Алқабилер туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 16 қаңтардағы N 121 Заңы.

      Алқабилер туралы

      

      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң қылмыстық сот iсiн жүргiзуге алқабилердiң қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi, алқабилердiң құқықтық мәртебесiн, тәуелсiздiгінің кепiлдiктерiн, олардың қызметiн қамтамасыз етудiң құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негiздерiн айқындайды.

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) алқаби - соттың қылмыстық iстi заңда белгiленген тәртiппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы;

      2) алқабиге кандидат - Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiне сәйкес кейiннен алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн алқабиге кандидаттардың тiзiмiне енгiзiлген Қазақстан Республикасының азаматы;

      3) алқабиге кандидаттардың алдын ала тiзiмi - азаматтарды кездейсоқ таңдау рәсiмiн жүргiзу үшiн негiз болатын, алқабиге кандидаттардың алдын ала бастапқы немесе алдын ала қосалқы тiзiмi;

      4) алқабиге кандидаттардың бастапқы тiзiмi - алқабиге кандидаттардың бiрыңғай тiзiмiн жасау кезiнде негiз болатын, ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) алқабиге кандидаттардың тiзiмi;

      5) алқабиге кандидаттардың бiрыңғай тiзiмi - азаматтардың тиiстi облыстық және оған теңестiрiлген сот төрағасы айқындайтын санын қамтитын, облыстан (республикалық маңызы бар қаладан, астанадан) алқабиге кандидаттардың негiзгi тiзiмi;

      6) алқабиге кандидаттардың қосалқы тiзiмi - алқабиге кандидаттардың бiрыңғай тiзiмiнiң ресурстарын пайдаланғаннан кейiн алқабилердi iрiктеу рәсiмiне алқабиге кандидаттарды тартуға арналған, облыс орталығында (республикалық маңызы бар қалада, астанада) тұрақты тұратын азаматтар қатарынан алқабиге кандидаттардың тiзiмi;

      7) алқабиге кандидаттардың қосымша тiзiмi - алқабиге кандидаттардың бiрыңғай және қосалқы тiзiмдерiнiң ресурстары болмаған жағдайда жасалатын облыстан (республикалық маңызы бар қаладан, астанадан) алқабиге кандидаттардың тiзiмi;

      8) кездейсоқ таңдау - iрiктеудiң кездейсоқтығын қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн технологияларды пайдалана отырып, алқабиге кандидаттардың алдын ала тiзiмiнен азаматтарды iрiктеу;

      9) облыстық және оған теңестiрiлген соттың қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшiн қажеттi азаматтар саны - соттардың алқабилердiң қатысуымен қарауына жататын iстердің жылдық орташа саны негiзiнде белгіленетiн азаматтардың болжамды саны.

2-бап. Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңынан, Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

3-бап. Алқабидiң мәртебесi

      1. Алқабилердiң құқықтық жағдайы осы Заңда айқындалады.

      2. Алқабиге Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнде белгіленген тәртіппен қылмыстық іс бойынша сот төрелігін жүзеге асыруға қатысу жөніндегі өкілеттіктер берілген.

      3. Қазақстан Республикасының алқабилері тең мәртебеге ие.

4-бап. Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерi

      1. Алқабилердi iрiктеу процесiне Қазақстан Республикасы азаматтарының қатысуын қамтамасыз ету мақсатында жергіліктi атқарушы органдар жыл сайын алқабиге кандидаттар iрiктелетiн жыл алдындағы жылдың 1 желтоқсанына алқабиге кандидаттардың бастапқы, бiрыңғай және қосалқы тiзiмдерiн жасайды.

      2. Жергiлiктi атқарушы органдар мемлекеттік органдардан, ұйымдар мен азаматтардан осы Заңның 10-бабында белгіленген, алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптарға азаматтардың сәйкес келуiн тексеру үшін қажет ақпаратты сұратуға құқылы. Жергiлiктi атқарушы органдардың сауалдарына жауаптар сауал алынған күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей олардың мекен-жайына жiберiлуге тиiс.

      3. Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерi әлiпбилiк тәртiппен жасалады. Тiзiмдерде алқабиге кандидаттың тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (жасы жиырма бесте болса - қосымша күнi мен айы) және тұрғылықты жерi көрсетiледi.

5-бап. Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiне енгізiлетiн азаматтардың саны

      1. Алқабиге кандидаттардың бастапқы, бiрыңғай және қосалқы тiзiмдерiне енгiзiлетiн азаматтардың саны тиiстi облыстық және оған теңестiрiлген сот төрағасы жыл сайын ұсынатын алқабиге кандидаттардың санына негiзделедi.

      2. Тиiстi облыстық және оған теңестiрiлген сот төрағасының ұсынуы сот талқылауына қатысу үшiн алқабиге кандидаттардың тiзiмдерi бойынша алқабилердi iрiктеу жүргiзілетiн жыл алдындағы жылдың 1 қыркүйегiнен кешiктiрiлмей облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергіліктi атқарушы органына жiберiлуге тиiс.

      3. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы жыл сайын, облыстық және оған теңестiрiлген сот төрағасының ұсынуын алған күннен бастап үш күн мерзiмнен кешiктiрмей, әрбiр ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) алқабиге кандидаттардың санын айқындайды және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органдарын алқабиге кандидаттардың саны туралы хабардар етедi.

6-бап. Алқабиге кандидаттардың бастапқы тiзiмдерiн жасау рәсiмi

      1. Алқабиге кандидаттардың бастапқы тiзiмiн жасау үшiн ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы:

      1) ауданнан алқабиге кандидаттардың саны туралы хабарламаны алған күннен бастап бiр ай мерзiмде әкімшілік-аумақтық бiрлiкте тұрақты тұратын азаматтар қатарынан тиiстi ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) сайлаушылар тiзiмдерiнiң негiзiнде, осы Заңның 10-бабында белгiленген алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптарға сай келмейтiн адамдарды сайлаушылар тiзiмдерiнен шығарып тастау арқылы алқабиге кандидаттардың алдын ала бастапқы тiзiмiн жасайды;

      2) алқабиге кандидаттардың алдын ала бастапқы тiзiмiн жасау аяқталған кезден бастап жетi күн мерзiм iшiнде азаматтардың жергiлiктi атқарушы органның үй-жайында алқабиге кандидаттардың алдын ала бастапқы тiзiмiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етедi, тiзiмдегi қателер мен дәлсiздiктер туралы өтiнiштердi қарайды және оған тиiстi өзгерiстер енгiзу туралы мәселелердi шешедi;

      3) тиiстi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы айқындаған санда, жеке-жеке әр аудан (облыстық маңызы бар қала) бойынша алқабиге кандидаттардың алдын ала бастапқы тiзiмiнен азаматтарды кездейсоқ таңдап алуды жүргiзедi;

      4) кездейсоқ таңдап алу нәтижелерi бойынша алқабиге кандидаттардың бастапқы тiзiмiн жасайды, оны жергiлiктi атқарушы органның мөрiмен бекiтедi және облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органына жiбередi.

      2. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жүзеге асыратын әрекеттерiне, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органның азаматтардың алқаби ретiнде қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысу үшiн iрiктеу рәсiмдерiне қатысуға құқықтарын бұзатын әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алқабиге кандидаттардың алдын ала бастапқы тiзiмiмен азаматтарды таныстыру мерзiмi аяқталған кезден бастапқы жетi күн мерзiмде сотқа шағым жасалуы мүмкiн.

      3. Осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген рәсiм ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органының шешiмдерiне шағым жасау мерзiмi аяқталғаннан кейiн жүргiзiледi.

      4. Осы бапта көзделген рәсiмдердi жүргiзудiң жалпы мерзiмi ауданнан алқабиге кандидаттардың саны туралы хабарлама алған күннен бастап екi айдан аспауға тиiс.

7-бап. Алқабиге кандидаттардың қосалқы тiзiмiн жасау рәсiмi

      1. Алқабиге кандидаттардың қосалқы тiзiмiн жасау үшiн облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы:

      1) облыс орталығында (республикалық маңызы бар қалада, астанада) тұрақты тұратын азаматтар қатарынан алқабиге кандидаттардың саны туралы облыстық және оған теңестiрiлген сот төрағасының ұсынуын алған күннен бастап бiр ай мерзiмде облыс орталығында не басқа тиiстi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) соты тұрақты орналасқан жерде тұрақты тұратын азаматтар қатарынан сайлаушылар тiзiмдерiнің негізінде, осы Заңның 10-бабында белгiленген алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптарға сай келмейтiн адамдарды сайлаушылардың мұндай тiзiмдерiнен шығарып тастау арқылы, алқабиге кандидаттардың алдын ала қосалқы тiзiмiн жасайды;

      2) алқабиге кандидаттардың алдын ала қосалқы тiзiмiн жасау аяқталған кезден бастап жетi күн мерзiм iшiнде азаматтардың жергiлiкті атқарушы органның үй-жайында алқабиге кандидаттардың алдын ала қосалқы тізiмiмен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етедi, тiзiмдегi қателер мен дәлсіздіктер туралы өтініштерді қарайды және оған тиісті өзгерiстер енгiзу туралы мәселелердi шешедi;

      3) алқабиге кандидаттардың алдын ала қосалқы тiзiмiнен алқабиге кандидаттардың бiрыңғай тiзiмiне енгізілетін азаматтар санының төрттен бiрiне тең санда азаматтарды кездейсоқ таңдап алуды жүргiзедi;

      4) кездейсоқ таңдап алу нәтижелерi бойынша алқабиге кандидаттардың қосалқы тiзiмiн жасайды, оны облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiліктi атқарушы органының мөрiмен бекiтедi.

      2. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органының осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жүзеге асыратын әрекеттерiне, сондай-ақ облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органының азаматтардың алқаби ретiнде қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысу үшiн iрiктеу рәсiмдерiне қатысуға құқықтарын бұзатын әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алқабиге кандидаттардың алдын ала қосалқы тiзiмiмен азаматтарды таныстыру мерзiмi аяқталған кезден бастап жетi күн мерзiмде сотқа шағым жасалуы мүмкiн.

      3. Осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген рәсiм облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органының шешiмдерiне шағым жасау мерзiмi аяқталғаннан кейiн жүргiзiледi.

      4. Осы бапта көзделген рәсiмдердi жүргiзудiң жалпы мерзiмi облыстық және оған теңестiрiлген сот төрағасының облыстан (республикалық маңызы бар қаладан, астанадан) алқабиге кандидаттардың саны туралы ұсынуын алған күннен бастап екi айдан аспауға тиiс.

8-бап. Алқабиге кандидаттардың бiрыңғай тiзiмiн жасау рәсiмi

      1. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы:

      1) алқабиге кандидаттардың бастапқы тiзiмдерiнiң негiзiнде алқабиге кандидаттардың бiрыңғай тiзiмiн жасайды;

      2) алқабиге кандидаттардың бiрыңғай және қосалқы тiзiмдерiн тиiсті облыстық және оған теңестiрiлген сотқа жiбередi.

      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген рәсiмдi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілiкті атқарушы органы облыстық және оған теңестiрiлген сот төрағасының облыстан (республикалық маңызы бар қаладан, астанадан) алқабиге кандидаттардың саны туралы ұсынуын алған күннен бастап үш ай мерзiмнен кешiктiрмей жүргізедi.

9-бап. Алқабиге кандидаттардың қосымша тiзiмi

      1. Алқабиге кандидаттардың бiрыңғай және қосалқы тiзiмдерiнiң ресурстары таусылған ерекше жағдайларда, облыстық және оған теңестiрiлген соттың төрағасы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасымен келiсе отырып, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органына азаматтардың талап етілетін қосымша саны туралы және осыған байланысты алқабиге кандидаттардың қосымша тiзiмiн жасау қажеттiгі туралы ұсыну жiберуге құқылы.

      2. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы облыстық және оған теңестiрiлген сот төрағасының ұсынуын алған күннен бастап он күн мерзімде осы Заңның 7-бабы 1-тармағы 3) тармақшасының талаптарына сәйкес азаматтардың талап етiлетiн санына қарай алқабиге кандидаттардың қосымша тiзiмдерiн жасайды және оларды тиiстi облыстық және оған теңестiрiлген сотқа жiбередi.

10-бап. Алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптар

      1. Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiне:

      1) алқабилердiң тiзiмдерiн жасау кезiнде жиырма бес жасқа толмаған;

      2) өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар;

      3) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдар;

      4) судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi;

      5) наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған адамдар енгізілмейді.

      2. Алқабиге кандидаттардың тізімдеріне азаматтарды енгiзуге шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бiр шек қоюға жол берiлмейдi.

      3. Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiнен:

      1) қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргізілетін тiлдi бiлмейтiн адамдар;

      2) өздерінің дене кемiстігі немесе психикалық кемiстiгi салдарынан алқабидiң мiндеттерiн атқаруға қабiлетсiз адамдар;

      3) алпыс бес жастан асқан адамдар;

      4) дiни қызметшiлер өздерiнiң жазбаша өтiніші бойынша алып тасталады.

11-бап. Азаматтардың құқықтары мен мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексi мен осы Заңда белгiленген тәртiппен алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптарға сай келетiн Қазақстан Республикасы азаматтарының қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысуы қамтамасыз етiлуге тиiс.

      2. Азаматтар осы Заңда белгiленген тәртіппен алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiмен танысуға құқылы.

      3. Азаматтар жергiлiктi атқарушы органдардың сауал салуы бойынша алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiн жасау үшiн қажеттi ақпаратты оларға беруге мiндеттi.

      4. Алқабиге кандидаттардың тізімдерін жасау үшiн қажеттi ақпаратты бермегенi, сондай-ақ дұрыс емес ақпарат бергенi үшiн азаматтар Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауаптылықта болады.

      5. Сот отырысының орны мен басталу уақыты туралы хабарлама алған азаматтар алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге міндетті. Азаматтың дәлелсiз себептермен келмей қалуы Қазақстан Республикасының заңында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

12-бап. Алқабиге кандидаттардың тізімдеріне енгiзбеу, заңсыз енгiзу немесе тiзiмнен шығарып тастау бойынша жергілікті атқарушы органдардың шешiмдеріне шағым жасау

      1. Азаматтар нақты адамдарды алқабиге кандидаттардың алдын ала бастапқы немесе алдын ала қосалқы тiзiмдерiне заңсыз енгiзу немесе енгiзбеу не оларды осы тiзiмдерден шығарып тастау туралы, сондай-ақ алқабиге кандидаттар жөнiндегi деректерде жiберiлген дәлсiздiктер туралы өтiнiшпен жергiлiктi атқарушы органдарға осы Заңда белгiленген тәртiппен жүгiнуге құқылы.

      2. Жергілiкті атқарушы органдар келiп түскен өтiнiштердi бес күн мерзiмде қарап, шешiм қабылдайды, оларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сотқа шағым жасалуы мүмкiн.

      3. Жергiліктi атқарушы органдар алқабиге кандидаттардың алдын ала тiзiмдерiн үнемi тексеруге және осы Заңның 10-бабының талаптарына сай келмейтiн адамдарды тiзiмдерден шығарып тастай отырып, қажет болған кезде оларға өзгерiстер енгiзуге мiндеттi.

      4. Сот адамды алқабиге кандидаттардың тiзiмiнен шығарып тастауды талап ететiн мән-жайларды анықтаған жағдайда, бұл туралы облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органына хабарлайды.

13-бап. Алқабидiң құқықтары, мiндеттерi және iстi қарауға байланысты iс-әрекеттерiндегi шектеулер

      1. Алқаби:

      1) өзінің iшкi нанымы бойынша iстiң мән-жайын өз бетiнше бағалауға және алқабилер алқасының алдына қойылатын сұрақтарға жауап беруге мүмкiндiк алу үшiн сотта қаралатын дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;

      2) процеске қатысушыларға төрағалық етушi арқылы сұрақтар қоюға;

      3) заттай дәлелдемелердi, құжаттарды тексерiп қарауға, жердi және үй-жайларды тексеріп қарау ісіне, сот тергеуiндегi барлық басқа да iс-әрекеттерге қатысуға;

      4) төрағалық етушiге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етiлген құжаттардың мазмұнын және iске қатысты, өзiне түсiнiксiз басқа да мәселелердi түсiндiрудi сұрап өтiнiш жасауға;

      5) сот отырысы кезiнде жазбалар жасауға құқылы.

      2. Алқаби:

      1) сот отырысында тәртiп сақтауға және төрағалық етушiнiң заңды өкiмдерiне бағынуға;

      2) алқабидiң мiндеттерiн атқару үшiн, сондай-ақ, егер сот отырысында үзiлiс жарияланған немесе істі тыңдау кейiнге қалдырылған жағдайда, сот талқылауын жалғастыру үшін сот көрсеткен уақытта келуге;

      3) сотқа келуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда, төрағалық етушiге келмеудiң себептерi туралы алдын ала хабарлауға мiндеттi.

      3. Алқаби:

      1) iстi тыңдау кезiнде сот отырысының залынан кетуге;

      2) iстi тыңдау кезiнде сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнің рұқсатынсыз iс бойынша сөйлесуге;

      3) iстi қарау барысында мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға;

      4) жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға құқылы емес.

      4. Алқабидiң өз мiндеттерiн атқармауы, сондай-ақ осы бапта көзделген шектеулердi сақтамауы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушінің алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндігіне әкеп соғады.

14-бап. Алқабидің анты

      1. Алқаби ретiнде қылмыстық сот iсін жүргiзуге қатысу үшiн Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен іріктелген адам мынадай мазмұнда ант қабылдайды:

      "Алқабидің міндеттерін атқаруға кірісе отырып, өз міндеттерімді адал және бейтарап атқаруға, сотта қаралған барлық дәлелдемелерді, дәлелдерді, істің мән-жайын назарыма алуға, ерікті азамат және әділ адам ретінде істі өзімнің ішкі нанымым мен ар-ожданым бойынша шешуге салтанатты түрде ант етемін".

      2. Алқаби "Ант етемiн" деген сөздердi айтумен антты қабылдауын растайды.

15-бап. Азаматтың алқаби мiндеттерiн атқару тәртiбi мен мерзiмдерi

      1. Iстi қарауға қатысу үшiн сотқа алқабиге кандидаттардың қажеттi санын шақыртуды алқабилердің қатысуымен қылмыстық iстi қарайтын соттың төрағалық етуші судьясының өкiмiне сәйкес сот отырысының хатшысы жүзеге асырады.

      2. Азаматтар сотта алқабидiң мiндеттерiн атқаруға күнтiзбелiк жыл iшiнде көп дегенде бiр рет, қылмыстық iс қаралатын барлық уақытқа шақырылады.

      3. Сотқа шақырылған, бiрақ алқабилер алқасының құрамына iрiктеп алынбаған адамдар басқа сот отырысына алқаби ретiнде қатысу үшiн тартылуы мүмкiн.

16-бап. Алқабидiң еңбегiне ақы төлеу. Алқабиге кандидаттар мен алқабилердiң шығыстарын төлеу. Алқабилердiң еңбек қатынастарындағы кепiлдiктерi

      1. Алқабиге облыстық және оған теңестiрілген соттың қызметiн материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк орган нақты iс қаралып болғаннан кейiн, ал егер iстi қарау созылатын болса, ай сайын бюджет қаражаты есебiнен облыстық және оған теңестiрілген сот судьясының лауазымдық жалақысының жартысы мөлшерiнде, бiрақ алқабидiң сотқа қатысу уақытына (жұмыс күнiнiң санына) барабар, оның негiзгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысынан кем емес мөлшерде сыйақы төлейдi.

      2. Алқабиге кандидатқа (алқабиге) iссапар шығыстары республикалық бюджет қаражаты есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелердiң қызметкерлерi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мөлшерде өтеледi.

      3. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқару уақыты еңбек стажын есептеген кезде есепке алынады.

      4. Алқабидің мiндеттерiн атқару кезiнде оның негiзгi жұмыс орны сақталады. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқаруы кезiнде оны жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi.

17-бап. Алқабидің тәуелсiздiгiне кепiлдiктер

      1. Алқаби сотта өз мiндеттерiн атқарған кезеңде оған судьялардың тәуелсiздiгiне заңдарда белгіленген кепiлдiктер қолданылады.

      2. Сотта мiндеттерiн атқару кезiнде алқабидiң тәуелсiздiгi:

      1) сот төрелiгiн жүзеге асырудың заңда көзделген рәсiмiмен;

      2) сот төрелiгiн жүзеге асыруға қатысу бойынша алқабидiң қызметiне кiмнiң болса да араласуына жауаптылық қаупi арқылы тыйым салумен қамтамасыз етiледi.

      3. Алқаби, оның отбасы мүшелерi және олардың мүлiктерi мемлекеттiң қорғауында болады. Қылмыстық iстi жүргiзетiн орган, егер сотта мiндеттерiн атқарушы алқабиден тиiсті өтiнiш келіп түссе, сондай-ақ аталған адамдардың қауiпсiздiгiне немесе олардың мүлiктерiнiң сақталуына қауiп төнудiң басқа да айғақтары анықталған жағдайларда, алқабидiң, оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, оларға тиесiлi мүлiктердiң сақталуын қамтамасыз ету бойынша қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi.

18-бап. Алқабиге өз мiндеттерiн атқаруына кедергі келтiретiн тұлғалардың жауаптылығы

      Алқабиге мiндеттерiн атқаруына кедергі келтiретiн тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.

19-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртiбi

      Осы Заң 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының
Президенті



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады