Байланыс формасы

"Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 11 желтоқсандағы N 199 Конституциялық Заңы

       1-бап.  "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының  Конституциялық заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2000 ж., N 23, 410-құжат) мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:

      1) 1-баптың 3-тармағында:
      екiншi бөлiк мынадай редакцияда жазылсын:
      "Соттың сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметiне қандай да бiр араласуға жол берiлмейдi және заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Судьялар нақты iстер бойынша есеп бермейдi. Сот iсiн жүргiзудiң белгiленген тәртiбiне қарамастан берiлген сот iстерi бойынша, сондай-ақ соттың құзыретiне кiрмейтiн мәселелер бойынша өтiнiштердi сот қараусыз қалдырады немесе тиiстi органдарға жiбередi.
      Сотқа немесе судьяға құрметтемеушiлiк бiлдiру заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.";

      үшiншi бөлiктегi "шешiмдерi" деген сөздер "актiлерi" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 3-бапта:
      2-тармақтың 1) тармақшасындағы "Қазақстан Республикасы Әскерлерiнiң Әскери соты" деген сөздер "Қазақстан Республикасының Әскери соты, мамандандырылған қаржылық соттар" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3-тармақ "әскери," деген сөзден кейiн "қаржылық," деген сөзбен толықтырылсын;

      3) 7-баптың 2-тармағы алып тасталсын;

      4) 8-баптың 2-тармағының 2) тармақшасы алып тасталсын;

      5) 9-баптың 1-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл жасау және судья әдебi нормаларын сақтау жөнiндегi жұмысты қамтамасыз етедi;";

      6) 12-баптың 2) тармақшасы алып тасталсын;

      7) 14-баптың 1-тармағында:
      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл жасау және судья әдебi нормаларын сақтау жөнiндегi жұмысты қамтамасыз етедi;";

      8) тармақшадағы "сот статистикасын жүргiзудi," деген сөздер алып тасталсын;

      8) 15-баптың 1-тармағының 4) тармақшасындағы "және сот статистикасын талдау" деген сөздер алып тасталсын;

      9) 16-бап мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "9-1) сот төрелiгiн iске асыру бойынша төмен көрсеткiштерi немесе сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты бұзғаны үшiн екi және одан да көп тәртiптiк жазасы бар судьяға қатысты материалдарды Сот жюриiне беру туралы мәселенi талқылайды және талқылау қорытындылары бойынша тиiстi шешiм шығарады;";

      10) 19-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "19-бап. Жоғарғы Сот алқалары

      1. Жоғарғы Соттың қадағалау алқасын, азаматтық iстер жөнiндегi алқасын және қылмыстық iстер жөнiндегi алқасын алқалардың төрағалары басқарады.
      2. Әр алқадағы судьялардың саны және олардың дербес құрамы Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша жалпы отырыста белгiленедi.
      3. Жоғарғы Соттың Төрағасы алқаларда мамандандырылған құрамдарды құруы мүмкiн.";

      11) 20-бапта:
      1-тармақта:
      2) тармақшадағы "қадағалау алқасын басқарады," деген сөздер алып тасталсын;

      4) тармақшадағы "сот практикасында заңдарды қолдану" деген сөздер "сот практикасы және заңда көзделген негiздемелер бойынша қадағалау тәртiбiмен сот актiлерiн қайта қарау туралы ұсыныс жасау" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6) тармақшадағы "(қадағалау алқасынан басқа)" деген сөздер алып тасталсын;

      2-тармақтың 8) тармақшасы алып тасталсын;

      12) 21-баптың 1-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2) сот практикасын зерделеу және жинақтау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;";

      13) 22-баптың 1-тармағында:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) алқалардың сандық және дербес құрамын белгiлейдi;";

      3) тармақшадағы "сот практикасында заңдардың қолданылу" деген сөздер "сот практикасы" деген сөздермен ауыстырылып, "қабылдайды" деген сөзден кейiн "және заңнаманы жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "3-1) заңға сәйкес сот iстерiн қадағалау тәртiбiмен қарайды;";

      7) тармақша ", сондай-ақ жасырын дауыспен Сот жюриiн сайлайды" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "7-1) сот төрелiгiн iске асыру бойынша төмен көрсеткiштерi немесе сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты бұзғаны үшiн екi және одан да көп тәртiптiк жазалары бар судьяға қатысты материалдарды Сот жюриiне беру туралы мәселенi талқылайды және талқылау қорытындылары бойынша тиiстi шешiм шығарады;";

      14) 25-баптың 4-тармағындағы "материалдық" деген сөзден кейiн "және әлеуметтiк" деген сөздермен толықтырылсын;

      15) 26-баптың 2-тармағының бiрiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Судьялар, олардың отбасы мүшелерi мен мүлкi мемлекеттiң қорғауында болады.
      Егер судьядан тиiстi өтiнiш түссе, iшкi iстер органдары судья мен оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, оларға тиесiлi мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге уақтылы және түпкiлiктi шаралар қабылдауға мiндеттi.";

      16) 27-бапта:
      1-тармақ мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:
      "Судьяға тиiспеушiлiк оның жеке басына, меншiгiне, ол тұратын тұрғын үй және қызметтiк үй-жайларға, ол пайдаланатын жеке және қызметтiк көлiк құралдарына, оған тиесiлi құжаттарға, багажына және өзге де мүлiктерiне тиiспеушiлiктi қамтиды.";

      2-тармақ мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:
      "Судьяға қатысты арнайы жедел-iздестiру iс-шаралары прокурордың санкциясымен ғана жүргiзiлуi мүмкiн.";

      17) 28-баптың 1-тармағында:
      1) тармақша ", судьяның антына адал болуға" деген сөздермен толықтырылсын;

      2) тармақшадағы "әдiлдiгi мен алаламаушылығына" деген сөздер "адалдығына, әдiлдiгiне, объективтiлiгi мен алаламаушылығына" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) тармақшадағы "сот төрелiгiн" деген сөздердiң алдынан "сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрiнiстерiне және" деген сөздермен толықтырылсын, "араласудың кез келген" деген сөздер "араласу" деген сөзбен ауыстырылсын;

      18) 29-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "29-бап. Судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар

      1. Аудандық соттың судьясы болып:
      жиырма бес жасқа толған;
      жоғары заң бiлiмi бар, еңбек жолы мiнсiз және заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар;
      Әдiлет бiлiктiлiк алқасында немесе мамандандырылған магистратурада бiлiктiлiк емтиханын тапсырған;
      медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқтығын растаған;
      сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және соттың жалпы отырысының оң пiкiрiн алған Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалуы мүмкiн. Мамандандырылған магистратураны оқып бiтiрген адамдарға тағылымдамадан өту талап етiлмейдi.
      2. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетiн, заң мамандығы бойынша кемiнде он жыл жұмыс стажы бар, оның iшiнде, әдетте, кемiнде бес жыл судья болған азамат облыстық соттың судьясы бола алады.
      3. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетiн, заң мамандығы бойынша кемiнде он бес жыл жұмыс стажы бар, оның iшiнде, әдетте, кемiнде он жыл судья болған азамат Жоғарғы Соттың судьясы бола алады.
      4. Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өту шарты мен тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережеде айқындалады.";

      19) мынадай мазмұндағы 29-1-баппен толықтырылсын:
      "29-1-бап. Судья лауазымына кандидатты медициналық куәландыру
      1. Судья лауазымына кандидаттың судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқтығын растау үшiн оған медициналық куәландыру жүргiзiледi.
      2. Судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруына кедергi келтiретiн аурулардың тiзбесi жергiлiктi соттарды ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етудi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк органның және денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның бiрлескен нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.";

      20) 30-баптың 2-тармағының екiншi бөлiгi, 4-тармағының бiрiншi бөлiгi және 5-тармағының бiрiншi бөлiгi "отырысының" деген сөзден кейiн "оң" деген сөзбен толықтырылсын;

      21) 31-бапта:
      7-тармақ мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Тиiстi сотта судьялардың бос орны болмаған жағдайда осындай лауазымға қайтадан сайланбаған немесе тағайындалмаған төраға мен алқа төрағасы олардың келiсiмiмен тең дәрежелi немесе төмен тұрған соттың судьясы лауазымына конкурссыз тағайындауға ұсынылады.";

      мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:
      "8. Сот қайта ұйымдастырылған немесе таратылған кезде осы соттың судьялары олардың келiсiмiмен тең дәрежелi немесе төмен тұрған соттың судьясы лауазымына тағайындауға конкурссыз ұсынылуы мүмкiн.";

      22) 33-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "3-1) осы Конституциялық заңның 34-бабының 2-тармағында көзделген негiздер бойынша судья өкiлеттiктерiн тоқтату қажеттiгi туралы судьялардың тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының шешiмi болса;";

      23) 34-бапта:
      1-тармақта:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) судья орнынан түскенде;";

      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "1-1) судья өз тiлегi бойынша қызметiнен босағанда;";

      5) тармақшадағы "азаматтығынан айырылғанда" деген сөздер "азаматтығы тоқтатылғанда" деген сөздермен ауыстырылсын;

      8) тармақшадағы "бермесе тоқтатылады." деген сөздер "бермесе;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 9) және 10) тармақшалармен толықтырылсын:
      "9) Сот жюриiнiң қорытындысы бойынша;
      10) зейнеткерлiк жасқа толғанда тоқтатылады.";

      6-тармақ "3)-7)" деген цифрлардан кейiн ", 9) және 10)" деген цифрлармен толықтырылсын;

      24) 35-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "35-бап. Судьяның орнынан түсуi

      1. Еңбек жолы мiнсiз және кемiнде он бес жыл судьялық жұмыс стажы бар судьяның өзiнiң судья атағын, судьялар қоғамдастығында болуын, жеке басына тиiспеушiлiк кепiлдiгiн және осы Конституциялық заңда көзделген өзге де материалдық және әлеуметтiк кепiлдiктерiн сақтай отырып, судьялық өкiлеттiктерiн тоқтатуының ерекше нысаны орнынан түсу деп танылады.
      Судьяны орнынан түсу нысанында қызметiнен босату осы Конституциялық заңның 34-бабы 1-тармағының 1-1), 2), 8) және 10) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша жүзеге асырылады.
      2. Судья орнынан түскен кезде судьялық жұмыс стажы жиырма және одан да көп жыл болса, жиырма төрт айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде, судьялық жұмыс стажы он бестен жиырма жылға дейiн болса, он сегiз айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде оның соңғы лауазымы бойынша бiржолғы шығу жәрдемақысы төленедi.
      3. Судьяның орнынан түсуi:
      кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырғанда, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiргенде, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетiн қызметке тұрғанда;
      ол қылмыс жасағанда немесе сот билiгiнiң беделiне нұқсан келтiретiн терiс қылық жасағанда;
      өз тiлегi бойынша;
      Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылғанда;
      ол қайтыс болғанда немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi заңды күшiне енгенде тоқтатылады.
      4. Судья орнынан түсуi тоқтатылған жағдайда жеке басына тиiспеушiлiк кепiлдiгiнен және осы Конституциялық заңның  51,   53   және  55-баптарында  көзделген кепiлдiктерден айырылады.";

      25) мынадай мазмұндағы 35-1-баппен толықтырылсын:

      "35-1-бап. Судьяны зейнетақымен қамсыздандыру

      1. Судьяны зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен және шарттарда жүзеге асырылады.
      2. Судья үшiн Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгiленген мөлшерде республикалық бюджет қаражаты есебiнен қосымша мiндеттi зейнетақы жарналары белгiленедi.
      Судья терiс себептер бойынша қызметiнен босатылған кезде аталған жарналар республикалық бюджетке алынады.";

      26) 38-баптың бiрiншi бөлiгi "бiлiктiлiк сыныптарын беру" деген сөздерден кейiн ", судьяның орнынан түсу құқығын және оны тоқтатуды растау" деген сөздермен толықтырылсын;

      27) мынадай мазмұндағы 38-1-баппен толықтырылсын:

      "38-1-бап. Сот жюриi

      Жұмыс iстеп жүрген судьяның кәсiби жарамдылығын анықтау үшiн жетi судьядан тұратын Сот жюриi құрылады.
      Облыстық немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешiмi Сот жюриiнде судьяларға қатысты материалдарды қарау үшiн негiз болып табылады.
      Сот жюриiнде материалдарды қарау тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен Ережеде айқындалады.";

      28) 41-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "41-бап. Тәртiптiк iс қозғау құқығы

      Тәртiптiк iс қозғау құқығы:
      1) Республиканың кез келген судьясына қатысты - Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасына;
      2) облыстық соттың судьясына, аудандық соттың төрағасы мен судьясына қатысты - облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаларына тиесiлі болады.";

      29) 43-бапта:
      1-тармақ "алқа төрағаларына қатысты" деген сөздерден кейiн "тәртiптiк iс қозғау туралы мәселенi," деген сөздермен толықтырылсын;

      2-тармақ "судьяларына қатысты" деген сөздерден кейiн "тәртiптiк iс қозғау туралы мәселенi," деген сөздермен толықтырылсын;

      30) 44-бапта:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) осы Конституциялық заңның 40-бабының 1-тармағында көзделген тәртiптiк жаза қолдану туралы;";

      3) тармақша алып тасталсын;

      4) тармақша "қарауға жiберу туралы" деген сөздерден кейiн "не шешiмдi өзгерiссiз қалдыру туралы" деген сөздермен толықтырылсын;

      31) 47-баптың 2-тармағы "9) тармақшасына сәйкес" деген сөздерден кейiн "судьяның мәртебесiн, оны тағайындау және сайлау тәртiбiн, сондай-ақ ол жүзеге асыратын функцияларды ескере отырып," деген сөздермен толықтырылсын;

      32) 54-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "54-бап. Судья мертiккен (жарақаттанған, жараланған, контузия
               алған, кәсiби ауруға шалдыққан) немесе қаза тапқан
               (қайтыс болған) жағдайдағы өтемақы

      1. Судья қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мертiксе (жарақаттанса, жараланса, контузия алса, кәсiби ауруға шалдықса), оған осы бапта белгiленген мөлшерде бiржолғы өтемақы төленедi.
      2. Судья қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда не қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мертiгу (жарақаттану, жаралану, контузия алу, кәсiби ауруға шалдығу) салдарынан судья өкiлеттiгiн тоқтатқаннан кейiн бiр жылдың iшiнде оны алуға құқығы бар адамдарға соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
      3. Судьяның қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мертiгуiнiң (жарақаттануының, жаралануының, контузия алуының, кәсiби ауруға шалдығуының) нәтижесiнде мүгедек болғаны белгiленген жағдайда, оған:
      1) I топтағы мүгедекке - отыз айлық лауазымдық айлықақы;
      2) II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық лауазымдық айлықақы;
      3) III топтағы мүгедекке - алты айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
      4. Судья қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мүгедектiк белгiлеуге әкеп соқтырмаған ауыр мертiккен (жарақаттанған, жараланған, контузия алған, кәсiби ауруға шалдыққан) жағдайда оған бiр жарым айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде, жеңiл мертiккен жағдайда - жарты айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
      5. Бiржолғы өтемақы төлеудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      6. Егер судьяның қызметтiк мiндеттерiн атқарумен байланысты емес жағдайларда мертiккенi (жарақаттанғаны, жараланғаны, контузия алғаны, кәсiби ауруға шалдыққаны) немесе қаза тапқаны (қайтыс болғаны) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бiржолғы өтемақы төленбейдi.";

      33) мынадай мазмұндағы 55-1-баппен толықтырылсын:

      "55-1-бап. Судьяны материалдық және әлеуметтiк қамсыздандыру
                 жөнiндегi кепiлдiктерден айыру

      Судья өзiнiң қылмыс жасауына немесе сот билiгiнiң беделiне нұқсан келтiретiн терiс қылық жасауына, сот әдебi талаптарын сақтамауына және осы Конституциялық заңның 28-бабында көрсетiлген өзге де талаптарды орындамауына байланысты судьялардың тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының шешiмi бойынша оның өкiлеттiктерi тоқтатылған кезде, сондай-ақ кәсiби жарамсыздығына байланысты Сот жюриiнiң қорытындысы бойынша:
      1) орнынан түсу құқығынан және жеке басына тиiспеушiлiк кепiлдiгiнен;
      2) осы Конституциялық заңның 51, 53, 54 және 55-баптарында көзделген барлық материалдық және әлеуметтiк кепiлдiктерден айырылады.";

      34) 56-бапта:
      1-тармақта:
      бiрiншi бөлiк "қамтамасыз етудi" деген сөздерден кейiн ", сондай-ақ сот статистикасын жүргiзудi" деген сөздермен толықтырылсын;

      екiншi бөлiк "қамтамасыз етудi" деген сөздерден кейiн ", сондай-ақ соттарда сот статистикасын жүргiзудi" деген сөздермен толықтырылсын;

      5-тармақтағы "және сот статистикасын жүргiзу" деген сөздер алып тасталсын.

       2-бап.  Осы Конституциялық заң 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады