Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы Халықаралық Қылмыстық Соттың билiгiне адамдарды тапсыру туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 4 қазандағы N 598 Заңы

      Нью-Йоркте 2003 жылғы 22 қыркүйекте жасалған Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы Халықаралық Қылмыстық Соттың билiгiне адамдарды тапсыру туралы келiсiм бекiтiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

  Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары
арасындағы Халықаралық Қылмыстық Соттың билiгiне
адамдарды тапсыру туралы келiсiм

(2004 жылғы 7 қазаннан бастап күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары,
      Геноцид, адамзатқа қарсы қылмыс және әскери қылмыс жасағандарды сотқа тартудың маңыздылығын қуаттай отырып,
      Америка Құрама Штаттарының өз ресми адамдары, қызметкерлерi, әскери персоналы немесе басқа азаматтары жасады деп саналған, Халықаралық Қылмыстық Соттың заң құзыретiне жататын iс-әрекеттердi қылмыстық жағдайда, орынды деген жерде, тергеуге және қудалауға ниет бiлдiргенiн назарға ала отырып,

      Төмендегiлер туралы уағдаласты:

      1. Осы Келiсiм мақсатында Тараптардың кез келгенiнiң "адамдар" анықтамасында осы Тараптың барлық азаматтары және қазiргi немесе бұрынғы әскери персоналы ұғынылады.
      2. Бiр Тараптың екiншi Тараптың аумағында жүрген адамдары бiрiншi Тараптың жазбаша келiсiмiнсiз:
      а) кез келген бiр мақсат үшiн Халықаралық Қылмыстық Соттың билiгiне тапсырылмайды немесе кез келген бiр жолмен берiлмейдi, немесе
      б) Халықаралық Қылмыстық Соттың билiгiне тапсыру немесе беру мақсатында кез келген басқа ұйымның немесе үшiншi бiр елдiң билiгiне тапсырылмайды немесе кез келген үшiншi бiр елге шығарылып жiберiлмейдi.
      3. Қазақстан Республикасы Америка Құрама Штаттарының адамын кез келген үшiншi елге ұстап берген, оның билiгiне тапсырған немесе басқа жолмен берген жағдайда, Қазақстан Республикасы бұл адамды Америка Құрама Штаттарының жазбаша келiсiмiнсiз үшiншi елдiң Халықаралық Қылмыстық Соттың билiгiне тапсыруына немесе беруiне келiсiм бермейдi.
      4. Америка Құрама Штаттары Қазақстан Республикасының адамын кез келген үшiншi елге ұстап берген, оның билiгiне тапсырған немесе басқа жолмен берген жағдайда Америка Құрама Штаттары бұл адамды үшінші елдің Қазақстанның жазбаша келiсiмiнсiз Халықаралық Қылмыстық Соттың билiгiне тапсыруына немесе беруiне келiсiм бермейдi.
      5. Тараптардың өзара жазбаша келiсiмi бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
      6. Осы Келiсiмнiң ережелерiн қолдану немесе түсiндiру кезiндегi кез келген даулар мен пiкiр алшақтықтары Тараптар арасындағы консультациялар арқылы шешiледi, әрi оларды реттеуде Тараптар қандай да бiр үшiншi Тарапқа немесе халықаралық сотқа сiлтеме жасамайды.
      7. Осы Келiсiм Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы жазбаша хабарламамен алмасқан сәттен бастап күшiне енедi.
      8. Кез келген Тараптың тиiстi жазбаша хабарлама жолдауы арқылы осы Келiсiмнiң күшi жойылуы мүмкiн. Мұндай жағдайда, осы Келiсiм жазбаша хабарлама жiберiлген сәттен бастап бiр жылдан соң өз қолданысын тоқтатады. Осы Келiсiмнiң ережелерi оның қолданысы iс жүзiнде тоқтатылған күнге дейiн туындаған кез келген iс-қимылға немесе кез келген болжамдарға қатысты күшiнде қала бередi.
      9. Нью-Йорк қаласында 2003 жылғы 22 қыркүйекте екi дана болып, әрқайсысы ағылшын және орыс тiлдерiнде жасалды және де екi мәтiннiң күшi бiрдей. Ағылшын тiлiндегi мәтiнге сәйкестiгi дипломатиялық ноталармен алмасу арқылы расталып, заңдық күшi теңдей дәрежеде танылатын қазақ тiлiндегi мәтiн дайындалатын болады.

       Қазақстан                     Америка Құрама
      Республикасы үшін             Штаттары үшін

      Осымен 2003 жылғы 22 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы Халықаралық Қылмыстық Соттың билiгiне адамдарды тапсыру туралы келiсiмнiң ағылшын тiлiндегi мәтiнге сәйкес, дипломатиялық ноталармен алмасу арқылы расталып, заңдық күшi теңдей дәрежеде танылатын қазақ тiлiндегi мәтiннiң көшiрмесiнiң дәлдiгiн куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы iстер министрлiгінiң
      Халықаралық-құқық департаментiнiң
      Бөлiм бастығы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады