      2) егер екi төрешi өздерiн тағайындаған кезден бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде үшiншi төрешiнi таңдау туралы уағдаласпаған;
      3) тараптар дауды жеке-дара қарайтын төрешiнi таңдау туралы уағдаласпаған жағдайларда, дау тараптарының бiрiнiң өтiнiшi бойынша төрешiлердi (төрешiнi) тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік құрамындағы адамдардың қатарынан күнтiзбелiк отыз күн iшiнде тағайындауы мүмкін.
      7. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік дауды қараған кезде, егер тараптар төреліктiң құрамы туралы уағдаласпаса, төрешiлердi (төрешiнi) тұрақты жұмыс iстейтiн төреліктiң төрағасы күнтiзбелiк отыз күн iшiнде тағайындауы мүмкін.
      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.02.05 249-IV Заңымен.

      9-1-бап. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік қызметiнiң
                шарттары

      Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік өзінің төрешiлерiнiң тізілімін жүргізеді. Заңды мекенжайын және регламентін қоса алғанда, тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік туралы ақпарат, сондай-ақ төрешілердің тізілімі жеке және заңды тұлғалардың еркін танысуы үшін бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде интернет-ресурстарда да орналастырылады. Төреліктің шешімдері туралы ақпарат дау тараптарының келісімі болған кезде орналастырылады.
      Төрешілердің тізілімі төрешінің тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде), жұмыс орны, лауазымы мен жұмыс кезеңі көрсетіле отырып, жұмыс тәжірибесін, ғылыми дәрежесі мен ғылыми атағын (болған кезде), қараған істерінің санын қамтуға тиіс.
      Ескерту. Заң 9-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.02.05 249-IV Заңымен; жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      10-бап. Төрешiден бас тарту

      1. Төрешi осы Заңның 7-бабының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, тараптар төрешiден бас тарту туралы мәлiмдеуi мүмкiн.
      2. Қандай да бiр жеке адамға оның төрешi етiп сайлану (тағайындалу) мүмкiндiгiне байланысты жүгiнген жағдайда аталған адам осы Заңның 7-бабына сәйкес одан бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлардың бар екендiгі туралы хабарлауға тиiс. Егер аталған мән-жайлар төрелiк iс қарау кезiнде туындаған жағдайда, төрешi бұл туралы тараптарға кiдiрiссiз хабарлауға және өздiгiнен бас тартатыны туралы мәлiмдеуге тиiс.
      3. Тарап, егер бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлар оған осы төрешiнi өзi сайлағаннан кейiн белгiлi болған жағдайда, ол осы бапқа сәйкес өзi сайлаған төрешiден бас тарту туралы мәлiмдеуi мүмкiн.
      4. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiкте төрешiден бас тарту рәсiмi оның регламентiнде айқындалуы мүмкiн.
      5. Төрелiкте нақты дауды шешу үшiн төрешiден бас тарту рәсiмiн тараптар келiсуi мүмкiн.
      6. Егер төрешiден бас тарту рәсiмi тараптармен келiсiлмесе немесе тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiктiң регламентiнде айқындалмаса, онда тарап төрешiден бас тарту туралы жазбаша дәлелдi өтiнiштi төрешiден бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлар өзiне белгiлi болғаннан кейiн күнтiзбелiк отыз күн iшiнде төрелiкке беруге тиiс.
      Егер өзiнен бас тарту мәлiмделген төрешi оны қанағаттандырудан бас тартса немесе тараптардың бiрi төрешiден бас тартумен келiспесе, онда төрелiктiң құрамына кiретiн төрешiлер тараптардың жазбаша дәлелдi өтiнiшi алынған кезден бастап он күн мерзiмде бас тарту туралы мәселенi шешедi.
      Дауды жеке-дара қарайтын төрешiнiң бас тартуы туралы мәселенi сол төрешi шешедi.
      Егер дауды жеке-дара қарайтын төрешi тараптардың бiрiнiң немесе екеуiнiң де бас тарту туралы өтiнiшiн қанағаттандырудан бас тартса немесе тараптардың бiрi төрешiден бас тартумен келiспесе, онда тараптар бас тарту туралы мәселенi төрелiк iс қарауды тоқтату туралы келiсiм қабылдау арқылы шешедi.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.02.05 249-IV Заңымен.

      11-бап. Төрешiнiң өкiлеттiктерiн тоқтату

      1. Төрешiнiң өкiлеттiктерi осы Заңда көзделген негiздер бойынша тараптардың келiсiмiмен, сондай-ақ дауды қарау бойынша белгiленген мерзiм iшiнде өз өкiлеттiктерiн орындамаған немесе сырқаттануы бойынша, қайтыс болуына, не дауды қарау жөнiндегi өз өкiлеттiктерiнен бас тартуына байланысты өз мiндеттерiн жүзеге асыруға қабiлетi болмаған жағдайда тоқтатылуы мүмкін.
      2. Төрелiктiң немесе дауды жеке-дара қарайтын төрешiнiң өкiлеттiктерi тоқтатылған жағдайда, қаралып жатқан дау бойынша iс жүргiзу басқа төрелiк сайланғанға (тағайындалғанға) дейiн тоқтатыла тұрады.
      3. Төрешiнiң өкiлеттiктерi нақты iс бойынша шешiм қабылдағаннан кейiн тоқтатылады немесе егер тараптар осындай тоқтатуға қатысты уағдаласса тоқтатылады. Осы Заңның 30-бабында көзделген жағдайларда төрешiнiң өкiлеттiктерi қайта басталады, ал содан соң, аталған бапта көзделген iс жүргiзу әрекеттерi жасалғаннан кейiн тоқтатылады.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.02.05 249-IV Заңымен.

      12-бап. Төрешiнi ауыстыру

      Төрешiнiң өкiлеттiктepi тоқтатылған жағдайда, басқа төрешi ауыстырылатын төрешi сайланған (тағайындалған) кезде қолданылған ережелерге сәйкес сайланады (тағайындалады).
      Ауыстыру тәртiбiмен сайланған (тағайындалған) төрешi iс бойынша қайтадан тыңдау тағайындауға құқылы.

  3-тарау. ТӨРЕЛІКТЕ ДАУДЫ ШЕШУГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ШЫҒЫСТАР

      13-бап. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстар

      1. Дауды төрелiкте шешуге байланысты шығыстарға:
      төрешiлердiң гонорары;
      төрешiлердiң төрелiкте iс қарауға қатысуына байланысты шеккен шығыстары, соның iшiнде дау қаралатын жерге жол жүру, онда тұру және тамақтану ақысының шығыстары;
      сарапшыларға және аудармашыларға төленуге тиiстi сомалар;
      төрешiлердiң жазбаша және заттай айғақтарды олардың тұрған жерiнде қарап көруге және зерттеуге байланысты шеккен шығыстары;
      куәлар шеккен шығыстар;
      төрелiк шешiмi өз пайдасына шығарылған тараптың өкiл көрсеткен қызметтерiнiң ақысын төлеуге жұмсалған шығыстары;
      төрелiкте iс қарауды ұйымдастыруға және материалдық қамтамасыз етуге жұмсалған шығыстары кiредi.
      2. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiкте төрешiлер гонорарының мөлшерiн тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiктiң регламентiнде көзделген төрешiлер гонорарының шәкiлiне сәйкес төрелiктiң құрамы айқындайды.
      Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiктiң регламентiнде төрешiлер гонорарының белгiленген мөлшерiне нұсқау болмаған кезде, төрелiк төрешi гонорарының мөлшерiн дау бойынша iс қараудың әрбiр нақты жағдайында, қойылған талаптың бағасын, даудың күрделiлігін, төрешiлердiң төрелiк iс қарауға кеткен уақытын және iске қатысты кез келген басқа да мән-жайларды ескере отырып айқындауы мүмкiн.
      3. Төрелiкте нақты дауды шешу үшiн төрешiлер гонорарының мөлшерi тараптардың келiсiмi бойынша белгiленедi, ал келiсiм болмаған жағдайда тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiк үшiн көзделген тәртiппен нақты дауды шешуге арналған төрелiк белгiлейдi.

      14-бап. Төрелiкте дауды шешуге байланысты
               шығыстарды бөлу

      1. Тараптар арасында төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлудi төрелiк тараптардың келiсiмiне сәйкес, ал келiсiм болмаған жағдайда қанағаттандырылған және қабылданбаған талаптарға бара-бар жүргiзедi.
      2. Егер келтiрiлген шығыстарды өндiру туралы талап төрелiкте iс қарау барысында мәлiмделiп, оны төрелiк қанағаттандырған болса, төрелiктiң шешiмi өз пайдасына шешiлген тараптың өкiл көрсеткен қызметтердiң ақысын төлеуге жұмсаған шығыстары, сондай-ақ төрелiкте iс қарауға байланысты өзге де шығыстары төрелiктiң шешiмi бойынша басқа тарапқа қатысты болуы мүмкiн.
      3. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу төрелiктiң шешiмiнде немесе ұйғарымында көрсетiледi.

4-тарау. ТӨРЕЛIКТIҢ ҚҰЗЫРЕТI

      15-бап. Төрелiктiң өз құзыретi туралы қаулы
               шығаруға құқығы

      1. Төрелiк өзiне шешуге берiлген дауды қарауға өкiлеттiктepi (юрисдикциясы) бар немесе жоқ екендiгi туралы мәселенi, оның iшiнде тараптардың бiрi төрелiк келiсiм жарамсыз деген себеппен төрелiк iс қарауға қарсылық бiлдiрген жағдайда дербес шешедi.
      2. Тараптар даудың мәнi бойынша алғашқы өтiнiш берiлгенге дейiн төрелiктiң өзiне шешуге берiлген дауды қарауға төрелiк соттың өкiлеттiктерi жоқ екенi туралы мәлiмдеуге құқылы.
      3. Егер төрелiк iс қарау барысында қаралуы төрелiк келiсiмде көзделмеген мәселе төрелiкте iс қараудың нысанасына айналса, не ол осы iс қарауда қолданылатын құқық нормаларына немесе төрелiк iс қарау ережелерiне сәйкес төрелiкте iс қараудың нысанасы болуы мүмкiн емес болса, тарап төрелiктiң өз өкiлеттiктерiн асыра пайдаланғаны туралы мәлiмдеуге құқылы.
      4. Төрелiк осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес жасалған өтiнiштi он күн мерзiмде қарауға мiндеттi. Өтiнiштi қарау нәтижелерi бойынша ұйғарым шығарылады.
      5. Егер төрелiк өзiнiң құзыретi туралы мәселенi қарау кезiнде төрелiктiң дауды қарауға өкiлеттiктерi жоқтығы туралы ұйғарым шығарса, онда төрелiк дауды мәнi бойынша қарай алмайды.

      15-1-бап. Төрелiктiң талап қоюды қамтамасыз ету жөнiнде
                 шаралар қабылдау туралы өкiм ету өкiлеттiгi

      1. Егер тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, онда төрелік кез келген тараптың өтiнiшi бойынша қандай да бiр тараптың өзi қажет деп есептеген даудың нысанасына қатысты талап қоюды қамтамасыз ету жөнiнде осындай шаралар қабылдауы туралы өкiм ете алады, бұл туралы ұйғарым шығарады.
      2. Төрелiкте қаралатын талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтiнiштi тарап төрелік iс қарау жүзеге асырылатын жер бойынша немесе оған қатысты талап қоюды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдануы мүмкін мүлiктiң орналасқан жерi бойынша құзыреттi сотқа бередi.
      Ескерту. Заң 15-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.02.05 249-IV Заңымен.

5-тарау. Төрелiк iс қарауды жүргізу

      Ескерту. 5-тарау жаңа редакцияда - ҚР 2010.02.05 249-IV Заңымен.

      16-бап. Төрелiк iс қарау ережелерiн айқындау

      1. Төрелiк iс қарауды тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік өзiнiң регламентiне сәйкес жүзеге асырады.
      2. Төрелiк нақты дауды шешу үшiн төрелік iс қарауды тараптармен келiсiлген ережелерге сәйкес жүзеге асырады.
      Тұрақты жұмыс iстейтiн төреліктiң регламентiнде, сондай-ақ осы Заңның ережелерiнде айқындалмаған және тараптармен келiсiлмеген төрелік iс қараудың қағидаларын төрелік айқындайды.

      17-бап. Төрелiк орны

      Тараптар, дау тұрақты жұмыс iстейтiн төреліктiң қарауына берiлетiн жағдайды қоспағанда, төреліктiң орнын өз қалаулары бойынша айқындауы мүмкін. Мұндай уағдаластық болмағанда, төреліктiң орнын, тараптар үшiн қолайлылық факторын қоса алғанда, iстiң мән-жайын ескере отырып, төрелік айқындайды.

      18-бап. Талап арыз және талап арызға пiкiр

      1. Талапкер өзiнiң талаптарын талап арызда баяндайды, ол төрелікке жазбаша нысанда берiледi. Талап арыздың көшiрмесi жауапкерге берiледi.
      2. Талап арызда:
      1) талап арыздың берiлген күнi;
      2) тараптардың атауы, олардың почталық мекенжайы және банк деректемелерi;
      3) төрелікке жүгiну негiздемесi;
      4) талапкердiң талаптары;
      5) талапкер өзiнiң талаптарын негiздеген мән-жайлар;
      6) талап арыздың негiздерiн растайтын дәлелдемелер;
      7) егер талап қою бағалануға жатса, талап қоюдың бағасы;
      8) талап арызға қоса берiлетiн құжаттар мен өзге де материалдардың тiзбесi көрсетiлуге тиiс.
      Талап арызға талапкер немесе сенiмхаттың немесе өкiлдiң өкiлеттiгiн куәландыратын өзге құжаттың түпнұсқасы қоса берiле отырып, оның өкiлi қол қоюға тиiс.
      3. Төрелiктiң регламентiнде талап арыздың мазмұнына қосымша талаптар көзделуi мүмкін.
      4. Жауапкер талапкерге және төрелікке онда өзiнiң талап қоюға қарсылықтарын баяндай отырып, талап арызға пiкiр ұсынуға құқылы. Талап арызға пiкiр төреліктiң регламентiнде көзделген тәртiппен және мерзiмдерде талапкерге және төрелікке берiледi.
      Егер төреліктiң регламентiнде талап арызға пiкiр беру мерзiмi айқындалмаса, онда көрсетiлген пiкiр, егер осы Заңда өзгеше белгiленбесе, төреліктiң бiрiншi отырысына кемiнде күнтiзбелiк он күн қалғанда ұсынылады.
      5. Тарап төрелік iс қарау барысында өзiнiң талап арыздарын немесе талап қоюға қарсылықтарын өзгертуге немесе толықтыруға құқылы.

      19-бап. Төрелiк iс қарауды қозғау

      1. Төрелiк талап арызды қабылдап, төрелік регламентiне немесе тараптар келiскен ережелерге сәйкес төрелік ic қарауды қозғау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға оның қаралатын орны туралы хабарлайды, жауапкерге талап арызға жазбаша пiкiр табыс етудi ұсынады.
      2. Жауапкердiң қарсылықтарын табыс етпеуi дауды қарауға кедергi бола алмайды.

      20-бап. Төрелiк iс қараудың басталуы

      1. Егер тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, төрешi тараптарға төрелік отырысының уақыты мен орны туралы алдын ала және тиiстi түрде хабарлама тапсыруға мiндеттi.
      2. Егер тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, онда тараптардың бiрi төрелікке ұсынатын барлық құжаттардың, материалдардың көшiрмелерi мен ақпаратты төрелік олар төрелікке келiп түскен күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде екiншi тарапқа беруге тиiс. Төрелiк сараптамалық қорытындыларды тараптарға төрелік iс қарау басталғанға дейiн беруге тиiс.

      21-бап. Талап арызды қайтару

      1. Төрелiк, егер:
      1) тараптар арасында төрелік келiсiм болмаса;
      2) талап қою төрелік келiсiмде көзделмеген төрелікке берiлсе;
      3) талап қоюдың нысанасы төрелік келiсiмнiң шеңберiнен тыс болса;
      4) талап арызға қол қоюға өкiлеттiктерi жоқ адам қол қойса;
      5) талапкер талап арызды қайтарып алу туралы өтiнiш берсе;
      6) осы немесе басқа төреліктiң iс жүргізуiнде сол тараптар арасындағы сол нысана туралы және сол негiздер бойынша дау жөнiнде iс бар болса, талап арызды қайтарады.
      2. Талап арыз қайтарылған кезде төрелік дәлелдi ұйғарым шығарады.
      3. Арыздың қайтарылуы талапкердiң сол жауапкерге сол нысана туралы және сол негiздер бойынша талап қойып төрелікке қайтадан жүгiнуiне кедергi келтiрмейдi.

      22-бап. Төрелiк iс қарау тiлi

      1. Тараптар төрелік iс қарау барысында пайданылатын тiл немесе тiлдер туралы өз қалаулары бойынша уағдаласуы мүмкін. Мұндай уағдаластық болмағанда төрелік iс қарау кезiнде пайдалануға тиiстi қазақ тiлiн, онымен тең орыс тiлiн немесе өзге де тiлдердi айқындайды.
      Төрелiк iс қарау жүргiзiлiп отырған тiлдi меңгермеген iске қатысушы адамдарға аудармашы арқылы iс материалдарымен танысу, төрелік iс қарауға қатысу құқығы, төрелікте ана тiлiнде сөйлеу құқығы  қамтамасыз етiледi.
      2. Құжаттар мен өзге де материалдарды төрелік iс қарау тiлiнде (тiлдерiнде) ұсынбаған тарап олардың аудармасын қамтамасыз етедi, бұл ретте төреліктiң регламентiнде не тараптардың келiсiмiнде қосымша талаптар айқындалуы мүмкін.
      3. Төрелiк тараптардан құжаттар мен өзге де материалдардың төрелік iс қарау тiлiндегi (тiлдерiндегi) аудармасын талап етуi мүмкін.

      23-бап. Құжаттардың табыс етiлмеуi немесе тараптардың
               келмей қалуы

      1. Құжаттар мен өзге де материалдарды табыс етпеу, оның iшiнде төрелік отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабардар етiлген тараптардың бiрiнiң немесе олардың өкiлдерiнiң төрелік отырысына келмей қалуы, егер құжаттар мен өзге де материалдарды табыс етпеу себептерiн немесе тараптардың төрелік отырысына келмей қалуын ол дәлелсiз деп таныса, ұсынылып отырған материалдар мен дәлелдемелер негiзiнде төрелік iс қарау және төреліктiң шешiм қабылдауы үшiн кедергi болып табылмайды.
      2. Жауапкердiң талап қоюға қарсылықтарын табыс етпеуiн талапкердiң талаптарын тану ретiнде қарастыруға болмайды.

      24-бап. Тараптардың жазбаша хабарламалар алуы

      Егер тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса:
      1) егер кез келген жазбаша хабарлама адресаттың тұрақты тұрғылықты жерi бойынша немесе пошталық мекенжайы бойынша оның өз қолына жеткiзiлсе, ол алынды деп есептеледi; мұндайларды ақылға қонымды анықтама жүргізу арқылы анықтау мүмкін болмаса, егер ол соңғы белгiлi тұратын жерiне тапсырыс хатпен немесе осы хабарламаны жеткiзу әрекетiн тiркеудi көздейтiн өзге де түрде жiберiлсе, жазбаша хабарлама алынды деп есептеледi;
      2) жазбаша хабарлама осындай жеткiзiлген күнi алынды деп есептеледi.

      25-бап. Тараптардың құқықтары

      Төрелiк iс қарауға қатысушы тараптардың:
      1) iс материалдарымен танысуға және осы материалдардан көшiрмелер алуға;
      2) дәлелдемелердi табыс етуге;
      3) өтiнiш бiлдiруге, төрешiлерден бас тартуға;
      4) процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға, ауызша және жазбаша түсiнiктемелер беруге;
      5) процесс барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерiн табыс етуге;
      6) басқа тараптың өтiнiштерiне және дәлелдерiне қарсылық бiлдiруге;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құзыреттi сот алдында төреліктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы өтiнiш беруге;
      8) осы Заңда белгiленген жағдайларда төреліктiң шешiмiне шағымдануға құқығы бар.

      25-1-бап. Тараптардың төрелік отырысына қатысуы

      1. Әрбiр тарапқа өз ұстанымын баяндау және өзiнiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн тең мүмкіндiктер берiлуге тиiс.
      2. Егер тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, онда төрелік iс  қарау тараптардың немесе олардың өкiлдерiнiң қатысуымен төреліктiң жабық отырысында жүзеге асырылады.
      Тараптар өкiлдерiнiң өкiлеттiктерi Қазақстан Республикасының  азаматтық iс жүргізу заңнамасында көзделген талаптар сақтала отырып ресiмделуге тиiс.

      25-2-бап. Дәлелдемелердi табыс ету және зерттеу

      Әрбiр тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негiздемесi ретiнде сiлтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиiс. Егер табыс етiлген дәлелдемелер жеткiлiксiз деп тапса, төрешi тараптарға қосымша дәлелдемелер табыс етудi ұсынуға құқылы.
      Төрешi iс бойынша қолда бар барлық дәлелдемелердi тiкелей зерттеуге мiндеттi.

      25-3-бап. Төрелiк тағайындаған сарапшы

      1. Егер төрелік iс қарауға қатысушы тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, төрелік:
      1) төрелік айқындайтын нақты мәселелер бойынша өзiне қорытындылар беруi үшiн бiр немесе бiрнеше сарапшы тағайындауы;
      2) тараптан iске қатысты кез келген ақпаратты сарапшыға табыс етуiн не оған iске қатысты құжаттардың, тауарлардың немесе басқа да мүлiктiң тексерiп қарау үшiн ұсынылуын немесе тексерiп қарауға мүмкіндiк берiлуiн талап eтуi мүмкін.
      2. Тараптардың өзге жөнiнде уағдаластығы болмаған кезде, егер тарап бұл туралы өтiнсе немесе төрелік оны қажет деп есептесе, сарапшы өзiнiң жазбаша немесе ауызша қорытындысын табыс еткеннен кейiн тыңдауға қатысуға тиiс, онда тараптарға оған сұрақтар қою және даулы мәселелер бойынша айғақтар беру үшiн мамандар ұсыну мүмкіндiгi берiледi.

      25-4-бап. Құзыреттi соттың қамтамасыз ету шараларын
                 ұсынудағы және дәлелдемелер алудағы жәрдемi

      1. Тараптар төрелік iс қарау кезiнде талап қоюды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдану туралы өтiнiшпен құзыреттi сотқа жүгiнуге құқылы. Құзыреттi соттың талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым қабылдауы төрелік келiсiммен сыйыспаушылық болып табылмайды.
      2. Төрелiкте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтiнiштi тарап құзыреттi сотқа төрелік iс қарау жүзеге асырылатын орын немесе оған қатысты қамтамасыз ету шаралары қолданылуы мүмкін мүлiктiң тұрған жерi бойынша бередi.
      3. Құзыреттi соттың төрелікте қаралатын талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтiнiштi қарауы және оның талап қоюды қамтамасыз ету туралы немесе оны қамтамасыз етуден бас тарту туралы ұйғарым шығаруы Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргізу заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      4. Төрелiкте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымның күшiн тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша осы ұйғарымды шығарған құзыреттi сот жоюы мүмкін.
      5. Төрелiк немесе төреліктiң келiсiмiмен тарап дәлелдемелер алуға жәрдемдесу туралы құзыреттi сотқа өтiнiш жасауы мүмкін. құзыреттi сот осы өтiнiштi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарайды.

      25-5-бап. Қарсы талап қою және қарсы талаптарды есепке алу

      1. Қарсы талаптың талапкердiң талаптарымен өзара байланысы болған жағдайда, сондай-ақ төреліктiң қарсы талап қоюды төрелік келiсiмге сәйкес қарауы мүмкін болатын жағдайда, жауапкер талапкерге қарсы талап қоюға құқылы.
      2. Егер тараптар қарсы талап қою үшiн өзге мерзiмге келiспесе,  қарсы талап қою төрелік шешiм қабылдағанға дейiн, төрелік iс қарау барысында қойылуы мүмкін.
      3. Қарсы талап қою осы Заңның 18-бабы 2-тармағының талаптарына  сәйкес келуге тиiс.
      4. Талапкер төрелік iс қарау регламентiнде немесе ережелерiнде көзделген тәртiппен және мерзiмдерде қарсы талап қоюға қарсылықтарын ұсынуға құқылы.
      5. Егер тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, онда жауапкер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптарын сақтай отырып, қарсы талап қоюды есепке алуды талап етуге құқылы.

  6-тарау. ТӨРЕЛIК ШЕШIМIН ШЫҒАРУ ЖӘНЕ IС ҚАРАУДЫ ТОҚТАТУ

      26-бап. Даудың мәнiне қолданылатын нормалар

      1. Төрелiк дауды қарағанда тараптар қолданылады деп таңдаған құқық нормаларына сәйкес дауды шешедi. Қандай да бiр мемлекеттiң құқығына немесе құқық жүйесiне кез келген сiлтеме жасау оның қайшылықты нормаларына емес, осы мемлекеттiң материалдық құқығына тiкелей сiлтеме ретiнде түсiндiрiлуге тиiс.
      2. Тараптардың қолданылатын құқық туралы келiсiмi болмаған жағдайда, қолданылатын құқықты төрелiк Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындайды.
      3. Нақты құқық қатынастарын реттейтiн нормалар болмаған кезде, төрелiк осы мәмiлеге қолданылатын iскерлiк айналымның әдет-ғұрыптарына сәйкес шешiм қабылдайды.

      27-бап. Бiтiмгершiлiк келiсiм

      1. Егер тараптар дауды төрелiкте iс қарау барысында реттесе, төрелiк iс қарауды тоқтатады және тараптардың өтiнiшi бойынша бұл реттеудi келiсiлген шарттармен төрелiк шешiм ретiнде тiркейдi.
      2. Келiсiлген шарттардағы төрелiк шешiм осы Заңның 28-бабының ережелерiне сәйкес шығарылуға тиiс. Мұндай төрелiк шешiм даудың мәнi бойынша кез келген басқа төрелiк шешiм сияқты орындалуға тиiс.

      28-бап. Төрелiк шешiмнiң нысаны мен мазмұны

      1. Төрелiк шешiм жазбаша нысанда жазылады және оған төрелiк құрамына кiретiн төрешiлер, соның iшiнде ерекше пiкiрi бар төрешi қол қояды, оның жазбаша ұстанымы төрелiк шешiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылады. Егер төрелiк iс қарау алқалы түрде жүзеге асырылса, онда басқа төрешiлердiң қолдары болмауының дәлелдi себебi көрсетiлген жағдайда, шешiмге төрелiктiң құрамына кiретiн төрешiлердiң көпшiлiгi қол қоюы мүмкін.
      2. Төрелiк шешiмде төрелiктiң күнi мен орны, төрелiк шешiм негiзделген дәлелдер көрсетiледi.
      3. Төрелiк шешiм қабылдағаннан кейiн шешiмнiң данасы әрбiр тарапқа тапсырылуға не жiберiлуге тиiс.

      29-бап. Төрелiк iс қарауды тоқтату

      1. Төрелiк iс қарау осы баптың 2-тармағында аталған негiздер бойынша төрелiк iс қарауды тоқтату туралы ұйғарым шығару арқылы тоқтатылады.
      2. Төрелiк, егер:
      жауапкер даудың мәнi бойынша шешiлуiне өзiнiң заңды мүддесiнiң болуына байланысты төрелiк iс қарауды тоқтатуға қарсылығын мәлiмдемесе ғана, талапкер өзiнiң талабынан бас тартқан және төрелiк бас тартуды қабылдаған;
      төрелiк өзiне шешуге берiлген дауды қарауға төрелiктiң құзыретi жоқ екендiгi туралы ұйғарым шығарған;
      сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша қабылданған құзыреттi соттың немесе төрелiктiң заңды күшiне енген шешiмi болған;
      тараптар төрелiкте iс қарауды тоқтату туралы келiсiмге келген;
      төрелiкте талқылау тарапы болып табылатын заңды тұлға таратылған;
      төрелiк iс қараудың тарабы болып табылатын жеке тұлға қаза тапқан (қайтыс болды деп жарияланған) не ол хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда төрелiкте іс қарауды тоқтату туралы ұйғарым шығарады.
      Ескерту. 29-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      30-бап. Шешiмдi түзету және түсiндiру. Қосымша шешiм

      1. Егер тараптар өзге мерзiмге келiспесе, төрелiк шешiмдi алғаннан кейiн күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде:
      1) тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктен шешiмдегi есептеулерде жол берiлген кез келген қателердi, жаңылыс жазуларды немесе жаңсақ жазылымдарды не осындай сипаттағы өзге де қателердi түзетудi өтiнуi мүмкiн;
      2) тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктен қабылданған шешiмнiң қандай да бiр нақты тармағына немесе бөлiгiне түсiнiктеме берудi өтiнуi мүмкiн.
      Егер, төрелiк өтiнiштi негiздi деп санаса, оны алғаннан кейiн күнтiзбелiк отыз күн iшiнде тиiстi түзетулер енгiзуге немесе түсiнiктеме беруге тиiс. Төрелiк шешiмге шығарылған түсiнiктеме төрелiк шешiмнiң ажырамас бөлiгі болып табылады.
      2. Төрелiк шешiм шығарылған күннен бастап есептегенде күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде төрелiк өз бастамасы бойынша осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында аталған кез келген қатенi түзете алады.
      3. Егер, тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, онда тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктiң шешiмiн алғаннан кейiн төрелiкте iс қарау барысында мәлiмделген, алайда шешiмде көрiнiс таппаған талаптарға қатысты қосымша шешiм шығаруды күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде төрелiктен өтiнуi мүмкiн. Егер төрелiк өтiнiштi негiздi деп санаса, оны алғаннан кейiн күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде қосымша төрелiк шешiм шығаруы тиiс.
      4. Төрелiк қажет болған жағдайда мерзiмдi ұзарта алады, бiрақ бұл мерзiм күнтiзбелiк алпыс күннен аспауға тиiс, осы мерзiм iшiнде осы баптың 1 немесе 3-тармақтарына сәйкес, қателердiң түзетiлуi, түсiнiктеме берiлуi немесе қосымша төрелiк шешiм шығарылуы қажет.
      Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.02.05 249-IV Заңымен.

  7-тарау. ТӨРЕЛIК ШЕШIМГЕ ШАҒЫМ ЖАСАУ

      31-бап. Төрелiк шешiмнiң күшiн жою туралы өтiнiш

      1. Төрелікте талқылау тараптары не құқықтары мен міндеттері қозғалған үшінші тұлғалар төреліктің шешiмiне Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен құзыреттi сотқа шағым жасауы мүмкін.
      2. Құзыреттi сот, егер:
      1) күшiн жою туралы өтiнiш бiлдiрген тарап:
      құзыреттi сот төрелiк келiсiм тараптарының бiрiн әрекетке қабiлетсiз немесе тараптар оны бағындырған заң бойынша, ал мұндай нұсқау болмаған кезде - Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк келiсiмнiң күшi жоқ деп тануының;
      төрешiнiң тағайындалуы туралы немесе төрелiк iс қарау туралы оның тиiстi түрде хабардар болмағанының немесе құзыреттi сот дәлелдi деп таныған басқа да себептер бойынша өзiнiң түсiндiрулерiн табыс ете алмағанының;
      төрелiк шешiмнiң төрелiк келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша шығарылғандығының, не төрелiк келiсiмнiң шегiнен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратындығының, сондай-ақ даудың төрелiктiң ведомстволық қарауына жатпауы салдарының дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайларда ғана төрелiк шешiмнiң күшiн жоюы мүмкiн.
      Егер, төрелiк келiсiммен қамтылған мәселелер жөнiндегi төрелiктiң шешiмi мұндай келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегi шешiмдерден бөлiнуi мүмкiн болса, онда төрелiк келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегi шешiмдерден тұратын төрелiк шешiмнiң бөлiгi ғана күшiн жоюы мүмкін;
      төрелiктiң құрамы немесе iс қараудың төрелiк рәсiмi тараптардың келiсiмiне және төрелiктiң регламентiне сәйкес келмегендiгінiң;
      2) құзыреттi сот төрелiк шешiмнiң Қазақстан Республикасының жариялылық тәртiбiне қайшы келетiнiн немесе төрелiк шешiм шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк iс қараудың нысанасы болуы мүмкiн еместiгiн айқындауының дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайларда ғана төрелiк шешiмнiң күшiн жоюы мүмкiн.
      3. Күшiн жою туралы өтiнiш осы өтiнiштi мәлiмдеген тараптың төрелiк шешiмдi алған күнiнен бастап үш ай өткеннен кейiн, ал өтiнiш осы Заңның 30-бабына сәйкес берiлген жағдайда, төрелiк осы өтiнiш бойынша шешiм шығарған күннен бастап мәлiмделуi мүмкiн емес.
      4. Құзыреттi сот тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша төрелiк iс қарауды жаңарту үшiн не төрелiк шешiмiнің күшін жоюдың негiздемесiн жоюға мүмкiндiк беретiн өзге де шараларды қолдану үшiн төрелiк шешiмнiң күшiн жою туралы өтiнiш бойынша iс жүргiзудi белгiлi бiр мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
      5. Құзыреттi сот төрелiк шешiмнiң күшiн жою туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарымға Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасына сәйкес шағым жасалуы немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.
      Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

  8-тарау. ТӨРЕЛIК ШЕШIМДЕРДI ТАНУ ЖӘНЕ ОРЫНДАУ

      32-бап. Қазақстан Республикасында төрелік шешiмдi
               тану және орындау

      Төрелiк шешiм мiндеттi деп танылады және құзыреттi сотқа жазбаша өтiнiш берiлген кезде Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргізу заңнамасына сәйкес орындалады.
      Ескерту. 32-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.02.05 249-IV Заңымен.

      33-бап. Төрелiк шешiмдi танудан немесе орындаудан
               бас тарту үшiн негiздемелер

      1. Құзыреттi сот мына негiздер бойынша:
      1) егер осы тарап құзыреттi сотқа:
      құзыреттi сот төрелiк келiсiм тараптарының бiрiн әрекетке қабiлетсiз не әрекет қабiлетi шектеулi деп тануының;
      төрелік келiсiмнiң оны тараптар бағындырған заң бойынша, ал мұндай нұсқау болмағанда - Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жарамсыздығының;
      шешiм өзiне қарсы шығарылған тараптың төрешiнiң тағайындалуы туралы немесе төрелiк iс қарау туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегенiнiң немесе құзыреттi сот дәлелдi деп таныған басқа да себептер бойынша өзiнiң түсiнiктемелерiн табыс ете алмағанының;
      төрелiк шешiмнiң төрелiк келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша шығарылғандығының, не төрелiк келiсiмнiң шегiнен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратынының, сондай-ақ даудың төрелiктiң ведомстволық қарауына жатпауы салдарының дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайларда ғана төрелiк шешiмнiң қай елде шығарылғанына қарамастан, оны танудан немесе орындаудан бас тартады.
      Егер, төрелiк келiсiмде қамтылған мәселелер жөнiндегі төрелiктiң шешiмi мұндай келiсiмде қамтымайтын мәселелер жөнiндегі шешiмдерден бөлiнуi мүмкiн болса, онда төрелiк келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегi шешiмдерден тұратын төрелiк шешiмнiң бөлiгі ғана күшiн жоюы мүмкін;
      төрелiктiң құрамы немесе iс қараудың төрелiк рәсiмi тараптардың келiсiмiне сәйкес келмегендiгiнiң немесе ол болмағанда, төрелiк орналасқан елдiң заңына сәйкес келмегендiгiнiң;
      шешiм тараптар үшiн әлi де мiндеттi емес болғанының немесе күшi жойылғанының немесе оның орындалуын өз заңына сәйкес шешiм шығарған елдiң соты тоқтатып қойғандығының;
      2) егер құзыреттi соттың осы төрелiк шешiмдi тану немесе орындау Қазақстан Республикасының жариялылық тәртiбiне қайшы келетiнiн немесе төрелiк шешiм шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк iс қараудың нысанасы болуы мүмкiн еместiгін анықтауының дәлелдемелерiн табыс етсе, төрелiк шешiмнiң қай елде шығарылғанына қарамастан, оны танудан немесе орындаудан бас тартады.
      2. Құзыреттi сот төрелiк шешiмдi тану немесе орындау туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарымға Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасына сәйкес шағым жасалуы немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.
      Ескерту. 33-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.02.05 249-IV Заңымен.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады