Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы "Орталық Азия Ынтымақтастығы" ұйымын құру туралы шартты бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 10 наурыздағы N 530 Заңы

      Алматыда 2002 жылғы 28 ақпанда жасалған Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы "Орталық Азия Ынтымақтастығы" ұйымын құру туралы шарт бекітілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

  Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжiкстан
Республикасы және Өзбекстан Республикасының арасындағы
"Орталық Азия ынтымақтастығы" ұйымын құру туралы
шарт

      Бұдан әрi Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжiкстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы,
      Орталық Азия бауырлас халықтарының терең тамырлы достығы мен тату көршiлестiгi, тарихи және мәдени қауымдастық дәстүрлерiне сүйене отырып,
      өңiрлiк қауiпсiздiк пен тұрлаулылықты қамтамасыз ету, терроризмге және экстремизмге, ұйымдасқан қылмысқа, есiрткi бизнесiне бiрлесiп қарсы тұру мәселелерiнде өзара iс-қимыл жасаудың маңыздылығын негiзге ала отырып, 
      өңiрдегi халықтардың өмiр сүру деңгейiн көтеруге бағытталған, саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастар саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрi тереңдетудi қамтамасыз етуге деген ұмтылыс қозғаушы болып,
      халықаралық құқықтың жалпыға бiрдей танылған қағидаттары мен нормаларына өздерiнiң адалдығын қуаттай отырып,
      Орталық Азия Экономикалық Қоғамдастығының Орталық Азияның әлеуметтiк-экономикалық өрлеу iсiнде және өңiрдiң тұрлаулылығы мен қауiпсiздiгiн нығайтуда маңызды рөл атқарғанын атап өте отырып,
      2001 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжiкстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы Мемлекеттерi Басшыларының Ташкент мәлiмдемесiне сәйкес,
      төмендегiлер туралы уағдаласты:

  1-бап
Ұйымды құру

      Саяси диалогты алға жылжыту және оны диверсификациялау, өңiрлiк экономикалық интеграцияның нысандары мен тетiктерiн жетiлдiру, саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық қатынастар саласындағы көпқырлы ынтымақтастықты жандандыру мақсатында Уағдаласушы Тараптар Орталық Азия Экономикалық Қоғамдастығын "Орталық Азия Ынтымақтастығы" ұйымы етiп қайта құрады (бұдан әрi - OAЫ).
      Уағдаласушы Тараптардың бұрынырақ Орталық Азия Экономикалық Қоғамдастығы шеңберiнде жасасқан шарттары мен келiсiмдерi, сондай-ақ Мемлекеттер Басшыларының осы Шартқа қайшы келмейтiн шешiмдерi өз күшiн жоғалтпайды.
      ОАЫ игi ниеттiлiк, егемендiктi, аумақтық тұтастықты, тең құқылықты құрметтеу, сондай-ақ осы Шарттың ережелерiн iске асыру жолындағы мүше-мемлекеттердiң жауапкершiлiгi негiзiнде құрылады.

  2-бап
Мақсаттары мен мiндеттерi

      ОАЫ-ның негiзгi мақсаттары мен мiндеттерi мыналар болып табылады:
      - саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, табиғатты қорғау, мәдени-гуманитарлық салаларда, сондай-ақ өңiрлiк қауiпсiздiк пен тұрлаулылықты қамтамасыз ету iсiнде тиiмдi ынтымақтастықты жүзеге асыру;
      - мүше-мемлекеттердiң тәуелсiздiгi мен егемендiгіне, аумақтық тұтастығына төнетiн қауiп-қатердiң алдын алу мәселелерiнде өзара қолдау көрсету;
      - өңiрлiк және трансұлттық қылмысқа, әсiресе заңсыз есiрткi айналымына, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз көшi-қон және терроризмге қарсы күрес;
      - бiртұтас экономикалық кеңiстiктi кезең-кезеңiмен қалыптастыруда келiсiлген күш-жiгер жұмсауды жүзеге асыру;
      бiрлескен көлiктiк-коммуникациялық және энергетикалық жүйелердiң ортақ инфрақұрылымын құру жөнiнде өзара iс-қимыл жасау;
      - шекара және кедендiк бақылау саласында келiсiлген саясат жүргiзу;
      - тариф саясаты саласында ынтымақтастықты жүзеге асыру;
      - су объектiлерiн, су-энергетика ресурстарын және су шаруашылығы қондырғыларын ұтымды және өзара тиiмдi пайдалану саласында үйлестiрiлген және келiсiлген iс-қимылдар жүргiзу;
      - мәдениет, ғылым мен техника, бiлiм беру, спорт және туризм салаларындағы ынтымақтастықты дамыту арқылы ОАЫ-ға мүше мемлекеттер халықтарының рухани әлеуетiнiң өсуiне жәрдемдесу;
      - өзара мүдделiлiк бiлдiрiлетiн басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамыту.

  3-бап
Мүшелiк

      ОАЫ-ның құрылтайшы мемлекеттерi, сондай-ақ АОЫ-ның мақсаттарын, қағидаттарын бөлiсетiн және барлық мүше мемлекеттердiң келiсiмi бойынша қосылу арқылы осы Шарт бойынша өзiне мiндеттемелер қабылдайтын басқа да мемлекеттер ұйымға мүше мемлекеттер болып табылады. Осы Шарт ондай мемлекет үшiн ОАЫ-ға мүше мемлекеттен осылай қосылуға келiсетiнi туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.
      ОАЫ-ға мүше мемлекет ОАЫ-ға мүше басқа мемлекеттерге мүшелiктi тоқтату күнiне дейiн 12 айдан кешiктiрмей жазбаша хабарлау арқылы ОАЫ-дағы өзiнiң мүшелiгiн тоқтатуға құқылы. Осы Шартқа қатысуы кезеңiнде пайда болған мiндеттемелер, тиiстi мемлекеттi олар толық орындалғанша байланыстырады.

  4-бап
Органдар

      ОАЫ-ның шеңберiндегi осы Шарттың мақсаттары мен мiндеттерiн орындау үшiн:
      - мемлекеттер басшылары мен Премьер-министрлердiң Кеңесi;
      - Сыртқы iстер министрлерiнiң, салалық министрлiктер мен ведомстволар басшыларының кеңестерi;
      - Ұлтты үйлестiрушiлердiң Комитетi қызмет етедi.

  5-бап
Мемлекеттер Басшыларының және
Премьер-министрлердiң кеңесi

      Мемлекеттер Басшыларының және Премьер-министрлердiң кеңесi (бұдан әрі - Кеңес) мүше мемлекеттердiң ортақ мүдделерiне байланысты неғұрлым маңызды мәселелердi қарастырады, стратегиясын, интеграцияның бағыттары мен даму келешегiн анықтайды және осы Шартты iске асыруға бағытталған шешiмдер қабылдайды.
      Мемлекеттер Басшылары деңгейiндегi Кеңес отырыстарға жылына бiр реттен кем жиналмайды.
      Премьер-Министрлер деңгейiндегi Кеңес қажет болғанына қарай және ОАЫ-ға мүше Мемлекеттер Басшыларының тапсыруымен жиналады.
      Кеңесте төрағалық ету ОАЫ-ға мүше мемлекеттер атауларының орыс алфавитi тәртiбiндегi кезекпен бiр жыл бойында жүзеге асырылады.
      Қажет болған жағдайда ОАЫ-ға мүше бiр мемлекеттiң ұсынысы және ОАЫ-ға мүше барлық мемлекеттердiң келiсiмi бойынша Кеңестiң кезектен тыс отырыстарын шақыруға болады.
      Кеңес жұмысының тәртiбiн ОАЫ-ға мүше мемлекеттердiң Басшылары анықтайды.
      Кеңес өз шешiмiмен Салалық министрлiктер мен ведомстволар басшыларының кеңесiн құрып және олардың ережелерiн бекiте алады.

  6-бап
Сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесi

      Сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесi ОАЫ-ның жұмыс органы болып табылады.
      Сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесi ОАЫ-ның ағымдағы қызметiне жататын мәселелердi қарайды және ОАЫ шеңберiнде халықаралық проблемалар туралы консультациялар өткiзедi.
      Сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесi мүше Мемлекеттер Басшылары Кеңесiнiң отырысы өткiзiлуiне дейiн бiр айдан кешiктiрмей жиналады.
      Сыртқы iстер министрлерi кеңесiнiң кезектен тыс отырыстары кемiнде екi мүше мемлекеттiң ұсынысы бойынша және барлық басқа мүше мемлекеттердiң келiсiмiмен шақырылады.
      Сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесiнде төрағалық ету жыл бойына ОАЫ-ға мүше мемлекеттер атауларының орыс алфавитiндегi тәртiбi бойынша кезекпен жүзеге асырылады.
      Сыртқы iстер министрлерi кеңесiнiң функциялары мен жұмыс тәртiбi Мемлекеттер Басшылары деңгейiндегi Кеңес шешiмiмен бекiтiлетiн Ережемен анықталады.

  7-бап
Ұлттық үйлестiрушілер комитетi

      Ұлттық үйлестiрушілер комитетi (бұдан әрi - Комитет) OAЫ-ның үйлестiру мен ағымдағы қызметiн басқаруды жүзеге асыратын орган болып табылады.
      Ұлттық үйлестiрушiнi ОАЫ-ға мүше Мемлекеттiң Басшысы тағайындайды және босатады.
      Комитеттiң қызметi Мемлекеттер Басшылары деңгейiндегi Кеңес бекiтетiн Ережеге сәйкес атқарылады.

  8-бап
Қаржыландыру

      Мүше мемлекеттер өз өкiлдерi мен сарапшыларының ОАЫ органдарының жұмысына, сондай-ақ ұйымның iс-шараларына қатысуларына байланысты шыққан шығыстарды өздерi көтередi.

  9-бап
Байқаушылар

      Мемлекеттер Басшылары деңгейiндегi Кеңестiң шешiмi бойынша кез келген мемлекет немесе халықаралық ұйымға, тиiстi өтiнiш бiлдiрген жағдайда, OAЫ жанындағы байқаушы мәртебесi берiлуi мүмкiн.
      Байқаушы мәртебесiн беру, тоқтату және күшiн жою Мемлекеттер Басшылары деңгейiндегi Кеңес шешiмiмен бекiтiлетiн Ережемен анықталады.

  10-бап
Құқықтық қабiлеттігі

      ОАЫ әрбiр мүше мемлекет аумағында өз мақсаттары мен мiндеттерiн iске асыру үшiн қажет құқықтық қабiлеттiгiн пайдаланады.
      OAЫ мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастар орната алады және олармен шарттар жасасады.
      OAЫ заңды тұлғаның құқықтарын пайдаланады, өз қызметiн осы Шартқа сәйкес жүзеге асырады.

  11-бап
Шешiмдердi қабылдау және орындау тәртiбi

      OAЫ-ның органдарындағы шешiмдер ортақ келiсiмге келу арқылы қабылданады және мүше мемлекеттер оны өздерiнiң ұлттық заңдарына сәйкес орындайды.
      ОАЫ шеңберiнде қабылданған мүше мемлекеттердiң мiндеттемелерiн орындауды бақылау Ұлттық үйлестiрушiлердiң құзыреттерi шегiнде жүзеге асырылады.

  12-бап
Артықшылықтар мен иммунитеттер

      ОАЫ және оның лауазымды иелерi барлық мүше мемлекеттердiң аумақтарында өз мiндеттерiн орындауға, сондай-ақ осы Шартпен және ОАЫ шеңберiнде қолданылатын келiсiмдермен көзделген мақсаттарға жету үшiн қажеттi артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланады.
      Артықшылықтар мен иммунитеттер көлемi және лауазым иелерiнiң тiзбесi жеке құжаттармен белгiленедi.

  13-бап
Өзгерiстер мен толықтырулар

      Осы Шартқа ОАЫ-ға мүше мемлекеттердiң өзара келiсiмi бойынша осы Шарттың ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi.

  14-бап
Тіл

      OAЫ-ның жұмыс тiлi орыс тiлi болып табылады.

  15-бап
Тiркеу

      Осы Шарт БҰҰ Жарғысының 102-шi бабына сәйкес Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тiркелуi қажет.

  16-бап
Басқа шарттарға қатынасы

      Осы Шарт мүше мемлекеттердiң олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардағы құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды.

  17-бап
Депозитарий

      Осы Шарттың депозитарийi мiндетiн Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi жүзеге асырады.

  18-бап
Қолданыс мерзiмi және күшiне енуi

      Осы Шарт белгiленбеген мерзiмге жасалады және мүше мемлекеттер оның қолданысын тоқтату туралы тиiстi шешiм қабылдағанша өз күшiнде болады.
      Осы Шарт Уағдаласушы Тараптардың бекiтуiне жатады, қол қойылған сәттен бастап уақытша қолданылады және депозитарийге соңғы бекiту грамотасын тапсырған күннен бастап күшiне енедi.
      Алматы қаласында 2002 жылы 28 ақпанда бiр дана түпнұсқада орыс тiлiнде жасалды.
      Шарттың қазақ, қырғыз, тәжiк және өзбек тiлдерiндегi мәтiнi дайындалады және орыс тiлiндегi мәтiнмен сәйкестiгiн анықтайтын дипломатиялық ноталармен алмасқан соң мәнi жағынан тең мәтiн ретiнде қабылданады.
      Депозитарий әрбiр Уағдаласушы Тарапқа оның куәландырылған көшiрмесiн жiбередi.

      Қазақстан      Қырғыз         Тәжiкстан       Өзбекстан
      Республикасы   Республикасы   Республикасы    Республикасы
       үшін            үшін            үшін            үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады