Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынастары туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 12 сәуірдегі N 37 Заңы

      Братиславада 2004 жылғы 31 мамырда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынастары туралы келісім бекітілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

  Қазақстан Республикасының Yкiметi мен
Словак Республикасының Yкiметi арасындағы
Халықаралық автомобиль қатынастары туралы
КЕЛIСIМ

(2005 жылғы 3 шілдеде күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Словак Республикасының Үкiметi (бұдан әрi - Тараптар),
      елдер арасында халықаралық автомобиль қатынасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрi дамыту қажеттiлiгiн басшылыққа ала отырып,
      екi мемлекет арасындағы автомобиль қатынасын жүзеге асыруды, сондай-ақ олардың аумақтары бойынша транзитті жеңiлдетуге ұмтыла отырып,
      өзара көмек, ынтымақтастық және өзара тиiмділік негiзiнде осы мәселелердi реттеуге тiлек бiлдiре отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

  1-бөлiк
Ұғымдарды қолдану және анықтау саласы

  1-бап

      1. Осы Келiсiм Қазақстан Республикасы мен Словак Республикасы арасындағы халықаралық автомобиль жолаушы және жүк тасымалдарын, олардың аумақтары арқылы транзиттi, сондай-ақ бiр Тарап мемлекетiнің аумағында тiркелген автокөлiк құралдары орындайтын үшiншi мемлекеттерге және үшіншi мемлекеттерден тасымалдарды реттейдi.
      2. Осы Келiсiм Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

  2-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн:
      1. "Тасымалдаушы" терминi Тараптардың бiрiнің мемлекетi аумағында тiркелген және осы мемлекет қолданылып жүрген заңнамаға сәйкес ақы үшiн немесе өз есебiнен халықаралық автокөлiк тасымалдарын орындауға рұқсат берген жеке немесе заңды тұлғаны бiлдiредi.
      2. "Автокөлiк құралы" терминi:
      а) жолаушы тасымалдары жағдайында - Тараптардың бiрiнің мемлекетi аумағында тiркелген, өзiнiң құрылымы мен жарақтануы бойынша автомобиль жолдарында тоғыздан көп адамды (жүргiзушiнi қоса алғанда) тасымалдау үшiн жарамды әрi соған арналған механикалық жетегi бар автобусты немесе кез келген басқа да автокөлiк құралын;
      б) жүк тасымалдары жағдайында - Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген, тiркеме мен жартылай тiркеменi қоса алғанда, автомобиль жолдарында жүк тасымалдауға арналған механикалық жетегi бар кез келген автокөлiк құралын білдiредi.
      3. "Жолаушылардың тұрақты тасымалдары" терминi алдын ала белгiленген қозғалыс кестесiне, тасымалдау тарифтерiне және оларға сәйкес алдын ала белгiленген пункттерде жолаушылар мiнетiн және түсетiн тасымалдау шарттарына сай белгiлi бiр бағыт бойынша автокөлiк құралдарымен жолаушыларды тасымалдауды бiлдiредi.
      4. "Жолаушылардың тұрақты емес тасымалдары" терминi:
      а) автокөлiк құралдары тiркелген мемлекетте орналасқан жөнелту пунктiнен баратын пунктiне белгілi бiр автокөлiк құралдарымен жолаушылардың белгілi бiр топтары екiншi Тарап мемлекетiнің аумағы арқылы тасымалданатын және осындай сапарлар барысында жолаушылардың жеке құрамы өзгермейтiн тасымалдарды;
      б) жолаушылар тобы автокөлiк құралы тiркелген мемлекет аумағынан екiнші Тарап мемлекетiнің аумағына тасымалданатын және автокөлiк құралы бос қайтатын тасымалдарды бiлдiредi.
      5. "Жолаушылардың маятниктiк тасымалдары" терминi екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан белгiлi бiр жеткізу пунктiне автокөлiк құралы тiркелген мемлекет аумағында орналасқан белгiлi бiр жөнелту пункттерiнен алдын ала қалыптасқан жолаушылар топтары белгiлi бiр автокөлiк құралдарымен бiрнеше рейспен тасымалданатын, бұл ретте баратын пунктiне жеткiзiлген жолаушылар топтары жөнелту пунктіне кейінірек тасымалданатын, жолаушылар тасымалдарын бiлдiредi. Баратын пунктiнен жөнелту пунктiне жасалатын алғашқы рейс және жөнелту пунктiнен баратын пунктіне жасалатын соңғы рейс бос болуы тиiс.
      6. "Каботаждық тасымалдар" терминi екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан екi пункт арасында бiр Тарап мемлекетi тасымалдаушыларының жолаушылар мен жүктердi тасымалдауын бiлдiредi.

  2-бөлiк
Жолаушы тасымалдары

  3-бап

      1. Осы Келiсiмге сәйкес жолаушыларды автобустармен тасымалдау, осы Баптың 5 және 6-тармақтарында көрсетiлген тасымалдауларды қоспағанда, рұқсаттар негiзiнде жүзеге асырылатын болады.
      2. Жолаушыларды автобустармен тұрақты түрде тасымалдау рұқсаттар бepудің негiзiнде жүзеге асырылады, олар Тараптар мемлекеттерінің құзыреттi органдарының өзара келiсiмi бойынша берiледi. Әрбiр Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органы оның мемлекетiнiң аумағы бойынша өтетiн бағыт бөлiгiне ғана рұқсат бередi.
      3. Жолаушыларды автобустармен тұрақты тасымалдауға арналған рұқсатты беру туралы өтiнiмдi Тараптар мемлекеттерiнің құзыреттi органдары алдын ала жiбередi. Өтінiмде бағыт, кесте және тарифтер туралы деректер, сондай-ақ қозғалысты ашудың ұйғарылған мерзiмi қамтылуы тиiс.
      4. Өтiнімнің мазмұны мен нысанын осы Келiсiмнің 16-бабына сәйкес құрылған Бiрлескен Комиссия анықтайды.
      5. Тұрақты емес жолаушылар тасымалын орындауға рұқсат талап етiлмейдi. Жолаушылардың тұрақты емес тасымалдарын жүзеге асырған кезде автокөлiк құралында жолаушылар тiзiмi болуы тиiс.
      6. Тасымалдаушы бұзылған автокөлiк құралын бос жол жүретiн, пайдалануға жарамды басқа автокөлiк құралымен алмастырған жағдайда рұқсат талап етiлмейдi.

  4-бап

      Маятниктiк тасымалдауды орындау үшін рұқсат талап етiледi. Маятниктiк тасымалдауға арналған өтiнiмдi тасымалдаушылар өз мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарына бередi, олар оны мақұлдағаннан кейiн өтiнiмдi екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органына жолдайды.

  5-бап

      Бiр Тарап мемлекетiнің аумағына, 3-баптың 6-тармағында айтылмаған, екiншi Тарап мемлекетiнiң бос автокөлiк құралдарының кiруi үшін автокөлiк құралы бағыт алған Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органы беретiн жеке рұқсат қажет.

  3-бөлiк
Жүк тасымалдары

  6-бап

      1. Тараптар мемлекеттерi арасында жүктердi тасымалдау, бiр Тарап мемлекетiнің аумағынан екiншi Тарап мемлекетiнің аумағы арқылы үшіншi мемлекеттерге және үшiншi мемлекеттердің аумақтарынан бiр Тарап мемлекетiнiң аумағына екiншi Тарап мемлекетінiң аумағы арқылы жүктердi тасымалдау рұқсаттар негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Әрбiр рейске және әрбiр автокөлiк құралына жеке рұқсат берiлуi тиiс. Әрбiр рұқсат бiр рейспен барып қайтуды жүзеге асыруға рұқсат бередi. Бос автокөлiк құралдары үшiн де рұқсат талап етiледi.
      3. Тараптар мемлекеттерiнің құзыреттi органдары рұқсаттар бланкiлерiнiң өзара келiсiлген санын бiр-бiрiне бередi.
      4. Жүктердi тасымалдауды орындауға арналған рұқсатты тасымалдаушыға автокөлiк құралы тiркелген мемлекеттiң құзыреттi органы бередi.
      5. Тасымалдауды орындауға берiлген рұқсатты, ол кiмге берiлсе, сол тасымалдаушы ғана пайдалана алады және басқа адамға берiлмейдi.

  7-бап

      1. Мыналарды тасымалдау үшiн:
      а) қоныс аудару және көші-қон кезiнде жылжымалы мүлiкке;
      б) жәрмеңкелер мен көрмелерге арналған экспонаттарға, жабдықтарға және материалдарға;
      в) спорттық iс-шараларды өткiзуге арналған автокөлiк құралдарына, бәйге аттарына, спорттық мүкәммал мен мүлiкке;
      г) театр декорациясы мен реквизиттерiне, музыкалық аспаптарға, кинотүсiрiлiм, радио, теледидар хабарлары мен цирктiк қойылымдар жабдықтары;
      д) қайтыс болғандардың сүйектерiне немесе күлдерi бар сауыттарына;
      e) бүлiнген автокөлiк құралдарына;
      ж) табиғи зiлзалалар, авариялар, апаттар кезiнде шұғыл көмек көрсету бойынша;
      з) тiркеменiң салмағын қоса алғанда, рұқсат етiлетiн пайдалы жүк көтерiмдiлігі 3,5 тоннадан немесе тiркемелерiн қоса алғанда, жалпы салмағы 6 тоннадан аспайтын автокөлiк құралдарына;
      и) почталық жөнелтiлiмдерге рұқсат талап етiлмейдi.
      2. Осы Баптың 1-тармағының б), в), г) тармақшалары онда көрсетілгенен заттарды керi тасымалдаған немесе кейiннен үшiншi мемлекеттерге тасымалдаған жағдайларда ғана қолданылады.
      3. Тараптар мемлекеттерiнің бiрiндегi заңды немесе жеке тұлғаларға арналған жаңа автомобильдердi жасаушы зауыттан айдап апаруға рұқсат талап етiлмейдi.

  4-бөлiк
Жалпы ережелер

  8-бап

      Жолаушылар мен жүктердi каботаждық тасымалдауға рұқсат етiлмейдi.

  9-бап

      1. Автокөлiк құралының жүргiзушiсiнде өзi басқаратын автокөлiк құралының санатына сәйкес келетiн ұлттық немесе халықаралық жүргiзушi куәлiгi және 1968 жылғы 8 қарашадағы Бiрiккен Ұлттар Ұйымдарының Жол қозғалысы туралы Вена конвенциясының талаптарына жауап беретiн автокөлiк құралына арналған ұлттық тiркелу құжаттары болуы тиiс.
      2. Тараптар мемлекеттерiнiң автокөлiк құралдарының тасымалдаушылары мен жүргiзушiлерi аумағы бойынша жолаушылар мен жүктердi тасымалдау жүзеге асырылатын мемлекеттiң жол қозғалысы ережелерi мен заңнамасын сақтауға мiндеттi.
      3. Салмағы немесе көлемi екiнші Тарап мемлекетiнің аумағында белгiленген ең көп мөлшерден асып түсетiн автокөлiк құралдарымен жүктердi, сондай-ақ қауiптi жүктердi тасымалдау осы Тарап мемлекетінің құзыретті органдарының арнайы рұқсатын алғаннан кейiн ғана жүзеге асырылады. Тараптар мемлекеттерінің құзыреттi органдары арнайы рұқсат беру туралы өтiнiшке оны алған күннен бастап 30 күннен кешіктiрмей жауап беруi тиiс.
      4. Тараптар мемлекеттерiнің тасымалдаушылары мен олардың жүргiзушiлерi жасаған құқық бұзушылықтар үшiн аумағында құқық бұзушылық болған мемлекеттiң ұлттық заңнамасына сәйкес жауап бередi.

  10-бап

      Осы Келiсiмде аталған рұқсаттар екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында орындалатын тасымалдау барысында автокөлiк құралында болуы және бақылауға құқығы бар органдардың талаптары бойынша көрсетiлуi тиiс.

  11-бап

      Бiр Тарап мемлекетiнің тасымалдаушылары екiншi Тарап мемлекетiнің аумағында осы мемлекеттiң қолданылып жүрген заңнамасына сәйкес жолаушылар мен жүктердің тасымалдарын орындауды ұйымдастыру мақсатында өз өкiлдiктерiн құра алады.

  12-бап

      1. Осы Келiсiмнiң негiзiнде тасымалдарды орындайтын автокөлiк құралдары, сондай-ақ оларды жөндеуге арналған қосалқы бөлшектер осы автокөлiк құралдарын пайдалануға және олардың екiншi Тарап мемлекетiнің аумағы бойынша қозғалысына байланысты баждардан және алымдардан (жол салығы) босатылады.
      2. Осы Баптың 1-тармағының ережелерi ақылы автострадаларды, магистральдық жолдарды, туннельдердi, көпiрлердi және басқа да осы үлгiдегi инженерлiк және техникалық жол құрылыстарын пайдалануға байланысты салықтар мен алымдарды төлеуге және 9-баптың 3-тармағы бойынша арнайы рұқсаттарды беру үшiн алымдар төлеуге қолданылмайды.

  13-бап

      Мыналар:
      а) осы Келiсiм шеңберiнде тасымалдауды орындайтын автокөлiк құралдарын жөндеу үшiн екiншi Тарап мемлекетiнің аумағына уақытша әкелiнетiн қосалқы бөлшектер;
      б) автокөлiк құралы тiркелген мемлекетке әкетiлуге немесе кеден органдарының бақылауымен жойылуға тиiстi ауыстырылған және пайдаланылмаған бөлшектер;
      в) жасаушы зауыт автокөлiк құралына орнатқан бактардағы отын (200 литрден артық емес) және тасымалдауды орындау үшiн қажеттi жағармай материалдары кедендiк баждардан, салықтар мен алымдардан босатылады.

  14-бап

      Шекаралық, кедендiк және санитарлық бақылау Тараптар мемлекеттерiнің қолданыстағы заңнамаларына және Тараптар мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

  15-бап

      Жолаушыларды, жануарларды, тез бұзылатын азық-түлiктердi және қауiптi жүктердi автомобиль көлiгiмен тасымалдау кезiнде шекаралық, кедендiк және санитарлық бақылау кезексiз өткiзiледi.

  16-бап

      Осы Келiсiмнің ережелерiн орындау және туындайтын даулы мәселелердi шешу үшін Тараптар өз мемлекеттерінің құзыреттi органдарының өкілдерiнен Бiрлескен Комиссия құрады.
      Бiрлескен Комиссияның мәжілістерi Тараптардың бiреуiнiң мемлекетiнің құзыреттi органының ұсынысы бойынша Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарында алма-кезек өткізіледi.

  17-бап

      1. Тараптар мемлекеттерiнің құзыреттi органдары өз мемлекеттерi тасымалдаушыларының осы Келiсiмнiң ережелерiн сақтауын қамтамасыз етедi.
      2. Екiншi Тарап мемлекетiнің аумағында осы Келiсiмнiң ережелерiн бұзған тасымалдаушыларға қатысты аумағында бұзушылық болған мемлекеттің құзыреттi органдары мынадай шаралар қабылдауы мүмкiн:
      а) болатын мемлекет заңнамасының талаптарын сақтау қажеттігi туралы тасымалдаушыны ескерту;
      б) тасымалдаушыны өз мемлекетi аумағында тасымалдауды орындау құқығынан уақытша, iшінара немесе толық айыру.
      3. Осы баптың 2-тармағы негiзiнде қабылданған шаралар туралы Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары бiр-бiрiн хабардар етедi.

  18-бап

      Тараптар Атқару Хаттамасында осы Келiсiмдi қолдану ережесiн белгiлейдi.
      Атқару Хаттамасына Келiсiммен бiр мезгiлде қол қойылады және де оның ажырамас бөлiгi болып табылады.

  19-бап

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсімнің ажырамас бөлiктерi болып табылатын жеке Хаттамалармен ресiмделедi. Осы Келiсiм шеңберiнде, Осы Келiсiмнiң 16-бабына сәйкес құрылған Бiрлескен Комиссия Атқару Хаттамасына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге құқығы бар. Атқару Хаттамасындағы мұндай өзгерiстер мен толықтырулар дипломатиялық ноталармен алмасу жолымен расталатын болады.

  20-бап

      Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады және оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетішілiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап 60 күн өткеннен кейiн күшiне енедi.
      Әрбiр Тарап екiншi Тарапты жазбаша хабардар ету жолымен осы Келiсiмнiң қолданысын тоқтата алады.
      Келiсiм бiр Тарап екiншi Тараптан тиiстi хабарлама алған күннен бастап алты айдан соң қолданысын тоқтатады.

      2004 жылғы 31 мамырда Братислава қаласында әрқайсысы қазақ, словак және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды және де барлық мәтiндердің күші бiрдей.
      Осы Келісiмнің ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

       Қазақстан Республикасының          Словак Республикасының
      Yкiметi үшiн                       Yкiметi үшiн

      Осымен 2004 жылғы 31 мамырда Братислава қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Словак Республикасының Yкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынастары туралы келiсiмнiң бұл көшiрмесiнiң дәлдiгiн куәландырамын.

       Қазақстан Республикасы
      Сыртқы iстер министрлiгiнiң
      Халықаралық-құқық департаментінің
      Кеңесшісі

  Қазақстан Республикасының Yкiметi мен
Словак Республикасының Yкiметi арасындағы
Халықаралық автомобиль қатынастары туралы
келiсiмдi қолданудың ережелерi туралы
АТҚАРУ ХАТТАМАСЫ

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Словак Республикасының Үкiметi (бұдан әрi - Тараптар) 2004 жылғы 31 мамырда Братислава қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Словак Республикасының Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынастары туралы келiсiмдi қолданудың ережелерiн анықтау мақсатында, төмендегiлер туралы уағдаласты:
      1. Аталған Келiсiмнiң мағынасында құзыреттi органдар деп мыналарды түсiну керек:
       Қазақстан Республикасы тарапынан:
      а) Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігі;
      б) 9-Баптың 1-тармағы бойынша - Қазақстан Республикасының Ішкі iстер министрлігі.
       Словак Республикасы тарапынан:
      3, 4, 5, 6, 9 және 17-Баптар бойынша - Словак Республикасының Көлiк, почталар және коммуникациялар министрлiгi.
      2. 3 және 6-Баптарды iске асыру үшiн тасымалдарды орындауға арналған рұқсаттардың мынадай санаттары белгiленедi:
      а) бiр Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан пункт пен екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан пункт арасында;
      б) Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағы арқылы транзитпен үшіншi мемлекетке;
      в) Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағынан үшіншi мемлекетке немесе үшінші мемлекеттен Тараптардың бiрінің мемлекетi аумағына.
      3. Рұқсат бланкiсi 3, 6-баптар бойынша:
       Қазақстан тарапы: қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнде;
       Словак тарапы: словак, ағылшын, француз және немiс тілдерiнде жасайды.
      Тиiстi күнтiзбелiк жылда қолданылатын рұқсаттар бланкiлерiнде бiр жылға жасалған реттiк нөмiрлерi, сондай-ақ рұқсаттарды берген Тараптар мемлекеттерінiң жауапты тұлғаларының қолдары мен құзыретті органдарының мөрлерi болуы тиiс.
      4. Бiрлескен Комиссия немесе Тараптар мемлекеттердiң құзыреттi органдары күнтiзбелiк жылдың 15 желтоқсанына дейiн өзара алмасу жүргiзiлетiн, келесi жылға арналған рұқсаттар бланкiлерiнің қажеттi санын белгiлейдi. Берiлген рұқсаттар бланкiлерi онда белгiленген күнге дейiн қолданылады.
      5. Бiрлескен Комиссия мәжiлiстерiнде Тараптар осы Келiсiм баптарының орындалу жай-күйi, халықаралық автомобиль тасымалдарына байланысты мемлекет заңнамасындағы өзгерiстер, салықтық, кедендiк және басқа да алымдар, өткен жылғы тасымалдардың жай-күйi, шекара өткелдерi жұмысының режимдерi, рұқсаттар бланкiлерiн пайдалану және тасымалдарды жетiлдiруге бағытталған басқа да мәселелер туралы бiр-бiрiн хабардар етедi.
      6. Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарының атаулары өзгерген жағдайда, бұл туралы Тараптар бiр-бiрiн дипломатиялық арналар арқылы хабардар етедi.

      2004 жылғы 31 мамырда Братислава қаласында әрқайсысы қазақ, словак және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды және де барлық мәтiндердің күші бiрдей.
      Осы Атқару Хаттамасының ережелерiн түсiндiруде келiспеушілiктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

       Қазақстан Республикасының          Словак Республикасының
      Yкiметi үшін                       Yкiметi үшін

      Осымен 2004 жылғы 31 мамырда Братислава қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Словак Республикасының Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынастары туралы келiсiмдi қолданудың ережелерi туралы атқару хаттаманың бұл көшiрмесiнiң дәлдiгiн куәландырамын.

       Қазақстан Республикасы
      Сыртқы iстер министрлiгінiң
      Халықаралық-құқық департаментiнiң
      Кеңесшісi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады