Дүниежүзiлiк Денсаулық сақтау ұйымының темекiге қарсы күрес жөнiндегi негiздемелiк конвенциясын ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 25 қарашадағы N 193 Заңы

      Женевада 2003 жылғы 21 мамырда қол қойылған Дүниежүзiлiк Денсаулық сақтау ұйымының темекiге қарсы күрес жөнiндегi негiздемелiк конвенциясы ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Дүниежүзiлiк Денсаулық сақтау ұйымының темекiге қарсы күрес
жөнiндегi негiздемелiк конвенциясы (2007 жылғы 22 сәуірде күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты) 

Кiрiспе

      Осы Конвенция тараптары,
      адамдардың денсаулығын қорғауға деген өз құқығына баса көңiл бөлуге  барынша бел байлап ,
      темекi iндетiнiң таралуы адам денсаулығы үшiн айтарлықтай салдары бар және мейлiнше кең халықаралық ынтымақтастық пен барлық елдердiң тиiмдi, тиiстi және жан-жақты халықаралық қарсы iс-қимылдарға қатысуын талап ететiн жаhандық проблема екендiгiн  түсiне отырып ,
      адамдардың денсаулығы үшiн зиянды салдарына, темекi тұтынумен және темекi түтiнiнiң әсерiмен байланысты бүкiл әлемдегi әлеуметтiк, экономикалық және экологиялық салдарына байланысты халықаралық қоғамдастықтардың алаңдаушылығын  көрсете отырып ,
      бүкiл әлем бойынша, әсiресе дамушы елдерде сигарет пен басқа да темекi бұйымдарын тұтыну мен өндiруге байланысты, сондай-ақ мұның отбасыларына, кедей адамдар мен ұлттық денсаулық сақтау жүйелерiне түсiретiн ауыртпалығына қатысты  айтарлықтай алаңдай   отырып ,
      темекi тұтыну мен темекi түтiнiнiң әсерi өлiмнiң, ауру мен мүгедектiктiң себебi болып табылатындығын және темекi шегудiң әсерi мен темекi бұйымдарын тұтынудың басқа да түрлерi мен темекiге байланысты ауруларға шалдығудың арасында белгiлi бiр уақыт алшақтығы болатынын ғылыми деректер анық дәлелдеп бергенiн  түсiне отырып,
      сонымен қатар сигареттер мен құрамында темекi бар кейбiр бұйымдар тәуелдiлiк туғызатындай және қолдайтындай етiп жасалған жоғары технологиялық өнiмдер болып табылатындығын және олардағы көптеген құрамдас бөлiктер мен олардан бөлiнетiн түтiн фармакологиялық белсендi, уытты, мутагендi және канцерогендi болып табылатындығын, сондай-ақ темекiге тәуелдiлiк аурулардың негiзгi халықаралық жiктелiмдерiнде жеке бұзылу ретiнде жiктелетiндiгiн  түсiне отырып ,
      қазiргi кезде темекi түтiнiнiң зиянды әсерi балалар денсаулығы мен дамуына қолайсыз жағдай туғызатыны туралы анық ғылыми деректер бар екенiн  түсiне отырып ,
      бүкiл әлемде балалар мен жасөспiрiмдердiң темекi шегуi мен темекiнiң басқа да түрлерiн тұтынуының таралуына байланысты, әсiресе барған сайын тым ерте жаста темекi шегуге байланысты қатты алаңдаушылық таныта отырып,
      бүкiл әлемде әйелдер мен қыздардың темекi шегуi мен темекiнiң басқа да түрлерiн тұтыну мөлшерiнiң артуына байланысты  алаңдаушылық   таныта және әйелдердiң саясатты әзiрлеу мен жүзеге асырудың барлық деңгейiне толық қатысуы қажеттiлiгiн, сондай-ақ гендерлiк аспектiлердi ескеретiн темекiге қарсы стратегияларының қажеттiлiгiн назарға ала  отырып ,
      байырғы халықтардың темекi шегуi мен басқа да түрлерiн тұтынуының жоғары деңгейiне байланысты  қатты алаңдаушылық таныта   отырып,
      темекi бұйымдарын тұтынуды көтермелеу мақсатында сату мен демеушiлiктi ынталандыру, жарнамалардың барлық нысандарының ықпалы тұрғысынан айтарлықтай алаңдаушылық  бiлдiре отырып ,
      контрабанданы, заңсыз өндiру және жасанды көшiрмелердi қоса алғанда, сигареттер мен басқа да темекi бұйымдарын заңсыз сатудың барлық нысандарын жою үшiн бiрлескен iс-қимылдың қажеттiгiн  түсiне   отырып,
      барлық деңгейдегi, әсiресе дамушы елдер мен өтпелi экономикасы бар елдерде темекiге қарсы жеткiлiктi қаржылық және темекiге қарсы күрес жөнiндегi қызмет үшiн қазiргi кездегi және болжанатын қажеттiлiктерiмен шамалас техникалық ресурстарды талап ететiндiгiн  түсiне отырып ,
      темекiге деген сұранысты қысқартудың табысты стратегияларының ұзақ мерзiмдi әлеуметтiк және экономикалық салдарларын қарау үшiн тиiстi тетiктер әзiрлеудiң қажеттiлiгiн түсiне отырып,
      кейбiр дамушы елдердегi және өтпелi экономикасы бар елдердегi темекiге қарсы күрес бағдарламасының орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi перспективасында әлеуметтiк және экономикалық қиындықтар туғызуы мүмкiн екендiгiне  көңiл бөле отырып және қалыпты даму стратегияларының ұлттық деңгей аясында әзiрленген техникалық және қаржы көмегiне олардың мұқтаждығын  түсiне отырып
      темекiге қарсы күрес саласында көптеген мемлекеттердiң жүргiзген бағалы жұмыстарын және Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының көшбасшылығын мақұлдай отырып, сондай-ақ Бiрiккен Ұлттар Ұйымының басқа да ұйымдары мен органдарының және темекiге қарсы күрес саласында шаралар әзiрлеу жөнiндегi басқа да халықаралық және өңiрлiк үкiметаралық ұйымдардың күш-жiгерiн  түсiне отырып ,
      кәсiби денсаулық сақтау органдарының, әйелдер топтарын, жастар топтарын, табиғат қорғау топтары мен тұтынушылар топтарын, академиялық мекемелер мен денсаулық сақтау мекемелерiн қоса алғанда, темекi өнеркәсiбiне байланысы жоқ үкiметтiк емес ұйымдар мен басқа да азаматтық қоғам мүшелерiнiң ұлттық және халықаралық деңгейлердегi темекiге қарсы күрес бойынша күш салуға айрықша үлестерiн, сондай-ақ олардың темекiге қарсы күрес бойынша ұлттық
және халықаралық күш-жiгер жұмсауға қатысуларының өмiрлiк маңызын  айрықша атай отырып ,
      темекi өнеркәсiбiнiң темекiге қарсы күрес бойынша жұмсалған күш-жiгердi бұзуға немесе жоққа шығаруға кез-келген ұмтылыстарына қатысты қырағылық танытудың қажеттiлiгін және темекiге қарсы күрес бойынша күш-жiгерге терiс ықпал ететiн темекi өнеркәсiбiнiң қызметi туралы хабардар етудiң қажеттiлiгiн  түсiне отырып ,
      әрбiр адамның тән және жан саулығының ең жоғары қолжетiмдi деңгейiне құқығы бар екендiгi туралы айтылатын Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1966 жылғы 16 желтоқсанда қабылдаған Экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактiнiң 12-бабын еске  сала отырып ,
      сонымен қатар нәсiлiне, дiнiне, саяси сенiмiне, экономикалық немесе әлеуметтiк жағдайына қарамастан, барлық адамның денсаулықтың ең жоғары қолжетiмдi деңгейiне ие болуы негiзгi құқықтарының бiрi болып табылатындығы туралы айтылатын Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы Жарғысының кiрiспесiн  еске сала отырып ,
      қазiргi бар және ғылыми-техникалық әрi экономикалық пайымдауларға негiзделген темекiге қарсы күрес шараларына  табанды   шешiммен жәрдемдесуге,
      әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1979 жылғы 18 желтоқсанда қабылданған Конвенцияда қатысушы мемлекеттердiң медициналық-санитарлық көмек саласында әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктi жою үшiн тиiстi шаралар қабылдайтыны көзделгенiн  еске сала отырып ,
       сонымен қатар , Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1989 жылғы 20 қарашада қабылдаған Бала құқықтары жөнiндегi Конвенцияда осы Конвенцияға қатысушы мүше-мемлекеттердiң баланың денсаулықтың ең жоғары қолжетiмдi деңгейiне ие болу құқығын түсiнетiнiн еске сала отырып,
      мыналар туралы келiстi:

I Бөлiм: Кiрiспе

1-бап
Терминдердi пайдалану

      Осы Конвенцияның мақсаты үшiн:
      (а) "Заңсыз сауда" заңмен тыйым салынған, осындай қызметке жәрдемдесу мақсаты бар практиканың немесе әдеттiң кез-келген түрiн қоса алғанда, өндiруге, жiберуге, алуға, иеленуге, бөлуге, сатуға немесе сатып алуға қатысы бар практиканың немесе әдеттiң кез келген түрiн бiлдiредi.
      (б) "Өңiрлiк экономикалық ықпалдастық ұйымы" бiрнеше егемен мемлекеттерден тұратын және оның мүше мемлекеттерi бiрқатар мәселелер бойынша, осы мәселелер бойынша мүше мемлекеттерiне мiндеттемелер жүктейтiн шешiмдер қабылдау құқығын қоса алғанда, өзiнiң өкiлеттiктерiн берген кез-келген ұйымды бiлдiредi.
      (с) "Жарнама және темекi сатуды ынталандыру" темекi бұйымдарын сатуды немесе темекi тұтынуды ынталандырудың тура немесе жанама мақсатымен, нәтижесiмен немесе ықтимал нәтижесiмен коммерциялық ақпараттар, ұсынымдар берудiң кез-келген түрiн немесе әрекеттi бiлдiредi.
      (d) "Темекiге қарсы күрес" халықтың темекi бұйымдарын тұтынуын жою немесе азайту, сондай-ақ оған темекi түтiнiнiң әсерiн азайту арқылы оның денсаулығын жақсартуға бағытталған жеткiзiлiм, сұраныс және зиянды азайту саласындағы стратегиялардың кең шеңберiн бiлдiредi.
      (e) "Темекi өнеркәсiбi" темекi бұйымдарын дайындаумен, көтерме бөлумен және импортпен айналысатындардың барлығын бiлдiредi.
      (f) "Темекi бұйымдары" шегу, сору, шайнау немесе иiскеу үшiн пайдаланатындай етiп дайындалған шикiзат материалы ретiнде темекi жапырағынан толық немесе бөлшектеп дайындалған өнiмдердi бiлдiредi.
      (g) "Темекiге демеушiлiк" темекi бұйымдарын сатуды немесе темекi пайдалануды тура немесе жанама ынталандыру мақсатымен, нәтижесiмен немесе ықтимал нәтижесiмен кез-келген оқиғаға, iс-шараларға немесе жеке адамға кез-келген салым түрiн бiлдiредi.

2-бап
Осы Конвенция мен басқа да шарттар мен заңды құжаттардың
арасындағы байланыс

      1. Адамдардың денсаулығын үздiк сақтауды қамтамасыз ету мақсатында Тараптар осы Конвенция мен оның хаттамаларында талап етiлгендерден тыс шараларды жүзеге асыруға бiр-бiрiн көтермелейдi, оның үстiне Тараптарға осы құжаттардағы ештеңе де, олардың ережелерi келiсiлгендiктен әрi халықаралық құқық нормаларына сәйкес келетiндiктен, неғұрлым қатаң талаптар қолдануға кедергi келтiрмейдi.
      2. Осы Конвенция мен оның хаттамаларының ережелерi Конвенция мен оның хаттамаларына қатысты немесе осы Конвенция мен оның хаттамалары бойынша осындай келiсiмдер олардың мiндеттемелерiмен сыйымды болып табылған жағдайда оларға қатысты қосымша болып табылатын мәселелер бойынша өңiрлiк немесе қосалқы өңiрлiк келiсiмдердi қоса алғанда, Тараптардың екi жақты немесе көп жақты келiсiмдер жасасу құқығына ешқандай әсерiн тигiзбейдi. Тараптар мұндай келiсiмдер туралы Хатшылық арқылы Тараптар Конференцияларын хабардар етедi.

II Бөлiм: Мақсаты, басшылық принциптерi мен жалпы мiндеттемелерi

3-бап
Мақсаты

       Осы Конвенция мен оның хаттамаларының мақсаты қазiргi және болашақ ұрпақтарды адам денсаулығы үшiн күйретушi салдарлардан, сондай-ақ темекi тұтынудың таралуы мен темекi түтiнiнiң әсерiн тұрақты әрi елеулi қысқарту үшiн Тараптардың ұлттық, өңiрлiк және халықаралық деңгейлерде жүзеге асыруына жататын темекiге қарсы күрес шаралары үшiн тиiстi шеңберлердi қамтамасыз ету арқылы темекi тұтынудың таралуы мен темекi түтiнi әсерiнiң әлеуметтiк, экологиялық және экономикалық салдарынан қорғаудан тұрады.

4-бап
Басшылық принциптерi

      Осы Конвенция мен оның хаттамаларының мақсатына қол жеткiзу және оның ережелерiн жүзеге асыру үшiн Тараптар төменде жазылған принциптердi басшылыққа алады, атап айтқанда:
      1. Темекi тұтыну және темекi түтiнi әсерiнiң денсаулыққа есiрткi сипатындағы салдары мен өлiм қаупi туралы әрбiр адам хабардар болуға тиiс және осыған байланысты адамдарды темекi түтiнiнiң әсерiнен қорғау үшiн тиiстi үкiметтiк деңгейде тиiмдi заңнамалық, атқарушылық, әкiмшiлiк немесе өзге де шаралар қараған жөн.
      2. Мыналарды ескере отырып, ұлттық, өңiрлiк және халықаралық деңгейлерде жан-жақты сектораралық шаралар мен үйлестiрiлген қарсы iс-қимылдарды әзiрлеу және қолдау iсiн табанды саяси ұстану қажет:
      (а) бүкiл адамды темекi түтiнi әсерiнен қорғау үшiн шаралар қолданудың қажеттiлiгi;
      (b) темекi бұйымдарын тұтынуды қысқарту мен азайтуға кез-келген нысанда жәрдемдесу мен қолданудың басталуын болдырмау үшiн шаралар қолданудың қажеттiлiгi;
      (с) байырғы адамдар мен қауымдардың әлеуметтiк әрi мәдени тұрғыдан олардың қажеттiлiгi мен перспективаларына сәйкес келетiн темекiге қарсы күрес бағдарламаларын әзiрлеуге, жүзеге асыру мен бағалауға қатысуына жәрдемдесу жөнiнде шаралар қолданудың қажеттiлiгi; және 
      (d) темекiге қарсы күрес стратегияларын әзiрлеу кезiнде әртүрлi жыныстағылар үшiн тән қауiптердi есепке алу жөнiнде шаралар қолданудың қажеттiлiгi.
      3. Жергiлiктi мәдени жағдайларды, сондай-ақ экономикалық, саяси және заң факторларын ескере отырып, темекiге қарсы күрестiң тиiмдi бағдарламаларын әзiрлеу мен жүзеге асыру үшiн халықаралық ынтымақтастық, әсiресе технологиялар, бiлiм беру және қаржы көмегiн көрсету, сондай-ақ тиiстi сараптамалық қызметтер ұсыну осы Концепцияның маңызды бөлiгi болып табылады.
      4. Ұлттық, өңiрлiк және халықаралық деңгейлерде қолданылатын барлық темекi бұйымдарын тұтынуды қысқарту жөнiндегi жан-жақты көп секторлы шаралар мен қарсы iс-шаралар қоғамдық денсаулық сақтау принциптерiне сәйкес темекi тұтыну мен темекi түтiнiнiң әсерiнен болған аурушаңдықтың, ерте мүгедектiк пен өлiм-жiтiмнiң алдын алу үшiн қажет.
      5. Өзiнiң заңдық құзыры шегiнде жауапкершiлiкке байланысты мәселелер әрбiр Тараппен қалай айқындалатындығы темекiге қарсы жан-жақты күрестiң маңызды бөлiгi болып табылады.
      6. Дамушы елдер болып табылатын Тараптардағы, сондай-ақ өтпелi экономикасы бар Тараптардағы темекiге қарсы бағдарламаны жүзеге асыру күнкөрiс қаражатына айтарлықтай ықпал ететiндiктен, темекi өсiретiн адамдар мен темекi өнеркәсiбi қызметкерлерiнiң экономикалық өтуiне жәрдемдесу үшiн ұлттық деңгейде әзiрленетiн тұрақты даму стратегиясының аясында техникалық және қаржы көмегiнiң мәнiн түсiнген және ескерген жөн.
      7. Конвенция мен оның хаттамаларының мақсатына қол жеткiзу үшiн азаматтық қоғамның қатысуы қажет.

5-бап
Жалпы мiндеттемелер

       1. Өздерi Тараптары болып табылатын осы Конвенция мен оның хаттамаларына сәйкес әрбiр Тарап темекiге қарсы күрес жөнiндегi жан-жақты көп секторлы ұлттық стратегияларды, жоспарлар мен бағдарламаларды әзiрлейдi, жүзеге асырады, дүркiн-дүркiн жаңартады және қайта қарайды.
      2. Осы мақсатқа жету үшiн әрбiр Тарап өздерiнiң мүмкiндiктерiне сәйкес:
      (а) темекiге қарсы күрес жөнiндегi ұлттық үйлестiру тетiгiн немесе үйлестiру органдарын құрады немесе нығайтады және қаржыландырады; және
      (b) тиiмдi заңнамалық, атқарушылық, әкiмшiлiк және\немесе өзге де шаралар қабылдайды әрi жүзеге асырады және тиiстi жағдайларда темекi тұтынудың, никотинге тәуелдiлiк пен темекi түтiнiнiң әсерiнiң алдын алу және қысқарту үшiн тиiстi саясатты әзiрлеуге басқа Тараптармен ынтымақтасады.
      3. Темекiге қарсы күрес жөнiндегi қоғамдық денсаулық сақтауда өзiнiң саясатын әзiрлеу мен жүзеге асыру Тараптар ұлттық заңына сәйкес темекi өнеркәсiбiнiң коммерциялық және корпорациялық мүдделерi ықпалынан қорғайтындай етiп iс-қимыл жасайды.
      4. Өздерi Тараптары болып табылатын осы Конвенция мен хаттамалардың жүзеге асырудың ұсынылған шараларын, рәсiмдерi мен басшылық принциптерiн әзiрлеуде Тараптар ынтымақтасады.
      5. Тараптар тиiстi жағдайларда өздерi Тараптары болып табылатын осы Конвенция мен хаттамалардың мақсаттарына қол жеткiзу үшiн құзыреттi халықаралық және өңiрлiк үкiметаралық ұйымдармен және басқа да органдармен ынтымақтасады.
      6. Тараптар өздерiнiң иелiгiндегi қаражат пен ресурстар шегiндегi қаржыландырудың екi жақты және көп жақты тетiктерiнiң көмегiмен осы Конвенцияны тиiмдi жүзеге асыру үшiн қаржы ресурстарын жұмылдыру мақсатында ынтымақтасады.

III Бөлiм: Темекiге сұранысты қысқартуға қатысты шаралар

6-бап
Темекiге сұранысты қысқарту жөнiндегi аға және салық шаралары

      1. Тараптар баға және салық шаралары халықтың әртүрлi топтарының, әсiресе жастардың темекi тұтынуын қысқартудың тиiмдi және маңызды құралы екендiгiн түсiнедi.
      2. Тараптардың егемен құқықтары үшiн өзiнiң салық салу саясатын зиянсыз айқындауда және белгiлеуде әрбiр Тарап темекiге қарсы күреске қатысты денсаулық сақтау саласындағы өзiнiң ұлттық мақсаттарын ескеруге тиiс және тиiстi жағдайларда мыналар қамтылуы мүмкiн шаралар енгiзудi немесе сақтауды ескеруге тиiс:
     (а) салық саясатын және орынды болған жағдайда денсаулық сақтау саласында темекi тұтынуды қысқартуға бағытталған мақсаттарға қол жеткiзуге жәрдемдесу үшiн темекi бұйымдарына қатысты баға саясатын жүзеге асыру; және
      (b) тиiстi жағдайларда халықаралық сапарларды жүзеге асыратын адамдардың темекi бұйымдарын салықсыз және бажсыз сатуына және/немесе олардың осы бұйымдарды әкелуiне тыйым салу немесе шектеу.
      3. 21-бапқа сәйкес Тараптар Конференциясында Тараптар мерзiмдiк баяндамаларында темекi бұйымдарына салық салу ставкалары мен темекi тұтынудағы үрдiстер туралы ақпарат ұсынады.

7-бап
Темекiге сұранысты қысқарту жөнiндегi бағадан тыс шаралар

      Тараптар жан-жақты бағадан тыс шаралар темекi тұтынуды қысқартудың тиiмдi әрi маңызды құралы болып табылатындығын түсiнедi. Әрбiр Тарап 8-13-баптар бойынша өзiнiң мiндеттерiн сақтау үшiн қажеттi тиiмдi заңнамалық, атқарушылық, әкiмшiлiк және/немесе өзге де шараларды қабылдайды әрi жүзеге асырады және тиiстi жағдайларда оларды жүзеге асыру мақсатында басқа Тараптармен тiкелей немесе құзыреттi халықаралық ұйымдар арқылы ынтымақтасады. Тараптар Конференциясы осы Баптардың ережелерiн жүзеге асыру үшiн тиiстi басшылық принциптерiн ұсынады.

8-бап
Темекi түтiнiнiң әсерiнен қорғау

      1. Тараптар ғылыми деректер темекi түтiнiнiң әсерi өлiмнiң, аурулар мен мүгедектiктiң себебi болып табылатындығын анық дәлелдейтiнiн түсiнедi.
      2. Әрбiр Тарап ұлттық заңнамамен айқындалған қолданыстағы ұлттық заңдық құзыры саласында үй-жайлардың iшiндегi жұмыс орындарында қоғамдық көлiк пен жабық қоғамдық орындарда және тиiстi жағдайларда басқа да қоғамдық орындарда темекi түтiнiнiң әсерiнен қорғауды қамтамасыз ететiн тиiмдi заңнамалық, атқарушылық, әкiмшiлiк және/немесе өзге де шаралар қабылдайды әрi жүзеге асырады және заңдық құзырының басқа деңгейлерiнде де қолданылуына әрi жүзеге асырылуына белсендi ықпал етедi.

9-бап
Темекi бұйымдарының құрамын реттеу

      Тараптар Конференциясы құзыреттi халықаралық органдармен консультацияға темекi бұйымдарының құрамы мен олар бөлiп шығаратын өнiмдердi сынау мен өлшеудiң басшылық принциптерiн, сондай-ақ осы құрам мен бөлiп шығарылған өнiмдердi реттеудi ұсынады. Әрбiр Тарап құзыреттi, ұлттық органдар мақұлдаған жағдайларда осындай сынау мен өлшеу жөнiнде, сондай-ақ осындай реттеу жөнiнде тиiмдi заңнамалық, атқарушылық, әкiмшiлiк және өзге де шаралар қабылдайды әрi жүзеге асырады.

10-бап
Темекi бұйымдарының құрамын ашуды реттеу

      Әрбiр Тарап үкiметтiк органдарға темекi бұйымдарын дайындаушылар мен импортерлерден темекi бұйымдарының құрамы мен олар бөлiп шығаратын өнiмдер туралы ақпаратты ашып көрсетуiн талап ететiн өзiнiң ұлттық заңына сәйкес заңнамалық, атқарушылық, әкiмшiлiк және өзге де шаралар қабылдайды әрi жүзеге асырады. Одан басқа, әрбiр Тарап темекi бұйымдары мен олар бөлiп шығаруы мүмкiн уыттық құрам туралы көпшiлiктi хабардар ету жөнiнде тиiмдi шаралар қабылдайды әрi жүзеге асырады.

11-бап
Темекi бұйымдарын орау және таңбалау

      1. Әрбiр Тарап осы Конвенция күшiне енген сәттен бастап үш жыл мерзiм iшiнде өзiнiң ұлттық заңына сәйкес осы Тарап үшiн:
      (а) темекi бұйымдарын орау мен таңбалау жалған, шатастыратын немесе алдау болып табылатын немесе кез-келген терминдi, сипаттауды, сауда маркасын, белгiлi темекi бұйымының басқа темекi бұйымдарына қарағанда зиянының аз екендiгiн белгiлейтiн тура және жанама жалған әсер туғызатын символдық немесе кез-келген өзге белгiсiн қоса алғанда, оның сипаттамасы, денсаулыққа әсерi, қаупi немесе бөлiп шығаратын өнiмдерi туралы терiс әсер туғызатын кез-келген жолмен темекi бұйымдарын сатуға ынталандырмайтын, олар "құрамында шайыры аз", "жеңiл", "өте жеңiл" немесе "жұмсақ" деген терминдердi енгiзуi мүмкiн; және
      (b) темекi бұйымдарының әрбiр қорабы мен орамында және кез-келген сыртқы орамда және осы сияқты бұйымдарының таңбалауында сонымен қатар темекi тұтынудың зиянды салдарын сипаттайтын денсаулық үшiн зияны туралы ескертуден тұруы, және басқа да тиiстi хабарламалар келтiрiлуi; Олар мынадай ескертулер мен хабарламалар:
      (i) құзыреттi ұлттық органдар бекiтедi,
      (ii) дүркiн-дүркiн өзгередi,
      (iii) iрi, анық, айқын және жеңiл оқылатын болып табылады,
      (iv) негiзгi таңбаланған үстiңгi бет 50%-ды немесе одан көбiн алып жатады, бiрақ ешқандай жағдайда негiзгi таңбаланған үстiңгi беттiң 30%-ынан кем емес,
      (v) суреттер немесе пиктограмма түрiнде орындалуы мүмкiн, немесе енгізілуі үшін тиімді шаралар қабылдайды әрі жүзеге асырады.
      2. Темекi бұйымдарының әрбiр қорабы мен орамында және кез-келген сыртқы орамда және осы сияқты бұйымдарының таңбалауында, осы Баптың 1(b)-тармағында көзделген ескертулерге қосымшада ұлттық органда айқындалған темекi бұйымдарының мен олар бөлiп шығаратын өнiмдердiң сәйкес құрамдас бөлiктерi туралы ақпарат болуға тиiс.
      3. Әрбiр Тарап осы Баптың 1 (b)-тармағы мен 2-тармағында көрсетiлген ескертулер мен басқа да мәтiндiк ақпарат темекi бұйымдарының әрбiр қорабы мен орамында және кез-келген сыртқы орамда және осы сияқты өнiмдердiң таңбалауында оның негiзгi тiлi мен негiзгi тiлдерде айшықтатуын талап етедi.
      4. Осы Баптың мақсаттары үшiн "сыртқы орам мен таңбалау" терминi осы бұйымның бөлшек саудада пайдаланылатын кез-келген орам мен таңбалаудағы темекi бұйымдарына қатысты қолданылады.

12-бап
Халықты ағарту, ақпарат беру, даярлау және хабардар ету

      Әрбiр Тарап тиiстi жағдайларда барлық қолда бар ақпарат беру құралдарын пайдалана отырып, темекiге қарсы күрес мәселелерi бойынша халықты ақпараттандыру жүйесiн қолдайды және нығайтады. Осы мақсатта әрбiр Тарап:
      (а) дағдылануды қоса алғанда, темекi тұтыну мен темекi түтiнiнiң денсаулыққа әсер ету қаупi туралы халықты ақпараттандырып, ағартудың тиiмдi және жан-жақты бағдарламаларына кеңiнен қолжетiмдiлiгiне;
      (b) халықты темекi тұтыну мен темекi түтiнiнiң әсер етуi денсаулыққа төндiретiн қаупi, сондай-ақ 14.2-бапта көрсетiлгендей темекiнi тұтынуды тоқтатудың, темекiге тәуелсiз өмiр салтының басымдықтары туралы халықты ақпараттандыруға;
      (с) ұлттық заңнамаға сәйкес осы Конвенцияның мақсатына жататын темекi өнеркәсiбi туралы әртүрлi ақпараттарға халықтың қолжетiмдiлiгiне;
      (d) денсаулық сақтау қызметкерлерiне, қауымдастық қызметкерлерiне, әлеуметтiк қызметкерлерге, бұқаралық ақпарат құралдарының кәсiби қызметкерлерiне, оқытушыларға, шешiм қабылдайтын адамдарға, басшылар мен басқа да тиiстi тұлғаларға бағдарланған темекiге қарсы күрес жөнiндегi тиiмдi және тиiсiнше бағдарламаларға немесе ақпараттылығы мен ағартушылық сипатын арттыру жөнiндегi бағдарламаларға;
      (е) мемлекеттiк және жеке мекемелердi, темекi өнеркәсiбiмен байланысы жоқ үкiметтiк емес ұйымдарды ақпараттандыруға және оларды темекiге қарсы күрес саласында сектораралық бағдарламалар мен стратегияларды әзiрлеуге әрi iске асыруға қатысуға; және
      (f) халықты темекiнi өндiру мен тұтынудың адам денсаулығына керi әсер ету себептерi, сондай-ақ оның экономикалық және экологиялық салдарлары туралы ақпараттандыруға және осындай ақпараттарға қолжетiмдiлiгiне тиiмдi заңнамалық, атқарушылық,  әкiмшiлiк және жәрдемдесуге бағытталған өзге де шаралар қабылдайды әрi жүзеге асырады.

13-бап
Темекi бұйымдарының жарнамасы, сатуды ынталандыру және демеушiлiк

      1. Тараптар жарнамаға, сатуды ынталандыру мен демеушiлiкке толық тыйым салу темекi бұйымдарын тұтынудың қысқаруына әкелiп соғатынын түсiнедi.
      2. Әрбiр Тарап өзiнiң конституциясына немесе конституциялық принциптерiне сәйкес барлық темекi бұйымдарының жарнамасына, сатуды ынталандыруға және демеушiлiкке толық тыйым салуды енгiзедi. Бұл сол
Тарапта бар құқық шарттарын сақтай және қолда бар техникалық құралдардың болуын ескере отырып, оның аумағынан шығатын барлық трансшекаралық жарнамаға, сатуды ынталандыру мен демеушiлiкке толық тыйым салуды қамтиды. Осыған байланысты әрбiр Тарап осы Тарап үшiн Конвенция өз күшiне енгеннен кейiнгi бес жыл iшiнде тиiстi заңнамалық, атқарушылық, әкiмшiлiк және/немесе өзге де шаралар қабылдайды және 21-бапқа сәйкес тиiстi баяндамалар ұсынады.
      3. Өз конституциясының күшiне немесе конституциялық принциптерге сәйкес толық тыйым салуға мүмкiндiгi жоқ Тарап барлық жарнамаға, темекi бұйымдарын сатуды ынталандыру мен демеушiлiкке шектеу қабылдайды. Бұл сол Тарапта бар құқық шарттарын сақтай және қолда бар техникалық құралдардың болуын ескере отырып, оның аумағынан шығатын және трансшекаралық әсерi бар трансшекаралық жарнамаға, сатуды ынталандыру мен демеушiлiкке шектеу қоюды немесе толық тыйым салуды қамтиды. Осыған байланысты әрбiр Тарап тиiстi заңнамалық, атқарушылық, әкiмшiлiк және/немесе өзге де шаралар және 21-бапқа сәйкес тиiстi баяндамалар ұсынады.
      4. Ең кемiнде және өздерiнiң конституцияларына немесе конституциялық принциптерiне сәйкес Тараптар:
      (а) темекi бұйымдарын нарыққа жалған, шатастыратын немесе алдамшы өзге жолмен немесе адам денсаулығына керi әсер ететiн, қауiптi немесе бөлiнетiн бұйымдары туралы олардың сипаттамалары қате түсiнiк туғызатын құралдармен келген жарнамаға, темекi бұйымдарын сату мен демеушiлiктiң барлық түрлерiне тыйым салады;
      (b) денсаулыққа зияны туралы ескертулер немесе өзге де тиiстi
ескертулер темекi бұйымдарының кез-келген жарнамасында болуын, тиiстi жағдайларда сатуды және демеушiлiктi ескертудi талап етедi;
      (с) халықтың темекi бұйымдарын алуын көтермелейтiн тiкелей немесе жанама ынталандыруды пайдалануды шектейдi;
      (d) темекi өнеркәсiбiнiң, егер ол әлi толық тыйым салу енгiзбесе, әлi тыйым салынбаған жарнамаға, сатуды ынталандыру мен демеушiлiкке шығыстары туралы тиiстi мемлекеттiк органдарға ақпараттар ашуын талап етедi. Бұл органдар осы мәлiметтердi қоғамның және 21-бапты орындау үшiн Тараптар Конференциясының билiгiне беру туралы ұлттық заңнамаларға сәйкес шешiм қабылдай алады;
      (е) толық тыйым салады немесе өздерiнiң конституциясының немесе конституциялық принциптерiнiң күшiне сәйкес Тараптар толық тыйым сала алмайтын жағдайда, радио, теледидар, бұқаралық ақпарат құралдарының баспа басылымдары, тиiстi жағдайларда Интернет сияқты басқа да ақпарат құралдарында жарнаманы, темекi бұйымдарын сату мен оны демеушiлiктi бес жылдық мерзiм iшiне шектейдi; және
      (f) тыйым салады немесе Тараптар өзiнiң конституциясының немесе конституциялық принциптерiнiң күшiне сәйкес тыйым сала алмайтын жағдайда, халықаралық оқиғалар; iс-шаралар немесе қатысушылар арасында темекi бұйымдарына демеушiлiк жасауды шектейдi.
      5. Тараптар 4-тармақта көрсетiлген мiндеттемелер шегiнен шығатын шараларды iске асырғаны үшiн бiр-бiрiн көтермелейдi.
      6. Тараптар трансшекаралық жарнамаларды жоюға жәрдемдесу үшiн қажеттi технологиялар мен өзге де құралдарды әзiрлеу жөнiнде ынтымақтасады.
      7. Темекi жарнамасына, оларды сату мен демеушiлiктi ынталандыру мен демеушiлiктiң кейбiр нысандарына тыйым салған Тараптар, өз аумағына түскен трансшекаралық жарнаманың, сатуды ынталандыру мен демеушiлiкке қолданылатын санкция салу сияқты өз ұлттық заңнамасына сәйкес тыйым салу нысандарына егемен құқығы бар. Осы тармақ қандай да бiр нақты санкцияны мақұлдауды немесе бекiтудi бiлдiрмейдi.
      8. Тараптар трансшекаралық жарнамаға, сату мен демеушiлiктi ынталандыруға толық тыйым салу мақсатында халықаралық ынтымақтастықты талап ететiн тиiстi шаралар баяндалған хаттама әзiрлеу туралы мәселенi қарайды.

14-бап
Темекiге тәуелдiлiкке қатысты сұранысты қысқарту және темекi
тұтынуды тоқтату жөнiндегi шаралар

      1. Әрбiр Тарап темекi тұтынуды тоқтатуға жәрдемдесу мен темекiге тәуелдiлiктен барабар емделудi қамтамасыз ету үшiн ұлттық жағдайлар мен басымдықтарды ескере отырып, ғылыми деректер мен үздiк практикаға негiзделген тиiсiнше, жан-жақты әрi кешендi басқару принциптерiн әзiрлейдi және таратады.
      2. Осы мақсатқа қол жеткiзу үшiн әрбiр Тарап:
      (а) темекiнi тұтынуды, соның iшiнде оқу орындары, медициналық-санитарлық мекемелер, жұмыс орындары мен спорт шараларын өткiзетiн орындарда тоқтатуға жәрдемдесуге бағытталған тиiмдi бағдарламалар әзiрлеуге және iске асыруға;
      (б) темекiге тәуелдiлiктiң диагностикасы мен емдеудi және темекi шегудi тоқтатуға қатысты консультация беру жөнiндегi қызмет көрсетулердi денсаулық сақтау саласында және тиiстi жағдайларда денсаулық сақтау қызметкерлерiн, қауымдастықтардағы қызметкерлер мен әлеуметтiк сала қызметкерлерiнiң қатысуымен денсаулық сақтау және ағарту саласындағы ұлттық бағдарламаларға, жоспарлар мен стратегияларға енгiзуге;
      (с) медициналық-санитарлық көмек пен оңалту орталықтарында
диагностика, консультация беру, темекiге тәуелдiлiктiң алдын алу мен емдеу жөнiнде бағдарламалар жасауға;
      (d) емделуге қол жеткiзудi жеңiлдету және 22-бапқа сәйкес фармацевтикалық препараттарды қоса алғанда, темекiге тәуелдiлiктен емделу бағасы бойынша қолжетiмдiлiкте өзге Тараптармен ынтымақтасуға ұмтылады; Мұндай препараттар мен олардың құрамдас бөлiктерi дәрiлiк заттарды енгiзуге; сондай-ақ тиiстi жағдайларда диагностика үшiн пайдаланылатын дәрiлiк заттарды, препараттарды қамтуы мүмкiн.

ІV Бөлiм. Темекi жеткiзiлiмдерiн қысқартуға қатысты шаралар

15-бап
Темекi бұйымдарын заңсыз сату

      1. Тараптар, контрабанданы, заңсыз өндiру мен қолдан жасауды, сондай-ақ субөңiрлiк, өңiрлiк және жаhандық келiсiмдерден басқа, тиiстi ұлттық  заңнаманы әзiрлеу мен жүзеге асыруды қоса алғанда, темекi бұйымдарын заңсыз сатудың барлық нысандарын жою темекiге қарсы күрестiң қажеттi құрамдас бөлiктерi екенiн түсiнедi.
      2. Әрбiр Тарап темекi бұйымдарының шыққан жерiн айқындауда Тараптарға көмек беру үшiн темекi бұйымдарының барлық қораптары мен орамдары және мұндай бұйымдардың сыртқы орамдары таңбалануын қамтамасыз ету және ұлттық заңдар мен екiжақты және көпжақты келiсiмдерге сәйкес ауытқу нүктесiн, сондай-ақ темекi бұйымдарының мониторингiн, құжатталуы мен қозғалысын бақылауды және заңды мәртебесiн белгiлеуде Тараптарға көмектесу үшiн тиiмдi заңнамалық, атқарушылық, әкiмшiлiк немесе өзге де шаралар қабылдайды әрi жүзеге асырады. Бұдан басқа, әрбiр Тарап:
      (а) темекi бұйымдарының әрбiр жеке қорабы мен орамында мынадай мәтiндегi жазу болуын:  "Тек қана мынадай жағдайда caтуғa рұқсат етiледi (елдiң, субұлттық, өңiрлiк немесе федералдық аумақтың   бiрлiгi қамтылады)" немесе баратын соңғы нүктесiн көрсететiн немесе аталған бұйымның iшкi нарыққа оның iшкi нарығында бөлшек және көтерме саудада сату үшiн темекi сату үшiн заңды негiзде түскен-түспегенiн органдарға анықтауға көмектесетiн кез-келген басқа тиiмдi таңбалануы болуын талап етедi; және
      (b) тиiстi жағдайларда бөлу жүйесiн одан әрi қорғайтын және заңсыз сауда жағдайларын тергеуге көмектесетiн практикалық назарда ұстау мен назарда ұстау режимi жүйесiн құру туралы мәселенi қарайды.
      3. Әрбiр Тарап осы Баптың 2-тармағында көрсетiлген орамдағы немесе таңбалаудағы ақпараттың анық және/немесе негiзгi тiлде немесе негiзгi тiлдерде болуын талап етедi.
      4. Темекi бұйымдарын заңсыз сатуды жою мақсатында әрбiр Тарап:
      (а) заңсыз сатуды қоса алғанда, темекi бұйымдарын трансшекаралық сату туралы мониторинг пен деректер жинауды жүзеге асырады, сондай-ақ тиiстi жағдайларда кеден, салық және өзге де органдар арасында ұлттық заңдарға және қолданыстағы екi жақты немесе көп жақты келiсiмдерге сәйкес ақпараттар алмасады;
      (b) темекi бұйымдарын заңсыз сатуға қарсы, соның iшiнде қолдан жасалған және контрабандалық сигареттердi сатуға бағытталған заңнаманы тиiстi санкциялармен және шараларымен қабылдайды немесе нығайтады;
      (с) тәркiленген барлық өндiрiстiк құралдарды, қолдан жасалған және контрабандалық сигареттер мен өзге де темекi бұйымдарын жойылуы үшiн, iс жүзiнде жүзеге асыруға болатын жағдайда, экологиялық таза әдiстердi пайдалана отырып немесе iшкi заңдарға сәйкес аластауды қамтамасыз ету жөнiнде қажеттi қадамдар жасайды;
      (d) өзiнiң заңдық құзыры шегiнде салықсыз немесе бажсыз режимде сақталып қойылатын және тасымалданатын темекi бұйымдарының сақталуы мен бөлiнуiне мониторинг, құжаттау және бақылау мақсатында шаралар қабылдайды және iске асырады;
      (е) темекi бұйымдарын заңсыз сатудан түскен табыстарды тәркiлеу мақсатында қажеттi шаралар қабылдайды.
      5. Осы Баптың 4(а) және 4(d) тармақшаларына сәйкес жиналған ақпараттарды Тараптар тиiстi жағдайларда 21-бапқа сәйкес жинақталған түрде Тараптар Конференциясында өздерiнiң мерзiмдiк баяндамаларында ұсынады.
      6. Тараптар темекi бұйымдарын заңсыз сатуды жою мақсатында тиiстi жағдайларда және ұлттық заңнамаға сәйкес, ұлттық мекемелер, сондай-ақ тиiстi өңiрлiк және халықаралық үкiметаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастыққа бұл тергеуге, сот қудалауы мен рәсiмдерiне қандай дәрежеде қатысты екенiне қарай жәрдемдеседi. Негiзгi назар темекi бұйымдарын заңсыз сатумен күрес мақсатында өңiрлiк және субөңiрлiк деңгейдегi ынтымақтастыққа ерекше аударылады.
      7. Әрбiр Тарап заңсыз сауданың алдын алу мақсатында тиiстi жағдайларда темекi бұйымдарын бақылау немесе өндiрiсiн реттеу және бөлу үшiн лицензиялауды қоса алғанда, одан әрi шаралар қабылдауға әрi жүзеге асыруға ұмтылады.

16-бап
Кәмелеттiк жасқа толмағандарға сату және
кәмелеттiк жасқа толмағандардың сатуы

      1. Әрбiр Тарап iшкi заңнамада, ұлттық заңнамада белгiленген жасқа немесе он сегiз жасқа толмаған адамдарға темекi бұйымдарын сатуға тыйым салу үшiн тиiстi үкiметтiк деңгейде тиiмдi заңнамалық, атқарушылық, әкiмшiлiк немесе өзге де шараларды шаралар қабылдайды және жүзеге асырады. Бұл шаралар:
      (а) темекi бұйымдарын сатушылардың барлығынан өздерiнiң сату пунктiнiң iшiнде көрiнетiн жерде кәмелеттiк жасқа толмағандарға темекi бұйымдарын сатуға тыйым салынғаны туралы анық хабарландыру iлу талабын, егер күдiк болған жағдайда, әрбiр сатып алушыдан заңда белгiленген кәмелеттiк жасқа жеткенiн айғақтайтын құжатты талап етудi; 
      (b) темекi бұйымдарын кез келген тәсiлмен, мысалы, мұндай бұйымдарға дүкеннiң сөрелерiнен тiкелей қол жеткiзудi қамтамасыз ететiн тәсiлмен сатуға тыйым салуды;
      (с) кәмпиттердi, тiскебасарларды, ойыншықтарды немесе өзге де заттарды кәмелетке толмағандардың назарын аударатын темекi бұйымдары нысанында жасауға және сатуға тыйым салуды; және
      (d) темекi бұйымдарын сататын өзiнiң заңдық құзырындағы автоматтарға кәмелетке толмағандардың қолы жетпейтiндей және кәмелетке толмағандарға темекi бұйымдарын сатуды ынталандырмайтындай болатын жағдайды қамтамасыз етудi қамтиды.
      2. Әрбiр Тарап тегiн темекi бұйымдарының халықтың, әсiресе кәмелетке толмағандардың арасында таратуға тыйым салады және тыйым салуға ықпал етедi.
      3. Әрбiр Тарап сигареттiң кәмелетке толмағандарға қолжетiмдi болуын ұлғайтатындай бiр данадан немесе шағын орамдармен сатуға тыйым салуға ұмтылады.
      4. Тараптар кәмелетке толмағандарға темекi бұйымдарын сатуға алдын ала жөнiндегi шаралардың тиiмдiлiгiн арттыру үшiн, қажет болған жағдайда осы Конвенцияда қамтылған басқа да ережелермен үндестiкте жүзеге асырылуға тиiс екенiн түсiнедi.
      5. Тараптар Конвенцияға қол қойған, бекiткен, қабылдаған не оған қосылған кезде, немесе Тарап кез келген уақытта кейiннен мiндеттi күшi бар жазбаша өтiнiштiң көмегiмен өзiнiң заңдық құзырының шегiндегi темекi бұйымдарын сататын автоматтарды iске қосуға тыйым салуға мiндеттенуiн, немесе тиiстi жағдайларда темекi бұйымдарын сататын автоматтарға толық тыйым салуды енгiзудi мiндеттенуiн көрсете алады. Осы баптың негiзiнде жасалған мәлiмдеменi Конвенцияның барлық Тараптарына Депозитарий жолдайды.
      6. Әрбiр Тарап осы Баптың 1-5-тармақтарында қамтылған мiндеттемелердiң сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, көтерме және бөлшек сауда жасаушыларға қарсы санкцияларды қоса алғанда, тиiмдi заңнамалық, атқарушылық, әкiмшiлiк немесе өзге де шаралар қабылдайды және жүзеге асырады.
      7. Әрбiр Тарап тиiстi жағдайларда iшкi заңнамада, ұлттық заңнамада белгiленген жасқа немесе он сегiз жасқа толмағандарға темекi бұйымдарын сатуға тыйым салу мақсатында тиiмдi заңнамалық, атқарушылық, әкiмшiлiк шараларды қабылдауы және жүзеге асыруы керек.

17-бап
Экономикалық өмiршең қызметтiң балама түрлерiн қолдау

      Тараптар басқа Тараптармен, құзыреттi халықаралық және өңiрлiк үкiметаралық ұйымдармен ынтымақтастықта, қажет болған жағдайда темекi өндiрумен және өсiрумен айналысатын адамдардың және тиiстi жағдайларда жеке сатушылардың мүдделерiнде экономикалық өмiршең басқа баламаларға ықпал етедi.

V Бөлiм: Қоршаған ортаны қорғау

18-бап
Қоршаған ортаны қорғау және адамдардың денсаулығы

      Осы Конвенция бойынша Тараптар өз аумағында темекi өсiру мен темекi бұйымдарын өндiруге қатысты өздерiнiң мiндеттемелерiн орындау кезiнде қоршаған ортаны қорғау және қоршаған ортаны қорғаумен байланысты адамдардың денсаулығын сақтау мәселелерiн тиiстi деңгейде ескеруге келiседi.

VI Бөлiм: Жауапкершiлiкке байланысты мәселелер

19-бап
Жауапкершiлiк

      1. Темекiге қарсы күрес мақсатында Тараптар қажет болған жағдайда тиiстi жағдайлардағы өтемақыны қоса алғанда, қылмыстық және азаматтық жауапкершiлiк мәселелерiн шешу үшiн заңнамалық шараларды қабылдау немесе қолданыстағы заңнаманы дамыту мүмкiндiгiн қарайды.
      2. Тараптар 21-бапқа сәйкес Тараптардың Конференциялары арқылы бiр-бiрiмен ақпарат алмасуда ынтымақтасады, оның iшiнде:
      (а) темекi бұйымдарын тұтынудың денсаулыққа келтiретiн және 20.3 (а)-бапқа сәйкес темекi түтiнi әсерiнiң салдары жайында ақпарат алмасады; және
      (b) қолданыстағы заңнама мен ережелер, сондай-ақ тиiстi сот практикасы туралы ақпарат алмасады.
      3. Тараптар тиiстi жағдайларда және өзара келiсе отырып, бiр-бiрiне ұлттық заңнама, саясат, құқықтық практика және осы Конвенцияға сәйкес азаматтық және қылмыстық жауапкершiлiкке қатысты iс жүргiзу әрекеттерiн жүзеге асыруда қолданылып, iске қосылатын шарт тетiктерi шеңберiнде көмек бередi.
      4. Конвенция Тараптардың бiр-бiрiнiң сот органдарына қол жеткiзу құқықтарына, мұндай құқықтар бар жерде оларға ешқандай қол сұқпайды немесе шектемейдi.
      5. Тараптардың Конференциясы тиiстi халықаралық форумдарда жүргiзiлетiн жұмысты ескере отырып, осы мәселелерге тиiсiнше халықаралық тұрғыдан келу және Тараптарға қолдау көрсету жөнiндегi тиiстi құралдарды қоса алғанда, олардың өтiнiшi бойынша, осы Бапқа сәйкес олардың заңнамалық және өзге де қызметiнде жауапкершiлiкке қатысты мәселелердi мүмкiндiгiнше ертерек сатысында қарауы мүмкiн.

VII Бөлiм: Ғылыми-техникалық ынтымақтастық және ақпарат беру

20-бап
Ғылыми зерттеулер, эпидқадағалау және ақпарат алмасу

      1. Тараптар темекiге қарсы күрес саласындағы ұлттық зерттеулердi дамыту мен оларға жәрдемдесу және ғылыми-зерттеу бағдарламаларын үйлестiру жөнiндегi шараларды өңiрлiк әрi жаhандық деңгейлерде қабылдайды. Бұл мақсатқа қол жеткiзу үшiн әрбiр Тарап:
      (а) зерттеулер және ғылыми бағалаулар жүргiзуде тiкелей немесе құзыреттi халықаралық және өңiрлiк үкiметаралық ұйымдар мен басқа органдар арқылы ынтымақтастыққа бастамашылық жасайды әрi жүзеге асырады және бұл ретте темекi тұтынуды қозғаушы себептерi мен зардаптары және темекi түтiнiнiң әсерiн зерделеуге бағытталған, сондай-ақ балама дақылдарды, анықтауға бағытталған зерттеулерге жәрдемдеседi және қолдау көрсетедi; және
      (b) құзыреттi халықаралық және өңiрлiк үкiметаралық ұйымдар мен басқа органдардың қолдауымен ғылыми зерттеулердi қоса алғанда, темекiге қарсы күрес жөнiндегi қызметпен айналысатындардың барлығын даярлауды және қолдау көрсетудi, жүзеге асыруды және бағалауды дамытады әрi нығайтады.
      2. Тараптар тиiстi жағдайларда темекi тұтынудың зардаптары мен темекi түтiнi әсерiнiң ауқымын, құрылымдарын, қозғаушы себептерiн ұлттық, өңiрлiк және жаhандық эпидқадағалау бағдарламаларын жасайды. Осы мақсатта Тараптар темекiнi эпидқадағалау бағдарламасын өңiрлiк және халықаралық деңгейлердегi деректердiң салыстырмалығы мен талдаудың мүмкiндiгiн тиiстi жағдайларда қамтамасыз ету үшiн денсаулық жай-күйiн эпидқадағалаудың ұлттық, өңiрлiк және жаhандық бағдарламаларына енгiзедi.
      3. Тараптар халықаралық және өңiрлiк үкiметаралық ұйымдар мен басқа да органдар тарапынан қаржылық және техникалық көмектiң маңызын түсiнедi. Әрбiр Тарап:
      (а) темекi тұтынуды эпидемиологиялық қадағалаудың ұлттық жүйесiн және тиiстi әлеуметтiк және экономикалық көрсеткiштердi және денсаулық көрсеткiштерiн кезең-кезеңiмен жасауға;
      (b) темекiнi өңiрлiк және жаhандық эпидқадағалауда және осы Баптың 3(а)-тармағында көрсетiлген көрсеткiштер туралы ақпарат алмасуда үкiметтiк және үкiметтiк емес ұйымдарды қоса алғанда, құзыреттi халықаралық және өңiрлiк үкiметаралық ұйымдармен және басқа да органдармен ынтымақтасуға;
      (с) темекiге байланысты эпидқадағалау деректерiн жинау, талдау және таратуды айқындауға арналған жалпы басшылық принциптерiн немесе рәсiмдердi әзiрлеуде Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымымен ынтымақтасуға ұмтылады.
      4. Тараптар өзiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес ашық ғылыми-техникалық, әлеуметтiк-экономикалық, коммерциялық және заңдық ақпаратпен, сондай-ақ осы Конвенцияға қатысы бар темекi өнеркәсiбi мен темекi өсiру практикасына қатысты ақпарат алмасуға жәрдемдеседi және оны жеңiлдетедi, бұл ретте дамушы елдер болып табылатын Тараптар мен өтпелi экономикасы бар Тараптардың айрықша қажеттiлiктерiн ескередi және қарайды. Әрбiр Тарап:
      (а) құрамында темекiге қарсы күрестi регламенттейтiн заңдар мен ережелер бар жаңартылған дерекқорды және тиiстi жағдайларда олардың сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ тиiстi сот практикасы туралы ақпаратты кезең-кезеңмен жасау әрi қолдау мен темекiге қарсы күрес саласындағы бағдарламаларды өңiрлiк және жаhандық деңгейлерде әзiрлеуде ынтымақтасуға;
      (b) осы Баптың 3(а)-тармағына сәйкес эпидқадағалаудың ұлттық бағдарламаларынан алынған жаңартылған дерекқорын кезең-кезеңмен жасауға және қолдауға;
      (с) құзыреттi халықаралық ұйымдармен темекi өндiру және темекi бұйымдарын дайындау туралы, сондай-ақ осы Конвенцияға немесе темекiге қарсы күрес жөнiндегi ұлттық қызметке ықпал ететiн темекi өнеркәсiбi қызметi туралы ақпаратты тұрақты жинау және тарату үшiн жаhандық жүйенi кезең-кезеңмен жасау және қолдау мақсатында ынтымақтасуға ұмтылады.
       5. Тараптар өңiрлiк және халықаралық үкiметаралық ұйымдардың және қаржы мекемелерiнiң, сондай-ақ өздерi мүшелерi болып табылатын дамыту мәселелерiмен айналысатын мекемелер шеңберiнде, дамушы елдер болып табылатын Тараптар мен өтпелi экономикасы бар Тараптарға олардың зерттеулер, эпидқадағалау және ақпарат алмасу жөнiндегi мiндеттемелерiн орындауда көмек көрсету үшiн Хатшылыққа жәрдемдесу әрi техникалық және қаржы ресурстарын берудi көтермелеу мақсатында ынтымақтасуы керек.

21-бап
Есептiлiк және ақпарат алмасу

      1. Әрбiр Тарап Хатшылық арқылы Тараптар Конференциясына өзiнiң Конвенцияны орындағаны туралы мерзiмдiк баяндамаларын ұсынады; онда мыналар қамтылады:
      (а) Конвенцияны жүзеге асыру мақсатында қабылданған заңнамалық, атқарушылық, әкiмшiлiк немесе өзге де шаралар туралы ақпарат;
      (b) тиiстi жағдайларда Конвенцияны жүзеге асыруда кездескен кез-келген кедергiлер мен тосқауылдар туралы және осы тосқауылдарды жою үшiн қабылданған шаралар туралы ақпарат;
      (с) темекiге қарсы күрес жөнiндегi қызмет үшiн берiлген немесе алынған қаржылық және техникалық көмек туралы тиiстi жағдайларда ақпарат;
      (d) 20-бапта көрсетiлгендей, эпидқадағалау және зерттеулер туралы ақпарат; және
      (е) 6.3, 13.2, 13.3, 13.4(d), 15.5 және 19.2-баптарда көрсетiлген ақпарат.
      2. Мұндай баяндамаларды барлық Тараптардың ұсынуының жиілiгi мен нысанын Тараптардың Конференциясы айқындайды. Әрбiр Тарап аталған Тарап үшiн Конвенция күшiне енгеннен кейiн екi жыл iшiнде өзiнiң бастапқы баяндамасын дайындайды.
      3. Тараптар Конференциясы 22 және 26-баптарға сәйкес дамушы елдер болып табылатын Тараптар мен өтпелi экономикасы бар Тараптарға, олардың өтiнiшi бойынша, осы Баптағы олардың өз мiндеттемелерiн орындауға көмек көрсету жөнiндегi шараларды қарайды.
      4. Осы Конвенция бойынша баяндамалар ұсыну және ақпарат алмасу
жеке өмiрiнiң құпиялылығын және қол сұғылмауын қамтамасыз ету тұрғысындағы ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. Тараптар өзара келiсiм бойынша алмасатын кез-келген құпия ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етедi.

22-бап
Ғылыми-техникалық және заң салаларындағы ынтымақтастық және тиiстi тәжiрибенi ұсыну

      1. Тараптар дамушы елдер болып табылатын Тараптардың және өтпелi экономикасы бар Тараптардың қажеттiлiктерiн ескере отырып, осы Конвенциядан туындайтын мiндеттемелердi орындау жөнiндегi өзiнiң әлеуетiн нығайту мақсатында тiкелей немесе құзыреттi халықаралық органдар арқылы ынтымақтасады. Мұндай ынтымақтастықтың темекiге қарсы күрес саласындағы ұлттық стратегияларды, жоспарлар мен бағдарламаларды әзiрлеу және нығайту үшiн өзара келiсiм бойынша ғылыми-техникалық және заңдық тәжiрибенi және технологияны беруге жәрдемдесу, атап айтқанда, мыналарға бағытталған мақсаты болады:
      (а) темекiге қарсы күреске байланысты технологияларды, бiлiмдi, дағдыны, әлеуеттi және тәжiрибенi әзiрлеуге, беруге және алуға жәрдемдесуге;
      (b) Мыналар:
      (i) тиiстi өтiнiш бойынша тұғырлы заңнамалық негiздi, сондай-ақ темекiнi тұтынуды бастаудың алдын алу, оны тұтынуды тоқтатуға және темекi түтiнiнiң әсерiнен қорғауға жәрдемдесу жөнiндегi бағдарламаларды қоса алғанда, техникалық бағдарламаларды жасауда көмек көрсету;
      (ii) темекi секторында жұмыс iстейтiн адамдарға тиiстi жағдайларда экономикалық тұрғыдан өмiршең құралдарды қамтамасыз етудiң тиiстi экономикалық және заңдық тұрғыдан өмiршең балама тәсiлдерiн әзiрлеуде көмек көрсету;
      (iii) темекi өсiрумен айналысатын адамдарға тиiстi жағдайларда ауыл шаруашылығы өндiрiсiн экономикалық тұрғыдан өмiршең балама дақылдарға ауыстыруға көмек көрсету арқылы Конвенцияны жүзеге асыруға бағытталған темекiге қарсы күрес саласындағы ұлттық стратегияларды, жоспарлар мен бағдарламаларды жасау әрi нығайту үшiн ғылыми-техникалық, заңдық және өзге де тәжiрибелердi ұсыну;
      (с) 12-бапқа сәйкес тиiстi қызметкердi даярлаудың немесе олардың ақпараттануын арттырудың тиiстi бағдарламаларын қолдау;
      (d) тиiстi жағдайларда темекiге қарсы күрес саласындағы стратегиялар, жоспарлар мен бағдарламалар үшiн қажеттi материалдарды, жабдықты беру және материалдық-техникалық қолдау көрсету; 
      (е) никотинге тәуелдiлiктi жан-жақты емдеудi қоса алғанда, темекiге қарсы күрестің әдiстерiн айқындау;
      (f) никотинге тәуелдiлiктi жан-жақты емдеудiң қол жетiмдiлiгiн арттыру мақсатында тиiстi жағдайларда ғылыми зерттеулерге жәрдемдесу.
      2. Тараптар Конференциясы ғылыми-техникалық және заң тәжiрибесi мен технологияны беруде жәрдемдеседi және осылай берудi 26-бапқа сәйкес, көрсетiлетiн қаржылай қолдау кезiнде жеңiлдетедi.

VIII Бөлiм: Ұйымдастыру шаралары және қаржы ресурстары

23-бап
Тараптар Конференциясы

      1. Тараптар Конференциясы осымен бекiтiледi. Конференцияның бiрiншi сессиясын Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы осы Конвенция күшiне енгеннен кейiн бiр жылдан кешiктiрмей шақырады. Конференция өзiнiң бiрiншi сессиясында келесi кезектi сессиялардың өтетiн орны мен уақытын белгiлейдi.
      2. Тараптар Конференциясының кезектен тыс сессиялары Конференция қажет деп тапқан немесе бұл талап туралы ақпаратты Конвенцияның Хатшылығы оларға берiлген сәтiнен бастап алты ай iшiнде Тараптардың кемiнде үштен бiрi қолдайтын жағдайда кез келген Тараптың жазбаша талабы бойынша басқа мерзiмдерде өткiзiледi.
      3. Тараптар Конференциясы өзiнiң бiрiншi сессиясында өзара келiсiммен Рәсiмдеу ережесiн қабылдайды.
      4. Тараптар Конференциясы өзара келiсiммен өзiнiң ережелерiн, сондай-ақ ол құра алатын кез-келген қосалқы органдарды қаржыландыруды регламенттейтiн ережелердi, сондай-ақ Хатшылықтың жұмысын регламенттейтiн қаржы ережелерiн қабылдайды. Ол әрбiр кезектi сессияда келесi кезектi сессияға дейiнгi қаржылық кезеңге арналған бюджеттi бекiтедi.
      5. Тараптар Конференциясы осы Конвенцияның жүзеге асырылуын тұрақты қарайды әрi оны тиiмдi жүзеге асыруға жәрдемдесу үшiн қажеттi шешiмдердi қабылдайды және 28, 29 және 33-баптарға сәйкес Конвенцияға хаттамаларды, қосымшалар мен түзетулердi қабылдай алады. Ол осы мақсатта:
      (а) 20 және 21-баптарға сәйкес ақпарат алмасуға жәрдемдеседi және жеңiлдетедi;
      (b) осы Конвенцияны жүзеге асыруға қатысты, 20-бапта көзделгендердi толықтыруға ғылыми зерттеулердiң салыстырмалы әдiснамаларын әзiрлеуге және деректер жинағын мерзiмдiк жетiлдiруге жәрдемдеседi және жiбередi;
      (с) стратегияларды, жоспарлар мен бағдарламаларды, сондай-ақ саясатты, заңнаманы және басқа да шараларды әзiрлеуге, жүзеге асыруға және бағалауға тиiстi жағдайларда жәрдемдеседi;
      (д) осы Конвенцияның 21-бабына сәйкес Тараптар ұсынған баяндамаларды қарайды және Конвенцияның жүзеге асырылуы туралы тұрақты баяндамаларды бекiтедi;
      (e) 26-бапқа сәйкес осы Конвенцияны жүзеге асыруға арналған қаржы ресурстарын жұмылдыруға жәрдемдеседi және ықпал етедi;
      (f) осы Конвенцияның мақсаттарына қол жеткiзу үшiн қажеттi қосалқы органдарды бекiтедi;
      (g) тиiстi жағдайларда құзыреттi және тиiстi ұйымдардың әрi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы жүйесi органдарының және басқа халықаралық әрi өңiрлiк үкiметаралық ұйымдар мен үкiметтiк емес ұйымдардың және органдардың Конвенцияны жүзеге асыру жөнiндегi жұмыстарды нығайту құралы ретiнде қызмет көрсету және ынтымақтасу, сондай-ақ ақпарат ұсыну туралы өтiнiш жасайды; және
      (h) тиiстi жағдайларда осы Конвенцияның мақсатына қол жеткiзу үшiн оны жүзеге асыру үдерiсiнде жинақталған тәжiрибе аясында басқа да iс-қимылдарды қарайды.
      6. Тараптар Конференциясы оның жұмысында бақылаушылардың қатысу өлшемдерiн белгiлейдi.

24-бап
Хатшылық

      1. Тараптар Конференциясы тұрақты хатшылықты тағайындайды және оның жұмыс iстеу жағдайларын қамтамасыз етедi. Тараптардың Конференциясы мұны өзiнiң бiрiншi сессиясында орындауға ұмтылады.
      2. Тұрақты хатшылық тағайындалған және бекiтiлген сәтке дейiн хатшылықтың функциясын осы Конвенцияға сәйкес Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы қамтамасыз етедi.
      3. Хатшылықтың функциялары:
      (а) Тараптар Конференциясының және кез келген қосалқы органдардың сессияларын ұйымдастыру мен оларды қажеттi қызметтер көрсетумен қамтамасыз ету;
      (b) осы Конвенцияға сәйкес өздерi алған баяндамаларды беру;
      (с) Тараптарға, әсiресе, дамушы елдер болып табылатын Тараптар мен өтпелi экономикасы бар Тараптарға олардың сұрауы бойынша осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес талап етiлетiн ақпаратты жинау мен беруге көмек көрсету;
      (d) Тараптар Конференциясының басшылығымен Конвенцияға сәйкес өзiнiң қызметi туралы баяндамалар дайындау және оларды Тараптар Конференциясына ұсыну;
      (e) Тараптар Конференциясының басшылығымен құзыреттi халықаралық және өңiрлiк үкiметаралық ұйымдармен және басқа да органдармен қажеттi үйлестiрудi қамтамасыз ету;
      (f) Тараптар Конференциясының басшылығымен оның функцияларын тиiмдi жүзеге асыру үшiн талап етiлуi мүмкiн мұндай әкiмшiлiк немесе келiсiм-шарттар жасасу; және
      (g) Конвенцияда және оның кез-келген хаттамаларында көрсетiлген басқа да хатшылық функцияларын, сондай-ақ Тараптар Конференциясы айқындауы мүмкiн осындай басқа да функцияларды орындау болып табылады.

25-бап
Тараптар Конференциясы мен yкiметаралық ұйымдардың
арасындағы қарым-қатынас

      Осы Конвенцияның мақсаттарына қол жеткiзуде техникалық және қаржылық ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшiн Тараптар Конференциясы, қаржы мекемелерiн және даму мәселелерiмен айналысатын мекемелердi қоса алғанда, құзыреттi халықаралық және өңiрлiк үкiметаралық ұйымдарға ынтымақтастық туралы өтiнiш жасай алады.

26-бап
Қаржы ресурстары

      1. Тараптар осы Конвенцияның мақсаттарына қол жеткiзуде қаржы ресурстарының маңызды рөл атқаратынын түсiнедi.
      2. Әрбiр Тарап өзiнiң ұлттық жоспарларына, басымдықтары мен бағдарламаларына сәйкес осы Конвенцияның мақсаттарына қол жеткiзуге бағытталған, өзiнiң ұлттық қызметiне қатысты қаржылай қолдауды қамтамасыз етедi.
      3. Тараптар дамушы елдер болып табылатын Тараптар мен өтпелi экономикасы бар Тараптардың темекiге қарсы күрестiң көп салалы жан-жақты бағдарламаларын әзiрлеудi және нығайтуды қаржыландыруды қамтамасыз ету үшiн тиiстi жағдайларда екiжақты, өңiрлiк, қосалқы өңiрлiк және басқа да көпжақты арналарды пайдалануға жәрдемдеседi. Тиiсiнше, ұлттық деңгейде әзiрленетiн орнықты даму стратегияларының аясында дақылдарды әртараптандыруды қоса алғанда, темекi өндiрiсiнiң экономикалық өмiршең баламаларын қарау және қолдау керек.
      4. Тиiстi өңiрлiк және халықаралық үкiметаралық ұйымдарда, сондай-ақ қаржы мекемелерiнде және даму мәселелерiмен айналысатын мекемелерде өкiлдiк ететiн Тараптар, дамушы елдер болып табылатын Тараптар мен өтпелi экономикасы бар Тараптарға бұл ұйымдарда қатысу құқығын шектемей, олардың осы Конвенция бойынша өз мiндеттемелерiн орындауға көмек көрсету мақсатында осы ұйымдар мен мекемелердiң қаржылай қолдаумен қамтамасыз етуiн көтермелейдi.
      5. Тараптар мыналарға келiседi:
      (а) Тараптарға осы Конвенция бойынша өз мiндеттемелерiн орындауға көмек көрсету үшiн барлық Тараптардың, әсiресе, дамушы елдер болып табылатын Тараптар мен өтпелi экономикасы бар Тараптардың игiлiгi үшiн барлық тиiстi ықтимал және қолда бар қаржылай, техникалық немесе темекiге қарсы күрес жөнiндегi iс-шаралар үшiн қолжетiмдi өзге де мемлекеттiк және жекеше ресурстарды жұмылдыру әрi пайдалану керек.
      (б) Хатшылық дамушы елдер болып табылатын Тараптар мен өтпелi экономикасы бар Тараптарға, олардың өтiнiшi бойынша, осы Конвенциядағы олардың өз мiндеттемелерiн орындауын жеңiлдету үшiн қаржыландырудың қолда бар көздерi туралы кеңес бередi.
      (с) Тараптар Конференциясы өзiнiң бiрiншi сессиясында Хатшылық жүргiзген зерттеулердiң және басқа да тиiстi ақпараттың негiзiнде қолда бар және ықтимал көздер мен тетiктерге шолу жүргiзедi және олардың сәйкестiгiн қарайды.
      (d) бұл шолудың нәтижелерiн Тараптар Конференциясы қолда бар тетiктердi нығайту немесе қажет кезiнде қосымша қаржы ресурстарын дамушы елдер болып табылатын Тараптар мен өтпелi экономикасы бар Тараптарға жiберу үшiн осы Конвенцияның мақсаттарына қол жеткiзуде оларға көмек көрсету үшiн ерiктi жаhандық қорды құрудың не өзге де тиiстi қаржы тетiктерiн жасаудың қажеттiлiгiн айқындау кезiнде ескеретiн болады.

IX Бөлiм: Дауларды реттеу

27-бап
Дауларды реттеу

       1. Екi не одан да көп Тараптардың арасында осы Конвенцияны түсiндiруге немесе қолдануға қатысты дау туындаған жағдайда тиiстi Тараптар қайырымдылық қызметтердi, делдалдықты немесе татуласуды қоса алғанда, келiссөздер немесе олардың таңдауымен кез келген басқа бейбiт жолдар арқылы дипломатиялық арналар бойынша дауды реттеуге ұмтылады. Қайырымдылық қызметтер, делдалдық немесе татуласу арқылы келiсiмге қол жеткiзу мүмкiн болмаған жағдайда дауласушы тараптар оны шешудi iздеудi жалғастыру мiндетiнен босатылмайды.
      2. Осы Конвенцияны ратификациялау, қабылдау, бекiту не ресми мақұлдау немесе оған қосылу кезiнде не бұдан кейiн кез келген уақытта мемлекет немесе өңiрлiк экономикалық ықпалдастық ұйымы Депозитарийге осы Баптың 1-тармағына сәйкес шешiлуi мүмкiн емес дауға қатысты өзара келiсiм негiзiнде Тараптар Конференциясы қабылдауы тиiс рәсiмдерге сәйкес арнайы төрелiк жасауға өздерiнiң мәжбүрлеу шарасы тәртiбiмен келiсетiнiн жазбаша мәлiмдей алады.
      3. Осы Баптың ережелерi, егер онда өзгеше көзделмесе, осы хаттаманың тараптар арасындағы дауға қолданылатын кез-келген хаттамасына қатысты қолданылады.

Х Бөлiм: Конвенцияны одан әрi әзiрлеу

28-бап
Конвенцияға түзетулер

      1. Кез келген Тарап осы Конвенцияға түзетулер ұсына алады. Мұндай түзетулердi Тараптар Конференциясы қарайтын болады.
      2. Конвенцияға түзетулердi Тараптар Конференциясы қарайды. Конвенцияға ұсынылатын кез келген түзетудiң мәтiнi оны қабылдау үшiн ол ұсынылатын сессияға дейiн кемiнде алты ай бұрын Хатшылық Тараптарға алдын ала жөнелтедi. Хатшылық ұсынылатын түзетулердiң мәтiнiн Конвенцияға қол қойған Тараптарға және ақпарат үшiн - Депозитарийге де жолдайды.
      3. Тараптар өзара келiсiм негiзiнде осы Конвенцияға ұсынылатын кез келген түзетулер бойынша келiсiмге қол жеткiзу үшiн барлық күш-жiгерiн жұмсайды. Егер өзара келiсiмге қол жеткiзудегi барлық күш-жiгер жұмсалып, ал келiсiмге қол жеткiзiлмесе, онда соңғы шара ретiнде түзету отырысқа қатысушы және дауыс беруге қатысушы Тараптардың төрттен үшiнiң көпшiлiк даусымен қабылданады. Осы Баптың мақсаттары үшiн отырысқа қатысушы және дауыс беруге қатысушы Тараптар деп отырысқа қатысушы және "иә" немесе "жоқ" деп дауыс берушi Тараптар түсiнiледi. Кез-келген қабылданған түзетудi Хатшылық Депозитарийге жолдайды, ол оны қабылдау үшiн барлық Тараптарға таратады.
      4. Түзетулердi қабылдау туралы құжаттар Депозитарийге сақтауға тапсырылады. Осы Баптың 3-тармағына сәйкес қабылданған түзету оны қабылдаған Тараптар үшiн осы Конвенцияны кемiнде Тараптың үштен екiсi қабылдағаны туралы құжатты Депозитарий алған күнiнен кейiн тоқсаныншы күні күшіне енеді.
      5. Түзету кез келген басқа Тарап үшiн осы Тараптың аталған түзетудi қабылдағаны туралы өз құжатын Депозитарийге сақтауға берген күнiнен кейiн тоқсаныншы күнi күшiне енедi.

29-бап
Конвенцияға қосымшаларды қабылдау және оларға түзетулер енгiзу

      1. Осы Конвенцияға қосымшалар мен оларға түзетулер 28-бапта белгiленген рәсiмге сәйкес ұсынылады, қабылданады және күшiне енедi.
      2. Осы Конвенцияға қосымшалар оның ажырамас бөлiгiн құрайды және егер тiкелей өзгеше көзделмесе, Конвенцияға сiлтеме сонымен қатар оның кез келген қосымшасына сiлтеме болып табылады.
      3. Қосымшалар тiзiмдермен, нысандармен және рәсiмдiк, ғылыми, техникалық немесе әкiмшiлiк мәселелерге қатысты өзге де сипаттамалық материалдармен шектеледi.

XI Бөлiм: Қорытынды ережелер

30-бап
Ескертпелер

      Осы Конвенцияға ешқандай ескертпелер жасауға болмайды.

31-бап
Шығу

      1. Қандай да бiр Тарап үшiн осы Конвенция күшiне енген күнiнен екi жыл өткеннен кейiн кез келген уақытта бұл Тараптың Депозитарийге жазбаша хабарлама жiбере отырып, Конвенциядан шығуына болады.
      2. Кез келген осындай шығу шығуы туралы хабарлама Депозитарийдiң алған күнiнен бастап бiр жыл өткеннен кейiн немесе шығу туралы хабарламада көрсетiлуi мүмкiн неғұрлым кешiрек уақытта күшiне енедi.
      3. Осы Конвенциядан шығатын кез келген Тарап, ол Тарабы болып табылатын кез келген хаттамадан да шыққан болып саналады.

32-бап
Дауыс беру құқығы

      1. Осы Конвенцияның әрбiр Тарабы осы Баптың 2-тармағында көзделген жағдайдан басқа бiр дауысқа ие болады.
      2. Өңiрлiк экономикалық ықпалдастық ұйымдары өздерiнiң құзыретiне енетiн мәселелерде осы Конвенцияның Тараптары болып табылатын мүше-мемлекеттердiң санына тең дауыстарға ие бола отырып, өзiнiң дауыс беру құқығын пайдаланады. Мұндай ұйым, егер оның мүшесi болып табылатын қандай да бiр мүше-мемлекет өз құқығын пайдаланса және керiсiнше пайдаланбаса, өзiнiң дауыс беру құқығын пайдаланбайды.

33-бап
Хаттамалар

      1. Кез келген Тарап хаттамалар ұсына алады. Мұндай ұсыныстарды Тараптар Конференциясы қарайды.
      2. Тараптардың Конференциясы Конвенцияға хаттамаларды қабылдауы мүмкiн. Бұл хаттамаларды қабылдау кезiнде өзара келiсiмге қол жеткiзу үшiн барлық күш-жiгер жұмсалады. Егер өзара келiсiмге қол жеткiзуге күш-жiгер жұмсалып, ал келiсiмге қол жеткiзiлмесе, соңғы шара ретiнде хаттама отырысқа қатысқан және дауыс беруге қатысқан Тараптардың төрттен үшiнiң көпшiлiк даусымен қабылданады. Осы баптың мақсаттары үшiн отырысқа қатысқан және дауыс беруге қатысқан Тараптар деп отырысқа қатысқан және "иә" немесе "жоқ" дауыс берген Тараптар түсiнiледi.
      3. Ұсынылған хаттаманың кез келген мәтiнiн Хатшылық Тараптарға оны қабылдауға ұсынатын сессияға дейiн кемiнде алты айдан кешiктiрмей жолдайды.
      4. Хаттаманың Тараптары осы Конвенцияның Тараптары ғана болуы мүмкiн.
      5. Осы Конвенцияға кез келген хаттама тиiстi хаттаманың тараптары үшiн ғана мiндеттi болып табылады. Қандай да бiр хаттамаға ғана қатысты мәселелер жөнiндегi шешiмдi осы хаттаманың тараптары ғана қабылдайды.
      6. Кез келген хаттаманың күшiне ену шарттары осы хаттамамен белгiленедi.

34-бап
Қол қою

      Осы Конвенция Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымына мүше барлық мемлекеттер мен Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының мүшесi болып табылмайтын, бiрақ Бiрiккен Ұлттар Ұйымының мүшелерi болып табылатын кез-келген мемлекет және Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының Женевадағы штаб-пәтерiнде 2003 жылғы 16-22 маусым аралығында, кейiннен Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегi штаб-пәтерiнде 2003 жылғы 30 маусым мен 2004 жылғы 29 маусым аралығында өңiрлiк экономикалық ықпалдастық ұйымдарының қол қоюы үшiн ашық болады.

35-бап
Ратификациялау, қабылдау, бекiту, ресми мақұлдау немесе қосылу

      1. Осы Конвенцияны мемлекеттер ратификациялауға, қабылдауға, бекiтуге немесе қосылуға, сондай-ақ өңiрлiк экономикалық ықпалдастық
ұйымдары ресми мақұлдауға немесе оған қосылуға тиiс. Ол Конвенцияға қол қою жабылатын күнiнен кейiнгi күнiнде қосылу үшiн ашылады. Ратификациялау, қабылдау, бекiту, ресми мақұлдау немесе қосылу туралы құжаттар Депозитарийге сақтау үшiн тапсырылады.
      2. Осы Конвенцияның Тарабы болатын кез келген өңiрлiк экономикалық ықпалдастық ұйымы оған мүше-мемлекеттiң ешқайсысы Тарап болып табылмайтын жағдайда Конвенция бойынша барлық мiндеттемелердi алады. Осындай ұйымдарға мүше-мемлекеттердiң бiреуi немесе бiрнешеуi Конвенцияның Тарабы болған жағдайда, бұл ұйым мен оның мүшелерi болып табылатын мемлекеттер Конвенция бойынша өзiнiң мiндеттерiн орындау жөнiндегi олардың тиiстi мiндеттерiне қатысты шешiм қабылдайды. Мұндай жағдайларда ұйымдар мен мүше-мемлекеттер Конвенциядан туындайтын құқықтарды олармен қатар жүзеге асыра алмайды.
      3. Өңiрлiк экономикалық ықпалдастық ұйымдары өздерiнiң ресми мақұлдау туралы құжаттарында немесе өздерiнiң қосылу туралы құжаттарында осы Конвенциямен реттелетiн мәселелердегi өз құзыретiнiң шегi туралы мәлiмдейдi. Бұл ұйымдар Депозитарийдi де хабардар етедi, ол өз кезегiнде олардың құзыретi шегiнiң кез келген елеулi өзгерiсi туралы Тараптарды хабардар етедi.

36-бап
Күшiне ену

      1. Осы Конвенция ратификациялау, қабылдау, бекiту, ресми мақұлдау немесе қосылу туралы қырқыншы құжатты Депозитарийге сақтауға тапсырған күннен кейiнгi тоқсаныншы күнi күшiне енедi.
      2. Осы Конвенцияны ратификациялайтын, қабылдайтын, бекiтетiн немесе Күшiне ену туралы осы Баптың 1-тармағында жазылған шарттар орындалғаннан кейiн оған қосылатын әрбiр мемлекет үшiн Конвенция оның ратификациялау, қабылдау, бекiту немесе қосылу туралы құжатты сақтауға тапсырған уақыттан кейiнгi тоқсаныншы күнi күшiне енедi.
      3. Күшiне ену туралы осы баптың 1-тармағында жазылған шарттар орындалғаннан кейiн ресми мақұлдау туралы құжатты немесе қосылу туралы құжатты сақтауға тапсырған әрбiр өңiрлiк экономикалық ықпалдастық ұйымы үшiн осы Конвенция оның ресми мақұлдау немесе қосылу туралы құжатты тапсырған уақыттан кейiнгi тоқсаныншы күнi күшiне енедi.
      4. Осы Баптың мақсаттары үшiн өңiрлiк экономикалық ықпалдастық
ұйымы сақтауға тапсырған кез келген құжат осы ұйымға мүше-мемлекеттер сақтауға тапсырған құжаттарға қосымша деп саналмайды.

37-бап
Депозитарий

      Осы Конвенцияның және оған түзетулердiң, сондай-ақ 28, 29 және 33-баптарға сәйкес қабылданған хаттамалар мен қосымшалардың Депозитарийi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы болып табылады.

38-бап
Мәтiннiң дәлме-дәлдiгi

      Осы Конвенцияның ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тiлдерiндегi түпнұсқасы дәлме-дәл сәйкес болып табылады, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
      Оны куәландыруға оған тиiсiнше уәкiлеттi, төменде қол қоюшылар осы Конвенцияға қол қойды.
 
        Екi мың үшiншi жылғы жиырма бiрiншi мамырда Женевада жасалды.

      Дүниежүзiлiк Денсаулық сақтау ұйымының темекiге қарсы күрес жөнiндегi 2003 жылғы 21 мамырдағы негiздемелiк конвенциясының қазақ тiлiндегi осы аударма мәтiнi орыс тiлiндегi мәтiнге сәйкес келетiнiн растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Денсаулық сақтау министрлігiнiң
      Ұйымдастыру-құқықтық жұмыс департаменті
      мемлекеттiк тiлдi дамыту 
      бөлiмiнiң бас маманы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады