Байланыс формасы

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізуді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 16 қаңтардағы N 122 Заңы

       1-бап.  Қазақстан Республикасының мына заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:

      1. 1997 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасының  Қылмыстық кодексiне  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 15-16, 211-құжат; 1998 ж., N 16, 219-құжат; N 17-18, 225-құжат; 1999 ж., N 20, 721-құжат; N 21, 774-құжат: 2000 ж., N 6, 141-құжат; 2001 ж, N 8, 53, 54-құжаттар; 2002 ж., N 4, 32, 33-құжаттар; N 10, 106-құжат; N 17, 155-құжат; N 23-24, 192-құжат; 2003 ж., N 15, 137-құжат; N 18, 142-құжат; 2004 ж., N 5, 22-құжат; N 17, 97-құжат; N 23, 139-құжат; 2005 ж., N 13, 53-құжат; N 14, 58-құжат; 2005 жылғы 1 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" және 2005 жылғы 26 қарашада "Казахстанская правда" газеттерiнде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актілерiне зияткерлiк меншік құқықтары мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2005 жылғы 22 қарашадағы Қазақстан Республикасының  Заңы ):

      1) 340-бап "Судьяға," деген сөзден кейiн "алқабиге," деген сөзбен толықтырылсын;

      2) 341-баптың бiрiншi бөлiгiндегi "сол сияқты оның" деген сөздер "алқабиге, сол сияқты олардың" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 342-баптың екiншi бөлiгi "Судьяны" деген сөзден кейiн "және (немесе) алқабидi" деген сөздермен толықтырылсын;

      4) 343-баптың тақырыбы және бiрiншi бөлiгі "Судьяға,", "судьяға" деген сөздерден кейiн тиiсiнше "алқабиге", "немесе алқабиге" деген сөздермен толықтырылсын.

      2. 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының  Қылмыстық iс жүргiзу кодексiне  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 23, 335-құжат; 1998 ж, N 23, 416-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 6, 141-құжат; 2001 ж., N 8, 53-құжат; N 15-16, 239-құжат; N 17-18, 245-құжат; N 21-22, 281-құжат; 2002 ж., N 4, 32, 33-құжаттар; N 17, 155-құжат; N 23-24, 192-құжат; 2003 ж., N 18, 142-құжат; 2004 ж., N 5, 22-құжат; N 23, 139-құжат; N 24, 153, 154, 156-құжаттар; 2005 ж., N 13, 53-құжат; 2005 жылғы 1 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" және 2005 жылғы 26 қарашада "Казахстанская правда" газеттерiнде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне зияткерлiк меншiк құқықтары мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2005 жылғы 22 қарашадағы Қазақстан Республикасының  Заңы ):

      1) 7-бап мынадай мазмұндағы 7-1) тармақпен толықтырылсын:
      "7-1) алқаби - соттың қылмыстық iсті осы Кодексте белгіленген тәртiппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы;";

      2) 25-баптың бiрiншi бөлiгi мынадай мазмұндағы екiншi абзацпен толықтырылсын:
      "Алқаби дәлелдемелердi қаралған дәлелдемелердiң жиынтығына негiзделген өзiнің iшкi нанымы бойынша бағалайды, бұл ретте ар-ожданды басшылыққа алады.";

      3) 53-бап мынадай мазмұндағы 3-1-бөлiкпен толықтырылсын:
      "3-1. Егер сот алқабилердiң қатысуымен қарайтын қылмыстық iстiң материалдарында мемлекеттік құпияны құрайтын мәлiметтер болса, облыстық және оған теңестiрілген соттың қызметін материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттік орган төрағалық етушінің жазбаша өкiмi бойынша алқабилердің мемлекеттік құпияларға қол жеткiзуiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен рұқсат етудi ресiмдейдi.";

      4) 58-баптың екiншi бөлiгi "үш судья құрамында" деген сөздер "- үш судья құрамында, ал айыпталушының өтiніші болған кезде екi судья және тоғыз алқаби құрамында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) 73-баптың екiншi бөлігі "4)," деген цифрдан кейiн "5) (жазалау шарасы ретiнде өлiм жазасы тағайындалуы мүмкiн қылмыстарды жасаған адамды айыптау кезiнде)," деген сөздермен толықтырылсын;

      6) 82-баптың екiншi бөлiгінiң 1) тармағында:
      "судья" деген сөзден кейiн ", алқаби" деген сөзбен толықтырылсын;

      "өзiне" деген сөз "өздерiне" деген сөзбен ауыстырылсын;

      7) 90-баптың алтыншы бөлiгiнiң бiрiншi сөйлемi мынадай редакцияда жазылсын:
      "Қарсылық бiлдiру - сот тергеуi басталғанға дейiн, ал iстi алқабилердiң қатысуымен қараған жағдайда алқабилер алқасы құрылғанға дейiн мәлiмделуге тиiс.";

      8) 98-баптың тақырыбы және бiрiншi бөлігі "Судьялардың,", "Судья," деген сөздерден кейін тиісінше "алқабилердiң,", "алқаби," деген сөздермен толықтырылсын;

      9) 291-баптың екiншi бөлiгі "156-бабы" деген сөздерден кейiн "(екiншi бөлiгі)" деген сөздермен толықтырылсын;

      10) мынадай мазмұндағы 13-бөлiммен толықтырылсын:

"13-бөлiм. Алқабилердiң қатысуымен iстер бойынша iс жүргiзу

57-тарау. Жалпы ережелер

      542-бап. Алқабилердiң қатысуымен iстер бойынша iс
                жүргiзу тәртiбi

      Сот алқабилердiң қатысуымен қарайтын қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу осы бөлiмде белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Кодекстің ережелерiне сәйкес жүргiзiледi.

      543-бап. Облыстық және оған теңестiрiлген сотта
                алқабилердің қатысуымен соттың қарауына
                жататын iстер

      1. Сот алқабилердiң қатысуымен, осы Кодекстiң 291-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген әрекеттердi есi дұрыс емес күйiнде жасаған не оларды жасағаннан кейiн жан күйзелiсi ауруымен ауырған адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iстердi қоспағанда, осы Кодекстiң 291-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген қылмыстар туралы iстердi қарайды.
      2. Егер адам Қазақстан Республикасы  Қылмыстық кодексiнiң  бiрнеше бабында көзделген қылмыстар жасаған деп айыпталып жатса, егер қылмыстардың осындай жиынтығына осы Кодекстiң  291-бабының  екiншi бөлiгiнде көрсетiлген қылмыстардың ең болмағанда бiреуi кiрсе, айыпталушының өз iсiнiң сотта алқабилердiң қатысуымен қаралуына құқығы бар.
      3. Егер iс бойынша бiрнеше адам айыпталып жатса, егер олардың ең болмағанда бiреуi қылмыстық iстi алқабилердiң қатысуымен қарау туралы өтiнiш бiлдiрсе, алқабилердiң қатысуымен сотта оны қарау барлық сотталушыларға қатысты осы бөлiмде көзделген ережелер бойынша жүргiзiледi.

      544-бап. Алқабилер қатысатын сот құрамы

      Облыстық және оған теңестiрiлген сотта алқабилердің қатысуымен сот екi судьяның және тоғыз алқабидің құрамында әрекет етедi.

      545-бап. Алқабиге ықпал етуге жол бермеу

      Алқабилердiң қатысуымен бүкiл сот талқылауы барысында мемлекеттiк айыптаушыға, жәбiрленушiге, сотталушыға және оның қорғаушысына, сондай-ақ процестің басқа да қатысушыларына осы iстi қарауға қатысушы алқабилермен белгiлеген тәртіптен тыс араласуға тыйым салынады.

      546-бап. Соттың iстi алқабилердiң қатысуымен қарауы
                туралы өтiнiш

      1. Осы бөлiмде көзделген ережелерге сәйкес, қылмыстық сот iсiн жүргiзудi жүзеге асыру айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшi бойынша жүргiзiледi.
      2. Тергеушi алдын ала тергеу аяқталғаннан кейiн айыпталушыға iстiң барлық материалдарын таныстыру кезiнде оған соттың оның iсiн алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiш беру құқығын, сондай-ақ соттың алқабилердің қатысуымен шығарған үкiмiне шағым жасау және шағымды қарау ерекшелiктерiн қоса, осындай өтiнiштi қанағаттандырудың құқықтық салдарын түсiндiруге мiндеттi.
      3. Айыпталушы өзiне алдын ала тергеудiң аяқталғаны туралы хабарланған және iстiң барлық материалдары танысу үшiн ұсынылған кезде ғана аталған өтiнiштi беруге құқылы.
      4. Тергеушi айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы не өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауына құқығын пайдаланудан бас тартуы туралы өтiнішін айыпталушыға тергеу әрекеттерi мен оның құқығын түсiндiрудiң аяқталғандығын хабарлау жөнiндегi хаттамада көрсетуге мiндеттi.
      5. Бұдан әрi айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтiнiшi қабылданбайды.
      6. Айыпталушы алдын ала тыңдау жүргiзiлгенге дейiн және алдын ала тыңдау барысында өз iсiн алқабилердің қатысуымен қарау туралы мәлiмдеген өтінішінен бас тартуға құқылы. Айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтiнiшiнен бас тартуы алдын ала тыңдау барысында өтініш расталғаннан кейін қабылданбайды.

58-тарау. Сот отырысын тағайындаудың ерекшелiктерi

      547-бап. Сот отырысын соттың iстi алқабилердiң
                қатысуымен қарауы туралы өтiнiш болған кезде
                тағайындау

      Айыпталушының iстi соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшi болған кезде судья алдын ала тыңдау жүргiзедi.

      548-бап. Алдын ала тыңдау жүргiзудiң ерекшелiктерi

      1. Судья алдын ала тыңдауды мiндеттi түрде прокурордың, соттың iстi алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiш бiлдiрген сотталушының және оның қорғаушысының қатысуымен жабық сот отырысында жеке дара жүргiзедi.
      2. Егер iс бойынша сотталушылардың ең болмағанда бiреуiнiң iстi соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшi болса, алдын ала тыңдау iс бойынша барлық сотталушылардың және олардың қорғаушыларының қатысуымен жүргiзiледi.
      3. Судья сот отырысы басталарда қай iстiң қарауға жататынын жариялайды, отырысқа қатысушы адамдарға өзiн таныстырады, кiмнiң мемлекеттiк айыптаушы, қорғаушы, хатшы екенiн хабарлайды, сотталушының жеке басын анықтайды, мәлiмделген қарсылықтарды шешедi. Мемлекеттiк айыптаушы айыптау қорытындысының қарар бөлiгiн жария етедi. Судья сотталушыға айыптаудың түсiнiктi болғанын-болмағанын анықтайды, қажет жағдайларда оған айыптаудың мәнiн түсiндiредi және ол iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы берген өз өтiнiшiн растайтынын-растамайтынын сұрайды.
      4. Егер сотталушы iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өз өтiнiшiн растаса, онда судья осы өтiнiштiң қанағаттандырылғаны туралы шешiм қабылдайды және мемлекеттiк айыптаушы, жәбiрленушi, сотталушы және оның қорғаушысы мәлiмдеген басқа өтiнiштердi қарауға көшедi.
      5. Қажет жағдайда дәлелдемелер ретiнде пайдалануға болатындығын тексеру үшiн iс материалдары алдын ала тыңдауда жария етілуі мүмкiн.
      6. Егер сотталушы iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өз өтiнiшiн растамаса, осы Кодекстiң  301-бабының  бiрiншi бөлiгiнде көзделген басқа да негiздер болмаған кезде, судья алдын ала тыңдау аяқталды деп жариялайды. Iстi бұдан әрi жүргiзу осы Кодекстiң  40-тарауында  көзделген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
      7. Судьяның iстi соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы қаулысы түпкiлiктi болып табылады. Қаулы бұдан әрi iстi соттың алқабилердiң қатысуымен қарауынан сотталушының бас тарту себептерi бойынша қайта қаралмауға тиiс.

      549-бап. Алқабилердiң қатысуымен сот отырысын
                тағайындау кезiнде алдын ала тыңдау тәртiбiмен
                шығарылатын шешiмдердiң ерекшеліктерi

      1. Алдын ала тыңдау қорытындылары бойынша судья осы Кодекстiң  302 -307-баптарында көзделген шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.
      2. Судья сот отырысын тағайындау туралы қаулыда сот iстi алқабилердiң қатысуымен қарайтындығын көрсетедi және осы сот отырысына шақырылуға тиiс алқабиге кандидаттардың санын анықтайды, олардың саны жиырма бестен кем болмауға тиiс.
      3. Судья алдын ала тыңдау нәтижелерi бойынша, осы Кодекстiң  116-бабына  сәйкес, iс материалдарынан дәлелдемелер ретінде жол беруге болмайды деп танылған нақты деректердi алып тастайды.

      550-бап. Сот талқылауына қатысу үшiн алқабиге
                кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдаудың
                тәртiбi

      1. Iстi соттың алқабилердiң қатысуымен қарауын тағайындау туралы қаулы шығарылғаннан кейiн судья сот отырысының хатшысына, алқабилерге iрiктеу үшiн, осы сот отырысына саны қаулыда көрсетiлген алқабиге кандидаттардың келуiн қамтамасыз ету туралы өкiм бередi.
      2. Басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейiн төрағалық етушiнiң өкiмi бойынша сот отырысының хатшысы соттағы бiрыңғай және қосалқы (жылдық) тiзiмдерден алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдауды жүргiзедi.
      3. Бiр адам алқаби ретiнде сот отырыстарына жылына бiр реттен артық қатыса алмайды.
      4. Қылмыстық iстi қарауға қатысу үшiн алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдау аяқталғаннан кейiн, олардың тегi, аты, әкесiнiң аты және мекенжайы көрсетiле отырып, алдын ала тiзiм жасалады, оған сот отырысының хатшысы қол қояды.
      5. Алдын ала тiзiмге енгiзiлген алқабиге кандидаттарға, сот талқылауы басталғанға дейiн жетi тәулiктен кешiктiрiлмей сотқа келетiн күнi мен уақыты көрсетілген хабарлама тапсырылады.
      6. Хабарлама алған азаматтар алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге мiндеттi.

59-тарау. Сот талқылауына қатысу үшiн алқабиге
кандидаттарды iрiктеу

      551-бап. Жалпы ережелер

      1. Кандидаттар арасынан алқабилерді iрiктеу осы Кодекстiң  331 -344-баптарының талаптары орындалғаннан кейiн:
      1) төрағалық етушiнің алқабиге кандидаттарды iстi қарауға қатысудан босатуы;
      2) өздiгiнен бас тарту туралы мәселелердi шешу;
      3) қарсылық бiлдiру туралы мәселелердi шешу;
      4) алқабиге кандидаттарға дәлелсiз қарсылық білдiру арқылы жүзеге асырылады.
      2. Сот отырысының хатшысы төрағалық етушiге алқабиге кандидаттардың сот отырысына келуi туралы баяндайды және алқабиге кандидаттың әрқайсысына оның тегiн көрсете отырып билет жазып бередi.
      3. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттардың алдында:
      1) өзiн таныстырып;
      2) тараптарды таныстырып;
      3) қандай iс қаралуға жататынын хабарлап;
      4) алқабилердiң мiндеттерi мен олардың осы қылмыстық iстi қарауға заңға сәйкес қатысу тәртiбi туралы хабарлап, қысқаша сөз сөйлейдi.
      4. Алқабиге кандидатты iстi қарауға қатысудан босату туралы мәселенi объективтi шешу мақсатында төрағалық етушi алқабилердi iрiктеу кезiнде кандидаттарға жазбаша нысанда прокурор, жәбiрленушi, айыпталушы және оның қорғаушысы ұсынған сұрақтарды, сондай-ақ өзiнiң қалауы бойынша, алқабилер алқасын құру үшiн маңызы бар басқа да сұрақтар қоюы мүмкiн.
      5. Алқабиге кандидат iстi қарауға қатысу үшiн iрiктеу кезiнде төрағалық етушi қойған сұрақтарға шын жауап беруi, сондай-ақ оның талабы бойынша өзi туралы және iске қатысушы басқа адамдармен қатынастары туралы қажеттi өзге де ақпараттар беруге тиiс.
      6. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiн кемсiтетiн сұрақтар қоймайды.
      7. Алқабиге кандидатты iстi қарауға қатысудан босатуға байланысты барлық мәселелердi, сондай-ақ өздiгiнен бас тартуларды және алқабиге кандидаттарға мәлiмделген қарсылық білдiрулердi төрағалық етушi кеңесу бөлмесiне кетпей жеке-дара шешедi.
      8. Егер сотқа шақырылған алқабиге кандидаттардың жиырма бесiнен азы келсе не сот талқылауына қатысудан олардың кейбiреулерiн босатқаннан кейiн немесе төрағалық етушi судья өздiгiнен бас тартулар мен қарсылық білдiрулердi қанағаттандырғаннан кейiн олар он алтыдан азайып қалса, төрағалық етушi сот отырысының хатшысына алқабиге кандидаттар құрамының жетiспейтiн санын қосалқы тiзiмнен толықтыру туралы өкiм етедi. Бұл жағдайда алқабиге қосалқы кандидаттарды шақыру үшiн сот отырысында үзiлiс жарияланады.

      552-бап. Төрағалық етушiнiң алқабиге кандидаттарды iстi
                қарауға қатысудан босатуы

      1. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттарға олардың осы Кодексте белгiленген мiндеттерiн түсiндiредi, содан кейiн алқабиге кандидаттардан алқаби ретiнде iстi қарауға қатысуда оларға кедергi келтiретiн мән-жайлардың бар-жоғы туралы сұрайды.
      2. Төрағалық етушi:
      1) қылмыс жасады деген күдiктiлердi немесе айыпталушыларды;
      2) сотта ілеспе аударма қамтамасыз етiлмеген кезде, сот iсi жүргiзiлетiн тiлдi бiлмейтiн адамды;
      3) сот отырысына толыққанды қатысуын қамтамасыз етуге ұйымдастырушылық не техникалық мүмкiндiктер болмаған кезде мылқау, саңырау, зағип және мүгедек болып табылатын басқа да адамдарды алқаби мiндеттерiн атқарудан босатады.
      3. Төрағалық етушi судья алқабилердің ауызша немесе жазбаша өтiнiшi бойынша:
      1) алпыс бес жастан асқан адамдарды;
      2) үш жасқа толмаған балалары бар әйелдердi;
      3) өзiнiң дiни нанымына байланысты сот төрелiгiн жүзеге асыруға қатысу өзi үшiн мүмкiн емес деп есептеген адамдарды;
      4) қызметтiк мiндеттерiн атқарудан алаңдатылуы қоғамдық және мемлекеттiк мүдделерге едәуiр зиян келтiруi мүмкiн адамдарды (дәрiгерлер, мұғалімдер, әуежолдарының пилоттары және басқалар);
      5) сот отырысына қатыспау үшін дәлелді себептері бар өзге де адамдарды алқаби міндеттерін атқарудан босата алады.
      4. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттардан сотта қаралатын iстiң мән-жайлары туралы олардың хабардарлығын анықтайды.
      5. Төрағалық етушi кез келген алқабиге кандидатты осы адамға заңсыз көрсетілген ықпал ету, онда ағат пiкiр болуы, ол iстің мән-жайын iс жүргiзу көздерiнен емес, басқа көздерден бiлуi салдарынан оның объективтiлігiне негiздi күмән келтiрiлсе, сондай-ақ алқабиге кандидаттың алқаби ретiнде iстi қарауға қатысуы кезiнде объективтi болмау мүмкiндiгiн көрсететiн басқа да себептермен iс бойынша алқабидiң мiндеттерiн атқарудан босатады.

      553-бап. Алқабиге кандидаттардың өздiгiнен бас тартуы
                туралы мәселелердi шешу

      Төрағалық етушi алқабиге кандидаттардың қайсы бiрiн iстi қарауға қатысудан босату үшiн заңда көзделген себептердiң бар-жоғы туралы сұрайды. Келген алқабиге кандидаттардың әрқайсысы оның алқаби мiндеттерiн орындауына кедергi келтiретiн дәлелдi себептердi көрсетуге, сондай-ақ өздiгiнен бас тартуын мәлiмдеуге құқылы.

      554-бап. Алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiру туралы
                мәселелердi шешу

      Алқабиге кандидаттардың әрқайсысына, егер:
      1) алқабиге кандидат осы iс бойынша жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер болып табылса, куә ретiнде шақырылса не шақырылуы мүмкiн болса;
      2) алқабиге кандидат осы қылмыстық iс бойынша сарапшы, маман, аудармашы, куәгер, сот отырысының хатшысы, анықтаушы, тергеушi, прокурор, қорғаушы, айыпталушының заңды өкiлi, жәбiрленушiнiң өкілі, азаматтық талапкер немесе азаматтық жауапкер ретiнде iс жүргiзуге қатысса;
      3) алқабиге кандидат жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң, азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң, айыпталушының немесе оның заңды өкілінiң, прокурордың, қорғаушының, тергеушiнiң немесе анықтаушының туысы немесе жекжаты (аға-iнiсi, апа-қарындасы, ата-анасы және ерлi-зайыптылардың баласы) болып табылса;
      4) алқабиге кандидат осы iске жеке, тiкелей немесе жанама мүдделi деп санауға негiз беретiн өзге де мән-жайлар болса, прокурордың, жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң, азаматтық жауапкердiң және олардың өкілдерiнiң, сотталушының және оның қорғаушысының қарсылығы мәлiмделуге тиiс.

      555-бап. Алқабиге кандидаттарға дәлелсiз қарсылық
                бiлдiру

      1. Егер осы Кодекстiң 554-бабының талаптарын орындау нәтижесiнде сот отырысына қатысу үшiн алқабиге кандидаттардың он алтыдан астамы қалса, төрағалық етушi қалған алқабиге кандидаттардың санын жариялайды, бұдан кейiн олардың тегi көрсетiлген билеттердi жәшiкке салады, билеттердi араластырады және жәшiкте он алты билет қалу үшiн одан қанша қажет болса сонша билеттi алады.
      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiндегi талаптарды орындағаннан кейiн төрағалық етушi мемлекеттiк айыптаушы, сондай-ақ сотталушы және (немесе) оның қорғаушысы дәлелсiз қарсылықты жүргiзу үшiн қалған, алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiлген он алты билеттi бередi, нәтижесiнде алқабиге он бiр кандидат қалуға тиiс.
      3. Мемлекеттiк айыптаушы, сотталушы және оның қорғаушысы төрағалық етушi арқылы алқабиге кандидаттардың кейбiреуiнiң өзiн таныстыруын сұрауға құқылы.
      4. Егер iске бiр сотталушы қатысса, дәлелсiз қарсылық бiлдiрудi алқабиге екi кандидатқа - мемлекеттiк айыптаушы, содан кейiн алқабиге үш кандидатқа сотталушы және (немесе) оның қорғаушысы көрсетiлген кезектiлікпен жүргiзедi.
      5. Егер iске бiрнеше сотталушы қатысса, мемлекеттiк айыптаушы әрi кеткенде алқабиге екi кандидатқа қарсылық бiлдiруге құқылы. Бұл ретте, алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiру - сотталушылардың өзара келiсiмi бойынша, ал, осындай келiсiм болмаған жағдайда, егер мүмкiн болса, қарсылық білдiрiлетiн алқабиге кандидаттардың санын олардың арасында тең бөлу арқылы жүргiзiледi.
      6. Осы баптың бесiншi бөлiгiндегi талаптарды орындау мүмкiн болмаған жағдайда бiрнеше сотталушының алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiруi барлық сотталушының тегi көрсетiлген билеттердi жәшiкке салып, жеребе тастау арқылы жүргiзiлуге тиiс. Жеребе тастау қарсылық бiлдiрiлмеген алқабиге кандидаттардың санына тең санда жүргiзiледi. Төрағалық етушi сотталушының тегi көрсетiлген билеттi жәшiктен неше рет алса, сотталушы алқабиге кандидаттарға сонша рет қарсылық бiлдiруге құқылы.
      7. Сотталушылардың кейбiрiнiң алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiру құқығынан бас тартуы басқа сотталушылардың алқабиге кандидаттардың кемiнде он бiрi қалғанға дейiн оларға қарсылық бiлдiру құқықтарына қандай да бiр шек қоюға әкеп соқпайды.
      8. Мемлекеттiк айыптаушы, сотталушы немесе оның қорғаушысы алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiлген билеттерге дәлелдерiн көрсетпей-ақ, қолдары қойылған "қарсылық бiлдiру" деген жазу арқылы алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiруi мүмкiн.
      9. Сотталушы өзiнің қорғаушысына алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiру құқығын жүзеге асыруды тапсыруға құқылы. Егер сотталушы өзiнiң алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiру құқығынан бас тартса, онда қорғаушы оның келiсiмiнсiз алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiруге өз бетiнше қатысуға құқылы емес.
      10. Сотталушы немесе, егер iске бiрнеше сотталушы қатысса, барлық сотталушы өзiнiң қарсылық бiлдiру құқығынан бас тартқан жағдайда алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiру жеребе тастау арқылы жүргiзiледi, оның барысында төрағалық етушi не сот отырысының хатшысы қанша алқабиге кандидатқа қарсылық бiлдiрілуі мүмкiн болса, сонша қарсылық бiлдiрiлмеген алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiлген билеттердi жәшiктен алып тастайды.
      11. Тараптар дәлелсiз қарсылық бiлдiрген алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiле отырып, билеттер iстiң материалдарына тігіледі.

      556-бап. Жеребе тастау арқылы алқабилер алқасын құру

      1. Сотта iстi қарайтын алқабилер алқасы негізгі құрамның (алқабилер алқасының құрамын құрайтын) тоғыз және екi қосалқы алқаби құрамында жеребе тастау арқылы құрылады.
      2. Алқабилер алқасын құру үшiн төрағалық етушi қарсылық білдiрілмеген алқабиге кандидаттардың тегiн көрсете отырып, билеттердi жәшiкке салады, оларды араластырады және бiр-бiрлеп он бiр билеттi алады, әр алған сайын билетте көрсетілген алқабиге кандидаттың тегiн жариялайды. Егер жәшiктен алынған және қалған билеттер қарсылық бiлдiрiлмеген алқабиге кандидаттардың жалпы санын құраса, сондай-ақ, егер алқабилер алқасын құрудың дұрыстығына әсер ететiн қандай да бiр бұзушылыққа жол берiлмесе, онда алқабилер алқасы құрылды деп танылады. Бұл ретте, жеребе тастау арқылы iрiктелген алғашқы тоғыз алқаби - негiзгi құрамның алқабиi, ал соңғы екеуi қосалқы алқаби деп есептеледi.
      3. Қарсылық білдiру туралы мәселенi шешу кезiнде немесе алқабилер алқасын құру кезiнде оның құрылуының дұрыстығына әсер еткен қандай да бiр бұзушылыққа жол берiлсе, сондай-ақ бiр немесе одан да көп алқабиге мемлекеттiк құпияға рұқсат етуден бас тартылған жағдайда, төрағалық етушi алқабилер алқасының құрылуын жарамсыз немесе ол құрылған жоқ деп жариялайды және алқабиге кандидаттарға толық көлемiнде қайта iрiктеy жүргiзедi.
      4. Сот отырысының хатшысы жеребе тастау арқылы iрiктелген он бiр алқабидiң тегiн жәшiктен билеттер қалай алынса, сол тәртiппен сот отырысының хаттамасына енгiзедi. Жеребе тастау арқылы iрiктелген алқабилердiң тегi көрсетiле отырып, билеттер iс материалдарына тiгiледi.

      557-бап. Алқабилердiң сот талқылауына қатысуының жалпы
                шарттары

      1. Алқабилер алқасын құру аяқталғаннан кейiн төрағалық етушi алқабилердiң негiзгi құрамына, жеребе тастау арқылы анықталған тәртiпке сәйкес, оларға бөлiнген алқабилер орындығынан орын алуды ұсынады. Алқабилердiң орындығы сот отырысы залында қатысып отырғандардан бөлек болуы және әдетте сотталушылар орындығына қарама-қарсы орналасуға тиiс. Қосалқы екi алқаби олар үшiн арнайы бөлiнген алқаби орындығына орналасады.
      2. Алқабилер және қосалқы алқабилер, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, сот отырысының залында сот талқылауы кезiнде тұрақты қатысады.
      3. Егер сот талқылауы барысында, бiрақ алқабилер мен судьялар шешiм шығару үшiн кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін, алқабилердің біреуінің сот отырысына одан әрi қатыса алмайтындығы немесе төрағалық етушi оны сот отырысына қатысудан шеттеткенi анықталса, онда ол қосалқы алқабилердің тегі көрсетілген билет жәшiктен қандай тәртiппен алынса, сол тәртіппен қосалқы алқабимен ауыстырылады. Егер шығып қалған алқабилердi қосалқы алқабилермен ауыстыру мүмкiндiгi таусылған болса, төрағалық етушi өткен сот талқылауын жарамсыз деп жариялайды және сот талқылауын, осы Кодекстiң 550-бабына сәйкес, алқабиге кандидаттарды алдын ала таңдау кезеңiне қайтарады.
      4. Егер алқабилердiң бiреуiнiң сот отырысына қатысу мүмкiндiгiнiң жоқтығы кеңесу бөлмесiне кеткеннен кейiн анықталса, онда судьялар мен алқабилер сот отырысы залына кiрiп, алқабидi ауыстыруға және қайтадан кеңесу бөлмесiне кетуге тиiс.
      5. Кез келген алқаби, осы Кодекстiң 559-бабының төртiншi бөлiгiмен белгiленген шектеулердi сақтамаған жағдайда, iстi қараудың кез келген кезеңiнде iске одан әрi қатысудан шеттетiлуi мүмкiн.
      6. Алқабидi шеттетудi тараптардың қатысуымен төрағалық етушi жүзеге асырады, бұл туралы сот отырысының хаттамасында жазба жасалады.

      558-бап. Алқабилердiң ант қабылдауы

      1. Алқабилер алқасы құрылып болғаннан кейiн төрағалық етушi немесе сот отырысының хатшысы сот отырысының залында қатысып отырғандардың барлығына орындарынан тұруды ұсынады. Төрағалық етушi алқабилерге ант қабылдау ұсынысымен өтiнiш жасайды.
      2. Алқаби ретінде қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысу үшiн осы Кодексте белгiленген тәртіппен iрiктелiп алынған адам мынадай мазмұнда ант қабылдайды: "Алқабидiң мiндеттерiн атқаруға кiрiсе отырып, өз мiндеттерiмдi адал және бейтарап атқаруға, сотта қаралған барлық дәлелдемелердi, дәлелдердi, iстiң мән-жайын назарыма алуға, ерiктi азамат және әдiл адам ретiнде iстi өзiмнiң ішкi нанымым мен ар-ожданым бойынша шешуге салтанатты түрде ант етемiн".
      3. Алқаби "Ант етемiн" деген сөздерді айтумен антты қабылдауын растайды.
      4. Алқабилердiң ант қабылдағаны туралы сот отырысының хаттамасына жазба жасалады.

60-тарау. Алқабилердiң қатысуымен соттың iстi талқылау
ерекшелiктерi

      559-бап. Алқабилердiң құқықтары, мiндеттерi және iстi
                қарауға байланысты iс-әрекеттерiндегi
                шектеулер

      1. Төрағалық етушi алқабилерге олардың құқықтарын, мiндеттерiн және iсті қарауға байланысты iс-әрекеттерiне шектеулердi түсiндiредi, сондай-ақ мiндеттердi бұзу және шектеулердi сақтамаудың салдарлары туралы ескертедi.
      2. Алқаби:
      1) өзiнiң iшкi нанымы бойынша iстiң мән-жайын өз бетiнше бағалауға және алқабилер алқасының алдына қойылатын сұрақтарға жауап беруге мүмкiндiк алу үшiн сотта қаралатын дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;
      2) процеске қатысушыларға төрағалық етушi арқылы сұрақтар қоюға;
      3) заттай дәлелдемелердi, құжаттарды тексерiп қарауға, жердi және үй-жайларды тексерiп қарау iсiне, сот тергеуiндегi барлық басқа да iс-әрекеттерге қатысуға;
      4) төрағалық етушiге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етілген құжаттардың мазмұнын және iске қатысты, өзiне түсiнiксiз басқа да мәселелердi түсiндiрудi сұрап өтiнiш жасауға;
      5) сот отырысы кезiнде жазбалар жасауға құқылы.
      3. Алқаби:
      1) сот отырысында тәртiп сақтауға және төрағалық етушiнiң заңды өкiмдерiне бағынуға;
      2) алқабидiң мiндеттерiн атқару үшiн, сондай-ақ, егер сот отырысында үзілiс жарияланған немесе iстi тыңдау кейiнге қалдырылған жағдайда, сот талқылауын жалғастыру үшiн сот көрсеткен уақытта келуге;
      3) сотқа келуге мүмкiндiгі болмаған жағдайда, төрағалық етушiге келмеудiң себептерi туралы алдын ала хабарлауға мiндеттi.
      4. Алқаби:
      1) iстi тыңдау кезiнде сот отырысының залынан кетуге;
      2) iстi тыңдау кезiнде сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнiң рұқсатынсыз iс бойынша сөйлесуге;
      3) iстi қарау барысында мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға;
      4) жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға құқылы емес.
      5. Алқабидiң өз мiндеттерiн атқармауы, сондай-ақ осы бапта көзделген шектеулердi сақтамауы Қазақстан Республикасының заңында белгiленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушiнің алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндiгiне әкеп соғады.

      560-бап. Алқабилер қатысатын соттың құзыретi

      1. Алқабилердiң қатысуымен соттың iстi талқылауы кезiнде осы Кодекстің  371-бабы  бiрiншi бөлiгiнiң 1)-8), 14) тармақтарында көзделген мәселелер шешiледi.
      2. Егер сот талқылауы барысында осы Кодекстiң  116-бабына  сәйкес дәлелдемелер ретiнде пайдалануға жол берiлмейтiн iс жүзiндегі деректер анықталатын болса, төрағалық етушi оларды дәлелдемелер қатарынан алып тастау туралы мәселенi шешуге, ал мұндай дәлелдемелер зерттелген жағдайда олардың заңды күшi жоқ деп тануға, ал оларға жасалған зерттеулердi жарамсыз деп тануға мiндеттi.
      3. Тараптар төрағалық етушiнiң рұқсатынсыз алқабилер қатысатын сотта iстiң талқылануынан алып тасталған дәлелдемелердiң бар екенi туралы еске салуға, өздерiнiң ұстанымдарына негiздеме үшiн оларға сiлтеме жасауға құқылы емес. Судьялар алқабилердi дәлелдемелер ретiнде пайдалануға жол берiлмейтiн iс жүзiндегi деректермен таныстыруға тиiс емес.

      561-бап. Алқабилер қатысатын сотта iстiң қысқартылуы

      Төрағалық етушi iстi соттың алқабилердiң қатысуымен талқылауының кез келген кезеңiнде, егер сот талқылауы кезiнде осы Кодекстiң  37-бабының  бiрiншi бөлiгінде көзделген мән-жайлар анықталса, сондай-ақ мемлекеттiк айыптаушы осы Кодекстiң  317-бабының  жетiншi бөлiгiне сәйкес айыптаудан бас тартқан кезде қысқартады.

      562-бап. Алқабилер қатысатын сотта сот тергеуiнің
                ерекшелiктерi

      1. Алқабилер қатысатын соттың сот тергеуi осы Кодекстiң  345 -359,  362-баптарында  белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
      2. Мемлекеттiк айыптаушы айыптау қорытындысының қарар бөлiгiн жариялаған кезде сотталушының сотталғандығы туралы фактiлердi еске салуға құқылы емес.
      3. Тараптар сотталушыдан, жәбiрленушiден, куәлардан және сарапшылардан жауап алғаннан кейiн алқабилер төрағалық етушi арқылы осы адамдарға сұрақтар қоя алады. Алқабилер сұрақтарды жазбаша түрде жасап, төрағалық етушiге бередi.
      4. Төрағалық етушi iске қатысы жоқ, сондай-ақ мегзеу немесе тiл тигiзу сипатында деп есептеген сұрақтарды қабылдамай тастауға құқылы.
      5. Тараптар алқабилер алқасының қатысуынсыз, судьялар бұрын iс талқылауынан алып тастаған дәлелдемелердi, бұл ретте олардың мәнiн баяндамай-ақ, зерттеу туралы өтінiш беруi мүмкiн. Осындай өтiнiшке байланысты iс бойынша сот талқылауына қатысушылардың пiкiрiн тыңдауды судьялар жүргiзедi.
      6. Сотталушының бұрынғы сотталғандығына байланысты, оны құнықпа маскүнем немесе нашақор деп тану туралы мән-жайлар, сондай-ақ алқабилердiң сотталушыға қатысты терiс түсiнiгiн туғызатын мән-жайлар зерттелуге жатпайды.

      563-бап. Алқабилер қатысатын соттағы тараптардың
                жарыссөздерi

      1. Сот тергеуi аяқталғаннан кейiн алқабилердің қатысуымен сот тараптардың жарыссөздерiн тыңдауға көшедi. Алқабилер қатысатын сотта тараптардың жарыссөздерi екi бөлiктен тұрады.
      2. Жарыссөздердiң бiрiншi бөлiгi мемлекеттiк айыптаушының, жәбiрленушiнiң, қорғаушының және сотталушының сөздерiнен тұрады, олар сотталушының бұрынғы сотталғандығын еске салмай оның кiнәсiнiң дәлелденуi немесе дәлелденбеуi жөнiндегi өз ұстанымдарын баяндайды.
      3. Тараптар алқабилер қатысқан соттың қарауына жатпайтын мән-жайларды еске салмауға және сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сілтеме жасамауға тиiс. Төрағалық етушi мұндай сөздердi үзiп тастайды және алқабилердiң үкiм шығару кезiнде осы мән-жайларды есепке алмауға тиiс екендiгiн оларға түсiндiредi.
      4. Жарыссөздердiң екiншi бөлiгі мемлекеттiк айыптаушының, сондай-ақ жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің және жауапкердің немесе олардың өкілдерінің, қорғаушының және сотталушының сөздерiнен тұрады, оларда сотталушының iс-әрекетiн дәрежелеу, жаза тағайындау, азаматтық талап мәселелерi бойынша ұстанымдары баяндалады. Жарыссөздердiң екiншi бөлiгi алқабилердiң қатысуынсыз өткiзiледi.

      564-бап. Алқабилер қатысатын соттағы репликалар және
                сотталушының соңғы сөзi

      1. Алқабилер қатысатын сотта сөз сөйленiп болған соң тараптар жарыссөзiне қатысушылардың бәрiнiң реплика айтуға құқығы бар. Соңғы реплика айту құқығы қорғаушыға тиесілі.
      2. Сотталушыға осы Кодекстiң  365-бабына  сәйкес соңғы сөз берiледi.

      565-бап. Алқабилер қатысатын соттың шешуіне жататын
                сұрақтардың қойылуы

      1. Екiншi судьяның қатысуымен төрағалық етушi сот тергеуiнің нәтижелерiн, тараптардың жарыссөздерiн ескере отырып, алқабилер қатысатын соттың шешуiне жататын сұрақтарды жазбаша түрде тұжырымдайды, оларды оқиды және тараптарға бередi.
      2. Тараптар сұрақтардың мазмұны мен тұжырымдалуы бойынша өздерiнiң ескертпелерiн айтуға және жаңа сұрақтар қою туралы ұсыныстар енгiзуге құқылы.
      3. Сұрақтарды талқылау және тұжырымдау уақытында алқабилер сот отырысы залынан шығып кетедi.
      4. Тараптардың ескертпелерi мен ұсыныстарын ескере отырып, төрағалық етушi кеңесу бөлмесiнде алқабилер қатысатын соттың шешуiне жататын сұрақтарды түпкiлiктi тұжырымдайды, оларды сұрақ парағына енгiзедi және оған қол қояды.
      5. Сұрақ парағы алқабилер мен тараптар қатысып отырған кезде дауыстап оқылады.

      566-бап. Алқабилер қатысатын соттың шешуiне жататын
                сұрақтардың мазмұны

      1. Сотталушы жасаған деп айыпталатын әрекеттердiң әрқайсысы бойынша:
      1) әрекеттiң орын алғаны дәлелдендi ме;
      2) бұл әрекеттi сотталушының жасағаны дәлелдендi ме;
      3) бұл әрекеттiң жасалуына сотталушы кiнәлi ме деген үш негiзгi сұрақ қойылады.
      2. Сотталушының кiнәлiлiгi туралы негiзгi сұрақтан кейiн кiнәлiлiк дәрежесiн арттыратын немесе төмендететiн не оның сипатын өзгертетiн, сотталушыны жауаптылықтан босатуға әкеп соқтыратын мән-жайлар туралы жеке сұрақтар қойылуы мүмкiн. Қажет болған жағдайларда қылмыстық ниеттiң жүзеге асырылу дәрежесi, әрекеттiң соңына дейiн жеткiзiлмеуiне әсер еткен себептер, сотталушылардың әрқайсысының қылмыстың жасалуына қатысу дәрежесi мен сипаты туралы сұрақтар да жеке қойылады. Егер қойылатын сұрақтар сотталушының қорғану құқығын бұзбаса, сотталушының онша ауыр емес қылмыс жасаудағы кiнәсiн анықтауға мүмкiндiк беретiн сұрақтар қоюға жол берiледi.
      3. Шешуге жататын сұрақтар әрбiр сотталушыға қатысты жеке қойылады.

      567-бап. Төрағалық етушiнiң алқабилерге жүгiнуі

      1. Судьялар мен алқабилер кеңесу бөлмесiне кетер алдында төрағалық етушi алқабилерге жүгiнедi.
      2. Алқабилерге жүгiнген кезде төрағалық етушiге алқабилер алқасы мен судьялар алдына қойылған сұрақтар бойынша қандай да бiр нысанда өз пiкiрiн айтуға тыйым салынады.
      3. Төрағалық етушi жүгiнуiнде:
      1) айыптаудың мазмұнын баяндайды;
      2) сотталушы айыпталып отырған әрекеттi жасағаны үшiн жауаптылық көзделген қылмыстық заңның мазмұнын хабарлайды;
      3) сотталушының айыбын ашатын да, сол сияқты оны ақтайтын да, сотта зерттелген дәлелдемелер туралы еске салады, бұл ретте осы дәлелдемелерге өзiнiң көзқарасын бiлдiрмейдi және одан қорытындылар жасамайды;
      4) мемлекеттiк айыптаушының және қорғаушының ұстанымдарын баяндайды;
      5) алқабилерге дәлелдемелердi олардың жиынтығында бағалаудың негiзгi ережелерiн; кiнәсiздiк презумпциясы принципiнiң мәнiн; сотталушының пайдасына жойылмаған күмәндi түсіндіру туралы ережені; олардың қорытындылары тiкелей сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негiзделуi мүмкiн екендiгi, олар үшiн ешқандай дәлелдеменiң алдын ала белгiленген күшi жоқ, олардың қорытындылары болжамдарға, сондай-ақ сот пайдалануға жол берiлмейдi деп таныған дәлелдемелерге негiзделмеуге тиiс екендiгi туралы ереженi түсiндiредi;
      6) алқабилер назарын сотталушының айғақ беруден бас тартуы немесе оның сотта жауап бермеуi заң тұрғысынан маңызға ие болмайтынына және сотталушының кiнәлілiгiнің дәлелi ретiнде түсiндiрiлмейтiнiне аударады;
      7) кеңесу, бюллетеньдердi негiзгi мәселелер бойынша толтыру тәртiбiн, үкiм шығару мәселелерi бойынша жалпы дауыс беру тәртiбiн түсiндiредi.
      4. Тараптар сот отырысында төрағалық етушiнің объективтiлiк принципiн бұзу себептерi бойынша жүгiнуiнiң мазмұнына байланысты қарсылық білдiруге құқылы, ол сот отырысының хаттамасына енгiзiлуге жатады.

      568-бап. Алқабилер кеңесiнің құпиясы

      1. Жарыссөздер аяқталғаннан кейiн судьялар және негiзгi алқабилер үкiм шығару үшiн кеңесу бөлмесiне кетедi.
      2. Судьялар мен алқабилерден басқа, кеңесу бөлмесiнде өзге адамдардың болуына жол берілмейдi. Жұмыс уақыты аяқталған соң, сондай-ақ жұмыс күнi iшiнде төрағалық етушi кеңесу бөлмесiнен шығып, демалу үшiн үзiлiс жасауға құқылы.

      569-бап. Кеңесу бөлмесiнде кеңесу мен дауыс берудi
                жүргiзу тәртiбi

      1. Төрағалық етушi судьялар мен алқабилер кеңесiне басшылық етедi, шешiлуге жататын мәселелердi рет-ретiмен талқылауға қояды, жауаптар бойынша дауыс берудi және дауыстардың есебiн жүргiзедi.
      2. Кеңесу бөлмесiнде алқабилер қойылған мәселелерге байланысты өздерiнде туындаған түсiнбеушiлiктер бойынша төрағалық етушiден түсiнiктер алуға құқылы.
      3. Негiзгi мәселелер бойынша дауыс беру жазбаша жүргiзiледi. Судьялар мен алқабилердің дауыс беру кезiнде қалыс қалуға құқықтары жоқ. Судьялар мен алқабилердің дауыстары тең.
      4. Судьялар мен алқабилер сотталушылардың саны бойынша соттың мөртабаны басылып, дауыс беруге арналған: "Өзiмнiң ар-намысым, ар-ожданым бойынша және iшкi нанымым бойынша менiң қорытындым..." деген сөздер жазылған, таза бюллетеньдi алады. Олардың әрқайсысы құпияны қамтамасыз ете отырып, бюллетеньге сұрақ парағында қойылған және шешiлуге жататын сұрақтардың әрқайсысына жауап жазады. Сұрақ парағында қойылған сұрақтардың ретi бойынша жауап мақұлдаған "иә" немесе құптамаған "жоқ" деген немесе жауаптың мәнiн ашатын ("иә, дәлелдендi", "жоқ, дәлелденген жоқ", "иә, кiнәлi", "жоқ, кiнәсiз") мiндеттi түсiндiрме сөзден немесе сөз тiркестерiнен тұруға тиiс. Судьялар мен алқабилер өздерiнiң бюллетеньдерiн дауыс беруге арналған жәшiкке салады.
      5. Дауыс беру аяқталғаннан кейiн төрағалық етушi алқабилердiң қатысуымен жәшiктi ашады және әрбiр бюллетеньдегi дауыстарды санайды, дауыстарды санау нәтижесiн сұрақ парағында көрсетiлген негiзгi үш сұрақтың әрқайсысының тұсына дереу жазады.
      6. Алқабилер мен судьялардың жауаптары бар бюллетеньдер қылмыстық iсте сақталатын конвертке салынып, желiмделедi.
      7. Егер алдыңғы сұраққа берiлген жауап кейiнгi сұраққа жауап берудің қажеттiлiгiн жойса, төрағалық етушi судья алқабилердiң көпшілігінің келiсiмiмен сол кейiнгi сұрақтың тұсына "жауап берiлмейдi" деген сөздердi жазады.
      8. Егер осы Кодекстiң 566-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген үш сұрақтың әрқайсысына мақұлдаған жауаптарға дауыс берушілердiң көпшiлiгi дауыс берсе, айыптау шешiмi қабылданған болып есептеледi.
      9. Егер қойылған негiзгi сұрақтардың кез келгенiне берiлген құпталмаған жауапқа дауыс берушiлердiң алтауы және одан да көбi дауыс берсе, ақтау шешiмi қабылданған болып есептеледi.
      10. Егер сотталушының кiнәлiлiгi туралы мәселе оң шешiлсе, онда судьялар бұл әрекет қылмыс болып табыла ма деген және оның нақ қандай қылмыстық заңда көзделгенi (бабы, бөлігі, тармағы) туралы мәселенi шешедi, сондай-ақ осы әрекеттер үшiн қандай жазалау шарасы көзделгенiн алқабилерге түсiндiредi.
      11. Судьялар алқабилердің қатысуымен соттың әрекеттi дәрежелеу мәселесiн шешкеннен кейiн осы Кодекстiң  371-бабы  бiрiншi бөлiгiнiң 5)-8) және 14) тармақтарында көзделген, шешiмi ашық дауыс беру арқылы қабылданатын мәселелер үзіліс жасалмай шешiледi. Егер оған дауыс берушiлердің көпшiлiгi жақтап дауыс берсе, шешім қабылданған деп есептеледі.
      12. Он бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза, егер осындай шешiмге дауыс берушілердiң сегiзi және одан да көбi дауыс берсе, тағайындалуы мүмкiн.
      13. Айрықша жазалау шарасы - өлiм жазасы судьялар мен алқабилер бiрауыздан шешiм шығарған кезде ғана тағайындалуы мүмкiн.
      14. Судьялар мен алқабилердiң жауаптары бар сұрақ парағына судьялар мен алқабилер қол қояды.

      570-бап. Алқабилер қатысатын сот қабылдайтын
                шешiмдердiң түрлерi

      Алқабилердiң қатысуымен сотта қылмыстық iстi талқылау мына шешiмдердiң бiрiн:
      1) осы Кодекстiң  324-бабында  көзделген жағдайларда, iстi қысқарту туралы қаулыны;
      2) алқабилердiң қатысуымен сот осы Кодекстiң 566-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiзгi үш сұрақтың кем дегенде бiреуiне терiс жауап берген жағдайларда, ақтау үкiмiн;
      3) осы Кодекстiң  375-бабының  екiншi бөлiгiне сәйкес айыптау үкiмiн қабылдаумен аяқталады.

      571-бап. Үкiмнің қаулысы

      1. Үкiмге осы Кодекстiң  44-тарауында  белгiленген тәртiппен төрағалық етушiнiң мынадай ерекшелiктермен қаулысы шығарылады:
      1) үкiмнiң кiрiспе бөлiмiнде екiншi судьяның және алқабилердің тегi көрсетiлмейдi;
      2) ақтау үкiмiнiң сипаттамалы-дәлелдi бөлiгiнде алқабилердiң қатысуымен сот ақтау шешiмiн шығарған айыптаудың мәнi баяндалады және шешiмге не мемлекеттiк айыптаушының айыптаудан бас тартуына сiлтеме қамтылады;
      3) айыптау үкiмiнiң сипаттамалы-дәлелдi бөлiгiнде сотталушы жасағаны үшiн кiнәлi деп танылған қылмыстық әрекеттiң сипаттамасы, жасалған әрекеттiң дәрежеленуi, жаза тағайындау себептерi және азаматтық талапқа қатысты сот шешiмiнiң негiздемесi қамтылуға тиiс;
      4) үкiмнiң қарар бөлiгiнде апелляциялық сатыға үкiмге шағым жасау және наразылық бiлдiру тәртiбi туралы түсiнiк қамтылуға тиiс.
      2. Yкiмге iс бойынша төрағалық етушi қол қояды.

      572-бап. Сотталушының есi дұрыс емес екендігінің
                анықталуына байланысты қылмыстық iстi қарауды
                тоқтату

      1. Егер алқабилердiң қатысуымен соттың iстi талқылау барысында сотталушы өзiнiң психикалық жағдайы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкiн емес не оны өз iс-әрекеттерiне есеп беру немесе оларды басшылыққа алып жүру мүмкiндiгiнен айыратын, сот-психиатриялық сараптаманың тиiстi қорытындысымен расталған, жан күйзелiсi ауруына шалдықты деп есептеуге негiз болатын мән-жайлар анықталса, төрағалық етушi алқабилер қатысқан соттың қылмыстық iстi қарауды тоқтатуы туралы қаулы шығарады және оны осы Кодекстiң  12-бөлiмiнде  көзделген тәртiппен соттың қарауына жiбередi.
      2. Төрағалық етушiнiң алқабилер қатысқан соттың iстi қарауды тоқтатуы және оны осы Кодексте көзделген жалпы тәртiппен соттың қарауына жiберуi туралы қаулысы түпкiлiктi болып табылады және апелляциялық тәртiппен шағым жасауға, наразылық білдiруге жатпайды.

      573-бап. Сот отырысының хаттамасын жүргізу ерекшелiктерi

      1. Сот отырысының хаттамасы, осы Кодекстiң  328-бабының  талаптарына сәйкес, осы бапта көзделген ерекшелiктермен жүргiзіледi.
      2. Хаттамада сот отырысына шақырылған алқабиге кандидаттар құрамы және алқабилер алқасын құру барысы мiндеттi түрде көрсетіледi.
      3. Төрағалық етушiнiң жүгiнуi сот отырысының хаттамасына жазылады немесе оның мәтiнi қылмыстық iс материалдарына тiркелiп, бұл туралы хаттамада көрсетiледi.
      4. Сот отырысының хаттамасында соттың iс қарауының бүкiл барысы оның өтуiнiң дұрыстығын куәландыратындай етiп көрсетуге тиiс.

61-тарау. Апелляциялық сатыдағы сотта iс жүргізудiң
ерекшелiктерi

       574-бап. Алқабилердiң қатысуымен сот шығарған, заңды
                 күшiне енбеген үкiмдер мен қаулыларға шағым
                 жасау және наразылық бiлдiру

      1. Алқабилер қатысқан соттың заңды күшiне енбеген үкiмдерi мен қаулыларына шағым жасау, наразылық білдiру тәртiбi, осы тарауда белгіленген ерекшелiктермен, осы Кодекстiң  8-бөлiмiнде  көзделген ережелермен айқындалады.
      2. Алқабилер қатысқан соттың үкiмдерiне, төрағалық етушiнiң iстi тоқтату туралы қаулыларына, сондай-ақ төрағалық етушiнiң осы Кодекстiң  299-бабы  екiншi бөлiгiнiң 2) және 5) тармақтарында көрсетiлген, алдын ала тыңдау нәтижелерi бойынша шығарылған қаулыларына апелляциялық тәртiппен шағым жасалуы және наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн. Төрағалық етуші шығарған басқа қаулылар шағым жасауға және наразылық бiлдiруге жатпайды.

      575-бап. Алқабилердiң қатысуымен сот қараған iстердi
                апелляциялық сатыда жүргiзу ерекшелiктерi

      1. Апелляциялық сатыда сот шешiмдерiнiң күшiн жоюға немесе оларды өзгертуге:
      1) iстi аяқтау үшiн айтарлықтай маңызы болуы мүмкiн жол берiлетiн дәлелдемелердi талқылаудан негiзсiз алып тастау;
      2) iстi аяқтау үшін айтарлықтай маңызы болуы мүмкiн дәлелдемелердi тараптың зерттеуiнен негiзсiз бас тарту;
      3) iстің аяқталуына әсер еткен дәлелдемелер ретiнде пайдалануға жол беруге болмайтын iс жүзiндегi деректердi сот отырысында зерттеу;
      4) осы Кодекстiң  415-бабының  үшiншi бөлiгiнде көрсетiлген қылмыстық iс жүргiзу заңын елеулi түрде бұзу негiз болып табылады.
      2. Апелляциялық саты сотталған адамға онша ауыр емес қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға және жасалған әрекеттің дәрежеленуiнің өзгеруiне сәйкес жазаны жеңiлдетуге құқылы. Бұл ретте, апелляциялық саты неғұрлым ауыр қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға немесе тағайындалған жазаны ауырлатуға құқылы емес.
      3. Қылмыстық iс жүргiзу заңының прокурордың, жәбiрленушiнің немесе оның өкiлінің дәлелдемелердi ұсыну құқығын шектеген бұзушылық жағдайларын қоспағанда, алқабилер қатысқан соттың ақтау үкiмi апелляциялық сатыда күшін жоймауға тиiс.

62-тарау. Қадағалау сатысындағы сотта iс жүргiзу
ерекшеліктерi

      576-бап. Алқабилер қатысқан соттың заңды күшiне енген
                үкiмдерi мен қаулыларын қадағалау тәртiбiмен
                қайта қарау

      Алқабилер қатысқан соттың заңды күшiне енген үкiмдерi мен қаулылары туралы iстер бойынша қадағалау сатысында осы Кодекстің  459-бабының  бiрiншi бөлiгiнiң 1), 3), 4), 6) тармақтарында және екiншi бөлiгiнде көзделген негiздер бойынша iс жүргiзiлуi мүмкiн.

      577-бап. Алқабилер қатысқан соттың шешiмiн қадағалау
                тәртiбiмен қайта қараған кезде сотталған
                адамның жағдайын нашарлатуға жол бермеу

      Неғұрлым ауыр қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдану қажеттiгiне байланысты айыптау үкiмiн, сондай-ақ сот қаулысын жазаның жеңiлдiгiне орай немесе сотталған адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соқтыратын өзге де негiздер бойынша қадағалау тәртiбiмен қайта қарауға, сондай-ақ соттың ақтау үкiмiн не қылмыстық iстi қысқарту туралы қаулысын қайта қарауға жол берiлмейдi.".

      3. 1999 жылғы 13 шiлдедегi Қазақстан Республикасының  Азаматтық iс жүргiзу кодексiне  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 18, 644-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 10, 244-құжат; 2001 ж., N 8, 52-құжат; N 15-16, 239-құжат; N 21-22, 281-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 10, 49-құжат; N 14, 109-құжат; N 15, 138-құжат; 2004 ж., N 5, 25-құжат; N 17, 97-құжат; N 23, 140-құжат;  N 24, 153-құжат; 2005 ж., N 5, 5-құжат; N 13, 53-құжат):

      мынадай мазмұндағы 25-1-тараумен толықтырылсын:

"25-1-тарау. Жергiліктi атқарушы органдардың азаматтардың
алқаби ретiнде қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысу құқықтарын
бұзатын шешiмдеріне, әрекеттерiне (әрекетсiздігіне) дау айту
жөніндегi арыздар бойынша iс жүргiзу

      274-1-бап. Арыз беру

      1. Жергіліктi атқарушы органның шешiмiмен, әрекетiмен (әрекетсiздiгiмен) алқаби ретiнде қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысу үшiн iрiктеу рәсiмiне қатысуда азаматтың құқығы бұзылып отыр деп есептеген азамат осы Кодекстiң  3-тарауында  белгiленген соттылық бойынша сотқа арыз берiп жүгiнуге құқылы.
      2. Арызды Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасына сәйкес, алқабиге кандидаттардың алдын ала тiзiмiмен азаматтарды таныстыру мерзiмi аяқталған кезден бастап жетi күн мерзiм iшiнде сотқа беруге болады.

      274-2-бап. Арызды қарау

      1. Осы Кодекстің 274-1-бабында белгiленген мерзiмдерде келіп түскен арыз - екi күн мерзiмде, ал осы мерзім аяқталатын күні келіп түскен арыз дереу қаралуға тиіс.
      2. Сот арыз иесінің, тиісті жергілікті атқарушы орган өкілінің қатысуымен қарайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiсiнше хабардар етiлген, аталған адамдардың сотқа келмей қалуы iстi қарау және шешу үшiн кедергi болып табылмайды.

      274-3-бап. Арыз бойынша сот шешiмi және оның орындалуы

      1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге алқаби ретiнде қатысу үшiн iрiктеу рәсiмiне қатысуға азаматтың құқығы бұзылуын анықтаған сот шешiмi алқабиге кандидаттардың алдын ала тiзiмдерiне түзетулер енгiзу үшiн негiз болып табылады.
      2. Сот шешiмi тиiстi жергiлiктi атқарушы органға жiберiледi. Сот шешiмiнiң орындалмауына кiнәлi лауазымды адамдар заңда белгiленген жауаптылықта болады.".

      4. 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының  Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж, N 5-6, 24-құжат; N 17-18, 241-құжат;  N 21-22, 281-құжат; 2002 ж., N 4, 33-құжат; N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 1-2, 3-құжат; N 4, 25-құжат; N 5, 30-құжат: N 11, 56, 64, 68-құжаттар; N 14, 109-құжат; N 15, 122, 139-құжаттар; N 18, 142-құжат; N 21-22, 160-құжат; N 23, 171-құжат; 2004 ж; N 6, 42-құжат; N 10, 55-құжат; N 15, 86-құжат; N 17, 97-құжат; N 23, 139, 140-құжаттар; N 24, 153-құжат; 2005 ж., N 5, 5-құжат; N 7-8, 19-құжат; N 9, 26-құжат; N 13, 53-құжат; N 14, 58-құжат; N 17-18, 72-құжат; 2005 жылғы 3 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" және 2005 жылғы 29 қарашада "Казахстанская правда" газеттерiнде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне салық салу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2005 жылғы 22 қарашадағы Қазақстан Республикасының  Заңы ; 2005 жылғы 1 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" және 2005 жылғы 26 қарашада "Казахстанская правда" газеттерiнде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне зияткерлiк меншiк құқықтары мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2005 жылғы 22 қарашадағы Қазақстан Республикасының  Заңы ):

      1) мынадай мазмұндағы 514-1, 514-2, 514-3, 514-4-баптармен толықтырылсын:

      "514-1-бап. Алқабидiң мiндеттерiн атқару үшiн сотқа
                   келмеу

      Алқабидiң мiндеттерiн атқару үшiн азаматтың сотқа шақыру бойынша дәлелсiз себептермен келмеуi, -
      азаматтарға ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      514-2-бап. Алқабилердің тiзiмдерiн жасау үшiн ақпаратты
                  табыс етпеу

      Алқабилердiң тiзiмдерiн жасау үшiн жергiлiктi атқарушы органдарға қажеттi ақпаратты табыс етпеу, сол сияқты дұрыс емес ақпарат табыс ету, -
      жеке тұлғаларға ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткіштiң оннан он беске дейінгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      514-3-бап. Азаматқа алқаби мiндеттерiн атқаруға кедергі
                  келтiру

      Лауазымды адамның азаматқа алқаби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiруi, -
      лауазымды адамдарға ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан отызға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      514-4-бап. Алқабилердің сот талқылауында iстi қарауға
                 байланысты iс-әрекеттеріндегi шектеулердi
                 сақтамау

      1. Сот талқылауында iстi қарауға байланысты алқабилердiң iс-әрекеттерiндегi Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулердi сақтамау, -
      азаматтарға айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      2. Алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттетуге әкеп соқтырған нақ сол iс-әрекеттер, -
      азаматтарға айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.";

      2) 636-баптың бiрiншi бөлiгi мынадай мазмұндағы 4) тармақпен толықтырылсын:
      "4) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкiмдерi уәкiлдiк берген лауазымды адамдар (514-2-бап).".

       2-бап.  Осы Заң 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады